«бесгіңді аяла »



бет1/3
Дата23.05.2017
өлшемі0,63 Mb.
#16588
  1   2   3
«БЕСГІҢДІ АЯЛА...»

I.

Адамның өмірінде бүкіл ғұмырының тағдырын шешетін қас-қағым сәттер, қысылтаяң кезеңдер, аласапыранды мезеттер кездесіп қалады. Кейде, сондай жан дүниең жанталасқан шақта, өткен-кеткенді ойыңда байыппен саралап, тұманыта бұлдыраған мұнардың ішінен болашағыңа адастырмай апаратын үміт сәулесін дәл ұстай білудің өзі соншалықты қиынға түседі. Ондайда салқынқандылық танытып, жан-дүниеңмен буырқана булыққан таным қарсылығын, қызуы мол ақыл-ойдың толқынын тежеп, асқақ көңілдің аптығын басудың өзі қаншалықты парасатты болғанымен біреудің қолынан келеді, біреудің қолынан келмейді. Үлкен аға-кіші інінің, дос-жаранның, ниеті адал адамның қажеттігі де осындайда. Тіршілік ұсынған талай-талай ащы сыбаға мен сынақты басынан кешкен, бұдан кейін де алдын кес-кестейтін қырсық пен тағдыр тезінен өткен Мұхтар үшін дәл қазіргі кезеңдей, отызыншы жылдардың басындағыдай шешуші міндет жүктеген емес. Бұған дейінгі, бұдан кейінгі талас-тартыстың барлығы оның көркем шығармашылығынан туындап жатса, бүл жолғы зауал – оның өз өміріне де, іс-әрекетіне де, өткені мен кеткеніне де тікелей қатысты еді.


Түрмеде жатқан екі жыл бойы осы сұрақтың жауабын іздеуге тура келді. Өзгелерге қарағанда Мұхтарға тағылған айыптың өзіндік қиындықтары да, жеңілдіктері де болды. Тағылған кейбір айыпты ойланбастан мойындаса да, оның біразына қарсы шықты. Орынсыз, шындыққа ешбір қабыспайтын, «жалаң әлеуметшілдікке» сүйенген талаптар да қойылды. Солардың арасындағы қатты қинағаны — жүрегін жарып шыққан шығармаларынан бас тарту, оларды теріске шығару хақындағы «тапсырма» болатын. Бұл – өз көзқарасыңнан, дүниені өзінше көркем қабылдаудан, әдебиетке ғана тиесілі адамдардың арасындағы табиғи сезім арпалыстарынан, оқиғаны берудегі психологиялық желіден бас тарту, бұрынғы өміріңді бүтіндей сызып тастау керек деген сөз. Ал ертеңгі тірлік үшін бәрін де тәрік етесің. Сонда, жаңа жағдайға бейімделе ала ма? Жалған ұранға құрылған, міндетті түрде жағымды бейнеленуге тиісті кейіпкердің ұйыйтын мәйегі қайсы? Бұл шын өнердің шалғайынан алыс. Мүмкін, бұл талап өзгерер. Дегенмен де, көркем өнер – «көркем өнер үшін өмір сүруі тиіс» сияқты. Адасу ма, қасарысу ма? Қайдам. Бір бұл емес қой, ондай айдар тағылып, ат қойылған? Бәрінен бас тартса, ертеңгі өмірді калай бастайды? Өткенсіз қайтіп болашақта ғүмыр кешеді? Шегінетін жер жоқ.

Екінің бірін таңдау қажет. Екінің бірін.

Екі жыл бойы ақ қағазды ұмытты. Саусақтары қаламсапты да жатырқап қалды. Шынымен, көкіректе қыз-қыз қайнаған сезім толғаныстары, ақыл-ойдың мазасын алған дүние құбылыстары сыртқа шықпай, сөз-маржан боп төгілмей, кеудесінде кеткені ме. Жоқ, қаламды жатырқайтын шақ емес. Ендеше, ең бастысы — қаламын қолдан шығарып алмауы қажет. Онсыз тіршіліктің де мәні жойылады. Ал, мағынасыз, сүреңсіз ғұмыр кешуден асқан азап бар ма десеңізші. Абай айтқандай, мұңсыз «толық адам» емессің. Қасарысқанмен, ұтқаның қайсы? Қателік әркімнің сыбағасына тиесілі. Ол –қозғалыс заңы, болмыстың бітімі. Ағысқа қарсы жүзудің барлығы да қайсарлық емес. Күрестің бәрі мақсатқа жеткізбейді. Өмір-өзеннің ырқына бір сәт бейімделу де лазым. Түптеп келгенде, кімсің өзің? Не үшін күйіп-пістің, кім үшін күрестің? Мақсат-мұратың не сондағы? Әне, Жүсіпбек пен Халел атылып кетті. «Кімсің сен?!»

Сол бір қиын, зауалды кезеңде Мұхтар өзіне-өзі осы сұрақты қоя білді. Жауабын тапты және ең дұрыс жауапты тапты. Ол – қателігін, келешектегі қандай мұрат-мақсат жолында өмір сүру керектігін түсінді. Ондай шешім қабылдауға жаны жақын жанашыр адамдар септігін тигізді. Қалың алма ағашы мен селмен қоса домалап келген тиірмен тастардың ортасында орналасқан Тастақтағы түрмеде жатқан Мұхтарға тағдыр қолын созды.

1932 жылы 23 көкекте шыққан БК(б)П Орталық Комитетінің «Әдебиет, көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысының қабылдануы оның шығармашылық қызметіне де, өмірінің аман-есен сақталып қалуына да бірден бір шарапатын тигізді. Өйткені, мәдени революцияны бесжылдық қарқынына сай жеделдете жүзеге асырамыз деген жалаң ұранды жамылушылар, көптеген келеңсіздікке жол берген еді. Халықтың рухани мұрасын құртып жіберу қаупі төнді. Таптық тартыстың шиеленіскен тұсында «жалаң әлеуметшілдіктің», «ата-текті қуушылықтың» салдарынан істің ақ-қарасы ажыратылмай, сырттан тон пішіліп, қалайда «тап жауын» іздеп табу науқанына жол берілді.

«Жалаң әлеуметшілдердің» желігін қоздырған РАПП-тың, оған ілесе ҚазАПП-тың тарқауы, Максим Горький бастатқан КСРО Жазушылар одағының құрылуы жалпы өнерге, оның ішінде әдебиетке «тапшыл жалаңтөстердің» тигізген кері әсерін жойды, оның орнын социалистік реализм деген жаңа термин алмастырды. Рухани мұраларға байыпты баға беріле бастады. «Екі мәдениетті» ұштастыра дамытудың қажеттілігі көрсетілді. БК(б)П-ның арнайы қаулылары жарияланды. Қаламгерлердің шығармашылық мүддесін қорғайтын Жазушылар одағының төрағасы Максим Горькийдің өзі ілгерідегі қателікті қалпына келтіруге шақырды.

Иә, солай болды. Солай болуы тиіс еді. Бірақ сол бір парасатты талап күшіне енгенше біраз талантты адамдар «көз жаздырып» кетті. Ол адамдардың атын атаудың өзі қылмысқа саналды. Сол бір «аласапыран» шақта, тіпті, көш бастаған азаматтардың да санасын тұман басты. Ой-санасы толысқан, университетті тәмамдап, университеттің философия кафедрасын, Қазақ өлкелік комитетінің баспа, мәдениет бөлімін басқарып отырған Ілияс Қабылов іспетті ірі қызметкердің өзі Абай туралы:

«Жоғарыдағы айтқандарымызды қорыта келе: Абай философиясын кәдімгі буржуазиялық идеологиялық философияның дінге иек сүйеген бір тармағы деп қиналмай-ақ қортынды шығаруға болады. Бұл философия осы уақытқа дейін қазақ халқының қалың жұртшылығы мен парасатты зиялылардың арасына кеңінен тарап келді, таратылып та жүр. Оны былай қойғанда, біздің өте аянышты өкінішімізге орай, біздің революциямыздың жүзеге асқанына он бір жыл өткен соң да осынау буржуазиялық күл-қоқырды (Абайдың философиясын) ешқандай сынсыз-ақ қазақтың жастары нағыз материалистік философияның қазақы түрі деп есептейді. Абай философиясы осы уақытқа дейін барлық қазақ оқулықтарында, қазақ басылымдарында, қазақша шыққан дәптерлердің мұқабасында басылып, үзінділер келтіріліп келеді, келтіріліп жүр, онымен қоймай барлық баяндамалар мен сөздерде т. б. жатқа айтылады. Егер де осынау бір шеттен шыққан сұрқия қылық осыдан бес-алты жыл бұрын көрініс берсе төзіммен қарауға болар еді, ол кезде Қазақстанда еңбекшілердің үстемдік құруы енді ғана жүзеге асып келе жатыр еді. Ал дәл қазір қазақ халқының өмірінің барлық саласы революцияланып болған кезде, болып жатқан кезде біз: Қазақстанның партия ұйымының идеология саласындағы ең бірінші кезек күттірмейтін міндеті таяу арада шұғыл түрде буржуазиялық күл-қоқыр ретінде абайшылықты құрту болып табылады. Сондықтан да, қысқа мерзімде Қазақстанның партия-совет мекемелерінің мәдениет майданындағы барлық қуат-күшін Абай іліміне және оның қазіргі сыбайластарына қарсы күресуге жұмылдыру керек» («Советская степь», 1928 ж. 2 тамыз), – деп «нұсқау беруіне» онша таң қалуға болмайды.

Ал, «қысқа мерзімде құртылуға тиісті... Абай ілімінің» бірден-бір мұрагері – Мұхтар Әуезов болатын. «Бір-ақ ауыз сөзбен... Абайдың шаруасын бітірген» («Советская степь», 1929 ж. 22 тамыз) соң, кезегі келген М.Әуезов те «тәубесіне түсіп» келді.

Ол түрмеге қамаларының алдында ұлы ақынның екі томдық мұрасын, ол туралы естеліктерді жинап, шығармаларының библиографиялық көрсеткіштерін жасап, баспаға әзірлеп қойып еді. Және Абай төңірегіндегі байбаламдарға қарсы пікір айтпай тұра алмады:

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғаны да Абай. Маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар»,– деп жауап берген болатын досы С.Сәдуақасовтың сұрағына.
Заман қабағы жылынып, қабыловтардың қисыны ыдырағаннан кейін Мұхтар өзінің «Ашық хатында» бас тартқан көркем әдебиет пен өзінің шығармалары туралы пікірлерін бірте-бірте баспақтай қалпына келтіруге бет алды.

Ең бірінші: Абай және әдебиет тарихының мәселелері жөніндегі, көне мұралары хақындағы «уақытша ұстанған» нысаналарын өзге бір ауанмен әдібін жазды. Араға бір жыл өтпей жатып бұл ниеті жүзеге асты. Абайдың бір томдық шығармалары Мұхтардың құрастыруымен басылып шықты. Сөйтіп, «екі мәдениет» туралы қаулы әдеби мұраның халық игілігіне қызмет етуіне қайтадан жол ашты.

Екінші: революцияға дейінгі қазақ тұрмысынан жазылған шығармаларын «салт-сана», «сарыншылдық» деп бағалап, «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» пьесаларын өзінің шығармашылық өмірбаянынан мүлдем сызып тастаған еді. Сонымен қатар, «салт, сана жөнінен, әдебиетті таптық тану тұрғысынан мойынсынбаған, заман ағымымен үйлеспейтін түсініктері де» бар еді. Сол үйлеспейтін дарын мен сарын оның С.Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына Ленинградта оқып жүргенде жауап берген:

«Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындығының қара қордалы ауылында туып, европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып, жайлауы жарасқан, қызық көріп сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып күндегі өмірдің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет-әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін. Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақтақ жолы. Мына екеуіне карағанда өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп, тапталып қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін. Европаның жазушысы Анатоль Франсты жақсы көрем. Бұның алуаны өзгелерден бөлек. Терең білімге, сыншы ақылға бой ұрған данышпан жазушы. «Чтобы быть прекрасным, надо быть разумным» деп Еврипид айтқандай, бұл ірі жазушылықтың екінші бір тұрғысы сияқтанады», – деген пікіріне қатысты болатын.
Әрине, енді туралы бұл пікірін ашық айта алмайтын. Сондай-ақ аты аталған шығармаларды жариялауға тәуекелі де жетпеді және ондағы сарынды өзгерту үшін өзге бір көркемдік өрнек қажет еді. Оған Мұхтардың өзі де дайын емес болатын. Алайда Мұхтар Әуезовтің шығармашылығындағы тарихи тақырыптардын игерілуі рухани қажеттіліктен туғандығын уақыт талабы айғақтады. Сондықтан да ертедегі шығармаларының басы біріктіріліп«Ескілік көлеңкесінде» деген атпен жарық көрді. «Ескішіл, байшыл», «ұлтшыл» сарындағы туындылары өнер тұрғысынан өз бағасын алды. Бұған Сәбит Мұқанов себепкер болды.

2.

Өнер адамдарының арасындағы қарым-қатынас, достық тілек-ниеттер әртүрлі жағдайда қалыптасып, өмір өзегіне айналады. Тіпті, қиын-қысталаңы мол, қарбалас күндердің өзінде де жомарт жүректі жандар бір-біріне қол ұшын беріп, қолтығынан демеп жатады. Ондай ізгі қадамдар қашанда жан сүйсінтеді. Алайда олардың көзқарасы үнемі ұштаса бермейді. Әсіресе, өнер адамдарының жолы өзге мамандықтың иелеріне қарағанда бұралаңы мен бұрмасы көп, «соқтықпалы, соқпақсыз» болып келеді. Сондықтан да қазақтың екі ой алыбы – Мұхтар мен Сәбиттің бір-біріне деген пейіл-ықыласының кейде риясыз ашық болуы, кейде көлеңке түсіп отыруы заңды. Біздің ойымызша, ол үшін қос дегдардың бірін қаралап, екіншісін ақтаудың реті жоқ. Олардың әр қайсысы өзінің өмірлік мұратын, өнердегі ілхамын қорғады. Қазір: «Мұхтар мен Сәбит үнемі айтысып келді. Олар – бітіспейтін дұшпандар еді», – дегенді жиі естиміз. Рас, араларына от жағып, араздастырушылардың ырқында кетіп, қатты-қатты сөз айтып, қабақ шытысқан тұстары да кездесті. Әсіресе 1951 жылғы «қара дауылда» екеуінің егесі шыңына жеткен. Бірақ та, олар өзінің жеке басының араздығын қиын сәттерде ұмытып, халық мүддесін тізе қоса отырып, ортақтаса көтерген. Біз, бұл әфсанада Мұхтар мен Сәбиттің «жаулығына» емес, – достығына, күйіндіретін емес – сүйіндіретін мінездеріне тоқталғымыз келді. Осының өзінен қос алыптың өмірінен тәлім-тағылым алатын біраз жай аңғарылса керек-ті.



Ашығын айтсақ, олар өздерінің қатар өткізген отыз жылғы ғұмырында бір-бірімен тіл табысуға ұмтылыпты. Соның бір кепілі – араларына салқындық түскен кезде өзара жазысқан хаттары. Хат жазушы – Сәбит. Барлық хатты Москвадан жолдаған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – 1932 жылы Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі Сәбиттің жолдаған достық сәлемі. Өзге-өзге, бұл ізгі тілек Мұхтарды ерекше қуантып, серпілткені анық.

Өйткені, сол кезде Мұхтарға ауыр соққан жайдың бірі – ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын татқан достарынан, пікірлестерінен көз жазып қалуы еді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов сияқты рухани ұстазы, Жүсіпбек пен Мағжан іспетті абзал жандардың орнын кім баса алсын. Дегенмен де, өзге жазушылардың барлығы оны сыртқа тепті десек – шындыққа қайшы келеді. Соның ішінде он жылдай газет беттеріндегі мақалалары арқылы айтысып келген, Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі жазушылар үйіндегі жиналыста танысқан Сәбит Мұканов та жәрдем қолын созды.



Сәбит ол кезде Мәскеуде оқуда болатын. Сонда жүріп Мұхтарға хат жазды. Өзге емес, тура Сәбит Мұқановтың достық көңіл бөлуінің маңызы ерекше болатын. Өйткені, Қаз АПП-тың көсемі болған Сәбиттің беделі үлкен және оның пікірімен өкімет те, өнер иелері де санасатын. Әрине, уақыт талабы, өнерге деген көзқарас өзгерді. Мұхтар да, Сәбит те «ет қызуымен» айтылған пікірлерінен қайтып, қателіктерін мойындады. Сәбит, Абайдың қаралаушысынан – насихаттаушысына, зерттеушісіне айналды. Мағжанды да, Мұхтарды да мойындады. Оған 1933 жылы 21 ақпанда Мұхтарға, 1934 жылы қарашаның екісі күні Мағжанға жазған хаттары дәлел. Екі хатта да Сәбит пікір таластыра отырып ойын ашық айтады. Біз осы кездегі саяси және әдеби ортаның жай-күйін толық білдіру мақсатымен хатты қысқартпай, сол қалпында келтіреміз. Және Мұхтарға тағылған айыптардың біразы осында қамтылған. Сондай-ақ, екі алыптың қарым-қатынасы жөнінде орынды-орынсыз, дәлелді-дәлелсіз айтылып жүрген қаусетті анықтау үшін де керек. Сәбит өз өмірінде үш рет Мұхтарға хат жазыпты. Соның ең біріншісі төмендегідей.
«21 февраль, 1933 ж. Москва.

Мұхтар!

Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Марксизм объекті мен субъектіні бірінен бірін айырмайды. Объективно тап тартысында бір-бірімізбен майдандасқан адам болғандықтан, сені білмеймін, менің өз қара басымды алсақ, сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Өйткені тап тартысы біз майдандасатын кезде күшеймесе кеміген жоқ. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте. Және қарсы таппен біз татуласып жақындаспаймыз, жоямыз.

Сенің газеттерге жазған хатыңды, Жазушы ұйымының жиналысында айтқан сөзіңді оқыған адам, марксизмге таныс адам, әрине, бұл хаттағы жазылғанға таңданбайды. Бұл заңды хат. Адам тас емес. Адамның дүние тануы тұнған су емес. Бүгін дұрыс деп санаған пікір ертең қата болуы, қата пікірден адамның қайтып, жаңа, дұрыс пікірге көшуі адамдық қасиетіне сыйымды нәрсе. Марксизмнің идеализмнен, дөкір (грубый) материализмнен айырмасы: әр нәрсені қозғалыс ретінде (в движении) алады, ой-сананы тұрмысқа, материалды өмірге тірейді. Адам баласынын, өмір тануы ретінде, өзгермейтін ең соң (ғылым) ғылыми марксизм болатын себебі де осы. Марксизм өмірді танудың дұрыс әдісі (метод). Сондықтан ол: барлық өмірдің өркендеуін диалектикалық материализм көзімен танығаны сияқты, өзінің өркендеуін де осылай таниды. Марксизмді ленинизм өркендетуі, ленинизмді Сталиннің ілгерілетуі осы дұрыс әдіс, дұрыс ғылымнан туған нәрсе.

Олай болса, сенің хатыңды, сөзіңді көріп марксшыл адам таңданбайды. Бұл заңды, табиғи нәрсе деп табады. Бір таптың жоқшысы боп жүріп, екінші тапқа көшу, тарихта бірінші рет болған нәрсе емес. Әрине, мұндай көшудің екі түрі бар:

1.Устряловшылдық/1. Бұндай әдіс бізде Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.

2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.

Біз сені қас (дұшпан – Т.Ж.) күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод бар да. Өйткені Достоевский жазаға тартқаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам, жазаның ауыры өлімге бара алады. Менің де өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп оплаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Өйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы біреуді құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде: Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаре война» атын алған Пуанкаре де қарсы емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді?

«Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды»,деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам қоғамдас мақұлық. Және адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болуы керек. Пролетариатқа шейінгі тап, біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді.

Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады?

Маркстың пролетариатты таңдауы олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «Капитализмнің пайдасы, өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді»,дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол адамшыл. Ол адамды адам жеуге қарсы. Ол қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстың пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осында.

Маркстың еңбекшіл қара шаруаға сүйенбегені онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа, пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру, пролетариаттың қолынан ғана келсе, кімде-кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Мұны түсінген адам сөз жоқ, пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кімде-кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы коммунизмді көре алмайды. Сондықтан, сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі.

Сенің бұдан былайғы әдебиетшығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға шейін жалтақтық істеуің мүмкін, «жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат, әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе сонда. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу (жолы) социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек.

Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардьң ішіне күдік салуы: «Марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды”, деген ойға келуі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге, марксшыл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдеседі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды.

Бұл сөздер, әрине, үгіт емес, (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі бір жағынан қарағанда балалық болар еді) марксизмнің негізін айтқандық.

Мен өзім партияға өтірік кірген адам емеспін. Бірақ басында ақылмен емес, жүрекпен кірген адаммын. (Бұл демагогия емес). Өйткені мен партияға кіргенде марксизм ғылымының негізін шала білетін адам едім. Бірақ партияға кірдім. Соның өзі странно көрінуі мүмкін. Бірақ онда түк таңдану жоқ. Бұл марксизмнің құрғақ теория еместігіне, марксизмнің тамыры еңбекші халықтың ішінде өсетіндігіне дәлел. Марксті білмеген еңбекшілер толып жатыр. Марксизм солардың ішінен өскен. Біреулер шен үшін партияға кіреді. Біреулер күн көріске кіреді. Мақтануын ішіне ала сөйлегенде, менде мұның бірі де болған жоқ. Білім кемдігінен болған қаталықты былай қойғанда, мен өз қара басымды, таза, пролетариаттың ісіне берілген адаммын деп санаймын. Күңгірт жақтарым болды. Бірақ мен қоғам ісіне қатынасқалы, бір жолда келем деп тарих алдында мақтана алам. Келешек өз алдына.

Өскен сайын (ой өсуін айтам) адам, әрине, объективно бола бастайды. Мен өз қара басым тұмысқа объективно қарай алғаным сықылды (осы күнде), Қазақстан жағдайының қазіргі күйіне объективно карай алам. Қазақстандағы қазіргі еңбекші таптың перегиптен көрген қиындығына іші ауырмаған адам коммунист емес. Олар баққұмар, арамтамақтар. Бірақ құр іші ауырып қою, күрестен қол тарту болар еді. Оның арты кеңес үкіметінен, социалды идеядан қайту болар еді. Оған өз басым бара алмаймын. Партияның бүл перегипті түзеуге әлі келуіне сенем. Құр сенім де ешнәрсе болмайды. Біздің мақсат перегипті түзетуге көмектесу. Көмекке әркімнің маманған құралы бар. Біздін, құрал— көркем әдебиет. Сондықтан біздің мақсат көркем әдебиетпен қазақ еңбекшілерінің тұрмысын түзесуге жәрдемдесу, партияның кәсіпке, колхозға ұстап отырған жолын түсіндіру.

Біз Алма-Атада көріскенде жөнді сөйлесе алғамыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз, сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Сол көмек, кеңес ретінде осы хатты жазуға тура келді. Хатта толық пікірді айту мүмкін емес, бірінші сөзіңе сенгендігімді білдіру, екінші пікірімді айту.

Егер сен бұрынғы Мұхтар болсаң, «қанжығада көрісермізбен» айдай берер ек. Қазір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керекті жәрдем болса қолдан аянбаймыз. Сенің міндетіңбіздің алдымызда емес, пролетариаттың алдында (біз де соның ішіндеміз ғой) сөзіңді іс жүзінде айту.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет