«Биология» мамандығы үшін Құрастырғандар



бет2/4
Дата07.05.2017
өлшемі1,61 Mb.
#15692
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4

Өсу және даму. Басқа ғылымдарға қарағанда, балалар және жасөспірімдердің жас ерекшелігі физиологиясы мен гигиенасында, өсу және даму ұғымдары тым нақтылы, айқын айтылған. Өсу – бұл анатомиялық және морфологиялық көрсеткіштердің, яғни дененің ұзындығы мен салмағының өзгеруі. Ол негізгі жас ерекшелік-жыныстық белгілердің бірі болып табылады және бала организміндегі сандық өзгерістерді сиппатайды. Даму – тканьдердің, мүшелердің, жүйелердің және бүкіл организмнің физиологиялық қалпын, яғни белгілі бір уақыт кезеңінде олардың қызметінің жетілуін сипаттайтын, саналық өзгерістердің көрсеткіші.

Адам организмінде бүкіл организмнің қанша өмірі болса, сонша өмір сүретін көбеймейтін клеткалар болады. Оларды ұзақ жасайтын клеткалар деп атайды. Олар – нерв жүйесінің клеткалары. Бұл клеткалар организммен бірге туады, ал оның өсіп жетілуі процесінде ол белгілі шекте тек көлемін ғана ұлғайтады әрі функциясы жетіле береді. Егер бұл клеткалар өлсе, олардың орнына жаңалары пайда болмайды.



Балалардың өсіп-жетілуін қадағалау. Оқушылардың өсіп-жетілуін сандық және сапалық көрсеткіштері бойынша жылына бір не екі рет қадағалайды. Өсіп жетілу көрсеткіштердің алу процесі антропометрия (гр. антропос. – адам, метрео - өлшеймін), көрсеткіштердің өзі - антропометриялық немесе негізгі деп аталады.

Антропометриялық көрсеткіштері бойынша оқушылар денесінің жетілуін бағалау – бойын, салмағын, кеуде қуыстарының шеңберлеріне қосылған үстемдерді есептеу, осы көрсеткіштердің аудан, облыс, республика бойынша орта мәліметтерін салыстыру жолымен жүргізіледі.

Негізгі өлшеулердің техникасы мен методикасы белгілі білім мен ептілікті талап етеді. Сол сияқты құралдардың дәлдігі, қызметкерлердің ұқыптылығы мен ықыластылығы, өлшеу ережелерін сақтай білуі қажет. Мысалы, кеуде қуысының шеңберін өлшеуді тек жалаңаш қалпында жүргізеді: бойды тұрған күйде аяқ киімсіз (парта таңдау үшін бой аяқ киіммен өлшенеді) бой қолдары түсірілген және бой өлшегіштің платформасында өлшейді. Мұнда бала қолдары түсірілген және бой өлшегіштің пленкасында үш нүктемен: өкшемен, бөксемен және жаурын аралығымен жанасып тік тұруы керек. Баланың басы, көз шарасының жоғары шеті мен құлақ қалқанының жоғары шеті горизонталь бір сызықтың бойында жатқан кездегі қалыпта болуы қажет.

Салмақты дәлдігі 50 г дейін болатын иінді системалы ондық медициналық таразыларда өлшейді. Балалар мен жасөспірімдерденесінің дамуы туралы толытырақ ұғым алу үшін кеуде қуысының шеңберін және қол динамометрімен саусақтардың қысу күшін өлшейді.

Антропометриялық мәліметтер оқушының жеке дамуының арнаулы картасына жазылады, ол мектепте немесе емтиханың жеткішектер кабинетінде сақталады. Мәліметтер статистикалық әдістермен өңделеді және солардың негізінде дамудың пропорциональдығы туралы соңғы жорамалдар мен қажетті қорытындылар жасайды.

Балалар мен жасөспірімдер денесі дамуының мәліметтерін зерттеу мынаны көрсетеді: олардың бойының орташа өсуі соғысқа дейінгі балалар бойынан 10 см-ге дерлік артық. Бойдың өсуі салмақтың өсуіне жеткізеді. Балалардың сүт тістері тұрақты тістерге ертерек ауысады, жыны-стық жетілуі тезірек басталады және аяқталады.

Осы уақытқа дейін жалпы қабылданған акселерация теориясы (тезірек даму) жасалған жоқ, көптеген гипотезаларға қарамастан, шартты түрде оны төрт негізгі топқа бөлуге болады.


  1. Физикалық-химиялық гипотезалар қазіргі балалар күннін, радиоактивті және электромагнитті радиациялардың өте күшейген әсеріне ұшырайды деп есептейді.

  2. Нутритивті гипотезалар – тұрмыс жағдайларының өзгеруін, соның ішінде жануардан шығатын майлар мен белоктарды пайдаланудың көбеюі есебінен балалардың тамақтарының жақсаруына, анасы мен баланың тамағы құрамына витаминдердің қосылуын ескереді. Балалар ауруларын төмендеткен педиатрияның, гигиенаның т.б. табыстарына белгілі маңыз беріледі.

  3. Гетерозийлер – гетерозистің биологиялық цикльді өзгерістерінің нәтижесі, әлеуметтік, діни және ұлт аралық шекараларды бұзуға әкелген, өмірдің қоғамдық өзгерістері мен байланысты. Бұл осыған дейін оқшауланған адам топтары арасында некелесудің географиялық мүмкіндігін кеңейтті, тұқым қуалаушылықтың тез өзгеруіне және дамудың жылдамдауына әкелді.

  4. Урбанизация гипотезалары – қалалардың тез дамуы және село халқының қалаларға ауысуымен, қала өмірінің барлық комплексінің, сол сияқты кино, радио, теледидардың баланың нерв системасына қоздырушы әсер етуімен байланысты.

Келтірілген гипотезалардың ғылыми маңызы бар, бірақ әрқайсысы түйінді қарсылықтарға кездескендіктен, олардыфң біреуі де акселерацияның бірден-бір немесе негізгі себебі бола алмайды. Акселерация проблемасын, сірә, келтірген факторлардың үйлесімінде қарау керек болар. Акселерацияның әлеуметтік шарттарының ерекше маңызы бар. Халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары тез жақсарған социалистік елдерде, акселерация қарқыны өсті; осындай тенденция дамын келе жатқан елдерде де байқалады.

Акселерацияның қолайлы да, қолайсыз да жақтары бар. Психикалық функциялардың нетұрлым тез дамуы, өмірінің ұзаруы т.б. оның қолайлы жақтары деп есептеуге болады. Сонымен бірге осындай балалардың тыныс алу мүшелерінің ауруға ұшырауы тонзиллитпен, ревматизммен, аллергиялық аурулармен көбірек ауыратындықтары туралы мәліметтер бар.

Акселерация шешімін әлі таппаған көптеген проблемаларды мектепте оқытудың, жоғары оқу орындарына түсудің, некелесудің басталу мерзімін өзгерту т.б. қойып отыр.

ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990

2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.

3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.

4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.

5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.

6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.

7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.

8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.
Дәріс 2.

Тақырыбы: Жүйке жүйесінің физиологиясы.

Дәріс мақсаты: Жүйке жүйесінің құрылыс, қызметі, жүйе жүйесінің бөлімдері, физиологиясы туралы теориялық білімдерін кеңейту, тереңдету.

Дәріс жоспары мен қысқаша мазмұны:


  1. Жүйке жүйесінің құрылысы., қызметі.

  2. Жүйке жүйесінің қозу өткізу заңдары.

  3. Рефлекс, оның түрлері.

  4. Орталық жүйке жүйесінің бөлімдерінің функционалдық маңызы.

  5. вегетативті жүйке жүйесі.

Жүйке жүйесі тұтас ағзаны байланыстырып, тіршілік қызметін реттеп отырады. Жүйке жүйесі орталық жүйке жүйесі және шеткі (перифериялық) жүйке жүйесі болып бөлінеді. Орталық жүйке жүйесі дегеніміз - нейрондардың жиынтығын айтады. Орталық жүйке жүйесі денедегі барлық мүшелермен, физиологиялық жүйелер қызметін, зат алмасуын реттеп отырады, әрекеттер мен процестердә сыртқы орта құбылыстарына бейімдеп, тіршіліктің белгілі бір бағытта өтуін қамтамасыз етеді. Орталық жүйке жүйесіне ми және жұлын жатады. Ми мен жұлынды кескенде, оның ақ және сұр заттан тұратынын көруге болады. сұр зат жүйке клеткаларынан, ал ақ зат миелин қабығымен қапталған жүйке талшықтарынан тұрады. Шеткі жүйке жүйесі (перифериялық) дәнекер қабықпен қапталған жүйке талшықтарының шоғырынан түзілген. Оған жүйке түйіндері мен гангли жатады. Нейрон - ол жүйке жасушасы. Нейрон арасын нейороглия толтырады. нейрондар пішіні мен көлемі жағынан әр түрлі. Ол дене және денеден шығатын өсінділерден тұрады. Нейронның ұзын өсіндісін аксон деп, ал қысқа тармақталған талшығын дендрит дейді. Аксонның нейрон денесінен басталатын жерін аксон төмпешігі дейді. Сезімтал нейронның шеткей орналасқан аксонның ұшында рецептор (қабылдауыш) болады. Ал орталық жүйке жүйесіндегі жүйке талшығының ұшы жуандап бүршікке ұқсайды. Нейрондардың осындай ұштары бір-бірімен түйісіп синапс құрайды. Қозу серпінісін рецептордан жүйке орталығына бағыттап өткізетін жүйке талшығы сезімтал (афференттік), ал орталықтан қозуды шеткі мүшелерге жеткізуші талшықты қозғалтқыш (эфференттік), сезімтал жүйке мен қозғалтқыш жүйке жалғастыратын жүйкені аралық жүйке деп атайды. Жүйке талшықтарының майлы жұмсақ қабықтарының болу-болмауына байланысты миелинді және миелинсіз деп ажыратады. Нейроглия нейрон аралығын толтырып жататын жасушалар, нейрондарға қаннан қорек заттарын алып, зат алмасу өнімдерін нейрондардан қанға өткізеді, сұйықтықтың иондық құрамын, медиаторлар мен судың деңгейін бір қалыпта сақтап нерон тіршілігіне қажетті жағдай жасайды. тармақтарының санына қарай нейронның бірнеше түрлерге бөледі: көп тармақты нейрон - мультиполярлы, қос тармақты нейрон- биполярлы, бір тармақты нейрон- униполярлы. Атқаратын қызметтеріне қарай нейронды бірнешеге бөледі: сезімтал, қозғалтқыш, аралық, тежеуші нейрондар.

Нейрондар барлық клеткалар сияқты ішкі және сыртқы орта факторларының әсеріне тітіркенгіш келеді, яғни тыныштық күйден әрекет күйіне көшеді. Нейронның тітіркендіргіші басқа нейрондардан немесе рецепторлардан келетін жүйке импульстары болып келеді. Тітіркендіргіштердің табиғатына қарай бірнеше түрлері бар: механикалық, температуралық, электрлік, химиялық. Қозу дегеніміз организмнің сыртқы ортаның тітіркендіргішін қабылдап, оған күшті қозу арқылы жауап беру қасиетін айтады. Тірі ағзада ұлпаларды 2 бөледі.. қозғыш ұлрпалар (жүйке, бұлшықет, секреторлы жасушалар), қозбайтын ұлпалар (шеміршек, дәнекер ұлпасы, тері эпителиі). Тітіркендіру әсерінен қозғыш ұлпаларда қозу процесі туады. Бір жасушадан екінші жасушаға қозу тек бір бағытта ғана жүреді, аксоннан жасуша денесіне және басқа нейронның дендритіне.

Синапс - өзара жүйке жасушалары не жүйкемен шеттегі қазмет жасушасы (эффектор) түйіскен жерінде серпіністі өткізетін арнайы орын. Синапс ұғымын физиолоогия ғылымына енгізген ағылшын ғалымы Ч. Шерингтон болатын Бір нейрон денесіндегі синапстар саны 100 немесе оданда көп болады. Синапс құрылымы күрделі, ол екі мембранадан түзілген: пресинапстық және постсинапстық, аралығында синапс саңылауы болады. Синапс түрлері: нейронаралық, ет-жүйкелік. Жүйке талшығының ұшы синапс құрар алдында кеңейіп жуандап гүл шоғырына немесе бұтақ бүршігіне ұқсайды, жүйке бүршігінде медиаторлар болады. Қозу процесі пресинапстық мембранадан постсинапстық мембранаға жүйке ұшынан бөлінетін химиялық зат медиаторлардың қатысуымен өтеді. Постсинапстық мембранада медиатормен әрекеттесетін арнайы белок- рецептор орналасқан. Синапс медиаторы ацетилхолин болса, оның постсинапстық рецепторы - холинрецептор болады.

Рефлекс - орталық жүйке жүйесінің қатысуымен ағзаның сыртқы және ішкі тітіркендіргіштеріне беретін күрделі жауабы. Рефлекс сөзін тұңғыш қолданған француз ғалымы Рене Декард (1664), оған ғылыми сипаттама берген чех ғалымы Прохаска (1817), рефлекс теориясын пайымдаған орыс ғалысмдары И.М. Сеченов, И. П. Павлов, П. К. Анохин. Организмнің рефлекторлық әрекетінің арқасында организм сыртқы және ішкі ортаның түрлі өзгерістеріне жауап береді. Рефлекстің морфологиялық негізі рефлекторлық доға, яғни қозудырецептордан жүйке орталығына, одан шеткі ағзаға жеткіщзетін жол. Рефлекстік доға бүтін болған жағдайда ғана рефлекс қызметін атқарады, яғни доғаның бүтіндігі бұзылса рефлекс бір жола жоғалып кетеді. Биологиялық юбағыттануы бойыншарефлекс түрлері: қорғану, қоректік, жыныстық және ұрпағына қамқорлық, бағдарлау немесе зерттеу, И. П. Павлов бойынша "Бұл не?" рефлексі, ол жаңа, бұған дейін кездеспеген тітіркендіргішке жауап ретінде пайда болады.

Орталық жүйке жүйесінің ең көрнекті және маңызды қызметтерінің бірі рефлекстерді келістіру, үйлестіру, координациялау болып табылады. Орталық жүйке жүйесінің бөлімдері - жұлын және ми. Жұлын омыртқа бағанының каналында орналасқан. Жұлын сұр және ақ заттан тұрады. Сұр зат рефлекстік қызмет атқарса, ақ зат қозуды өткізеді. Жұлында дене (құрсақ), аяқ-қол және мойын бұлшықеттерінің рефлекторлы орталықтары орналасқан, олардың қатыфсуымен бұлшықеттердің жиырылуы (тізе, ахиллов рефлексі), созылу рефлекстері, бүгу рефлекстер орналасқан. Мысалы, дәрет жіберу және дефекация, аталық жыныс мүшелерінің әрекеті, , асқорыту бездерінің сөл бөлінуі, асқорыту жолдарының қимылының қызметін реттейтін орталықтары жұлында орналасқан. ми әрқайсысы жарты шарға ұқсас қос ми сыңарынан, мишық пен ми бағанынан тұрады.

Вегетативті жүйке жүйесі ішкі мүшелер қызметін сыртқы және ішкі әсеріне бейімдеп, реттеп отырады. Вегетативті жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелері болады. Парасимпатикалық және симпатикалық жүйкелер мүшелеріне қарама-қарсы әсер етеді. Мысалы, симпатикалық жүйке жүректің соғуын жиілетіп, күшейтсе, парсимпатикалық жүйке керісінше оны сиретіп, әлсіретеді.

Вегетативті жүйке жүйесі орталықтағы басқа бөлімдерімен бірлесіп, адамның көңіл күйін, (эмоция) қалыптастыруға қатысады. Симпатикалық жүйке жүйесі қозса, қанда эмоция гормоны - адреналин көбейеді.

Жүйке жүйесінің дамуы. Жүйке жүйесі эмбрионалдық дамудың үшінші аптасында, ұрықтық сыртқы жапырақшадан (эктодермадан) дамиды. Алдыменен жүйке тақтасы түзіледі, сонан соң оның жиегі көтеріледі, тақта бірте-бірте астаушаға айналады. Мұнан кейін астау жиектері бір-біріне жақындап, жанасып жүйке түтігін түзеді. Бұл түтіктің тқменгі бөлімінен жұлын тұзіледі, ал жоғарғы бөлімі кеңейіп мидың барлық бөлімдері дамиды.



ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990

2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.

3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.

4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.

5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.

6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.

7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.

8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.
Дәріс 3.

Тақырыбы: Жоғарғы дәрежелі жүйке жүйесі.

Дәріс мақсаты: Жоғарғы дәрежелі жүйке жүйесінің қызметі, И. М. Сеченов және И. П. Павлов шартты және шартсыз рефлекстер туралы ілімі, үлкен ми сыңарларының аналитикалық-синтетикалық қызметі, бірінші және екінші сигналдық жүйелер, олардың сыртқы дүниені танып білудегі маңызын, жүйке жүйесінің типтерінің функциясын қарастыру.

Дәріс жоспары мен қысқаша мазмұны:


  1. Жоғарғы дәрежелі жүйке қызметі іліміндегі И. И. Сеченов пен И. . Павлов еңбектерінің маңызы.

  2. Шарты және шартсыз рефлекстер.

  3. Шартты рефлекстегі тежелу түрлері.

  4. Баланың жоғарғы ждәрежелі жүйке қызметі және типтік ерекшеліктері.

Ми сыңарларының дамуы. Үлкен ми сыңарлары мидың ең жас түзінділері болып табылады. Олар алғашында маңдай, одан соң төбе және шүйде, ақырында, самай бөлігінде үлкейе бастайды. Ми сыңарларының бұлайша әркелкі өсуі, қабықшамен және бас сүйгімен шектелуі қатпарлардың түзілуіне себепші болады. Мұндай қатпарлардың арасындағы ойыстарды сайлар деп, ал көтеріңкі бөліктерін – иірімдер деп атайды.

Ірі сайлар (орталық, самай, иіс т.б.) бала өмірге келгенге дейін-ақ пайда болады. Бұлар бірінші категориядағы сайлар (53-сурет). Орташа шамадағы сайлар кейінірек пайда болады да екінші категориядағы сайлар деп аталады. Сонымен қатар, бала өмірінің алғашқы жылында ұсақ және өте ұсақ сайлар өсіп жетіледі.

Сайлар мен иірімдердің бәрі бірігіп, ми қыртысының бетін едәуір арттырады, ми сыңарлары бетінің рельефін түрлендіріп, оны күрдделендіреді. Алайда олардың саны да, өлшемі де, оған қоса нейрондардың мөлшері мен мидың жалпы салмағы да адамның ақыл-ой дарындылығының көрсеткіштері бола алмайды.

Ми сыңарларының горизонталь және көлденең кесіндісінен (54-сурет) сұр зат – ми қыртысы, ал олардың астыңғы жағынан сұр зат араласқан ақ зат – қыртыс асты ядролары көрінеді.

Ақ заттан талшықтарды байқауға болады, олардың арасынан екі ми сыңарының қыртысын байланыстыратын комиссуралық (ми қыртысының жабысқан жері – мүйізгек дене арқылы өтеді), бір ми сыңарының әр түрлі учаскелерін байланыстыратын ассоциациялық және қыртысы ми діңімен байланыстыратын проекциялық талшықтарды ажыратады.

Қыртыс асты ядролары – мидың ежелгі пайда болған түзінділері. Олар ми қыртысына функциональды түрде тәуелді.



Нерв функцияларының жайылуы. Неғұрлым кұрделі нерв функциялары нерв системасының жоғары және кеш жетілетін бөлімін – үлкен ми сыңарлары қыртысына өтетін нерв функцияларының жайылуы (кортикализациялануы) деп атайды. Әр түрлі жануарлардың ми сыңарларын немесе олардың қыртысын алып тастау жөніндегі тәжірибелер осы айтылған фактині дәлелдейді. Мұндай жағдайда балық пен бақаның көру қызметі бұзылған жоқ, ал ит соқыр болып қалды. Ми қыртысын алып тастаған соң бақа мен тасбақада шартты рефлекстер қалыптастыруға болады, ал иттің бұрын қалыптасқан рефлекстерінің бәрі жойылып кетеді және аралық ми болғанда шартты рефлекстер қалыптасады, ал иттерде бұл мақсат үшін үлкен ми сыңарлары қыртысының функциясы бұзылмауы тиіс.

Адамның ми қыртысы зақымдануының аса ауыр зардаптары болады. (ол ми қыртысының қай учаскесі және қаншалықты зақымдануына байланысты). Мысалы, күрделі қимыл актілері ішінара немесе толығымен жойылады, жатталған өлеңдер, зартап шеккен адам қатысқан оқиғалар естен шығып қалады. Бұл адам организмі функциясының ми қыртысына тәуелді екенін дәлелдей түседі.

Ми сыңарларынсыз туған балалар (анэнцефалдар) өмірге келе салысымен немесе көп кешікпей қайтыс болатынын бақылаулар көрсетуде. 1913 жылы мұндай кемтар бала 4 жылдай өмір сүрген ерекше жағдай сипатталады. Ол үнемі дерлік ұйықтаумен болады. Аузына емізік салғанда кәдімгідей дұрыс қимыл жасаған. Дыбыс пен әдеттегі жарық әсер етпеген, ал күшті жарық түсіргенде көзін жұмған. Бала өлген соң сойып қарағанда үлкен ми сыңарларының орнынан жұқа қабырғалы екі көпіршік байқалған. Ми дінінің барлық барлық бөлімдерінде өзгеріс болмаған. Сондықтан анэцефал ему, көзді ашып – жұму сияқты шартсыз рефлекстердің шегінен шықпайтын, қарапайым әсер жасай алатын болған.

Электроэнцефалография. Ми қызметі процесінде оның электрлік потенциалдарын тіркеу электроэнцефалография деп, ал жазудың жиынтық нәтижесі фотосурет шығаратын қағазда немесе әдеттегі қағаз лентада пайда болатын қисық сызық электроэнцефаллограмма (ЭЭГ) деп аталады.

XX ғасырдың 40-жылдарынан бастап адам мен жануарлардың шартты рефлекторлық қызметін зерттеуде электроэнцефафалография қолданылуда. Кейнірек бұл әдісті жоғары дәрежелі нерв жұмысын зерттеуде, неврологиялық және қияли аруруларға диагностика жасауда қолдана бастады. Электроэнцефалографияның жәрдемімен ми құрылымы қызметінің сипаты мен ондағы ауытқулар дәрежесін неғұрлым дәл әрі нақты анықтауға, өзгерістер динамикасын қадағалап, байқалатын зақымдану ошағын көрсетуге болады.



И.М.Сеченов пен И.П.Павлов ми рефлекстері туралы.

Адамның психикалық қызметі мидың анатомиялық тұтастығы мен атқаратын қызметіне тәуелділігін ежелгі уақыттан-ақ жорамалданған. Ми зақымданғанда сананың, естің, сөздің және т.б. бұзылатыны мәлім болады. Бұл ми жайында саналы қызмет ету мүшесі туралы ойлауға мәжбүр етті. Отандық физиологияның негізін қалаушы И.М.Сеченов 1863 жылы «Ми рефлекстері» деген жұмысын жазып, онда психиканың аса күрделі құбылыстары сыртқы ортаның әсерімен қалыптасады, олар негізінен алғанда орталық нерв системасының рефлекторлық әсерлері болып табылады деп тұжырымдады. Мұнда адам мен жануарлардың рефлекстері жеке алынған бір мүшеге ғана таралатын тар шеңберлі әсерлер емес, бүкіл ортамен байланысын қамтамасыз ететін нерв әсерінің неғұрлым ортақ механизмдері ретінде қабылданды. И.М.Сеченов адамның бұлшық ет қимылдарын ғана емес, сондай-ақ мидың қызметін білдіретін сөзді де рефлекстерге жатқызды.

И.М.Сеченовтың кітабы – сол кездегі философия мен жаратылыстанудың озат идеяларының алғашқы талантты синтезі. Ол орыстың ағартушы-демократтарының (Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, В.Г.Белинский және т.б.) ұлы идеяларының әсерімен жазылған. И.П.Павлов бұл кітапты «Сеченов ойының кемеңгер шарықтауы» деп атады. Бұл – барлық тіршілік құбылыстарына, оның ішінде организмнің сыртқы ортамен өзара әсеріне табиғи-ғылыми анализді қолдануға шақыру болды.

И.М.Сеченовтың кітабы жарық көргенге дейін физиологтар психикалық процестерді мидың физиологиялық қызметі арқылы түсіндіру мүмкіндігі туралы еске алудан да қорқатын. Үлкне ми сыңарларының қызметін объективті және эксперимент арқылы зерттеуге И.М.Сеченов пен оның ізбасарлары ғана жол ашты, мұның өзі кейін жоғары дәрежелі нерв қызметі туралы ілімді құруға мүмкіндік берді.



И.П.Павловтың рефлекстерді зерттеуі. И.П.Павловтың орталық нерв системасының едәуір ерте пайда болған түзінділері рефлекторлық әсерлерді тума (тұқым қуалайтын) нерв жолдары арқылы, ал үлкне ми сыңарларының қыртысы - жаңадан, яғни организмнің жеке тіршілігі процесінде сансыз көп тітіркендіргіштердің әсерімен қалыптасқан, яғни «жасалған» нерв жолдары арқылы жүзеге асыратынын эксперимент жүргізу негізінде дәлелдеді.

И.П. Павловтың физиологиядағы ғылыми қызмет кезеңі павловтық кезең деп аталады. Физиологияның таза физиологиялық деп есептелген процестерді зерттеуден психикалық процестерді зерттеуге көшуі осы кезеңнің бастамасы болды. Жалпы айтқанда бұл кезеңге мынадай ерекшеліктер тән: 1) организмді оның біртұтас күйінде және табиғи жағдайларда зерттеу; 2) организмнің ортамен өзара әсер етуі мен барлық тіршілік процестерінде ми қыртысының жетекші роль атқаратынын тану; 3) нервизм идеясы, яғни нерв системасының организм қызметінің әр түрлі көрінісіндегі жетекшілік ролін тану.

И.П.Павловтың астың түрі, иісі немесе ол туралы әңгіменің өзі сілекей бездерін қоздыратын адамның психикалық қозу күйі деп аталатын құбылыс қызықтырды. Сілекей бездерінің өзектері сыртқа шығарылған (ұзақ мерзімдік фистула қойылған) жануарларға эксперимент жүргізу арқылы ол қоршаған ортаның, белгілі бір жағдайлардың сілекей бөлінуіне әсер ететінін байқады. Мәселен, егер итті әлденеше рет азықтандыруда электр шамын жақса немесе қонырау соқса, бұлайша ұштастыруды бірнеше рет қайталаудан кейін онда осы тітіркендіргіштердің әсеріне ғана сілекей бөлінеді. И.П.Павлов организмнің мұндай әсерінен үлкен ми сыңарлары қыртысының атқаратын қызметін, яғни алдын ала көру немесе есту мүшесін тітіркендіру арқылы алғашында дәм рецепторларын тітіркендіруге, ал кейінірек алдыңғы тітіркендіргіштің тек біреуінің әсеріне рефлекторлық жауап қайтару құбылысын көрді.

И.П.Павловтың өзі жазғанындай, шартты рефлекстер туралы ілімнің құрылуы тамақ ішу алдында әсер ететін агенттерге сілекей бөлінуіне табиғи-ғылыми талдау жасаудан басталады. Ғалым бұл актіден сонымен бірге тұтастай және толық дәрежеде ғана физиологиялық құбылыс бола алатын қарапайым психикалық құбылысты көрді.

И.П. Павлов өзін «сыртқы құбылыстармен және олардың өзара қатынасымен ғана айналысатын объективті сырттай бақылаушы және эксперимент жүргізуші» орнына қойып, сілекей бездерінің психикалық қозуын «сапа жағынан алғанда айрықша рефлекстер» ретінде түсіндіре бастады. Ол мұны әрбір индивидуумның тіршілігі барысында қалыптасып, жоғары сатыдағы организмдердің бүкіл қызметін айқындаған жаңа рефлекторлық актілердің түзілуін басқаратын заңдылықтарды ашып көрсете отырып түсіндірді.

Материалистік негізде құрылған шартты рефлекстер туралы ілім арқылы И.П.Павлов биологияның, философияның, педагогика мен медицинаның дамуында жаңа дәуір ашты, өйткені ол жоғар құрылымды материяда – мида - өтетін процестердің механизмін ашты. Оның психикалық процестерді жаңа тұрғыдан түсіндіру ғылымдағы физиологиялық процестерді өмірде жоқ жанның әрекет ету формасына дейін көтеріп, организмнің барлық тіршілік ету актілеріндегі мидың реттеуші әсерін теріске шығаратын идеалистік бағыттың негізсіздігін дәлелдейді.

И.П.Павловтың жоғары дәрежелі нерв қызметі туралы материалистік ілімі медицина мен биологияда төңкеріс жасады, ғылыми проблемалар мен міндеттерді батыл қойып, шешуге мүмкіндік берді. Ол маркстік-лениндік философияның тазалығы жолында идеализммен және басқа реакциялық ілімдермен күресте қуатты идеологиялық қару болды.

Шартсыз және шартты рефлекстер. Организмнің сыртқы және ішкі тітіркендіруге қайтаратын барлық жауап әсерлері рефлекстер деп аталады. Олар шартсыз және шартты рефлекстер деп аталатын екі топқа бөленеді.

Шартсыз рефлекстер – бұлар организмдердің осы түрінің өкілдеріне тән, іштен туа болған, тұрақты, тұқым қуалай берілетін әсерлер. Мысалы, қарашық, тізе, ахиллов және басқа рефлекстер.

Сонымен қатар, белгілі бір жаста, көбею кезеңінде және нерв системасы қалыпты дамығында ғана жүзеге асатын шартсыз рефлекстер болады.

18 апталық ұрыққа тән ему және қимыл рефлекстері шартсыз рефлекстердің қатарына жатады.

Шартсыз рефлекстер жануарлар мен адамда шартты рефлекстерді қалыптастырудың негізі болады. Олар балалар есейген сайын синтездік рефлекстер комплексіне айналып, организмнің сыртқы ортаға бейімделушілігін арттырады.

Шартты рефлекстер - бейімделуші, уақытша және қатаң түрдегі жеке рефлекстер. Олар үйретілген немесе табиғи ортаның әсеріне ұшырайтын түрдің бір немесе бірнеше өкілдеріне ғана тән болады. Шартты рефлекстер біртіндеп, белгілі бір ортада түзіліп, үлкен ми сыңарларының қалыпты жетілген қыртысы мен мидың төменгі бөлімдерінің атқартын функциясы болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, шартты рефлекстер шартсыз рефлекстермен байланысты, өйткені олар белгілі бір материалдық субстраттың – нерв тканінің жауап әсері болып саналады.

Егер ұрпақтан-ұрпаққа рефлекстерді қалыптастыру жағдайлар тұрақты болса, онда рефлекстер тұқым қуалау, яғни шартсыз рефлекстерге айналуы мүмкін. Қызылшақа және қанаттанбаған балапандардың оларды азықтандыруға ұшып келген құстың ұяны қимылдатуына тұмсығын ашуы осындай рефлекске мысал бола алады. Ұяның қимылдауы азықтандырумен ұштасқандықтан, ал мұның өзі барлық ұрпақта қайталанатындықтан шартты рефлекс шартсыз рефлекске айналады. Алайда шартты рефлекстердің бәрі де жаңа сыртқы ортаға бейімделу әсерлері болып табылады. Ми қыртысын алып тастағанда шартты рефлекстер жойылып кетеді. Ми қыртысы зақымданған жоғары сатыдағы сүтқоректілер мен адам нағыз мүгедекке айналып, қажетті күтім болмаса, өлімге душар болады.



Шартты рефлекстердің түзілуі. Олардың түзілуі үшін мынадай жағдайлар қажет: 1) индифферентті (келешектегі шартты) тітіркендіргіш шартсыз тітіркендіргіштен бұрын әсер етуі тиіс (қорғану қимыл рефлексі үшін ең аз уақыт айырмашылығы 0,1 секундқа тең). Бұдан өзгеше реттілікте рефлекс қалыптаспайды немесе өте әлсіз болады да, тез сөнеді; 2) шартты тітіркендіргіштің әсер етуі белгілі бір уақыт бойы шартсыз тітіркендіргіштің әсер етуімен ұштасуы тиіс, яғни шартты тітіркендіргіш шарттсыз тітіркендіргішпен бекітіледі. Тітіркендіргіштердің осылайша ұштаса әсер етуін әлденеше рет қайталау керек.

Сонымен қатар үлкен ми сыңарлары қыртысының қалыпты функциясы организмде ауру процестері мен бөгде тітіркендіргіштердің болмауы шартты рефлекс қалыптастырудағы міндетті шарт болып табылады. Олай болмаған жағдайда, қалыптастырылатын және бекітіле түсетін рефлекстен басқа, бағдарлау немесе ішкі мүшелер (ішек, қуық және т.б. ) рефлексі де пайда болады.



Шартты рефлекс түзілу механизмі. Әсер етуші шартты тітіркендіргіш әрқашан ми қыртысының тиісті аймағында әлсіз қозу ошағын туғызады. Бұған қосымша (1 – 5 секундтан соң) әсер ететін шартсыз тітіркендіргіш тиісті қыртыс асты ядроларында және үлкен ми сыңарлары қыртысының учаскесінде едәуір күшті қозу ошағын туғызады, бұл ошақ алғашқы едәуір әлсіз (шартты) тітіркендіргіштің импульстерін өзіне тартады. Осының нәтижесінде үлкен ми сыңарлары қыртысындағы екі қозу ошағының арасында уақытша байланыс орнайды. Әрбір қайталанған, яғни бекітілген сайын бұл байланыс берік бола түседі. Шартты тітіркендіргіш шартты рефлекс сигналына айналады.

Балаларда намесе ересектерде шартты рефлекс қалыптастыру үшін сөзбен бекітілетін секторлық, жыпылықтау немесе қимыл методикасын, жануарларда тамақпен бекітілетін секреторлық және қимыл методикасын пайдаланады. Мысалы, итте сілекей бөліну методикасы бойынша рефлекс қалыптастыру, яғни шартсыз тітіркендіргіш тамақпен бекітілетін жарық тітіркендіргішіне сілекей бөлу керек. Алдымен шам жанады, ит оған басын, құлағын бұрып, бағдарлау әсерін білдіріп, жауап береді. И.П.Павлов мұндай әсерді «бұл не?» рефлексі деп атады. Осыдан кейін тамақ беріледі – шартсыз тітіркендіргіш (бекіту). Осылайша бірнеше рет қайталайды. Бұл жағдайда бағдарлау әсері барған сайын сиреп, соңынан мүлде жойылады. Екі қозу ошағынан (бірі – көру аймағында, екіншісі – тағам орталығында) ми қыртысында келетін импульстерге жауап ретінде бұл ошақтар арасындағы уақытша байланыс нығая түседі. Осының нәтижесінде итте бекітілмесе де, жарық тітіркендіргішіне сілекей бөлінеді. Бұл ми қыртысында әлсіз импульстің күшті импульс жағына қарай орын ауыстыруынан болады. Ми қыртысы төменгі орталықтардан өзгеше, бұрынғы тітіркенулерді барынша жинақтап, олардың ізін жандандыра алады. Екі ошақ та біртұтас жүйе ретінде қызмет атқара бастайды. Жаңадан қалыптасқан рефлекс (оның доғасы) өткен қозуды жаңғырта алады, яғни оның шартты рефлексті жүзеге асыру қабілеті болады.

Түзілген уақытша байланыс импульстердің көру аймағынан тамақ орталығына, ал одан эфферентті талшықтар арқылы сілекей бөліну орталығы мен сілекей бездеріне өтуіне мүмкіндік туғызады да сілекей бөле бастайды. Бұл қолданылған тітіркендіргіш арқылы қалыптасқан қолда бар шартты рефлекс.

Алайда қолда бар тітіркендіргіш импульстері қалдырған із де шартты рефлекс үшін сигнал бола алады. Мысалы, егер сол шартты тітіркендіргішпен 10 секунд әсер етіп, ол тоқтатылғаннан 1 минуттан кейін тамақ берсе, онда жарықтың өзі сілекейдің шартты рефлекторлы жолмен бөлінуін туғызбайды, бірақ ол тоқтағаннан бірнеше секундтан соң шартты рефлекс пайда болады. Мұндай рефлексті із рефлексі деп атайды.



Шартты рефлекстерді классификациялау (жіктеу). Қандай методика бойынша қалыптастырылатынына қарай шартты рефлекстер секреторлық, қимыл қан-тамыр рефлекстері, ішкі мүшелердегі өзгеріс рефлекстері және т.с.с. болып бөлінеді.

Шартты тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен бекіту арқылы қалыптастырылған рефлексті бірінші қатардың шартты рефлексі деп атайды. Оның негізінде жаңа рефлекс қалыптастыруға болады. Мысалы, жарық сигналын азықтандырумен үштастыру арқылы итте берік сілекей бөліну шартты рефлексі қалыптастырылған. Егер жарық жарық сигналынан бұрын қонырау соғылса, мұндай ұштастыруды бірнеше рет қайталаудан кейін итте дыбыс сигналына сілекей бөліне бастайды.

Бұл шартсыз тітіркендіргішпен емес, бірінші қатардың шартты рефлексімен бекітілетін екінші қатардың рефлексі немесе екінші рефлекс болып табылады.

Екінші қатардың шартты тағам рефлексінің негізінде итте басқа қатардың шартты рефлекстерін қалыптастыруға болмайтынын практика көрсетті. Бірінші қатардың шартты рефлексі қорғану рефлексінің негізінде түзілген жағдайда ғана үшінші қатардың рефлексі түзілуі мүмкін, мысалы, терінің немесе кілегейлі қабықшаның тітіркенуі. Бірақ бұл жағдайда да үшінші қатардың рефлексін ғана қалыптастыруға болады, ал төртінші қатардың рефлексін әзірге қалыптастыру мүмкіндігі жоқ. Балаларда алтыншы қатардың шартты рефлексін қалыптастыру сәті түсті.

Жоғары қатардың шартты рефлекстерін қалыптастыру үшін жаңа индифферентті тітіркендіргіш бұған дейін қалыптастырылған рефлекстің шартты тітіркендіргіші әсер ете бастаудан 10-15 с. бұрын әсер етуі қажет. Егер тітіркендіргіш едәуір жақын аралықта немесе бірге әсер етсе, жаңа рефлекс пайда болмайды, ал бұрын қалыптасқан рефлекс сөнеді, өйткені ми қыртысында тежелу болады.

Бірге әсер ететін тітіркендіргіштерді әлденше рет қайталап қолдану немесе бір тітіркнедіргіштерді әлденеше рет қайталап қолдану немесе бір тітіркендіргіштің екіншісіне әсер ету уақытын едәуір ұзарту комплекстік тітіркендіргішке рефлекс пайда болуына мүмкіндік береді.



Уақытқа байланысты шартты рефлекстердің түзілуі. Белгілі уақыт аралығы рефлекс қалыптастыру үшін шартты тітіркендіргіш бола алады. Егер жануарды үнемі әрбір 10 минут сайын азықтандыратын болса, бірнеше рет азықтандырудан кейін уақытқа байланысты шартты рефлекс түзіледі, яғни 10 минут өткен соң жануарда сілекей бөлініп, азыққа байланысты оны жалау, сілекейін жұту және т.с.с. қимыл актілері орындала бастайды.

Уақытқа байланысты рефлекс қалыптасқан адамдарда олар әдеттегі тамақ ішетін уақытта аштық сезімі байқалады. Уақыт аралығы мүлде аз болуы мүмкін.

Мектеп жасындағы балалардағы уақытқа байланысты рефлекстің белгісі – сабақ аяқталар алдында (қонырау соғылудан 1 - 1,5 минут бұрын) зейінінің әлсіреуі. Бұл қажудың ғана емес, сондай-ақ оқу сабақтары кезінде мидың ырғақты жұмыс істеуінің нәтижесі болып табылады.

Организмде уақытқа байланысты туатын әсер – тыныс алу, жүрек қызметі, ұйқыдан ояну, жануарлардың түлеуі және т.с.с. оқтын-оқтын өзгеріп тұратын көптеген процестердің ырғағы. Тиісті мүшелерден миға және одан керісінше эффекторлық аппараттарға ырғақты түрде импульстер жіберіп отыру организмде уақытқа байланысты туатын әсердің негізі болады.



Шартты рефлекстердің тежелуі

Шартты рефлекстердің тежелуін зерттей келе. И.П.Павлов оның шартсыз (сыртқы) және шартты (ішкі) тежелу деп аталатын екі түрін ажыратты.



Шартсыз тежелу. Басталған рефлекстің толық тоқтауы немесе сыртқы ортадағы өзгерістердің әсерінен оның активтілігінің кемуі шартсыз тежелу деп аталады.

Жаңа бөгде тітіркендіргіш ми қыртысында басқа (ерекше) қозу ошағын туғызады, бұл ошақ басталған рефлекторлық актіні тежейді немесе үзеді. Сырттан естілетін шу, жарық түсуінің өзгеруі, бөгде иіс және т.с.с. осындай тітіркендіргіш бола алады.

Шартты рефлекс неғұрлым жаңадан қалыптасса, оны тежеу соғұрлым оңай болатыны анықталған. Мұны орталық нерв системасында индукция процесінің дамуымен түсіндіруге болады. Тежеуді шартты рефлекске қатысы жоқ бөгде тітіркендіргіш туғызатындықтан, И.П.Павлов оны сыртқы (индукциялық) тежелу деп атады.

Шартсыз тежелу кенет пайда болады, ол организмде туған кезден бастап кездеседі және бүкіл орталық нерв системасына тән. Оның жүзеге асуына ми діңі ретикулярлық формациясының белгілі бір құрылымы қатысады.

Сыртқы тежелу көбінесе бөлмеге сырттан өнетін кез келген шу рефлекторлық актінің барысын бұзатын жағдайда коллективте (класта, топта) жұмыс істейтін балаларда байқалады. Мысалы, жазу сабағы үстінде көшеден өрт сөндіру машинасының сирена үні естіледі. Оқушылардың көпшілігі күшті тітіркендіргішке қарай бұрылып, бұл жағдайда зейінінен, байсалдылығынан және қолайлы отырысынан айырылады. Сондықтан оқушының дәптеріндегі жазу толық болмай, әріптер дұрыс жазылмайды, сөздердің арақашықтығы әр түрлі болып шығады және т.с.с.

Алайда шартсыз тежелу екінші қозу ошағы пайда болмаса да, жүзеге асуы мүмкін. Бұл тітіркендіргіштің өте күшті әсер етуінен ми қыртысының клеткалары жұмыс істеу қабілетін кемітуіне немесе толық тоқтатуына байланысты болады: тіршілігін жоймау үшін клеткалар тежелу күйіне өтеді. Тежелудің мұндай түрін шектен тыс тежелу деп атайды. Ол организмде қорғаныш қызметін атқарады.

Ми қыртысы клеткаларының жұмыс қаблеттілігінің шегі тұрақты шама емес және ол баланың жасына, оның қажу тәжірибесіне, қандай аурумен ауыратыныа және басқа себептерге байланысты.

Сабақты өте дауыстап және біркелкі үнмен түсіндіруде, сондай-ақ импульстері жинала келе, ми қыртысы клеткаларының жұмыс қабілеттілігі шегінен асып кететін әлсіз тітіркендіргіш (біркелкі баяу дауыс) әсер еткенде оқушыларда шектен тыс тежелу пайда болады.



Шартты (ішкі) тежелу. Тежелудің бұл түрі орталық нерв системасының жоғары бөлімдеріне тән және шартты сигналды шартты тітіркендіргішпен бекітпеген, яғни екі қозу ошағы уақыт жөнінен өзара сәйкес келмеген жағдайда ғана дамиды. Ол онтогенез процесінде біртіндеп, кейде өте қиындықпен қалыптасады. Шартты тежелудің өшпе, жіктеліс тежелу деп аталатын және басқа да түрлерін ажыратады.

Шартсыз тітіркендіргішпен бекітілмеген шартты сигнал бірнеше рет қайталанғандва өшпе тежелу пайда болады. Мысалы, жарық тітіркендіргішіне сілекей бөліну рефлексі қалыптасқанда бұл сигналды тамақпен ұштастырмай жиі қайталау рефлекстің біртіндеп кемуіне, одан соң толық өшуіне себепші болады. Рефлекстің өшу жылдамдығы шартты тітіркендіргіштің қайталану жиілігі мен күшіне, қалыптасқан рефлекстің беріктігіне және жоғары дәрежелі нерв қызметінің типіне байланысты. Мысалы, жыртқыш жануар жемтігі азайып бара жатқан жерге баруын азатайды, себебі бұрынырақ қалыптасқан шартты рефлекс тамақпен (шартты тітіркендіргіш) бекітілмегендіктен, өшеді. Бұл жануарлардың қоршаған ортаға бейімделуіне, яғни өзінің мінез-қылығын тіршілік жағдайларына сай реттуге жәрдемдеседі.

Өшпе тежелу адамның қалыптасқан (жаман, ескірген) әдеттен арылуына көмектеседі. Мысалы, оқушы жатып оқуға әдеттенген. Фантастикалық және шытырман оқиғалы әдебиеттердің қызықтыратыны соншама, ол мұндай кітаптарды ұйықтамастан, үй тапсырмаларын орындамастан, таза ауаға шықпастан-ақ оқып шығады. Бұл оның денсаулығын нашарлатып, үлгіріміне әсер етеді. Мұғалімдер мен ата-аналар қолайлы сәт туғанша мектеп оқушысының «қызықтырып әкететін кітапті» саналы түрде қолын алмауы үшін жұмыс режимін өзгертуді табандылықпен талап етугке міндетті. Алғашында мұндай әдеттен арылу едәуір қиындыққа түседі, бірақ бірте-бірте ол дұрыс режимге дағдыланады да, жағымсыз әдеті жойылады.

Жіктеліс тежелуінде немесе жіктеуде (ажыратуда) бекітілмейтін тітіркендіргіш рефлекс туғыза береді, сондықтан жағымды тітіркендіргіш тежейді. Қозу және тежелу процестері шоғырланады және бөлінеді.

Жіктеліс тежелуі шартты рефлекторлық қызметтің ішкі түрі болғандықтан, сыртқы дүниенің әсеріне анализ жасау үшін және осыған байланысты тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажет. Осындай қабілетінің арқасында есту анализаторы дыбыстарды биіктігіне, күшіне және бағытына қарай жіктейді, көру мүшесі түстерді, олардың реңкін, заттардың қашықтығын айырады; тері сезімталдығының анализаторы жанасуды, қысымды және т.б. айырады.

Егер жіктеліс тежелуін қалыптастыру шартты тітіркендіргішке барынша жуық тітіркендіргіштерді (мысалы, «до» және «ре» үндері) айырудан басталса, онда бұған «до» және «фа» үндері сияқты бір-бірінен едәуір қашық тітіркендіргіштерді айырудан гөрі ұзағырақ жаттығу қажет болады. Мұнда екінші жіктеу біріншіден гөрі оңай қалыптастырылады, өйткені тітіркендіргіштердің бір-бірінен күшті айырмашылығы бар.

Ана тілі және шет тілі сабақтарында әріптер мен дыбыстарды оқып үйренуде, математика, ән, музыка т.б. сабақтарына жіктеліс тежелуінің төтенше зор маңызы бар.

Тітіркендіргіштерді айыра бастау уақыты балаларда түрліше болады. Ол ми қыртысының «жасқа байланысты кәмелеттенуіне», бұған дейінгі дайындығына (жаттығуына) және организмнің қажу дәрежесіне байланысты. Сонымен қатар, белгілі бір жасқа тән қозу және тежелудің жайылуы мен шоғырлануының нақты дәрежесінің де маңызы бар.

Сигналдарды дұрыс айыра білу табиғат құбылыстарын, оның заңдары мен процестерін тереңірек танып білуге жәрдемдеседі. Ішкі тежелудің тағы бір маңызы мынада: адам алуан түрлі күрделі жағдайларда бағдарлай білу мүмкіндігіне ие болады.

Үлкен ми сыңарлары қыртысының аналитикалық-синтездік қызметі

Тітіркенуді анализдеу және синтездеу. Үлкен ми сыңарлары қыртысының аса маңызды функциясы – анализ бен синтез. Тітіркенуді анализдеу деп сигналдарды айыруды, олардың организмге әсерін жіктеуді түсінеді. Тітіркенуді анализдеу адамның үлкен ми сыңарлары қыртысында ең жоғары және өзіне тән даму шегіне жетеді, мұны оның бірқатар мысалы. А+Б+В+Г және А+В+Б+Г компоненттерін қамтитын комплексті тітіркендіргіштерді айыру қабілті көрсетеді.

Анализдеудің кейбір түрлері (мысалы, иісі, дыбысты айыру) адамдағыға қарағанда, кейбір жануарлардың үлкен ми сыңарлары қыртысында жақсы дамиды. Мәселен, ит біреуі шартсыз тітіркендіргішпен бекітілетін жағдайда 1/8 үндегі екі дыбыстың айырмашылығын қабылдай алады.

Ми қыртысының қозу элементтерін анализдеуден соң оларды комплекске біріктіру қабілеті синтездеу деп аталады. Мұнда шартты тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен бекіту арқасында тиісті қозу ошақтары арасындағы байланыс нығаяда, ал осының нәтижесінде шартты (көбінесе бекітілетін тітіркендіргішке теңбе-тең) рефлекс түзіледі.

Анализдеу мен синтездеу – ми қыртысының өзара байланысты функциясы. Олар ассимиляция мен диссимиляция секілді бірін-бірі толықтырады және бір процестің тоқталуы екінші процестің тоқталуына себепші болады. Демек, шартты рефлекстің, яғни бейімделу әсерінің қалыптасуы бұзылады.

Ми қыртысының аналититикалық-синтездік қызметінің неғұрлым күрделі формасы динамикалық стереотипті қалыптастыру және оның сигналдық әрекеті болып табылады.

Динамикалық стереотип. Организмге сыртқы ортадан бір мезгілде және бірінен соң бірі әсер ететін жағымды және жағымсыз тітіркендіргіштер жүйесінің дәл қайталанып отыруы стереотиптілік деп аталады. Мұндағы жүйелілік әрқайсысы белгілі шамадағы шартты рефлексті туғызатын тітіркендіргіштерге беркелкі, берік орныққан, байсалды әсерлер мен жағдайлар жүйесі арқылы жауап қайтарады.

Сыртқы орта құбылыстарының мұндай жүйелілігі (тәртібі) ми қыртысының қызметінде динамикалық стереотип, яғни біртұтас функция атқаратын комплекс түрінде сақталады, мұнда бір тітіркендіргіштің әсер етуі әр түрлі дәрежеде қайталанып отыратын жағдай мен басқа да стимулдардың бірізділігіне байланысты.

Егер әдетке айналған тітіркендіргіштер жүйесінің орнына бір ғана тітіркендіргішпен әсер етсе, одан стереотипте алмастырылған тітіркендіргішке тән нәтиже алынады. Демек, ми қыртысы қабылданған барлық импульстерді анализдеп және жауап әсерлерін синтездей отырып, организмнің аса күрделі біртұтас динамикалық жүйесі ретінде жұмыс істейді.

Стереотип қалыптастыру – ми қыртысының мейлінше күрделі синтездеуші қызметіне мысал. Бұл бүкіл нерв системасының неғұрлым қиын жұмысы. Орныққан стереотипті сақтау – ми қызметінің едәуір жеңіл формасы. Ми қыртысының динамикалық стереотипімен байланысқан шартты рефлекстердің жақсы пысықталған жүйесі болып табылатын әдеттер мен дағдылар, жұмысты ойланбастан және түсінбей істеу баршаға мәлім. Динамикалық стереотипті қалыптастырудың жас ерекшеліктері аңықталған. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерде стереотипті түрде өтетін дағдырлар тезірек қалыптасады, ал қалыптасқандарының орнықтылығы шамалы болады және оңай өзгертіледі, жас ұлғайтын кезде керісінше болады.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің әлсіз типінде және нерв процестерінің қимылдылығы шамалы жағдайда адамның динамикалық стереотипін қайта өзгерту невроздың шығуына себепші болуы мүмкін.

Балаларды және жалпы алғанда адамдарды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі бүкіл жұмыс ми қыртысының қызметін байытатын және жетілдіретін жаңа динамикалық стереотипті, жаңа әдеттерді қалыптастыруға бағытталады.Пайдаланылатын тәсілдер мен методика неғұрлым аз қолданылатын болса, ескі стереотипті жойып, жаңа стереотипті қалыптастыру соғұрлым жеңіл өтеді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларымен жұмыс жүргізуде баланың активтілігі мен саналылығын ескеру қажет. Егер оқушы ұқыпты, тәртіпті, дені сау болуға тырысса, жаңа стереотипті қалыптастыру ойдағыдай өтеді.



Бірінші және екінші сигналдық системалар. Олардың сыртқы дүниені танып білудегі маңызы. Сигналдық системалар. И.П.Павлов адамның жоғары дәрежелі нерв қызметін жануар мен адам үшін ортақ қасиет болып табылатын болмыстың бірінші сигналдық системасын құрайтын сыртқы дүниенің тікелей сигналдарына анализ және синтез жасауды мінез-құлық ретінде қарастырды. Бұл жайында ол былай деп жазды: «Жануарлар үшін болмыс түгел дерлік тітіркендіргіштер арқылы және тікелей организмнің көру, есту және басқа рецепторларының арнаулы клеткаларына келетін олардың үлкен ми сыңарларындағы іздері арқылы сигнал береді. Бұл сөзді, еститін және көретін нәрселерді есептемегенде жалпы табиғи, сондай-ақ біздің әлеуметтік қоршаған сыртқы ортадан алатын әсер, түйсік және түсініктеріміз деуге болады. Бұл – болмыстың бірінші сигналдық системасы, ол біз бен жануарларда бірдей».Еңбек әрекетінің, қоғамдық және семьялық қатынастардың нәтижесінде адамда сөз сигналдарын қабылдау, айтылатын (өзі айтатын, айналадағылар айтатын), көрінетін (жазылған, басылған) сөздердің маңызын түсіну ым-ишараны түсіну сияқты мидың жаңа қызметі – екінші сигналдық система дамыды. Ол үлкен ми сыңарларының жұмысына жаңа принцип (ми қыртысының қыртыс астындағы түзінділерімен өзара байланысы) енгізгендіктен, адамның жоғары дәрежелі нерв қызметін төтенше кеңейтіп, сана жағынан өзгертті. Бұл жайында И.П.Павлов былай деп жазды: «Егер біздің қоршаған дүниеге жататын түйсіктеріміз бен түсініктеріміз біз үшін болмыстың бірінші сигналдары, нақты сигналдар болса, сөз, ең алдымен сөйлеу мүшелерінен ми қыртысына келетін кинестезиялық тітіркендіру – екінші сигналдар, сигналдардың сигналы болып табылады. Олар болмыстан назарды аудару болып табылады және қорытынды жасауға мүмкіндік береді, мұның өзі… адамның қоршаған дүниеде әрі өзін-өзі жоғары дәрежеде бағдарлау қаруы – ғылымды құрайды». Сонымен, адам рецепторлар арқылы қабылдайтын сезімнің бәрін сөзбен бейнелейді. Сөз «сигналдардың сигналы» ретінде болмыстың нақты заттары мен құбылыстарынан назарды аударуға мүмкіндік береді.

Екінші сигналдық система адамның қоршаған әлеуметтік ортамен күрделі өзара қарым-қатынасын білдіре отырып, адамдардың қоғамдық өмірімен тығыз байланысты. Мұнда сөз сигналы, сөйлеу, тіл адамдардың коллективтік өндіріс процесіндегі қатынас құралы болып табылады және олар еңбек әрекеті процесінде ғана дамиды. Демек, екінші сигналдық система әлеуметтік тұрғыдан алғанда себепті болып табылады, яғни қоғамдық еңбек әрекетінің заңды табиғи процесі ретінде пайда болып, дамиды.

Адамдармен қатынас жасамайынша екінші сигналдық системаның дамымайтыны әдеби деректерден мәлім. Мәселен, жабайы жануарлар алып кетіп, аңдардың апанында тіршілік еткен балалар адам сөзін түсінбеген, сөйлей алмаған және сөйлеуді үйрену қабілетінен айрылған. Сол сияқты, саңырау болып туған балалар әдеттегі балалар секілді дыбыс шығарады, бірақ шығаратын сигналдарын есту анализаторлары арқылы бекітпегендіктен және айналадағылардың дауысына еліктеу мүмкіндігі болмағандықтан, олар мақау болып қалған. Сондай-ақ адамдармен қатынаста болмайтындай, ондаған жылдарға оқшауланған жас адамдар сөйлеу тілін ұмытады. Бұл фактілердің бәрі екінші сигналдық системаның дамуы әлеуметтік ортаға тәуелді екенін, оның бірінші сигналдық системамен өзара байланысын көрсетеді.

Сигналдық системалар мен қыртыс асты түзінділердің өзара байланысы.

Адам міңез-құлқының кез келген актісінен нейронаралық байланыстың үш тобын ашып көрсетуге болады: 1) шартсыз рефлекторлық байланыс; 2) бірінші сигналдық системаның уақытша байланыстары; 3) екінші сигналдық системаның уақытша байланыстары.

Адам мінез-құлқының физиологиялық механизмі екі сигналдық системаның үлкен ми сыңарларының қыртыс асты түзінділерімен өзара әсер етуінің нәтижесі болып табылатынын анализ көрсетті. И.П.Павлов «екінші сигналдық системаны бірінші сигналдық системадан басым болатын «адам міңез-құлқының ең жоғары реттеушісі» деп есептейді, алайда бірінші сигналдық система да белгілі дәрежеде екінші сигналдық системаның қызметін тексерін отырады.

Бірінші және екінші сигналдық системаның фуекциялық қызметі парктикада тексерілді. Мәселен, егер шартты рефлекторлық әсерлер сыртқы жағдайларға сай келмесе, бұл оның қайта құрылуына себепші болады: уақытша байланыстар өзгереді, белгілі бір шартты рефлекстер тежеледі. Мұнда әсіресе екінші сигналдық системаның қызметін «практикада тексеру» қажет болады, өйтпейінше «сөзді іспен нығайту» формуласы негізсіз болып шығады.

Екі сигналдық системаның өзара әсері, үлкен ми сыңарлары қыртысының қызметі тұтастай алғанда қыртыс асты орталықтарының қызметімен күрделі қатынаста болады. Бұл адамның өз бойындағы шартсыз рефлекстерді еркіне бағындыруына, организмнің инстинкттік көріністерінің едәуір бөлігі мен эмоцияны тежей білуіне мүмкіндік береді. Ол қорғаныш (тіпті ауыртатын тітіркендіргіштерге жауап ретіндегі рефлекстерді), тамақ және жыныс рефлекстерін саналы түрде тежей алады. Сонымен қоса, қыртыс асты түзінділері мен ми діңінің ядролары, әсіресе ретикулярлық формация ми қыртысының тонусын қалыпты жағдайда сақтап тұратын импульстердің көзі (генераторы) болып табылады.

Ми қыртысы мен қыртыс асты түзінділердің арақатынасы жөніндегі жаңсақ түсініктер кейбір ғалымдарды негізінен қате қорытынды жасауға мәжбүр етті. Мәселен, олардың кейбіреулері типті қыртыс асты түзінділерімен салыстырғанда ми қыртысы адамның психикалық әрекетінде екінші дәрежелі роль атқарады деп тұжырымдайды.

Ғалымдардың көпшілігі сана мен ойлауды үлкен ми сыңарлары қыртысының қызметі деп есептейді, бұл қызмет қыртыс асты түзінділерімен және рецепторлық аппараттардың бүкіл жиынтығымен қалыпты өзара қарым-қатынас орнағанда ғана жүзеге асады. Мұнда организмнің сыртқы дүниемен адекватты өзара әсері қамтамасыз етіледі.

Адам мен қоршаған ортаның әсерін бағалауда материалистік және идеалистік көзқарас арасында шиеленіскен күрес жүрді. Ақиқатты анықтауда физиология маңызды роль атқарды.

Дәйекті материалистер адамның түйсігін объективтік дүниенің субъективтік бейнесі ретінде түсінеді. Шындық санадан тәуелсіз, объективті тіршілік етеді және тітіркенген тиісті рецепторлық аппараттан ми қыртысына жеткізілген информацияның арқасында ғана біздің санамызда бейнеленеді.

Нерв системасы типтерінің функциясына сиппатама. Нерв системасы типтерінің белгілері. Нерв системасының жеке қасиеттері организмнің шартты рефлекторлық қызметіне әсер етеді. Сондықтан жоғары дәрежелі нерв қызметінің сипаты едәуір дәрежеде индивидуумға тән қасиеттердің жиынтығымен анықталады.

Шартты рефлекстердің түзілу жылдамдығы, олардың беріктігі, ішкі және сыртқы тежелудің қарқыны, нерв процесінің жайылуы мен шоғырлануының тездігі, индукцияға қабілеттілігі және ауру туғызатын агенттерге төзімділік дәрежесі көбіне нерв системасының типіне байланысты болады.

Жануарлар мен адамның жоғары дәрежелі нерв қызметінің жеке ерекшеліктерінің комплексін зерттей келе, И.П.Павлов пен оның ізбасарлары жоғары дәрежелі нерв қызметінің негізгі үш белгісін анықтады:


  1. қозу мен тежелу процестерінің күші – ми қыртысындағы нерв клеткаларының күшті және төтенше күшті тітіркендіргіштерге адекватты жауап қайтару қабілеті және оларға жауап ретінде қозуды немесе тежелуді күшейту;

  2. қозу және тежелу процестерінің біркелкілігі, яғни олардың күші жөнінен тепе-теңдігі. Кейде бір организмдерде тежелуден қозу басым болса, басқа организмдерде – керісінше болады. Мұндай жағдайда бір организмдерде жағымды шартты рефлекстер айтарлықтай тез түзіледі, бірақ тітіркендіргіштерді (әсіресе нәзік) айыру қиын болады, ал екінші организмдерде осы тітіркендіргіштерге ми қыртысының жалпы тежелетіні байқалады;

  3. қозу және тежелу процестерінің ширақтығы, яғни бір процесті (жағдайдың өзгеруіне байланысты) екінші процестің ауыстыру жылдамдығы.

Көрсетілген белгілердің негізінде И.П.Павлов жоғары дәрежелі нерв қызметінің адам мен жануарларда кездесетін жалпы типтерін және адамдарға ғана тән жеке типтерін бөлді.

Нерв қызметінің жалпы типтері. И.П.Павлов нерв қызметінің жалпы төрт типін бөліп көрсетті: 1) қиын тәрбиеленетін (үйретілетін) күшті, ұшқалақ тип (тежелуден қозу басым); 2) нерв процестері аса ширақ, күшті, байсалды тип. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің мұндай типінде организмнің жағдайға тез көндігетіні, жаңа тітіркендіргіштерге активті әсер ететіні байқалады; 3) нерв процестерінің ширақтығы шамалы, жаңа тітіркендіргіштерге болар – болмас әсер жасайтын (барлық қызметінде сылбырлық бар) күшті, байсалды тип; 4) қозу мен тежелу нашар дамыған, әлсіз тип. Мұнда организм тез әлсірейді, қорқақтық пайда болады, әдеттен тыс тітіркендіргіштер әсер еткенде жұмыс қабілетінен айырылады, тез арада тежелу күйіне өтеді.

Нерв системасының әр түрлі типтеріне жататын жануарлар сыртқы ортаны өзінше қабылдап, оған бейімделеді. Оларды үйрету де түрліше болады, олардың ауру тудырғыштарға төзімділігі де әр түрлі. Мысалы, екінші типте гнерв системасының бұзылуы сирек байқалады, ал бірінші және төртінші типте қалыптасқан шартты рефректорлық қызмет тезірек бұзылады. Сонымен қатар, жоғары дәрежелі нерв қызметінің төртінші типіне жататын жануарлар невроздық күйден қиындықпен арылады, яғни едәуір ұзақ ауырады.

И. П. Павловтың пікірінше, тәжірибеде таза күйінде анықталатын, жоғары дәрежелі нерв қызметінің келтіретін төрт типі адам темпераментінің кезінде Гипокрақа белгілі болған төрт түріне сай келеді. Мәселен, бірінші тип холериктік темпераментке, екінші тип – сангвиникалық темпераментке, үшінші тип – флегматикалық темпераментке, ал төртінші тип – меланхоликтік темпераментке сай келеді. Алайда, нерв системасының типі мен темпераменті арасында ұқсастық жоқ, өйткені «темперамент» ұғымына нерв системасының атқаратын қызмет ерекшеліктерінен басқа, адамның орны мен тіршілік жағдайларын бағалау, тарихи дәуірді және практикалық қоғамдық-еңбек әрекетін сипаттау да жатады.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі организмнің сыртқы ортамен өзара қарым – қатынасынан ғана емес, сондай-ақ ішкі мүшелер қызметінің сипатынан да білінеді.

Жоғары дәрежелі нерв қызметінің жеке типтері. И. П. Павлов адамның туа біткен қабілеттіліктерін ескере отырып, нерв системасының функциясына анализ жасау арқылы нерв системасының үш типін бөліп көрсетті: көркем, ойшыл және тыныш тип. Бірақ бұл салада барлық нәрсе толық айқын емес: кейбір мәселелер ақырына дейін ашылмаған бұл типтерді анықтау үшін адекватты эксперименттік әдістер мен тестер жоқ, көп нәрсе тек сипаттаумен шектелген.

Нерв системасының көркем типінде бірінші сигналдық системаның жұмысы ширақ болады.

Мектеп оқушыларының организмінде өтпелі кезеңнің бірінші фазасында (11-13, 14 жаста) терең өзгерістер болады. Ішкі секреция бездерінің, атап айтқанда, жыныс бездерінің қызметі күшейіп, қосымша жыныстық белгілер пайда болады. Бұл кезеңде ми қыртысының функциялық активтілігінің айтарлықтай әлсірейтіні байқалады: оқушының сөзі мен сұрақтарға қайтаратын жауабы баяулап, сөздер қоры азаяды. Сөз сигналдарына (есте сақтау) шартты байланыстар түзілу процесі қиындағанда, көру, есту және басқа тітіркендіргіштерге шартты рефлекстер түзілу жылдамдығы артатыны аңықталған. Жасөспірімге оның физиологиялық ерекшеліктеріне қайшы келетін-талаптар қойылады. Одан тартымды, айқын сөйлеу, тез, логикалық ойлану, көлемді оқу материалын есте сақтау, яғни осы жастағы балалар үшін ерекше қиын болатын нәрселер талап етіледі.

Жыныстық жетілу кезеңінде ішкі мүшелер қауырт, әр келкі өседі. Вегетативтік нерв системасының күйіне эндокриндік бездер ерекше күшті әсер етеді, ол қозудың артуынан, ашуланшақ, өкпелегіш болудан байқалады: бас ауруы пайда болады, бас айналады, ұйқы қашады және т.с.с. Мұның бәрі нашар тамақтануға және мидың оттегімен жеткілікті қамтамасыз етілмеуіне байланысты болады. Бұл кезең әсіресе қыз балаларда ауыр өтеді. Соңдықтан бұл кезеңдегі ақыл-ой және дене еңбегі үстінде жасөспірімдер оңай әрі тез қажиды.

Өтпелі кезеңнің екінші фазасы (13-14-17 жас) бұдан да қауырт өтеді. Жасөспірімдердің бойы тез өседі, дене салмағы артады, организмнің төзімділігі кемін, ауруға шалдыққыш болады. Жасөспірімдердің деңесі дөрекіленіп, икемсіз келеді, қимылы ебдейсіз болады. Жоғары дәрежелі нерв қызметінде тежелуден жалпы қозу басым болады, тітіркендіргіштерді жіктеу қабілеттілігі кемиді. Мидың қызметі барған сайын төмендеп, қанмен жабдықтаудың одан әрі нашарлауы есебінен нерв системасы тез қажиды.

Алайда өтпелі кезеңнің соңына қарай ғана ми қыртысының функциялық қызметі айтарлықтай артып, қыртыс пен қыртыс асты бөлімдері арасында өзара қарым-қатынас орнайды. Ми қыртысы қызметінің бұзылуы жасөспірімдердің бәрінде бірдей байқала бермейтіндіктен, М.М. Кольцова олардың дамуында семья мен мектепте нервтік-психикалық жарақат алу үлкен роль атқарады деп есептейді. Мұндай жастар жасөспірімдер арасында, ересектердің мектеп оқушыларының осы дамуы кезеңіне тән ерекшеліктерін білмеуі және оларды жете бағаламауы нәтижесінде педагогтар мен ата-аналар арасында жанжалдар жиі болып тұрады.

Педагогтар мен ата-аналар жасөспірімдердің бұл кезеңін жақсы білуі, оларға ұстамдылық, шыдамдылық және ілтипат көрсетуі тиіс. Оқу процесінің режимін дұрыс ойластыру, тыныштық жағдай туғызу, айналадағылардың тілектес қарым-қатынас жасауы өтпелі кезеңде жасөспірімдер нерв системасы қызметінің бұзылуына және тіпті ауруға шалдығуына жол бермейді.

Дене шынықтыру сабақтары организмнің функциясын қалыпқа түсірудің ең тиімді құралы болып табылатыны дәлелденген. Алайда дене еңбегінің шамасына үнемі дәрігерлік тексеру жүргізілін отыруы тиіс өйткені қажу жасөспірімге зияң келтіруі мүмкін. Мәселен, шет елдерде мектептерде дәстүрлі гимнастиканың орнына күн сайын жүргізілетін арнайы ырғақты гимнастика еңгізілген, ол қимыл системасының нервтік-психикалық күйі мен дамуына жағымды әсер етеді.



Жоғары дәрежелі нерв қызметінің икемділігі. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі және әрбір адамның жалпы мінез-құлқы тұқым қуалай берілген (генотип) іштен болған (фенотип) белгілердің «қорытпасы» болып табылады. Жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі өмір бойы өзгерумен болады. Жоғары дәрежелі нерв қызметі типтерінің өзгеруіне бейімділік нерв системасының икемділігі деп аталған. Икемділік – динамикалық процесс.

Мектеп оқушысының мінез-құлқы нерв системасының тума физиологиялық қасиеттеріне ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағдайларға да байланысты. Кез келген жастағы оқушының жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі мен мінезін анықтауға әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды ескеру керек, себебі семья мен қоғамдық ортадағы қарым-қатынастар оған өз таңбасын түсіріп, типті бүркемелейді.

Жоғары дәрежелі нерв қызметі типтерінің икемділігін И.П.Павлов адам мінезін тәрбиелеудің, жаттықтырудың және өзгертудің «аса маңызды педагогикалық фактісі» деп есептеді. Организм неғұрлым жас болса, айналадағы құбылыстардың оған соғұрлым күштірек әсер ететінін ескерсек, жоғары дәрежелі нерв қызметін қалыптастыру бала туған күннен басталып, мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы және мектептен кейінгі кезеңде жалғастырылуы тиіс.

Бала мен ересек адамның жоғары дәрежелі нерв қызметінің типі оның ауырып тұруы, психикалық күйзелісі және басқа факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайларда жеке және қоғамдық ықпал ету, яғни «мінезді шынықтыра» түсу шаралары арқылы типті «түзетуге» және қайта тәрбиелеуге болады.



Үлкен ми сыңарлары қыртысы және қимыл дағдыларының пайда болуы.

Үлкен ми сыңарлары қыртысының әр түрлі орталықтары арасында уақытша байланыстың түзілуі және нығаюы балалардың қимыл дағдыларының негізі болатынын физиологтар анықтаған. Дене тәрбиесінің мұғалімдері мен спорт секцияларының жаттықтырушылары мұны қимылды автоматты түрге дейін жетілдіру деп аталады.

Адам қимыл және басқа дағдыларға туған кезден бастап ие болып, оларды қартайғанша жетілдіреді. Мұнда тиісті анализаторлардың афферентті және эфферентті нейрондары арасында нейрон аралық уақытша байланыстар қалыптасады.

3-4 айлық сәбидің ойыншыққа қалай ұмтылатының еске түсірейік. Ол мүлт кететін қаншама төселмеген қимылдар жасайды десеңізші. Оның барлық сәтсіздіктерінің себебі – көрініп тұрған нәрсеге мақсатты бағытталған әрекетінің болмауы, өйткені ми қыртысының қимыл және көру аймағындағы орталықтар арасында әлі байланыс орнамаған. Міне, енді ол ойыншықты 2 – 3 рет қарап, қолына ұстап көрді, оның қандай дыбыс шығаратынын естіді, келесі жолы оны тез-ақ батыл ұстайды. Демек, оның ми қыртысында әлдебір байланыстар бірте-бірте нығайып, тұрақты байланыстарға айналады, белгілі әрекет автоматизмі – керекті және тиімді қимыл стереотипі пайда болады, ал тиімсіз қимылдардың бәрі бекітілмейтіндіктен, жойылып кетеді.

Алайда әрбір еркін қимыл басталмас бұрын әрқашан «қажетті қимылды жасауда ми қыртысы клеткаларының эфферентті импульстер келетін комплексі шартты рефлекторлы жолмен қозады». Мұндай клеткалар комплексін П.К.Анохин әрекет акцепторы (қабылдағышы) деп атады.

Әрекет акцепторы клеткаларының шартты рефлекторлы жолмен қозуын қимылдың болашақ нәтижесін физиологиялық (адамда бұған қоса моральдық) тұрғыдан алдын ала сезу ретінде қарастыру керек. Қимыл жасау қол жеткен нәтиже үшін қуанышты эмоция, алынған «жақсы» немесе «өте жақсы» баға үшін қанағаттанғандық сезімін туғызып, қимыл дағдыларын одан әрі жетілдірудің негізін құрайды.

Баланың алғашқы қадамынан, жүгіруден, жүзуден бастап, аса күрделі би және гимнастикалық (акробатикалық) трюк жасауға дейінгі кез келген қимылы рефлекстердің жәрдемімен жүзеге асады. Бұл рефлекторлық системалардың бәрі немесе комплекстері кейінгі жаттығулар мен көрсетулер кезінде жетілдіріліп, дамытылатын күрделі қимыл актілері болып табылады. Егер жаттығу және машықтану жұмыстары тоқтатылса, ие болған дағдырлар бекітілмейтін шартты рефлекстер ретінде біртіндеп жойылады (өшеді).

Адамның барлық қимылының рефлекторлық табиғатты XIX ғасырдың аяғында анықталған болатын. Алайда бұл қағида ғылымда біртіндеп және зор қиындықпен тұжырымдалады. Өте ұзақ уақыт бойы барлық қимылды ерікті және еріксіз қимылдарға бөлді. Мұнда еріксіз қимылдарды ғана рефлекторлық 0имылдар деп есептейді. Ине шаншығында немесе температурамен әсер еткенде қолды тартып алуды, сондай – ақ кейбір барынша үйреншікті ишараларды осыған жатқызды. Адамның тілегі, еркә бойынша, яғни бір қарағанда, сыртқы әсердің себептері мен әрекет етуге түрткі жоқ жағдайда саналы түрде жасалған қимылдарды ерікті қимылдар деп түсінді. И.М. Сеченов қимылды бұлайша түсінудің қарсыласы болды. Ол «саналы және санасыз ірекеттің барлық актілері шығу тегі жөнінен рефлекстердің мәні» деп тұжырымдап, осы арқылы барлық қимылдың табиғатын физиологиялық негізге қойды.

И.П.Павловтың методикасы бойынша шартты рефлекстерді қалыптастыру адамның өмірі бойында ие болатын қимыл дағдыларының мәнін ашып көрсетуге мүмкіндік берді, ал оның сигналдық системалар туралы ілімі ойлауды материалистік тұрғыдан түсінуге негіз болды.

«Екінші сигналдық системаға қатысты процестердің творчестволық сипаты, - деп жазады А.Н.Кабанов, - қимылдың творчестволық табиғатын түсіндіреді адам үйренген қимылдарын қайталап қана қоймастан, сонымен қатар олардың негізінде жаңа қимылдар жасайды».

Балалардың қимыл дағдыларын дамыту шартты рефлекстердің түзілу заңдылықтарына бағынады. Жаңа қимылды үйренудің бастапқы кезеңінде процестер айтарлықтай жалпыланады ұсақ детальдар жаңғыртылмай, жалпы сипатқа айналады – оның бағыттылығы айқындалады. Мысалы, баланы секіруге үйрету қажет. Алғашында жеке элементтері туралы емес, жалпы секіруге туралы сөз болады. Мұндай бастапқы секіруге көптеген, оның ішінде бұл қимылға қатысы жоқ бұлшық ет те қатысады. Секіруді әлденеше рет қайталаудан соң ғана секіруші «бас тартады» (жіктеліс тежелуі). Ол керексіз қимылдарды тежей білуді үйренеді. Олардың уақытша байланыстары үзіледі де, бала ойдағыдай, әдемі секіреді. Бұдан кейінгі жаттығулар секірушінің, шебердің спорттың таңдаған түріне стереотипін біржолата қалыптастырады.

Ортаңғы және жоғары класс балаларының қимыл дағдылары олардың нервтік-психикалық күйіне, организмнің өтпелі кезеңдегі өзгерістеріне және өздерінің сүйікті шеберлері мен мұғалімдеріне еліктеуіне байланысты. Сондықтан жаттығулар баланың денсаулығына, жынысына сай келіп, күн тәртібінің көлеміне орайласуы тиіс.



ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.А.Г.Хрипкова Возрастная физиология и школьная гигиена. М., 1990

2.Ю. А. Ермолаева Возрастная физиология. М., 1985.

3.Н.Н. Леонтева, К.Б. Маринова Анатомия и физиология детского организма. М.,1986.

4.Советов С.Е. Мектеп гигиенасы. А., 1973.

5. Антропова А. А. Основы гигиена учащихся. М.,1982.

6. Белецкая В. И. Школьн.ая гигиена. М., 1983.

7.С. Жұмабаев Жасерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы. А.,1988.

8. Чабовская А. Основы педиатрии и гигиены. М.,1978.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет