«Бәйтерек АББ бөлімінің Егіндібұлақ ЖОББ «мектеп-балабақша»
кешені» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Калмурзина Алия Едигеевна, педагог-сарапшы, еңбек өтілі 10 жыл
Мамандығым – мақтанышым.
Ауыл баласына жазғы түнде жұлдыздарды тамашалау таңсық емес қой. Мен де жұлдыздарға қарап, аспан тұңғиығынан көз алмаушы едім. Жұлдызды аспан дүниесі мені ерекше қиял әлеміне жетелейтін. Шіркін, жұлдыздармен сырласа алсам ғой. Ата-бабаларымыздың көреген көзімен болашағымды бағдарласам ғой... Әр адамның жұлдызнамасын оқи алсам ғой... Міне, осы секілді арман қиялыма ерік берсем, еліктіріп кете берер ме еді? Енді ойласам, сол арманым орындалыпты... Жо-жоқ, мен астролог емеспін. Мен – мұғаліммін! «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген аталы сөздер санама сіңісті болған бақытты жанмын. Шәкірттерім – сан мыңдаған жұлдыздар! Әрқайсысының тағдыры өзіме тікелей байланысты деп санаймын. Ішінде самаладай жарқырап тұрғандары да, сәулесі көмескілеулері де бар. Жұлдыз-шәкірттеріме қарап ұстаздық жолымды бағамдап, болашаққа үміт артып, мақсаттарымды айқындаймын.
Мамандық таңдауыма ең алдымен өзіме білім беріп, өміріме бағыт сілтеген оқытушыларым ықпал етті. Қарапайым ауыл мектебінде оқи жүріп, бірде орыс тілі мұғалімі, бірде ағылшын тілі мұғаліміне еліктедім. Ал бірде тарихқа қызығушылығым артып, кейін қазақ әдебиетіне аңсарым ауды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазымның, Гүлім апайдың, жолын қууға бел будым. Білімімді тереңдете білген ұстазымның арқасында мақсатыма қол жеткіздім. Мектептен кеткен кезде Гүлім Төлешовна «Сендей шәкіртім жоқ осы күнде» - деп мұңайып еді. Тағы бір іздеп барып, кездескенімде «Фаризам бар менің, бар үмітім - Фаризам» – деген қуанышты жүзін көрдім.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген сөздің төркінін ұға түстім. Шын шәкірт ерте білген ұстаз бақытты екен ғой. Бүгінде Фариза Мұсақызы – «Қазақстан» телеарнасының тілшісі, журналист.
Мен – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманымын. Менің осал мұғалім болуға қақым жоқ. Өйткені Шарабасов Серікқали Ғабдешұлының алдын көрген шәкірттің ұстаз атына кір келтіруіне әсте болмайды. Марқұм ұстазымның «Өсіп-өнген орталарыңызға сөз әкелмейтіндей сұлу ғұмыр сүруге көп нәрсенің қажеті жоқ, халқым. Кеудедегі кесек еттің тазалығы керек» деген асыл сөзі жадымда жаңғырып тұр.
Ұстаздық тәжірибемде сөз өнеріне, өлең құдіретіне бойлай білген оқушыларым облыстық, республикалық деңгейде таныла білді. Дегенмен көкейімде ізімнен басып, ұстаздық жолымды жалғайтын шәкірттерім өрсе деген арманым бар.
Бұлыңғыр болашағымды жап-жарық еткен нұрлы көздер – сонау сағымдай боп артта қалған балалық кезімдегі жабырқау көңілімді жадыратқан жұлдыздар іспетті. Қандай ғаламат сезім десеңізші! Әне, менің Сабинам! Алтын қазықтай жарқырап, айналасына нұрын шашып тұр. Әнеу біреуі Самира ғой! Иә, ол да «мен мұндалап» жымың-жымың етеді. Сонау көкжиекте Таңшолпандай арайланып Алинам туып келеді...
Достарыңызбен бөлісу: |