Дәріс 8. Ғылыми-психологиялық зерттеудегі психологиялық диагностика. 1. Психикалық құбылыстарды өлшеу.
2. Психодиагностикалық әдістердің валидтілігі мен сенімділігі.
3. Психикалық құбылыстарды өлшеу нәтижелерін жүргізу және бағалау процедураларын стандарттау мәселесі.
1. Психикалық құбылыстарды өлшеу. Ерте замандардан бері адамдар алуан түрлі индивидуалдық айырмашылықтарды сипаттау үшін реттелген жүйе қалыптастыруға тырысқан. Антикалық дәуірден біздің заманымызға дейін жеткен Теофрасттың «Характеры» (б.з.д. 372-287ж.ж.) еңбегінде көптеген адамдарға тән тұлғалық ерекшеліктердің көріну түрлерін сипаттайтын «типтер» көрініс тапқан. Ерте замандардан бері келе жатқан түрлі типологиялар ғылыми психодиагностиканың пайда болуына өз үлестерін қосқаны анық. Оның даму жолы Гиппократтың – темпераменттер типінен – оларды адамгершілік сипаттамалармен толықтырған Галенге дейін; одан соң темперамент қасиеттерін басқа психикалық үрдістерден бөліп қарастыруға тырысқан Кантқа дейін және ең соңында қазіргі заманғы типологияларды құрастырған Павлов, Кречмер, Шелдон және т.б. зерттеушілерге дейін жалғасады.
«Психодиагностика» термині 1921 ж. Герман Роршах құрастырған «перцепцияға негізделген диагностикалық тесттің» көмегімен жүргізілген зерттеуден кейін қолданысқа енді. Алайда бұл терминнің мазмұны кеңейе бастайды. Индивидуалдық айырмашылықтарды өлшеумен байланыстылардың барлығын психодиагностика деп түсіну қалыптаса бастайды.
Терминнің тағдырын әрі қарай зерттесек, Р.Хейс оның ерекше мағынаға ие болғаны туралы айтады (мүмкін ол 1930 жж. екінші жартысындағы психометрикалық тесттердің дағдарысымен байланысты шығар). Г.Роршахтан кейінгі психодиагностика – ол тұлғаны психодиагностиканың әдістемелерімен және жобалау тесттерімен зерттеу.
Психодиагностиканы жобалау әдістемелеріне жатқызу және оны психологиялық тесттің эквиваленті ретінде қолдану көбінесе неміс және швейцар психологтарының (Мейли, 1961; Хейс, 1966 және т.б.) жұмыстарында жиі қолданылған. Кеңінен танымал WEBSTER сөздігіне үңілейік: «Психодиагностика – ол клиникалық психологияның құралдарымен тұлғаға бағалау немесе психикалық ауытқушылықтарға диагностика жүргізу практикасы және ғылымы». Осы анықтаманы «Медициналық терминдердің энциклопедиялық сөздігімен» салыстырайық:
«Психодиагностика – эксперименталдық – психологиялық тесттер көмегімен аурудың психикалық ахуалын бағалау». АҚШ-тың ғылыми әдебиеттеріндегі басым ұстанымның Батыс елдеріне ықпалы өте зор. 1970 жж. дейін кез-келген психо-логиялық тесттерді құрастыру және қолданумен байланыс-тылардың барлығы, осы зерттеу бағытының нысаны анықталмаса да «психологиялық тестілеу» термині арқылы белгіленді (Анастазиді қараңыз, 1982).