Бүгінгі күн талабына сәйкес елімізде білім беру жүйесінде жаңа бағыттар орнығуда. Педагогикалық, психологиялық және этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарының жағдайын талдау арқылы педагогикалық білімнің тарихын және даму перспективасын анықтауға мүмкіндік туды. Қазақстанның көрнекті ғалымдары Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, C.Ұзақбаева, Қ.Бөлеев, К.Қожахметова, Р.Төлеубекова және т.б. еңбектерінде халық педагогикасының асыл қазыналары жан-жақты зерттеліп, ұрпақ тәрбиесінде жан-жақты қолданылуда. Басты міндет - мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру. Бұл міндеттің шешілуі сөз жоқ өскелең ұрпақ тәрбиесінен басталады, яғни өскелең ұрпаққа этностық ерекшеліктерімізді, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың салт-дәстүрлерін меңгерту.
Ата-бабамыздың тәрбиеге өте үлкен жауапкершілікпен қарағаны баршамызға аян. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, қазақ халқындағы шешен, ақын, жыршы, зергер, билер мен қазылардың атадан балаға мирас болған тәлімі мен тағылымын көреміз. Кез келген халықтың тәрбие беру ісінде өзіне тән ерекшеліктері болатыны секілді, қазақ халқында да, сан ғасырлар бойы жас ұрпақты имандылық пен ізгілікке, адалдық пен әділеттілікке, қарапайымдылық пен мейірбандылыққа, ерлік пен батырлыққа тәрбиелеген ұлттық тәрбиелеу жүйесі болғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесінде халықтық тәлім-тәрбиенің ұлттық құндылықтарын ескере отырып тәрбиелеудің тұтас жүйесін жасауда өткен ғасырдағы көрнекті ағартушылардың педагогтардың, қазақ зиялыларының алаш азаматтарының өнегелі істері мен ой-пікірлерінің маңызы ерекше. Мәселен: кемеңгер ойшыл бабаларымыз Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, М.Қашғари және Шоқан, Ыбырай, Абай, Мұхтар, Шәкәрім, т.б.сынды ғұлама-ғалымдар өздерінің шығармаларында ел мен жер, Отанды сүю, ар-ождан, намысты қорғау, ғылым, білімді халық игілігіне жарату тәрізді ұлттық рухтың өзекті мәселелеріне ерекше мән беріп келсе, XV-XVIII ғғ. өмір сүрген Асан қайғы, Жиенбет, Шалкиіз, Бұқар, Дулат сияқты жыраулар өздерінің өлең-жыр, толғауларымен елдік пен ерлікті, әділдік пен адалдықты жалықпай насихаттаған.
Елін, жерін, шет ел шапқыншыларынан қорғауда, ерен ерлігі аңызға айналған, өлең-жыр, толғау-дастандарға арқау болған Қобыланды, Ер Тарғын, Абылай, Ер Сайын, Едіге, Ер Қосай, Қамбар, Ағыбай, Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Райымбек, Барақ, Сырым, Исатай сияқты батырлардың да ерлік істері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары даусыз. Біздің тарихымыз өте бай. Сол тарихта орын алған жоғарыда аталған тұлғалар, батырлар өмірі, саяси қайраткерлер, қиын-қыстау кезіндегі халықтың ерлігі қазіргі жастарда отансүйгіштік қасиетті тәрбиелеуде үлгіге айналуы тиіс. Мәселен, сондай ел таныған батырлар Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Ә.Молдағұлова, М.Маметова, Р.Қошқарбаев, Т.Бигелдинов, Қ.Қайсенов және тағы басқалардың ерен ерлік іс-қимылдары да өлең-жыр, дастанға айналып, жас ұрпаққа тәрбие берудің бірден-бір құралы болып отыр. Бұл халқымыздың атадан балаға ғасырлар бойы мұра болып жалғасып келе жатқан ерлік рухымен байланысты туындаған тәрбиенің дәстүрлі үлгі-өнегесі. Осы тарих тағылымдарын тәрбиеде тиімді қолдану арқылы отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіру, өзінің еліне, тіліне, дініне, тарихына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру басты міндет. Қазіргі психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге, әдеби кітаптарға, басылымдарға жасалған талдаулар және жоғарыда баяндалғандай, қарастырылып отырған мәселелердің өте ертеден-ақ ұлы ғұламалардың, жыраулардың, ақындардың, ағартушылардың, белгілі педагогтардың негізгі тақырыбы болғанын көрсетеді және ғылыми-зерттеу нәтижелері практикада кеңінен қолданылып отырғанын дәлелдейді.
Демек, адамгершілік құндылық тәрбиесінде ұлттық тәрбие маңызды рөл атқарады. Ұлттық тәрбиенің кажеттілігі мен күрделілігін ұғыну аса жауапкершілікті талап етеді. Ол әрбір ұрпақ буындарының өзіндік ерекшеліктерін ескеріп отыруды қажетсінеді және өте ертеден бергі халық тәжірибесін дұрыс жүйелеп, педагогикалық процесті ұйымдастыруда орынды қолдану керек.
Қазақ халқының өте ертеде ата-бабаларының өмір сүрген кезінен (VІ ғасыр, Түрік қағанаты) бастау алып, күні бүгінге дейін келе жатқан рухани мұраның бірі - халықтық педагогика мұралары. Демек, этнопедагогика қазіргі ғылыми деректерде көрсетілгендей - белгілі бір халықтың , тайпаның өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік мәдени мұрасы, халықтық ғылым болып табылады. Адам баласы сонау ерте заманнан бастан өз ұрпағын өмірге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгені көпке аян. Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми теориялық заңдары бар педагогикалық ғылымдар өмірге келгенше де адамзат тәрбие ісімен айналысты. Оның қағазға түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл ақыл, өсиет өнеге, қағида болып тарап келген білім білік, тәлім тәрбие беру тағлымдары бар. Ол осы қарастырып отырған халықтық педагогика тағылымдары.
Этнопедагогика өзіндік ішкі тарихи педагогикалық даму заңдылықтарына ие бола отырып қалыптасты. Этнопедагогиканың тарихын қарастырғанда ұлттық тәрбие жайлы зерттеулерге, жинақталған тағылымдардың жинақталуына тоқталу қажет. Қоғамның барлық тарихи даму кезеңдерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әр түрлі ғылыми-педагогиқалық көзқарастарды қалыптастыру мәселелеріне көптеген алыс және жақын шетел педагогтары: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский, А.С.Макаренко, Г.Н.Волков, Я.И.Ханбиков, А.Ш.Гашимов, А.Э. Измайлов. Мәселен, А.Ш.Гашимов халық педагогикасына анықтама беру үшін тәрбие жөнінде халық идеяларына аса көңіл бөлудің қажет екенін айта келіп: «Халық педагогикасы кең - мағынада айтқанда тәрбие мәселелері бойынша халық дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының, идеяларының жиынтығы» - деді. Белгілі татар педагогы Я.И.Ханбиков өз анықтамасында: халық бұқарасы қолданатын тәрбие және оқыту мақсаттары мен міндеттері, бұлар халықтық құралдардың, іскерлік пен дағдылардың жиынтығын құрайтын халықтық білімдер саласы - халық педагогика дер көрсетті. Әр түрлі ғылыми мәліметтерге сүйеніп, халық педагогикасы туралы ұғымның мәнін Орта Азия және Қазақстан халықтарының педагогикалық көзқарастарын зерттеген А.Г.Измайлов былай деп анықтама береді: «Халық педагогикасы бұл - ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мағлұматтар, іскерлік пен дағдылар жиынтығы, халықтың әлеуметтік және тарихи тәжірибенің жемісі. Әр түрлі халықтардың дәстүрлері мен әдет -ғұрыптарының мақсаты - жас ұрпақты халықтың ең жақсы идеялары негізінде тәрбиелеу». Кейуақытта халық педагогикасының зерттеу саласын тәрбие деп қарастырылады. Тәрбие - балаларды әлеуметтік өмірге, еңбекке даярлау және қоғамдық тарихи тәжірибені үйрету процесі. Дегенмен, халық педагогикасында оқыту процесінің де маңызы өте зор. Сондықтан, қазіргі уақытта халық педагогикасындағы тәрбие мен оқытуды тұтас педагогикалық процесс деп қарастыру орын алуда.
Қазақ этнопедагогикасы ғылымын дамытып, қалыптастыруды қазақ ғалымдары ерекше еңбек етті. Қазақстан ғалымдары профессор Қ.Жарықбаев, профессор С.Қалиев тағы да басқа бірсыпыра педагогтар халық педагогикасы жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің бірлесіп жазған «Национальные аспекты обучения и воспитания, в Казахстане» атты кітапшасында қазақтың ұлттық тәрбиесі жөнінде мәселелер қарастырылған. Ә.Табылдиев қазақ этнопедагогикасын оқытудың әдістемесін, оларды білім беруде тиімді қолданудың негізгі аспектілерін көрсетті. С.Ұзақбаева «Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрлері», «Тамыры терең тәрбие» атты ғылыми-теориялық еңбегі. Р.Төлеубекова «Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика» деген ғылыми-практикалық еңбегінде қазақ халқының халықтық педагогикасы – бала тәрбиесінің негізгі құралы екенін баян етті. Бұл еңбекте қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі ерекшеліктер жан-жақты баяндалып, сол ұлттық тәрбиені өмірде қолдану жолдары көрсетілді. Мұнда, көбінесе, халықтың салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәнін ашу жолдарын көрсете білу мақсаттары көзделді. С.Ғаббасов «Ізгілік әліппесі», «Халық педагогикасының негіздері» атты еңбектерінің де ұрпақ тәрбиесінде рөлі ерекше. Қ.Бөлеев «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау» атты ғылыми-практикалық еңбегінде қазақ мектептерінің болашақ мұғалімдерін оқушуларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындаудың теориялық негіздерін жүйелеп көрсетті. К.А.Оразбекова «Иман жєне инабат», «Жеке тұлғаның ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері» атты еңбектері арқылы қазақтың халық педагогикасының жеке тұлғаны қалыптастырудағы ерекше рөлін жан-жақты дәлелдеп, қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі әдептік (этикалық) үрдістердің белгілі нұсқалары алтын арқауы екенін дәлелдеді. Қазақ халқы бала тәрбиесімен арнайы айналысатын қоғамдық орындар (балалар бақшасы т.б.) ашпаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезіннен бастап-ақ, өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ тәрізді мәтіндік ұлағаттармен санамақ, жаңылтпаш сияқты ойындар арқылы тәрбиелеп отырған [1;2;3].
«Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы - өз тәжірибесі. Екінші, әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесі, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Жоғарыда айтылғаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болу ғана жетпейді екен. Бұлар бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы, жаманын, алтын мен мысын айырып ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсу үшін тәрбие пәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек» (М.Жұмабаев) [4].
Осы айтылған ойдан түйетініміз баланы тәрбиелеу үшін тәрбиешінің өзі тәжірибелі және ұлт тәрбиесін жетік білуі керек дегені, яғни теория мен практиканы байланыстыру қажет. Тек осы ойдың түпкі мағынасын түсіне білу қажет тәрізді.
Сонымен, халықтық педагогика – халық шығармашылығында көрініс тапқан, тәрбие ісіне тікелей не жанама қызмет ететін халық шығармашылығының тереңінен шыққан тәрбие саласындағы түсініктері, көзқарастары, пікірлері, сенімдері, дағдылары мен тәсілдері. Көптеген халықтық әдет-ғұрыптар, мейрамдар, салтанаттар өзінің сезімді мәнерімен, эстетикалық реңділігімен жастарға гуманистік тәрбие берудің қолайлы және тиімді құралы болды. Халықтық педагогиканың халықтық сана ретінде дамуы, тәжірибелер мен дәстүрлер жинақтауы негізінен қоғамдық тәрбие жүйелері әлі өмірге келмеген тарихи кезеңге жатады. Демек, табиғат және еңбек – халықтық тәрбиенің қозғаушы күштері, жетілген адам тұлғасы жайлы түсінікті туғызушы факторлар. Табиғат педагогикалық процеске саналылық элементін енгізді, жетілу жайлы ойды кеңейтті.
Халық ұғымындағы тұлға – халықтың тәжірибесі негізінде қалыптасқан. Тұлғаның қалыптасуына ықпал жасаған – халықтың өзіндік әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық мінездері, әлеуметтік сезімдері, көңіл-күйлері, адами қасиеттері, ойлары, талап-тілектері, халықтың әлеуметтік психологиясы танымы, қоғамдық өмірдегі жағдайлар т.б. Жетілген адам тәрбиелеудің халықтық бағдарламасы көпқырлы және жан-жақты. Және оны жүзеге асырудың арнай құралдары бар. Жасұрпақтың тұлғалық бейнесін қалыптастыруға бүкіл халық өмірі ықпал етеді. Адамды жетілдіруде халықтық тәжірибе қолданылды: халық ауызекі шығармашылығы: ертегі, мақал т.б.; салт-дәстүрлер, ырым-тыйымдар, мейрамдар т.б.
Халықтық педагогика ғасырлар бойы қалыптасып, шыңдалған сенімді де құнды құрал болып қала бермек. Бүгінгі күні ол жас ұрпақ тәрбиесінде белсенді қолданысқа ие және берері мол қазына.
Әдебиеттер:
1. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995.
2. Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. Этнопедагогика. – Астана, 2010.
3. Мұқанова Б., Ильясова Р. Этнопедагогика. – Астана, 2008.
4. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы, 1992.
Достарыңызбен бөлісу: |