Пысықтау сұрақтар:
1. ХХ ғасыр басындағы қазақ ілінің саяси, әлеуметтік жағдайы және ұлттық мәдениеттің даму бағыттары
2.Ұлттық баспасөздің тарихынан мәлімет
3.Қазақ кітаптары, олардың авторлары мен шығарушылары туралы мәлімет
Әдебиеттер:
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – Алматы: Ғылым, 1994жыл.
Қазақ әдеби сынының тарихы. Кәкішев Т.- Алматы.: Санат, 1994 жыл.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы;Санат, 1994жыл.
Дәріс-2.
Тақырыбы: Діни ағартушылық бағыттағы ақындар. Шәді Жәңгірұлы (1865—1931 жыл.)
Мақсаты:
1. Кіріспе.
2. Ақынның өмірбаяны.
3. Ақынның шығармашылығымен таныстыру.
Қаралатын мәселелері:
1.Шығармашылық өмірбаяны. Шығыс әдебиетінен хабардарлығы. 18 дастан жазғаны
2.Халықты ояту, білім беру мәселелерін көтеруі.
3.Имандылық, ағартушылық идеяда бірқатар шығармалар жазғандығы
4.Діни аңыздарды пайдалану.
5.«Атымтай Жомарт» туындысы
Қазақтың XX ғасыр басындағы азды-көпті өлең жазып, кітап бастырып, халық арасында атағы шыққан, шығармааларында ағартушылық бағыт, көзқарас ұстаған ақын-жазушылары: Ақмолла Мұхамедияров (1839— 1895), Әбубәкір Шоқанов-Кердері (1858—1912), Мақыш Қалтаев (1865—1916), Нұржан Наушабаев (1859— 1919), Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1857—1931), Шаһді Жәңгіров (1865—1931), Жаяу Мұса Байжанов (1835—1929), Мұсабек Байзақов (1849—1932), тағы басқалар.
Бұл ақын-жазушылар тек мұсылманша, хадимше оқыды. Бұхара, Қазан, Троицк, Ташкент, Уфа, Орынбор секілді шаһарлардағы мұсылманша мектептер мен медреселерді бітірді. Мұсылманша орта, жоғары дәрежелі білім алды. Қейбірі тіпті көп оқып ғұлама болды. Ме-кеге барып қайтты. Қажы атағын алды.
Сондай-ақ, бұл ақын-жазушылардың көпшілігі ауылдық, болыстық, уездік жерлердегі мектептер мен медреселерде молда болып істеді. Әншейін жаназа, намаз шығаратын молда болған жоқ, мектеп, медресе ұстап, бала оқытып, халықты оқытты, ағартушылық қызмет атқарды.
Бұл ақын-жазушылардың біразы серілік құрып, халық арасында өлең айтып, ән салып, жыр шығарып, кітап оқып беріп жүрді. Халыққа ағартушылық ниетпен қызмет істеді.
Ағартушы ақын-жазушылардың көрген-білген, оқып рухани нәр, азық, өнер, үлгі алған мәдениеті, әдеби мектебі Шығыс (түрік, азербайжан, өзбек, түрікпен, қазақ, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, татар) халықтарының ертедегі әдебиеті мен мәдениеті және араб, парсы әдебиеті болды. Бұлар — шығыстық тәлім-тәрбиелі өнер дәстүрлі ақындар.
Ағартушы ақын-жазушылардың негізгі шығармалары заман, халық, дүние-тірлік туралы, халықтың тұрмыстық, әлеуметтік хал-жайы, мұң-тілегі туралы. Олар бұл шығармаларында ескіліктің, феодалдық қоғамның кей жағын сынап-мінейді, жақсыны, жаңаны дәріптейді. Халықты оянуға, ілгері ұмтылуға, мәдениетке үндейді.
Ағартушы ақын-жазушылардың бір сыпырасы шығыстың, қазақтың бұрынғы әйгілі, үлгілі ертектері мен аңыз әңгімелерін, бұрынғы белгілі ақын-жазушылары мен ақыл-ой кемеңгерлерінің шығармаларын, сөздерін назира жөнімен жырлау болып келеді. Оларда ізгілік, адамгершілік мадақталады.
Ағартушы ақын-жазушылардың шығармалары, бір жағынан, көне шығыс әдебиеті дәстүрінде, екінші жағынан қазақтың бұрынғы әдебиеті дәстүрінде қисса, дастан, мысал, назым, өлең, жыр болып келеді. Оларда ескі, діни кітаби сөздер көп кездеседі. Әсіресе назиралық шығармаларда шағатай тілі деп аталған ежелгі түрік әдеби тілінің әсері мол.
Шәді Жәңгіров өте көп оқыған адам. Ол өзі Ташкентте, Бұхарада оқыған, араб, парсы және түркі тілдерін жетік білген. Бүкіл Шығыстың бұрын-соңды тарихын, өнер-ғылымын, әдебиетін, ақын-жазушыларын жақсы білген ғалым ақын.
Ш. Жәңгіров орыс халқының тарихын өз бетімен окып үйренеді, соған байланысты қазақ халқының тарихын сан рет ой елегінен өткізіп, ол жөнінде ағартушылық пікірге келеді, оларды тарихи дәл түсініп, ғылыми тұрғыдан бағалайды. Тегі Шәді Жәңгіров — оқығаны да, тоқығаны да көп, жан-жақты білімді адам, тарихшы-ақын.
Шәдінің бүкіл өмірі өлең шығару, кітап жазып, бастырумен, қазақ арасында қисса-дастандар оқып берумен өткен. Ол өзінен кейінгілерге мол, құнды әдеби мұра) қалдырған шығармалары кезінде халық арасында қолжазба күйінде де, кітап болып та кең тараған, талай-талай өнерпаз қауымға ақылшы аға бола білген үлкен ақын.
Шәді Жәңгіров барлығы үлкенді-кішілі 18 дастан- поэма, қисса-хикаят, бірсыпыра өлең-жыр жазып, бастырған. Бұлардан басқа, ақынның өз қолжазбасы күйінде бізге жеткен көлемді бір дастаны («Тарих-нама») бар. Ел аузында сақталған шағын өлеңдері де аз емес.
Сонымен Шәдінің әдеби мұрасы—100 мың жолдай кең-жыр. Осының 75 мыңдай жолы ақынның көзі тірсінде түрлі қалаларда басылып шыққан.
Шәді Жәңгіров қоғамдағы барлық кемшіліктің — экномикалық және мәдени мешеуліктің бірден-бір есебі қазақ халқының қараңғылығынан, надандығынан, өнер-ғылымнан кейін қалғандығынан деп білді. Осындай мешеуліктен құтылудың, надандықтан арылу, қараңғылықтан шығудың жалғыз жолы — халық.
Қараңғылықтан ояту, мәдениетке шақыру, оған білім беру деп түсінді. Сол себепті Шәді халықты —«заманаға саз болу, өнер-білім үйренуге» үндейді. Шәді осы мақсатпен өрлеу, өркендеу, ерлік тарихын зор шабытпен жырлайды, оны қазақ еліне үлгі етіп көрсетеді. Яғни, Шәді Жәңгіров өз шығармаларында сол кезең қоғамдық, әлеуметтік мәні зор, соны тақырыптар гуманистік және ағартушылық идеяны жырлады.
Халықты отырықшы ел болуға, өнер-ғылымға, адалдыққа, жаман мінез-құлықтан аулақ болуға шақырды.
Шәді шығармаларындағы гуманистік сарындар, әсіресе оның шығыстық сюжет негізінде жазған дастандарында басым. Шығыс үлгілі әдебиетінің назирагөйлік дәстүрімен жазған туындыларында ол адам бойындағы ең асыл қасиеттерді: ой-сана, ізгілікті, туған жерге деген ыстық махаббатты, сүйіспеншілікті жырлады. Адамның осындай абзал қасиеттерін барынша мадақтады, ардақтады, адамды өмірдегі бар тіршіліктің қозғаушы күші, бүкіл әлемнің кіндігі етіп көрсетті.
Рас, Шәді әуелгі бірқатар шығармаларын діни көзқараста жазды, өйткені өз заманынын, оқымысты адамы, тарихшысы болған ақын қоғамтанудың кейбір мәселелері бойынша діни көзқараста еді. Сонын, өзінде Ш. Жәңгіров исламды идеал етуші емес, дінді дәріптеуші емес, дінді жан тазалығы деп қараушы.
Шәді — өзінің өмір сүрген ортасымен, өз оқушыларының талғам-түсінігімен санаса білген ақын. Ол халық арасына ілгерішіл, прогресшіл сол кез үшін озат болған пікірлерді тарату үшін діннің беделін пайдалана білген ақын.
Мәселен, Шәді кейбір діни аңыз-әңгімелердің оқиға желісін пайдалана отырып, діншіл адамдарды —«құдайдың өкілдерін», араб-парсы тілдеріндегі діни кітаптарды мән-мағынасын мүлде түсінбесе де жаттап алып дінге қалтқысыз сенетін ишан-молдаларды, надан діншілдікті, діни қараңғылықты сынады.
Шәді өзінің өнер-ғылым, ой-сана, адамгершілік, әділеттілік жөніндегі имандылық пікірлерін кейде дін; сөздермен астарлап та айтады, яғни ақын өзінің, ғылыми, прогресшіл пікірлерін дәлелдеу үшін кей жағдайда діни сөздерді, деректерді, аңыздарды пайдаланады. Өздерінің ілгерішіл ой-пікірлерін осылайша дін сөздермен бүркемелеп, нәзік ишарамен астарлап айту әдісі кезінде Шығыс классикалық әдебиетінде едәуір орын алып келгені мәлім. Бұл әдісті Шәді де өз шығармаларында қолданған дамытқан ақын.
Шәді ақын ретінде есейіп, өскен шағында исла дінінін, көптеген заңдарына, тәртіптеріне сын көзбен қарады. Діни қараңғылықты сынады, дүмше иша молдаларды әжуа етті. Діни, сүйіспеншілік мәселесіі діншілдер сияқты емес, мүлде басқаша қарайды, махаббат жайын имандылық тұрғыда қарап талқылайды Шәдінің дүниеге көзқарасының негізі, орталық мәселесі — адам, әлемдегі орталық жақсы нәрсе осы адам үшін, соның игілігі үшін, соған қызмет ету үшін жаратылған деген идея. Ол адалдық, уәдеге берік болу, туған жерді сүю, бауырмал болу — адамгершіліктің өлшемдері дегендей пікір айтады. Сондықтан Шәді — діншіл емес, дінді ғылым ретінде игерген ілгерішіл, прогресшіл, оқымысты ақын.
Шәді өзінің гуманистік, ағартушылық бағыт-бағдарын, прогресшіл ой-пікірін Шығыстан алған тартымды сюжеттеріне ;жаңа идеялық-көркемдік, жаңа мазмұн беру арқылы танытты. Ол жалпы адамгаршілік пен махаббат сырын жалаң жырламай, сүйіспеншілік пен адамгершілік қасиеттерді үлкен әлеуметтік ахуал дәрежесіне көтеріп, бұл мәселелердің әлеуметтік астарын ағартушылық тұрғыдан аңғартады.
Шәді өзінің бірқатар шығармаларында адам хақы, әйел еркі, өнер-ғылым, отырықшы ел болып, қалалық тұрмыс құру мәселелері жөнінде ілгерішіл, ағартушылық пікір айтты.
Назира дәстүрін жете меңгерген Шәді ақын өзінің гуманистік, ағартушылық идеяларын оқушысына тартымды, әрі түсінікті етіп жеткізу үшін Шығыс үлгілі әдебиетінде кең тараған қызықты сюжет, дәстүрлі тақырыптармен бірге, халықтың фольклорлық қазына-сын — түрлі ертегі, аңыз-әңгімелерді де зор шеберлікпен, үқыптылықпен пайдаланды. Соның нәтижесінде ол ауыз әдебиетінің бірқатар үлгілерін жазба әдебиетке . енгізді.
Шәді — Шығыстың классикалық поззиясындағы гуманистік, ағартушылық ой-пікірлерді, үлгілі әдебиеттегі халықтық сарындарды шығармашылықпен меңгерген, әрі орыс әдебиетінің озат, ілгерішіл идеясымен де азды-көпті таныс болған, осы әдебиеттердің ең жақсы дәстүрі негізінде мазұны бай, композициясы жинақы, көркем, қолтума шығармалар жазған, дарынды ақын. Шәді дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың Шығыстық үрдісі — нәзирагөйлікті жан-жақты меңгерген, оны қазақ топырағына лайықты етіп белгілі дәрежеде дамыта түскен ақын. Ол дәстүрлі тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды бетке ұстай отырып, мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті тұрғысынан мүлдем жаңа, тың, көркем шығармалар жазды. «Навым чәһар дәруіш», «Хикаят Орқа — Күлше» сияқты дастандары, сондай-ақ, «Хикаят Камарзаман», «Бес қатынның хикаясы», «Хикаят халифа һаран-ар Рашид», «Қаруының жер жұтқан оқиғасы» тағы басқа шығармалары осындай назирагөйлі әдісімен жазылған, қол-тума, күрдеді, мазмұны жағынан әрі қызықты, композициясы жинақы, тілі жатық, көріктеу құралдары тұрғысынан мүлдем жаңа туындылар.
Шығыстың классик ақындары, әдетте, өз дастандарын тікелей оқиғадан бастап кетпей, шығарманың идеясы мен мазмұнын кітап оқушысына алдын-ала бір шама аңғартатындай кіріспе-тезистер айтумен бастайтын болған. Мұндай тезистерде ақын өзінің қандай мә- селелерге көбірек тоқталатынын, оқушысына қандай өсиет айтып, қандай насихат бергісі келетінін қыскаша ескертіп отырған. Көбіне дерлік түрлі әлеуметтік мәселелер, ақыл-ой, адамгершілік, ғылым-өнер, әдептілік нормалары, махаббат жайлы автордың пікірі айтылатын. Осындай кіріспелеір жазу дәстүрін Шәді ақын да өз шығармаларында кеңінен қолданған.
Шәдінің бірқатар дастандарында ғашықтар жас кезінен бірге өсіп, бірге тәрбиеленеді, бірге мектепке барып, екеуі де бірдей білім алады деп баяндалады. Ғашықтардың осылайша бірге өсіп, бірге тәрбиелену мотиві де Шығыс классикалық әдебиетінде кең тараған дәстүр болған. Мәселен, Орқа мен Қүлшеде, Тахир мен Зухра сияқты, бір күнде туып, бірге тәрбиеленіп, екеуі де бір мектепке барып бірдей білім алады.
Гуманизмнін, күшті көріністерінің бірі — халықтың әділ, білімді, ақылды, мейірімді, жомарт патша жөніндегі арман-тілегі. Ғасырлар бойы қатал қанауда, бұғауда болып, сан түрлі зорлық-зомбылық көріп келген халық, ел билеушілердің әділ, парасатты, мейірімді болуын армандады.
Дәл осындай сарынды Шәді шығармашылығынан да аңғаруға болады. Мәселен, колына кетпен алып, қарапайым диқанмен бірге бау-бақша суаратын Қамарзаман, үстіне қайыршының киімін киіп, түн ішінде ел кезіп өз халқынын, хал-жағдайын біліп отыратын һарон Рашид, күні-түні ғылым-хикмет кітаптарын ақтарып, халқына ақыл айтып отыратын Азатбақыт халықтьщ әділ патша жөніндегі арман-тілегінен туған бейнелер.
Сонымен бірге Шәді Шығыс саз зергерінің сан түрлі көріктеу, бейнелеу құралдарын — образ жасау тәсілідерін, әдеби теңеулерді, әрбір сөзді астарлап, құбылтып қолдану жолдарын, өлең жүйесін, тағы басқаларды зор шеберлікпен, шығармашылықпен пайдаланды. Дәстүрлі бейнелеу тәсілдерін қазақ топырағына лайықты, өз оқушыларына жақын, түсінікті етіп қайта тудырды.
Осындай дәстүрлі бейнелеу құралдарының бірі: қып-қызыл ерінді — қызғалдаққа, қиылған қасты — садаққа, сұлудың кірпігін — жайдың оғына, жүректі — қорамсаққа ұқсату. Шәді мұндай дәстүрлі теңеулерді творчестволықпен пайдаланады, акын әр жолы теңеулердің бояуын өзгертіп отырады, өз стиліне сай етіп, оларды жаңғыртып, қүбылтып қайталайды. Шәді үлгілі әдебиетте кең тараған «гүл — бұлбұл» ұғымына байланысты туған эпитеттерді жиі қолданады.
Фольклорлық шығармаларда да, классикалық поэзияда да оқтын-оқтын кездесетін бейнелеу тәсілдерінің бірі — ғашықтардың самал жел арқылы сүйгеніне сәлем айтуы болып табылады. Мұндай тәсілді Шәді ақын да кеңінен қолданған.
Сондай-ақ, Шәді халық ауыз әдебиетінде жиі кездесетін «Жұлдыздың ішіндегі ай секілді», «еріндері — қырмызыдай», «көздері жұлдыздай», «аузы оймақтай», «еріндері — қаймақтай» деген сияқты дәстүрлі теңеулерді зор шеберлікпен пайдаланады, бұл теңеулерге өзінше жаңа мән-мағына береді.
Шәді ақын өз қаһармандарының қайғы-қасіретте, үлкен бақытсыздыққа ұшырағандығын шегіне жеткізе, баса айту үшін «Бауырым қанға толды», «бауырыма бітпейтін түсті жара», «бауырым күйіп барады, жүрек майым еріді» деген сияқты фольклорлық теңеулерді өзінің ақындық стиліне сай етіп қолданады.
Шәді өз шығармаларын негізінен қара өлең, жыр үлгісімен жазды. Ол әсіресе қара өлең үлгісін көбірек колданады. Ақын өлеңдерінің шумағы көбіне дерлік төрт тармақты, сегіз тармақты және көп тармақты. Ол негізінен ақсақ ұйқасты, шінара ерікті ұйқас үлгілерін олданған.
Қысқасы Шәді Жәңгіров қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, Шығыс классикалық поэзиясының, орыс әдебиетінің жақсы дәстүрлерін меңгерген, ізгілікті, адамгершілікті жырлаған, прогресшіл ағартушы бағыттағы ақын дейміз. Ол тек назирашы ақын ғана емес, сонымен бірге өз заманының күрделі мәселелерін жырлаған, өз жанынан жаңа туынды жасаған, көп құнды мұра қалдырған үлкен ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |