"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV Заңы
Мәтін
Ресми жарияланым
Ақпарат
Өзгерістер тарихы
Сілтемелер
Көшіру
Басқа
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз.
1-бап. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 20, 151-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; 2011 жылғы 30 шілдеде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2011 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 6 тамызда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне халықтың көші-қоны мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) бүкіл мәтін бойынша:
"соғысқа қатысушылар мен cоғыс мүгедектеріне" деген сөздер "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;
"Оқу және тәрбие процесін", "оқу және тәрбие процесі", "оқу және тәрбие процесін", "Оқу және тәрбие процесі", "оқу және тәрбие процесінің" деген сөздер тиісінше "Оқу-тәрбие процесін", "оқу-тәрбие процесі", "оқу-тәрбие процесін", "Оқу-тәрбие процесі", "оқу-тәрбие процесінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 1-бапта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) академия – мамандықтардың бір-екі тобы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны;";
мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2), 2-3), 3-1) және 5-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"2-1) академиялық оралымдылық – оқыту немесе зерттеулер жүргізу үшін белгілі бір академиялық кезеңге: семестрге немесе оқу жылына өзінің жоғары оқу орнында немесе оқуды жалғастыру үшін басқа жоғары оқу орнында кредиттер түрінде меңгерген білім беретін оқу бағдарламаларынан міндетті түрде қайта сынақ тапсыра отырып, басқа жоғары оқу орнына (ел ішінде немесе шетелге) білім алушыларды немесе оқытушы-зерттеушілерді ауыстыру;
2-2) аккредиттеу органдары – стандарттарды (регламенттерді) әзірлейтін және өздері әзірлеген стандарттар (регламенттер) негізінде білім беру ұйымдарын аккредиттеуден өткізетін заңды тұлғалар;
2-3) аккредиттеу стандарттары (регламенттері) – аккредиттеу органының аккредиттеу рәсіміне қойылатын талаптарды белгілейтін құжаттары;";
"3-1) әдістемелік кабинет – білім беруді басқару органдарының білім беру процесінің ұйымдастырушылық-әдістемелік қамсыздандырылуын, нәтижелілігін талдау мен бағалауды, педагог кадрлардың шығармашылық өсуіне және олардың кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруіне жәрдемдесетін инновациялық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен таратуды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі;";
"5-1) бейіндік мектеп – жалпы орта білім берудің білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын оқу орны;";
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"7) "Болашақ" халықаралық стипендиясы – Қазақстан Республикасының азаматтарын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыту немесе ғылыми, педагог, инженерлік-техникалық және медицина қызметкерлерінің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;";
мынадай мазмұндағы 7-1), 7-2) 7-3) және 7-4) тармақшалармен толықтырылсын:
"7-1) біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік жүйесі – білім беру қызметкеріне ұйымды, оқытудың мазмұны мен мерзімдерін таңдауға мүмкіндік беретін, мемлекет белгілеген және белгілі бір ақша сомасымен қамтамасыз етілген, атаулы құжат (ваучер) түрінде ресімделген жан басына шаққандағы норматив негізінде қаржыландырылатын біліктілікті арттыру нысаны;
7-2) біліктілікті арттыру институты – үздіксіз білім беру жүйесінде кадрлардың кәсіптік біліктілігін арттырудың және оларды қайта даярлаудың актуалды білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, білім берудегі әдістемелік жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ететін инновациялық процестерді қолдауды жүзеге асыратын білім беру ұйымы;
7-3) біліктілікті беру – нақты мамандық бойынша тиісті кәсіптік қызмет түрінің шеңберінде жұмысты орындау үшін қажетті жеке қабілеттілік, кәсіптік білім, шеберлік пен дағдылар жиынтығын растау рәсімі;
7-4) білім алу үшін арнайы жағдайлар – мүмкіндігі шектеулі адамдардың онсыз жалпы білім беретін және кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, өмір сүру ортасын, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де қызметтер көрсетуді қоса алғанда, білім алу үшін жағдайлар;";
10) тармақшадағы "кәсіптік" деген сөз "жоғары" деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) білім беру кредиті – қаржылық ұйымдар мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен оқыту ақысын төлеу үшін қарыз алушыға беретін ақша;";
12) тармақша "желісін" деген сөзден кейін ", сондай-ақ олардың қызметі жетістіктерінің рейтингілік көрсеткіштерін" деген сөздермен толықтырылсын;
16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"16) білім беру ұйымдарын аккредиттеу – білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының белгіленген аккредиттеу стандарттарына (талаптарына) сәйкестігін тану рәсімі;";
мынадай мазмұндағы 17-1) тармақшамен толықтырылсын:
"17-1) білім беру ұйымының ерекше мәртебесі – оқуға қабылдаудың тәртібін дербес анықтауға, өз бетінше әзірленген білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыруға, оқу, ғылыми және әдістемелік қызмет саласында өзінің нормалары мен нормативтерін пайдалануға, білім туралы өз үлгісіндегі құжаттарды беруге мүмкіндік жасайтын жұмыс істеудің ерекше режимі;";
18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"18) гимназия – білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және өзге де бағыттар бойынша кең ауқымда және тереңдете білім беруді қамтамасыз ететін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;";
мынадай мазмұндағы 18-1), 18-2), 18-3) және 18-4) тармақшалармен толықтырылсын:
"18-1) ғылыми-әдістемелік жұмыс – ғылым жетістіктері мен озық педагогикалық тәжірибеге негізделген және үздіксіз білім беру жүйесінің жұмыс істеуін және оны дамытуды жетілдіруге бағытталған қызмет түрі;
18-2) ғылым кандидаты, ғылым докторы – ізденушілердің диссертациялар қорғауы негізінде берілген ғылыми дәрежелер;
18-3) докторант – докторантурада білім алатын адам;
18-4) докторантура – философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріле отырып, ғылыми және педагог кадрларды даярлауға бағытталған, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламасы;";
19) және 20) тармақшалар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 21-1), 21-2) және 21-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"21-1) жоғары техникалық мектеп – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
21-2) зерттеу университеті – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, бес жылға арналған даму бағдарламасын және мамандықтардың үш және одан да көп тобы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің өз бетінше әзірленген білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, жаңа білімді жинақтау мен трансферттеу үшін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдаланатын жоғары оқу орны;
21-3) инклюзивті білім беру – оқытудың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларына білім алушылардың өзге де санаттарымен тең қолжетімділікті, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы дамытуға түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдауды көздейтін, мүмкіндігі шектеулі адамдарды бірлесіп оқыту және тәрбиелеу;";
23) және 24) тармақшалар алып тасталсын;
25) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"25) институт – жоғары білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны;";
мынадай мазмұндағы 26-1), 28-1) және 29-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"26-1) интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары – білім беретін оқу бағдарламаларының тиісті мазмұнды аспектілерін біріктіру негізінде әзірленген білім беретін оқу бағдарламалары;";
"28-1) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары – ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтағанға дейін үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, оларды уақтылы орналастыру мүмкін болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде ата-анасынан (олардың біреуінен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген балаларды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететін, білім беру органдарының қарамағындағы ұйым;";
"29-1) кәсіптік даярлау – техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарын даярлау бойынша қысқартылған мерзіммен оқытудың кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыруды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бір бөлігі;";
30) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"30) кәсіптік даярлықты бағалау – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары түлегінің біліктілік (қабілеті) деңгейінің тиісті кәсіптік қызмет түрі шеңберінде жұмысты орындауға сәйкестігі дәрежесін айқындау;";
31) және 32) тармақшалар алып тасталсын;
35) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"35) колледж – жалпы орта және техникалық пен кәсіптік білім берудің немесе орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;";
мынадай мазмұндағы 35-1), 37-1), 37-2) және 38-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"35-1) кооперативтік оқыту – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделген, кадрларды кәсіптік даярлауды ұйымдастыру нысандарының бірі;";
"37-1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру гранты (бұдан әрі – "Өркен" гранты) – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тағайындайтын грант;
37-2) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор – жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның қолдаухаты бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган беретiн ғылыми атақтар;";
"38-1) қосымша білім беретін мектептен тыс ұйым – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу-тәрбие ұйымы;";
39) және 40) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"39) қосымша білім беру – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесі;
40) лицей – оқушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;";
мынадай мазмұндағы 41-1) және 41-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"41-1) магистрант – магистратурада білім алатын адам;
41-2) магистратура – тиісті мамандығы бойынша "магистр" академиялық дәрежесі беріле отырып, ғылыми және педагог кадрлар даярлауға бағытталған, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламасы;";
43) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 45-1) тармақшамен толықтырылсын:
"45-1) мемлекеттік бітіру емтиханы – білім алушылардың жалпы орта білім беру курсын бітіргенін куәландыратын мемлекеттік үлгідегі құжатты алуы үшін қажетті талап болып табылатын, жалпы орта білім беру ұйымдарында оларды қорытынды аттестаттау нысандарының бірі;";
46) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"46) оқу бағдарламасы – әрбір оқу пәні (сабақ) бойынша меңгерілуге тиісті білімнің, шеберліктің, дағдылар мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;";
мынадай мазмұндағы 49-1), 51-1), 53-1) және 53-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"49-1) "Орта білім беретін үздік ұйым" гранты – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына рейтингілік көрсеткіштері негізінде конкурс қорытындылары бойынша жыл сайын бөлетін ақша;";
"51-1) резидентура тыңдаушысы – клиникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі тереңдетілген медициналық білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеретін маман;";
"53-1) студент – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымында оқитын адам;
53-2) тірек мектеп (ресурс орталығы) – шағын жинақталған мектеп оқушыларының сапалы білім алуына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді сессиялық сабақтарды және аралық әрі қорытынды аттестаттауды өткізу үшін базасында таяу маңдағы шағын жинақталған мектептердің білім беру ресурстары шоғырланатын жалпы орта білім беру ұйымы;";
54), 55) және 56) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"54) университет – мамандықтардың үш және одан да көп тобы бойынша жоғары білім берудің, магистратураның және докторантураның білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын, ғылыми және әдістемелік орталық болып табылатын жоғары оқу орны;
55) училище – мәдениет пен өнер саласында негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;";
56) тармақша бойынша орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
мынадай мазмұндағы 56-1) және 56-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"56-1) ұлттық жоғары оқу орны – елдің жетекші ғылыми және әдістемелік орталығы болып табылатын, ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны;
56-2) ұлттық зерттеу университеті – ерекше мәртебесі және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, бес жылға арналған даму бағдарламасы бар, мамандықтардың үш және одан да көп тобы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің өз бетінше әзірленген білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, жаңа білімді жинақтау мен трансферттеу үшін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдаланатын жоғары оқу орны;";
57) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"57) философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор – тиісті мамандықтар бойынша докторантураның кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін ғылыми дәреже;";
3) 3-баптың 1-тармағында:
4) тармақша "азаматтық" деген сөзден кейін "және ұлттық" деген сөздермен толықтырылсын;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) оқытудың, тәрбиенің және дамытудың бірлігі;";
4) 4-бапта:
4) тармақшадағы "(Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң бiлiм беру ұйымдарындағы мамандар даярлауды қоспағанда)" деген сөздер "(Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін мамандар даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда)" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) тармақша "білім беру" деген сөздердің алдынан "жоғары білім алуға ақы төлеу үшін" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
"5-1) "Өркен" грантын беру қағидаларын және оның мөлшерін бекітеді;";
6) тармақшадағы "және оның қолданылу мерзімдерін" деген сөздер алып тасталсын;
7) тармақшадағы "ережелерін және Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережелерін" деген сөздер "қағидаларын" деген сөзбен ауыстырылсын;
12) тармақшадағы "жеке адамның" деген сөздер – "адам" деген сөзбен, "Инновациялық университет" деген сөздер "Білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі" деген сөздермен ауыстырылсын;
15) тармақшадағы "ережелерін бекітеді" деген сөздер "қағидаларын бекітеді және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындайды" деген сөздермен ауыстырылсын;
20) тармақша алып тасталсын;
21) және 22) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"21) мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде бір пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекітеді;
22) "Орта білім беретін үздік ұйым" грантын беру тәртібін және оның мөлшерін белгілей отырып, оны беруге арналған конкурсты өткізу қағидаларын бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 22-1) және 22-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"22-1) қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін кепілдендіру тәртібін айқындайды;
22-2) маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған, осы Заңның 47-бабының 17-тармағында аталған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату тәртібін айқындайды;";
23) тармақшадағы "аттестациядан өткізу және қызметтен босату тәртібі туралы ережелерді" деген сөздер "аттестаттау және қызметтен босату тәртібін" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 24-1) және 25-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"24-1) білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекітеді;";
"25-1) осы Заңның 8-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде аталған азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру тәртібін айқындайды;";
5) 5-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) магистратурада және докторантурада мамандықтар бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуді бекітеді;";
3) тармақшадағы "жыл сайын" деген сөздер "жыл сайынғы ұлттық" деген сөздермен ауыстырылсын;
6) тармақшадағы "(медициналық және фармацевтік білім беруден басқа)" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
"6-1) медициналық, фармацевтік және әскери білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын келіседі;";
7) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) балалар музыка мектептерінің, балалар көркемөнер мектептерінің және балалар өнер мектептерінің үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;";
8) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"8) бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияларды және (немесе) қосымшаларды:
бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;
техникалық және кәсіптік білім берудің, оның ішінде кәсіптер мен мамандықтар бойынша кәсіптік бағдарламаларды іске асыратын заңды тұлғаларға;
орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары білімнен кейінгі білім берудің, оның ішінде мамандықтар бойынша кәсіптік бағдарламаларды іске асыратын заңды тұлғаларға;
рухани білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға береді;
9) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мыналарды:
мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің;
арнайы және мамандандырылған білім берудің;
балаларға арналған қосымша білім берудің;
балалар мен жасөспiрiмдерге арналған спорт бойынша қосымша білім берудің;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің;
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің (медициналық және фармацевтiк бiлiм берудi қоспағанда) білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттаудан өткiзедi;";
мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
"9-1) инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін базалық жоғары оқу орындарын айқындайды;";
10) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"10) аккредиттеу органдарына, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарына қойылатын талаптарды және оларды танудың тәртібін белгілейді және танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізілімін қалыптастырады;";
"12) Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
13) тармақшадағы "деңгейі" деген сөз "түрлері" деген сөзбен ауыстырылсын;
14) тармақшадағы "уақытын" деген сөз "мерзімін" деген сөзбен ауыстырылсын;
18) тармақша алып тасталсын;
20) тармақшадағы "растаудың" деген сөз – "бағалау" деген сөзбен, "берудің тәртiбiн" деген сөздер "беру қағидаларын" деген сөздермен ауыстырылсын;
22) тармақшадағы "тапсырыс берудi" деген сөздерден кейін "ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру" деген сөздермен толықтырылып, "қамтамасыз етуді ұйымдастырады" деген сөз "қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді" деген сөздермен ауыстырылсын;
25) тармақша "оқу-әдістемелік" деген сөздерден кейін "және ғылыми-әдістемелік" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 25-1), 25-2) және 26-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"25-1) Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
25-2) жоғары оқу орындарының жанынан ұқсас мамандық топтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктер құрады және олардың қызметтері туралы ережені бекітеді;";
"26-1) мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;";
27) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"27) оқулықтарды, оқу-әдiстемелiк кешендері мен оқу-әдiстемелiк құралдарын әзiрлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді әрі бекiтедi және осы жұмысты ұйымдастырады;";
мынадай мазмұндағы 27-1) тармақшамен толықтырылсын:
"27-1) бiлiм беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етiлген оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерiнің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердiң, оның iшiнде электрондық жеткiзгiштердегі тізбесін қалыптастырады және бекітеді;";
29) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"29) жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын, орындаушылардың республикалық конкурстары мен кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
мынадай редакциядағы 29-1) тармақшамен толықтырылсын:
"29-1) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін қалыптастырады және бекітеді;";
33) тармақша алып тасталсын;
35) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"35) мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 36-1) тармақшамен толықтырылсын:
"36-1) жоғары оқу орнының және ғылыми ұйымдардың қолдаухаты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын береді;";
41) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"41) шетелге, оның ішінде академиялық оралымдылық шеңберінде оқытуға жіберу тәртібін әзірлейді, бекітеді және белгілейді;";
42) тармақша алып тасталсын;
43) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"43) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 44-1), 44-2), 44-3), 44-4), 44-5), 44-6), 45-1), 45-2), 45-3), 46-1), 46-2), 46-3), 46-4), 46-5), 46-6), 46-7), 46-8) және 46-9) тармақшалармен толықтырылсын:
"44-1) білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
44-2) білім беру жүйесін басқару органдарын ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
44-3) бірыңғай ақпараттық білім беру жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
44-4) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша шығыс нормаларын, оқуға және тағылымдамадан өтуге арналған үлгілік шарттарды бекітеді;
44-5) білім беру ұйымы түрлерінің номенклатурасын және олардың қызметінің, оның ішінде шағын жинақталған мектептердегі қызметтің үлгілік қағидаларын бекітеді;
44-6) мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты қызметтер көрсетудің тізбесін қалыптастырады және бекітеді;";
"45-1) орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
45-2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміндегі мәліметтерді алады;
45-3) білім беру ұйымдарының ішкі тәртібінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
"46-1) орта, техникалық және кәсіптік білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
46-2) орта, техникалық және кәсіптік білім берудің жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
46-3) біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік жүйесінің әдістемесін әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
46-4) біліктілікті қашықтықтан арттыруды қамтамасыз етудің қағидаларын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;
46-5) педагогтардың біліктілік деңгейін растау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
46-6) базалық жоғары оқу орындарында магистрлер мен PhD докторларын нысаналы даярлау тетігін әзірлейді және бекітеді;
46-7) мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
46-8) университеттік интернет-ресустарға қойылатын талаптарды айқындайды және бекітеді;
46-9) мектеп-интернаттарға, бейіндік мектептерге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді;";
6) 6-бапта:
2-тармақта:
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
"5-1) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекiтедi;";
6) тармақша "мектептерін" деген сөзден кейін "білім беру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;
7), 7-1) және 7-2) тармақшалар алып тасталсын;
11), 12) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"11) мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде бір пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;
12) мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз етеді;
13) облыс ауқымында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп олимпиадаларын және ғылыми жобалар конкурстарын, орындаушылар конкурстары мен кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;";
14) тармақшадағы "спорт бойынша балаларға" деген сөздер "балаларға облыстық деңгейде жүзеге асырылатын" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:
"20-1) берілген өтінімдерге сәйкес кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, ауылдық жердің кадрлар қажетсінуі туралы өтінімді білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға жыл сайын 15-ші сәуірге дейін ұсынады;";
22) тармақшадағы "облыстық білім департаментінің" деген сөздер "білім беруді облыстық басқару органының" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 22-1), 24-1), 24-2), 24-3), 24-4) және 24-5) тармақшалармен толықтырылсын:
"22-1) білім беру мониторингін жүзеге асырады;";
"24-1) қамқоршылық кеңестерге жәрдем көрсетеді;
24-2) мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады;
24-3) конкурс жеңімпаздарына – мемлекеттік орта білім беру мекемелеріне "Орта білім беретін үздік ұйым" грантын төлейді;
24-4) мамандырылған және арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді;
24-5) аудандық әдістемелік кабинеттердің, біліктілігін арттыру институтының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етеді;";
3-тармақта:
2) тармақшадағы "міндетті" деген сөз алып тасталсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) кешкі (ауысымды) оқыту нысанын және интернат үлгісіндегі білім беру ұйымдары арқылы ұсынылатын орта білім беруді қоса алғанда, орта білім беруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;";
6), 6-1) және 6-2) тармақшалар алып тасталсын;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекiтедi;";
11) және 15) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"11) мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде бір пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;";
"15) республикалық маңызы бар қала, астана ауқымында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп олимпиадаларын, ғылыми жобалар конкурстарын, орындаушылар конкурстары мен кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;";
25) тармақшадағы "білім департаменттерінің" деген сөздер "білім беруді басқару органының" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 25-1), 25-2), 25-3), 25-4), 25-5), 25-6), 25-7) және 25-8) тармақшалармен толықтырылсын:
"25-1) негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық пен кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруін және солармен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады және олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
25-2) білім беру мониторингін жүзеге асырады;
25-3) қамқоршылық кеңестерге жәрдем көрсетеді;
25-4) мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады;
25-5) білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің әдістемелік басшылығын қамтамасыз етеді;
25-6) конкурс жеңімпаздарына – мемлекеттік орта білім беру мекемелеріне "Орта білім беретін үздік ұйым" грантын төлейді;
25-7) негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді;
25-8) аудандық әдістемелік кабинеттердің, біліктілігін арттыру институтының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етеді;";
4-тармақта:
4) тармақшадағы "міндетті" деген сөз алып тасталсын;
6), 6-1) және 6-2) тармақшалар алып тасталсын;
10) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"10) аудан (қала) ауқымында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп олимпиадаларын және ғылыми жобалар конкурстарын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді;
11) мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде бір пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;";
мынадай мазмұндағы 19-1) және 19-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"19-1) білім беру мониторингін жүзеге асырады;
19-2) негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруін және солармен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады және олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;";
20) және 21) тармақшалар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 21-1), 21-2) және 21-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"21-1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
21-2) білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің әдістемелік басшылығын қамтамасыз етеді;
21-3) негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді;";
5-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) тірек мектептердің (ресурс орталықтарының) жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;";
7) 7-баптың 2-тармағындағы "оның ішінде ведомстволық" деген сөздер алып тасталсын;
8) 8-бапта:
2-тармақтың үшінші бөлігі "Қазақстан Республикасында" деген сөздердің алдынан "Әскери оқу орындарын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Мемлекет қаржылық ұйымдар беретiн бiлiм беру кредиттерiнiң кепiлдiк жүйесiн құру жөнiнде шаралар қабылдайды.";
4-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Әлеуметтік көмек көрсетілетін Қазақстан Республикасы азаматтарының санатына:
1) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектер және бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар;
3) көп балалы отбасылардың балалары;
4) кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарындағы балалар;
5) жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарында, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балалар;
6) дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалар;
7) интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері;
8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
9) денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ уақыт бойы үйде немесе стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда оқитын балалар;
10) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын өзге де санаттағы азаматтар жатады.";
үшінші бөлік алып тасталсын;
5-тармақтағы "емдеу ұйымдарында" деген сөздер "стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда" деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Мемлекет инклюзивті білім берудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.";
9) 9-бапта:
3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Мемлекеттік тілде оқытатын тиісті білім беру ұйымдарын, сыныптарды, топтарды құру басым бағыт болып табылады.";
4-тармақтағы "бірыңғай ұлттық тестілеу бағдарламасына" деген сөздер "ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде пәндер тізбесіне" деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 2-тарау мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
"9-1-бап. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу
1. Білім беру ұйымын аккредиттеу ерікті негізде жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымы аккредиттеу органын өз бетінше таңдайды.
2. Аккредиттеуден өткізу туралы немесе аккредиттеуді өткізуден бас тарту туралы шешімді аккредиттеу органы білім беру ұйымы өтінішінің және тізбесін аккредиттеу органы айқындайтын, ұсынылған құжаттардың қаралу нәтижелері бойынша қабылдайды.
Аккредиттеуді өткізудің шарттары мен мерзімдері білім беру ұйымы мен аккредиттеу органы арасындағы аккредиттеуді өткізу туралы шартта айқындалады.
3. Аккредиттеу органы өзінің аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкес институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуді өткізеді.
4. Білім беру ұйымын аккредиттеу білім беру ұйымының қаражаты есебінен өткізіледі.
5. Білім беру ұйымдары уәкілетті органның тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында ұлттық және халықаралық институционалдық, мамандандырылған аккредиттеуден өтуге құқылы.
6. Біліктілікті арттыру институттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде аккредиттеуден өтуге құқылы.";
11) 10-бапта:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) білім беруді басқару органдары мен тиісті инфрақұрылымдардың, оның ішінде білім беру мониторингін жүзеге асыратын оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының;";
мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
"4) білім беру қызметінің субъектілері бірлестіктерінің жиынтығын бiлдiредi.";
12) 11-бапта:
3) тармақшадағы "мемлекеттік рәміздерді" деген сөздер "мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді" деген сөздермен ауыстырылсын;
10) тармақшадағы "білімге" деген сөз "білім мен біліктілікке" деген сөздермен ауыстырылсын;
12) тармақшадағы "бағдарлануын" деген сөз "ұмтылысын" деген сөзбен ауыстырылсын;
13) тармақшадағы "қамтамасыз ету болып табылады." деген сөздер "қамтамасыз ету;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
"14) мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуына арнайы жағдайлар жасау болып табылады.";
13) 14-бапта:
1-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді.
Жұмыстық оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді.";
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Әскери мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиісті мемлекеттік органның басшысы бекiтедi.
8. Медициналық және фармацевтік мамандықтар бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
14) 16-бапта:
1-тармақтың үшінші бөлігі алып тасталсын;
2-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Негiзгi орта бiлiм берудің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзiмi – бес жыл.
Он екі жылдық білім беруге көшкен жағдайда негiзгi орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын меңгеру мерзiмi – алты жыл.";
3-тармақтың бірінші бөлігіндегі "білім алушылардың бағдарланатын кәсіпке дейінгі даярлығын жүзеге асыру үшін әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми, технологиялық және басқа да" деген сөздер "жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық" деген сөздермен ауыстырылсын;
15) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"17-бап. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін
оқу бағдарламалары
1. Техникалық және кәсіптік білім беру орта білім беру деңгейінің құрамдас бөлігі болып табылады және қоғамдық-пайдалы кәсіптік қызметтің негізгі бағыттары бойынша білікті қызметкерлер мен орта буын мамандарды даярлауға бағытталған.
2. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары олардың мазмұнына және білім алушылардың даярлық біліктілігінің деңгейіне қарай мынадай білім беретін оқу бағдарламалары болып бөлінеді:
1) техникалық және қызмет көрсету еңбегінің бұқаралық кәсіптері бойынша кадрлар даярлауды көздейтін.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы кәсіптік және арнайы пәндерді меңгеру үшін бейіндеуші болып табылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша интеграцияланған курстарды зерделеуді, кәсіптік дағдыларды меңгеру бойынша өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты кәсіп бойынша кәсіптік біліктіліктің белгіленген деңгейін (разряд, сынып, санат) беруді көздейді;
2) экономиканың барлық салаларында жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты жұмыстарды орындаудың күрделі (аралас) кәсіптері мен практикалық дағдыларын меңгеруді көздейтін.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді, кәсіптік дағдыларды игеру және бекіту бойынша өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейін беруді көздейді.
3) орта буын мамандарды даярлауды қамтамасыз ететін.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны техникалық және кәсіптік білім берудің интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын жоғары оқу орындарының 1-2-курстарының білім беретін оқу бағдарламаларымен қоса зерделеуді көздейді.
Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша (оқытудың әрбір курсынан кейін) білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізген деңгейі (разряды, сыныбы, санаты) беріледі.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға орта буын маманы біліктілігі беріледі.
3. Мәдениет және өнер мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануы қағидаты мен даярлау ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы оқу бағдарламаларының күрделілігі мен берілетін біліктілік деңгейіне байланысты және ол тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта білімі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары жалпы кәсіптік, экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді.
5. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан және кәсіптік практикадан тұрады.";
16) 19-бапта:
тақырып және 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19-бап. Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға және дамытуға бағытталған, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсынымдары ескеріле отырып айқындалатын психикалық-физикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктері ескеріледі.";
3-тармақ "ұйымдарында" деген сөзден кейін ", жалпы білім беретін мектептерде" деген сөздермен толықтырылсын;
17) 20-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі "гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші" деген сөздер "техникалық, қызмет көрсету және басқару еңбегінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
18) 21-бапта:
2-тармақта:
екінші бөліктің бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
"Жоғары білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламалары мiндеттi құрамдас бөлiктен және таңдау бойынша құрамдас бөлiктен тұратын пәндерді қамтиды.";
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Жоғары оқу орындары білім беру жүйесін одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталған оқытудың жаңа технологиялары мен әдістері қамтылатын инновациялық білім беретін оқу бағдарламаларын конкурстық негізде әзірлеуге және енгізуге құқылы.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Жоғары әскери оқу орындары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмі бойынша тиісті мемлекеттiк органның басшысы бекiтетін әскери мамандықтар бойынша кәсiптiк бiлiм беретін оқу бағдарламаларын iске асырады.";
19) 23-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.";
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) қазіргі заман талаптарына сай келетін кәсіптік біліктілікті дамытуға бағытталған, мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру оқу бағдарламалары болып бөлiнедi.";
20) 24-бап алып тасталсын;
21) 26-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1 және 2-1-тармақтармен толықтырылсын:
"1-1. Ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін олардың өздері дербес айқындайды.";
"2-1. "Өркен" гранты берілген Қазақстан Республикасының азаматтарын оқуға қабылдауды "Назарбаев Зияткерлік мектептері" мамандандырылған білім беру ұйымдары жүзеге асырады.";
4-тармақта:
"жоғары білім" деген сөздер "жоғары оқу орнынан кейінгі білімді" деген сөздермен ауыстырылсын;
"бойынша" деген сөзден кейін "жетекші" деген сөзбен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Болашақ" халықаралық стипендиясы берілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқуға арналған шарт жасалады.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде:
1) "Алтын белгi" белгiсімен марапатталған адамдардың;
2) дербес бiлiм беру ұйымдарының бiлiм туралы құжаттары бар адамдардың;
3) тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздарының басым құқығы бар.
Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердiң, жеңiлдiктері мен кепiлдiктері бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне теңестiрiлген адамдардың, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.";
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Білім беру грантын иеленуші оны жоғары оқу орнына қабылдағанға дейін одан бас тартқан жағдайда, білім беру грантын беру туралы куәліктің күші жойылады, ал білім беру гранты белгіленген тәртіппен беріледі.";
7-тармақтағы "және ғылыми-зерттеу ұйымдарына" деген сөздер алып тасталсын;
22) 27-баптағы "және экстернат" деген сөздер ", экстернат және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қашықтықтан оқыту" деген сөздермен ауыстырылсын;
23) 28-бапта:
1-тармақтағы "оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларына" деген сөздер "оқу жоспарлары мен жұмыстық оқу бағдарламаларына" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың бірінші бөлігіндегі "оқу" деген сөз "білім беру" деген сөздермен ауыстырылсын;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу нысанында немесе мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында жүзеге асырылады.
Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды және оқуын бiтiретiн жылы орта бiлiмнен кейiнгi немесе жоғары бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсуге ниет бiлдiрушiлердi қорытынды аттестаттау ұлттық бiрыңғай тестiлеу нысанында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған жағдайларда ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған, жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында жүзеге асырылады және оқуын бiтiретiн жылы орта бiлiмнен кейiнгi немесе жоғары бiлiм беретiн білім беру ұйымдарына кешенді тестілеу арқылы түсуге мүмкіндік береді.";
24) 29-бапта:
тақырыптағы "Ғылыми және оқу-әдістемелік" деген сөздер "Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік" деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақта:
"Ғылым мен білімді" деген сөздер "Білім мен ғылымды" деген сөздермен ауыстырылсын;
"ғылыми және оқу-әдістемелік" деген сөздер "оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік" деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақта:
бірінші абзацтағы "Ғылыми және оқу-әдістемелік" деген сөздер "Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік" деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші абзацтағы "білім департаменттерінің" деген сөздер "білім беруді басқару органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы "ғылыми және оқу-әдістемелік" деген сөздер "оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік" деген сөздермен ауыстырылсын;
25) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"30-бап. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту
1. Алты (жеті) жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқытуға мектеп алды даярлық түрiнде бес жастан бастап жүзеге асырылады.
Мектеп алды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектеп алды даярлық тегiн болып табылады.";
26) 31-бапта:
1-тармақ "алты" деген сөзден кейін "(жеті)" деген сөзбен толықтырылсын;
2-тармақ "түрлері мектеп," деген сөздерден кейін "шағын жинақталған мектеп," деген сөздермен толықтырылсын;
27) 32-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігіндегі "кәсiптiк лицейлерде," деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақ алып тасталсын;
28) мынадай мазмұндағы 32-1-баппен толықтырылсын:
"32-1-бап. Кәсіптік даярлық
1. Кәсіптік даярлық белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін қажетті жаңа немесе өзгерген кәсіптік дағдыларды білім алушылардың жедел меңгеруіне бағытталған. Кәсіптік даярлық білім алушының білім деңгейін арттырумен байланысты емес.
2. Қызметкерлердің немесе жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұрмайтын өзге де адамдардың кәсіптік даярлығын жұмыс беруші тікелей ұйымдарда, оқу орталықтарында, курстарда, сондай-ақ заңды тұлғалардың әр түрлі оқу-өндірістік құрылымдарында немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізеді.
3. Кәсіптік даярлық оқыту шартына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Кәсіптік даярлықтың нысанын, мазмұны мен көлемін жұмыс беруші тиісті кәсіп бойынша қолданыстағы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде айқындайды.
Кәсіптік даярлық нысандарына кәсіпорындарда оқыту, басқа мамандыққа қайта оқыту, корпоративтік жауапкершілік және оқушылық негізінде кооперативтік оқыту жатады.
4. Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау бойынша біліктілік емтиханынан табысты өткен адамдарға нақты мамандық бойынша тиісті біліктілік деңгейі беріледі және біліктілікті беру туралы белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) беріледі.";
29) 33-баптың екінші бөлігіндегі "гуманитарлық" деген сөз алып тасталсын;
30) 34-бап алып тасталсын;
31) 35-баптың 2-тармағының бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк білім беретін оқу бағдарламалары жоғары оқу орындарында iске асырылады.
Ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерi болып табылады.";
32) 36-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады.
Әскери мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсiптiк білім беретін оқу бағдарламаларын iске асыру жоғары әскери оқу орындарының адъюнктурасында жүзеге асырылады.";
33) 37-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"37-бап. Қосымша білім беру
1. Балаларға қосымша білім беру олардың түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын білім беру ұйымдарында және мектептен тыс ұйымдарда жүзеге асырылады.
Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметтерін білім алушыларға бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары көрсетеді және шарттық негізде ұсынады.
2. Ересектерге (он сегiз жасқа толған адамдарға) бiлiм беру қоғамда болып жатқан әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерге сәйкес бiлiм мен дағдылардың қосымша көлемiн алу үшiн олардың өмiр бойы бiлiм алу қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған.
Ересектерге бiлiм берудi бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша бiлiм беретін оқу бағдарламаларын iске асыратын құрылымдық бөлiмшелерi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыру институттарында, өндірісте және ғылыми, педагог, инженерлік-техникалық және медицина қызметкерлерінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі кезінде жүзеге асырылады.
4. Бiлiм беру ұйымдары басшы кадрларының, педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет жүзеге асырылады.
5. Медициналық және фармацевтік кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау медициналық білім және ғылым ұйымдарында жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының азаматтары тағылымдамадан өту үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясын алуға арналған конкурсқа қатысуға құқылы.
Тағылымдамадан өту үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясын алуға баллдары теңдей болған кезде Президенттік олимпиада жеңімпазы ғылыми жетекшісінің басым құқығы бар.
"Болашақ" халықаралық стипендиясы берілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту туралы шарт жасалады.";
34) мынадай мазмұндағы 37-1-баппен толықтырылсын:
"37-1-бап. Жеке педагогтік қызмет
1. Табыс алумен байланысты жеке педагогтік қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Жеке педагогтік қызметпен айналысатын тұлғаны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке педагогтік қызмет лицензияланбайды.";
35) 39-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары азаматтарға аккредиттелген білім беретін оқу бағдарламалары (мамандықтар) бойынша білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды беруге құқылы.";
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымдары білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттар бере алады.";
2-тармақ "үлгідегі" деген сөзден кейін "не өзіндік үлгідегі" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
"5. "Болашақ" халықаралық стипендиясын иеленуші Қазақстан Республикасының азаматтарына шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары мен зертханалары берген білім туралы құжаттар тану немесе нострификациялау рәсімдерінен өтпей-ақ Қазақстан Республикасында танылады.";
36) 40-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап алты ай ішінде білім беру қызметімен айналысу құқығына лицензия алмаған жағдайда білім беру ұйымы сот тәртібімен таратылады.
Осы мерзімнің өтуін білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру ұйымының білім беру қызметімен айналысу құқығына лицензия алу туралы материалдарын қарау мерзіміне тоқтата тұрады.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларына қарай білім беру ұйымдарының мынадай үлгілері болуы мүмкін:
1) мектепке дейінгі ұйымдар;
2) жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта);
3) техникалық және кәсіптік білім беру;
4) орта білімнен кейінгі білім беру;
5) жоғары білім беру;
6) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
7) мамандандырылған білім беру ұйымдары;
8) арнайы білім беру ұйымдары;
9) жетім балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары;
10) балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары;
11) ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары.
Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
37) 41-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
"4-1) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді оқудан шығару негіздерін және тәртібін;";
38) 43-бапта:
3-тармақта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) әскери мамандықтар бойынша жұмыстық оқу бағдарламаларын бекітуден басқа, жұмыстық оқу жоспарлары мен жұмыстық оқу бағдарламаларын әзiрлеу және бекiту;";
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) қысқартылған оқыту мерзімімен білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;";
15) тармақшадағы "заңдарында" деген сөз "заңнамасында" деген сөзбен ауыстырылсын;
16) тармақша алып тасталсын;
17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"17) жоғары оқу орындарында білім алушыларға "бакалавр" және "магистр" академиялық дәрежелерін беру;";
мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:
"18) кадрларды кәсіптік даярлаудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу жатады.";
мынадай мазмұндағы 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:
"4. Ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымы білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын өз бетінше бекітеді.
5. Ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымдары білім беру қызметін өз бетінше әзірлеген білім беретін оқу бағдарламалары, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның арақатынасы, оқу жүктемесінің нормалары, еңбекақы төлеу нысандары мен мөлшерінің негізінде жүзеге асырады.";
39) 44-бапта:
4-тармақ алып тасталсын;
5-тармақтағы "Үкіметі белгілеген" деген сөздер "заңнамасында белгiленген" деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақтағы "өзінің орынбасарларын және бас бухгалтерді" деген сөздер "бас бухгалтерді" деген сөздермен ауыстырылсын;
40) мынадай мазмұндағы 45-1-баппен толықтырылсын:
"45-1-бап. Кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік
әріптестік
1. Кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік білім беру жүйесінің қызметі нәтижелерінің барабарлығын арттыруға, кадрларды даярлау деңгейін экономика салаларының және жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне жақындатуға, оқытудың өндіріспен байланысын нығайтуға, қаржыландырудың қосымша көздерін тартуға бағытталған.
2. Кәсіптік білім беру саласындағы әріптестердің өзара іс-қимылдарының негізгі бағыттары:
1) жұмыс берушілердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуге қатысу;
2) кәсіпорындардың технологиялық базасын пайдалана отырып, білім алушылардың кәсіптік практикасын, арнайы пәндер бойынша оқытушылардың және мамандардың тағылымдамаларын ұйымдастыру;
3) мамандар даярлау және оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылдарын дамыту;
4) экономиканың тиісті салаларында кәсіптік қызмет тәжірибесі бар мамандарды оқыту процесіне тарту;
5) кәсіптік білім беру сапасын бақылауды ұйымдастыруға және түлектердің кәсіптік даярлығын бағалауға қатысу;
6) жұмыс берушілердің қаржылай қаражатын білім беру ұйымдарын дамытуға тарту болып табылады.";
41) 47-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бiлiм алушыларға оқушылар, кадеттер, студенттер, магистранттар, адъюнкттар, интерндер, курсанттар, тыңдаушылар және докторанттар жатады.";
3-тармақта:
6) тармақша "мамандықтан басқасына" деген сөздерден кейін ", ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға" деген сөздермен толықтырылсын;
7) тармақшадағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен" деген сөздер алып тасталсын;
8) тармақша "залдарын," деген сөзден кейін "компьютерлік сыныптарын және" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:
"6-2. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы осы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) қатысушылары (ерекше үлгідегі аттестат және "Алтын белгі" белгісін алуға үміткер түлектерді қоспағанда) білім беру саласындағы уәкілетті орган қорытынды бағаларды сертификаттар баллына ауыстыру негізінде берген ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері туралы сертификаттар алады. Білім алушының жылдық бағаларын сертификаттар баллына ауыстыруға арналған шәкілді білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
7-тармақта:
бірінші және екінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушы (кәсіптік лицейлердің оқушыларынан басқа) студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия төленуі мүмкін. Мемлекеттік стипендияны тағайындау және төлеу қағидаларын, сондай-ақ оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Мемлекеттiк атаулы стипендия жоғары оқу орындарының неғұрлым дарынды магистранттарына және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушыларына жоғары оқу орындары ғылыми кеңестерiнiң шешiмдерi негiзiнде төленеді.";
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Көзі көрмейтін мүгедектердің және құлағы естімейтін мүгедектердің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алынған балалардың, сондай-ақ кезекті аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша "үздік" деген бағаға ғана оқитын студенттер мен магистранттардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жоғары мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар.";
8-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:
"15-1. Білім алушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгiленген квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргенннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша білім алушы азаматтар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік медицина ұйымдарында жұмысты өтеуге міндетті.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуын бітіргенннен кейін жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті.
Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті орган сенім білдірген агентке жүктеледі.";
мынадай мазмұндағы 17-1, 17-2, 17-3 және 17-4-тармақтармен толықтырылсын:
"17-1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мемлекеттік медицина ұйымдарына жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына мыналар ие:
1) жұбайы (зайыбы) бос орынды ұсынған елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін адамдар;
2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де І және ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын адамдар, сондай-ақ бос орынды ұсынған елді мекенде қорғаншылар және қамқоршылар тұрақты тұрғындар болып табылатын адамдар.
17-2. Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату жас мамандарды жеке-жеке бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен мынадай санаттағы жас мамандарға:
1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде не жақын орналасқан елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;
2) І және ІІ топтағы мүгедектерге;
3) одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдарға;
4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі.
17-3. Оқумен байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстар өтелместен, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы:
1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;
2) тиісті құжатпен расталатын білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;
3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда;
4) осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты басталады.
17-4. Осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті.";
42) 48-бапта:
1-тармақтағы "ынталандыру" деген сөз "қалыптастыру" деген сөзбен ауыстырылсын;
4-тармақтағы "орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың" деген сөздер "бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
43) 49-баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"2) балаларды одан әрі жалпы білім беретін мектепке беруді айқындай отырып, мектеп алды даярлығын қамтамасыз етуге;
3) білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға;";
44) 51-бапта:
3-тармақтың екінші бөлігіндегі "және еңбек шартында" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Педагог қызметкерлердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу пиғылымен пайдалануына тыйым салынады.";
45) 52-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігінде:
"Мемлекеттік емес" деген сөздер "Жеке меншік" деген сөздермен ауыстырылсын;
"қолданыстағы" деген сөз алып тасталсын;
4-тармақтағы ", эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін" деген сөздер "үшін, эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істегені үшін" деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақ "мәртебесі бар" деген сөздерден кейін "мемлекеттік" деген сөзбен толықтырылсын;
7-тармақта:
бірінші бөлікте:
бірінші абзацтағы "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне" деген сөздер "Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
1), 2) және 3) тармақшалардағы "сағаттан аспайтындай" деген сөздер "сағат" деген сөзбен ауыстырылып, 1) тармақшада:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін;";
үшінші абзац алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
"4) 25 сағат арнайы білім беру ұйымдары және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиелеушілері үшін белгіленеді.";
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.";
8-тармақтың бірінші абзацындағы "тапсырысты" деген сөз "білім беру тапсырысын" деген сөздермен ауыстырылсын;
46) 53-бапта:
1-тармақтың 2) тармақшасы "педагог қызметкерлері" деген сөздерден кейін "мен оларға теңестірілген адамдар" деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақта:
2) тармақша "иеленушіге" деген сөзден кейін "жұмсау бағытын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын" деген сөздермен толықтырылсын;
3) тармақшадағы "мемлекеттік грант" деген сөздер "сыйақы" деген сөзбен ауыстырылсын;
47) 55-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Бiлiм беру мониторингi бiлiм беру жүйесінің сапасын сырттай және iшкi бағалау үшін статистикалық және талдамалық бағалау көрсеткіштерінің кешені көмегімен жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:
"4. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау білім беру ұйымына тәуелсіз, оқыту сапасына мониторинг түрлерінің бірі болып табылады.
Оқу жетістіктерін сырттай бағалау білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және білім алушылардың негізгі орта, жалпы орта білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын және жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттында көзделген оқу пәндерінің көлемін меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
5. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау негізгі орта, жалпы орта және жоғары білім алуды аяқтағаннан кейін:
негізгі мектепте (9 (10)-сыныптан кейін) – оқытудың одан әрі траекториясын айқындау мақсатында;
жалпы орта (бейіндік) мектепте – оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау мақсатында;
жоғары білім беруде – оқыту бағыттары бойынша оқу бағдарламасын меңгеруді мониторингілеу мақсатында іріктеліп жүргізіледі.
6. Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізілетін негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының және жоғары білімді мамандықтардың тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.";
48) 57-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметін кәсіптік біліктілік деңгейлерін ескере отырып, олар үшін жаңа кәсіптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негіздерде жүргізіледі.";
49) 58-бап алып тасталсын;
50) 59-бапта:
3-тармақта:
2) тармақша алып тасталсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасының және білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сақталуын бақылау болып табылады.";
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
"Техникалық және кәсіптік білім берудің, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау да мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары аккредиттеу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге аккредиттелген білім беретін оқу бағдарламалары (мамандықтар) бойынша мемлекеттік аттестаттау рәсімінен босатылады.";
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Мемлекеттік аттестатталуға жататын білім беру ұйымдары өзін-өзі бағалауды жүргізеді және өзін-өзі бағалау материалдарын білім беруді басқарудың мемлекеттік органдарына табыс етеді.";
6 және 7-тармақтар алып тасталсын;
51) 61-баптың 3-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) қаржылық ұйымдардың кредиттері;";
52) 62-бапта:
3-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты қызметтердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
5-тармақтың үшінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттармен көзделген оқу орындарында" деген сөздер "осы Заңның 65-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен құрылған оқу орындарында және (немесе) олардың филиалдарында" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Білім беру грантының негізінде жоғары білімді кадрлар даярлауды қаржыландыру аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Білім беру грантының негізінде жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша кадрлар даярлауды қаржыландыру аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында осы мамандықтар бойынша мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Білім беру тапсырысының негізінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мамандықтары бойынша кадрлар даярлауды қаржыландыру аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Білім беру тапсырысының негізінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша кадрлар даярлауды қаржыландыру аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында білім беретін оқу бағдарламалары бойынша мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.";
8-тармақтың екінші бөлігінде:
"Орта білімнен кейінгі, жоғары" деген сөздер "Жоғары" деген сөзбен ауыстырылсын;
"өтемді білім беру қызметтерін көрсету шарты бойынша" деген сөздер "ақылы негізде" деген сөздермен ауыстырылсын;
"грантының" деген сөзден кейін "немесе мемлекеттік білім беру тапсырысының" деген сөздермен толықтырылсын;
53) 63-бапта:
2-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiне:
1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде ақылы негiзде бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге;
2) осы Заңның 63-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқушылардан және педагог қызметкерлерден ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады.";
екінші бөліктегі "бұқаралық кәсіптердің қызметкерлерін даярлау жөніндегі кәсіптік оқытудың" деген сөздер "техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақта:
бірінші абзац "ақылы негізде" деген сөздердің алдынан ", ақылы қызмет көрсету туралы шартты жасай отырып," деген сөздермен толықтырылсын;
8) тармақшадағы "оқытуды" деген сөз "білім беруді" деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақтың бірінші бөлігінің екінші сөйлемі алып тасталсын;
54) 64-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
"4. Конкурстық негізде "Орта білім беретін үздік ұйым" грантын алған мемлекеттік орта білім беру мекемелері грантты материалдық-техникалық және ғылыми-әдістемелік жағынан білім беру процесін қамтамасыз етуге жұмсайды.";
55) 68-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Бiлiм беру ұйымдарына осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн тиісті оқу мерзімдерімен оқуға түскен адамдар оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуын бiтiрiп, оларға оқуға түскен кезде қолданыста болған бiлiм туралы белгiленген үлгiдегi құжат берiледi.".
2-бап. 1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 5) тармақшасының он бірінші – жиырма үшінші абзацтарын, 6) тармақшасының алтыншы, жиырма алтыншы, қырық алтыншы абзацтарын қоспағанда;
2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 52) тармақшасының тоғызыншы және оныншы абзацтарын қоспағанда;
3) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 52) тармақшасының жетінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының