Дәрістің мазмұны:
1 - сұрақ. Ішкі мүшелер жүйелерінің құрылысын зерттейтін ілімді СПЛАНХНОЛОГИЯ (splanchnologia; грек. Splanchnos – ішкі мүше; logos – ілім; лат. viscera) деп атайды. Ішкі мүшелер жүйелеріне: азық қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, аталық және аналық көбею мүшелер жүйелері жатады. Бұл жүйелердің ішкі мүшелер аталу себебі – бұлар негізінен дененің көкірек, құрсақ және жамбас қуыстарында орналасып, организмді қоршаған сыртқы ортамен дененің табиғи тесіктері (ауыз саңлауы, мұрын тесіктері, артқы тесік – анус, жыныс саңлауы, үрпі) арқылы қатысады. Ішкі мүшелер - жануарлар организмі мен қоршаған орта арасында үздіксіз жүретін зат алмасуды (қоректену, газ алмасу, зәр бөлу) және организмнің көбею процесін іс жүзіне асырады. Азық қорыту жүйесі (apparatus digestorius) – организмді қоректік заттар және сумен қамтамасыз етіп, азық қалдықтарын сыртқа шығару; тыныс алу аппараты (apparatus respiratorius) – оттегпен қамтамасыз етіп, көмір қышқыл газын сыртқа шығару; зәр бөлу жүйесі (organa uropoetica) – зат алмасу нәтижесінде түзілген ыдырау өнімдерін (протеиндік және азоттық алмасу өнімдерін, артық су, тұздар, дәрі-дәрмектер, улы заттар т.б.) зәр түрінде сыртқа шығару; аталық және аналық көбею мүшелер жүйелері (organa genitalia masculina et feminina) – жануарлар ұрпақтарының сақталуы мен ұдайы көбеюін қамтамасыз ету қызметтерін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |