Ерін (labia) – ауыз саңлауын шектейтін терілі-етті қозғалмалы мүше. Ерін үш қабықтан: ішкі - кілегейлі қабықтан (өз кезегінде екі қабаттан тұрады: ішкі – көпқабатты жалақ эпителий, оның астындағы борпылдақ дәнкер ұлпалық өзіндік тақташа), ортаңғы – етті қабықтан (ауыздың дөңгелек бұлшық еті) және сыртқы – теріден тұрады. Жоғарғы және төменгі еріннің (labium superius et inferius) ауыздың екі бүйіріндегі тоғысқан бұрышын езу (angulus oris) дейді, еріндердің кілегейлі қабықтарында тым майда интрамуральды еріннің сілекей бездері (glandulae labiales) болады. Еріннің терісінде жекеленген сезімтал түктер (pili tactilis) орналасады. Сиырдың жоғарғы ерінінен мұрын тесіктері аумағында мұрын-ерін қаңсары (planum naso-labiale), қой мен иттің жоғары ерінінде суағар сайы (philtrum) болады, ал шошқаның жоғарғы ерні түксіз талпақ танауға (planum rostrale) жалғасады.
Ұрт (bucca) – ауыз қуысының екі бүйір қабырғаларын шектейтін терілі-етті қозғалмалы мүше. Оның құрылысы теріге ұқсас, үш қабықтан: кілегейлі, етті (ұрт бұлшық еті) қабықтардан және теріден тұрады. Кілегейлі қабығында майда қабырғалық ұрт сілекей бездері (glandulae buccales) болады, ал азу тістерінің тұсында оның ішкі бетіне шықшыт сілекей безінің (papilla parotidea) өзегінің бүртігі ашылады. Сиыр, қой мен ешкі ұртының кілегейлі қабығында пішіні конус тәрізді механикалық қызмет атқаратын емізікшелер болады. Итте дорзальды ұрт сілекей бездері бет бездері (gl. zygomatica) деп аталады. Вентральды ұрт бездері болмайды.