Тақырып№1. Менеджмент басқару туралы ғылым Жоспар Менеджмент кәсіби қызметтің ерекше түрі ретінде
Басқару туралы ғылымның дамуы, басқару ой-пікірінің эволюциясы
Қазіргі менеджменттің мәні мен өзіне тән сипаты
Менеджменттің америкалық, жапондық және батыс еуропалық типтеріне ортақ және өзіндік ерекше белгілері
Негізгі түсініктер: басқару, менеджмент, теориялар мен тұжырымдамалар, қазіргі менеджмент, менеджмент қызметтері
Менеджмент ағылшын сөзі, оның түпкі түбірі гректің «Манус» сөзінен шығып «қол, күш» деген мағынаны білдіреді. Алғашында мал бағу саласында оны ұстау, меңгеру шеберлігін білдіреді. Ол адам қызмет саласына ауысып, адамдарды басқарудың және ұйымдастырудың ғылыми практикалық мәнін білдіретін болды.
Менеджмент ынтымақтаса қызмет атқаратын адамдар тобы өздерінің күш-жігерін ортақ мақсаттарға жетуге бағыттайтын процесс ретінде;
Менеджмент қарым-қатынас тәсілі, сонымен қатар, әкімшілік қарым-қатынас дағдылары ретінде;
Менеджмент айрықша басқару түрі ретінде;
Менеджмент – қажетті нәтижеге немесе алға қойылған мақсаттарға басқа адамдардың күш-жігері арқылы қол жеткізу өнері немесе әдіс-тәсілдердің, қағидаттардың және басқару нысандарының жиынтығы, яғни басқару өнері.
Менеджмент басқарушылық қызметтiң ерекше нысаны болып табылады, сондықтан да ол жайында сөз қозғамас бұрын, басқарумен танысу қажет.
Басқару деп табиғатта, техника мен қоғамда өтiп жатқан процестердi ретке келтiру жөнiндегi қызмет ұғынылады. Басқаша айтқанда, басқару сәйкес жүйенiң реттiлiгiн, оның тұтастығын, қалыпты жұмыс iстеуi мен дамуын қамтамасыз етуi тиiс.
Кез келген басқарушылық қызмет келесi кезеңдерден тұрады:
1) ақпаратты алу және талдау;
2) шешiмдi әзiрлеу және қабылдау;
3) олардың орындалуын ұйымдастыру;
4) бақылау, алынған нәтижелердi бағалау, кейiнгi жұмыс барысына түзету енгiзу;
5) орындаушыларды көтермелеу немесе жазалау.
Басқару табиғи, техникалық және әлеуметтiк болып бөлiнедi.
Табиғи басқарудың объектiсi табиғатта өтiп жатқан процестер (мысалы, өсiмдiктердiң дамуы, су ағындарының қозғалысы және т.б.) болып табылады.
Техникалық басқаруға қолдан жасалған объектiлердi (мысалы, автомобильдi және т.б.) басқару жатады.
Екi жағдайда да олардың ықпалға реакциясы не алдын ала белгiлi екендiгi, не бiршама дәл болжауға болатындығы оларды басқару процесiн әжептәуiр жеңiлдетедi.
Әлеуметтiк басқарудың объектiсi адамдар, олардың қарым-қатынасы, мiнез-құлқы болып табылады. Әрбiр адам дербес мiнез-құлыққа, жеке сипатқа, психологиялық ерекшелiктерге және т.с.с. ие. Сондықтан да оның басқарушылық ықпалға реакциясы субъективтi болады әрi әрдайым болжана бермейдi, демек, әлеуметтiк басқару тым ұтымды бола алмайды. Бұл оның әдiстерiне, олардың алуан түрлiлiгiне, сонылығына, дербестiгiне, ресми және бейресми нормалар мен ережелердiң орынды ұштасуына, адамдарға ықпал етудiң ерекше тетiктерiн пайдалануына айрықша талаптар қояды.
Әлеуметтiк басқаруды келесi негiздер бойынша жiктеуге болады:
1) деңгейi бойынша – адамзатты, аймақтарды, мемлекетті, ұйым топтарын, жекелеген ұйымдарды, ұйым бөлiктерiн (бөлiмшелерiн), адам топтарын, жеке адамды басқару;
2) өрiсi бойынша – мемлекеттiк, саяси, шаруашылық және т.б.;
3) мазмұны бойынша – жалпы басқару, технологиялық процестердi ұйымдастыруды, адамдарды, ақпаратты, нарықтағы фирманың мiнез-құлқын, қаржыны және т.б. басқару;
4) негiзгi шешiмдердiң көзi бойынша – сыртқы, бастамалы және өзiн-өзi басқару;
5) басқарушылық ықпалды жүзеге асыру тәсiлi бойынша – жеке және сенiмдi;
6) басқарушылық шешiмдердi әзiрлеу әдiсi бойынша – ғылыми және эмпирикалық;
7) қабылданатын шешiмдердiң себептелуi бойынша – жағдайлық және стратегиялық;
8) ортамен әрекеттесу тәсiлi бойынша – бейiмделгiш және бәсекелiк;
9) бағытталуы бойынша – процеске, нәтижеге, болашақтағы мәселенiң алдын алуға бағытталған.
Әлеуметтiк басқарудың айрықша нысаны шаруашылық басқару болып табылады. Ол адамдардың шаруашылық қызметiн үйлестiру қажеттiлiгiне байланысты қалыптасты. Тарихта шаруашылық басқарудың бiрнеше тұрпаттары болды.
Дәстүрлi басқару капиталистiкке дейiнгi дәуiрге тән болып, әдеттерге негiзделдi, ережелер және рәсiмдермен нашар реттелiп, құқықтық негiздерi болмады. Басқарушылық функциялар жеке билiк негiзiнде патриархалдық отбасылардың иелерiмен жүзеге асырылатын.
Қолөнершiлiк басқару капитализмнiң туындауы дәуiрiнде пайда болып, жалдамалы қызметкерлерге қатысты меншiк иелерiмен жүзеге асырылатын.
Меншiктен бөлiнген кәсiпкерлiк басқару бүгiнгi күнге тән. Индустриялық дәуiрде ол иерархияны құрайтын арнайы дайындалған және үйретiлген басқарушылар жүзеге асырған менеджерлiк басқару нысанында болды. Индустриядан кейiнгi дәуiрде оны жүйелi басқару алмастырды, оған тек менеджерлер ғана емес, мамандар да, тiптi көмекшi қызметкерлер де қатысты. Ақпараттық дәуiрде жүйелi басқару бiртiндеп өзiн-өзi басқаруға ұласатын болады. Менеджерлiк және жүйелi басқару, ал iшiнара өзiн-өзi басқару институционалдандырылған болуы, яғни қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi, олардың жауапкершiлiктерi және т.б. ресми түрде анықталуы, тиiс.
Шаруашылық басқару екi мiндеттi шешедi:
1) жедел (тактикалық) – фирманың ағымдық қызметiнiң жағдайларын қамтамасыз ету, оның жекелеген элементтерi арасындағы, тұтастай фирма мен сыртқы орта арасындағы әрдайым бұзылатын тепе-теңдiктi қалпына келтiру, қойылған мақсаттарға жету жөнiндегi қызметкерлердiң әрекетiн ұйымдастыру;
2) стратегиялық – фирманың дамуы мен жетiлуiн, оның сандық және сапалық түрдегi өзге күйге көшуiн қамтамасыз ету.
Кез келген ғылым секілді басқару ғылымының өз әдістемесі бар. Әдістеменің міндеті - осы саладағы білімнің өмір құбылыстарын зерделеу мен қорытындылаудың түрлі құралдары мен тәсілдерінің жүйесін жасау болып табылады. Басқару әдістері — бұл ұйымның тиімді дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы түрлі басқару міндеттерін шешудің ережелері мен рәсімдерінің жүйесі. Басқару теориясы мен тәжірибесінде көптеген әдістер қолданылады, оған жататындар:
– диалектикалық – қозғалыс пен даму;
– тарихи – өткен тәжiрибенi есепке алу;
– кешенді – зерттелетiн құбылысты өзге құбылыстар және экономикалық процестермен байланыста қарастыру;
– жүйелі – басқаруды жүйелердiң жиынтығы ретiнде қарастыру.
Қызмет ретiнде басқару басқарушылық процестердiң жиынтығында, яғни менеджерлер белгiлiктi бiрiздiлiкпен жүзеге асыратын мақсатты бағытталған шешiмдер және әрекеттермен, iске асырылады. Бұл процестер ұйыммен бiрге дамиды және жетiледi. Олар бастапқы және туынды, бiр сатылы және көп сатылы, толық және толық емес, жүйелi және жүйесiз, уақтылы және кешiккен және т.с.с. болады. Басқарушылық процестер қатаң (мысалы, ережелер, ресми өкiлеттiктер, рәсiмдер) әрi жұмсақ (мысалы, басшылық стилi, ұйымдық құндылықтар) элементтерден тұруы мүмкiн.
Басқарушылық процестердiң ерекшелiктерi әрi объективтi (ұйым немесе бөлiмшенiң сипаты мен қызмет өрiсi, олардың құрылымы және т.б), әрi субъективтi (басшылық пен қызметкерлердiң мүдделерi, бейресми байланыстар және т.б.) факторлармен анықталады. Мұндай процестердiң жиынтығы өзара байланысқан келесi фазалардан тұратын циклдi құрайды:
1) шешiм қабылдау – мақсат пен iс-әрекет бағдарламасын анықтау;
2) орындау – ұйымның элементтерiне ықпал ету;
3) ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және бақылау – керi байланыс.
Нақтылы басқарушылық процестiң мақсаты басқарушылық жағдайды, яғни ұйымға оң немесе терiс ықпал ететiн (етуi мүмкiн) мән-жайлардың сондай жиынтығын, өзгерту немесе, керiсiнше, сақтау болып табылады. Жағдай сандық және сапалық көрсеткiштермен (ұзақтығымен, өткiрлiгiмен, пайда болу себептерi және орнымен, мазмұнымен, қатысушылар аясымен, маңыздылығымен, күрделiлiгiмен, даму болашағымен және т.б.) сипатталады.
Басқару процесiнiң элементтерiне белгiлiктi нәтижеде (шешiмде) iске асырылатын басқарушылық еңбек, оның пәнi мен құралдары жатады.