-Қазір жылдың қай мезгілі?
-Қыс мезгілі неше айдан тұрады?
-Қыста қандай мерекені атап өтеміз?
-Жаңа жылда нені безендіреміз?
-Шыршаны безендіру сендерге ұнай ма? Ендеше, шыршаны безендірген кезімізді көз алдымызға елестетеміз.
Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен көзімізді жұмамыз. Көз алдымызға жасыл шыршаны елестетеміз. Қолымызға түрлі ойыншықтарды алып, шыршаға іліп жатырмыз. Шыршамыз жарқырап кетті. Қандай әдемі шырша! Көзімізді ашайық.
Шыршаны безендірген кезіңіз көз алдыңызға елестеді ме?
Ендеше, балалар, бүгін біз көркем әдебиет оқу іс-әрекетінен «Ормандағы шырша тойы» әңгімесімен танысамыз.
Мен сендерге әңгімені оқып беремін, сендер мұқият тыңдап отырыңдар.
Ормандағы шырша тойы
Руслан жақында алтыға толды. Ол ата-анасы, әжесімен бірге тұратын. Олардың кішірек ағаш үйі орманның шетінде орналасқан.
Жаңа жыл да жақындап қалды. Осы кезде Русланның үйіне қаладан қысқы демалысқа ағасы Тимур келді.
-Орманға барып, шыршаны безендірсек жақсы болар еді, - деді Тимур.
-Әсем шыршаны ормандағы аңдар және құстар да көреді ғой!
-Біздің Тимур әрқашан бір нәрсені ойластырып жүреді! – деді әкесі.
-Бірақ ормандағы аңдарға, құстарға шырша ойыншықтары керек емес. Оларға тамақ болса дұрыс болар еді.
-Ия дұрыс айтасыз! – деп Руслан мен Тимур қуанып қалды.
-Қараңдаршы, үйден алыс емес кішкентай шырша тұр, соны безендірейік, - деді анасы.
Келесі күні балалар нан бөлкесін тілімдеп кесіп, жіпке іліп қойды.
-Ал қояндар үшін шыршаның төменгі жағына сәбіз бен орамжапырақ орналастырайық, - деді әкесі.
Дайын болған кезде барлығы кішкентай әдемі шыршаға келді. Шыршаның қарын сілкіп, әкелген заттарын іле бастады. Шыршаның ең жоғарғы жағына Руслан әкесінің иығына отырып, нанды ілді. Сөйтіп, шыршаны безендіріп, олар үйге көңілді оралды.
Келесі күні таңертең балалар тез киініп, терезеге жүгіріп келіп, сыртқа қарады.
Шыршада әдемі құстар іліп қойған нанды, кепкен жидектерді шоқып жеп отыр.
-Бұл қандай құс? - деп сұрады Руслан.
-Білмеймін, -деді Тимур.
Осы кезде бөлмеге әкесі кіріп келді.
-Әке қараңызшы, шыршадағы қандай құстар? –деді Руслан.
-Кеудесі қызыл құс –бұлар суықторғайлар, - деді әкесі.
Бір кезде шыршаға шымшық ұшып келді. Ол да бір тілім нанды жей бастады.
Кешке барлығы Жаңа жылды қарсы алды. Астан кейін анасы терезеге жақындап, балаларын шақырды:
-Тезірек, тезірек келіңдер, қараңдар!
Далада айлы түн еді.Қар жылтырап жатыр. Шырша жанында ұзын құлақты аңдар жүгіріп жүр. Бір кезде бір қоян артқы аяғымен отыра қалды.
-Қараңдар, қоян сәбіз жеп отыр! – деді Руслан.
-Міне, енді тіпті жақсы болды, -деді Тимур.
-Бәрі біздің тамаша шыршамызға келіп, қуанып жатыр. Тамаша!
Балалар, әңгіме сендерге ұнады ма?
-Руслан ата-анасымен қайда тұрады?
-Жаңа жыл қарсаңында қонаққа қаладан кім келді?
-Тимур Русланға қандай ой айтты?
-Екі бала шыршаны қалай безендірді?
-Шыршаға ілген тамақты қандай құстар жеді? Аттарын ата.
-Анасы нені көріп қалды?
-Балалардың шыршаны жейтін нәрселермен безендіргені дұрыс па?
Сөздік жұмыс жүргізу:
Безендіру – әдемілеу, көркемдеу.
Міне балалар, адамдар ғана емес, аң, құстар да жаңа жылды осылайша тойлады.
Сергіту сәті:
Әдемілеп біз ілген,
Ойыншықтары тізілген.
Қандай әсем шыршамыз,
Би билейміз баршамыз
-Балалар шырша қандай геометриялық пішінге ұқсайды?
-Ендеше, мен сендерге «Топтау» әдісі бойынша тапсырма беремін. Сендер тапсырманы орындағыларың келе ме?
Олай болса, үш топқа бөлінеміз:
І-топ үлестірмелі геометриялық пішіндердің ішінен үшбұрышты табулары керек.
ІІ-топ жіпті пайдалана отырып, үшбұрышты жасайды.
ІІІ-топ санағыш таяқшаларымен үшбұрышты құрастырады. Тапсырма түсінікті болса жұмысқа кірісеміз.
|