2-бөлім. Докторантура
1. Жалпы ережелер
1. Осы жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі - стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және PhD докторантураның білім беру бағдарламаларының мазмұнына, докторанттардың білім траекториясына, білім беру құрылымы мен мазмұнына, докторанттардың дайындық деңгейін бағалауға қойылатын талаптарды белгілейді.
Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) докторантура - кемінде 3 жыл нормативті оқу мерзімімен міндетті түрде теориялық оқудың кемінде 75 кредитін, сондай-ақ кәсіби практиканың кемінде 6 кредитін және докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысының (ДҒЗЖ/ДЭЗЖ) кемінде 28 кредитін еңгерту арқылы философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін бере отырып, ғылыми және педагог кадрларды даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы;
2) докторант - докторантурада білім алушы тұлға;
3) докторлық диссертация - теориялық қағидалар жиынтығын жаңа ғылыми жетістік деп тануға болатын немесе маңызды әлеуметтік-мәдени немесе экономикалық мәні бар ғылыми мәселе шешілген, не енгізілуі елдің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосатын ғылыми дәлелденген техникалық, экономикалық немесе технологиялық шешімдер берілген, дербес зерттеу болып табылатын ғылыми жұмыс.
2. Докторантураның білім беру бағдарламаларын ведомостволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, докторантураның тиісті мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін лицензияның және аккредиттелген әріптес ғылыми ұйымдармен бірлескен ғылыми және білім беру бағдарламаларын орындау, зерттеу базаларын ұсыну бойынша ынтымақтастық туралы шарттардың негізінде жоғары оқу орындары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлады:
1) Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуішіне;
2) осы стандартқа және докторантура мамандықтарының үлгілік оқу жоспарларына;
3) академиялық күнтізбеге;
4) докторанттардың жеке оқу жоспарларына;
5) оқу жұмыс жоспарларына;
6) пәндер бойынша оқу бағдарламаларына;
7) докторанттың жеке жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
4. Ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлау докторантурада кемінде үш жыл оқу мерзімімен философия докторы (PhD) мен бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін бере отырып жүзеге асырылады.
5. Философия докторын (PhD) даярлаудың білім беру бағдарламасы ғылыми-педагогикалық бағытқа ие және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым салалары үшін іргелі білім беру, әдіснамалық және зерттеушілік даярлық пен ғылымның сәйкес бағыттары бойынша пәндерді терең оқытуды қарастырады.
6. Бейін бойынша доктор даярлаудың білім беру бағдарламасы ұлттық экономиканың салаларына, әлеуметтік салаға: білім беру, медицина, құқық, мәдениет, қызмет көрсету, бизнес салалары және т.б. үшін іргелі білім беру, әдіснамалық және зерттеушілік даярлық пен ғылымның сәйкес бағыттары бойынша пәндерді тереңдетіп оқытуды қарастырады.
Бизнес ортасы үшін мамандар даярлау мақсатында жоғары оқу орны DBA бағдарламасын іске асыра алады. DBA кәсіптік білім беру бағдарламасы шеңберінде мамандар даярлау мазмұны мен деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
7. Докторантурада білім алу мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тек күндізгі оқыту нысанында жүзеге асырылады.
8. Докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орнында докторантураның аккредиттелген білім беру бағдарламаларын іске асыратын шет елдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер міндетті түрде болуы тиіс («Әскери іс және қауіпсіздік» тобы мамандықтары бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орнын қоспағанда).
9. Докторантураның білім беру бағдарламасын меңгерген және докторлық диссертациясын қорғаған тұлғаға білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру қағидаларына сәйкес PhD доктор немесе бейін бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріледі.
10. Осы стандартты қолдану мынадай мақсаттарға жетуді көздейді:
1) докторанттардың дайындық деңгейіне және жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне міндетті талаптар қою есебінен білім сапасына кепілдікті қамтамасыз ету;
2) білім беру қызметінің барлық субъектілерінің құқықтарын реттеу;
3) докторанттардың дайындығын және білім беру бағдарламаларының сапасын бағалаудың объективтілігі мен ақпараттылығын арттыру;
4) докторанттардың академиялық оралымдылығы үшін жағдай жасау;
5) Қазақстанның біртұтас білім беру кеңістігінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
6) PhD доктор немесе бейін бойынша доктор ғылыми атағының берілуі туралы Қазақстан Республикасы құжаттарының халықаралық білім беру кеңістігінде және халықаралық еңбек нарығында танылуын қамтамасыз ету.
11. Докторантура мамандықтарының үлгілік оқу жоспарлары осы стандарттың ережелеріне сәйкес келуі және білім беру бағдарламаларының құрылымына, көлемі мен мазмұнына, нормативті оқу мерзіміне және докторанттарды даярлау деңгейіне қойылатын талаптардың жиынтығын анықтауы тиіс.
ЖОО докторантура мамандықтарының тізбесі Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының бекітілген жіктеуішіне сәйкес болуы тиіс.
12. Докторантура мамандықтары шеңберінде жоғары оқу орындары Ұлттық біліктілік шегіне, кәсіптік стандарттарға сәйкес және Дублин дескрипторларымен және Еуропалық біліктілік шегімен келісілген білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді.
Білім беру бағдарламалары оқыту нәтижесіне бағдарлануы тиіс.
13. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің үшінші деңгейінің (сатысының) білім беру бағдарламасын аяқтағаннан кейін докторанттардың алған білімінің, білігінің, дағдысы мен құзыретінің деңгейі мен көлемін сипаттайтын Дублин дескрипторлары оқу нәтижелеріне, қалыптасқан құзыреттерге, сондай-ақ ЕСТS кредит (сынақ) бірліктерінің жалпы санына негізделеді.
2. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
14. Докторантураның білім беру бағдарламасының құрылымы маңызы бірдей екі білім және ғылым компоненттерінен тұрады, олардың арақатынасын, өлшемін және есебін көрсетеді.
15. Докторантураның білім беру бағдарламасында:
1) базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін меңгеруден тұратын теориялық оқыту;
2) докторанттардың практикалық даярлығы: практика, кәсіби тағылымдамалар түрлері;
3) докторлық диссертацияның орындалуын қамтитын ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы;
4) аралық және қорытынды аттестаттау қамтылады.
16. Білім беру бағдарламалары мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің негізінде жүзеге асырылады. Мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің нысанын, құрылымын және әзірлеу тәртібін білім беру ұйымы өзі айқындайды.
17. Жұмыстың барлық түрлерінің еңбек сыйымдылығын есептеу меңгерілген материалдың көлемі бойынша жүзеге асады және оқудың нақты нәтижелеріне жетуге қажетті докторант пен оқытушының еңбек шығынының өлшем бірлігі болып табылатын кредиттермен өлшенеді. Бұл ретте алдыңғы білім деңгейінде игерілген кредиттерді ескеретін жинақтаушы кредиттік жүйе қолданылады.
Докторанттың докторантураға түсер алдында докторантураның тиісті кәсіптік оқу бағдарламасын меңгеруге қажетті барлық пререквизиттері болуы тиіс. Қажетті пререквизиттер тізбесін жоғары оқу орны өзі айқындайды.
Қажетті пререквизиттер болмаған жағдайда докторантқа оларды ақылы түрде меңгеруге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда докторантурада білім алу докторант пререквизиттерді толық меңгергеннен кейін басталады.
18. Оқу процесін кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастыру кезінде оқу пәнінің көлемі кредиттердің бүтін санын құрауы тиіс. Бұл ретте әр пән, әдетте, 2 немесе 3 кредиттен кем болмайтын өлшеммен бағаланады.
19. Докторантураның оқу жоспарларының барлық нысандарында пәндерді кодтаудың бірыңғай жүйесі қолданылады.
Әрбір пән қайталанбайтын бір атауға ие болуы тиіс. Ол бір академиялық мерзімде меңгеріліп, аяқталған соң докторанттар емтихан нысанындағы қорытынды бақылауды тапсырады, ал кәсіптік практиканың барлық түрлері, курстық жұмыстар (жобалар), докторанттардың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмыстары бойынша дифференциалды сынақ тапсырады.
20. Докторантураның білім беру бағдарламалары пәнді оқудың модульді жүйесі негізінде жобаланады.
21. Базалық пәндер циклі (БП) міндетті компонент пен таңдау компоненті пәндерінен тұрады.
22. Базалық пәндер (БП) циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 50%-ын немесе 18 кредитті құрайды, оның ішінде 17%-ы міндетті компонент пәндеріне, ал 83%-ы таңдау компоненті пәндеріне бөлінеді.
23. Бейіндеуші пәндер циклінің көлемі үлгілік оқу жоспарының жалпы көлемінің 50%-ын немесе 18 кредитті құрайды.
Бейіндеуші пәндер циклінің пәндері таңдау компонентіне жатады және оларды жоғары оқу орны өзі айқындайды.
24. Міндетті компонент пәндерінің тізбесі үлгілік оқу жоспарымен анықталады. Міндетті компонент пәндерінің көлемін қысқартуға жол берілмейді.
25. Таңдау компоненті пәндерінің тізбесін жұмыс берушілердің талаптары мен еңбек нарығының сұранысына сәйкес жоғары оқу орны өзі айқындайды.
26. Докторантураның білім беру бағдарламасының мазмұны 1-кестеге сәйкес белгіленеді.
1 кесте
№
|
Пәндердің және қызмет түрлерінің атауы
|
Кредит бойынша көлемі
|
1
|
Базалық пәндер (БП):
|
18
|
1)
|
Міндетті компонент (МК)
|
3*
|
2)
|
Таңдау компоненті (ТК)
|
15
|
2
|
Бейіндеуші пәндер
|
18
|
|
Теориялық оқыту бойынша жалпы саны
|
36
|
3
|
Оқытудың қосымша түрлері (ОҚТ)
|
кемінде 34
|
1)
|
Практика (педагогикалық, зерттеу немесе өндірістік) (ПЗӨП)
|
кемінде 6**
|
2)
|
Докторлық диссертацияның орындалуын қамтитын докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы, (ДҒЗЖ/ДЭЗЖ)
|
28
|
3)
|
Докторлық диссертацияны орындау
|
15
|
4
|
Қорытынды аттестаттау (ҚА)
|
5
|
1)
|
Кешенді емтихан (КЕ)
|
1
|
2)
|
Докторлық диссертацияны ресімдеу және қорғау (ДҚ)
|
4
|
|
Барлығы
|
Кемінде 75
|
Ескерту:
* 2008-2010 жылдарда қабылданған білім алушылардың базалық пәндер циклінің міндетті компонентінің кредиттер саны 6 кредитті құрайды.
** Практикаға бөлінетін кредиттер санын жоғары оқу орны өзі айқындайды және жалпы еңбек сыйымдылығына кірмейді.
|
27. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру қағидаларына сәйкес, докторанттың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері ғылыми, ғылыми-аналитикалық және ғылыми-практикалық басылымдарда жариялануы тиіс.
28. Білім беру қызметін ұйымдастыру оқу процесін және білім беру мазмұнын жоспарлау, оқу сабақтарын жүргізу тәсілдерін, докторанттың өзіндік жұмысын, олардың оқу жетістіктерін қорытынды бақылау түрлерін таңдау арқылы жүзеге асады.
29. Білім беру мазмұнының құрылымы білім берудің есептеу-өлшегіш құралдары: оқу жоспары мен бағдарламаларына, оқу жүктемесінің көлеміне, академиялық кезеңдер ұзақтығына, академиялық сабақ түрлеріне, оқу материалының көлеміне және т.б. қойылатын талаптарға сәйкес айқындалады.
30. Доктор даярлаудың білім беру бағдарламасына оқу жоспары, пәндердің оқу-әдістемелік кешендері, практикалар (педагогикалық, зерттеу немесе өндірістік) бағдарламалары және ғылыми-зерттеу жұмысының жоспары кіреді.
31. Білім беру мазмұнын жоспарлауды, оқу процесін ұйымдастыру мен өткізу тәсілін кредиттік оқыту технологиясы негізінде жоғары оқу орны өз бетінше жүргізеді.
32. Білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру оқу жоспарлары негізінде жүзеге асады.
Оқу жоспарлары үлгілік (ҮОЖ), жеке (ЖОЖ) және жұмыстық (ОЖЖ) болып бөлінеді.
33. ҮОЖ осы стандарт негізінде докторантураның нақты мамандықтары бойынша әзірленеді және оны білім саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
ҮОЖ-да міндетті компоненттің әрбір оқу пәнінің еңбек сыйымдылығы және әрбір оқу қызметінің түрі (практика, ДҒЗЖ (ДЭЗЖ), кешенді емтихан, докторлық диссертацияны ресімдеу және қорғау) кредитпен анықталады, ал оқу пәндерінің әр циклі бойынша таңдау компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.
34. ҮОЖ-ға қосымша жыл сайын жоғары оқу орындары таңдау компоненті бойынша барлық пәндердің жүйеленген, аннотацияланған тізбесі болып табылатын элективті пәндер каталогын (ЭПК) жасайды.
ЭПК-да әр оқу пәні бойынша пререквизиттер мен постреквизиттер көрсетіледі. ЭПК докторанттарға элективті оқу пәндерін баламалы таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
35. Мамандық бойынша ҮОЖ мен ЭПК негізінде докторант эдвайзердің көмегімен ЖОЖ құрады. ЖОЖ әрбір докторанттың жеке білім траекториясын айқындайды.
ЖОЖ-ға міндетті компонент пәндері мен ҮОЖ-дан алынған оқу әрекеттерінің түрлері (практикалар, ДҒЗЖ (ДЭЗЖ), кешенді емтихан, докторлық диссертацияларды ресімдеу және қорғау) және ЭПК ішінен таңдап алынған пәндер компоненті енеді.
36. ОЖЖ оқу жылына мамандықтардың ҮОЖ-ы мен докторанттың ЖОЖ-ы негізінде жасалады және оны Ғылыми кеңестің шешімі негізінде білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
ОЖЖ-да оқу жылында оқытылатын пәндер тізбесі және олардың кредитпен санағандағы еңбек сыйымдылығы, оқытылу реті, оқу сабақтарының түрлері мен бақылау нысандары, сондай-ақ оқу қызметінің басқа да түрлері (практикалар, ДҒЗЖ (ДЭЗЖ), кешенді емтихан, докторлық диссертацияларды ресімдеу және қорғау) анықталады.
ОЖЖ оқу сабақтарының кестесін құруға және оқытушының оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есептеуге негіз болады.
ЖОЖ және ОЖЖ-ның нысанын, құрылымын жобалау, бекіту тәртібін жоғары оқу орындары өздері анықтайды.
37. Барлық оқу пәндерінің мазмұны оқу бағдарламаларымен анықталады. Оқу бағдарламалары үлгілік, жұмыс және силлабус болып бөлінеді.
Үлгілік оқу бағдарламалары (ҮОБ) міндетті компонент пәндері бойынша әзірленеді және оларды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Оқу жұмыс бағдарламалары мен силлабустар (докторанттарға арналған пән бағдарламалары) оқу жоспарының барлық пәндері бойынша әзірленеді және оларды жоғары оқу орны бекітеді. Бұл ретте, олар міндетті компонент пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді, ал таңдау компоненті пәндері бойынша жоғары оқу орны өзі әзірлейді. Жұмыс оқу бағдарламалары мен силлабустардың нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту тәртібін жоғары оқу орнының өзі анықтайды.
38. Докторант ғылыми консультанттардың жетекшілігімен жасалатын жеке жұмыс жоспары негізінде оқиды.
39. Докторанттың жеке жұмыс жоспары оқудың толық кезеңіне арналып жасалады және мынадай бөлімдерден тұрады:
1) ЖОЖ (қажет болған жағдайда жыл сайын нақтыланады);
2) ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысы (тақырыбы, зерттеу бағыты, мерзімі және есеп беру нысаны);
3) практика (бағдарламасы, базасы, мерзімі және есеп беру нысаны);
4) негіздемесі мен құрылымы көрсетілген докторлық диссертация тақырыбы;
5) докторлық диссертацияны орындау жоспары;
6) ғылыми жарияланымдар және тағылымдамадан, оның ішінде шетелдік тағылымдамадан өту жоспары.
40. Докторантурадағы оқу сабақтары инновациялық технологиялар мен оқытудың интерактивті әдістерін қолдана отырып жүргізілуі тиіс.
41. Оқу процесін жоспарлау кезінде жоғары оқу орны осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес докторантураның білім беру бағдарламасының компоненттерін бөлу нормаларын басшылыққа алады.
3. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
42. Докторанттың оқу жүктемесінің көлемі оның оқу жылы бойына әрбір пән немесе оқу жұмысының түрін игеретін кредиттермен өлшенеді.
43. ПОҚ оқу жүктемесін жоспарлау кредитпен немесе аудиториялық оқу сабақтарын кесте бойынша немесе оқу жұмысының басқа түрлері үшін жеке бекітілген график бойынша оқытушының білім алушылармен байланыс жұмысының уақытын білдіретін академиялық сағаттармен жүзеге асырылады.
44. Студиялық және зертханалық сабақтардан өзге аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең. Студиялық сабақтар үшін бір академиялық сағат 75 минутқа және зертханалық сабақтар үшін 100 минутқа тең.
Докторант практикасының барлық түрлерінің, ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысының және қорытынды аттестаттаудың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең.
45. Оқу жұмысының көлемін жоспарлау кезінде бір кредит:
1) семестр түріндегі академиялық кезең бойындағы докторанттың аудиториялық жұмысының;
2) докторанттың кәсіби практика кезіндегі жұмысының;
3) докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы (ДҒЗЖ/ДЭЗЖ) кезінде ғылыми консультанттармен жұмысының;
4) докторанттың докторлық диссертацияны жазу мен қорғау бойынша жұмысының;
5) докторанттың кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша жұмысының 15 академиялық сағатына тең екенін ескеру қажет.
46. Білім алушылардың оқу жүктемесі академиялық сағаттардың ұзақтығымен және оқу жұмыстарының әр түрлері үшін академиялық сағатпен жүретін оқу сағаттарының көлемдерімен (50 минуттық байланыс сағаттары) айқындалады.
Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50, 75 немесе 100 минутқа тең болуы мүмкін. Аудиториялық жұмыстың бір сағаты 50, 75 немесе 100 минутқа тең болғандықтан, докторанттардың аудиториялық жұмысының академиялық сағаттары тиісінше ДӨЖ сағаттарымен толығады, осылайша докторанттың семестр түріндегі академиялық кезеңінің бір аптасындағы бір кредит жиынтық оқу жүктемесі 3 сағатқа тең болады.
Практиканың әр академиялық сағаты докторанттың қосымша жұмысының тиісті оқу сағаттарымен (50 минуттан) толықтырылады: педагогикалық практика үшін - 1 сағат, өндірістік практика үшін - 4 сағат және зерттеу практикасы үшін - 7 сағат.
Докторлық диссертацияның орындалуын қоса алғанда, ДҒЗЖ/ДЭЗЖ-ның әрбір академиялық сағаты 7 сағаттық ДӨЖ-бен толықтырылады.
Қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты докторлық диссертацияны жазу және қорғау немесе кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша докторанттың оқытушымен байланыс жұмысының бір сағаты болып табылады. Докторантты қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты 6 сағаттық ДӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
47. Кредиттік оқыту технологиясында докторанттардың өздігінен орындайтын жұмыстарының көлемі артады, ол екі түрге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін докторанттың өзіндік жұмысы (ОДӨЖ) және докторанттың өзі орындайтын жұмысы (ДӨЖ).
48. Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін докторанттың өзіндік жұмысы докторанттың оқытушымен байланыста орындалатын аудиториядан тыс жұмысының түрі болып табылады. ОДӨЖ оқу сабақтарының жалпы кестесіне кірмейтін жеке график бойынша орындалады.
49. ДӨЖ бен ОДӨЖ-дің өзіндік жұмыстың жалпы көлеміндегі арақатынасын жоғары оқу орны өзі анықтайды.
50. Дәріс пен практикалық (семинар) сабақтар кезіндегі докторанттың оқытушымен байланыс сағаттары жиынтығында әр байланыс сағаты 2 сағат ДӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
Студиялық және зертханалық сабақтар, докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы, қорытынды аттестаттау сияқты оқу жұмыстарының түрлері үшін ОДӨЖ жоспарлау қажеттілігін және оның көлемін жоғары оқу орны өзі белгілейді.
51. Докторантурадағы оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңінен, практикалардан, демалыстардан, докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысынан және соңғы курста қорытынды аттестаттаудан тұрады.
52. Академиялық кезең ұзақтығы 15 апта болатын семестрден тұрады.
53. Әр академиялық кезеңнен кейінгі аралық аттестаттаудың/қорытынды бақылаудың ұзақтығы кемінде 1 аптаны құрайды.
Пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерім бағасының үлесі 60 %-дан, ал қорытынды бақылау бағасының үлесі 30 %-дан кем болмауы тиіс.
54. Оқу жылы бойындағы демалыс ұзақтығы соңғы курстан өзге курстарда 5 аптадан кем болмауы тиіс.
55. Докторанттардың кәсіби практикасы бекітілген академиялық күнтізбе мен докторанттың жеке жұмыс жоспарына сәйкес осы стандартпен және мамандықтың ҮОЖ-бен белгіленген көлемде жүргізіледі.
56. Практикалардың ұзақтығы докторанттың практика кезіндегі 30 сағатқа тең апта бойғы (5 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат) нормативті жұмысын уақытын есепке ала отырып, аптамен анықталады. Апта санын шығару үшін практиканың кредитпен есептелген көлемін тиісті практика түрінің байланыс сағатымен есептелген еңбек сыйымдылығына көбейту керек және оны докторанттың апта бойғы жұмысының ұзақтығына, яғни 30 сағатқа бөлу керек.
Практиканың 1 кредитінің еңбек сыйымдылығы педагогикалық практика үшін 30 сағатты (50 минуттан), өндірістік практика үшін 75 сағатты (50 минуттан), зерттеу практикасы үшін 120 сағатты (50 минуттан) құрайды. 1 кредитке сәйкес келетін практиканың ұзақтығы аптамен есептегенде педагогикалық практика үшін 1 аптаны, өндірістік практика үшін 2,5 аптаны, зерттеу практикасы үшін 4 аптаны құрайды.
57. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау және ДҒЗЖ, ДЭЗЖ аптамен жоспарлау 54 сағатқа тең докторанттардың апта бойғы жұмысының нормативті уақытына (6 күндік жұмыс аптасы кезінде ДӨЖ-ді қоса есептегенде күніне 9 сағат) сүйене отырып анықталады.
58. ДҒЗЖ, ДЭЗЖ бір кредитіне докторант жұмысының 120 (15х8) сағаты, яғни 2,2 апта сәйкес келеді.
Қорытынды аттестаттаудың бір кредитіне 105 (15х7) сағат, яғни 2 апта сәйкес келеді. Оның ішінде 15 байланыс сағаты докторанттың оқытушымен жұмысына, 90 сағаты ДӨЖ-ге бөлінеді.
Кешенді емтиханға дайындалуға және тапсыруға 1 кредит, яғни 2 апта бөлінеді.
Докторлық диссертацияны (жобаны) ресімдеуге және қорғауға 4 кредит, яғни тиісінше 8 апта беріледі.
59. Докторлық диссертацияны орындау докторанттың ДҒЗЖ/ДЭЗЖ кезеңінде орындалады.
60. Докторанттардың қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оқу жоспарларындағы академиялық айырмашылықты немесе академиялық қарызды жою үшін, игерген кредиттері өз ЖОО-да міндетті түрде қайта есепке алынатын жағдайда басқа ЖОО-да оқу пәндерін оқып-үйрену үшін, үлгерімнің орташа балын (GPA) көтеру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестр (бітіруші курстан өзге курстарда) енгізілуі мүмкін.
61. Білім беру бағдарламасының ғылыми компоненті докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысынан, ғылыми жарияланымдарынан және докторлық диссертацияны жазуынан тұрады.
62. Философия докторын (PhD) немесе бейін бойынша доктор даярлау бойынша білім білім беру процесінің аяқталуының негізгі өлшемі докторанттың кемінде 75 кредитті, оның ішінде теориялық оқу бойынша кемінде 36 кредитті, сондай-ақ практиканың кемінде 6 кредитін, ДҒЗЖ/ДЭЗЖ кемінде 28 кредитін игеруі болып табылады.
Докторантураның білім беру бағдарламасын мерзімінен бұрын меңгеріп, диссертацияны сәтті қорғаған докторантқа оқу мерзіміне қарамастан PhD доктор немесе бейін бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріледі.
63. Бейіндік докторантураны бітіруші педагогикалық мамандық пәндері циклін меңгерген және педагогикалық практикадан өткен жағдайда ғана ғылыми және педагогикалық қызметпен айналыса алады. Аталған цикл қосымша академиялық кезең ішінде меңгеріледі (егер оқу жоспарында қарастырылмаған болса), оны аяқтаған соң негізгі дипломға тиісті сертификат беріледі.
64. Докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық курсын толық меңгерген, бірақ ғылыми-зерттеу компонентін орындамаған докторантқа ақылы негізде ғылыми-зерттеу компонентінің кредиттерін қайта игеруге және диссертацияны келесі оқу жылында қорғауға мүмкіндік беріледі.
65. Докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық курсын толық меңгерген, бірақ белгіленген мерзімде докторлық диссертацияны қорғамаған докторанттың докторантурада оқу мерзімі ақылы негізде ұзартылуы мүмкін.
66. Жоғары оқу орны докторантураның оқу процесін алынған лицензиясына сәйкес ұйымдастырады және білім беру қызметіне лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтауы тиіс.
67. ЖОО білім беру қызметін тиісті материалдық-техникалық базамен, білікті профессорлар-оқытушылар құрамымен, кітапхана қорымен, Интернет және басқа да ақпараттық қорлармен, қаладан тыс жерлерден келген докторанттарды жатақханамен және докторанттарды басқа да қолдау қызметімен қамтамасыз етеді.
68. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
Докторантура бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орнында санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келетін және оқу жоспарында көзделген теориялық және практикалық даярлықтың барлық түрлерін жүргізуді, сондай-ақ докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмыстарын тиімді өткізілуін қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базасы (аудиториялық қор, компьютерлік сыныптар, зертханалар, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, қор материалдары) болуы тиіс.
69. Ғылыми зерттеулерді қоса алғанда докторанттарды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптар.
Философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор даярлау бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындары қажетті оқу-әдістемелік құжаттарды (оқу жұмыс жоспары, оқу пәндерінің және практикалар бағдарламалары, ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмыстарының бағдарламалары және т.б.) әзірлейді және бекітеді.
Оқу пәндерінің бағдарламаларын докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны осы стандарттың және докторантураның мамандықтары бойынша ҮОЖ негізінде әзірлейді.
Кәсіптік дайындық жағынан докторантураның білім беру бағдарламалары PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор даярлаудың аккредиттелген бағдарламаларын іске асыратын жоғары рейтингті шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың тәжірибелерін зерделеу негізінде әзірленуі тиіс.
70. Оқу әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар.
Оқу процесін оқу-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету докторанттардың докторантураның білім беру бағдарламасын сапалы меңгеруіне кепілдік беруі тиіс.
Білім беру бағдарламасын іске асыру халықаралық ақпараттық желілерге, электронды деректер қорларына, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерге еркін қол жеткізу мүмкіндігімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Ақпараттық және оқу-әдістемелік қамтамасыздандырылу докторанттың өзіндік жұмысын біртіндеп белсендіруге негізделген болуы керек.
Кітапхана қоры мен электронды және магнитті тасымалдаушылардағы оқу әдебиеттерімен қамтамасыздандыру білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
71. Практикалар мен ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруға қойылатын талаптар.
Практика ғылыми, кәсіби қызметтегі практикалық дағдыны қалыптастыру мақсатында жүргізіледі.
Докторантураның білім беру бағдарламасында мыналарды қамтылуы тиіс:
1) философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін педагогикалық және зерттеу практикалары (көлемі 3+3 кредиттен кем болмауы тиіс);
2) бейіні бойынша докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін кәсіби практика (көлемі 6 кредиттен кем емес).
Педагогикалық практика оқу процесінен қол үзбей теориялық оқу кезеңінде өткізілуі мүмкін. Осы ретте докторанттар бакалавриат пен магистратурада сабақ жүргізуге тартылуы мүмкін.
Докторанттың зерттеу практикасы отандық және шетелдік ғылымның жаңа теориялық, әдіснамалық және технологиялық жетістіктерін зерттеу, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің заманауи әдістерін практикада қолдану, диссертациялық зерттеудегі эксперименттік деректерді өңдеу мен интерпретациялау дағдыларын бекіту мақсатында жүргізіледі.
Докторанттың өндірістік практикасы оқу процесінде алынған теориялық білімді түйіндеу және кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Зерттеу және өндірістік практикалардың мазмұны докторлық диссертацияның тақырыбымен анықталады.
72. Философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша білім алушының ғылыми-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес болуы;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылым мен практиканың қазіргі теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктеріне негізделуі;
4) компьютерлік технологияны пайдалана отырып мәліметтерді өңдеудің және интерпретациялаудың заманауи әдістеріне негізделуі керек;
5) ғылыми зерттеулердің қазіргі әдістерін қолдана отырып орындалуы;
6) қорғалатын негізгі ережелер бойынша ғылыми-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
73. Бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша білім алушының эксперименталды-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың эксперименталды-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес келуі;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылымның, техниканың және өндірістің заманауи жетістіктеріне негізделген және нақты практикалық ұсыныстары, кешенді сипаттағы басқару мәселелерінің өзіндік шешімдерінің болуы;
4) алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды қолдана отырып орындалуы;
5) қорғалатын негізгі ережелер бойынша эксперименталды-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
74. Ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының нәтижелерін докторант әр академиялық кезеңнің соңында қысқаша есеп түрінде ресімдейді.
ДҒЗЖ/ДЭЗЖ шеңберінде докторанттың жеке жұмыс жоспарында міндетті түрде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуі қарастырылады.
75. Докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының ең соңғы қорытындысы докторлық диссертация болып табылады.
Докторлық диссертацияның тақырыбы оның өзектілігін есепке ала отырып докторантураға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей анықталады. Диссертациялық зерттеудің бағыты, әдетте, ұлттық басымдықтармен не мемлекеттік бағдарламалармен не іргелі немесе қолданбалы зерттеу бағдарламаларымен байланысты болуы тиіс.
76. Докторлық диссертацияның негізгі нәтижелері осы стандарттың 27-тармағына сәйкес жариялануы тиіс.
77. Докторлық диссертацияның мазмұны мен ресімделуіне, оларды даярлау мен қорғауға қойылатын талаптар білім беру саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
78. Докторлық диссертация міндетті түрде Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жүзеге асыратын авторға және ақпарат көзіне сілтемесіз мәліметті пайдалану туралы (диссертацияда плагиаттың бар-жоғына) тексеруден міндетті түрде өтуі тиіс.
79. ЖОО-ның кадрлық құрамына қойылатын талаптар лицензиялау кезінде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарымен анықталған.
Жоғары оқу орнының оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының талаптарын ұстанған жағдайда оқу сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің әдіс-тәсілдері мен нысандарын, оқытудың әдістерін еркін таңдауға құқылы.
80. Ғылыми мектептер ел аумағында немесе халықаралық деңгейде танылған болуы тиіс.
Танымдылық индикаторларына жоғары импакт-факторы бар ғылыми басылымдарда жарық көрген мақалалар, шетелдік әріптестермен бірге орындалатын халықаралық және отандық ғылыми жобалар жатады.
81. Оқытушы кадрлар оқытудың заманауи интерактивті әдістері мен технологияларын меңгеріп, оларды оқу процесінде пайдалана білуі тиіс.
82. Докторантқа оқуға қабылданғаннан кейінгі екі айдың ішінде докторлық диссертацияға жетекшілік жасау үшін ғылыми жетекші тағайындалады.
Докторанттың ғылыми жетекшілігі мен зерттеу тақырыбы ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен бекітіледі.
83. Докторанттарға ғылыми жетекшілікті ғылым докторлары мен кандидаттарының, философия (PhD) докторларының ішінен сайланған, құрамы кемінде 2 адамнан тұратын және олардың біреуі шетелдік жоғары оқу орнының ғалымы болып табылатын консультациялық комиссия атқарады («Әскери іс және қауіпсіздік» мамандықтар тобын қоспағанда).
Аталған ғылым саласында (мамандық бейіні бойынша) ғылыми зерттеулермен белсенді түрде айналысатын және ғылыми жетекшілік жасау тәжірибесі бар тұлғалар ғылыми консультанттар бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |