Дәрістің тақырыбы: Жүйке жүйесі вегетативтік бөлімінің анатомиясы
Дәрістің мақсаты: Студенттерді жүйке (нерв) жүйесі вегетативтік бөлімімен, симпатикалық жүйке жүйесі бөлігі мүшелерінің топографиясымен және құрылысымен таныстыру.
Түйінді сөздер: жұлын, ми, вегетативтік жүйкелер (нервтер), вегетативтік ганглийлер, түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары, түйінсоңы (постганглионды) жүйке талшықтары.
Иллюстрация – вегетативтік рефлекторлық доға, вегетативтік жүйке жүйесі (таблицалар, слайдтар)
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар: 1. Вегетативтік жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы.
2. Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтары.
3. Симпатикалық жүйке жүйесінің ганглийлері.
Дәрістің қысқаша мазмұны: 1-сұрақ. Вегетативтік жүйке жүйесі (ВЖЖ) – жануарлар организміндегі ішкі мүшелер және тамырлар жүйесі мүшелерінің қызметтерін реттеп, автономды түрде басқарып отыратын жүйке жүйесінің бөлімі. ВЖЖ-нің жоғары орталықтары аралық, ортаңғы және сопақша ми бөлімдеріндегі қыртысасты ядроларында орналасады, яғни олар үлкен ми қыртысы орталықтарымен тікелей байланыста болмайды, олардың байланысы ассоциативтік (байланыстырғыш) нейроциттердің деңгейінде ғана жүреді. Вегетативтік нейроциттердің перикариондары: 1) жұлын мен мидағы жүйке орталықтарында және 2) жүйке ганглийлерінде (түйіндерінде) немесе өздері жұмысын реттейтін мүшелердің қабырғаларында орналасады. Вегетативтік нейроциттерден шығатын жүйке талшықтары негізінен миелинсіз (үлпексіз) жүйке талшықтары (жіңішке болып келеді, тітіркеністерді баяу өткізеді – 0,5 – 2м/сек.).
ВЖЖ-нің бөлімдері:
1. Орталықтар (мида, жұлында).
2. Түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары (миелинді).
3. Жүйке ганглийлері (түйіндері).
4. Түінсоңы (постганглионды) жүйке талшықтары (миелинсіз) орындаушы мүшелерде аяқталады (тамырлар және ішкі ағзалар қабырғаларындағы етті қабықтар, бездер).
2 -сұрақ. Симпатикалық жүйке жүйесінің (СЖЖ) қыртысасты орталығы – аралық мидың гипоталамусы сұр төмпегінің сұр затында, өзіндік орталығы – жұлынның сұр заты көкірек-бел сегментерінің латеральды мүйіздерінде біртұтас болып орналасады. Орталықтарды мультиполярлы нейроциттер құрайды. Өзіндік симпатикалық орталық нейроциттерінің аксондары миелинді жүйке талшықтарын түзіп, вентральды жұлын түбіршіктері құрамында омыртқа бағанының өзегінен шығады да, ақ байланыстырғыш тармақтар ретінде жұлын жүйкелерінен бөлініп, симпатикалық бағандардың жүйке ганглийлеріне барады. Олардағы вегетативтік мультиполярлы нейроциттер дендриттерінде синапспен аяқталады. Өзіндік орталықтарды симпатикалық ганглийлермен жалғастыратын миелинді жүйке талшықтарын түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары деп атайды.
3 – сұрақ. Симпатикалық жүйке жүйесінің жүйке ганглийлері (түйіндері) екі түрлі: жұп омыртқамаңы (паравертебральды) ганглийлері және тақ омыртқаалды (превертебральды) ганглийлер болып бөлінеді.
Омыртқамаңы ганглийлер омыртқалар денелерінің төменгі оң жағында және сол жағында орналасып, олар өз жақтарында бір-бірімен өзара миелинді преганглионды жүйке талшықтарымен байланысып, бастан құйрыққа дейін созылып, оң симпатикалық бағанды және сол симпатикалық бағанды түзеді. Бұл симпатикалық бағандар омыртқа бағаны бойымен орналасу орындарына байланысты: мойын, көкірек, бел, құйымшақ және құйрық бөлімдерге бөлінеді. Мойын бөлімі үш ганглийдентұрады. Олар: алдыңғы ганглий, ортаңғы ганглий (жылқыда болмайды) және артқы ганглий. Қалған бөлімдердегі ганглийлер саны омыртқалар санына сәйкес келеді. Тек, 1-көкірек ганглийі соңғы мойын ганглийімен қосылып, «жұлдызша ганглийді» түзеді.
Омыртқамаңы ганглийлері мультиполярлы нейроциттерінің аксондары постганглионды миелинсіз жүйке талшықтары түрінде ганглийлерден бөлініп, сұр байланыстырғыш тармақтар ретінде жұлын жүйкелеріне кері қосылып, олардың құрамында тірек-қимыл аппараты мен тері жабыны мүшелеріне барып, сол мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді.
Жұлдызша жүйке ганглийінің постганглионды жүйке талшықтары көкірек қуысындағы мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді және мойын жұлын жүйкелері мен ми жүйкелерін сұр миелинсіз жүйке талшықтарымен жабдықтайтын омыртқалық жүйкені құрайды. Омыртқалық жүйке талшықтары симпатикалық бағандар құрамында соңғы мойын ганглийінен алдыңғы мойын ганглийіне бағытталып, әр бір мойын жұлын жүйкелеріне және ми жүйкелеріне миелинсіз сұр жүйке талшықтарын бөледі.
Омыртқаалды ганглийлер құрсақ қолқасының ірі артериялары (іш, алдыңғы шажырқай, артқы шажырқай артериялары) маңында орналасады. Бұларға жартыайшықты ганглий мен артқы шажырқай ганглийі жатады. Жартыайшықты ганглийді екі іш ганглийлері және алдыңғы шажырқай ганглийі құрайды. Бұлар аттас артериялардың құрсақ қолқасынан ажырайтын тұсында орналасады. Артқы шажырқай ганглийі де аттас артерияның құрсақ қолқасынан ажырайтын жерінде орналасады. Жұлыннан омыртқаалды ганглийлерге бағытталған миелинді преганглионды жүйке талшықтары жұп үлкен іш жүйкелерін және жұп кіші іш жүйкелерін түзеді. Жартыайшықты ганглий нейроциттерінің аксондары постганглионды миелинсіз сұр жүйке талшықтары ретінде кезеген жүйке талшықтарымен бірге жартыайшықты ганглийден күн сәулесі іспеттес таралып шығып, құрсақ қуысындағы барлық ішкі мүшелер тамырларын жүйкелендіреді. Жартыайшықты ганглий – күндік өрімнің орталығы. Артқы шажырқай ганглийінің постганглионды миелинсіз сұр жүйке талшықтары жамбас қуысындағы ішкі мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді.