Дәрістің тақырыбы: Мидың құрылысы. Үлкен ми және ромбы тәрізді ми бөлімдері, морфофункциональді сипаттамасы
Дәрістің мақсаты: Үлкен ми және ромбы тәрізді ми бөлімдерінің
құрылысымен және жануарлар организміндегі маңызымен таныстыру.
Түйінді сөздер: ми, жұлын, жүйкелер (нервтер), нейроциттер, жүйке ядролары, жүйке талшықтары, жүйке ұштары, рефлекс, сомалық, вегетативті, симпатикалық, парасимпатикалық жүйке жүйелері.
Иллюстрация – жүйке жүйесі, ми, жұлын (таблицалар, слайдтар).
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы, оның топографиялық және қызметтік бөлімдері.
2. Жүйке жүйесі мүшелерінің дамуы (филогенез, онтогенез).
3.Жұлынның топографиясы және құрылысы.
4. Мидың топографиясы және құрылысы.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
1-сұрақ. Ми – ми сауыты қуысында орналасқан, жануарлар организмі мүшелер жүйелерінің қызметтерін үйлестіріп реттеп, бақылап отыратын ЖЖ-нің орталық мүшесі. Ми көлденең сай арқылы үлкен ми және ромбы тәрізді ми болып екі бөлімге бөлінеді. Үлкен ми – ортаңғы мидан, аралық мидан және соңғы мидан, ал ромбы тәрізді ми – артқы мидан (мишық, ми көпірі) және сопақша мидан құралған. Ми сұр затының көп бөлігі соңғы ми сыңарлары мен мишықтың сыртқы бетінде орналасып, олардың қыртысты қабаттарын, ал қалған бөлігі ми діңгегінің (сопақша ми, ми көпірі, ортаңғы ми, аралық ми, соңғы мидың базальды бөлігі) көптеген сұрзаттық ядроларын құрайды. Ми қыртыстарының астында және ми діңгегі ядроларының аралықтарында мидың ақ заты орналасады.
Сопақша ми (СМ) – пішіні сопақша келген жұлынмен жалғасып жатқан мидың артқы бөлігі. СМ-дың төменгі бетінде вентральды орталық саңлау және латеральды вентральды сайлармен бөлінген оң және сол сопақша ми пирамидалары көрінеді. СМ–дың сыртында ақ зат, ішінде ақзаттық аралықтармен бөлінген сұрзаттық ядролар болады. Бұлар тіршілікке тым қажет вегетативті орталықтар (жүрек соғу, тыныс алу, тер бөлу, сілекей бөлу, шайнау, жұту, сору, көз жасын бөлу, ас қорыту сөлдерін бөлу, құсу, кекіру, күйіс қайтару, түшкіру, жөтелу, көз жыпылықтау). Бұлардан басқа ми жүйкелерінің сезімтал (4-ші ми қарыншасының түбінде, оның сыртқы латеральды жағында – сынаша, жұқа шоғырлар ядролар, үшкіл, есту жүйкелерінің ядролары) және қозғалтқыш (4-ші ми қарыншасының түбінде, оның ішкі медиальды жағында) сұрзаттық ядролары болады. СМ-да жүйке толқындарын мидың басқа бөлімдеріне ауыстырып қосып тұратын (бекеттің – стансаның қызметін атқаратын) ядолар (зәйтүн – олива ядросының нейроциттерінде мишық, ортаңғы ми қызыл ядросы, торлы құрылым, жұлын нейроциттерінің аксондары синапспен аяқталады. Өз кезегінде зәйтүн ядросының ірі мультиполярлы нейроциттерінің аксондары мишық пен көру төмпегі нейроциттерімен синапс арқылы жалғасады) да болады.Сұрзаттық ядролар аралықтарында бір-бірімен жалғасып жатқан пішіні әр түрлі нейроциттерден тұратын торлы құрылым (ми бөлімдері орталықтарын байланыстырып, үйлестіру қызметін, тыныс алу және тамырлар жүйелерінің орталығы қызметін атқарады) орналасады.
Артқы ми – мишықтан жіне ми көпірінен тұрады.
Мишық (М) – жануарлар денесінің кеңістіктегі тепе-теңдігін сақтау және дее мүшелерінің қозғалыстарын үйлестіру орталықтары ораласқан, пішіні шар тәрізді ми бөлігі. Ұзынынан өтетін екі сай М-тың сыртқы бетін үш бөлікке: оң және сол М жартышарлары мен ортаңғы бөлік – құртшаға бөледі.
№22 ДӘРІС
Достарыңызбен бөлісу: |