2 ЭПИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ АҚЫН ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМ ШЫНДЫҚ
2.1 Антикалық дәуір сюжеттері жырлануындағы көркем шындық сипаты
Қазақ және әлем халықтары әдебиеттері қалыптасуының, дамуының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге ұласқан жолында поэзиялық шығармалар әдеби үдерісінің негізгі желісін құрады. Сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлеріндегі эпикалық шығармалар халықтың қаһармандықпен-батырдықпен, жауынгерлік-ерлікпен жасаған мемлекеттік құрылымдары, елді, халықты сақтау жолындағы жекелеген тарихи тұлғаларының қызметі тарихилық негізіндегі баяндаулар, көркемдік жинақтаулар жүйесімен жырланды.
Эпикалық поэзияның ежелгі дәуірлерді алғашқы көрнекті үлгілері қатарында сақтардың қаһармандық дастандарын («Томирис»: Басты кейіпкерлері сақ (массагет тайпасы) елінің патшасы – Тұмар (Томирис), парсының басқыншы патшасы – Кир)»; «Шырақ: Басты кейіпкері – басқыншы парсы әскерін алдап ертіп алып, шөлге адастырып қырған сақ батыры – Шырақ парсының басқыншы патшасы – Дарий»; «Алып Ер Тоңға», «Шу») әуелі ауызға аламыз. Ежелгі дәуірдегі эпикалық шығармалардың қатарында ғұндардың батырлық дастандарын («Оғыз қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон») да атаймыз.
Зерттеуші проф. Н. Келімбетов «Ежелгі жәдігерліктер» (2004) атты зерттеу кітабында аталған эпикалық шығармалар мен кейінгі әдеби даму жалғастығы заңдылығын дәйектейтін ғылыми тұжырымын жасайды:
«Тарихи жалғастық – қоғам дамуының объективті заңдылығы екені мәлім. Ал, тарихи жалғастықтықтың өзі қоғамда бұрыннан қалыптасқан белгілі бір дәстүрге негізделетінін әрқашанда ескеріп отырғанымыз жөн. Өйткені, дәстүр дегеніміз – бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен іс-әрекеттердің рухани негізі екені мәлім. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығына да тікелей қатысты болып келеді. Себебі әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп, оны жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс. Сонда ғана қоғам дамуының рухани мүмкіндіктері объективті түрде жүзеге асады. Міне, сол себепті біз ежелгі түркі поэзиясы мен қазақтың өзіндік төл әдебиеті арасындағы сан ғасырлар бойы үзілмей ұласып келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы проблемасын осы тұрғыдан зерттеуді жөн көрдік» [121, 7-б.].
Ежелгі дәуірлердегі тарихи және көркемдік жалғастық жолымен дамыған қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалардың дамуына Шығыстың рухани құгдылықтары қазынасын жасаушы көрнекті ақындардың поэмалары да поэтикалық табиғаты жағынан үндеседі. Бұл орайда ХХ ғасырдағы Ливан елінің жазушысы ойшылы әрі суретшісі Халил Жебранның «Ибн Сина және оның поэмасы» атты еңбегіндегі бағалауларды да назарға алуды жөн көреміз:
«Көне уақыттарда жазылған поэмалардың ішінде Ибн Синаның «Жан туралы поэмасынан» басқа менің түсініктеріме үндес, менің рухани дүниеме жуық бір де бір шығарма жоқ. Ұлы шейх, философтардың көсемі осы салтанатты поэмасына адам ойын ынтықтырған шексіз қиырларды, адам ойына нәр сыйлаған түпсіз тұңғиықтарды, білімнен тамырланған адам мұраттарын, үмітпен қанаттанған сұрақтарды, өткір ой мен ұшқыр қиялдың жемісі – ілімді – осының бәрін сыйғыза білген.
Бұл поэманың өз заманының кемеңгері Ибн Синаның жаны мен жүрегінен шыққаны таң қалдырмайды, таңданарлығы – өз өмірін денелердің құпиясы мен тұңғыш материяның қасиеттерін ашуға арналған адамның онда өзін көрсетуі. Ол материяның көмегі арқылы құдды бір рухтың құпиясына енгендей және көрінетін арқылы көзден жасырынның бүркеулі мағынасын жеріне жеткізе меңгерген әсер қалдырады.
Оның бұл поэмасы білім дегеніміз ақылдың, оған ие болғандардың күнделікті тәжірибеден қиялы теорияларға, рухани сезім әлеміне Тәңірді тануға дейінгі биіктерге көтеретін ақылдың өмір сүруі екендігінің жарқын дәлелі» [122, 69-б.].
Еңбекте Ибн Синаның поэмасы Шекспирдің трагедияларымен, Шелмидің, Гетенің, Браунингтің өлеңдерімен сарын, мазмұн тұрғысынан салыстырылады.. Шумердегі Урук қаласында өмір сүрген Гильгамеш туралы эпикалық жырлар мен поэмада (Б.д.д. 3-мыңжылдың соңы мен 2-мыңжылдық басы) батырдың жабайы адам Энкидумен достығы, Гильгамештің мәңгілік өлмеу құпиясын іздеп жер-жаһанды шарлауы туралы аңыздар ежелгі тайпалар хаттарға хурритарға және т.б. ұлыстарға тараған [123, 304-б.].
ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы көрнекті ақын Зейнолла Шүкіровтің поэмаларының жанрлық сипатына сөз арқауындағы ежелгі заманғы антикалық және одан кейінгі ғасырлар қасиеттеріндегі эпикалық шығармалар поэтикасының ықпалды әсері болғандығын айтамыз.
Ақынның эпикалық шығармаларының бірқатары ежелгі заманғы антикалық сюжеттер негізінде жырлануы да Эллада эстетикасы мектебінің өкілдерінің ғылыми және әдеби шығармашылық дәстүрінен нәр алғаннан айғақтайды.
Пифагор мен пифагоршылардың (б.з.д. V ғ.), Гераклит Эфесскийдің (б.з.д. 530–470 жж.), Демокриттің (б.з.д. 460–370 жж.), Сократтың (б.з.д. 469–399 жж.), Платонның (б.з.д. 427–347 жж.), Аристотельдің (б.з.д. 384–322 жж.) ғылыми-әдеби мұрасын Зейнолла ақынның өзіндік ізденіс қуатымен оқып танысқаны күмәнсыз.
Ақын Гомердің «Илиада», «Одиссея», Тит Лукреций Кардың (б.з.д. 95–55 жж.) «Заттар табиғаты туралы» поэмалары, Публий Теренций Афрдың (б.з.д. 190–159 жж.) «Андрос қызы» комедиясы, Рим ақыны Квинт Гораций Флактың (б.з.д. 65–8 жж.) «Поэзия ғылымы» теориялық поэмасы және т.б. саналуан үлгідегі эпикалық шығармалар жазу үрдісіне Зейнолла Шүкіровтін де өзіндік бағытымен үн қосқанын аңғарамыз. Ақынның бірнеше поэмалары антикалық сюжеттер негізінде жырланған. Әлем әдебиетінің байырғы бастауларындағы көне сюжеттерді негізге ала жырлаған шығармалар арқылы ақынның адамзат тарихының байырғы кезеңдеріндегі оқиғалар мен өзі өмір сүрген ғасыр тынысын сабақтастырған дүниетаным кеңістігін танимыз.
Ақынның «Клеопатра» атты поэмасы тарихилық пен көркем шындық тұтастығы аясында жырланған туынды. Туындының эпикалық сипаты антикалық сюжетті романтикалық шығармасына арқау еткен өзіндік көркемдік шешімді аңғартады.
Поэманың тақырыбы – адамзат тарихында ежелгі өркениет Отаны Египет патшайымы болған ару әйел Клеопатра өмірінің бір кезеңдік оқиғасы, идеясы – озбыр, басқыншы жаудың өзін тұтқындаушы қорлығына көнгісі келмей, өзін жыланға шақтырып өлген Батыр – Ару Клеопатра бейнесінің даралығын таныту.
Поэма сюжетінің экспозициясы – тарихта Египеттің патшасы атымен есімі мәңгілік тарих бетіне жазылған Клеопатраның шындық пен аңыз тұтастығындағы бейнесін ақындық бағалау жыры.
Лирикалық арнау сарынымен жырланған осы кіріспе-толғаныста Клеопатраның аңызға айналған тарихи-поэтикалық бейнесі адресаттық арнау өрнектерімен («Па, шіркін, кермиығы Күншығыстың», «Құмардың сен сарқылмайтын нұр бұлағы», «Күйігі көре алмайтын күншіл іштің», «Сайқал деп тағып саған жаман атты өз жұртың жүрегіңді жаралапты», «Мәз – майрам жаулар салып жатқан әнін олжалап Египеттің кер маралын») жырлаған. Поэманың басталуындағы осы кіріспе-толғаныста тарихта аты қалған, іс-әрекеттеріне қайшылықта бағалаулар жасалған Клеопатра тағдырының күрделі сипатын ақын оқырманның көз алдына айтқан елестетеді:
... Әйтпесе бір басыңа не жетпеді,
Өртеген ащы күйік өзекте еді.
Жаныңды булықтырып қысты намыс,
Халқыңның қайрап салған өжет кегі.
Алысып әл жетпейтін ғаламатты,
Шырмадың сиқыр күшпен амал атты.
Сол үшін туған халқың қарғыс айтып,
Сайқал деп саған таңған жаманатты!
Сен жаудың шыдасаң да азарына,
Басыңды берген жоқсын мазағына.
Табынттың сұлулыққа тізерлетіп
Алдыңда бас игіздің Цезарын да!
Басылды жат аяққа тек төсегің...
Сол үшін саған мейірім етпес елің.
Білмейді бүгін ешкім сен бір кезде.
Қалайша өз қолың мен от көседің... [98, 282-283-бб.].
Поэма сюжетінің басталуы – жау қоршаған қаладағы өз ордасында Клеопатраның ойға шомып отырған сәті. Рум әскерлерінің қаланы қоршап тұрғандағы көрінісі, Египет әскерлерінің жеңіліс тапқаны, Клеопатраның күйеуі Антонидің Рум әскерін бастап келген Октавиан әскерінен жеңілгені, соғыста қаза тапқаны, жеңілген елдің әйел патшасы Клеопатраның тұтқын болып қолға түсетіні – поэма сюжетінің басталуы, дамуы, шиеленісуі, сәттерінің тұтастыра жырлануымен ерекшеленген:
... Румның жан шыдатпас сарбаздары,
Апайтөс нар түйедей маңғаз бәрі.
Жау жеңді, біздер оның пендесіміз,
Тәңірдің маңдайыңа сол жазғаны...
Сұрланып қаны қашқан мүсін өңі,
Ауырта тістеп ернін күрсінеді.
Есінде теңіздегі соңғы шашқан,
Ойласа тұла бойы түршігеді.
...Жау күшті, ұмтылады екіленіп,
Айқайы ұрандасқан өкім еді.
Кемелер қапталдасып,
Семсер жарқ-жұрқ...
Сарбаздар ажал тапқан өкіреді.
Құмандай намыс қайнап шоқта тұрған,
Тіл кеуіп, ауыз құрғап өт татыған
Пышырлап жанған кеме, жауған жебе,
Айнала асау толқын көкке атылған [98, 284-б.].
Поэма сюжетінің шиеленісті сәті – Октавиан әскерінің Клеопатраны кемемен Румға тұтқындап алып кетуге дайындалып жатқаны. Ал поэма сюжетінің шарықтау шегі – Антонидің соғыста мерт болуынан кейін Клеопатраның екі перзентінің аман болуын ойлап, басқа жаққа апарып аман сақтауды қара құлына тапсырғаны. Сюжеттік шарықтау шегінде Клеопатраның жылан уын қабылдап мәрт өліммен өлгенін, қара құл құтқарғысы келіп алып бара жатқан екі баланың да жаудың қолына түскенін оқимыз.
Поэманың көркемдік шешімі, поэтикалық түйіні – басқыншы жаудан жеңілген патша әйел Клеопатраның мәрт өліммен өлген ерлігін дәріптеу.
Поэма желісінде кейіпкердің ішкі жан ділі құбылыстары, толғаныстары психологиялық сезім тебіреністері өрнектерімен жырланған:
... Ақ жүзін көлеңкелеп салқын қайғы,
Кіреуке бұлт шалғандай алтын Айды.
Ұйқысыз қабақ қатып, қаны қашқан,
Тек көзі қос шырақтай жарқырайды.
Сен оны осы кезде көрсең еді,
Сыр беріп бұзылмайды өлсе де өңі.
Қанатын қақпайды аққу оқ тигенде,
Құйқылжып көмекейден шер төгеді.
... Күңдікте қор болғанша басыбайлы,
Қойныңды қазулы көр, аш іләйім!
Уа, тәңір, бір жұтатын у бер маған,
Жіп әкел ең болмаса асылайын.
Дайын жіп бұратылған қос бұрымы,
Пышақ жоқ, енді қайтіп кесті мұны?
Түк таппай құр сілейіп Клеопатра,
Құдайдың бар еңбегін еш қылуы! [98, 289-б.].
Поэма композициясында егізделе мегзелетін мағыналық түйіндеу – билікке, мансапқа таласқан адамдар тағдырларының трагедиялық сипатын оқырманға сездіру:
Уа, мансап ... айдап салған күншіл сарай,
Сен үшін басын жұтты қыршын талай...
Цезардың түбіне де жеткен солар,
Толқымай, жүрек шіркін, тұрсын қалай...
Жүре алмас басы сиып екі мықты,
(Мықтылар шайқаған жоқ не тұнықты)
Билікке таласқандар досын сатып,
Билікті тәңір тұтып шоқыныпты.
Цезардың шықты алдынан Помпейұлы,
Жай кезде жаны жомарт, кең пейілді.
Мықтылар билік үшін таласқан сәт
Білген жоқ бір-біріне еңкеюді [98, 293-294-бб.].
Билік иелерінің маңында үймелеп жүретін өңкей жағымпаз, жарамсақ екі жүзділердің де халық атты құраммен бірге аталатын шындығын да сыншыл реализм суретімен өрнектеген:
Халық сол қарқылдаған қара қарға,
Есерсоқ ер мінуге шара бар ма?
Қазір ғой әміршіден белгі болса,
Көп жыртқыш бас салмақшы балаларға [98, 295-б.].
Поэманың көркемдік шешімі – адамгершілік арын, патшалық биік көңілін жоғалтпаған шешімді мәрт мінезді әйел-патша ерлігін таныту.
Поэманың соңындағы жеңімпаз Рум әскерінің басшысы Октавианның жыланға өзін шаққызып өлген Клеопатраның өліміне тебірене қарап тұрып, батыр патша әйелдің өзі өлгенмен ең мықтылардан да биік деңгейдегі тұлғасымен тарих беттеріне жазылып қалған даралығын, батырлығын, мәрттігін дәріптеген ойлары – ақынның тарихи шындық бағалауын жинақтаған ойын танытады. Клеопатраның әлем әдебиеттеріндегі көркем шығармаларда бейнеленген тарихи-әдеби бейнесін өзіндік өрнекпен, көркемдік шешіммен бейнелеген Зейнолла ақынның көркемдік-эстетикалық түйінді ойлары эпикалық шығармадағы кейіпкер монологы арқылы дәлелденген:
«Клеопатра!
Клеопатра!
Цезарды Тәңірідей көрсем бұрын,
Биік тұр онан сенің еңсең бүгін!
Оқыпты ол да намаз етегіңе...
Өзі екен ең сорлының...
Сен сендірдің!
Қаһарлы Антониды арбап алып,
Өз елін қайта шабар семсер қылдың.
Қып-қызыл қан бояды теңіз бетін...
Румды жалғыз өзің теңселдірдің.
Ганибал...
Ер Ескендір...
Кім бар тағы?
Кім биік қол жетпейтін ең сеңгірің?
Клеопатра!
Алмаймын тырнағына сенсең бірін!
Клеопатра!
Клеопатра!
Ерлердей ертеде өткен сен еңіреп,
Төрт бөлдің түн ұйқыңды сен елім деп.
Сенде ақыл,
Сенде көрік, –
Сонан басқа
Досың жоқ, жанашыр жоқ, сенерің жоқ.
... Клеопатра!
Клеопатра!
Сен жүрген бүлікші едің,
Тыныш болдың!
Дұрыс қылдың!
Қайырса сынып кетер құрыш едің [98, 296-294-бб.].
Қазақ поэзиясында Иса Байзақовтың «Клеопатра» атты поэмасы [124, 148-151-бб.] бар. Онда да патша әйелдің өзіндік даралығы тарихилық пен көркем шындық өрнектерімен өрнектелген.
Қазақ поэзиясының қалыптасу, даму кезеңдеріндегі әдеби жанрлар жүйесінде антикалық сюжеттердің эпикалық шығармалардағы жырлануы да орын алып келеді. Қазақ поэзиясының классик ақыны хакім Абайдың «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі», «Масғұт» поэмалары антикалық сюжеттер жырлануының көрнекті үлгілері болып саналады. Қазақ ақындарының шығармашылығындағы Азиядағы, Африкадағы, Еуропадағы халықтардың фольклоры мен әдебиеті мұраларының сюжеттері негізінде нәзирагөйлік жолмен эпикалық шығармалар жазу үдерісінде хакім Абай дәстүрін дамыта жалғастырған көрнекті ақындар шығармашылығы ХІХ–ХХ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің көркемдік кеңістігін байыта, дамыта түсті.
Бұл орайда ХІХ ғасыр әдебиетіндегі Дулат Бабатайұлының «Шаштараз», Базар Оңдасұлының «Әмина қыз» («Сиқырдың сыры»), «Айна-тарақ», Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Патша мен ұры», «Жақсы найып», «Зәйіт ұры», «Әбділлә бала», «Әмір Әмзе», «Зарқұм», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Өліп тірілген Шаһзада», «Садуақастың мырзалығы», «Шаһарбан мен Хұсайын», «Жетпіс бап», Шәді Жәңгірұлының «Назым Сияр Шәриф немесе Пайғамбардың ақ жолы туралы дастан», Омар Шораяқұлының «Мұхаммад», «Мағауия», «һақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу-Шаһыма», Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Ескендір хикаясы», «Лұқман баласының хикаясы», «Наушаруан хикаясы», «Мұхаммед туралы», «Сүлеймен хикаясы» және т.б. туындыларды айтамыз. Дәстүрлі бұрынғы және кейінгі толқын ақындар шығармашылығында ежелгі заманда халық көңіліне ұялаған тарихи-аңыздық кейіпкерлері арқау болған сюжеттер негізінде эпикалық шығармалар жазу үрдісі қалыптасқан.
Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалардың арқауына ежелгі заманғы сюжеттердің жаңғыртыла алынуы, жырлануы сөз өнері дамуындағы тарихи-поэтикалық сабақтастықты, ұрпақтар дүниетанымы ортақтығы табиғатынан туындайтын көркемдік ойлау ұлағатын аңғартады. Бұл орайда, сөз өнері дамуында фольклорлық-мифологиялық сюжеттердің тарихи даму жолымен үндесе келе, сөз өнері туындыларының да жаңғыртыла, жаңаша авторлық көркемдік шешіммен жырлануы көркемдік дәстүр жалғастығы заңдылығымен айқындалады. Көрнекті ғалым А. Н. Веселовскийдің «Тарихи поэтика» («Историческая поэтика» атты еңбегінің «Сюжет поэтикасы» туралы бөліміндегі ғылыми тұжырымы қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалардағы (қисса-дастандардағы, поэмалардағы) ежелгі дәуір (антикалық) сюжеттердің жаңғыртыла жырлану мәнісін түсінуге бағдарлайды:
«Несмотря не все смешения и наслоения, какие пережила современная нам сказка, она является для нас лучшим образцом такого рода бытового творчества; но те же схемы и типы служили и для творчества мифологического, когда внимание простиралось на явления внечеловеческой, но очеловеченной природы. Сходство очертаний между сказкой и мифом объясняется не их генетической связью, причем сказка являлось бы обескровленным мифом, а в единстве материалов и приемов и схем, только иначе приуроченных. Этот мир образных обобщений, бытовых и мифологических, воспитывал и обязывал целые поколения на их пути и истории. Обособление исторической народности предполагает существование или выделение других, в сопракосновении или борьбе между собою; на этой стадии развития слагается эпическая песня о подвигах и героях, но реальный факт подвига и облик исторического героя усваивается песней сквозь призму тех образов и схематических положений в формах которых привыкла творить фантазия.
Таким образом, сходство сказочных и мифологических мотивов и сюжетов протягивалось и на эпос; но происходили и новые контаминации: старая схема подавалась, чтобы включить в свои рамки яркие черты события, взволновавшего народного чувство, и в этом виде вступала в дальнейший оборот, обязательный для поэтики следующих поколений» [125, c. 302-303]. Тарихи поэтика заңдылықтары аясында көрнекті ақын Зейнолла Шүкіровтің (1927–1979) «Алау», «Олимпиада», «Клеопатра» атты поэмаларында еуропалық ежелгі (антикалық) сюжеттерді қазақ топырағында жаңғырта жырлағандығын танимыз.
«Алау» поэмасының желісіне үнді халқының антикалық дәуіріндегі фольклорлық сюжет арқау етілген. Тақырыбы – жауыз билеушілердің озбырлығы, халық, жеке адамдар тағдырын тәлкек еткен озбыр, опасыз, жауыз билеушілер зардаптарын таныту, идеясы – адамгершілігін, ар-ұятын сақтаған ару әйел болмысын дәріптеу.
Поэманың сюжеттік-композициялық желісіндегі оқиғалар былайша өрбиді: біріншісі – үнді елі Раджстанның бай қаласы Читорды Дели сұлтаны «Әлледин сұлтан әскерінің қамап қоршап басып алған шапқыншылық шабуылы; екіншісі – Читор қаласының сұлтаны Ратанның басшылығымен қала халқының ерлікпен қарсыласып, басқыншы жауға берілмеген ерлік шайқастары; үшіншісі – елші жіберіп өзі ғашық болып еріксіз иеленгісі келген Ратан сұлтанның жары Падма арудың жүзін бір көріп, содан кейін соғысты тоқтататынын айтып Әлледин сұлтанның Марвар атты елшіні жібергені; төртіншісі – Падма арудың жүзін басқыншы жау сұлтан Әллединге тек айнадан көрсетуді ұйғарған Читор зиялыларының ұйғарымы; бесіншісі – Падма аруды тоғыздағы кезінде-ақ өзіне әйел еткісі келіп құда түскен, бірақ онысы қабылданбай беті қайтқан қызғаншақ, опасыз Марвардың қанды шабуылы кезіндегі Ратан сұлтанның қаза тапқаны; алтыншысы – озбырлыққа өзін құрбан еткісі келмеген Падма арудың өзін-өзі отқа лақтырып, жанып кеткені, опасыз Марвардың басын сұлтан Әллединнің шауып тастағаны;Сұлу әйелге құмар сұлтан Әледдиннің поэма соңында опасыз Марвардың басын шауып тастауы да зұлымдық иелерінің бірін-бірі жазалауындай әсер береді.
Поэманың басты кейіпкерлері – туған қаласын басқыншы жаудан қорғаушылар және сұлтан Ратан, оның жары – басты кейіпкер Падма ару. Поэманың сюжеттік-композициялық желісіндегі қақтығыс арқауы – Падманың сұлу ажары. Арудың сұлу келбетіне, түр-тұлғасына ғашық болу – Шығыстың классикалық поэзиясында ежелден қалыптасқан үрдіс. Бұл – тіршіліктегі барлық құбылыстардың, жанды, жансыз заттардың сұлулық сымбатын, үйлесімді сипатын сыртқы әдемілігіне, тартымдылығына қарай бағалайтын көркемдік-эстетикалық ойлаудың көрінісі.
Шығыс халықтарының фольклоры мен әдебиетінде мол орын алған адамның сыртқы келбетіне, түр-тұлғасына әсерлену, қызығу, ғашық болу сезімінің жырлануында Жүсіп пайғамбарға ғашық болған Зылиха тағдырына арналған, әлемге кең таралған «Жүсіп-Зылиха» дастанын да айтамыз [126, 361-456-бб.]. Шығыс әйелінің еркектің түр-келбетіне, ажарына ынтық болған лебізі әлем әдебиеттерінің тарихында осы Зылиха бейнесі арқылы айтылғанын аңғарамыз:
...Менің Сізден тілегім жан нәубеті,
Нұр жүзіңнің ыстығы ішіме өтті.
Қанжардай тілді бауырым, нұрлы жүзің,
Суретің, ғажап түрің, лебізің тәтті.
Өзіңдей ешбір адам болмас сірә,
Жан-тәнім сенсіз қарар қалмас сірә,
Фырақыңда өртенді, күйіп ішім,
Мен өзім секілдімін бір мас, сірә.
Һилала сипатындай қастарыңыз,
Тіс-меруерт, қызыққандай достарыңыз.
Өз қолыммен өруге лайықта тұр,
Жұпар сүмбіл секілді шаштарыңыз.
Бойың зида, мәшәк жұпар шашыңыз бар,
Мұхиттың гауһарындай басыңыз бар,
Кірпіктерің өкпеме қадалып тұр,
Неліктен болдың маған хатірің тар?
Қалай шыдап тұрады жүрегіміз,
Алмадай көз тартқан иегіңіз.
Арманым жоқ бір сүйсем тамағыңнан,
Сымға тартқан күмістей сүйегіңіз.
Ақылымнан айырды екі көзің,
Дәртіме дауа болар айтқан сөзің.
Өзіңдей ұл тумайды еш адамнан,
Мақіріп періштедей анық өзің [126, 408-б.].
Ақын Зейнолла Шүкіровтің поэмасында Падма арудың сыртқы келбеті, мүсіні даралана бейнеленуге орын беріле қоймаған. Арудың сұлу ажары эпикалық баяндаулармен сипаттала отырып, оның тұлғасына, келбетіне көруге ынтық Әлледин тұлғасының көңіл-күй құбылыстарын бейнелеуге мән берілген. Бұл – автордың өзіндік көркемдік шешімі. Поэма сюжетінің шиеленісті сәтінде арудың жүзін өз сарайындағы айнаға түсірілген қалпында көрген сұлтанның нәпсіқұмар хайуандық құмарлық, ессіздік билеген көңіл-күйдегі қалпын реалистік суреттеуден психологиялық сипат шындығы да байқалады:
Әрі паң, әрі ұшқалақ, әрі қатпа,
Бұл өзі әмірші емес, әруақ па?
Бес жүз қыз жинаса да бір сарайға,
Біреуге кейпі түзу жарымап па?
Қатып тұр Сұлтан ессіз, күйік қандай
Құша алмай көріп тұрып, сүйіп қанбай.
Айнадан хордың қызы қарайды оған,
Әмірші бар дүниені ұмытқандай.
Балқып нұр қыз көзінен құйылғандай,
Аппақ жүз әлде жұмбақ жымиғандай.
Аш бөрі айдалада қозы көрді,
Қызықтап кете беру қиын қандай.
Білмейді өңі, түсін дегдар тұлға,
Айнаға басын соқты сол қалпында... [91, 284-б.]
Поэмада ару Падманың жары жас раджа Ратан бейнесі де біршама көркем жинақталумен даралана бейнеленген. Падманы он бір жасында жары еткен Ратанның он төрт жастағы кезіне дейін үш жыл бойы аяулысын еркелетумен, жан мен тән құштарлығын қандырумен келе жатқаны («Күн бойы лакшмиін еркелетіп, үйден көп шықпаушы еді селтең етіп; Кейде бір аңға шықса аң сары арып, кеш қайтып көрген емес ерте кетіп. Қуантып бірде сыйлап гүл көркемін, мәз болып мінезіне бірде еркенің..») өмір шындығы өрнегімен берілген.
Арудың жары – сөз өнері шығармаларындағы негізгі кейіпкер. Әлем әдебиеті мұраларында ару қыздың, әйелдің жары нағыз еркектік мінез-құлық даралығымен (адалдық, еңбексүйгіштік, мәрттік, жомарттық, отаншылдық, батылдық, ерлік, т.б.) бейнеленетіні мәлім. Бұл поэмада да Падма арудың жары Ратан нағыз еркектік дағдымен жар төсегіне («Алтыншы ай – күндіз-түні үй көрмейді») де жақындай алмай жүретіні де нанымды. Ел басшысы жас раджа Ратанның тұлғасы да аруын, отбасын, халқын ойлаған даралық тұлғасын айқын көрсетеді:
Батыр ол – Раджстанның мақтанышы,
Халқына жас та болса жаққан ісі.
Бұл күнде арыстандай жауға айбарын,
Читордың етеді аңыз жас-кәрісі.
Күлсе де қап-қара боп кірмей түсі,
Ұсайды бір құпия түйгенге іші.
Ол жігіт, сырға берік, жас болғанмен,
Бұл күнде бір тайпаның билеушісі [91, 273-б.]
Поэмадағы жағымсыз сипаттарымен бейнеленгендер – Дели сұлтаны Әлледин мен оның қызметкері алаяқ Марвар. Әлледин сұлтан – Шығыс елдеріндегі билеушілердің ортақ қасиеттері жинақталған бейне. Поэмада оның ең зор жаман қылығы – Читор қаласына шабуыл жасап, жас раджа Ратанның сұлу жары Падманы тартып алғысы келгені:
Күшті екен өзі зордың зорлығы да,
(Қай кезде зордың ісі болды күнә).
Біреудің ақ некесін бұзбақ күшпен,
Ынтықтық емес мынау қорлығы да [91, 271-б.].
Әлледин сұлтан – Шығыс фольклоры мен әдебиет шығармаларындағы көп кездесетін зорлықшыл, басқыншы, нәпсіқұмарлық пиғылдағы азғындаған, топастанған зұлым билеушілер қасиеттері жинақталған бейне. Билігіндегі елді қан қақсатып, құл-құтандарын, қызметшілерін, әскерін тек қана өзінің тойымсыз, ашқарақ көңіліне орайластыруды ғана ойлаған билеушінің іс-әрекеттерін ақын тарихи шындыққа сай жырлаған. Сұлтанның әйелқұмарлық қасиеті де осы поэмаға арқау болған қақтығысқа сәйкес эпикалық баяндаумен бейнелей жырланған:
Жинаса бар сұлуды Үндідегі
Қанағат қылған емес бір жүрегі.
Қашанда қыз жыласа мейірі қанған,
Қашанда жүрген жері сүргін еді.
Күндегі тірлігі де масқара еді:
Нашада бір құмары – сәске болды.
Түс қайта арақ-шарап... онан әрі.
Жасаған аулақ қылсын мас бәлеңді.
Сонан соң әйел керек асқан өңді,
Онда да уылжыған жаста көңлі.
(Кейде бір еріккенде ермек үшін,
Қарамас бурыл тартқан шашқа да енді.
Солдырмақ жаңа шыққан гүлді көктеп,
Құмары қайта айнымақ бір күн өтпек.
Бір түнде сұлуды қартайтпаса,
Таңертең түсі қашып, сыртқа кетпек [91, 277-б.].
Өзінің нәпсіқұмарлық билеген осы пиғылы жолында Читор қаласын қорғаушыларымен қызу қанды шайқастар болады, қанды соғыс кезінде екі жақтың да адамдары қырылады. Поэмадағы Читор қаласын қорғаушылар мен шабуылдаушы шапқыншылардың шайқас деректері де реалистік сипатымен берілген:
Қаптап қол, әне қылыш жарқыл қаққан,
Жер дір-дір, ат тұяғы қалтыратқан.
Таласып тас дуалға баспалдақ сап,
Сол жақта қанның исі аңқиды аққан.
... Килікті жауға аттылар тиіп кекпен,
Қылыштар бейне жасыл құйып көктен.
Жалт беріп қайтты кейін беті қайтып,
Қалың қол тасқын судай киіп кеткен.
Дуалға әне оларды қуып тықты,
Тәңір-ай неткен сурет суық тіпті...
Ащы айтқан, ышқынған жан, қырқылған бас...
Аттылар сәлделерді қырып бітті [91, 270-б.].
Поэмада алаяқтық, сатқындық қылықтарымен даралана мінезделген кейіпкер Марвардың бейнесі екіжүзді пиғылды іс-әрекеттерімен («Қызғаныш, өзімшілдік, бақққұмарлық, – қосылса не сұмдықты істемеді») [91, 282-б.] өмір шындығына сай жырланған. Падма арудың 9 жасар кезінде әйелдікке алғысы келіп ата-анасына сұрағаны да («Бейтаныс қара шұбар Марвар екен, Падманы әйелдікке сұрап келген»), сонда жас қыздың шошынып, әкесінің бермегені, бірақ Марвардың пиғылы («Желіккен қырық жаста бір қырқылжың, балапан қыз болыпты көксегені», «Аңсырап ауызы жетпей бір аш бөрі») [91, 274-б.], поэма арқауындағы нәпсіқұмарлығы басты қасиеті болғандардың жинақталған бейнелерін елестетеді. Марвар мен сұлтан Әллединге ортақ мақсат – Падма аруды иелену. Поэма сюжетінің шарықтау шегінде өзі бағынышты сұлтан Әллединнің елшісі болып жүріп,соңғы шешуші шабуылды ұйымдастырып, қанды қырғында жас раджа Ратанды өлтірген Марвар бірақ көздеген мақсатына жете алмайды. Қанды шабуылмен бәрін де жайпап, сұлтан Әллединді де ысырып, Падманы алып қашуды ойлаған Марвардың жоспары іске аспайды. Яғни, сюжеттік шешімде өзіне бола сүйікті жарының өлгенін, Читор қаласының басқыншы жауға тапталғанын көрген Падма өзін отқа тастайды, оны көрген күтушісі бастаған қыздар да отқа қойып кетеді:
Қорлатпай өзін жауға шын лакшми,
Жалынға жанып жатқан шыдап өлді.
... Қыздар-ау, ханым бізді шақырады!
Ес-түссіз күтуші қыз аһ ұрады.
Соны айтып, отқа кенет қойып кетті,
Толқып жұрт, көз біткендр шатынады [91, 291-б.].
Поэманың көркемдік шешімі – зорлықшыларға көнбейтін адам жан ділі болмысының қуаттылығын дәлелдеу. Падма ару мен оның күтушісі бастаған қыздардың отқа түсіп алауға айналуы – поэтикалық бейнеліліктің романтикалық тұрғыда жырлану көрсеткіші. Поэманың «Алау» аталуы да ар-ұят сезімінің мәңгілік лаулайтын қуаттылығын танытады. Шығарманың идеялық-көркемдік түйіні соңғы шумақтарында романтикалық асқан әуенді тармақтармен жырланған:
Талқан қып тас тәңірді қарау жанды,
Орнында сөнбей жалғыз Алау қалды.
Арудың арманда өлген ашуындай,
Жанды алау, қып-қызыл боп талаурады.
Бәрі өтті қанды шапқын, талау, қайғы,
Артында аңыз қалды Алау жайлы.
Алауды, ару қызын жыр қып айтса,
Жүректер әлі күнге алаулайды [91, 293-б.].
Қазақ поэзиясының поэма жанрындағы шығармаларында антикалық сюжеттерді жырлауды ақындар дәстүрлі поэтикалық ұстанымдарды жаңғырта қолданады. Яғни, арқау болған сюжеттердегі уақыт пен кеңістік сипатына кіретін поэтикалық әдіс-тәсілдерді үйлестіре жырлайды. Шығармаларға арқау болған сюжеттердегі ұлттық сипатқа тән тілдік қолданыстар поэмалардың мазмұны мен пішініндегі поэтикалық көркемдік ерекшелікті танытады. Мысалы, «Алау» поэмасындағы үндінің ұлттық-этнографиялық дәстүрлі ерекшеліктерін ақын шығарма құрылысында үйлестіре өрнектеген.
Эпикалық шығарманың лирикалық сезім тебіреністерімен өрнектелген құрылысында Автор-Ақынның да романтикалық бейнесі өріле жырланған. Автор жырының адресаттық нысаны үнді қызының би қозғалыстарымен мың бұралған тұлғасына, үнді сазына елтіген, елжіреген көңіл-күйі («Кіріспе» бөлімде), поэма композицясында авторлық баяндаулары мен кейіпкерлер толғаныстарын, монологтарын лирикалық тебіреністермен (қуану, ренжу, серпілу, сергу, налыс, намыстану, т.б.) өрнектеуі бейнелі тіркестермен жырланған.
Автор поэма кейіпкерлеріне үнемі тікелей сөз арнайды, бейне бір соның жанында жүргендей сыр айтады («Ырғалып, үнемі қызы әлгі биге», «Отырсың неге. сәулем, қалтыранып», т.б.). Табиғат көріністері мен адам сезімінің психологиялық егізделуі поэтикалық кейіптеулер мен теңеу, эпитет, метафора тіркесті өрілімдермен көркем кестеленген. Мысалы, «Қарайды жерге төніп жақпар құздар, шатқалдар үңірейіп, үрей шашып, бұл күні бәрінде де жатқан-ды ызбар», «Төбесін тау басының бұлты буып, тас қорған баурайында тұр тығылып», «Түсінде суық қорған тас қату бар, тарс жабық қара шойын қақпа тұр нар», «Кең өлке қатал шөлейт табиғаты» [91, 269-б.].
«Қыз еріні қызыл шие діріл қағып», «Өңкиген қара шұбар жылан түсті», «Бейтаныс бір жолаушы қара шұбар», «Жүзінде жас жігіттің шам сәулесі, қансыз сұр аққұба өңі қуарады», «Құр бейне қорқынышты тас тұлғалы», «Шатынап шегір көзі Алдиярдың қаңтарда қарт бурадай күркілдеді», «Дөңкиіп бауыздаулы соғым нарша», «Арыстан қайтты бірақ ашуынан, қалды аман шұбар өгіз сәл таланбай», «Аспанда қара бұлттар андыздаған», «Ақ жаңбыр сіркірейді... түн жылайсың... аспанда әлде, Тәңір, тұнжырайсың?», «Шатырлап, аспан, бүгін қирайсың ба? Ей, Тәңір, ашуыңа сыймайсың ба?», «Түн түнек... Бұлттар қылғып жұтып Айды»,... жынды жел жағадан ап жұлқылайды», «Балқып нұр қыз көзінен құйылғандай, аппақ жүз әлде жұмбақ жымиғандай», «Әлгі бір өңкиген дәу қара албасты, ... бұқа көл, қарға тұмсық, қабан басты», «Қос үрей көңіл тынбай әрі-сәрі», «Түксие қарап көктен қап-қара бұлт», «Ол бір гүл жерге түсіп жанышталған», «Адамдай өртке алдырған қара орманын», «Ашулы аш жолбарыс аласұрған», т.б.
Поэма оқиғасының Үндістан жерінде болғандығын дәйектейтін географиялық-топонимикалық (Дели, Читор қалалары, Абу тауы, Раджстан), діни ұстаным (Тәңірі, Будда, тас храм, түс жорушы балгер),қызмет, дәреже (лакшми, раджа, сұлтан, уәзір, елші, ханым, азбанқұл) атаулары эпикалық шығарманың тарихи кезеңге сәйкес сипатын айғақтайды.
Қорыта айтқанда, ақын З.Шүкіровтің «Алау» поэмасындағы Үндістан жеріндегі ежелгі заман оқиғасына негізделген сюжеттегі тарихи-поэтикалық ерекшеліктер қазақ поэзиясындағы көркемдік дәстүр жалғастығын танытады. Қазақ поэзиясындағы ежелгі заманғы фольклорлық-мифологиялық сюжеттерге негізделген шығармалар арқылы адамзат ұрпақтарының ғасырлар бойы жалғасқан көркемдік-эстетикалық дүниетаным ортақтығы аңғарылады.
Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалар жазу үрдісінің тарихи-поэтикалық қалыптасу, даму жолы бар. Әлем әдебиетінің көрнекті салаларының бірі қазақ сөз өнері мұралары да адамзат тарихының ежелгі замандардан бүгінгі кезеңге ұласқан дәуірлеріндегі оқиғаларды қамтитын саналуан сюжеттерді жырлаумен келеді. Қазақ сөз өнерінің ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлеріндегі шығармаларында кезеңдес, тағдырлас халықтардың тұрмыстық-әлеуметтік қаһармандық-жауынгерлік оқиғалары арқау болған эпикалық шығармалар шоғыры әлемдік рухани құндылықтар қатарын байытқан ұлағатымен мәлім.
Қазақ өркениеті қалыптасуының, дамуының ғасырлар белестерінен өткен жолында алыстағы, жақындағы халықтардың тарихына, ондағы тұрмыстық-әлеуметтік маңызды оқиғаларына, көрнекті тұлғаларына байланысты мәселелер де жүйелене, саралана байқалады. Алыс пен жақындағы халықтардың материалдық және рухани құндылықтарымен аралас-құралас болу – қазақ даласындағы өркениеттер тоғысуы құбылысының ежелгі замандардан бері үздіксіз болып келе жатқандығын дәлелдейтін ерекшелік.
Қазақ және ежелгі Эллада өркениеттері арасындағы байланыстардың әуелгі бастауында ойшыл ақын «Өзінің досы Тоқсарыспен бірге Грекияға Солон заманында барған Сақ (скиф) ойшылы Анархарис (б.з.б. 638–559 жж.) [127, с. 39] есімі аталады. «Анахарсистың әкесі – Гнур, ағасы Кадуид – Скиф патшасы, анасы Эллада елінің қызы, сол себепті екі тілге жетік болады. Көсіліп шешен тілмен еркін сөйлейтіні сонша көне грек жерінде сұңғыла ділмар адамды «скиф сияқты сөйлейді» деген сөз мәтел боп содан қалған.
«Анахарсис скифтер мен элладалықтардың тұрмыс салты, соғыс дәстүрі туралы сегіз жүз жолдық өлең жазған» [128, 17-б.]. Бұл – қазақ сөз өнері тұлғаларының ежелгі Эллада, Египет, Арабстан, Африка, Еуропа халықтары тұрмысы қамтылған сюжеттердің негізінде шығарма жазу үрдісінің ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі ұласқан жолын байқататын дерек. Бұл үрдіс Әбунәсір әл-Фарабидің, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбайұлының, Ақылбай Абайұлының, Мағауия Абайұлының және т.б. әдеби үдеріс қозғалысындағы көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығы арқылы жалғасты.
Көрнекті ақын Зейнолла Шүкіровтің «Олимпиада», «Клеопатра» атты поэмалары да ұлттық сөз өнері тарихындағы аталған әдеби дәстүр жалғастығының көрсеткіштері. Аталған поэмалар қазақ ақынының әлем өркениетінің аса көрнекті мекендер болған Эллада мен Египет атыраптарындағы адамзат ақыл-ойының талай ұлы жаңалықтары жасағандығын назарына алған шығармашылық дүниетанымының тереңдігін аңғартады.
«Олимпиада» поэмасы – тоғыз (ІХ) бөліктен құралған эпикалық туынды. Тақырыбы – әлем спортшылары өткізетін Олимпиаданың тарихи маңызын ұлықтау, идеясы – әр елде өткізілетін Олимпиаданың әлем халықтарының достығын, баянды бейбітшілік дәнекері толу ықпалын дәріптеу. Поэма тақырыбының Олимпиада болып аталуы да ежелгі Эллада елінің осы дәстүр Отаны болуымен сабақтас. Сөз арқауындағы бұл мәселенің қазақ даласымен байланысы да көне дүние ойшылдары мен қазіргі заманғы ақындарымыздың шығармашылығын сабақтастырады. «Сосискрат пен Гермипп сияқты жылнамашылардың мәліметіне сүйенсек, Анахарсис қырық сегізінші олимпиада қарсаңында Афинаға сапар шегеді» [128, 17-б.]. Демек, Анахарсистің барған Олимпиадасынан бері де қазақ даласының осы әлемдік спорт жиынымен байланыстылығы ешқашан үзілген жоқ.
«Олимпиада (греч. Olympias, род. п. Olympiados), 1) промежуток времени в 4 года между вдумя Олимпийскими играми (др.-греч.); единица летосчисления в Др. Греции (до 394 н.э.). Годом 1-й Олимпиады считается 776 до н.э.
Олимпийские игры (греч. Olympia), 1) в Др. Греции общегреч. празднества и состязания (езда в колесницах, пятиборье, кулачный бой, конкурс иск-в). Устраивались в честь бога Зевса с 776 н.э.: в Олимпии раз в 4 года. Продолжались 5 дней» [123, с. 926]. Әлем халықтарының сөздік қорындағы «Олимпиада қыстағы», «Олимпиялық Хартия», «Олимпия эмблемасы», «Спорттық олимпиадалық түрлері», «Олимпиада девизі», «Олимпиада алауы», «Олимпиада жалауы», «Олимпиадалық» атаулары да әлем халықтарына етене боп таралған осы спорттық ойынның ықпалын танытады. Грекияда Олимп таулы атырабы да, Олимпия қаласы да Олимпиадалық ойындар өтетін дәстүрдің ежелгі заманғы тарихи негізділігін байқатады.
«Олимпиада» поэмасының құрылысындағы ІІ–VIII бөліктерде ежелгі Грекиядағы алғашқы олимпиадалық жарыстың басталу оқиғасы шартты поэтикалық мағынамен алынған. Сюжеттік байланыс – Эномея патшаның қызық Гипподемеяны аттар жегілген күймелі арбаға мінген күйеу болудан дәмелі озып келген жігітке беру шарты. Бұл – қыз әкесінің жариялаған шарты. Бірақ, қызына ғашық дәмелі жігіт атаулыны жарыс жолында Эномея патшаның өзі қуып жетіп өлтіреді. Бұл жендеттік жазалаудың мәнісін автордың эпикалық баяндау жыры түсіндіреді:
Патша әке төгіп жатыр күнде қанды,
Оның да бір өзінің қымбат жаны –
Күйеуге шыққан күні жалғыз қызы,
Шаппаққа сұм ажалдың тұр қақпаны...
Сол қақпан таппақ бір күн оны ақыры,
Соны айтқан Күн ұлының Оракумы.
Қыз бейне қара жылан – әкесінің
Мойнына туған күні-ақ оратылды.
Күн бұрын қойған патша бәрін біліп,
Ажалын күтпек қалай сабыр қылып.
Қызынан дәмеленген жігіт болса,
Тауыспақ жер бастырмай бәрін қырық [91, 304-б.].
Поэма сюжетінің дамуында Олимп мекенінде қызға дәмелілер үшін бәйге жарияланғаны, оған ынталылардың мол болғаны да тарихи шындықпен жырланған:
Ат бәйгі, күнде Олимп шақырады,
Арманда күнде біреу қапы ұрады.
Дәметіп хан қызынан елеуреп жүр,
Бұл жұрттың бір-бір тәуір аты бары [91, 304-б.].
Поэма сюжетіндегі шиеленіс жарысқа қатысқан дәмелілердің қыздың патша әкенінің қолынан күнде қаза тапқан оқиғаларынан («Кетті өліп бүгін бірі, кеше бірі, бейкүнә біреулердің қос өрімі») байқалады. Өзінің себебінен талай боздақтардың мерт болып қырылып жатқанына күйзелген қыздың мұңды-шерлі ойға батқаны, балалық шақтан-ақ жүрегін жаулаған Пелопс есімді жігітті ойлағаны да шығарма арқауында айтылады. Туындының көркем шешімі аясында автор сүйген жігітті Пелопс пен әкесінің құл-сайыпкері Миртилос екеуінің оңашада әңгімелесуін естіген қыздың көңіл-күйін де психологиялық сипатымен суреттеген. Миртилос құл-сайыпкердің айтқан аңыз-әңгімесінде тап осы патша Эномеядай боп аласұрған, бірақ өз қызының әке-күймесіндегі белтемірді балауызбен ауыстыруынан жауыздыққа тосқауыл қойылған тарих сабағы баяндалғанын оқимыз:
Патшаның айтқан заң, серті мықты,
Жазықсыз талай жанды өлтіріпті.
Жазасы жетіп бірақ өз қызынан,
Жарыста басын жұтып ол тыныпты [91, 306-б.].
Осы арада Миртилос айтқан осы аңыз әңгімеден кейін кейіпкер Пелопстің айтқаны да ертеңгі жарыстағы Эномея патшаның тағдырын шешкендей әсер береді:
– Әдемі ой салдың-ау,
Ақ іс үшін
Жақсы адам не сұмдықтан тартынар ма! [91, 307-б.].
Поэма сюжетінің осы шарықтау шегінде қыздың сүйгені Пелопстың Миртилоспен екеуара әңгімедегі шынайы жүрек лебізі де көркем шындық шарттылығына сәйкес романтикалық әуен мен жырланған:
– Көп болса табар тыным күйген жаным,
Кеудемде кетсін мейлі түйген зарым.
Өлімге байладым бас, бір сол үшін,
Жалғызым Гипподемея – сүйген жарым! [91, 306-б.].
Поэма сюжетіндегі көркем шешім бойынша кезекті жарыс жолында күймесі жегілген қасқа арғымақтың күрт атылуынан патша Эномея қаза табады, зұлымдық жолына тосқауыл қойылады:
Әлде патша көзіне бүкіл дүние мұнартты,
Әлде ажалға асықты, әлде қанға құмартты.
... Тартып қалды қамшымен патша қолы қатулы,
Қатты тиді, жалт беріп қасқа арғымақ атылды.
Көк күйменің бүйірін жерге соқты жапсырды,
Тас төбеден шаншылта патшаны да тасқа ұрды [91, 309-б.].
«Олимпиада» поэмасының І, VIII, ІХ бөліктерін біріктіріп тұрған көркемдік-эстетикалық желі – Олимпиаданың әлем халықтарының денсаулық үшін бейбіт жарыс сайыстарын өткізетін бас қоу салтанатының қоғамдық-әлеуметтік, гуманистік-адамгершілік ұлағатын мәртебелеп жырлау. Лирикалық Қаһарман-Ақын қазіргі өтіп жатқан Олимпиадаларға әлем халықтары өкілдерінің (қазақ, жапон, француз, ағылшын, негр, т.б. – бәрінің де әлемдік спорттық мерекедегі бас қосуларының жер бетіндегі баянды бейбітшілікті орнатуға қызмет етуіне шақырады. Осы орайда, ақынның поэмасына арқау болған Олимпиадалық ойындардың тоқтатылуы мен қайта жалғасуының тарихи-хронологиялық жолын да дәйектемелік назарға алауды дұрыс санаймыз:
«Отменены в 394 н.э. 2) Всемирные спорт-соревнования, прообразом к-рых явились др.-греч. О. и. Проводятся с 1896 в 1-й год Олимпиады. Состоялись О. и.: І – 1896 (Афины); ІІ – 1900 (Париж); ІІІ – 1904 (Сент-Луис); IV – 1908 (Лондон); V – 1912 (Стокгольм); VІІ – 1920 (Антверпен); VІІІ – 1924 (Париж); ІХ – 1928 (Амстердам); Х – 1932 (Лос-Анжелес); ХІ – 1936 (Берлин); ХІV – 1948 (Лондон); ХV – 1952 (Хельсинки); ХVІ – 1956 (Мельбурн); ХVІІ – 1960 (Рим); ХVІІІ – 1964 (Токио); ХІХ – 1968 (Мехико); ХХ – 1972 (Мюнхен); ХХІ – 1976 (Монреаль); ХХІІ – 1980 (Москва); ХХІІІ – 1984 (Лос-Анжелес), (VІ – в 1916, ХІІ – 1940, ХІІІ – 1944 не проводились. В программе наиболее распространенные виды спорта» [123, с. 926].
Олимпиадалар ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басында да кезегімен өтіп жатыр. Ақын З. Шүкіровтің «Олимпиада» поэмасының, лирикалық-көсемсөздік сарынынан адамзат тарихының барлық ғасырларында да ұрпақтардың денсаулығын нығайтуды, жер бетіндегі адамдардың қанды қырғынды соғыссыз баянды бейбітшілкпен өмір сүру ұлағатын мұрат тұтқан оптимистік арманы, тілегі байқалады.
Ежелгі Грек елінің тарихи, аңыздық-мифологиялық өрнектерге толы әлемін көз алдына келтіре жырлаған лирикалық қаһарман ақынның уақыт пен кеңістікті тұтастырған романтикалық дүниетаным көзқарасы, адамзат тарихын көркем жинақтаумен қамтыған ұшқыр ойлары еліктіреді:
Қазақпын қырда туған қаны қызба,
Жарқ еткен жеңіс көрсем жаным ырза.
Тұрмаймын арқам қозып, әрі қоймай,
Қайрайды қайда айқасқа кәрі Муза.
Тәуекел, әкел Муза, жолдамаңды,
Ал, кеттім қызықтауға Элладаны.
Астымда асау Пегас бір сілтейін,
Алдымнан қашсын Олимп кер маралы.
Күй тартып сиреналар жан-жағымда,
Күңіренсін қыруар тәңір тауларында.
Тәуекел, кеттім сонда жебе мені,
Сиындым, баба Гомер, аруағыңа!
Па, шіркін, ертегідей Грек елі,
Қарсы алшы, кәне алдымда күле мені.
... Басында Олимпінің түнерген бұлт,
Жарға ұрып Альфей неге шіренеді... [91, 302-303-бб.].
Ақынның осы поэманың және ХІІІ, ІХ бөліктеріндегі идеялық тұтастықпен жырланған көркемдік түйіні – адамзат ұрпақтарының Олимпиада ойындарының аясында мәңгілік бейбітшілік ұстанымын нығайтуға шақыруы. Поэманың негізгі сюжетіндегі Эномея патшаның өлімінен кейінгі мерекелік көріністер реалистік бояуларымен бейнеленген:
Бұлт та жоқ бүркеп жатқан бүгін көкті,
Даланы жөңкілген жұрт дүбірлетті.
Ат жарыс, жаяу жарыс, айқай-ұран,
Шығады адам даусы құдіретті.
... Әйтеуір аппақ алау жанды бүгін,
Серпілтіп Элладаның барлық ұлын
– Жасасын Олимпиада, бейбітті жарыс!
Жетер сол шайқаста өткен бар ғүмырың [91, 310-б.].
Поэманың поэтикалық түйіндеулері жинақталған соңғы бөлік азаматтық-гуманистік, көсемсөздік сарынмен ежелгі замандардан бүгінге жеткен, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жалпы адамзатқа өнеге, үлгі болып отырған сыртқы саясатымен үндес сипатымен ерекшеленеді. Ақынның азаматтық ұстанымының бейбітшіл шақырулары қазақ поэзиясының әлем өркениеті деңгейіндегі көркемдік-эстетикалық ойлау дүниетанымын танытады: «Тоқтасын жер бетінде қанды қырғын», «Шошытпасын жаңа туған сәбиді төбесінде жарылмасын атомдар!», «Құрысын соғыс! Көрсет бейбіт сайыста құдіретіңді күйшілер мен батылдар!», т.б.
Ақынның юморлық тіл өрнектері де жарыс үстіндегі кейбір көріністердің әсерлі бояуларын («Жарқырап ағылшын қыз ақ балтыры», «Ылғи бір шойдым қара негір деген», т.б.) көрермендер көзімен өрнектеген:
Әне бір ши борбайға не жетпейді,
Әншейін жұрт соңында селектейді.
Бес сайыс бітпей жатып жүлде сұрап,
Тәкаппар американдық неге өктейді [91, 311-б.].
Соңғы шумағы эпикалық және лирикалық жанрлар тұтастығымен жырланған осы туынды жалпыадамзат өркениетін сақтауға шақырған азаматтық үндеумен аяқталған. Бұл – адамзат тарихында планетадағы барлық халықтардың жансауғалып келіп аман қалған, өсіп-өркендеген Отаны болып келген Қазақ Елінің, халқымыздың гуманистік үніндей естіледі:
Бізге әлем қолын соқты тегіс тұрып,
Әйтеуір көңіл тынды жеңіп шығып.
Жасасын жас мереке Олимпиада,
Жасасын жер үстінде бейбітшілік! [91, 311-б.].
Қорыта айтқанда, қазақ поэзиясы классикалық дәстүрлі жанрларының бірі поэмаларда ежелгі заман оқиғаларының жырлануынан ұлттық сөз өнері ауқымының поэтикалық кеңістігі, ұлттық және жалпыадамзаттық дүниетаным тұтастығымен жырланатын классикалық дәстүр ұлағаты айқындала түседі. Бұл – біздің қазақ әдебиеті шығармалары көркемдік-эстетикалық деңгейінің маңызды көрсеткіші.
Достарыңызбен бөлісу: |