Тақырыбы:«Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» атты фестиваль.
Мақсаты: а) оқушыларды өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, ағылшын, орыс тілдері әлемдік тілдер қатарына жататындықтан, олардың маңыздылығын сезіндіру; ә) тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үлес қосуға шақыру; б) әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдерін ояту, ұлттар арасындағы ынтымақты нығайту.
Көрнекілігі: магнитті тақтаға жазылған мақал-мәтел, слайдтар, ән
Жүргізуші: Құтты болсын мерекесі тілімнің,
Асқақтасын көк байрағы елімнің.
Ана тілін құрмет тұтқан жастарым,
Алдарыңа келді міне достарым!
Сәлеметсіздер ме, құрметті жолаушылар! «Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» темір жол вокзалына қош келіпсіздер!
Адам баласы өмірге қонақ болып келетіндіктен, өміріміз үнемі бір нәрсені танып-білу, арманымызға қол жеткізу мақсатында ізденіс-танымдық сапар шегумен өтеді. Сапарымызды бастамас бұрын жолаушыларды саяхаттан қарсы алып, төрелік міндет атқаратын бақылаушылармен таныс болыңыздар:
мектеп директорының тәрбие ісінің меңгерушісі – Шпакова И.А.
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Рыспаев А.А.
Бұл танымдық сапарға аттанатын - 5-8 сынып оқушылары. Әр сыныптан екі оқушыдан қатысады. Олар 18, 20, 22 номерімен белгіленген вагондарға отырады (сыныптар араласып, топқа бөлінеді).
Бақылаушылардың қолданатын ұпай белгісі – 10 ұпай.
Бүгінгі аттанғалы отырған білім жолындағы тілдер әлеміне сапарларыңыз сәтті болсын!
Олай болса, ең алдымен «Көпті көрген - көреген» бекетіне аттанамыз. Ол бекетке жету үшін берілген сұрақтардан мақал-мәтелдер жасау керек.