Лекция 1
Кіріспе. Химия пәні.
Жоспар
А) Химия пәнінің маңызы
Б)Халық шаруашылығындағы маңызы
Материя объективтік шындықты бейнелейтін философиялық категория, материя біздің сезім мүшелерімізге әсер етіп сезім тудырады, бейнеленеді. Материя негізінен екі формада – зат және өріс түрінде іске асырылады. Материя деген түсінікті затпен біріктіруге, бірлестіруге болмайды. Зат – белгілі бір массасы бар болатын бөлшектердің (атом, молекула, электрон және т.б.) тұрақты жиыны болып табылады. Өріс дегеніміз – тұрақты массасы болмайтын кванттардың гравитациялық немесе электромагниттік ағыны. Зат пен өріс теңбе-тең бола алмайды, дегенмен зат бөлшектерінің әрекеттесуі өрісте іске асады.
Материя қозғалыспен тығыз байланысты. Қозғалыс материяның өмір сүру формасы. Химия – материя қозғалысының химиялық формасын зерттейді, нақтырақ айтқанда заттардың түзілуі мен ыдырауын қарастырады.
Химия негізінен элементтерді және олардың қосылыстарын зерттейді. Барлық элементтер (көміртегінен басқасы) мен олардың қосылыстарын зерттейтін химияны бейорганикалық немесе анорганикалық химия дейді.
Қазіргі кезде химиялық синтез әдісін пайдаланып табиғи пайдалы қазбалармен бірге кездесетін қосалқы газдардан органикалық және бейорганикалық химия өнімдерін өндіреді. Әсіресе химия өнеркәсібінде технологиялық процестерді жақсарту және жаңа технологиялық әдістерді іске қосу, өнімдердің шығынын, сапасын арттырумен бірге қоршаған ортаны қорғауға да зор пайдасын тигізіп отыр. Қазіргі кезде химиялық әдістерді пайдаланып өнеркәсіпке қажетті аса таза заттар алу өндірістік мөлшерде жүзеге асырылады.
Халық шаруашылығына қажетті қара және түсті металдарды олардың қосылыстарынан тотықсыздандырып алу тек химиялық реакциялардың негізінде жүреді.
Химиялық реакциялардың негізінде химиялық өнімдер: күкірт қышқылы, азот қышқылы, тұз қышқылы, сілтілер, сода, сабын, резеңкелер, пластмассалар, каучуктер, жасанда талшықтар, мұнай өнімдерін өндіру, сонымен бірге ауыл шаруашылығына қажетті калий, азот, фосфор тыңайтқыштарын және микротыңайтқыштар, гербицидтер т.б. өндіру іске асырылады.
Химиялық реакцияларды пайдаланып, дәрі-дәрмектер, тау-кен жұмысына қажетті қопарғыш заттар өндіреді. Бір ғана мұнайдың өзінен 20 мыңнан астам, ал таскөмірден одан да көп органикалық және минералдық заттар алынады. Химия жетістіктерін пайдаланып қазіргі химия өнеркәсібі 50 мыңнан астам халық тұтынатын өнімдер өндіреді.
Соңғы кезде зор көңіл бөлініп отырған қоршаған ортаны қорғау мәселесінде химияның алатын орны ерекше. Өндірістік суларды (металлургия, химия т.б. өнеркәсіптердің) тазарту ауа және су тазалығын сақтау және бақылау, қалдықсыз жұмыс істейтін өндірісті жүзеге асыруда химия ғылымы мен өнеркәсібінің маңызы зор.
Химия ғылымы күрделі даму кезеңдерін өткерді. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV ғасырда өмір сүрген грек философы Демокрит барлық заттар бөлінбейтін – атомдардан тұрады деген пікір айтқан, бірақ бұл пікір тәжірибеге негізделмеген жалпы жорамал еді.
Бірақ материяның атомдардан тұратындығы туралы Демокриттің болжамы көп уақыт ұмыт болып қалды да, оның орнына Аристотельдің (384-332 б.ж.с.д.) элементтер теориясы қабылданды, ол шіркеудің қолдауының арқасында 17 ғасырдай өмір сүрді. Бұл теорияның негізгі мәні жоғары бір күштің әсерінен бір элементті басқа бір элементке айналдыруға болады деп есептеді.
Осы теорияның негізінде әрекет еткен орта ғасырлық химия – алхимия (химияның арабша аты) деп аталды. Алхимия дәуірі шамамен ІV ғасырдан ХVІ ғасырға дейін созылды. Алхимиктердің ғылыми бағыты теріс болды. Олар Аристотельдің теориясына тым сене отырып, жай металдарды алтынға айналдыратын «ғажайып философиялық тасты» іздеп әуре болды. Бірақ алхимиктердің еңбектері мүлде босқа кеткен жоқ., олардың «философиялық тасты» іздеу мақсатында жүргізген тәжірибелерінің нәтижесінде көптеген металдар, қышқылдар, тұздар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттар т.б. алынды.
Алхимиктердің теріс бағытын көптеген ғалымдар ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қатты сынады.
Ғылыми химия М.В.Ломоносовтың (1711-1765ж) еңбектерінен басталады. Ол зат массасының сақталу заңын ашып (1748ж) , атом молекулалық ілімінің негізін салды.
Орыстың ұлы ғалымы Д.И.Менделеевтің еңбектерінің химия ғылымын дамытудағы маңызы орасан зор. Ол 1869 жылы аса маңызды табиғат заңы – периодтық заңды ашып, химиялық элементтердің ғылыми жүйесін жасады. Өзінің “Химия негіздері” еңбегінде ол бірінші рет химияны периодтық заң негізінде баяндады. Д.И.Менделеев көп жылдық еңбектерінің нәтижесінде ерітінділердің химиялық теориясын жасады.
Химия ғылымын дамытудағы А.М.Бутлеровтың, Н.Н.Зининнің, А.А.Воскресенскийдің, Е.А.Фаворскийдің, И.С.Курнаковтың, Л.А.Чугаевтің, Г.И.Гесстің және т.б. еңбектері зор болды. Химияның өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, тұрмыста, мемлекеттік қорғаныс ісінде маңызы өте зор. Қазіргі кезде химияны қолданбайтын бірде-бір өндіріс саласы жоқ десек артық емес. Қазан төңкерісіне дейін Ресейде химия өнеркәсібі нашар дамыды. Сондықтан көптеген химия өнімдерін, мысалы, азот, фосфор, калий тыңайытқыштарын, резеңкені, түсті металдарды, бояғыш заттарды, дәрі-дәрмектерді сол сияқты тағы басқа заттарды шет елдерден алып тұрды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жаңа отандық химия өнеркәсібін жасауға және оны табиғи шикізаттармен, электр энергиясымен, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарымен және маман кадрлармен қамтамасыз етуге зор көңіл бөлді. Соның нәтижесінде Кеңес Одағы химия өнімдерін өндіруде дүние жүзінде екінші орынға шықты.
Қорытынды: Химияландыру дегеніміз – халық шаруашылығының барлық салаларында химиялық материалдарды, өнімдерді, химиялық технология әдістерін біртіндеп және қарқынды енгізіп отыру. Химияландыру өндірісті жеделдетуге, еңбек өнімділігін арттыруға және оның тиімділігін көбейтуге жағдай жасайды. Химияландыру экономиканың, мәдениеттің, тұрмыстың өскелең тұтыну мұқтаждығын қанағаттандырып отырады. Кешенді механикаландыру, автоматтандыру, электрлендірумен бірге химияландыру халық шаруашылығындағы ғылымитехникалық прогрестің маңызды бағытына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |