Менің арманымдағы университет
Білім – осы ұрпақтың келесі ұрпаққа өтеп беруге тиіс қарызы,парызы
(Джордж Пибоди)
Адам санасы – әлемдегі ең биік, ең жарық әрі ең құнды жаратылыс. Жалпы бүгінде, көптеген физиологиялық және биологиялық зерттеулер нәтижесінде көптеген сүтқоректі жануарлар мен жоғары санатты омыртқалыларда сананың өзіне сай деңгейінің қалыптасқанын байқауға болады. Ал сонда жануарлар санасынан адам санасының артықтығы не деген ой келеді... Меніңше, адам баласының артықшылығы – ағартушылықпен жаңғырып, білім - ғылыммен дамып, көркейген «санасы».
Қай ғасыр, қай кезең болмасын білім мен ғылым өз құндылығын ешқашан да жоғалтқан емес. Керісінше замана өзгеріп, жыл жаңарған сайын көптеген жаңа білімдер табылып, жаңа ғылым салалары ашылуда. Ал біздің XXI ғасыр – тіптен ақпараттың, ғылымның ғасыры деп аталды. Ал осы тұста мектеп қабырғасында қаланған негізгі бастама білімді әрі қарай тереңдей жалғастырып, арнайы мамандық бойынша тұлғаның санасына бағытты білім негізін құятын университеттің мәні мен маңыздылығын айтпай кетуге болмас.
Мен, жаңарған жаһандану ағымына қосылған, жаңғырған Қазақстанның Елбасымыз үміт артқан жалынды жас ұрпағы ретінде ең озық жоғарғы білім мен білікті меңгеру менің арманым және мақсатым. Осы орайда, мен өз арманымдағы университет жайлы сөз қозғағым келеді.
Жалпы, университеттік өмір – әрбір мектеп жасындағы баланың қызққа әрі қиялға толы арманы. Мен де сол балғын балалық шақтағы арманымнан сыр шертетін болсам, ең алдымен шығармашылық туралы айтар едім. Себебі, менің жаным сүйіп таңдаған мамандығым – архитектура мамандығы. Яғни нағыз творчество мен ұшқыр қиялды, таудай талантты талап ететін қызықты мамандық. Сонымен қатар бұл мамандықта тапқырлық пен талғампаздық, есепке жүйріктік пен ойдың ұшқырлығы да маңызды орын алады. Осы себептен де мен болашақ университетімде жан-жақты білімнің терең және заманауи білім стандарттарына сай болуын басты талабым деп таңдаймын. Бұл тұрғыда әрине, ондағы педагогтардың атқаратын рөлі зор болмақ. Ал келесі орында – университеттегі қызықты өмір, яғни ондағы әртүрлі студенттерге арналған ұйымдар мен үйірмелер. Университеттік кезеңде адамның негізгі тұлғалық қаситтері мен қабілеттері қалыптасып, адам санасына орнығатындықтан оның осы шақта уақытын барынша пайдалы, әрі тиімді жұмсап, бойына түрлі жақсы қасиеттерді сіңіріп, адами құндылықтарын қалыптастыруға негізгі шарт – жақсы орта мен жағымды қарым-қатынастар. Ал шығармашылық адамы болғандықтан, қоғаммен қарым - қатынас мен үшін өте маңызды. Осы себептен де мен өз университетімде сапалы білім мен саналы тәрбиені алумен қатар, сондағы жылдарымды барынша қызықты етіп өткізгім келеді. Және де келешекте өз елімнің ғана емес әлем таныған мықты тұлға мен теңдессіз маман болу – менің басты арманым.
Достарыңызбен бөлісу: |