Байланысты: Қазіргі қазақ поэзиясының ежелгі жыр-дастармен байланысы.
Досекеш Тұрар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты
«Бүгінгі қазақ поэзиясының ежелгі жыр-дастандармен идеялық- көркемдік және генетикалық байланысы» Кез-келген халықтың әдебиеті ұзақ жылдар бойы үздіксіз даму мен өзгерістерді басынан кешіреді. Әдебиет те өзге өнер арналары секілді үнемі дамуды, ізденісті қажет етеді. Бұл даму ақын, жазушылардың шығармашылығында әрдайым көрініп отырады. Дегенмен, әдебиетте жаңашылдықпен қатар өткенге көз тастау, ретроспективті көзқарастар да кезігеді. Ол да әдебиеттің тыңнан қосылған бір арнасы. Ескі сюжеттерді, сарындарды қайта жырлап, немесе, өз шығармасына арқау ететін ақындар мен жазушылар көп. Бұл бір жағынан мақсатты түрде болмауы да мүмкін. Жазушының жадында сақталған фольклорлық туындылар, ежелгі жыр дастандар сюжеті мен идеясы оның шығармасында әлсін-әлсін бой көрсетеді.
Фольклорлық үлгілердегі қиссалар үрдісін, сондай-ақ дастан сарынын жаңашалап түрленткен, сюжеті жағынан ежелгі жыр-дастандармен астасып жататын шығармалар сирек емес. Соның бірі,әрі бірегейі Есенғали Раушановтың «Ғайша Бибі» поэмасы. Құрылымы, көркемдігі жағынан өз алдына ерекше көркем дүние бола тұра, бойына ескінің сарқыншағын, ежелгі дастандардың сюжеті мен фольклорлық элементтерін сіңіріп, тыңнан жырланған шығарма. Романтизм әдісімен жырланған бұл поэма бойына соған тән ерекше сюжет, ерекше әрекет пен ерекше кейіпкерлерді жинап, әдістің барлық сипаттамаларына сай келеді. Әрі қарай поэманың сюжеті мен көркемдігіне, ақынның тілі мен поэтикасына терең үңіліп, ежелгі жыр-дастандардың, оның ішінде, «Күлтегін» жырының шығармаға түскен көлеңкесі туралы сөз қозғаймын.
Шығарманың кіріспесі қазақ әдебиетінде ежелден келе жатқан жыршылық дәстүр, дастандардағы сөз бастау мәнерінің элементтерін жиып, бірден оқырманды елітіп әкететін мынадай жолдармен басталады:
Ғалайкум-ассалаума бас қонаққа,
Сонан соң үлкен-кіші жас талапқа,
Ниетімді жырға бұрдым, жүзімді елге,
Хиссассын Ғайша бибі бастамаққа [1,318]
Бұл фольклорлық үлгілердегі тыңдарманның назарын өзіне аудару мақсатында, ежелгі жыр-дастандарда көптеп кездесетін құбылыс. Бұлай бастауы шығарма ежелгі дастандардың негізінде жазылғанын, ауыз әдебиетіндегі шытырман оқиғаның боларын бірден анықтап береді. Поэманың өн бойына өзек болған аңыз, түркі дәуіріндегі оқиғалар жаңа қырымен танылып, басқа бағытта, жаңаша жырланады.
Бұл өзі жаңам емес, ескім еді,
Алыстан жаңғырығып естіледі.
Мақал бар:
«Түлігім – жылқы, түбім – түркі»,
Ал, тарттық сол түркіден көшті беріде,-
деген жолдарда ақынның қай кезеңді тілге тиек еткені, бұл шығармаға арқау болған дүние жаңа емес ескі дүние,яғни, халық қазынасы фольклорлық сарын мен ежелгі жыр-дастандар екенін анық айтып отыр. Осылайша, түркілердің түп тарихын негізге ала отырып:
Бір елдің өткені хақ көшіп-қонып,
Көк селдір, көркем дала бесік болып.
Әлі ешкім алдымызға жайған емес
Сол көштің бума-теңін шешіп беріп,-деп, бүтін бір халықтың ашылмай жатқан сыры көп екенін айтады. Бұл туралы «Күлтегін» жырында Бумын қаған мен Істемі қаған тұсында түркі халқы қандай күй кешкенін:
Сол екеуінің тұсында
Ел-жұрты
Молшылыққа малғытып жүзіп,
Ырыс пен құтқа
Кеңірдектерінен келіп
Қарық болған [3.6],- деп суреттейді. Осы жолдар ақынның жырлауындағы халықтың ескі жырда көрсетілген нұсқасы. Әрі қарай поэмада осы бір халықтың өмірінен басталған ой әрі қарай өрбіп, кеңінен тарқатылады.
Поэманың «Жыландар жыры» тарауында Талас жерін мекендеген ордалы жылан тағдыры баяндалады. Адамдардың қара ниетінен отқа өртенген жыландар мен адамдар әлемі қатараластыра алынып, үлкен адамзаттық мәселе философиялық тұрғыдан көркем туынды заңдылығына сай зерделенеді. Поэмада фольклорлық элементтер мен мифологияның тоғысып келіп, көрінетін тұсы да сол жыландар элементі. Жалпы, қазақ танымындағы жылан элементі өте күрделі құбылыс. Бұл туралы С. Қоңдыбай өз еңбегінде былай дейді. «Бұл мақұлық күні бүгінге дейін қазақ сенімінде маңызды орынға ие болып отыр. Жыланға қазақ құпия таным, тылсымдық сипат берумен қатар, көмекшілік қасиет те берген. Басқаша айтқанда, жылан культі- арғықазақ мифологиясының басты сипаттарының бірі» [2;291] Әруаққа сеніп, оны қастерлеген қазақ сол әруақтың жылан кейпінде келуін сенеді. Бұл сенімнің реминисценциясын Е. Раушанның басқа өлеңдерінен де байқауға болады.
«Жыландар жыры»- тарауы жыланның монолог-зарын көркем жеткізеді. Адамдардың табиғатқа, сол арқылы өздеріне әкелген зауалын өте шебер жырлайды. Және, оны жырлау барысында фольклорлық дәстүрдегі жыр үлгісін, ауызша және жазба әдебиеттегі ерекше әсер туғызған соңғы қайталау (эпифора) тәсілін пайдалана отырып, ақын жыланның зары арқылы күллі жаратылыстағы қайшылық пен қиянатты жеткізеді. Ел жадындағы аңызда Ғайшаны жылан шағып өлтіреді. Поэмада бұл желі болғанымен, Ғайшаның өлімі мүлде басқаша өрбиді. Ақынның жыландар әлемін нендей себеппен поэмаға қосқаны нақты белгісіз. Мифтанушы ғалымдардың пікірінше, дербес өмір сүретін рух адам кейпіне ие болады. Адам дүниеден өткенде оның жаны жылан кейпіне айналады. Сонымен қатар, қазақ танымында жер астына жасырылған қазынаның иесі де жылан болады деп есептелген. Поэмада Талас жерін мекендеген ордалы жыланды қағанат халқы «жылан бауырына алтын басып ұйықтайды» деп, ордаларын бұзып, өртейді. Әрі қарай сюжет қасірет шеккен лирикалық кейіпкер жыланның ішкі монологымен өрбиді. Адамзаттың адамшылық атаулыдан алыстап, табиғаттан алшақтауының түбі үлкен қасіретке әкеліп соғарын айтқысы келеді. Өрт ішінде қалған алтын-бауыр жыланның:
Кереге бойым жиырылып,
Келте де болды-ау, ой заман.
Қызыл көз қоңыз шүйіліп,
Желкем қонды-ау, ой, заман- деп басталатын зары:
Үйімнің алды беткей-ді,
Беткейден түскен өрт дейді.
Осының бәрін жасаған,
Адамзат қалай көктейді ,- дейтін жолдармен жалғасып, заман жылжыған сайын табиғаттан алшақтап, бұзылып бара жатқан адам баласының ниет-пиғылын көрсетеді. Жыландар қасіретін жырлай келе ақын оқиғаны дамытып, «қағанаттағы жылан даусын еститін жалғыз адам» Ғайшаны таныстырады. Бұл тұста да халықтық жыр-дастандардың үлгісімен, қара сөзді қиыстыра толғайтын тәсілді ұстана отырып, Ғайшаның қандай екенін суреттейді.
Ғайша – бұрынғы-соңды қазақ поэмаларында кездеспеген тың бейне. Өйткені, оның дүниетанымы, адамдар, өмір жайлы ойы мүлде басқаша. Поэмада оқиғаны баяндап беруші ретінде көрініп отыратын автор орайлы тұста кейіпкер туралы қосымша түсініктемелер береді. «Ғайша кім еді?» деген сауалға автордың хабарлау түріндегі мәліметтері толық жауап береді де, ақын осы тұстан қайтадан ана-жыланның зарынан үзілген оқиғаға тыңдарман назарын аударуды жөн көреді. Ана-жыланның зарын жүрегімен естіген Ғайша қыздың толғанысы терең мәнді астарлы сипатымен көрінеді:
Қайда бастап барады қабарған күн,
Кімді сөгіп, кімді енді жамандармын.
Түмен жылан өлген жоқ, өртенген жоқ,
Түсіп кетті ішіне адамдардың.
Орда жылан, от қойсаң мекеніне,
Өліп жатып, тіріліп кетеді де,
Ой-пейіліне көшеді өлтіргеннің,
Бір де бірі қалмастан көтеріле.
Болмады ғой болмаспен белдескенің,
Жылан көшті жұртынан, сен көшпедің.
Сыртың – адам болғанда ішің – жылан,
Не болады ертеңің, жерлестерім?
Ғаламат өрттен зардап шеккен жыландар, енді адамзат ішіне көшкенде адамның ертеңі не болмақ деген ой қызды мазасыздандырады.
Шығармадағы тағы бір ежелгі жыр-дастандардан алынған элемент ол-айтыс. Айтыс шығармада тек бір халықтың дәстүрі емес, ең маңызды бөлшегі іспеттес. Оны ақын былай деп көрсетеді. «Жапон халқы үшін Фудзияма тауының маңызы қандай болса, о баста түркілер үшін айтыс сондай еді. Ел кейін « айтыс ұсақтап кетті» деп жүрді. Ұсақтап кеткен айтыс па, жоқ ақындар ма?»,- деп, бұл ұлттық өнердің мәдениет тарихында өте салмақты орны бар екенін аңғартып өтеді. Осы кезде жырға жаңа кейіпкер Қаған келіп қосылады. Әрі қара Ғайша мен Қағанның айтысы жырланады. Екеуінің де сөз саптаулары, айтқан ойлары ұлттық поэтикалық тіркестерді, олардың көркемдік мүмкіндіктерін кеңінен танытады. Ақын Ғайша қыз болып:
Керме, керме, керме өлең,
Керіп тартшы көлденең,
Тұяқ біткен сүрінсін,
Тізе біткен бүгілсін...
...Қайқы қылыш – қара өлең,
Анаған да сермедік,
Мынаған да сермедік – деп төгілтсе, енді бірде Қаған болып:
Ал, айт десең айтайын,
Қаратаудың басынан,
Қайырайын өлеңді.
Алатаудың тасынан,
Айырайын өлеңді- деп жырлайды. Осылайша ақын айтысқа тән стильді толық сақтай отырып, екі айтыскердің аузына замана, Қағанат жайлы күрделі мәселерлерді салады. Қағанның ішкі халін төмендегі жолдармен береді:
Бір гәпті қырағы қыз аңдап қалды,
Сол гәпте зіл-батпандай салмақ бар-ды.
Толқын жұрт сазан-қызды алып кетті,
Қаба алмай, «қап,әттең» деп қармақ қалды.
Осы жолдарды ақын тың көркемдік тәсілдермен берген. «Толқын жұрт», «сазан-қыз» бейнелеулері оқиға ауқымына орайлас көркемдеу тәсілі болып тұр. Шумақтар арасында кездесетін тұтастай жолды қайталау поэманың саздылығын, ырғақ үйлесімділігін әрлендіре түсіп, ескі жыр үлгілеріндегідей, жырлағанға ыңғайлы етіп, бунақ пен буынды дәлме-дәл өлшеп қойған.
Поэманың ежелгі жыр-дастандармен идеялық та көркемдік тұрғыдан астасып жататын тағы бір тұсы ол- Қағанның Күлтегінмен тілдесуі. Қағанның Қағанат қамын ойлап,қатты күйзелген тұста жаны қатты қиналады, оны Күлтегіннен медет сұрауынан көрінеді :
Қағанаттан мият кетті,
Қара орманнан ұят кетті,
Қағаныңнан қайрат кетті,
Ақ ордадан айбат кетті,
Уа, Күлтегін баба,
Медет бер!
Қаған аузынан айтылатын кешегі күндей күркіреген түркі Қағанатының бүгінгі халі тарихтағы Қағанаттың әлсіреген кезеңінен хабар бергендей. «Қырық шаһарды қаратып, жиырма төрт елді түгел алған» Қағанның қасіреті не? Қаған:
Мен үйірлеп жинадым,
Түркі қара бақ болды,
Басқа жаманат қонды, – деп, немесе:
Мен іргені кеңейттім,
Тынысым тарылды, бірақ.
Сен отырған елді көшірдің,
Оңдырдың.
Мен көшіп жүрген елді қондырдым,
Қор қылдым, – деп налуының себебі не?
Бұ сауалдардың жауабын ақын Күлтегіннің аузына салады. Түркі Қағанаты үшін «түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған» даңқты батыр Қағанның қателіктерін санамалайды. Жан-жақтағы елді түркіге қосқанмен, ділі қосылмағанын, іргені кеңейткенімен, қорыққандар мен үріккендер амалсыздан дос болғанын айтып келіп:
Жүректерді жаулайтын жол бар деп ем,
Сен іргені кеңейттің қорғанменен.
Жалған тарих әдемі шынжыр сынды,
Тез үзілер, әдемі болғанменен.
Неге бердің бұлдасаң көмегіңді,
Тек төр жаққа сүйрейсің неге еліңді?
«Қор болма» деп жазғанмын тасқа өсиет,
«Зор болу» деп оқыпсың сен онымды, – деп, Қағанның басты қателігін көрсетеді. Күш, зорлық, әділетсіздік өктемдік еткен кезде дұрыс жолдан адасу болатынын Күлтегін шегелей айтады. Ең алдымен керегі – рух еркіндігі дегенге мегзейді.
Е. Раушанның бұл поэмасы ескілік пен жаңашылдық арасындағы көпір іспеттес. Ежелгі жыр-дастандардың озық элементтерін пайдаланып, тыңнан көркем, жаңа туынды ретінде жазылған шығарма. Поэмадағы үйлесімді қайталаулар, көркем жаңа теңеулер, қазақтың қара өлеңі, айтыстың элементтері бәрі жиысып келіп, үлкен туынды жасауға арқау болған. Сонымен қатар, поэтикасынан бөлек шығарманың идеялық тұрғыдан «Күлтегін» жырымен астасып жататын тұстары ерекше концептімен берілген. Ұлттың азаттығы, рухтың еркіндігі, сананың тәуелсіздігі осының бәрі сонау ежелден келе жатқан идея. Бірақ, бұл айтылғандар әлі өзінің өзектілігін жоймады. Сондықтан, Е. Раушанның бұл еңбегі қазақ әдебиетіндегі ескіні әспеттеп, жаңаға жол ашатын озық туынды.
Пайдаланған әдебиеттер.
Раушанов Е. Қара бауыр қасқалдақ. – Алматы: Жалын, 1995. – 384 б.
Қондыбай С. Арғы қазақ мифологиясы. 4 кітап. – к. 3. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 478 б.