Зерттеу жұмысының өзектілігі. Жаңарған Қазақстанның қоғамдық өміріндегі білім саласында болып жатқан батыл өзгерістер тарихи білімге деген қызығушылықты арттырып отыр. Расында, бүгінгі Қазақстанның тұрақты дамуы өткен тарихты объективті тұрғыдан жалғастыра білумен байланысты болса, оның болашағы да тарихтың шынайылығымен анықталады.
Осыған орай, 1920-2001 жж. Қазақстандағы тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын зерттеу – тарих ғылымындағы басым бағыттардың қатарынан орын алады.
Өз дамуында жүйесі, мазмұны, оқыту түрлері үнемі өзгеріп келген Қазақстандағы тарихи білімнің ұзақ жолдан өткені ескерілуі керек.
Кеңес дәуіріндегі тарихи білім адамға, мемлекетке және қоғамға қатынасты бейнелейтін әлеуметтік идея түрінде дамыды. Тарихи білімнің дамуына идеология мен мемлекеттік саясаттың үлкен ықпалы болды. Кеңес жылдарындағы тарихи білім, мемлекеттің түрлі саяси мүдделерін іске асырудың құралы ретінде көрінсе, тарихты оқытудың мақсаты анық таптық сипат әлпетінде болып, қоғамдық қатынас өзгерістеріне бейімделді.
Елдің саяси дамуындағы әрбір жаңа бетбұрыс тарихи білім жүйесіне реформа жасаумен қатар жүргізілгендіктен әлеуметтік-саяси дағдарыстар тарихи білімнің де дағдарысына әкелді.
Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық өміріндегі түбірлі өзгерістер, ең алдымен тарихи білім жүйесін жаңартуды өткір қойып отырғанда, тарих қойнауында жинақталған бағалы тәжірибелерге назар аударудың маңызы зор.
Тарихи білімді дамыту барысындағы өткен тарихтағы оң тәжірибелерді меңгеруде, оны сын тұрғысындағы терең ғылыми ой-елегінен өткізу арқылы талдап-бағалай отырып, жіберілген кемшіліктерді анықтау – қазіргі білім жүйесіндегі Қазақстан тарихын оқып-үйренуді жетілдірудің қуатты факторының бірі болып табылады.
Кеңес дәуіріне дейінгі қазақ қауымының ортасында білімдік мәнге ие болып келген ауызша тарих айту дәстүрі ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап ғылыми даму жолына көшіп, жеке пән ретіндегі білімге жалғасса, оны жалпы білімнің тарихи болмысынан бөліп қарауға болмайды. Осыған орай, ең алдымен, қазақтың ауызша тарихының (ҚАТ) ғылыми теориялық негіздерін игеруге тура келеді. Осыдан кейін ғана Кеңес дәуірінде ғылыми даму жолына түсіп, жүйеленген ұлттық тарихи білімінің теориялық және методологиялық мәселелерін білуге жол ашылады.
Бүгінде профессор С.Ф. Мажитовтың зерттеулері бойынша, қазақтың ауызша тарих айту дәстүрінен мәлімет берудің бірден-бір деректік негіздері, өзінің белгіленуі мен бөлшектенуі жағынан 4 түрлі жанрға жіктелгені белгілі болды. Олар: топонимикалық, этноәлеуметтік, қазақ даласындағы көрнекті тұлғалар мен маңызды оқиғалар туралы әңгімелер [2]. Егер бұрын дәстүрлі тарихи білімнен өрбитін әңгіме-бастаулар халық санасында «қара сөз» атауымен ғана зерделеніп келсе, бүгін 4 жанрға бөлінген «Қазақтың ауызша тарихы» ұғымының бүкіл Қазақстан халқының санасында кең мағынаға ие болып, қайта жаңғырғанымен санассақ, тарихи білімнің дамуын тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеудің маңыздылығына шек келтіре алмаймыз.
1920-2010 жж. Қазақстанда, тарихи білімнің мазмұны ғылыми жағынан анықталып-жетіле келе, оның даму бағыты белгіленді. Ұлттық тарихи білімді пән ретінде қалыптастыру мен оқытудың жолдары қарастырылумен бірге, оны оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер орнықтырылды. Типтік бағдарламалар мен оқу құралдарын шығару жүзеге асырылды; Сондай-ақ, қазіргі тарихи білімді иновациялық жетілдіру көзқарасымен қарағанда, Кеңес дәуірінде қалыпты практикалық тәжірибе жинақтаған тарихи білім өзінің тұғырлық маңызын әлі де болса жоғалтып отырған жоқ.
Сонымен, тарихи білім дегеніміз, кең мағынасында алып қарағанда, адамдардың өткен өмір сырларының шындығынан ақпарат алуы болып табылады. Тар мағынасында, тарихи білім түсінігі, белгілі бір мемлекеттегі тарихи сананы қалыптастырудың негізгі тетігі деген ұғымды білдіреді. Ал тарихи білімді пәнге айналдыру дегеніміз – адамға қажетті кез-келген кемел тұжырымды әлемдік тәжірибе ретінде өзінің ұрпағына жеткізу. Олай болса, «Жалын мен оттан жаралып» өлеіңінде Абайдың кемел тұжырымның сырын кәміл ұғынған бала білімділікке жетпек деген пайымдауы бүгінгі халықаралық ұйымдардың XXI ғасырдағы білім мазмұнының макромоделі «Мәдениет. Білім. Тарих» болсын деген ұсынысмен үндеседі. Бұның өзі біздің жұмысымыздың ғасырлар бойы жинаған тарихи білімдік тәжірибелері арқылы әлемдік мәдениетке өзіндік үлес қосқан қазақтардың орныін көрсетудің өзектілігін айқындайды. Міне, осы жағын ескергенде, 1920-2001 жж. Қазақстанда ғылыми жүйелі жолға түскен тарихи білімнің даму келбетін арнайы тарихи-теориялық тұрғыдағы зерттеудің де өзектілігін арттыра түседі.