Биографиялық очеркінде «Ахмет Байтурсунович родился 28 ( 15 ) января»



Дата31.12.2019
өлшемі52,05 Kb.
түріБиография
Ұлт ұйытқысы

5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Ұлт руханиятының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні жайында әлі күнге дейін екіұдай пікірлер айтылып келеді. Міржақып Дулатұлы 1922 жылы Орынборда орыс тілінде жарық көрген «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» атты биографиялық очеркінде «Ахмет Байтурсунович родился 28 ( 15 ) января» деген дерек береді. Ал 1991 жылы академик Рымғали Нұрғали құрастырған «Ақ жол» жинағында Ахаң «1873 жылы, 18 январда дүниеге келген» деп көрсетіледі. Мектеп оқулықтарында ұлы қайраткер «1873 жылы 28 қаңтарда туған» делініп жүр. Қостанай мемлекеттік университетінде Ахаңның туған күні жыл сайын қаңтар айында атап өтіледі. Ал ғаламтордағы «Википедия» ашық энциклопедиясында «Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келді» деп жазылған. Алматы қаласындағы Байтұрсынұлы мұражай – үйінің директоры Райхан Есмағанбетова Ахаңның туған күні қыркүйектің бесі екенін, ол кісінің өз қолымен толтырылған анкеталары негізінде ғылыми түрде дәлелденгенін айтады.



Осы орайда 1924 жылы Ахмет Байтұрсынұлының өзі толтырған деректік құжаттың көшірмесі қолымызға тиді. Қызметтік сауалнама түріндегі деректік құжаттың «Қашан және қайда туды» деген сауал тұсына Ахаң өз қолымен «1872 жылдың 5 қыркүйегі деп көрсетіпті» Құжат көшірмесін Астанадағы Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру – әдістемелік орталығының директоры, әдебиетші Ербол Тілешевтен алған едік. Ғалымның өзімен де аз – кем дидарласып, әңгімелесудің сәті түсті.

  • Алдымен, Ахаңның өз қолымен толтырылған құжаттың тарихына тоқталып өтсеңіз. Бұл құжат қалай табылды және құжаттың түпнұсқасы қазір қайда жатыр?

  • Осыдан 3 – 4 жыл бұрын Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемориалдық музейдің тапсырысымен Ахаң туралы деректі фильм түсірдік. Фильмнің сценариін белгілі алаштанушы, жазушы – журналист Сабыржан Шүкіров жазды. Сол фильмді түсіру барысында біз біраз деректерді қайта қарадық. Ең басты іздегеніміз - Рымғали Нұрғали, Рәбиға Сыздық сынды академиктердің, басқа да ғалымдардың еңбектерінде кездесетін Ахаңның өз қолымен орысша жазылған өмірбаян нұсқасы. Ол орталық мұрағатта да болмай шықты. Ахаң музейінің құжат бөлімінен де таппадық. Арнайы сапарлар Қарқаралының түбіндегі Ақтерек деген ауылға ат басын тіредік. Ахаң Ақтеректе мектеп ашқан. Бұл ауыл бізге қымбат. Қымбат болатын себебі, біз білетін «Тіл құралы», «Маса», «Қырық мысалды» Ахаң осы Ақтерек мектебінде мұғалім болып жүргенде жазған. Содан Қарқаралы асып, Семейге бет түзедік. Семейге барғанымызда, сол кездегі Абай музейінің директоры, көкбайтанушы Жандос Әубәкіров бізге Ахметтің қолымен жазылған бірнеше қағаз ұсынды. Сан сақты кезіп, сарылып таба алмай жүрген дүниеміз осылайша алдымыздан шықты. Бұл құжаттың құндылығы, біріншіден, Ахаңның өз қолымен жазғандығында, Екіншіден, дерек беруінде.

  • Бұл сонда Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен жазған жалғыз құжат па? Ахаңның 1872 – ші жылғы 5 қыркүйекте туғанын дәлелдейтін бұдан басқа құжат бар ма?

  • Ахаң кеңестік қызметке қабылданған, кеңседе жұмыс істеген адам. Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны, қазіргі Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінде профессор болған. Сонда қызметке кіргенде Ахаң тағы да өз қолымен анкета толтырған. Ол да орыс тілінде. Сол құжаттың «туған жылы, туған күні» деген тұсына тағы да «1872 жыл, 5 қыркүйек» деп жазады. Сонда біздің алдымызда 2 құжат тұр.

  • Енді бұл құжаттар қаншалықты маңызды?

  • Ұлт ғылымының негізін қалаушылардың біріне қатысты әрбір дерек біз үшін аса маңызды. Мәдениетті жұрттардың қай – қайсы да Ахметсынды ғұламаларын ардақтап, олардың басып кеткен ізін, әрбір күнін, тіпті кейде әрбір сағатын түгендеуге тырысады. Біз сияқты жазба әдебиетке кештеу келген халықтың алдында осы бағытта қыруар ізденістер күтіп тұр. Қазір әлі де болса арғы – бергі тарихымызды түгендеу тұрғысынан жұмыстар жүргізуіміз керек. Тарихты, әрине, тұлғалар жасайды. Сондықтан тұлғаның өмірбаянын біз неғұрлым таныған сайын, сол заманның да райын, сол дәуірдің де шындығын біле береміз. Осы орайда қазақ үшін аса қымбатты, қадірлі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен жылына біз аса мән бермей келдік. Сонау 88 – ші жылы ақталғаннан бері алып қарасақ, алғаш 89 –да Ахаңның жинағы шықты. Одан кейін де жекелеген кітаптарыда жарық көрді. Еңбектері оқулықтарға кірді. Ғылыми айналымға енді. Ахаң мұраларына арналған сандаған ғылыми диссертациялар қорғалды. Бірақ солардың көбінде ұлы ғалымның туған жылы мен туған күні «1873 – ші жылдың 28 – ші ақпаны» деп жаңсақ көрсетіліп келді. Енді Ахаңның туған күнін өзі жазып, хаттап қалдырып кеткен 1872 жылдың 5 – ші қыркүйегіне белгілеп, бір байламға тоқтауымыз керек.

  • Ахмет Байтұрсынұлы жайында айтылмай жатқан нәрселер бар ма?

  • Біреулер Ахаңды ағартушы деп жатады. Мен Ахмет Байтұрсыновты ағартушылық деңгейде қарауға қарсы адаммын. Ахаң, ең алдымен, қайраткер. Оның ақындығы, аудармашылығы, ғалымдығы, редакторлығы, ұстаздығы тағы да басқа көптеген қырлары осы қайраткерліктен бастау алады. Қайраткер деген не? Қайраткер деген халыққа ең жоғары деңгейде қызмет етіп, еңбек сіңіру деген сөз. Ахаң мектеп ашып, бала оқытайын деді. Кітап жоқ еді, кітап жазды. Ол халықтың шынайы сыртқы қорғаны – үкімет, ал рухани қорғаны тіл болады деп түсінді. Сондықтан Алаш партиясына кіріп, Алаш үкіметін құруға атсалысты. Әр ұлттың өзінің үкімет, мемлекеті болмаса, мың жерден жағдай жасасаң да, ол ұлттың болашағы көктемейтін Ахаң жақсы түсінген. Мәселен, әлемде 7 мыңға жуық ұлт бар екен, БҰҰ мойындаған 193 – ақ мемлекет бар. Келесі мәселе, А хаңның шығармашылығы мен қайраткерлігі ғана емес, өмірінің өзі тағылым. Біз кейде көп нәрсені «елден асқан батыр еді, әулие еді» деп орынсыз асыра бағалап жатамыз.Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлына қаратып айтар болсақ, Ахаңды кейбір ғалымдар тіпті ұлы ақын дегенге дейін алып барады. Шындығында ол кісі алып бара жатқан керемет ақын емес. Ахаңның өзі айтады: «Біз ақын емес едік. Қазақтың құлағы мен көзі өлеңге үйренгеннен кейін. Қазақты өлеңмен үгіттеу оңай болғаннан кейін, біз өлең жаздық. Енді Мағжандар келгеннен кейін біздің өлең жазуымыз ұят болады», - дейді. Міне, өнерге деген адалдық.Қазақтың сөзіне деген адалдық. Ахаңа өлең жазу кезінде керек болды. Ал енді классикалық жаңа поэзия қалыптасқанда Ахаң қоя қойды. Қарап отырсаңыздар, Ахаңның қызметі мен шығармашылығы ғана емес, еткен ісі мен тұлғасы да тағылымға толы екенін көреміз. Шығармашылығы мен тұлғалық тағылымы теңдей жоғары деңгейдегі бір қазақ болса, ол Ахмет Байтұрсынұлы деп айтар едім, Ұлт күнде көсем тудырмайды. Сондықтан Ахаң есімі ерекше ардақталуы керек.

  • Ахаң жайында айтылмай жүрген тағы бір нәрсе, бәлкім, ең негізгісі де осы шығар, бүгінгі Қазақстан Республикасының шекарасын белгілеген адам – Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков. 19 – шы жылы Ұлттар жөніндегі комиссар Иосиф Сталинмен кездесуі, одан кейін Ленинмен кездесуі, шекаралық комиссияға Әлімхан Ермековті ұсынуы – осының бәрі қазақ жерінің тұтастығы үшін жасалған тарихи маңызы зор шаруа. Ленин Ахаңды шақырып алып: Сіз ұлтыңыз сыйлайтын, ұлтыңызға қадірлі азамат екенсіз. Алаш бүгін болмаса, ертең жеңіледі. Ұлтыңызға зиян істемеңіз. Алаштан шығыңыз. Әскерді таратыңыз. Біз мынау Антантаны жеңгеннен кейін, сіздерге көрсетеміз ертең. Сондықтан халқыңызды қырып алмаңыз, - деді. Ахаң: олай болатын болса, Ресей шекарасының аясында қазаққа автономия берсің деген шарт қойып, Лениннің уәдесін алады. Ленин сөзінде тұрып 1920 жылғы 20 – шы тамызда Қазақ кеңестік социалистік автономиялық республикасын жариялайды. Ал Қостанай Челябіге өтіп кете жаздағанда, тағы да Ахаң мен Әлімхан қайтарып алады. Маңғыстау облысы бүкіл байлығымен, бүтін орнымен анау Закаспий округке қарайтын. Түркіменмен қосып Бакуге қарайтын. Қайтарған кім? Ахаң! Шымкент облысы мен Қызылорда облысы, Жамбыл облысының екі – үш ауданы Сырдария облысы болып, Ташкент генерал – губернаторына. Өзбекстанға қарайтын. Қайтарған кім? Тағы да Ахаң мен Әлімхан. Қазір қазаққа 1 метр жер сыйласыншы біреу. Оған батыр атағын беріп, қаһарман қылатын едік. Ал, Ахаң қаншама жерді аман алып қалып отыр. Ғалымдығын, ақындығын, лингвист, әдебиетшілігін, әліпби жасағандығын былай қойғанда, Ахмет Байтұрсынов бір – ақ ісімен кемеңгер адам.

Сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет