Жолдастықпен: Сәбит Мұханұлы».
Біздің ойымызша Сәбиттің бұл сенімін Мұхтар толық ақтап шықты. Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын нағыз азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы – Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.
Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында жасалған ұмытылмас жақсылық еді.
Біз жазушының таным жолындағы табандылығын, өмірінің қаншама күрделі оқиғаларға толы болғанын, соны санасын сарқа саралап, парасатпен шеше білгендігін көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтардың бүкіл өмір жолын түсіну мүмкін емес.
Ендігі ағат адымның ар жағында – терең жар, құлама құз күтіп тұрды. Үрейлене жүріп сырлас іздеді. Дос көңілді дала данышпаны Қалибек Қуанышбаев пен Ілияс Жансүгіровтен тапты. Ол Ілияс Жансүгіровпен «Қилы заман» мен «Қараш-Қарашты» жазарда Қарқарада танысып, соңы сырластық пен сыйластыққа ұласқан. Даланың самалын, кең сахараның шетсіз-шексіз қиырын қатты сағынса да астанадан алыс кетуге рұқсат етілмеді. Өзге себептермен қоса, азық-түліктің тапшылығы да қолбайлау жасады. Сондықтан да, Ілияс екеуі Медеу шатқалының сағасындағы Жалбыртөбенің етегіндегі Мұғалімдердін демалыс үйіне орналасты. Әдеби өмірден, тіршілік қарекетінен қол үзіп қалғандықтан да, әріптестерімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Белгілі-белгісіз қисындарға байланысты, сол тұстағы қазақтың ірі қалам кайраткерлерінің ішінен Мұхтарды жанына жақын тартқан Ілияс қана болды. Қөңілінде қылауы жоқ өзге азаматтардың бұл «жатбауырлығын» түсінуге де болатын. Тамақтың өзін асханаға кезекке тұрып алатын қиын кезде, мұндай мырзалық тек Ілиястың ғана қолынан келетін.
Шындығына сайғанда бұл серуен де, серілік те емес. Шаң басқан көңіл кірбіңін жазу, көкейдегі күдікті ыдырату, сол арқылы тың қуатпен шығармашылық жұмысқа кірісуге дайындық, уақытша бел суыту еді. Еркіндікке шыққан күннің алғашкы аптасында-ақ кітапханаға барып, тарихи деректерді іздеп, қолжазбаларды қағыстыруында үлкен-үлкен мақсаттың ұшқыны аңғарылады. Ол демала жүріп, ой толғағынан арылмады. Болашақ туындыларынын, жоспарын жасады. Соның ішінде өзі әбден сыналған жанр – драматургияға ат басын тіреді.
Алайда төтенше мекеме мен үштіктің: «Бақылауға алынсын, соңына тыңшы қойылсын, қадамы хабарланып отырсын», – деген сұрқылтай бұрыштамасы М.Әуезовтің еркіндікте еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Голощекин ауысып, орынына Мирзоян келгенде, яғни, «Қужақты – «Мырзажан» ауыстырса да тыңшылар қалғымады. Олар Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық байланысын ұлтшыл-алашордашыл астыртын әрекет ретінде бағалады. Оны Мирзоянның өзіне «аса құпия» түрде былай «таныстырды»:
«ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілінің құпия -саяси бөлімі. №1643284. БКП (б) Өлкелік комитетіне. Мирзоян жолдасқа. Аса құпия. 11 қыркүйек, 1933 .
Қазақстандағы әдеби тврочество мен әдеби күштер туралы Баян хат.
Әдебиет майданындағы күрестің қысқаша тарихы
«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруіне – татар моллаларының қыр елін жаулап әкелуге ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медіреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.
Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу – жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектепт шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясын шоғырын құрады.
Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен крес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.
Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы...».
Бұдан кейін әдебиет, мәдениет, білім салсындағы ұлтшылдарды түгендей әшкерелеп, саяси тұрғыдан талдап, үкімін шығара қорытынды жасайды. Ұлтшылдықпен ұшынбаған қазақ қызметкері қалмаған. Әр қайсысына берілген мінездемеде бірінші Әлімхан Ермековтен басталған. Екінші болып М.Әуезов ілінген.
Жалғасы: «Оқулық мәселесі тіпті сорақы жағдайда, мысалы 1934 жылға арналған оқулықтар идеологиялық тұрғыдан жарамсыз деп табылып, тоқтатылып тасталды. Өйткені оны жазушылардың Мұхтар Әуезов бастатқан (алашорданың бұрынғы көсемі) ұлтшылдар тобы дайындайды.
2. Әуезов Мұхтар – өзінің идеялық ұстанымында қалған «Алашорданың» көсемдерінің бірі, қазір мықты байланысының арқасында толық әшкереленуден сатану мақсатында сон дай ептілікпен жалтарып жүр. Оның бірде-бір мойындауы, 1932 жылдың көктемінде «Казправда» да жарияланған мойындауынан бастап «Литературная газетаға» арнап жазған драматургия туралы мақаласына дейінгі жазғандарында оның өзінің жеке басының контрреволюциялық әрекеттері мен өз партиясының әрекеттері ашылмаған.
Әуезов қазақ интеллигенциясының мұқым бір шоғырының (негізінен жазушылардың) «көсемі әрі идеологі» қызметін жалғастырып отыр және ыңғайын тауып жастармен кездесуге ұмтылады (жоғары оқу орындарына т.б. жерлерге құлшына барып әдеби кеңес береді).
1933 жылы 17 мамыр күні Қазметеатрында қойылған өзінің (Еңлік – Кебек» атты пьесасында, өзінің айтуы бойынша, «өткендегі тарихи оқиғаларды қанық жеткізу үшін қазақтың байлары мен батырларының бояуын әдейі қоюлата көрсетіпті». Бұл реакциялық шығарма, алайда «көрермендер сіңіре қабылдайды», оған сақадай сайланып келуі дәлел.
Жансүгіров Ілиястың (Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы) тұлғасы ерекше ықтиятты түрде назар аударуға тұрарлық. Өзі коммунист, ең талантты қазақ жазушыларының бірі. Жансүгров өзінің шығармаларында өзге жазушылардан көрі «Алашорданы» ең көп жырлаған ақын, Қайыпназаровтың айтуына қарағанда Жансүгіров ҚазАП-тың бірінші құрылтайынан кейін ғана, 1925 жылдан соң «Алашордадан» бетін теріс бұра бастаған.
Алайда, әшкереленген контрреволюциялық ұйым мүшелерінің көрсетуінше, Жансүгіров қазір де Әуезов пен Ермековтің тапсырмасымен қазақ әдебиетіндегі алаш идеясына қызмет ететін алашордашылардың идеологгі болып табылады.
«... Өзінің төрағалығы мен әдебиет саласындағы алашорданың идеологиялық ықпалын сақтап қалуы үшін Жансүгіров өзін өте сақ ұстайды, сырттай контрреволюционер-ұлтшылдардың қас жауы етіп көрсетеді, оларды баспасөзде қатты жәбірлейді және әдебиетшілердің жиналыстарында (1933 жылы тамызда) ұлтшылдарға қарсы ашық сөйлейді».
Жансүгіров өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша өзінің еркі бойынша шығармаларын ойдан шығарылған бүркеншік атпен жариялайтыны ұйым жиналысында талқыланды.
«... Жансүгіров – коммунист, сондықтан да оған алашордашыл шығармаларды бастыруға жол бетмеу керек, әйтпесе біз аса бағалы қызметкерден айырыламыз» (1933 жылы тамыз).
Тұрақты оқулық құрастыруды Оқу-ағарту комиссариаты құрамында: Әуезов, Жолдыбаев, Жансүгіров – бар топқа тапсырды. Оқу-ағарту комиссариатындағы Жүргенов пен Жантілеуовтің үлкен қолдауына сүйенген ұлтшыл интеллигенцияның бұл тобы (Сейфуллин, Жолдыбаев, Мүсрепов) жастармен жәмпейлесіп қалуға құштар және дәріс мінберіне ықыласпен көтеріледі.
Бұдан шығатын қорытынды:
1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
....
(Орындаушы Рудовский)
ПП ОГПУ-дің ҚАССР-і бойынша өкілетті өкілі (Миронов)
ПП ОГПУ-дің саяси тергеу бөлімі бастығының орынбасары (Павлов)».
Иә, таныс тергеушілер. Тек қызметтері өскен. Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровті, Ғабит Мүсірепов пен Темірбек Жүргеновті алашшылдардың қатарына қосуына қарағанда олардың ішкі саяси-барлау қызметінің қайда, қалай бағытталғанын емеуірінсіз-ақ білуге болады. Соның ішінде бірлесіп аударған шығармаларға қойылатын ортақ ныспыларды жасырын шифрға санап: «Жансүгіровтің өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша шығармаларын бүркеншік атпен жариялауы ұйым жиналысында талқылануы», – күдіктің күбірткісінің толық кетпегенін танытады.
Дәл осы тұста Қужақтың қайрағымен жанылған Мироновтар мен Павловтардың кесірінен өнер саласында да тазалау жүріп, театр жабылуға шақ қалып еді. 1932 жылдың күзіне қарай әр түрлі қисынды-қисынсыз себептермен қара шаңырақтың уығын алғаш қадаған артистердің дені сахнадан шеттетіліп, бет-бетіне жіберілді. Қалибек, Күләш, Құрманбек, Шара, Үрия Тұрдықұлова, Жандарбек, Жұмат Шаниндерге «коңырау тағылып», театрдан қуылып, әр жаққа кетті. Өнер адамының шыққан тегі де тәптіштелді. Татулық мәйегі ұйыған коллективтің әділетсіз ірітілуі олардың шығармашылық жұмысына да кері ықпалын тигізді.
Ол Мұхтардың өміріндегі ең сүреңсіз күндер еді. Сахнадағы жұтаңдықты ұмытып, бар қуат күштерін талқылаулар мен мінездемелерге сарып еткен шақ-тын. Желтоқсанға қарсы премьерасы қойылуға тиісті, соның алдында ғана қатты дау-дамаймен талқылаған «Октябрь үшін» спектаклі 9 желтоқсан күнгі қойылымнан соң сахнадан алынып тасталды. «Театрдың сәтсіздігі пьесадағы оқиғаның тым күрделілігіне байланысты. Кеше ғана «Кінәсін мойындаған» адамның қасақана жасаған қастандық әрекеті емес пе екен»– деген ишаралар да айтылды. Орталықтың оқшантайы, большевик дегенмен де Л.И.Мирзоян – Қужақ емес еді. Әдебиет пен мәдениет саласын талқылайтын кеңеске арнайы дайындалған жоғарыдағы “құпия саяси бөлімнің” Баянхатына басқаша тұрғыдан келді. Қырғи қабақ тудырған сол кезең жөнінде Мұхтардың өзі:
«1933 жылы еді. Қазақстанның көркем өнері мен әдебиеті үшін естен кетпестей бір мәжіліс болды. Ол Левон Исаевичтің өз кабинетінде шақырылған жиналыс. Мәдениеттің майданына тарихтың өзі күн салып, «өнер тап, өрге бас, қалуың жетті» деп қанат бітіргелі тұрған күндер еді. Қөңілде сондай көтеріңкі күй бар. Бірақ әдебиет пен көркемөнер қызметшілері – бізде ол кезде күшке сенбейтіндік, қорғаншақтық, тәжірибесіздік мықты еді. Жүдеу артист, тартыншақ жазушы, сенімсіз режиссер, не істерін білмеген композитор, суретшілер болатынбыз. Иә, ол кезде солай еді»,– деп еске алды.
1933 жылдың 8, 9 және 20 кыркүйегінде Қазақ АССР өлкелік партия комитеті мен Халық комиссарлар Кеңесінің және Халык, ағарту комиссариатының «Ұлт өнерін дамыту шаралары жөніндегі» Қаулылары іркес-тіркес шықты. Сол кеңесте Халық Ағарту комиссариаты: «1. Маман режиссер шақырғанға дейін жаңа пьеса қойылмасын, репертуарда бар пьеса ғана ойналсын. 2. Актерлар білімі мен мәдениетін көтеру мақсатында өнер секторы белгіленген программамен оқу жұмысын жүргізу театрға міндеттелінсін. 3. 1933 жыл-дың басында қазақ театры жанынан 40 адамдық театр студиясы ашылсын, ол үшін қабілетті өнерпаздар, драм-кружок, техникум, рабфак, орта мектептерден таңдап алынсын»,– деп қаулы шығарылды.
Шарасыздықтан берілген бұл бұйрық өнерді өрге бастырғанша біраз уақыт өтті. Голощекиннің қасірет тұманын сейілткен, қазақтарға жан жылуын силаған Л.И.Мирзоян да санадағы үрейді айықтыра алмады. Өйткені ол Қазақстанға келген соң Сталин:
«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа алу үшін БКП(б) орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз» , – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма беріп еді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған ғылыми кеңес өткізді. Онда Сталиннің:
«Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады», – деген қағидасын басшылыққа ала отырып, олар Молотовтың:
«...Сондықтан да, ең алдымен ұлыдержавашыл, антисемитшіл шовинистерге, сонымен қатар жергілікті жерлердегі – петлюровшілерге, алашордашыларға, муссаувтшілерге қарсы күресті күшейту керек», – деген нұсқауын жүзеге асыруға тиіс болды.
«Алашорданың» атын санадан мүлдем өшіріп, тарихтың күлтөбесіне көму үшін алаш идеясынның қалыптасу жолын талқыға салып, оны күресінге лақтыру арқылы алаш қайраткерлеріне шығарылған үкімді заңдастыруға бағытталған бұл Кеңестегі «тарихи пікірлерді» тарихи тұрғыдан нақты дәлелмен екшеу мақсатында онда айтылған пікірлерді ішінара салыстыра отырып тәпсірлейміз. Өйткені кей тұстағы пікірлердің бұрмаланып, астарланып айтылғаны сондайғ одан шындықтың қылын суырып ала алмайсың. Сөйлеушілердің пікірі қандай бағытта дамығанын айтыс пен тартыс барысында парасатты ғалым Қ.Жұбановтың өзінің:
«Алашордашылар Шоқанды қазақ халқының қорғаушысы етіп көрсетті. Шындығында мүлде олай емес. Шоқан саяхатшы болды, Синьцзянға барды, Іле Алатауын жазды, Алтынсарин осылай деп жазды. Бөкейхановтың Потанинмен, сібірлік казак-орыстармен достасуы кездейсоқтық емес. Бөкейханов: миссионерлік (шоқындыру – Т.Ж.) саясатты міндетті түрде қолдау қежет, – деп есептеді. Алайда Бөкейханов Потанинен де сорақы, реакцияшыл болды. Потанин өзінің 1904 жылғы хатында: Ақмола қаласында мемлекеттік университет ашылса – деп армандады, ал Бөкейханов оған басын қатырғысы келмеді. Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссиоенрлерге тиесілі бастама», – деген уәжінен байқауға болады.
Иә, Потанин: қыр елінің болашақтағы астанасы – Ақмола болуы тиіс, онда университет ашылатын күн де туады, – деп армандады. Ал Бөкейханов: бұл келешектің ісі. Дәл қазір оған Ақмола дайын емес, – деп есептеді. Араға тура тоқсан жыл салып барып қос дегдардың болжамы шындыққа айналды. Мәселе, Қ.Жұбановтың Ақмоланының астана болатындығына мысқылдай қарағанында емес, мәселе – Ә.Бөкейхановты, сол арқылы Шоқан мен Ыбырай бастатқан мұқым қазақ зиялыларын, оның ішінде өзі де бар – миссионер деп бағалауында.
Бұл орайдан алғанда, қазақ ұлтын зиялысыз, можантопайлар жұрты ретінде көрсетуге тырысқан «тарихшыларға» қарсы шыққан Әзімбай Лекеров ғып, маркстік ілімге сүйене отырып, өнеркәсіптік-тауарлық қарым-қатынастың көшпелі қоғамдағы орынын асыра бағалауға болмайтынын:
«Мұндай әсіре бағалаушылықтың салдарынан біз бүгінгі күннің өзінде коллективизация науқанында асыра сілтеуге жол беріп алдық. Бұл мәселеге орай жіберілген саяси қателіктер – Өлкелік комитеттің ҮІ пленумының шешімінде ашып көрсетілді. Алайда феодализмді де дәріптеуге болмайды. Жұмағұлов жолдас бізде феодализм үстемдік құрды деді.Ал «Алашорда» ұлттық федализмнің көрінісі. Консервативтік, реакциялық тұлғасы ашық айқындалған қозғалыс. Бүкілодақтық халықаралық жағдайды ескере отырып, біз «Алашорданың» прогрессивтік тұстарын ашық айтуға тиістіміз. Бұл жай авторларды алаңдатпай-ақ қойсын... Бөкейханов – белгілі бір әлеуметтік қабаттың көсемі. Сонымен қатар: 1917 жылға дейін «Алашорда» болған жоқ, жекелеген қайраткерлер ғана шықты – дейді, бұл дұрыс емес. «Алашорда» саяси ұйым ретінде 1917 жылдың ақпанынан кейін құқықтық тұрғыдан тіркеуден өтсе де, саяси ағым ретінде одан әлдеқайда бұрын қалыптасты. Бөкейханов (Тынышбаев та – Т.Ж.) І мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Ал думаға айдаладағы адамды кіргізбейді...», – деп «Алашорданың» тәргілеу мен мойынсерік мәселесі жөніндегі бағыт-бағдарының дұрыстығын 1931-1932 жылға ашаршылықты емеуірін ете отырып, ескерте кетті.
Бұл да орайын келтіріп айтқан орынды пікір болатын. Осындай саяси емеуіріндер арқылы тарихи шындықты жеткізу жалаң идеологияның тұсындағы «саяси шешендіктің» бір тәсілі болатын. Сонымен қатар Ә.Бөкейханов пен М.Тынышбаевті «қазақ халқының жендеті» етіп көрсетуге қарсы білдірген наразылығы да еді. Нағында олар «айдаладағы жендеттер» емес, ұлт көсемі еді. Бұл ретте М.Тынышбаевтің:
«Үкімет, біріншіден, жабайы, варварлық репрессиялармен және тілді, әдеп-құрыпты, дінді, ұлтқа тән қасиеттің барлық көрінісін қуғындау арқылы, жалпы, қазақтарды жеке ұлт ретінде құртып жіберіп, аймақты орыстандыруға; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, бұйрықтар мен ережелер арқылы қазақтарды еріксіз, заңнан тыс тобырға айналдыруға: үшіншіден, оларды өздерінің қандары сіңіп, сүйектері шашылған жерлерінен айырып, жалаңаш қураған жерлерге өлім құшағына қуып шығуға ұмтылғаны анық. Міне, қазақтар бұрынғы тәуелсіздігі мен бостандығының орнына бейбіт және қантөгіссіз орыстың қол астына кіргені үшін неге ие болды десеңші! Осыдан соң сөзбен орақ орып, іс жүзінде ештеңе істемейтін өкіметке қалай сенуге болады. Бүкілхалықтық қозғлыс кезіндегі үкіметтің іс-әрекеті мен бұйрықтары қазақтардың қандай да болсын манифестке, рестскриптерге сенбеуге толық құқы бар екенін анық көрсетті», – деген сөзі жүрекке инедей шаншылып, жаныңды жадылайды.
Отаршыл империяға бұдан артық қандай саяси талаптар қойылуы мүмкін. Бұл пікірлерде ұлт-азаттық қозғалыстың ұшқындары жоқ деп кім айта алады? Айта алатындар табылды.
Бұған қарсы С.Асфандияров:
«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталады?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда боды, бұл – мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс» –, деген пікір білдірді.
Бұл пікірді тарихшы Әлжанов қостады. Ол:
«Алашорданың» ықпалы туралы. Брайнин мен Шафиро: бұл компрадорлық, келісімшіл қозғалыс – деп мәлімдеді. Шындығында келсек олар өздерін қалың бұқаралық қозғалысты бастаған көсем ретінде көрсетті. Қазақ бұқарасы «Алашорданың» реакцияшылдық бағытын сезіне алмады. Олар әлеуметтік маңызы жағынан емес: – Ахмет, Әлихан деген аттары үшін ғана соңына ерді.Мұндай бұлдыр елесті ашу қажет. Маңызды-маңызды деректерді келтіру керек. Әйтпесе, олармен күрес – бос сөз боп шығады. Қазақстандағы барлық қозғалыстың тарихы – қараңғы күйінде қалады. Ұлттық сананың сәулесі соңынан ғана жылтырайтын болады. Яғни, шындығында да: Қазақстан қазан төңкерісіне мешеулікпен келді, ол қызыл армияның штыгімен келді – деген қисынға саяды. Бұл: ұлттық-революциялық қозғалыста өзіндік белсенділік болмайды – деген троцкистік қисынға шекарасы жақын ұғым. Қозғалыстың өткендегі тарихын сендер ғана жазып отырған жоқсыңдар. Голощекин де айтқан. Ол барлық қозғалыс атаулыны «Алашордаға» әкеп тіреді. Сіздерде де ұрлық (плагиаттық) көп. Сілтемелрді ұқыпты пайланып, орынымен қою керек, өздеріңді «біз» деп, өзгелердің бәрін «ортодокстар» деу, бұл сіздердің пайдаларыңызға шешілмейтін тәсіл. «Алашорданы мадақтайтын ұлтшылдар шықты, – деген өсек те шығып жүр», – деп, Брайнин мен Шафироның ғылыми алаяқтығын, оларға тапсырма беріп жаздырып отырған Қужақты әшкереледі.
Ұлт-азаттық қозғалыстың осындай ұйытқысын білетін «Социалды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед Мусин алғашқы екпінмен:
«Бұлардың баяндамаларының басты кемшілігі – олар алашорда зиялыларының өткендегі обьективтік-революциялық орынын жоққа шығаруды басты міндет етіп қойғандығында... Шафироның: Алашордашылардың обьективтік-революциялық қызметін мойындау – қазақ халқының революциялық мүмкіндігін жоққа шығарады-мыс деп мәселе қоюы мүлде қате. Бұл мүлдем жаңсақ тұжырым, тіпті, надандықпен айтылған пікір... Бірінші мәселе: «Алашорда» зиялыларының төңкеріске дейінгі обьективтік-революциялық қызметін мойындау керек. Шафиро мен Барйнин жолдастар айтқандай, бұл Алашорданың өткендегісін мадақтау ма, жоқ па? Менің ойымша, олай емес. «Алашорданы» мадақтау үшін бұл қозғалыстың обьективті-революциялық орынын мойындап отырғамыз жоқ, керісінше, бұл қозғалыстың тарихын маркстік көзқарас тұрғысынан талдау үшін мойындауымыз керек... Бұл қозғалыстың бағытына, идеологиясына, оның құрамына қарамастан, егерде ол қозғалыс самодержавиеге қарсы, имперализмге қарсы (дұрыс) бағытталса, олардың позициясын әлсіретсе, онда оның обьективті-революциялық маңызы бар болғаны – деп түсіну қажет. Ал сіздер деректерді – олар самодержавиенің позициясын нығайтқан сияқты етіп пайдалануға тырысқансыздар. Бізде де біраз құжаттар бар, соларды да «Алашорда» өзінің өмір сүрген тұсында тек қана контрреволюциялық әрекетпен айналысып келе жатқандай тұрғыда пайдаланасыздар ма? Басқаша айтқанда, зиялылардың бұл қозғалысы царизмді қолдау үшін құрылған деп көрсетпексіздер ме?.. Ең соңында айтарым мынау: бұл қозғалыс – Бөкейханов, Байтұрсынов, Тынышбаев, Қаратаев, Дулатов, Ғаббасов және т.б. сияқты ірі алашордашылардың ғана қозғалысы емес. Бұл қозғалыс – жас қазақ буржуазиясының қозғалысы, қазақтың буржуазиялық-демократиялық жүздеген зиялыларының қозғалысы. Сондықтан да бүкіл қозғалыстың алатын орынын оның оншақты көсемінің сатқындық әрекетімен (олай айтпасқа амалы да жоқ еді – Т.Ж.) бағалауға болмайды», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 102-бет) мәселені бір бүйірден шаншудай қадап қойды.
Бұл – сол заман үшін өте батыл әрі «обьективті-революциялық» пікір еді. Өкінішке орай, заман талқысы А.Мусинді де сескендірсе керек, келесі 26 желтоқсан күнгі отырыста өзінің жоғарыдағы пікірінде асығыс тұжырымдар барлығын «мойындап», райынан қайтты. Алайда ең қажетті сөзді айтып қалды. Бір таңданарлығы, осы пікірді С.Меңдешев те қорғаған сыңайда сөйлеп, өз өмірінен, А.Кенжин мен Б.Қаратаевтің іс-әрекетінен мысал келтірді. Брайнин өзінің ғылыми дәрменсіздігін сезініп, тікелей саяси шарпысу мен шапшуға көшті:
«Федоров жолдасқа біздің ұсынып отырған талдауымыз ұнамайды екен. Мысалы, Қарқаралыдағы Петицияны бағалау турасындағы пікірлеріміз. «Сіздер – бұл петициядан коммунизмді талап етесіздер. Бұл – демократиялық талап. Бұл – ұлттық-реформаторлық». ,– дейді Федоров жолдас. Жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған далбаса...Мусиннің екінші сөзін алыңыз. Большевикке тән мінезбен өзінің қатесін мойындаудың орынына, ашық тұрған есікке басын соғып, міңгірлеп, өзгені кінәлай бастады...Момынов өткен жолы көзінің жасын көлдетіп, Байтұрсыновқа жоқтау айтты... Асфандияров бұрынғы сөзінде Мусинді қостап, бәрін де жайдақтатып жібергенсіңдер деді... Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетейін. Ол өзінің сөзінде: «Жәдидтер – «Алашорда» қозғалысының бастауы», – деді. Көрдіңдерме, жәдидтер «Алашорданың» бастауы екен... Одан әрі: «Қазақстанда пайда бола бастаған бүржуазиялық-демократиялық қозғалыс – обьективті-революциялық қозғалыс... Алайда ұлттық интеллигенцияның келісімпаздық сипаты барған сайын анықтала бастады», – дейді. Демек, Қазан революциясына дейін ол қозғалыс революциялық болғаны ғой!.. Және бұл алашордашылардың кадеттермен тізе қосқан, Тынышбаевтің ІІ мемлекеттік Думадағы кадеттер фракциясына ашық кірген кезеңі туралы айтылып отыр...», – деп кіжінді.
Тағдырдың мына тоғысын қараңызшы. Марксизм-ленинизм ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері Әзкен Жұмағұлов сол мәжілісте «Социальды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед (Әйтеке) Мусинді қолдап сөйлеген үзілісте танысып, екі күннен кейін оның мақаласын жариялайды. Бұл таныстық оларды қызмет жолында ғана қосақтап қана қоймайды, ату камерасына да бірге апарады. 1937 жылғы 3 қараша күнгі тергеуші Бернерге берген жауабында Ә.Жұмағұлов:
«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Алматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында– Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиядық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым... Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.
Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Аймұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:
«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» обьективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, – деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз», – деп өкініш білдірді.
Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.
Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқаяша қағыстырып, болашақ алашордашыларды, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру шін құрылған астыртын ұйымның мүшесі, жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды. Жеме-жемге келгенде бұл Мұхтар Әуезовтің де үстінен жүргізілген саяси сот еді. Қалайда сол күндері жаны кеудесіне қонақтамай зуылдап жүргені анық еді.
Қырын көздің сұғынан құтылғандай сезінген Мұхтар бойын еркін ұстауға ойысты. Қабағы түйіліп, тұнжыраумен өткен уақыт табы жан түкпіріне көлеңке боп ұйып, ішкі сырын сыртқа шығармауға дағдыландырса да, өзіне деген сенімнің бірте-бірте өсіп келе жатқанына көзі жетіп, шығармашылық лабораториясы қақында ашық айта бастады. Тұңғыш рет басқалармен тең дәрежеде бағаланып, тұңғыш рет жазушы ретінде интервью берді. Ол «Мен не жазып жатырмын» деген атпен «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 8 қаңтардағы санында жарияланды. Жай ғана кезекті интервью емес, үлкен саяси мәні бар, жазушылардың жетістіктерін халық алдында паш ету үшін арнайы ұйымдастырған қос беттің ортасынан ойып орын берілуі де көңілді тоғайтатындай кәдімгідей елеулі оқиға болатын.
Ол тұста кез-келген жағымды-жағымсыз құбылыстар туралы барша жұрт еститіндей етіп «айқайлап айту», «бадырайта көрсету» салты орныққан, санаға сіңген үгіт-насихат тәсілі еді. Ешкім де сыбырламайтын. Ымдау, өзара күбірлесу – қоғамдық орындарда жат мінезге саналатын. Сөйлейсің бе – даусың қарлықса да айғайлап бақ. Үгітші, насихатшы екенсің – ең бірінші, сөйлей біл. Өзіңді өзің көрсете біл. Өзгенің назарын өзіңе аудар. Жеңістер мен жетістіктерді дер кезінде бар дауыспен айт. Баспасөз бетінде де күн сайын сондай рапорттар үздіксіз басылып жатты. М.Әуезовтің де соған бірте-бірте бойын үйретуіне тура келді. Жаңа жыл күндерінде өнер қайраткерлерінің шығармашылық жеңісімен қалың қауымды таныстыруды көздеген «Казахстанская правда» газетінің редакциясы әдебиетшілерге қос бет арнады. Ол бет «Біздің творчестволық жоспарымыз туралы», – деген атпен берілген бір топ жазушының Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің бірінші секретары Л. И. Мирзоянға жолдаған рапортымен ашылды. Онда социалистік өнердің қарыштап алға басқандығы ершіл үнмен баяндала келіп:
«Сонымен қатар біз осыдан біраз уақыт бұрын әдеби өмірімізде кездескен кемшіліктерімізді де атап өтпей тура алмаймыз, үстірттік, бытыраңқылық және жалаң үгітшілдік әдебиет майданындағы асыра сілтеушілікке әкеп соқтырды, олар біздің қазақ совет әдебиетінің идеялық және сапалық тұрғыдан өсуіне кедергі келтірді. Орталық Комитеттің 1932 жылғы 23 көкектегі әдеби мекемелерді қайта құру туралы қаулысы идеялық және көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілуге шешуші тың серпін берді, сондай-ақ әдебиет майданындағы біздің творчестволық күшімізді біріктіруге жағдай жасады. Бірақ та бұл шешімді орындау туралы нұсқауды қағаз жүзінде ғана қабылдаған бұрынғы басшылықтың тұсында дер кезінде жүзеге асырылмаған шараларды жаңа басшылық қолға алып, творчестволық ойдың шарықтай өсуіне көкжиектің есігін кеңінен ашып жатыр», – деп жазды.
Осы жолдардағы айтылған пікірлердің барлығы да нағыз шындық еді. РАПП-тың тұсындағы жіктелушілік, жалаң әлеуметшілдік, жалған даурықпалар қазақ әдебиетінде, тіпті, мұқым өнер саласында Орталық Комитеттің қаулысынан кейін де тоқталмады. Бұрынғы бірінші хатшы Голощекиннің онымен айналысуға зауқы да соққан жоқ, мән де бермеді. Республикадағы ашаршылықтың тауқыметі де салқынын тигізді. Ал Левон Исаевич Мирзоянды халықтың «Мырзажан»— деп еркелете, жақсы көре атауы тегін емес еді. Ол – ел өміріне де, өнерге де жылы сәуле, шуақты жақсылық әкелді. Жазушылардың жаңа басшылыққа халық атынан ризашылық білдіруі заңды болатын. Хат, сол жылдарға тән социалистік құрылысқа кедергі келтірген жауларды әшкерелейтін леппен:
«Бізге, ең басты қатерлі қауіп – қазір өмір сүріп отырған, формасы жағынан ұлттық мәдениеттің дамуын жоққа шығаратын ұлыдержавалық шовинизм және бұрынғы езілген ұлттардың пролетариат диктатурасының тәртібіне бағынуын қаламайтын күні өткен таптың көлеңкесі іспетті жергілікті ұлтшылдар, олар СССР халықтарының еңбекшілерінің бірлігіне нұқсан келтіреді, сөйтіп «интервенттердің» мүддесіне жығып беруге тырысуда» (Сталин). «Садуақасовшылардың, ходжановшылардың, мендешовшылардың Қасаболатов сияқты ұлтшыл-демократияшыл элементтердің қалдығымен күрес күшейе түсуі керек», – деп аяқталып, аяғына Жансүгіров, Майлин, Сейфуллин, Мүсірепов, Жароков, Тоқмағамбетов, Әбдіқадыров, Баталов, Әуезов, Хасанов, Тәжібаев қол қойды.
Мұхтар осы рапортта жазушы ретінде бірінші рет қатарға ілікті. Бұрынғы саяқ қалатын сенімсіздіктен арылғаны ма? Сол жылғы Ленинградтағы студенттердің толқуынан сескенген саясатшылардың айлашарғысы ма? Бара-бара қол қою да М.Әуезов үшін үйреншікті әдетке айналып кетті.
«Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №6 санында Мұхаметжан Қаратаевтің «Мұхтардың «Тартысы» және кейбір мәселелер» атты мақаласында:
«...Көркемөнерде Алашорданың, қазақ ұлтшылдарының ішек-қарнын ақтарып, оның барлық сұмдық, сорақылық істерін сарапқа салған шығарманы құттықтап қарсы алмауға бола ма? Ұлтшылдықтық қабығы мынау, түбірі мынау, мұнымен былай күрес деп сезіміне тиіп, дұшпанға қарсы қару алдырып, тіс қайрататын пьесаның осындай өзгешелігін ерекше айтпауға бола ма? Әрине, болмайды... «Түрксибті» де, «Тартысты» да жаңалықты өткір құрал деп қарау керек... Мұхтар «Тартыста» орынды мәселелерді қолға алды, өмірге жаңа көзқарас білдірді, жаңа бет, жаңа мақсат алды», – деп дәл сол кезде Мұхтар үшін ең қажетті пікір айтты.
Әрине, «Тартыс» пьесасы Әуезов іспетті алыптың шығармашылық тарихында пәлендей маңызға ие бола қоймас. Алайда, жазушының жеке басына, шығармаларына үдірейе қараған күдікті ыдыратып, жаңа көзқарасты қалыптастыруға, соншама мұқтаж болып жүрген сенімді қайта ұялатуға септігін тигізудің өзі де бұл туындыға іш тартып, жылы қабылдауға негіз қаланды. I.
Біраз жыл бұйығы тартып, бір-біріне жасқаншақтап, сезікпен қарап, ішкі ой-талғамын сыртқа шығара алмай жүрген жазушы, суретші, актерлердің басын қосып:
«Жақсы кітап, жақсы спектакль – оқушыны өзі-ақ табады. Бірақ сол шығарманы жасау керек. Оған керекті күш пен талант бізде бар. Бірақ күшке сенбеушілікті тастаңдар. Біріккен күшпен, берік сеніммен партия көрсетіп отырған жолменен алға басыңдар... Халықтың қуанышы тұсауға болмайды», – деген Л. И. Мирзоянның сөзі «қуанышты қайрат бітірді, жаңа тарихқа мұрындық болды» (М.Әуезов).
Ортақ мақсат жолында – өзара «өкпелерін де» ұмытты. Сол екпінмен «Хан Кене» де сақнаға жол тартты. Өкінішке орай, салтанатқа емес, талқы мен табаға жол жол тартты.
3.
Шығармашылық көркем ойдың түлеуі мен тұтастығы алғаш рет — 1934 жылы 17 тамызда ашылған жазушылардың Бүкілодақтық тұңғыш съезінде ашық айтылды. Мұнда бірінші рет партияда жоқ жазушылардың мүддесін қорғап, олардың еңбегіне лайықты баға берілді. Олардың шығармашылық істен шеттетіліп келгені, түрлі таптардың тегіне қарап қасақана сыртқа қақпайлағаны қатты сыналды. Көркемдік тәсілдерді, оқиға тартысындағы адамдық факторды, түрлі формалық құбылтуларды мойындамай, жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің арасын қара сызықпен бөліп тастаған «тапшылдықты» желеу етудің нәтижесінде 1926-19З4 жылдардың арасында әдебиет деңгейінің құрт құлдырап, сұрқай кітаптардың шығуына әкеп соқтырғанын сынай келіп баяндамашы Максим Горький:
«Осыдан екі жыл бұрын әдебиеттің сапалық өсуіне назар аударған Иосиф Сталин жазушы коммунистерге: «Көркем жазуды партияда жоқ қаламгерлерден үйреніңдер», – деген еді. Коммунист қаламгерлердің партияда жоқ қаламгерлерден не үйреніп, не қойғанына тоқталмай-ақ қояйын, бірақ партияда жоқтар пролертариатша ойлай білуді жаман меңгерген жоқ… Бұдан былай «партияда жоқ әдебиетші» деген ұғымның тек шартты түрде ғана айтылуына осы съезд шешімі анық көз жеткізді, олардың әрқайсысы өздерін бар ішкі жан дүниесімен партияда жоқ әдебиетшілердің ары мен жұмысына дер кезінде сондай ғажап сенім артып, Бүкілодақтық съезге қатысуға рұқсат берген лениндік партияның мүшесімін деп есептейді», – деп мінбеден атап айтты.
Осы бір сенімсіздік көптеген тәжірибелі жазушылардың тағдырына кері әсерін тигізіп, оларды қоғам өмірінен бөліп тастап, күдікпен күнелтуіне әкеп соққызып еді. Олардың кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген мақалада сынауға болатын және қандай пікір айтса да өзін-өзі қорғай алмайтын, сондықтан еріксіз келісуге мәжбүр ететін еріксізден еріксіз «тартыншак жазушы» атанатын.
Тың аңғар — әдебиеттің тарихы, көркем шығармаларға қойылатын талаппен, оған берілген бағалар туралы сыңаржақ пікірді қайта қарауға мәжбүр етті. Қателіктер қалпына келтірілді. Мұхтардың да жиырмасыншы жылдардағы шығармалары қайтадан санатқа қосылып, «Ескілік көлеңкесінде» деген атпен барлығының басы біріктіріліп, жеке кітап боп шықты.
Әрине, бір кезеңде айып боп тағылған әңгімелердің қайта басылуы «ұйымсыз жазушының» съезге қатысуы ешқандай кедергісіз, күдіксіз, өздігінен жүзеге аса салған жоқ. Оған да талай тосқауылдарды жеңіп, күйініштер мен сүйініштерді бастан кешуге тура келді. Ренішті күндер де аз болған жоқ. Мұндай мүмкіндіктің ретін табу да қиын, ал барлық жауапкершілікті бір адамның мойнына алуы – одан да қиямет еді. Соған қарамастан, Сәбит Мұқанов «бәйгеге басын тігіп», редакторлықты өз мойнына алды. Әңгімелердің қайта басылуының мақсатын оқырмандарға түсіндіру үшін екі бірдей алғы сөз жазуға тура келді. «Ескілік көлеңкесінде» атты шағын жинаққа «Жазушыдан» мынадай түсінік, дәлірек айтсақ, «өзін-өзі ақтау» сөзі берілді.
«Бұл әңгімелер менің 1925 жылдарға шейін әр кезде әр түрлі журнал, газеттерде басылған еңбектерімнің бір тобы еді. «Ескілік көлеңкесінде» деген жинақ, бұрынғы Қазақстан тарихында болған рушылдық, феодалдық ескілігінің көлеңкесінде, қойны-қонышында әр алуан көріністің азды-көпті елесін береді. Сол ескіліктің еркінде боп, көлеңкесінен шыға алмай, сезім-санасы болған жеке адамдар, жас-кәрілер, еркек-әйелдердің бір қауымы бар. Ой-санасы тұтқында, шырмауда. Сондықтан бір алуаны сол ескіліктің әрі құлы да, әрі ерікті, не еріксіз сүйеушісі, жоқшысы да. «Ескілік көлеңкесінде» тағы бір қауым бар. Ол, сол ескіліктің езгісінен әлі шыға алмаған – қоғамдық шаруашылдың таптық қалі ескілікте. Бұлардың қол-аяғын тұсап беріп қойған қауым.
Жинақтың мақсаты осындай мазмұндағы бұрынғы шығармаларымның біразын бір араға топтау еді.
Өткен уақыттағы жазушылық жолдың қандай сатымен, қай кезеңдерді басып өтті, оны бүгінде өзін қостамайтын, ақтамайтын болсақ та, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегі өз тұлғаңды жұртшылықтың анық тани отыруы үшін болса да, бір топтап жарыққа салу теріс болмай ма деймін.
Ескілік көлеңкесінен әр түрлі уақиға, әр түрлі адамды суреттеумен қатар, сол кезде жазушының өз басы да, өз ой-санасы да сол тұсаудан, сол ескілік ығынан ұзап кетпегендігі, айналып-үйріліп шырмала, кейде сүйсініп тәуір көріп, соның кілемінің түсін суреттеумен қатар мінеймін деген кезінде де бата шабуыл жасай алмай, тайқып соққан жерлері де жоқ емес. Бұл жайлар менің кейінгі уақытта мойынға алған мінім, қаталығым болатын. Сондықтан өз ескілігімді бүгінгі жұртшылық, бүгінгі жас буынға ұсынғанда көбінесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзінің сол күнгі тұлғасымен көрсетуді тарихи дұрыстыққа тән болар деп білдім. Бұл жинақта, бұрын жазылған әңгімелердің әңгімелік желісі, адам пішіндері өзгертілген жоқ. Жаңалық болса, көбінесе, әңгімелердің сыртқы күйі – сөз кестесі сияқтыларға кіргізген редакторлык жаңалық қана. Оным: өткен уақыттағы істерімнің сынын жасырмайын, енді кеп жауып-жасқамайын дегендік.
Бұрынғы дәуірдің көрініс-қалпын зертеумен қатар менің де бұрынғы қалпымды білгісі келген жас болса, ол кездегі шығармаларым бір арадан, осылай топтау пішінінде табылатын болсын дедім.
Мұхтар. Алматы, 1936 ж. Май».
Бұл бұрын әр кезде, әр түрлі газет-журналда жарияланған әңгімелердің басы тұңғыш рет бір мұқабаның ішінен орын алуы. Кітапты әзірлеу барысында көп мін тағылып, талқыға түскен талайы қиын шығармалар пәлендей өзгеріске ұшырамады.
Ерлікті тәуекел тудырады. «Тәуекел түбі жел қайық — өтесің де кетесің»— дейді халық даналығы. Дұрыс пайымдау. Алайда, заман көшіндегі тарихи қажеттілікпенен шыңдалған осы сөз бүгінгі идеологияньң түсінігіндегі ескірген термин. Мемлекеттік саясаттың қатпары қалың, торабы тоқсан тарау. Әрбір тұжырым, ұғым, еркін пікір — өте нәзік талданған. Істің, сөздің мың түрлі астары суыртпақталып шығады. Соны көре, біле тұрып, автордың өзі кібіртіктеп, тосырқай ұсынған қолжазбаға редактор болып, оны барлық «айыбынан» ақтап алу –адал достық еді. Бұл — Мұхтардың алдын орап, «айналып-үйіріліп шырмала берген» «ескішіліктің» шапанын жамылып, Сәбиттің өзі де «қара тақтаға жазылуға» бел буды деген сөз. Араға екі жыл салып сол «ерлігі үшін» «халық жауының қалпағын киерін» білген жоқ әрине. Ол үшін ең басты мақсат халықтың аяулы азаматын қатарға қосып, әдебиетті Мұхтарсыз, Мұхтарды әдебиетсіз қалдырып, жетімсіретпеу еді. Міне, Сәбит Мұқановтың, Сәбиттің, Сәбеңнің азаматтығы осында. Сол үшін Мұхтар Әуезов, Мұхтар, ұлы Мұқаң оған қарыздар. Себебі – сол бір отамалы тұста Мұхтар бері өтпей, ескі жағалауда қалып қойса, онда кейінгі шығармашылық тағдырдың желкені көтерілмей, алыста қол бұлғап қала берер еді. Бүгінгі күнге, яғни, келешекке кешігіп жеткен рухани кеменің бірі ғана боп қалу қаупі төніп тұрды. Сондай сынақ шағында Сәбит қол ұшын беріп, жағаға шығарып алды. Заман ағысының толқынына ағып кетпес үшін Мұхтарға «бір-екі сөз», жылы сөз жетпеді. Сол лебізді «Ескінің көлеңкесі» жинағының беташары ретінде Сәбит Мұқанов айтты.
Екі алыптың арасындаға адамдық, пендешілік байланыстар қақындағы алып қашты сөз, тіпті өсек-аяң көп. Бірақ, олардың бір-біріне жасаған азаматтықтары туралы айтуға келгенде сараңси қалады. Баспасөз, хат-қағаз беттері де бұл ретте жомарттық танытпайды. Сондықтан да, «өзгеге қиса да өлімге қимаған» иықтас жандардың иірімі мол өміріндегі шуақты шақтарының белгісі есебінде жазылған Сәбит Мұқановтың «Бір-екі сөзін» толықтай келтіруді парыз деп санадық.
Ондағы сынның да, сырдың да астарын, зиялы жан «ішпен сезер...» Сыртқа итергенсіп отырып, бауырына тарту да қырғи қабақты, көлденең көзді алдамсыратқан өзінше «із тастау» еді. Онсыз мақсатқа жете алмайтын. Сол «із тастау» мынадай:
«Жолдас Мұхтар Әуезұлының бұл жинағына төңкерістің бастапқы кезде жазған әңгімелері кірген. Идеология жағынан бұл шығармалар тұрмысқа пролетариат көз қарасымен қарап жазылған шығарма деп айта алмаймыз.
Дегенмен бұл әңгімелерді басу қажет. Үйткені өткен өмірдің мұраларынан пролетариат түгел жерімейді, «адамның ақылы тапқан заттардың бәріне сын көзбен қарап, керектісін алады» (Ленин). Мына әңгімелер де сондай сын көзбен қарап, бүгінгі өмірдің пайдасына жарататын құралдың бірі. Олай дейтін себебіміз: бұл әңгімеде Мұхтар тұрмысқа байлар, феодалдар табының көзімен қарай отыра, солардың идеологиясына арқа тірей отыра, сол кездегі бірсыпыра шындықты ашады.
«Қорғансыздың күніндегі» қараниет болыстың әлсізге істеген айуандығы, «Оқыған азаматтағы» «ақ жүрекпін» дейтін оқыған жігіттің барып тұрған қара жүректігі аз да болса сол заманның шындығын ашқандық. Әрине, Мұхтар ол кезде, болыс пен оқығанды сынап, шірігін ашқанда, қиянатшылды жою, түбірімен құрту, солар сүйенген негізді құрту керек деген қортынды айтқысы келген жоқ. Осы кемістіктерді көрсетіп, шіріген тұрмысты бүтіндегісі, өңдеп жамағысы келді. Бірақ әңгіме Мұхтардың мұндай субъектілік пікірінде емес, объектілік шындықта.
«Лев Толстой — орыс төңкерісінің айнасы» деген тарихи еңбегінде Ленин: «Егер шын суретші болса, төңкерістің ең болмаса белгілі бұтағын көрсетпей отыра алмайды» деген. Шекспир, Гете, Пушкин сықылды жер жүзіне атақты классиктердің пролетариатқа қасиетті идеологиясында емес, дәуірлерінің шындығын аз да болса көрсетіп кеткендігінде. Пролетариат өткен өмірінің біраз шындығын солардың шығармалары арқылы біледі. Өткен өмірінің шындығын дұрыс ұғумен бұрынғы өмірдің күресі тығыз байланысты.
Олай болса, идеология жағынан пролетариаттық болмағанмен, Мұхтардың бұл әңгімелері арқылы ескі ауылдың кейбір шындықтарын, қанағыш таптың еңбекшіге істеген зорлығын аз да болса көреміз. Қанағыш тапты бүгін жойып жатқан бізге бұл әңгімелер объективно жәрдем істейді.
Бұл әңгімелер пролетариатқа қандай сабақ болса да, жазушы Мұхтардың өзіне де сондай сабақ. Мұхтар қазір байшылдық бағыттың залалдығын түсініп, кеңес тілегіне көшіп отырған жазушы. Осы басып шығарған әңгімелер болсын, басқа еңбектері болсын, идеологиясын былай қойғанда, Мұхтардың ірі суретші екеніне айқын дәлел. Сондай ірі талантын бұдан бірнеше жыл бұрын шірік тұрмысты түзетуге жұмсаса, енді нағыз, жас, күшті, келешегі бай тұрмысты құрысуға жұмсауға тиісті.
Сондықтан өткен қатасы мен бүгінгі түзелуін салыстырып, содан сабақ алуға, бұл әңгімелер Мұхтардың өзіне де көп көмек істеуге тиісті.
СәбитМұқанұлы. Алматы, 8.УІ. 35 ж.»
Міне, осындай «үкілеумен» жарияланған «Ескілік көлеңкесі» кітабы екі жылдан соң Мұхтар мен Сәбиттің өзіне көлеңкесін түсіріп, сілікпесін шығарды. Оған, бұл жинаққа ілесе, 1936 жылы басылып шыққан «Қараш-Қараш оқиғасындағы» әңгімелер де үстемелей қосылды.
Ол қыспақты кезеңнің талқысы туралы әңгіме дербес тараудың еншісі.
Үлкен үмітпен, құтты қадаммен бастаған отыз жетінші жылдың күншуағы тез суып, дүлей тағдырдың дауылы соқты да кетті. Жеке басқа табынушылықтың кесірінен халық ең асыл ұлдарынан айрылып қалды. Оның екпіні Мұхтардың да тағдырын қатты шайқалтты. Үміттің орнына үрейді жолдас етіп, ұзақ түн көз ілмей, әрбір тықырға елеңдеген түндерді басынан өткізеді. «Сен әзірге жүре тұр. Әуелі аналардың шаруасын бітіріп алайық», – деп сұқ саусағын сұстана шошайтып, сес көрсеткен жандармен қатар өмірінің сонына дейін бірде тату, бірде қату боп, қатар жүрем деп ойлаған жоқ. Күні кеше ғана тел өскен үш бәйтерек құсап қатар жайқалған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бетін тырнап:
«Қазір әшекереленіп отырған Тоғжанов, Жансүгіров сияқты ұлтшыл-фашист сілімтіктерінің, сол тектес жапон шпиондарының қолымен жас қазақ әдебиеті тұншықтырылды... Бандит Тоғжанов «сыншы» есебінде ұлтшыл-фашизмнің жансызы Жансүгіровті қазақ әдебиетінің «әкесі» етіп көрсетті. «Осыдан бір-екі ай бұрын ол (Сейфуллин – Т. Ж.) өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын «тарихи роман» деп әспеттеген қайта басылған шығармасында өзін батырсымақ қып көрсетеді және контрреволюциялық алаштардың деректерін келтіріп, халық жауларын суреттейді. Өзінше дұшпандық энциклопедия!», «Қазіргі совет жазушылар одағының председателі Сәбит Мұқанов Сейфуллинді ауыздықтай алмады, оның өзі буржуазиялық ұлтшылдықтың айқайшысы, тірегі боп отыр. Өзінің ұлтшылдықпен уланған «Бай баласы» атты зиянды шығармасымен, қазақ әдебиетінің тарихын алашорданың көзімен баяндауымен Сәбит Мұқанов өзінің бағытын доғаша иіп барады. Ол енді контрреволюциялық, ұлтшыл кітаптың редакторы боп отыр. Контрреволюциялық, ұлтшылдықтың иісі аңқыған алашорданың белді қайраткері және идеологы болған кезінде жазған Әуезовтің әңгімелер жинағының алғы сөзінде, «егерде идеялықты есепке алмасаң Әуезовтің бұл әңгімелері мен басқа шығармалары оның үлкен шеберлігін танытады» деп жазады. Бұл әңгімелердің идеясын ескермеу – бір тамшы партиялық ұяттың, бір шымшым большевиктік қырағылықтың қалмағандығы, демек қазақ совет әдебиетінің есігін ұлтшыл контрабандаға кеңінен ашу екендігін Сәбит Мұқанов неге түсінбейді. Жазушылар одағындағы былыққа Орталық Комитеттің ағарту бөлімінің меңгерушісі, жазушы Мүсірепов жолдас та жауапты. Мүсірепов жолдас қауіпті бағыт ұстап отыр. Әдеби өмірден жақсы хабардар, жазушылардың арасындағы ұлтшыл-фашистік жалдамалылардың күшті ықпалын біле тұрып, ол қасарыса үнсіз отыр», – –деп көкіген мақаланы оқығанда, мінбеде отырып Сәбит пен Ғабитті еңірете жылатып, партиялық билетін тапсыртқанда, жан-жүрегі суынып, тітіркенген.
Онысын қойшы, сол жайсаңдардың аяғы ауыр әйелдерін боқырауынның қарлы-жаңбырында үйлерінен қуып шығып, панасыз қалдырғанын көргенде мүлдем түңілген. Сол үйге мұны қонаққа шақырып, жең ұшынан тартқандар да болды-ау. Болды. Және олар ұзақ өмір сүрді.
Тағдыр дауылы көтерілгенде Мұхтар Ақсайдағы саяжайда еді. Алғашкы суық хабарды сол кездегі жас әдебиетші Темірғали Нұртазин мен Мұхаметжан Қаратаев жеткізіпті. Ашық күнде найзағай ойнағандай болған сол бір күнді «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы сөзінде Мұхаметжан Қаратаев:
«Отыз жетінші жылдың август айы еді. Бір күні Ақсайдағы семьяма барып қайттым. Сонда жатқан Мұханды, Тайырды, Сағыр Камаловты көрдім. Олар менен қала жаңалығын сұрады. «Құлагер» авторының Құлагер жолын құшқанын тұспалдап жеткіздім. Үшеуінің де түсі құбыла қалды.
– Қой, жай бір қате болар, – деді Мұхаң бір мезетте ауыр әсерді шайып-жуғандай болып, – мүмкін емес... Мына аңызақ жел сықылды кездейсоқ бірдеңе шығар... Ақиқатына келеді ғой.
Бұдан кейін мұндай тақырыпқа мүлдем сөйлеспейтін болдық. Үнсіз алақан ашып, иық қимылдатамыз да қоямыз. Ол жылы да, келесі жылы да алақан аз ашылған жоқ, иық аз қимылдаған жоқ. Бұл тұстарда Мұхаң тұнжыраңқы жүрді, бірақ басқамыздай еш жерде тіс жарып, сөйлеген емес, жауқаттылап атой да салған жоқ», – деп өкінді.
Бұл да шындық. Бірақ өкінішті шындық және ол өкініштердің орны қайтып толмайтын еді. Француз саясаткері Бенжамен Констанның:
«Тек бір ғана адамның батырлығымен жеңіске жеткен мемлекеттің бақыты ұзақ болмайды, тіпті сол адамның көмегімен де алысқа бара алмайды; оған бас июдің өзі ағаттыққа соқтырады», – деген сөзінің кері келді.
Мұндай қоғамдық пікірдің алапат тасқынына жалғыз адамның, оның ішінде тағылған «қоңырауы» алынып үлгермеген Мұхтардың қарсы шығуы мүмкін еместін. Ең қатерлі кезең 1937 жылдың мамырынан басталған болатын. Қыркүйектен қарқын алған қара дүлейдің құйыны 1938 жылдың көктеміне дейін ұйтқыды. Күндіз-түні күдікпен күн кешіп, есіктің әрбір тықырына елегізіп қараумен жүрді. Өзінің арыз-аманатын айтып, отбасымен қоштасып қойды. Кезегін тосты. Бақытына орай ол «кезекке» ілінбеді. Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының билетін қолынан шығармай: «Қаламымды қалдырыңдар!», – деп көзінен жасы ыршып кеткенде: «Пошел вон!» - деген сөзді естіген күні Мұхтар әйелі Валентина Николаевнамен ұзақ бақұлдасып, іш киімдерін, сабын мен орамалын дайындатып, сақал-мұртын қырып, шашын алдырып, моншаға барып, тастүйін дайындалып отырыпты. Демек, Мұхтардың «жалмауыздың» аузынан аман-есен қалуы – тағдырдың кездейсоқ сыйына жатады.
Ал Мұхтар сол тұста өзін-өзі қалай ұстады?
Бұл арада сәуегейлік жүрмейді. Кез келген пенденің ғұмырын үлгі етуіне сол құбылыстың астарын, тарихи қажеттілігін, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесімен сәйкессіздігін түсіндіріп беру – –қиынның қиыны. Тарих талқысы мен тағдыр тауқыметін таразылау дербес әңгіменің арқауы, яғни, келесі кітаптің еншісіне тиесілі оқшау тақырып болмақ.
.
Достарыңызбен бөлісу: |