Негізгі орта білім беру деңгейінің 7-9 – сыныптары үшін «Геометрия» пәнінен типтік оқу бағдарламасы Түсінік хат Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
Геометрия – жаратылыстану-ғылыми пәндері мен формальды-логикалық теорияның ерекшеліктерін үйлестіретін математиканың негізгі бөлімдерінің бірі.
Негізгі мектепте геометрияны оқу барысында оқушылардың бойында:
Жазықтықтағы геометриялық фигуралар туралы білімдері қалыптасып, тереңдетіледі және жүйеленеді;
Логикалық және бейнелік ойлауы дамиды.
Оқушылардың геометриялық білім мен біліктер жүйесін басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндерімен бірге кешенді түрде меңгеруі олардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға және қоршаған әлемді танып білуге мүмкіндік жасайды.
Негізгі мектепте геометрияны оқу пәні ретінде оқытудың мақсаты:
Барлық оқушыларды одан әрі оқуға қажетті геометрия облысындағы математикалық дайындықтың базалық деңгейімен қамтамасыз ету;
Сабақтас пәндерді және жоғары сыныпта стереометрия курсын игеруге қажетті дайындықпен қамтамасыз ету.
Негізгі мектепте геометрия курсын игеру интеллектуалды дамыған тұлғаны тәрбиелеудегі келесі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:
Логикалық ойлауды дамыту;
Геометриялық салуларды орындау және оның дұрыстығын негіздей білу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Геометриялық білім мен математикалық іс-әрекет дағдылары негізінде практикалық қызмет дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Функционалдық сауаттылықты, эстетикалық талғамды дамыту.
Көрсетілген мақсаттарға сәйкес оқытудың келесі міндеттері шешілуі тиіс:
Оқушылардың геометриялық фигуралар туралы түсініктерін, бір немесе бірнеше геометриялық фигуралардың элементтерінің арасындағы сандық және сапалық қатынастарды қалыптастыру;
Дедукцияық ойлау (тура әдіс, қарсы ұйғару әдісі) дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Қарапайым сызбаларды салу, өлшеу дағдыларын қалыптастыру;
Өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Нақтылы объектіні бір немесе бірнеше геометриялық фигуралар түрінде беру біліктігін қалыптастыру және дамыту;
Жазық фигуралардың қасиеттері туралы теориялық білімдерін кеңейту және жүйелеу;
Есептеуге, дәлелдеуге және салуға арналған геометриялық есептерді шешу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Күрделілігі әртүрлі сызбалардағы геометриялық фигураларды тану, есептерді шешу кезінде қосымша салулар мен көмекші сызбаларды пайдалану біліктігі мен дағдыларын ұлғайту;
Жазықтықтағы түрлендірулер арқылы алынған жазық фигуралардың бейнелерін салу біліктігін қалыптастыру және дамыту;
Геометриялық есептерді алгебралық әдістермен шешу біліктігі мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
Оқушылардың кеңістік және кеңістіктік фигуралар туралы түсініктерін қалыптастыру;
Оқушылардың кеңістіктік фигуралардың кескіндерімен және олардың элементтерімен таныстыру.