Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялар



Дата24.10.2019
өлшемі24,35 Kb.
#50547
Байланысты:
000684ec-81c59f5f

Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялар
Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үдерістің қарқыны, білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Ең бастысы - технологияның үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алатын құзыретті маман тұлғасын қалыптастыру міндеті. Біліміне, біліктілігіне, парасатына пайымы сай ұстаз бүгінгі таңда жас ұрпаққа білім беру жүйесінде болып жатқан оң өзгерістерге байыппен қарап, оның заман талабына сай мән-маңызын түсінуі хақ. Сондықтан, жүктеліп отырған аса жауапты міндет, білім саласындағы реформалар, педагогикалық әдіс-тәсілдердің тың, мәнді, әрі сапалы болуын талап етіп отырған осы бір айтулы кезеңде, педагогтың жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесін жаңа ақпараттық -коммуникациялық технологияға ұштастыруын қажетті санайды.

Жеке тұлғаға бағдарланған сабақтар жүйесі, жаңартылған білім мазмұнының негізгі өзегі – қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын, білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру колледжіміздің басты мақсаты.

Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Технология» бөлімінің арнайы пәндерін оқыту, көп таралған және перспективалы технологиялар мен әдістерді қолдану арқылы, арнайы педагог-оқытушының жетекшілігімен, студенттердің жобалау жүйесінде қарастырылған техникалық шығармашылығын дамыту – жалпы еңбектік және әлеуметтік білім мен іскерлігін қалыптастыруда: интеллектуалдық және эстетикалық дамуын, кәсіби өзін-өзі шыңдау және қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға үйренуін қамтамасыз етеді. Технология – шеберлік туралы ғылым, сөздікте «технология» сөзі грек тілінен алғанда «техне» - өнер, кәсіп, ғылым және «логос» ұғым, оқу деген мағынада берілген. Олай болса, оқу-тәрбие процесін жүргізудің тәсілдері мен құралдары жайындағы білімдердің жиынтығын оқыту процесінің технологиясы деп атауға болады.

Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен жаңа білім беру парадигмасы іске асатын құрал ретінде қарастырылады. Білім беру технологияларының даму тенденциялары тұлғаның өзін-өзі тануына және өзін-өзі дамуына мүмкіндік беретін гуманитарлық білім берумен тікелей байланысты. «Білім беру технологиялары», «педагогикалық технология» терминімен қатар «оқыту технологиялары» термині қолданылады.



Мектептегі технология пәні мұғалімінің атқаратын қызметі өте күрделі. Ол оқушыларға, олардың қабілеттеріне байланысты іс тігуден бастап ас пісіруге дейінгі әр түрлі бағыттағы шығармашылық жұмыстарды үйретеді. Осыған сәйкес технология пәні мұғалімі жан-жақты дамыған болу тиіс. Өз шеберлігін үздіксіз жоғары көтеріп оқушыларды оқыту – қазіргі білім беру мекемесінің әр мұғалімге, әрбір жас оқытушыға қойған міндеті. Бірақ оқытушының тек қана педагогикалық шеберлік жолында оқытуы жеткіліксіз. Сонымен қатар оқытушының өз жұмысына берілгендігі талап етіледі. Бұл қасиетінсіз оқытушы оқушылардың қызығушылығын арттыра алмайды.

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін сабақта қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға көңіл аударып, студенттерді ақпараттық жоғары технологиялармен таныстыру, жұмыстың сапалы орындалуына үйретіп, оларды өздігінен білім алуға дайындау қажет.

Студенттерді ақпараттық жоғары технологиялармен таныстыру дегеніміз - білім берудің жаңа педагогикалық технологияларын сабақ беруде қолдану. Осы орайда студенттер оқытушыдан алған білімдері мен оларды игеру жолдарын түсіну барысында, теорияны практикада жүзеге асыру арқылы көрсете алады. Жаңа технологияны оқытуда мына тапсырмалар жүзеге асырылады:



  1. Студенттерді технологиялық жобалау және құрастыру есептерін өз бетімен шешу қабілеттілігін дамыту.

  2. Студенттерді болашақ мамандықты меңгеруде өмірде өз орнын таңдауға көмектесу;

  3. Болашақ мұғалімнің шығармашылық тұлғасын қалыптастыру;

  4. Еңбексүйгіштікке, іскерлікке, бірлестікке, адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа, ұқыптылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.

  5. Жасаған бұйымдарын еңбек объектісі ретінде пайдалану және оларды сәндік – қолданбалы өнер мен дизайн талаптарына сай жасау.

  6. Студенттерді қазіргі өндіріс негіздерімен таныстыру.

«Технология» мамандығында арнайы пәндерден теориялық және тәжірибелік сабақ берудің өзіндік ерекшеліктері бар. Арнайы пәндерден сабақ беруде ақпараттық– коммуникациялық технологияны қолдану арқылы сол ерекшеліктерді түрлендіріп, жаңаша оқытуда еңбектеніп келемін.

«Білім берудегі ақпараттық - АКТ» ұғымы «оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және т.б., тіркестермен тығыз байланысты. Ақпараттық – коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электронды оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді.

Арнайы пәндерден өткізіп жүрген «оқу шеберханаларындағы практикум», «конструкциялау және модельдеу технологиясы» «материалтану» сабақтарындағы теориялық білімде:

-    танымдық белсенділік құралы;

-    жаңа материалды тез ұғыну;

-    іздену;

-    ынталы болу;

-    дұрыс шешім қабылдау;

-    біліктілікті көтеру болса,

жыл сайынғы өткізілетін колледжішілік «Көктем силуэті» сән көрсетілімі, қалалық және облыстық «Дельфийлік ойындар» - сайыстарында аталған технологияның:

-    ізденуге;

-    шығармашылыққа;

-    белсенділікке;

-    ғаламтор желісіндегі аудио, видео тапсырмаларын жедел қолдануға;

-    бірнеше ақпаратты жүйелі қолдануға пайдасын тигізуде.

Осындай бағыттағы сабақтарда студенттердің ынтасы мен талпынысы құзыретті маман даярлауда, заман талабына сай тігінші моделін қалыптастыруда мынадай мүмкіндіктерді аша алады:

-    өз ісінің шебері болуына;

-    мамандығын сүйюге;

-    ынталы, жан- жақты дамыған маман болуға;

-    болашақ маман иесінің құзыреттілігін қалыптастыруға;

-    студенттердің ізденістерін арттыруға сапалы көмегін тигізуде.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны - сабақта пайдалану кезінде студенттер бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Педагог ретінде ақпараттық– коммуникациялық технологияны меңгеру оны әрбір сабақтарда қолдану, сабақ берудегі амал-тәсілдерімді, дидактикалық жинақтарымның түбегейлі жаңаша іс–әрекеттерді жасауыма керекті технология екенін айта кеткім келеді. Әрбір ұстаздың алдына келген студент әр түрлі ойлау қабілетінде болады, мысалы кейбірі шапшаң ойлап, тез жұмыс жасайтын болса, кейбірі тақырыпты баяу қабылдап, оған тақырып пен тапсырманы қайтадан қарап шығу тиімді болып табылады. Осы орайда АКТ құралдарын пайдалана отырып презентация құралдары арқылы сипаттап, артынан осы материалдарды флеш - карталарына салып берудің тиімділігін бар.

Бейне-сабақтар педагогикалық технологияның алға басқан тағы бір қадамы. Студенттердің ақпаратты теледидар, компьютер және т. б. техникалық құралдардың көмегімен жақсы қабылдайтынын бәрімізге белгілі.

Бейне-сабақтарды қолдану мен презентацияларды демонстрациялау оқу құралы ретінде қиялды, абстрактілі ойлауды, оқытылатын оқу материалына және пәнге қызығушылықты арттырады. Презентациялар бір жағынан студентке жаңа материалды (иллюстрация, фотосуреттер, бейнелік, дидактикалық материалдар, т.с.с.) көрнекті түрде көрсету құралы болса, екінші жағынан, мұғалімдерге осы материалдарды және оны қолдану арқылы сабақты меңгерту процесін жеңілдетеді.



Қазіргі заманғы білім берудің басты мақсаты - мамандарды әлемді шығармашылық тұрғыдан өзгертудің әдістемесімен қаруландыру. Осы тұрғыдан алғанда ғылыми міндеттерді дәстүрлі емес әдістермен шешудің жолы ретінде проблемалық оқыту жүйесі ұсынылуы заңды құбылыс.

Проблемалық оқытудың ерекшелігі - мұнда мұғалім білімді дайын түрде баяндап бермейді, студенттердің алдына проблемалық міндет қояды. Шешімді және шешу құралдарын студент өзі іздестіруі тиіс.

Проблемалық оқыту студенттерді дербес ізденіске, зерттеу жұмыстарына баулуда, бейтаныс, белгілі емес проблемаларды өз беттерінше шешуде өте ұтымды болып келеді. Проблемалық ситуацияны, проблеманы шешу-зерттеу, іздену еңбегін шығармашылық еңбекті талап етеді. Ал шығармашылық сөзінің мәні – жеке тұлғаның бір нәрсе жасап шығаруы немесе өзіне ғана тән бір нәтижеге қол жеткізуі. Проблеманы шешу проблемалық сұрақ-тапсырмаларға байланысты жүретін үрдіс. Проблемалық сұрақ-тапсырмалардың өзі студенттерді ғылыми-ізденіс, зерттеушілік іс-әрекеттерге баулиды. Себебі ол оқушылардың белсенді дербес еңбегі, шығармашылық ізденісіне негізделеді.

 «Технология» мамандығының арнайы сабақтарында жасалатын шығармашылық жұмыстар студенттердің өз беттерімен іздену, зерттеу, қорытынды жасау іс-әрекетіне түрткі жасай отырып, оларды ғылыми ізденіске жетелейді. Сондай-ақ олар проблеманы әр түрлі іздену, зерттеу іс-әрекеттері арқылы шешеді. Проблемалық оқыту арқылы студенттерді ғылыми зерттеу ізденісіне баулуда пәнаралық байланысқа негізделген шығармашылық жұмыстардың ұтымдылығын анықтауда, әсіресе, студенттердің қабілеті, икемділігі, дарыны осындай жұмыстарда көрінеді.

Деңгейлеп оқыту әдістемесі - бұл әрбір студенттің қабілеті мен жеке ерекшеліктеріне қарай оқу материалын меңгеруге мүмкіндік алатын, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру. Сонымен қатар өзінің баға көрсеткішін жоғары көтеру мақсатында студент берілген материалды шығармашылықпен орындауға өз күшін салады.

Тест әдісі – көп жағдайда жеке дара, топпен жүргiзiледi.

Оның негiзгi мiндеттері:



  • студенттердің арнайы пәндерден жүйелі білімін тексеру;

  • сабақ уақытын тиімді пайдалану;

  • мазмұнының көп мөлшерін қамтамасыз ету;

  • студенттермен кері байланысты жылдам бекіту және материалды меңгеру нәтижесін анықтау;

  • студенттердің әр сабаққа дайындалу мотивациясын қалыптастыру;

  • студенттердің қабілетін, талантын ояту, жетілдіру.

Білім мен іскерлікті тексеруге байланысты әр түрлі дидактикалық ойындардың қызықты түрлері, студенттердің бағдарлама материалын меңгеру бағасы мен сапасын тексерудегі дәстүрлі әдістердің орнын баса алмайды. Бірақ ойын әдісі оқу үрдісінде студенттердің жарысқа түсу, шығармашылық, рухани іздену және танымдық белсенділігін арттырады.

Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялар студент мен педагогке бірдей жағдай тудыра отырып:

-  пәнге деген қызығушылығын арттыруға;

-  мамандықты жетік үйренуге;

-  педагог даярлығын қалыптастыруға, әрі жетілдіруге және түрлендіруге;

-  іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруға бірден бір қажетті технология екені баршаға мәлім. Жоғарыдағы қажеттіліктерден арнайы пәндерді оқытуда мынадай себеп- салдар туындайды:

-  меңгерген технология өз сабақтарымда қолдануға даяр болуды;

-  жаңашыл, ізденімпаз педагог болуды;

-  білімімді әрқашан арттырып отыруды;

-  шығармашыл болуды;

-  жаңаша өзгерістер енгізуді;

-  сыни көзқарасты байытуды;

-   жетістіктермен кемшіліктерге педагогикалық сараптама жасай білуге;

-  құзыреттілікті жоғары деңгейге шыңдауға жетелейді десем қателеспеген болар едім.



Студенттерді пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін  сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың  маңызы зор. Сол сабақ атты театрдағы басты кейіпкеріміз – студент болса, онда барлығымыздың бағытымыз бір, бағдарымыз байсалды болмақ.

Қорыта  айтқанда, білім берудегі қазіргі заманғы технологияларды сабақта  қолдану -  бұл оның нәтижелілігіне  қолайлы  жағдайды  жасаудың бірден-бір  жолы, ал ол өз кезегінде  бірлесе  жұмыс  жасауға, адами  қарым – қатынастарға  себепкер болады. Сондай-ақ әрбір педагогикалық  технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету. Білім берудің оң нәтижесін, өнімін көру, одан ләззат алу – әрбір педагогтың қуанышы.


Қолданылған әдебиеттер тізімі

  1. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан халқына Жолдауы». Елбасының   «Қазақстан жолы» – 2050   Астана 2014 ж

  2. Қ.Р « Білім туралы» Заңы.  Астана  2707 2007 № 319 –III.

  3. Қ.Ж. Бұзаубақова. «Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру». Алматы. Жазушы 2006,258 – б

  4. Қ.Р. «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».

  5. Раджерс Э. Инновация туралы түсінік. – //Қазақстан мектебі, №4, 2006.

  6. Әбенбаев С., Ахметова Г., Әбенбаева И. Дәстүрлі емес сабақ турасында //Мектептегі шетел тілі. 2003, №2, бб.11-16.

  7. Қуанбаева Б. Оқытудың педагогикалық жүйесін технологиялық негізде жетілдірудің дидактикалық шарттары: дисс. Пед. ғыл.канд. – Алматы, 2005. –137 бет.

  8. Гурова Р.Г. Социологические проблемы воспитания. М.: Педагогика, 2001. 176с.

  9. Педагогика. Оқулық. Абай атындағы Қазақ Ұлтгық педагогикалық университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы. Алматы, 2005

Мақалада оқытушы студенттерге көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаhандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап пайдалануы тиіс. Сондай-ақ сабақты тартымды өткізіп, студенттердің қызығушылығын арттыру үшін әр сабағымызды түрлендіріп отыру шарт. Ол үшін тек бір технологиямен шектеліп қалмай, әр түрлі технологияның элементтерін пайдалану қажет екені жайында айтылған.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет