Әдістемелік нұсқаулықтар:
Студенттердің пікірлерін талқылау, ұсыныстар мен нұсқаулықтарды енгізу.
Материалды жүйелеу, семинар сабаққа әзірленуге қажетті ақпараттарды өз алдына іздеу дағдысын қалыптастыру;
Сабаққа жүйелі дайындалуды, тапсырманы орындауда жауапкершілікке тәрбиелеу.
Өткізу формасы: сұрақ-жауап
Бағалау критерийлері:
А.Байтұрсынов енгізген төте жазудың ерекшелігін түсіну;
Емлені тұрақтандырудың қажеттілігін ұғыну;
А.Байтұрсынұлы реформалаған қазақ әліпбиінің ережелері мен принциптерін білу.
Әдебиет: 5,13,20,32,40
№11 семинар сабақтың тақырыбы: Қытай қазақтары тіліндегі төте жазу ерешеліктері
Негізгі сұрақтар, тапсырмалар:
Қазіргі Қытай қазақтары тіліндегі төте жазудың Байтұрсын әліпбиінен айырмашылығы.
Әліпби мен емлеге байланысты басты өзгертулер
Қазіргі Қытай қазақтары әліпбиі
А.Байтұрсынұлының әліпбиі бүгінде Қытай қазақтары жазба коммуникацияс ында қолданылады. Бұл туралы проф. С.Жанболаттың сөзін тыңдасақ: «1924 жылы Орынборда өткізілген қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш сиезі ресми қабылдаған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ алфавиті Қытайда тұратын қазақтарға оңды да күшті дүмпу жасаған, оны «Жаңңа әліп-би», «Жаңа емле», «Байтұрсын емлесі», «А.Байтұрсынов әліппесі» деген аттармен » Қытайға тез жетуінен, 1925-1926 жылдарда Құлжа, Шәуешек, Сарысүмбезе (Алтайда), Үрімшіде көзі ашық зиялылардың үйренгенінен байқауға болады, он жыл өткен соң, бұл әліппе айтылған қалаларда жаппай ашылған мұғалімдер курстарында ресми сабақ ретінде оқытылады, тіпті «Әліппе астары» (авторы К.Дүйсенбаев, Алтайда), «Жаңа әліпби» (Құлжада), «Әліппе» (Шәуешекте) дейтін оқу құралдары басылып шыққан. Кей басылымдар, мысалы «Таң» дейтін журнал 1938 жылы Үрімшіде осы әліппемен қазақша шығармалар жариялай бастады.
А.Байтұрсынұлының жаңа әліппесі мен жаңа емлесінің Шыңжаңдағы қазақтар арасында талассыз қабылдаған ерекшеліктері мыналар болды:
1) Көне араб алфавитіндегі ث ,ذ ,ع, خ қатарлы таңбалар мен парсылар қосқан ژ сияқты әріптерді қазақ тілінде қажетсіз деп шығарып тастау;
2) Қазақ тіліндегі дауысты дыбыс үшін 5 әріп ه , ى , ؤ , و , ا қабылдап, тіл алды (жіңішке) дауыстыларын дәйекше (ء) арқылы (мысалы: ئ , ء ؤ , ء و , ء ا түрінде) тіл арты дауыстыларын парықтау. Сөз басындағы дәйекше былайғы барлық буынды жіңішкерте алады, табиғи жіңішке ه мен жіңішке буындарда келетін گ , ك әріптері бар сөздерге дәйекшені (ء) қажетсіз деп тану;
3) Қазақтағы у мен и әріптерін дауыссыз дыбыстардың таңбасы ретінде қарау, буын құрағанда қосар әріптермен (ұу, үу, ый, ій түрінде) жазу ي ,ق таңбаларына екі міндетті қоса міндеттеу, дауысты қ, ң, ғ, һ болғанда қос нүктені қойма, дауыссыз болғанда қос нүктені қою;
4) Дауысты дыбыстарды жазбай, жазылмаған әріптерді қоса, жазылғанын оқымай кететін немесе бір дауысты бірнеше әріппен жазатын, бір әріпті бірнеше түрлі оқитын көне дағдыларды тастау. Біздіңше, яғни А.Байтұрсынұлының төте жазуына бүкіл әлемде ең соңғы мұрагер болып отырған Қытайда тұратын қазақтарында, А.Байтұрсынұлының «Тіл құралын» араб әліппесі негізіндегі қазіргі қазақ жазуының алғашқы ережесі десек болады».
Қытайда Ахмет Байтұрсынұлының әліппесін алғаш қабылдағаннан қазірге дейін қазақ жазуы мен емлесіне жиыны 7 рет өзгертулер енгізілген. Ал 1954 жылғы әліпбиде дәйекшелі әріптер есептелмейді. Дәйекше «жіңішкелік белгі» деген атпен бір орын алды. Сонда әріп саны дәйекшемен қосқанда – 30. Және қ, ң, ғ, һ әріптері сыңарларының қасында емес, әліпби соңына тізіледі.
Ал 1984 жылғы емле түзетуінде 33 әріп ретімен беріледі.
Біразға дейін талас тудырып келген «у» мен «и» дыбыстары қазір дауыссыз фонема деп танылады. Бұл туралы Мыркамал Жалелқанұлының 2010 жылы жариялаған мақаласынан оқуға болады.
Байтұрсын емлесі Қытай қазақтары арасына, Шыңжанға тарағаннан кейін шет тілден енген (араб, парсы және еуропа тілдерінен) сөздерді дұрыс жазу үшін х, һ, ф, ч әріптерін қазақ алфавитіне қабылдау-қабылдамау туралы дау болған. Бірсыпыра оқымыстылар және баспа орындары өз еңбектерінде осы әріптерді қолданып та жүрді. 1944 ж. саяси репрессиядан кейін қазақ-қырғыз ұйымының бір жиналысында жоғарыдағы 4 әріпті қабылдау мақұлданады.
Оның бір себебі Қазақстан қазақтарының өз тектеріне «ов», «ев»- орыс жұрнағын жалғап жазуына байланысты еді. Фамилиядағы в әрпін жазу ыңғайсыздық әрі күлкілі жағдай туғызды. Мысалы, М. Әуезовті М. Әуезоу деген сияқты. Осыған байланысты Әнуар Көкей 1954 жылғы емлеге в әрпін енгізді.
Сол сияқты Қытай қазақтары емлесінде “ұ” мен “у” дың қосамжарласып жазылуы да таластың басы болған. Оқұу / оқыу / оқу нұсқаларының қайсысын таңдау қиын еді. Әнуар Көкей еріндікпен емес, езулікпен жазуды ұсынған: (оқыу, тоқыу). Сондықтан ол «Әнуар Көкей» емлесі деп аталған.
Кейін 1954 жылы 27 шілдеде Шыңжаң өлкелік халық үкіметі:
«1) Қазақ әрпіндегі қосар ұу-дың орнына, бір әріп «у» алынсын;
2) Қазақ тіліндегі қосар «ый» әрпінің орнына жеке «и» қолданылсын;
3) Орыс және басқа ұлттардың тілінен енген сөздерде жазылатын жаңа әріп «в» енгізілсін», - деп қаулы шығарды.
Ә.Көкейдің еңбегі туралы жазушы-профессор, дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа мүшесі Солтан Жанболат былай дейді: «... Ахаңның төте жазуына жуңгө қазақтары ішінен екінші рет өмір беру, әмбе оның сәтті де өміршең болуы үшін оны тағы да реформалай түсу, бүгінгі өзіміз әлі де өолданып жүрген күйге әкелу қажет болды. Міне, осы іргелі істі тындырып, зор тарихи үлес қосқан адам «Әнуар Көкейұлы ақсақал болатын ».
Сөйтіп, 2001 ж. соңғы түзетуден бері әліпбиде 34-таңба бар делінді. Оның соңғысы – дәйекше деген атпен жіңішкелік белгісі. Ал фонема саны – 33, оның 9-ы дауысты, 24-і дауыссыз деп табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |