Бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы әйелдер үшін бөлінетін бюджеттік субсидияны ескере отырып, ай сайын аударылатын зейнетақы жарнасының мөлшерін қалай есептеуге болады?
Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) жиынтық мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде есепке алынған табыстың 10 пайызын құрайды. Бұл ретте әрине, бюджеттік субсидия мен бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерден ұсталатын МЗЖ ескеріледі. Мысалы, жалақы табыс ретінде қаралуы мүмкін. Бірақ оның көлеміне қатысты шектеу бар. 2019 жылдан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу көзі ретінде алынатын ай сайынғы табыстың мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс (42500*7= 297 500 теңге).
Зейнетақы шотына аударылатын ай сайынғы бюджеттік субсидияның мөлшері – әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыстан есептелетін МЗЖ мен бала күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) берілетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын МЗЖ арасындағы айырма сомасы ретінде белгіленеді. Осылайша, әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыстың 10 пайызының 4 пайызы бала күтіміне байланысты Қордан берілетін әлеуметтік төлемдердің есебінен, ал 6 пайызы бюджет есебінен төленеді.
Мысалы, әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыс, яғни жалақы – 100 000 теңге делік. Бұл жағдайда, Қордан бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері – 40 000 теңге (орташа айлық табыстың 40 пайызы) болады. Сәйкесінше әлеуметтік төлемдер есебінен аударылатын МЗЖ – 4 000 теңге.
Субсидияның есептелген мөлшері (СУБ – міндетті зейнетақы жарналарының
ай сайынғы бюджеттік субсидия мөлшері):
СУБ = (100 000 * 10%) — (40 000 *10%) = 6 000 теңге
Осы есептеулерге сәйкес ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері – 10 000 теңге болады. Демек аналардың зейнетақы шотына республикалық бюджеттен жылына 72 000 теңге аударылады.
Осылайша, декретке дейін жұмыс істеген және жүктілік бойынша демалысқа шыққан әйелдерге баласы бір жасқа толғанша зейнетақы шотына орташа ай сайынғы табыстың 10 пайызы түсіп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |