Білім берудегі менеджмент



бет9/60
Дата11.06.2023
өлшемі309,25 Kb.
#178621
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   60
Байланысты:
әдістемелік құрал Менеджмент

Басқарудағы еңбектiң пәнi мен өнiмi бар мәселе және оны шешу тәсiлдерi туралы ақпарат болып табылады. Бастапқы ақпарат «шикi» болып табылады, сондықтан да iс жүзiнде пайдаланыла алмайды. Алайда өңдеу нәтижесiнде ол нақтылы әрекеттердi жүзеге асырудың негiзi болып табылатын басқарушылық шешiмге айналады.
Ақпаратпен операцияны жүзеге асыруға жәрдемдесетiннiң барлығы – компьютер, телефон, қалам мен қағаздан бастап адам тәнiнiң мүшелерiне дейiн – басқарушылық еңбектiң құралдары болып табылады. Олар ақпаратты өңдеу құралдары (мысалы, компьютер, калькулятор), құжаттарды көбейту құралдары (мысалы, принтер), оларды ресiмдеу құралдары (мысалы, мөр), топтастыру мен сақтау құралдары (мысалы, папка), жедел байланыс құралдары (мысалы, телефон), жиһаз.
Басқарушылық еңбек олардың көмегiмен менеджер жекелеген шешiмдердi дайындау мен iске асыруды қамтамасыз ететiн iс-әрекет пен операциялардың жиынтығы болып табылады. Ол жүйке-психологиялық күш жұмсау түрiнде жүзеге асырылатын ой еңбегiнiң санатына жатады және үш нысанда болады: эвристикалық, әкiмшiлiк және операторлық. Мұндай еңбек бастамашылықты, күшейтiлген жауапкершiлiктi талап етедi.
Эвристикалық еңбек басқарушылар алдында тұрған мәселелерді зерттеу жөнiндегi әрекеттердiң жиынтығы мен оларды шешу – ұйымдық, экономикалық, техникалық - нұсқаларын әзiрлеуге келiп саяды. Мiндеттердiң күрделiлiгi мен сипатына байланысты ол басшылармен және мамандармен орындалады.
Әкiмшiлiк еңбек негiзiнен басшылардың үлесiне жатады. Ол бағыныштылардың қызметiн үйлестiру мен бақылау, оларды бағалау, уәждеме, өкiмдеу, нұсқама беру, жиналыстар мен мәжiлiстердi өткiзу, қатысушыларды қабылдау, iскерлiк келiссөздердi жүргiзу, хаттар мен телефон шалыстарына жауап беру, жұмыс орындарын айналып шығу сияқты жұмыс түрлерiн орындаумен байланысты. Әкiмшiлiк еңбектiң маңызды жайы мақсатты басқарушылық ықпал болып табылады.
тұрпаты бойынша ол бұйрық, ұсыныс, кеңес, сөгiс, мақтау және т.б. болуы мүмкiн;
нысаны бойынша ықпал тiкелей немесе жанама, айқын немесе айқын емес, жұмсақ немесе қатты болады;
берiлу тәсiлi бойынша ықпал ресми және бейресми болып бөлiнедi.
Операторлық еңбек өндiрiстiк және басқарушылық процестердi қажеттi ақпаратпен техникалық қамтамасыз етуге бағытталған. Ол келесi функцияларды атқарады:
құжаттық – құжаттарды ресiмдеу, көбейту, сұрыптау және сақтау;
бастапқы-санау және есептiк – ұйым аясында өтiп жатқан өндiрiстiк, шаруашылық, әлеуметтiк және өзге де процестер туралы статистикалық, бухгалтерлiк және т.б. ақпаратты жинау;
коммуникативтi-техникалық – байланыс орнату;
есептегiш және формальды-логикалық – жиналған ақпаратты бiрiздiлiкпен өңдеу және оның негiзiнде берiлген алгоритм бойынша қажеттi есептердi жүзеге асыру.
Негiзiнен басқарушылық еңбек күрделi болып табылады, ол келесi себептерге байланысты:
1) шешiлетiн мәселелердiң ауқымына, саны мен көп қырлылығына, олардың арасындағы байланысқа, қолданылатын әдiстердiң, ұйымдық қағидалардың сан алуандығына;
2) терең кәсiби бiлiмдi, тәжiрибенi, кең эрудицияны талап ететiн кейде белгiсiздiк немесе тәуекел жағдайында жаңа, дәстүрлi емес шешiмдердi қабылдау қажеттiгiне;
3) жедел дербес әрекет ету, өзiне тәуекелдiң салдары үшiн жауапкершiлiк алудың қажеттiгiне.
Менеджмент– бұл өндірістің тиімділігін арттыру және пайданы көбейту мақсатымен әзірленіп, қолданылатын, өндірісті басқару қағидалары, әдістері, құралдары мен нысандарының жиынтығы.
Басқару тұрпаты ретінде менеджменттің негізгі белгілеріне мыналарды жатқызуға болады:
1. Адам, оның қажеттіліктері, мүдделері, себептері, құндылықтары, нұсқамалары басқаруды ұйымдастырудың бастапқы сәті мен оны жүзеге асырушысы болып табылады.
2. Басқарудың көзқарастары, қағидалары мен әдістерінде экономикалық құралдар мен басқару әдістеріне артықшылықтар беріледі. Бұл әсіресе маркетингте - тұтынушылардың мүддесін алдыңғы орынға қоятын басқаруда - жиі білінеді.
3. Менеджер мен қызметкерге қойылатын басты талап ретінде көрінетін кәсіби тұрғыдан басқару менеджментке тән. Менеджер экономикалық және әлеуметтік-психологиялық білімдерді игеріп оқуы керек.
4. Ұйымдастыру ісінде менеджментке жағдайдың өзгеруіне қарай және инновациялық типті ұйымдастыруда, яғни жаңашылдыққа жылдам бейімделе алатындай басқаруды икемді ұйымдастыру тән.
5. Менеджмент менеджердің жеке басына қойылатын талаптардың кешенін танытуы керек. Олардың ішіндегі негізгілері - тапқырлық, коммуникабельділік, сенімділік. Бұл қасиеттер басқару өнерін танытуда маңызды рөл атқарады.
Менеджмент мынадай функциялардыатқарады:
– кәсіпорын жұмысын жоспарлау және болжау, яғни басқару стратегиясын, бағдарлама іс-әрекетін жасау, қаржыландыру көздерін іздестіру және белгіленген шешімдер мен бағдарламаның орындалу мерзімін анықтау;
– дәрежесіне байланыссыз барлық жұмыскерлердің орындауға тиісті жұмыстарын ұйымдастыру, яғни жұмыстың орындалу құрылымын ұйымдастыра білу қажет; сөйтіп барлық қызметкерлердің күш-жігерін өнімді жұмысқа мақсатпен бөлу және оны жоғарғы тиімділікке мақсатты бағыттау;
– басшы мен оның қарамағындағылардың істерін үйлестіру, яғни өзінің және басқалардың қызмет атқаруын тұрақты қарау, сөйтіп оны өзінің және сол ұйымның қойған мақсатына жету үшін бағыттау;
– алдағы мақсаттарды қамтамасыз ету үшін ұйымның жұмысын бақылау.
Менеджменттiң зерделеу пәнi ақпараттық айырбас нысанындағы және нарық жағдайында iскерлiк және шаруашылық процестерге басшылықты жүзеге асырумен байланысты адамдар арасындағы ұйымдық қатынастардың ерекше түрi болып табылады. Ғылым ретiнде менеджмент осы қатынастарды суреттейдi және талдайды, оларға ықпал ететiн факторларды анықтайды, өзiнiң күш-жiгерiн басқарушылық еңбектiң табиғатын зерделеуге, оның тиiмдiлiгiнiң факторларын анықтауға, басқарушылық шешiмдердi қабылдау процесiндегi себеп-салдарлық байланыстарды орнатуға бағыттайды. Ғылым ретiнде менеджмент экономика, әлеуметтану, құқық, психология және т.б. теориялық ережелерi мен практикалық ұсыныстарын қатыстыра отырып, айқын байқалатын пәнаралық сипатқа ие.
Менеджмент пәнiн АҚШ колледждерiнiң бiрiнде Дж.Вартон 1881 ж. алғаш рет оқыта бастады. Бүгiндерi Батыста ол кәсiби бiлiм берудiң кең таралған бағыттарының бiрi әрi кез келген маманды даярлаудың маңызды элементi болып табылады.
Менеджмент тәжірибесі мың жылдай уақыт бұрын қолданыла бастаған. Мысырлықтар пирамида салуда менеджменттің жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау қызметтерін қолданған. Ұлы Александр әскери жорық кезіндегі шараларды ұйымдастыратын арнайы адам жалдаған. Рим Империясы байланыс пен бақылауды барынша жеңілдету үшін жақсы құрастырылған ұйымдық құрылымды қолданған.
Біздің дәуірімізге дейінгі 400 жылдары өмір сүрген Сократ менеджмент тәжірибесі мен тұжырымдамасын талқылаған, Платон біздің дәуірімізге дейінгі 350 жылы еңбекке мамандануды сипаттаса, әл-Фараби адамның көшбасшылық қасиеттеріне сипаттама берген. Менеджмент мыңдаған жылдар бұрын қолданыла бастады. Мысалы, ерте кездегі Вавилонда ол мемлекетті басқару үшін, ал Римде кең аумақта байланыс пен бақылау орнату үшін қолданылған. Мысырлықтар пирамида салуда жоспарлау мен бақылау техникасын қолданған
Жоғарыда айтылған тарихи мәліметтерге қарамастан ғасырлар бойы менеджмент тарихына жеткілікті көңіл бөлінбеген. Менеджментті зерттеу тек ХІХ ғасырда қолға алынды. Ағылшын кәсіпкері және реформаторы Роберт Оуэн – ұйым үшін адам ресурстарының маңыздылығын мойындаған алғашқы менеджерлердің бірі. Оған дейін фабрикаларда жұмысшылар машина және құрал-жабдықтармен бірдей қарастырылған. Фабрика иесі ретінде Оуэн жұмысшыларды сыйлау және оларға адамгершілікпен қарау керектігін негіздеді. Ол жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасады, балалардың жұмыс істеуі үшін ең төменгі жас мөлшерін анықтау, жұмысшыларды тамақтандыру, жұмыс уақытын қысқарту шараларын енгізіп, жұмысшыларға көңіл бөлу арқылы өнім көлемін арттыруды болжады.
ХХ ғасырдың басында менеджерлер мен теоретиктер идеясы және олардың еңбектері ірі ауқымды бизнестің пайда болуы мен дамуына байланысты болды. Сондықтан менеджмент осы бизнес түрінің қалай қызмет атқаратынына көңіл аударды. Осы алғашқы пайда болған маңызды бағыт классикалық менеджмент көзқарасы деп аталды. Бұл көзқарас екі түрлі бағытты қамтиды: ғылыми және әкімшілік менеджмент.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   60




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет