1.4 Тақырып: Болмыс. Онтология және метафизика.
1.Онтология туралы жалпы түсінік.
2. Болмыс түрлері(Платон, Аристотель). Болмыс пен бейболмыс.(Парменид, Зенон).
3. «Болмыс» категориясының мазмұны.(Әл-Кинди, Ибн Рушд концепциялары).
4.Философияның негізгі ұғымдары(Абай).
5.Материя» ұғымы. Қозғалыс, кеңістік және уақыт. М.Хайдеггердің" фундаменталды онтологиясы" (Dasein).
6. «Идея» ұғымы. Болмыс пен ойлау арақатынасы мәселесі( Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц).
Онтология - Болмыс туралы философиялық ілім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, болмыс ұғымының қайнар көзi дүниеде «болу», «өмір сүруге» келiп тiреледi (салыстырыңыз: Орыс тiлiнде «бытие» - «быть», ағылшын тiлiнде «being» - «to be» деген етiстiктен шыққан). Олай болса, болмыс ұғымы — дүниеде өмір сүріп жатқан бәрін қамтитын кең көлемдi философиялық категория. Әрине, дүниеде өмір сүріп жатқан нәрселердің сан алуан қасиеттерi бар - олар көк - қызыл, ауыр - жеңiл, дымқыл - құрғақ т.с.с. шексiз айта беруге болар едi. Бірақ олардың бәрін бiрiктiретiн қасиет - олардың болуы, өмір сүруi, яғни - болмысы. Ең алдымен осыны ұғып алмай, бiз әрi қарай еш нәрсеге талдау жасай алмас едiк. Бұл - философиялық бастама. "Болмыс" ұғымының және болмыс жайындағы ілімнің (онтологияның) төңірегінде философияда ежелден бері және қазірде де қызу пікірталас болып келеді, өйткені болмыс мәселесі дүниегекөзқарастық және методологиялық басты проблемалардың бірі болып табылады.Ең кең мағынада алғанда, болмыс бүкіл шындық дүниені қамтитын шегіне жеткен жалпы ұғым - философиялық категория болып табылады. Болмыс дегеніміз дүниеде өмір сүретіннің бәрі: материалдық заттар да, құбылыстар мен процестер де, қатынастар мен байланыстар да, яғни бәрі-бәрі. Тіпті адамның қиялы, ертек, аңыздар, ауру адамның сандырағы сияқты рухани өмір көріністері де болмысқа жатады. Болмыс сияқты философиялық категориялардың барлығы: материя, сана, сапа, сан, құбылыс, кеңістік, уақыт, себеп, салдар т.б. бәрі тілде сөздер арқылы тұжырымдалады. Түрліше нәрселер мен құбылыстар арасында байланыстар мен қатынастар бар екенін, болғанын немесе болатынын адамдар ғасырлар бойы байқай келе, олардың бәріне ортақ жалпы қасиеггі бейнелендіретін "болмыс" деген жалпы ұғым қорытып шығарылды, болмыстың толып жатқан түрлерін танып білді. "Болмыс" категориясын философияға тұңғыш енгізгендердің бірі ертедегі Греция философы Парменид еді.
Ғасырлар бойы дүние тану процесіңде адамдар болмыстың мынадай негізгі формаларын танып бідді: 1) заттар (денелер), процестер болмысы, ал бұлардың өзі біртұтас табиғат болмысы және адамның қолымен жасалған заттар мен процестер болмысы болып екіге бөлінеді; 2) адам болмысы; бұл да заттар дүниесіндегі адам болмысы және таза адамдық болмыс болып бөлінеді; 3) рухани (идеялық) болмыс; бұл жеке адамның рухани болмысы (идеясы) және объективтендірілген (жалпы адамдық) рухани болмыс болып жіктеледі; 4) әлеуметтік болмыс; бұл жеке адам болмысы мен қоғамдық болмыстан тұрады.
Болмыстың бұл формаларын топтастыра келгенде материалдық болмыс және рухани болмыс болып, екі топқа бөлінеді. Оны екі болмыстың арасындағы қатынастан философияның негізгі мәселесі - руханидың (ойлаудың, сананың) руханидан тыс, тәуелсіз объективтік (материалдық) болмысқа қатынас мәселесі шықты. Болмыстың барлық басты салаларын қарастырғанда мынадай сұрақ туады: бұлардың бәрін біріктіретін не нәрсе, шексіз алуан түрлі дүниенің бәрінің бірлігі неде?
Бұл бірлік жайындағы ой-пікірлер дүниеде бар барлық нәрселердің бәріне ортақ негіз туралы түсініктің тууына алып келді, ол философияда субстанция категориясын тудырды. Субстанция (латынша substantia - негізінде жатқан мөн дегенді білдіреді) толып жатқан нақты заттардың, құбылыстардың, процестер мен оқиғалардың көп түрлілігінің ішкі бірлігін, мәнін білдіреді. Дәлірек айтсақ, субстанция деп дүниедегі барлық нәрселердің бастапқы мәнін, пайда болу негізін түсінеді. Егер түрліше жеке заттар мен құбылыстар пайда болатын және жойылатын болса, ал субстанция жойылмайды да жоқтан пайда болмайды, тек өзінің болмысының формасын ғана өзгертіп, басқа күйге өзгереді. Ол - өзі өзінің себебі және басқа нәрселердің өзгерісінің негізі. Дүниенің бірлігін бір субстанция арқышы түсіндіретін ілімдер монизм философиясына жатады. Алайда негізге алатын субстанция түрліше болады - субстанция ретінде не материяны, не рухты негізге алуға болады. Осыған сәйкес материалистік монизмді (меселен, Фалестің, Гераклиттің, Спинозаның т.б. ілімін) және идеалистік монизмді (мәселен, Платонның, Гегельдің философиясын) айыра білген жөн. Монизмге қарсы дүниенің дуалистік түсінігі бар. Дуализм түсінігі бойынша дүниенің екі бастапқы негізі - материаддық және идеалдық субстанциялары бар. Оның біріншісі денесі бар шындық дүние заттары болса, екіншісі - рух дүниесі (Р.Декарт).
Категориялар /ұғымдар/ болмыстың ең жоғары түрі және таным баспалдақтары. Негізгі онтологиялық ұғымдар: материя, түр; себеп және салдар; мүмкіндік және шындық, мән және құбылыс, кездейсоқтық және қажеттілік, терістеуді терістеу; қайшылық; сапа; сан; сан және өлшем. Заң қажеттілік ретінде. Заң және мән.
Болмыс тіршілік ету және мән ретінде. Болмыс аспектілері: мәңгілік, тұтастық, шындық. Болмыс формалары: табиғат, адам, идеалдылық пен әлеуметтік. Адам болмысының экзистенциалдық негіздері..
Негізгі әдебиет
Алтаев Ж., Ғабитов Т., Қасабек А.Философия және мәдениеттану . А.,2001
Әбішев Қ. Философия.Жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған. Оқулық.А.,1999
Ғабитов Т. Философия.Оқулық..А.,2003
Серік Мырзалы.Философия.Оқулық. А., 2008
Қосымша әдебиет
Курс лекций по философии. Петропавловск: СКГУ им. М. Козыбаева, 2008
Философский энциклопедический словарь/Ред. Е. Ф. Губский. М.: Инфра-М, 2004
Достарыңызбен бөлісу: |