Бес белестің биігінен өткен жолғА Қарасам немесе оқырмандармен сырттай сұхбат М



Дата22.02.2018
өлшемі242,64 Kb.
#38136
БЕС БЕЛЕСТІҢ БИІГІНЕН ӨТКЕН ЖОЛҒА ҚАРАСАМ
немесе оқырмандармен сырттай сұхбат
Мен 1952 жылғы 4-қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Тесік Ұя деген шағын ауылында (ол қазір жоқ) жай шаруаның отбасында дүниеге келіп, бұрынғы Марқакөл ауданының Ақбұлақ өңірінде өсіп-өндім. Ұлтым - қазақ. Ана тілім - қазақ тілі. Руым – Ақнайман ішінде Тайсары, оның ішінде - Тілеке.

Мектепке 6 жасымда бардым. Ол кезде балалар мектепке 8 жастан баратын. Ал мені және менімен жасты тағы бір баланы оқушы саны толмағандықтан, өзіміз тұратын Марқакөл ауданының Жалаңаш ауылындағы бастауыш мектеп жабылып қалатын болған соң мектеп директоры ұстап алған болатын. Сол мектептің директоры да өзі, завучы да өзі, мұғалімі де өзі. Жұрт оны Түлкібай дейтін. Бұл оның аты ма, фамилиясы ма қазір есімде жоқ.Содан тағдырдың жазуымен Түлкібайдың қақпанына түскен екі бала қыркүйектің 15-не таман оқушы болып шыға келдік.

Мектепке баруын барғанмен мен бір жыл бойы концерт қойып шықтым. Таңертең көрші тұратын Аманжол атты немере ағам (өзіміз оны Аман дейміз) мені велосипедінің алдына мінгізіп, мектепке апарып тастайды. Сабақтан шыққан соң есіктің алдына шығып, ол келгенше ойнап отыра беремін. Және де келгенде мәмпәси, пірәндік, кәмпит немесе бір түйір кесек қант әкелмесе тағы қиын. Велосипедіне отырмаймын, үйге қайтпаймын. Әйтеуір сөйтіп жүріп біріншіні бітірдім. Бірақ қыңыр-қисық мінезім болмаса мен сабақтардан өзімнен үлкен балаларды тез қуып жетіп алдым. Мектепте бастауыш класта жақсы оқыдым, бір жылы үздіктер қатарына да көтерілдім.

1968 жылы Горный (қазіргі Ақбұлақ) орта мектебін 16 жасымда бітіріп шықтым. Отбасы жағдайына байланысты бірден оқуға бара алмадым.1968-1969 жылдары Горный селолық Кеңесіне қарасты Майтерек селолық клубының меңгерушісі болып істедім.

Қайран балалық-ай десеңші! Мен мектепте оқып жүргенде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам деп армандайтынмын. Бұлай деп ойлауыма Абайдың «Өнер де мәдениет те, бәрі де орыста тұр» деген сөзі негіз болған еді. Осыған құлай сенген мен орыс тілінің білікті маманы болып келіп, ауылдағы қазақ балаларының көзін ашқым келген. Орта мектепті бітірген соң сол кездегі Өскемен педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне құжаттарымды тапсырған мен алғашқы емтихан мазмұндамадан өз фамилиямның тұсында 2 деген баға тұрғанын көріп жынданып кете жаздадым, өйткені мектепте орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша жұмыстан ылғи 5/5 деген баға алатын едім.Мен сол кезде емтихан тапсырылатын тарихтан, не басқа бір пәннен осындай баға алсам мүмкін шыны да солай шығар дер едім. Ал мынаның «Шалғай ауылдан келген қазақ баласының дәмесін қара, артына қарамай өзгелерге орыс тілінен сабақ бергісі келеді» деген ишара екенін түсіндім.Бұрын біртұтас совет халқы деген ұғымда жүрген менің санама алғаш рет осылайша жарықшақ түсті. Дауласқанмен ештеңе өнбейтін еді.Сондықтан құжаттарымды Аблакетка кентіндегі ауыл шаруашылық техникумының зоотехния бөліміне өткізіп, емтиханын тапсырып, оқуға түсіп, ауылға қайттым. Күзде қалаға келіп жатақханадан орын алып, техникумда оқи бастадық. Бір қыс оқыған соң келер көктемде мені әскерге алып кетті.

Әскери міндетімді Совет әскерлерінің Германиядағы Тобында атқардым. Әскерде жүріп ауыл шаруашылық техникумындағы оқуымды тастауға бел будым. Ойым - Москвадағы Горький атындағы әдебиет институтына түсу болатын. Бірақ ол кезде менің өлеңдерім республикалық газет-журналдарда жариялана қоймаған, әлі өлеңдер жинағым жоқ еді. Ал әдебиет институтында оқу үшін жалпы білім беретін пәндерден емтихан тапсырумен қатар әлгідей шығармашылық конкурстан өту керек екен.Онда Алматыға Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға барайын деп шештім. Бірақ онда да шығармашылық конкурс бар.Бірақ оның жарасы жеңілдеу. Газетте жарияланған хабар-ошар, мақалаларың болса жетіп жатыр. Бірақ әскерде жүріп біраз қарайып қалған едім. Сондықтан алдымен журналистика факультетінің дайындық бөліміне түстім. Бір жылдан соң бірінші курсқа оқуға қабылдандым. Университетте үздік оқып, көтеріңкі стипендия алып тұрдым. Онда да көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болдым. Топ комсоргі, факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайландым.

Үшінші курсты бітіргеннен кейін үйленіп, сырттай оқуға ауыстым да, өзіміздің аудандық “Маяк”-“Шамшырақ” газетіне жұмысқа орналастым. Жұмыс істей жүріп университеттегі оқуымды 1979 жылы бітіріп, журналист мамандығы бойынша диплом алдым.

Шамамен отыз жылдан астам уақыт өлең жазамын. Өлеңдерім әртүрлі газет-журналдарда, төрт ұжымдық жинақта, бес жеке жыр кітаптарымда жарияланды. Оның ішінде «Ағажай Алтай» жинағыма облыстық ішкі саясат департаменті, 2006 жылы Шымкентте жарық көрген «Жүректегі жазулар» деген жыр кітабымды жариялауға Өскемендегі «Нимекс-Текстиль» ЖШС директоры Бақыт Әсембекұлы Қаныбеков демеушілік жасады. Қалған кітаптарымды өз қаражатыма шығардым.

Облыс ақындарының Т.Нұқай атындағы жыр мүшәйрасында 2006 жылы бірінші орынды жеңіп алдым. 2007 жылы облыстық мәдениет басқармасы жариялаған «Әдеби үрдісті қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін» конкурсының поэзия номинациясы бойынша сыйлығын алдым.

2007 жылы Қазақстан жазушыларының Алматы қаласында өткен кезекті ХШ құрылтайының делегаты болдым.

Мәскеулік жазушы Владимир Губаревтің «Сталиннің саяжайы» атты спектаклін, Александр Пушкиннің, Сергей Есениннің, Ярослав Смеляковтың бірер өлеңін орыс тілінен қазақшаға аудардым. «ШҚО бизнес-кітабының» аудармашысымын. Жазушы Серік Байхоновтың «Мейірбан шөптер» деген әңгімесін қазақ тілінен орыс тіліне аудардым.

Аздап домбыра шертіп, ән саламын. Өзімнің «Туған жер» атты әнім, Мұқағалидың сөзіне шығарған «Сынық қанат шағалам», «Сағындым-ау» атты әндерім бар. Бірақ олар әлі күнге дейін нотаға түспеген, музыкамен безендірілмеген. Сондай-ақ менің сөзіме сазгерлер Төлеухан Әбедимов «Дәрігер», Маржан Маниярова «Марқакөлді аңсау», Бағдат Есдәулетова «Қытай қазақтарының әні», Уатхан Жүнісов «Ағайын» деген әндер жазды.

Аудандық газетте істеп жүрген кезде СССР Журналистер Одағының мүшесі болдым. Қазір Қазақстан жазушылар одағының мүшесімін.

Өскеменде басқа ақын-жазушылардың, атап айтқанда, Мүсілім Құмарбековтың «Жар жағасындағы үй», Дүйсенбі Смайылұлының «Өзегі өршіл өлеңім», Төлеухан Қоғабаевтың «Жақсыдан – шапағат», облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы Гүлбаран Етекбаева құрастырған «Ақниет әжелер ғибраты», облыстық әкімшілік пен облыстық мәдениет басқармасы шығарған «Шығыс Қазақстан облысының сәулет ескерткіштерінің Тізбесі» кітаптарының редакторы болдым, соңғысына аудармашы ретінде де көп еңбек сіңірдім.

Өлеңдерімді қағазға жазып уақыт жоғалтпастан бірден компьютерге басамын. Сіздер оқып отырған бұл кітапты да жас кезімдегідей қалың дәптерге жазбастан бірден компьютерде өз қолыммен тергенмін.

Әйелім, үш қызым, екі немерем бар.

***
Әкем Ерқас жай шаруа, шешем Нұрсағила үй шаруасындағы әйел еді. Екеуі де оқымаған адамдар. Бір сиыр,бір бие, бес-алты ұсақ малымыз болды. Әкем ешкімде қақ-соғы жоқ, өзімен өзі жүретін, тек тиісті шаруасын атқаруды ғана білетін момын, аңқылдаған ақжүрек адам еді. Ауылдың әр шетінде тұратын туыстарды, ағайындарды екі-үш күнде барып бір аралап, аман-саулықтарын біліп отырмаса көңілі көншімейтін. Ал анамыз бес уақыт намазын қаза қылмайтын, ораза ұстап, құдайға мінәжәт етіп отыратын кісі болды. Бірақ бұл ол кісінің тентек болып, тілін алмаған шақта мені таяқтың астына алуына кедергі жасамайтын.

Ол кісілерден алған тәрбием: «Тек жүрсең тоқ жүресің», «Үндемеген үйдей пәледен құтылады», «Аш құлақтан тыныш құлақ», «Пәледен машайық қашыпты», «Адамның ала жібін аттама», «Ұрлық – ұрлық түбі қорлық», «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл». Мен осы ағыспен кете бергенде, құйттай кезімнен тәрбиеме жеңгем Бибіғайша келіп араласпағанда ауылдың өзге адамдары секілді момын, қой аузынан шөп алмас біреу болып шығар ма едім кім білсін?

Үлкен ағам Бақаттың бұрынғы әйелі Бибіғайша жеңгем Жезқазған қаласының қызы болатын. Аққұба өңді, талдырмаштау келген әсем, келісті адам-тұғын. Руы - Арғын. Соғыстан кейін сол жаққа шахтаға жұмысқа барып, қалып қойған Бақат ағамды да «Елің бар, жерің бар, ата-анаң бар, бауыр-қарындастарың бар» деп бізді іздеп тауып, елге алып келген де сол кісі еді. Ол кісі біздің үйге келін болып түскен кезде мен шамамен 4 жастағы баламын. Келе салып, қазақ салтымен барлық қайынағаларына, қайныларына, қайын сіңілілеріне, қайынбикелеріне, абысын-ажындарына ат қойды. Ол кісі бірімізді «Тетелес», бірімізді «Мырзажігіт», бірімізді «Тентегім», бірімізді «Момынбала» атандырған. Сонда 4 жасар маған тигені “Кішкентай» деген ат еді.Осы аттың барлығы олардың иесіне тауып қойылған нәрселер болатын. Сол 4 жасымнан бастап, яғни келе сала Жезқазғанда туып өскен, көзі ашық, көкірегі ояу Ақ жеңешем менің тәрбиемді қолға алды. Үнемі: «Кішкентай, қашан да адал бол, сабағыңды жақсы оқы, оқысаң қатарыңның алды боласың, оқымасаң артта қаласың. Ешқашан өтірік айтпа, ұрлық жасама. Әлсізге болыс, әділ де адал бол. Ешкімнен жасқанба. Ойыңдағыны кімге болсын қорықпай айтып үйрен, өлтірсе де жалған сөз айтпа,бірдеңені бүлдіріп алсаң жасырмай мойында,егер жасырмай ашығын айтсаң жазаламаймын, өтірік айтсаң жазалаймын. Есіңде болсын: ”Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ” деп отыратын. Және де ол кісі өзінің сөзінде тұрды, ашығын айтып мойындап тұрған соң менің талай тентектіктерімді кешірді,бірге тұрған кезде анамның талай таяғынан да арашалап алды. Менің шыншыл, қайсар, адал, әділ болып өсуім ең алдымен, бойыма ана сүтімен дарыған қасиет болса, екіншіден, сол кісінің берген тәрбиесінің арқасы ма деймін.

Бақат ағам мен Бибіғайша жеңгем жұмыс бабымен Горный селолық кеңесінің Бақай деген ауылына көшті. Өздерінде бала жоқ болғандықтан олар мені өздерімен бірге сонда ала кетті. Онда ағам жергілікті дүкенде сатушы, Ақжеңешем бөлімшенің кілетшісі болды. Біз ол жерде екі жыл тұрдық. Мен 2-3 класты сол ауылдың мектебінен оқыдым. Шамамен 7-8 жастағы кезім.Сонда Бибіғайша жеңешем маған бөлімшенің бензин, солярка сақталатын қоймаларының кілтін беріп: “Кішкентай, айналайын, мына кісімен барып, бәлен литр бензин немесе солярка құйып бере ғой”,- дейді. Мен машинаға немесе тракторға отырып, әлгі кісіге тиісті жанармайын қылдай етіп өлшеп құйып беремін,сосын есікті жауып, құлыптап, үйге қайтамын.

Бибіғайша жеңешем маған білдіртпей біраз уақыттан соң соңымнан қоймаға барып, берілген жанармайдың мөлшерін өлшеп,есіктің бекітілген-бекітілмегенін тексеріп, бәрінің дұрыс істелгенен көріп риза болып қайтады екен. Оны өзі кейін айтты ғой. Сөйтсем, ол кісі менің бойымда жауапкершілік сезімін баулып жүріпті. Сол кісі қалыптастырған жауапкершілік сезімі күні бүгінге дейін менің қаным мен жанымда қалғаны хақ.

Бақайда отырғанда күндердің күнінде Бақат ағам бір жерден көп қарбыз әкелді. Таңертең өздері жұмысқа кетті,тойғанымша қарбыз жеп мен сабаққа жөнелдім. Бірақ бір сабақтан кейін–ақ уылжып піскен тәтті қарбыздың тіл үйірген дәмі қайтадан таңдайыма келіп,тынышым кетті. Содан мұғалімге:

-Апай, үйде қаламсабым қалып қойыпты, соны алып келейінші,-дедім.

- Барып келе ғой, айналайын.

Үйге келуін келгенмен есікті ашатын кілтім жоқ, бірақ қарбызды жегім келіп өліп барамын. Сөйтіп терезенің бір көзін алып жерге қойып, ішке түстім де қарбызға кірістім. Бастабында оны тіліп жеген мен ақыры ортасындағы қызыл уызын, аштан келгендей, қарбыта асап жатырмын, асап жатырмын.Кеудеме аққан шырында шаруам жоқ.

Содан біраз уақыт өткенде мұғалім апай балаларға қарап:

- Әлгі Көпен жоғалып кетті ғой, сендер барып біліп келіңдерші, - деп бірге оқитын екі қызды жіберіпті.

Олар келіп есікке қараса есік құлыптаулы. Содан терезеге жақындап,оның бір көзінің алынып жерде тұрғанын, асүйде қарбызды опырып жатқан мені көріп сырттан айғайлады:

- Әй, Ерқасов, аштан өліп пе едің, апай сені шақырып жатыр. Неге жоғалып кетті десек мынау қарбыз жеп отыр ғой!

- Мұғалім шақырса қайтеді.Қазір барамыз, сабақ ешқайда қашпас,келіңдер қарбыз жейік, өте тәтті, дәмі тіл үйіреді,- деуім мұң екен, онсыз да ауыздарынан сілекейлері шұбырып тұрған екі қыз терезе көзінен ішке түсе-түсе қалды.

Осылай үшеуіміз ырғынға еніп отырғанда ақ жеңешем үстімізден түсіп, ақылды кішкентай атанып жүрген менің «авторихам» айрандай төгілген. Бірақ ол кісі қарбыз жеу үшін сабақтан қашқаныма ұрысқан жоқ, сол кездегі омырауым, киімім бәрі саталақ-саталақ болған кейпіме ішек-сілесі қата күлді. Мен қарапайым күлкімен де адамды жерге кіргізуге болатынын сонда ұққан шығармын.
***
Кейде оқырмандар менен “Өз мамандығыңызға қаншалықты адал болдыңыз?» деп сұрайды. Бұл сұраққа мына бір мысалмен жауап берейін.Қайтыс болатын кезінде Марқакөл ауданы әкімінің бірінші орынбасары болған Қабдолда аға Толықбаев менің туған ауылым Ақбұлақтың азаматы әрі құдандалығы да бар адам еді. Бір ауылдың азаматтары болған соң ол кісі «Марқакөл» кеңшарына директор болып келгеннен кейін ағалы-інілі болып араласып жүрдік.Мен жеке кітабымды шығара алмай жүрген кезде ол кісінің: «Көпен, біз сенің кітабыңды шығаруға көмектесейік» деп ұсыныс жасағаны да бар. Ол кісінің өзінің асып бара жатқан байлығы жоқ, көмек көрсетсе өзі директоры болып істейтін кеңшар арқылы көмектеседі. Олай болған жағдайда редактордың орынбасары және осы газеттегі ауыр артиллерияның иесі болып табылатын мен бұл шаруашылық, оның басшылары туралы жақ аша алмай қалатыным сөзсіз еді. Сондықтан ол кісіге рахмет айтып, көрсетпекші болған қаржылай көмектен бас тартқан болатынмын.Әйтпесе «Төрткүл дүние» мен «Марқакөл маржандарының» арасында 15 жыл өтпес еді. Бұл - барлығы сауда-саттыққа түсіп кеткен бүгінгі күні біреулерге ақымақтық секілді болып көрінер, бірақ өз басым мұны сол кезде істеп жүрген мамандығыма адалдық деп бағалаған едім.

***
Өлең жазуды мектепте оқып жүргенде бастадым. Сол жылдары басқа әртүрлі суреттермен қатар әдебиет оқулығындағы Махамбет ақынның суретін айнытпай салғаным есімде. Оның ақын ғана емес, дәулескер күйшілігі, көзсіз батырлығы, хан алдында қасқая тұрып айтқан өлеңі жанымды тебірентіп, «шіркін мен де осындай ақын болар ма едім» деген арманның көкірегіме сол кезде ұялағаны анық. Жазғандарым аудандық газетте үзбей жарияланып тұрды. Горныйдан аудандық «Шамшырақ» газетіне мен өлең жіберем. Бұлғары Табыты селосынан Мұрат Тастағанов деген оқушы жазып жатады. Осы Мұратпен мен алғаш сырттай, аудандық газеттегі өлеңдері арқылы таныс болғам. Онымен өзім алғаш армиядан келіп, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға барған жылы кездестіріп, таныстым. Содан бері жақын доспыз.

Кейін облыстық «Коммунизм туына» (қазіргі «Дидар» газеті) шыға бастадым. Өлеңді өндірте жазған кезім университетте оқыған студенттік кезең. Сөйтіп мерзімді басылымдармен қатар 1984 жылы «Қарлығаш» жинағына шықтым.Одан кейін 1988 жылы шыққан «Төрткүл дүние» атты жыр кітабында 4 автордың бірі болдым. Өкімет ауысқан өліара шақта 15 жыл бойы кітабым шықпай жатқан кезде «Ешкімге қажеті жоқ өлеңді жазып қайтем» деп жыр дәптерімді жылы жауып қойған кездерім де болған. Бірақ соның өзінде ара-тұра бірдеңелерді түртіп жүрдім.

***


Ал әдеби бастаулар дегенге келсек, ол әрине халқымыздың бай фольклоры мен лиро-эпостық және батырлар жырлары. Кішкентай кезімде кешкісін отбасымыз тамақ ішіп болғаннан кейін жетілік шамның жарығымен ақ жеңешем Бибіғайша мен апайым Бағжамал кезектесіп «Қалқаман-Мамыр»,«Мұңлық-Зарлық», «Боз-жігіт», «Сейфүлмәлік», «Жүсіп Зылиха», «Құралай сұлу» секілді қиссаларды, «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді лиро-эпостық жырларды, «Алпамыс», «Қобыланды», “Қамбар батыр» секілді батырлар жырларын дауыстап оқитын.

Мен әліппені танымай тұрып-ақ өлең жаттап өстім. Мұның себебі апайым Бағжамал орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінен үйге берілген өлеңдерді күнде кешкісін неше қайталап оқып, жаттайтын. Онан соң әлгіні кітапты жауып қойып қайтадан қайталайды. Ол кезде ауылға теледидар келмеген, басқа ермегі жоқ маған апайыма ілесіп, әлгі өлең жолдарын қайталап отыру қызық секілді көрінетін.

Мен ол кезде орыс тілін білмеймін. Бірақ апайым нені айтса соны қайталай беремін:

«Я памятник себе воздвиг нерукотворный,

Не зарастет к нему народная тропа..» немесе:

«Во глубине сибирских руд,

Храните гордое терпенье.

Не пропадет ваш скорбный труд,

И дум высокое стремленье.»
«Мың сәлем саған мәңгі жолдас майым,

Сен жылда жас жігіт боп келген сайын»,-
деп күнделікті берілген тапсырмаларды апайым жаттаған сайын мен де жартасша жаңғырығып отырамын. Және де соның бәрін онымен бірге аяғына дейін жаттап аламын. Осылайша мектепке дейін де, мен мектепте оқып жүргенде де әдебиет пәнінен үйдегі ұстазым өзімнің апайым болды. Және де апайымның жазған өлеңдері сол кезде аудандық газетте жарияланып жүрді. Менің ақындық жолға түсуіме түрткі болған да осы болуы керек. Ән салуды да менің сол кісіден үйренгенім сөзсіз.

Одан кейін кітап оқуға жараған кезде Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін мәнерлеп оқитын болдым. Алғашында Абайдың үлкен өлеңдерін ауырсынып, бір шумақтық өлеңдерін жаттадым.

Біздің үйде Махамбеттің 1951 жылы, Абайдың 1957 жылы, Пушкиннің қазақ тілінде 1953 жылы шыққан өлең кітаптары болды. Мен жастайымнан соларды оқып өстім. Кейін олардан басқа қаламгерлердің шығармаларымен сусындау мүмкіндігіне ие болдым. Ал қазір кім де кімнің жазғанына сын көзімен қарайтындай деңгейге жеттім десем артық айтқандық болмас. Алматыда университеттің журналистика факультетінде оқып жүргенде Мұқағали ақынмен танысып, анда-санда сыраханаларда кездесіп, сөйлесіп жүрдім. Тіпті ол кісінің мастер-класынан өттім десе де болады: ол кісі сыраханада отырып біз секілді студенттерге жаңа өлеңдерін оқиды, біз таңдай қағып тыңдаймыз. Өзімізше пікір айтуға тырысамыз. Бірде сыраханада отырғанда ол кісі Москвадағы М.Горький атындағы әдебиет институтындағы оқуын тастап елге қайтарда Пушкинге арнап жазған әйгілі өлеңін оқыды. Естеріңізде ме:

«Ал енді хош-есен бол сардар аға,

Мен ертең кетем ұшып сар далама.

Қыранның қырандығы кең далада,

Қыранның қырандығы тауда ғана.
Ал енді хош -есен бол сардар аға,

Өкпелемей, наз айтпай қал балаңа.

Ақынның ақындығы атақта емес,

Ақынның ақындығы арда ғана»...
деп жалғасып кете береді.Біз бұл өлеңді әлі газет-журналдарға шықпай тұрып, ақиық ақынның өз аузынан тыңдап аузымыздың суы құрып еді.

Бір рет ол кісіні үйіне де шығарып салып, сол үйде ақынмен бірге отырып Құрманғазы оркестрінің орындауындағы қазақ күйлерінің антологиясын тыңдадым, Лашын жеңгейдің қолынан дәм таттым.Сол жылы ақынның «Шуағым менің» деген жыр жинағы, Данте Альигеридің «Құдіретті комедиясының» Мұхаң жасаған аудармасы жарияланған болатын. Қайтарда маған сыйға берем деп іздегенде ақын сол кітаптарының бір де данасын таба алмаған. Сонда ойлап едім. «Біреулер өз шатпырақтарын том-том етіп бастырып үйінің төріне үйіп қояды, онысын жылдар бойы шаң басып тұрады, ешкім де оқымайды. Өзінде бір де кітабы қалмаған Мұхаң шынында бітімі мен бітісі бөлек ұлы тұлға ғой» деп. Мұқаңа көзі тірісінде де, ол қайтыс болғаннан кейін де бірнеше жыл бойы өлеңдер арнауым сондықтан.

Ал оқушы кезімде Абайдан бастап сол кезде “Жұлдыз” журналына өлеңдері жиі жарияланатын қазақ совет ақындарының өлеңдерінен нәр алдым. Студент кезімде шығыс жұлдыздары Низами, Фирдоуси, Хафиз, Омар Хәйәм, Рудаки, Сағдилердің қазақша аудармаларын ден қоя оқыдым. Кейін «Бес ғасыр жырлайды» кітабын сатып алып, өзіміздің арғы бергі замандардағы атақты жыраулар мен ақындардың шығармаларын оқып тәнті болдым. Орыс, кеңес, шетел ақындарын оқып көңіл көкжиегім кеңейді.Университетте шетел әдебиеті курсынан дәріс берген Светлана Сагаловичтің жетекшілігімен оқу бағдарламасына сәйкес шетелдік біраз жазушылардың шығармаларының басын қайырдық. Оның ішінде Стендаль, Гюго, Мопассан және басқалары бар.
***

Енді сіздерге кейбір туындыларымның қалай жазылғаны туралы айтып берейін. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасындағы кабинетімде жұмыста отырғанда бір күні маған Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық ұйымының сол кездегі төрғасы Мұхаметәли Айтбекұлы Самылтыров деген жігіт келіп шаруасын айтты. Қалада Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан Шығыс Қазақстандық ардагерлерге обелиск қойылады екен. Соған бір шумақ өлеңді және онымен бірге обелискіге жазылатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін аударып беруімді сұрады. Мен айтқанын істеп бердім. Аударған мәтіндерім қазір Ертіс жағалауындағы ауған соғысының ардагерлеріне қойылған обелискінің тағанына қашалып жазылды. Кейін орысша нұсқасы бір шумақ қана өлеңді ары қарай жалғастырып жаздым. «Ардақтайық ерлерді ұрыста өлген» атты сол өлең өлең бір жыр кітабымда толық жарияланды.

«Айастан» атты толғауымның жазылу тарихы да қызық. 1989 жылы Армениядағы алапат жер сілкінісі болған кезде мен ауырып, Теректідегі аудандық ауруханада жатқанмын. Кешкісін «Время» ақпарат хабарынан осы алапат апат туралы хабар берілді. Оның ауқымы айтылды, бүтіндей қаланың жер астына кетіп қалғаны хабарланды. Бұл маған қатты әсер етті. Сонымен көкірегіме өлең жолдары келіп құйылды. Мен өлең жазуға науқастардың бәрі жатып, ел аяғы басылған соң отырдым. Түнгі сағат бір жарым-екіге дейін толғандым. Сөйтіп осы толғау дүниеге келді. Ертеңіне аздап түзету енгізген соң өзіміздің редакциядағы жігіттерге телефон соқтым. Біреуі дереу «Уазикпен» келіп алып кетті. Сөйтіп осы шығармам өзім ауруханада жатқанда апаттың ертеңіне Марқакөл аудандық «Шамшырақ» газетінің бүтін бір бетінде жарияланған болатын.



***
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Марқакөл аудандық «Маяк»-«Шамшырақ» газеті редакторының орынбасары болып жүргенде қоғамдық негізде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайландым. Сол кезде аудан көлемінде бұрын орысшаланып кеткен немесе атауы таза орысша қойылған Алексеевка, Горный, Черняевка, Бобровка, Успенка, Орловка, Сорвенок, Николаевка, Архиповка, Рождественка секілді ауыл-село атауларының қазақшалануына көп күш салып, ұлы халық деп аталатындардан «ұлтшыл» деген атақ алдым. Қазір ол ауылдар Теректі, Ақбұлақ, Қалжыр, Төсқайың, Ақжайлау, Шанағаты, Бұғымүйіз, Мойылды, Қайнарлы, Жиделі деп аталады.Өзімнің туған жерім Марқакөл өңіріндегі ауыл-село атауларын қазақшалауға бірталай еңбек сіңірген секілдімін. Мен осы іске өзімнің мұрындық болғанымды және оны бастап қана қоймай, ақырына дейін жеткізгенімді мақтан етемін, туған халқымның алдындағы перзенттік бір парызымның өтелгені деп білемін.

Мен Марқакөл аудандық газетінде табаны күректей 22 жыл бойы жұмыс істедім. Онда аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары секілді қызметтерде болдым. Мұнда да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқпын: баспахана мен редакцияның кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің мүшесі, кейін аудандық партия комитетінің мүшесі, «Қазақ тілі» аудандық ұйымының төрағасы секілді қоғамдық жұмыстар атқардым. Мекеменің шығармашық есептерін ұйымдастырып, аудан орталығы тұрғындарының алдында жыл сайын өнер көрсететінбіз.

Газетімізге толғақты, көкейтесті тақырыптар бойынша жазылған арыз-шағымдар көбіне менің атыма келетін. Және де мен соның барлығына араласып, үлкенді-кішілі мекеме, ұйым, кәсіпорын басшыларының теріс қылықтарын әшкерелеп, әділеттің орнауына күш салдым.Белгілі бір даулы мәселені жазған кезде ертеңім не болады, басшыларға жақпай қаламын ба деп ойлап көрген емеспін. Өйткені қай қашан да мен «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ” деген принципті ұстандым.Ащы ақиқатты, шыңғырған шындықты жазғаным үшін ұр да жық бастықтар мені басымнан сипаған жоқ, тізелерін батыруға, тіпті жұмыстан қысқартып жіберуге тырысып бақты, бірақ оларынан түк шыққан жоқ. Аудан халқы мені ақиқатты жазатын журналист, шындықты айтатын ақын деп білді. Қазіргі кезде баспасөзде істемесем де әлі күнге дейін маған мұң-мұқтаждарын,арыз-өтініштерін айтып жатады.

Осы тұрғыдан алғанда мен бүгінгі күні аудандық, облыстық, республикалық газеттерде істейтін қаламдастарымның жазғандарын оқығанда қарным ашып қалады. Газеттің кезекті санынан «Міне жігіт, ой жарайсың, жаса азамат» деген ризашылық туғызатындай материалдарды көре алмай жігерім құм болады. «Жазғаныма әкім қалай қарайды» деген қорқыныш пен үрей болған жерде, «Басшыларға, бай-манаптарға қалай жағам» деген жарамсақтық болған жерде журналист те, журналистика да өледі. Сала құлаш газет бетінде бір тұщымды дүние болмаса ол газеттің құны бес тиын емес пе!

***

Жоғарыда мен Пушкинмен қазақ тіліндегі кітабы арқылы таныстым дедім. Кейін орыс тілін жетік меңгерген соң сол аудармашылардың көбісінің Пушкин өлеңдерін маңайлап қана аударғанын байқадым. Тақырып Пушкиндікі, ой Пушкиндікі, бірақ өлең басқанікі, ұлы ақынның айтайын деген ойы, теңеуі қазақшасында келіңкіремей тұрған шығармалар көп. Мұны байқау үшін түпнұсқа мен аударма нұсқасын алдыңа қойып салыстырсаң жетіп жатыр. Ал жалпы, меніңше, аударма өлеңді жариялаған кезде кітапқа немесе газет-журналға аудармасымен қатар екінші бағанаға тұпнұсқасын да жарияласа аудармашының түпнұсқаны қаншалықты дәл аударғаны тайға таңба басқандай көрініп тұрар еді. Мәселен, Пушкиннің «Я помню чудное мгновенье» деген әйгілі өлеңін бәріңіз білесіздер.

Аудармашылар осы өлеңді аудару кезінде түпнұсқадағы «Как гений чистой красоты» тіркесіне байланысты көп қиналған. Орыстың ұлы ақыны Пушкин әуездің соңында кетіп «гений» деген сөзді дәл осы арада орынсыз қолданған. Яки ол «гений» деп жаратқанды айтып отыр. Немесе ақынның қолжазбадағы өлеңдерін алғаш рет тасқа басқан кезде «богиня» сөзі «гений» деп қате оқылып, сол күйі басылып кеткен тәрізді.

«Гений» сөзін қазақшаласақ ол «дана» «данышпан» деген ұғымды береді. «Чистый» - «таза, хас». «Красота» - «сұлулық», «көркемдік», «әсемдік» т.б. Осының бәрінің басын қосып тіркесті түгел аударсақ «Хас сұлулықтың данышпаны немесе данасы» деген дүрегей бірдеңе шығады. Орысша нұсқасын оқыған кезде бұл бәлендей байқала қоймайды, өлеңнің әсем әуенінің көлеңкесінде қалады. Осы әбестікті тап басқан марқұм Қуандық Шаңғытбаев ағамыз «генийді» «тәңір» деп аударған. «Гений» сөзі бар нұсқасында әрі-сәрі болып былжырап тұрған бұл тіркес ол жерге «богиняны» қойғанда «тәңіріндей сұлу көріктің» болып жұмырланып шыға келген. Міне, аудармашыға керегі осындай талмай ізденіс болса керек.

Мен өз басым соңғы кезге дейін Пушкиннің осы өлеңін ең үздік аударған марқұм Қуандық Шаңғытбаев ағамыз деген пікірде едім. Өйткені орысша-қазақша нұсқаларды қатар қойып, салыстырып оқымағаннан кейін, кім де кім «Есімде өткен сол бір сәт» деген аударма өлеңді «Я помню чудное мгновеньенің» ең дұрыс аудармасы деп қабылдайтыны сөзсіз. Ал тұпнұсқа мен телнұсқаны салыстырғанда Қуандық аға аудармасының да кей тұстарда Пушкинше сөйлемей Шаңғытбаевшылап кеткеніне анық көзім жетті. Сөйтіп мен Қуандық ағаның ең тауып аударған шумағына бірер сөз ғана қосып, ал өлеңнің басқа шумақтарын өзімше аударып көрдім. Ол аудармам «Ақиқат» атты жыр жинағымда жарияланды.

Бұл жерде айтпағым, мен осы өлеңді кезінде аударған Ғали Орманов немесе Қуандық Шаңғытбаев марқұмдардан кереметпін деген сөз емес.Бірақ біз кім де кімнің дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айта білуіміз керек.Әйтпесе аударма да, әдебиет те ешқашан өспейді, өркендемейді.

Жалпы, аударма, оның ішінде поэзиялық туындыны аудару деген өте қиын шаруа. Мен осы жасқа жеткенше Сергей Есениннің екі өлеңін, Сергей Поделковтың бір өлеңін және Пушкиннің жоғарыдағы туындысын ғана аудардым.Және де осы менің оң жамбасыма келіп тұр-ау деген туындыны ғана тәржімәладым. Өйткені ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет - ардың ісі» деген қағидасын мен аударма жасаған кезде де ұстанамын.

Ал көркем қарасөзден мосвалық жазушы Владимир Губаревтің «Дача Сталина» спектаклін орыс тілінен қазақ тіліне тәржімәладым, жазушы досым Серік Байхоновтың «Мейірбан шөптер» атты әңгімесін орыс тілінде сөйлеттім.

***


Менің қаламгерлік жолымда шапағаты тиген азаматтар көп емес. Бірақ бар. Соның бірі де бірегейі - өзімнің досым Серік Мүсілімұлы Байхонов. Қалаға көшіп келген соң, «НТК-Восток» жабылған кезде ол жерден жұмыстан шығып, облыстық төтенше жағдайлар басқармасында істеп жүргенде компьютерге өзім теріп жинағымды тағы да дайындаған едім. Бір күні Серікке жолығып осы жағдайды айттым. Ол “Алып кел, оқып көрейін” деді. Үйіне алып кетіп екі-үш күн оқыды. Соңынан жолыққанда «Өлеңдерің ешкімдікінен сорлы емес. Қорықпа, басуға көмектесемін» деді. Сол кезде қолымда тірнектеп жинаған 500 доллар ақша болған, сол ақшаға Алматының «Қазақпарат» баспасына кітабымды бастырып, кейін өзі осында поезбен жеткіздіріп берді. Ол аз болса теміржолмен Алматыдан келген кітаптарды «контрабандаға жатқызып»,теміржол полициясының сұңқарлары қоймаларына апарып түсіріп қойғанда, өз қалтасынан айып ақшаны төлеп, вокзалға көк тиынсыз барған мені әлгі кітаптармен қоса үйіме жеткізіп салғанын да ұмытқан жоқпын. Соңғы 14 жыл бойы Шығыс Қазақстан облысынан мүше қабылдамай келген Қазақстан Жазушылар Одағымен, оның бірінші хатшысы Нұрлан Оразалинмен соғысып жүріп Ғалым Байбатыровты, мені, Айтмұхамбет Қасымовты, Оңдасын Елубаевты Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне өткізген де осы Серік Байхонов. Жалпы мен Серіктің бір маған ғана емес, жұрттың бәріне жақсылық жасап жүретінін баса айтқым келеді. Қалаға басқа жақтан келген ақын-жазушылардың бәрін үйіне шақыратын қонақжайлылығын, айтқан сөзінде тұратын, айтқанын істейтін, ешкімге жалпақтап, жағынуды білмейтін, айтарын кімнің болсын бетіне айтатын азамат екенін бағалаймын. Сол үшін де ол менің бір қолдың саусағымнен ғана санарлық санаулы достарымның бірі болып табылады.

Осы орайда Өскемендегі «Нимекс-Текстиль» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының директоры Шымкент жақтың кәсіпкер азаматы Бақыт Әсембекұлы Қаныбеков деген азаматқа да айтар алғысым шексіз. Және мұны әр жерде қайталап айта беруден жалыққан емеспін. Ол менің «Жүректегі жазулар» деген жыр кітабымды Шымкенттегі баспадан қатырып отырып шығартып, Өскеменге жеткіздіртіп берді. Рас, мен соның алдында аталмыш кітапты шығаруға көмектесуді өтініп, сол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары болған жерлесім Мағзам Тоқжанұлы Баяндаровқа барғанмын. Ол кісі бюджеттің мүмкіндігі жоқ екенін, бірақ көмектесуге тырысатынын айтқан. Екі күннен кейін көмекшісі телефон соғып, кітапты шығаруға Бақыт Қаныбеков көмектесетінін хабарлаған. Мен сол кітаптың шығуына көмек жасаған Мағзам бауырымызға дер кезінде жұрт көзінше алғыс айта алмағаныма өкінемін және бұл туралы бұрын айтпай, аталмыш азаматтың жасаған жақсылығын жария етпей келсем, мемлекеттік қызметте жүрген бауырымызға “жерлесіне болысты” деген сөз жамалмасын деген ойда болған едім. Оным бекер болған екен. Қазір, кеткен басшының соңынан неше түрлі сөз қардай борап жатқан кезде Мағзам Баяндаровтың өзіме жасаған жақсылығын айтуды өзімнің азаматтық парызым деп санадым.

***
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің,

қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық


жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар

торабын”.

Ақиық ақын Төлеген Айбергенов осылай деп бекер жырламаған.Шығармашылықтың қай жанрынан да, меніңше, өлең жазу қиын.Өлең жазу дегенде мен ақиқатты айтуды айтып отырмын. Өйткені өлең деген қылышын жалаңдатып шауып келе жатқан жеңіл атты әскер секілді. Сол қылпылдаған қылыш қапияда өз басыңды қағып түсірмеу үшін шеберлік керек.

Оқырмандар конференцияларында немесе жай кездесіп, әңгімелескен кезде біреулер: «Өлең жазудан, кітап шығарудан қандай пайда табасыз?» деп сұрайды.Олардың сұрап отырғандары әрине ақша мәселесі.Бүгінгі күні кітап жазып, байыған ақын, жазушы жоқ. Қайта, керісінше, сол кітапты басып шығаруға өз ақшаңды жұмсайсың, егер кітабыңды шығаруға жұмсаған өз қаражатыңды қайта өндіріп ала алсаң,жолың болғаны. Кітабын өткізе алмай еңсесі түсіп жүрген ақын-жазушы қаншама! Бақыт секілді қолы ашық кәсіпкерлер, Мағзам секілді жерлес ақынға “аға” деп қол ұшын беруге асығар шенеуніктер кездесе бермейді.

Ал өлең жазудан менің тапқан пайдам – шашым жиырма үш жасымда ағарып кетті, бастықтарға жақпаймын, қызметім мен жалақым өспейді. Бірақ, соған қарамастан, мен жазуды доғармақ емеспін. Өйткені мен де «Бас кеспек болса де тіл кеспек жоқ» деп, қаһарлы ханға қасқая қарап, айтарын айтқан Бұхар жырау мен Махамбеттерді туғызған халықтың перзентімін.


Көпен Ерқасов.


(Сұхбат ақынның 2010 жылы жарық көрген “Жолжелкен” атты жинағынан алынып отыр.)

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет