Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 21-2) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарының білім беру қызметін өзін-өзі бағалауды жүзеге асыру кезінде пайдалану мақсатында әзірленген. 2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары – білім беру ұйымын бағалауды анықтау үшін қолданылатын, білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілермен бекітілген талаптардың жиынтығы; 2) бағалау өлшемшарттары – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүргізуге негіз болатын белгілер мен нақты өлшеуіштер; 3) білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені; 4) кешенді тестілеу – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны; 5) оқыту нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша алған, көрсететін білімінің, машықтарының, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қарым-қатынастар; 6) оқу бағдарламасы – әрбір оқу сабағы, әрбір оқу пәні және (немесе) модуль бойынша меңгерілуге тиіс білімнің, машықтың, дағды мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама; 7) оқу жоспары – тиісті білім беру деңгейінде білім алушылардың оқу сабақтарының, оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің, кәсіптік практиканың, өзге де оқу қызметі түрлерінің тізбесін, реттілігін, көлемін (еңбекті қажетсінуін) және бақылау нысандарын регламенттейтін құжат.