Классификациясы. Кілегейлілер бөлімі мынадай кластардан тұрады: протостелділер класы (Protostelіomycetes), миксогастралар немесе нағыз кілегейлілер класы (Myxogasteromycetes) плазмодиофоралар класы (Plasmodіophoromycetes), акразиалар немесе клеткалы кілегейлілер класы (Acrasіomycetes). Осылардың ішіндегі ең кең тарағаны плазмодиофоралар класы, сондықтанда оған толығырақ тоқталамыз.
Кластың өкілдері клетка ішілік паразиттер. Аса кең тараған түрлерінің бірі плазмодиофора (Plasmodіophora brassіcae). Ол капустаның, брюкваның және бсқада капуста гүлділердің аса кең таралған паразиті. Паразиттің плазмодийі өсімдіктің тамырына өтіп капуста килі деген атпен белгілі ауыруды тұғызады. Зақымданған өсімдікті түрінен бірден аңаруға болады. Өйткені олардың тамырының түп жағы жалпайып, жапырақтары сарғайып сола бастайды. Спора түзер алдында мейоз процесі жүреді. Өсімдіктің тамырлары өлгеннен соң споралары топырақта қалады. Келесі жылы споралар өсіп қозғалуға қабілетті екі талшығы бар зооспоралар түзеді. Талшықтарын тастап олар миксамебаға айналады. Зооспоралар мен миксамебалар тамыр түктеріне өтіп, қосылады да жаңа диплоидты плазмодийлер түзеді. Бұл облигатты паразиттің өмірлік циклын бірінші рет орыс ғылымы М.С.Воронин зерттеген (1875ж.). Сонымен кілегейлілер құрылысы және тіршілік жағдайы жағынан амеба тәрізді жануарлармен де, денесі плазмодий түрінде болатын саңырауқұлақтармен де, көптеген ортақ білгілері болады. Соған байланысты ғалымдардың біреулері кілегейлілерді қарапайым жануарларға, ал екінші біреулері саңырауқұлақтарға жатқызады.