Париетальды плевра орналасу орындарына қарай: қабыртқалық плевра (pleura costalis) және диафрагмалық плевра (pleura diaphragmatica) болып бөлінеді. Оң және сол қабыртқалық плевралар көкірек омыртқаларының төменгі бетінде бір-бірімен түйісіп, қосқабаттанып, көкірек омыртқаларынан төссүйекке қарай төмен бағытталады да, көкірек қуысының ортасымен өтіп, орталық пердені (mediastinum) құрайды. Орталық перде плеврасының (pleura mediastinalis) жүрекқапты (перикардты) қаптаған бөлігін перикардиальды плевра (pleura pericardiaca), ал кеңірдек пен бронхтарды сыртынан қаптап, оң және сол өкпеге өтіп, өкпелік плевраны (pleura pulmonalis) түзеді. Орталық перде, перикардиальды және өкпелік плевралар висцеральды плевраны құрайды.
Париетальды және висцеральды плевралар арасындағы саңлау тәрізді қуысты плевральды қуыс (cavum pleurae) деп атайды. Оң және сол плевральды қуыстарда оң өкпе және сол өкпе орналасады. Бұл қуыстар бір-бірімен өзара қатыспайды. Плевральды қуыстарда, сірлі қабықтардың ішкі беттерін сылап тұратын сірлі сұйық болады. Бұл сұйықты мезотелиоциттер бөледі.
Құрсақ қуысы мен жамбас қуысының алдыңғы бөлігінің ішкі бетін астарлайтын сірлі қабықты ішперде (peritoneum) дейді. Ішперде де: қабырғалық немесе париетальды ішперде (peritoneum parietale) және іштік немесе висцеральды ішперде (peritoneum viscerale) болып бөлінеді. Бұлардың аралығында перитонеальды сірлі қуыс (cavum peritonei), ал оның ішінде сірлі сұйық болады.
Достарыңызбен бөлісу: |