Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании


МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІН САРАЛАУ САБАҚТАРЫ



бет12/16
Дата05.02.2022
өлшемі1,2 Mb.
#2743
түріҚұрамы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ХАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІН САРАЛАУ САБАҚТАРЫ

Қазақ халық әдебиеті мұраларының әу бастағы туу заманалары мен көтеріп тұрған әлеуметтік зор салмақ-жүгі жайлы зерттеулерін Мұхтар Омарханұлы Әуезов соно-оу 1920 жылдардан бастаған. Даңқты ғұлама-ғалым, майталман дәріскер-профессор Мұхтар Әуезовтің бүкіл ғұмырының оқу, іздену, толғанумен өткендігі әмбеге аян. Сан-салалы, әр тарапты әдеби-қоғамдық жұмыстарының арасындағы ең алдымен назар аударатыны оның халық әдебиеті турасындағы зерттеулері болды. Әсіресе, Мұхтар Омарханұлы қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жүйелеу ісінің аса байыпты майталманы, жанашыр ұстазы ретінде танылды. Қадау-қадау мәң-мағынасы ескірмес, ғибратты ойлар айтты. Ықылым, арғы замандарда өмір сүріп, дүниеден баяғыда көшіп кеткен жыру-жыршыларымыз, ертекші-аңызшыларымыз, азуын айға білеген айтыскер ақындарымыз бен от көмей шешен-билеріміз бүгінгі көркем жазба әдебиетіміз үшін, ақын-жазушыларымыз үшін «...көркемөнердің баға жетпес меруерт-маржандарын қалдырды»(1, 205) деген еді ұлы қаламгеріміз. Сөзіне ісі сай ол қазақ ауыз әдебиетінің барлық жанрлары бойынша аса бағалы зерттеулер жүргізді, алуан түрлі ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер жариялады, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазды. Мысалы, халық ақындары поэзиясының келелі мәселелері «Әдебиет тарихы»(1927), «Әр жылдар ойлары»(1959), (Уақыт және әдебиет»(1962) дейтін кітаптарында жан-жақты сөз етілсе, 1960 жылы Ұлттық Ғылым академиямыз шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көп томдықтың бірінші кітабының әрі авторы, әрі жалпы редакциясын басқарды. Мұнан басқа да көптеген қоғамдық жұмыстарына қоса, көңілі көреген оқымысты өмірінің соңына дейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ ауыз әдебиеті пәнінен дәріс оқыды, «Абайтану» курсының негізін қалады.


Қазақ халық әдебиеті мұраларын мазмұн-мағынасына орай жіктеп, топтастыру ісін арнайы ғылыми жолға қойды. Нәтижесінде, өзі жинаған материалдарының негізінде 1927 жылы «Әдебиет тарихы» оқулығы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында басылып шықты. Бірақ та империялық-большевиктік идеологияның кесірінен бұл кітап көп уақыт бойы қалың оқырман қауым назарынан тысқары қалды. Тек Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана 1991 жылы «Ана тілі» баспасы Мұқаңның аталған еңбегін жұртшылыққа қайта ұсынды. Зерттеушінің «Әдебиет тарихы» кітабы, ақиқатында, ұлттық фольклордың зәру проблемаларын қозғаған, тыңнан түрен тартқандай тұңғыш, тұрпат-түрі басқаша монография еді. Бұрындарғы тәжірибеде, көбінесе, халық әдебиеті
-2-
үлгілерін жинау-жариялау жағы ғана басым болатын. Біздіңше, халықтың ауызша сақталған әдеби шығармашылықтарын жоғары деңгейдегі ғылым
объектісіне айналдыра отырып қарастыру, ұлтжандылық сезім-күйменен байыптау Мұхтар Омарханұлының тура осы еңбегінен басталады. Өйткені, білімпаздың аталған еңбегі бастан-аяқ, тұтастай қазақ ауыз әдебиеті шығармаларының мән-маңызын ашуға бағытталған. Даралығы сонда, бұған дейін өзінің алдында үлгі аларлық белгілі бір көмескі болса да сүрлеу-соқпақтың болмағандықтан, автор бұл жұмысынан «көңілдегідей толықтықты іздеуге болмайтындығын» алдын ала ескертеді: «Сондықтан бұл кітап «Қазақ әдебиеті» деген толық атты аламын деп дәмеленбейді. Қазақ әдебиетіне көз салып жүрген адамдардың алдында ескілік-нобай суретін қалқитып беруге жараса, өз міндетін атқарғаны деп білеміз»,-дейді жазушы(2, 9). Мінеки, осынау мақсатқа сәйкес кітап мынандай бөлімдерден тұрады: 1.Сыршылдық салт өлеңдері; 2.Батырлар әңгімесі; 3.Ел поэмалары; 4.Тарихи өлеңдер; 5.Ертегі; 6.Айтыс өлеңдер; 7.Зар заман ақындары.
Біздіңше, қазақ ауыз әдебиетін осылайша топтап талдаудың өзі сол кездің көзімен қарағанда елеулі жетістік болып табылады. Жаратылысында зиялы Мұқаң данышпандарға ғана хас сыпайы, кішілік мінез танытып, тындырған ісін асқақтатпай, тек өзімен тұстастар мен кейінгілерге әдебиетті зерттеудің «нобай-суретін» үлгі-жобасын ұсынғандығына назарымызды аударады. Дегенмен, ауыз әдебиетін саралаған алғашқы еңбек еді десек те, М.Әуезовтің мұндағы мәселе қойысы, өткір тұжырымдары – жаңашыл, соны ойларға өте бай.
1920 жылдар ішінде небәрі жиырма бес жастардағы, әлі отызға да келе қоймаған жас Мұхтардың қазақ әдебиеттану жұмыстарының балаң шағында-ақ, аса байсалды, ұсынықты пікірлер айтып, өркеш-өркеш ғылыми байламдар жасауы кім-кімді де қатты қайран қалдырады, таңдай қақтырады. Мысалы, сол жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ Мұқаң «Сыршыл салт өлеңдерін»: -Жалпақ елдің салтымен байланысқан шер өлеңдері; Дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер; Қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері,-деп үшке ажыратады да, олардың әрқайсысына тиянақты анықтама береді. Ал «Батырлар әңгімесі», «Ел поэмалары» дейтін бөлімдерінде «Едіге», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Шора батыр», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян», «Қыз Жібек» жырларына талдау жасаған.
Талдау барысында бір қызық, оңтайлы әдіс тауып, әуелі әр жырдың «қысқаша әңгімесін»-оқиғалық желісін, мазмұнын/ баяндайды да, сосын әр жырдың «қысқаша мәнісін»/тарихқа, шындыққа қатысын, образдар жүйесін, т.б./ ұқтырады. Сондай-ақ, «Тарихи өлеңдер», «Ертегі», «Айтыс өлеңдер», «Зар заман ақындары» бөлімдерінен де М.Әуезовтің өзіне тән зерттеушілік машығы айқын аңғарылады. Қазақ фольклорын ғылыми бағытта бажайлаудың елең-алаңы дерлік сол бір қиын-қыстау 1920-1930 жылдар иінінде М.Әуезовтің өзге де толып жатқан творчестволық шаруаларын қоя тұрып, халық ауыз әдебиетіне беріле ден қоюы оның болашақты болжаған көрегендігін әйгілейді. Сайып келгенде, жалпы жұртшылыққа, соның ішінде
-3-
өнер адамдарына қазақ ауыз әдебиетін терең оқып, түйсінудің шарт екендігін фольклорист-ғалым былайша тұжырады: «Рас, өткен күннің әдебиеті біздің
сүюімізді тілемейді. Сүюімізбен семірмейді де түрленбейді. Жек көруімізбен жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну – біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі қалпын һәм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін(2, 227). Мұқаң бұл данышпандық пікірін, керек десеңіз талабын «қазақ әдебиетіне көз салып жүрген адамдарға»/ақын-жазушыларға/ әдейілеп, арнайы айтып отыр. Әрбір қазақ жазушысы сонда ғана хақиқатқа жақын ойлауға, сөйлеуге, жазуға үйренеді. Бұл – бір.
Екіншіден, ұлттық фольклорымыздың 1930-1960 жылдар аралығындағы жиналу және зерттелу барысына да М.Әуезов қосқан олжа өте зор. Оның айрықша толыққанды, мән-маңызы терең фольклортану саласындағы еңсесі биік еңбектері де осы кезеңдердің үлесіне тиеді. Бұл ретте дана оқымыстының 1939-1940 жылдарда жазылған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деп аталатын зерттеуінің орны ерекше. Ілгерідегі айтқан ойларын кеңейте келіп, автор бұл жұмысында қазақ фольклорын топтап зерттеудің мынындай тәсілдерін ұсынады:
1.Халық поэзиясының шағын түрлері: үйлену-салт жырлары/«жар-жар», «бет ашар», «сыңсу»/; мұң-шер өлеңдері/«жоқтау», «қоштасу», «естірту»/.
2.Ертегі, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер - /«хиял-ғажайып ертегілер», «хайуанат жайындағы ертегілер», «салт ертегілер», «балаларға арналған ертегілер», «аңыз ертегілер», «күй аңызы»/.
3.Батырлар жыры/»Қобланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын»/.
4.Ғашықтық жырлары/«Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан»/.
5.Тарихи жырлар.
6.Айтыс өлеңдері(1, 207).
Академик М.Әуезовтің қазақ фольклорына жасаған осы классификациясын кейінгі жылдардағы үлкенді-кішілі зерттеушілер, негізінен, өздерінің ғылыми ізденістерінде басшылыққа алып келеді. Аталған ауыз әдебиеті шығармаларын жеке-жеке даралап, түбегейлі талдау арқылы Мұқаң олардың идеялық мән-маңызын халықтың заманалық тілек-мүддесіне сай шешіп, бағалап байыптаудың бірегей шынайы әдіснамасын, іргелі ізін салып берді. Үлкен болсын, кіші болсын белгілі бір ру-тайпа, ұлт-ұлыстың, халықтың көп бе, аз ба бастан кешкен тарихынан, өмір-тіршілігінен сырт тұратын өнер туындысының болмайтындығына көзімізді жеткізді. Оның жарқын айғағы – М.Әуезовтің туысқан қырғыз елінің атақты «Манас» эпосы туралы жазған еңбектері. Қазақ-қырғыз тарихында «Манас» эпосына ә дегенде ыстық ыждаһатпен назар салған өте көрнекті үш ғұлама ғалым бар. Олардың бірі – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, бірі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов, бірі - Әлкей Хақанұлы Марғұлан.
-4-
Түркі тұқымдас елдер ауыз әдебиеті ішінде өзінің көлемі, оқиғасының қамтитын аудан-аумағы жағынан бірінші орынды қырғыздың «Манас»
дастаны иеленеді. Тіпті, мұны айтасыз, арысы дүниежүзілік фольклорда бұл жырға жақын келіп, иықтаса алар шығарма жоқ! Сан ғасырлар көшінде ауызша сақталып, атадан-балаға мирас етіліп келген қырғыздың энциклопедиялық маңызы өлшеусіз «Манас» жырының бір көлемді бөлігін ХІХ ғасырдың орта шенінде/1856/ қазақтың ұлы саяхатшы-білімпазы Шоқан Уәлиханов қағазға түсірді, содан барып, «Манас» айдай әлемге жайылды. Дастанның сол Шоқан жазып қалдырған «Көкетайдың асы» нұсқасы ұзақ уақыттар бойы еш жерден таптырмай оқырмандарды, ғылыми ортаны едәуір толғандырған еді. Бұл бейнетті, мәртебелі істі еңбекқор зиялымыз Әлкей Марғұлан жарқырата орындап шықты. 1971 жылы әдебиетші-этнограф Ә.Марғұлан «Шоқан және «Манас» атты кітабында өзінің Омбы шаһарының мұрағатынан тапқан Шоқанның араб қарпімен жазылған қолжазбасын жариялап, Шоқантану, Манастану ғылымдарының көкжиегін кеңейте түсті.
«Манас» эпосының идеялық-көркемдік мәнін, халықтар мәдениеті сапындағы орнын тексерген жұмыстар санының өзі осы күні бірқыдырау жерге барды. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, қазақ-қырғыз фольклоршыларының тың тұрпатты манастанушылар легі өсіп шықты. Ауыз әдебиеті мұраларын халықтық көзқарас үдесінен екшеп қабылдаудың ұлағатты мектебі қалыптасты. Ондай жоғары елдік мұраттарды ту қылып көтерген мектептің негіздеушісі, тұңғыш тәлімгер ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды. Зайыбы Валентина Николаевна Әуезованың естеліктеріне қарағанда, Мұқаң Жетісуға 1927 жылы келген(3, 378). Сол шақтан бастап ол Алатау өңіріндегі қазақ-қырғыз арасында айтылатын ауыз әдебиеті үлгілеріне үзбей көңіл бөліп, зерттеу жұмыстарымен қызу шұғылданған. Туысқан халықтар әдебиеті тарихында М.Әуезов алғаш рет «Манас» жырын егежей-тегежейлі зерттеп, құнды-құнды жаңалықтар ашты. «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» атты монографиялық еңбегінде/1936-1959/ манасшылар дәстүрі, олардың орындаушылық шеберліктері, жырдың оқиғалық желісі, құрылысы, батырлық жорықтар, алуан түрлі мазмұндық тақырыптары, дастанның тарихқа қатысы, образдар жүйесі және поэтикалық қырлары туралы ешқашан әдеби-тарихи маңызы ескірмейтін ойлар қорытты.
Үшіншіден, адамгершілік ұстындары шайқалған қызыл-коммунистердің нәсілшіл-шовинистік билік дәуірінде орыстан өзге ұлттардың мәдениетіне, өткен тарихы мен әдебиетіне шектен тыс қиянат, қысым жасалғандығы белгілі. Қазақ-қырғыз елдерінің бостандық сүйгіш мінезін, азаттық жолындағы батырлық күрестерін дәріптейтін, ізгілікке толы әдет-ғұрып, салттарын сипаттайтын ең мағыналы, ең көркем жырларына әдейі жала жабылды. Ата-баба жолынан адастырып, тілінен, ділінен бездіруге барынша күш салынды. Бүкіл орыстық-мемлекеттік машина ұлттарды есінен тандырып, мәңгүрттендіру бағытында барпәрменімен жұмыс істеді. Соның кесапат-кесірінен кезінде қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. жырлары және ақылды, ұлтжанды
-5-
азаматтары адам айтқысыз зәбір-қорлық көрді, зардап шекті. Мәселен, 1950 жылдары қырғыздың «Манас» эпосының да тағдыры талқыға түсіп, басына
қара бұлт үйірілді. Жырдың әлеуметтік сипаты, идеялық мәні, халықтық қадір-қасиеті туралы әрқилы қияс-қыңыр пікірлер өрбіп, дау-дамай өршіді. Қырғыздың ертедегі дуалы ауыз Келдібек, Балық, Найманбай, Тыныбек, Ақылбек, Диқанбай сынды жомықшылары және берідегі аты шулы Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаев сияқты манасшыларының «Манас» жыры арқылы отаншылдыққа, тәуелсіздікке үндеген ойларының, ұлттық таным-түсінікке бай пәлсапалық тұжырымдарының бағасы кемітіліп, жоққа шығарыла бастады. Осындай қатерлі сәтте М.Әуезов тек қырғыздарға ғана емес, күллі түркі халықтарына да қымбат, телегей-теңіз «Манас» жырын 1952 жылы 8 шілдеде Фрунзе/қазіргі Бішкек/ қаласында өткен ғылыми конференцияда жан сала қорғап қалды. Сондағы «Манас» эпосының халықтық нұсқасын жасау керек» деген тақырыптағы сөзінде Мұқаң арғы-бергі түркілік көне тарихты тереңнен қопара қозғап, бұлтартпайтын нақты мысалдар аясында «Манас» дастанының халықтық болмыс-табиғатын жан-жақты дәлелдеп берді.
Қорыта келгенде, міне, нақ осындай-осындай тағлымды, зор еңбектері арқылы Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ-қырғыз халық әдебиеті мұраларын шынайы бағалап, танудың өзінше бір соны соқпақ-сабақтарын, әдіс-тәсілдерін жасап көрсетті.
________________________________________________

Пайдаланылған әдебиеттер:


1.Әуезов М. Шығармалар. Он екі томдық. 11-том. –Алматы:
Жазушы,1969. -480 бет.
2.Әуезов М. Әдебиет тарихы: Жоғары оқу орындарының студенттеріне
арналған. –Алматы: Ана тілі, 1991. -240 бет.
3.Біздің Мұхтар (М.О.Әуезов туралы естеліктер). –Алматы: Жазушы,
1976. -432 бет.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет