Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 1. Жалпы ережелер 1. Осы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 56-бабына сәйкес әзірленген.
2. Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдары білім беруді:
1) осы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына;
2) үлгілік оқу жоспарларына;
3) Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен бекітілген басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
3. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты:
1) орта білімнің базалық (міндетті) мазмұнының жалпы нормаларын, құрылымы мен құрамын анықтайды;
2) білім алушылардың оқу жүктемесінің көлемін, білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларын, білімді бақылау мен бағалау жүйесін регламенттейді;
3) жалпы орта білім беретін ұйымдарда білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды белгілейді;
4) білім беру процесін жүзеге асыру жағдайларына: мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, жалпы орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын және білім алушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды нормативтік қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді.
4. Орта білім беру стандартында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес терминдер, анықтамалар мен қысқартулар пайдаланылады. Оларға қосымша мынадай терминдер және олардың анықтамалары енгізілді:
1) Білімнің базалық мазмұны - жалпы орта білім беретін ұйымдардың меншік нысанына, типі мен түріне қарамастан, меңгеруге міндетті, орта білім берудің келесі деңгейлерінде оқуды жалғастыруға жеткілікті болатын білім мазмұнының құрамы мен көлемі;
2) Үлгілік оқу жоспарының инварианттық компоненті – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына енгізілген және жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқытылатын міндетті пәндер жиынтығы.
3) Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, жалпы орта білім беретін ұйымдар анықтайтын оқу пәндері мен курстардың жиынтығы.
4) Оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі – үлгілік оқу жоспарының инварианттық және вариативтік (мектеп және оқушы) компоненттеріндегі оқу пәндерінің мазмұнын меңгеру үшін қажетті және білім беру деңгейлері мен оқу жылы бойынша белгіленген оқу уақытының көлемі.
5) Үлгілік оқу жоспары – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының құрамдас бөлігі болып табылатын, оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін регламенттейтін, оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерін белгілейтін және бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейлерінде оқыту тілін, жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту тілі мен бағытын сипаттайтын нормативтік құқықтық акт; білім беру ұйымдарының қызметін қаржыландыру үшін негізгі құжат болып табылады.
6) Оқу жұмыс жоспары – білім алушылардың білім алу мүдделерін ескере отырып, үлгілік оқу жоспары негізінде жалпы орта білім беретін ұйымдар әзірлейтін құжат.
7) Міндетті оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енетін әрбір оқу пәні бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
8) Вариативтік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне енетін әрбір оқу курсы бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
9) Білім алушының дайындық деңгейі – тұлғалық, жүйелік-әрекеттік және пәндік нәтижелерінен көрінетін білім алушылардың орта білім мазмұнын меңгеру деңгейі.
10) Білім мазмұнын меңгерудің базалық деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының міндетті көлемін меңгеру деңгейі.
11) Білім мазмұнын меңгерудің жетік деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының кеңейтілген және тереңдетілген көлемін меңгеру деңгейі.
12) Білім алушының портфолиосы – білім алушының білім алудағы жеке жетістіктері мен оқу, шығармашылық, спорттық, әлеуметтік, коммуникативтік әрекеттерде қол жеткізген түрлі көрсеткіштерінің жиыны.
13) Қамқоршылар кеңесі – жалпы орта білім беретін ұйымның алқалық басқару нысаны болып табылатын сайланбалы орган.
5. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты білім берудің жалпы нормалары мен мазмұнын қамтиды және тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін көздейді.
6. Осы стандарт:
1) міндетті және вариативтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу, сондай-ақ олардың сапасын сараптау үшін;
2) орта білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін;
3) жалпы білім беретін ұйымдарда білім беру процесін жүзеге асыру үшін;
4) педагогтің, жалпы білім беретін ұйымның іс-әрекет нәтижесін анықтаудың бағалау жүйесін әзірлеу үшін және білім алушылардың дайындық деңгейін айқындау мен оларды қорытынды аттестаттаудың бақылау-өлшеуіш материалдарын дайындау үшін;
5) педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бойынша бағдарламаларды даярлау үшін негіз болып табылады.