Биотехнология және гендік инженерия келешегі Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз а мәтіні: газет мақаласынан үзінді



Дата08.11.2022
өлшемі15,23 Kb.
#157185
Байланысты:
Биотехнология және гендік инженерия келешегі бүгіні мен келешегі


Биотехнология және гендік инженерия келешегі
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз
А мәтіні: газет мақаласынан үзінді

Гендік инженерия: бүгіні мен келешегі
Адам денесінде 25-30 мыңға жуық ген болса, олардың әрқайсының атқаратын өзіндік функциясы бар. Соңғы жылдары генетик ғалымдар адам ДНҚ-сын бір жасушадан екінші жасушаға ауыстыру немесе бірнеше түрдің ДНҚ-сын бір-бірімен алмастыру арқылы революциялық өзгерістер жасауда.
Ғалымдар көне замандарда өмір сүрген, бүгінде жер жүзінен жойылған алғашқы адам түрлері мен мамонттардың археологиялық қазбалардан табылған ДНҚ-сын пайдалану арқылы оларды қайта тірілту мүмкіндігін теориялық тұрғыдан дәлелдеп отыр. Сондай-ақ дәл осыған ұқсас жолдармен адам көзінің көру мүмкіндігін бірнеше есе ұлғайтатын, физикалық қуатын еселейтін, ақыл-ойын тереңдететін, өмір сүру жасын қолдан ұзартатын сәт те жақын қалғаны айтылуда. Болашақта ғылымның мүмкіндігімен адамдар жаңа дүниеге келетін шарананың қандай қасиеті үстем, неге икемді болуына алдын ала ықпал ете алады. Тіпті, ғалымдар көлемді ақпаратты адам миына сырттай енгізу мүмкіндігін де зерделеп келеді.
Гендік инженериядан қауіп бар ма? Гендік манипуляция бұрын-соңды болмаған жаңа тіршілік иелеріне «жаңа өмір» сыйлауы мүмкін. Демек, жақын келешекте түрлі биороботтар мен мутант тіршілік иелерінің ортамызды толтыру ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай ғалымдары итті мутациялап, кәдімгі қызмет иттерінен екі есе үлкен, қабілеті барынша жетілген түрін ойлап тапқанын жариялады. Алпамсадай, иіс сезу, тиісті операцияларды орындау әлеуеті жетілген иттер жақын келешекте арнайы органдардың таптырмас серігіне айналуы мүмкін. Яғни, гендік инженерия бір жағынан кең таралған түрлі ауру-сырқауды жеңуге мүмкіндік сыйласа, екінші жағынан адамның адам болып қалуын тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа тіршілік иелерін, биороботтарды туғызу арқылы жер жүзіне үлкен апат әкелуі мүмкін деген ой да айтылып жүр. Келешекте қалыпты адам мен биороботтың неке құру ықтималдығы сияқты болжамдар бұл күдікті одан әрі өршітеді.
Қорытынды. Қазақстанға келсек. Әлем бұл салаға дендеп еніп жатқан уақытта замана көшінен қалу өз-өзіңе зияндық жасаумен тең. Елімізде жасалып жатқан жұмыстар бар. Сондықтан осынау маңызды саланы дамытудың кешенді мемлекеттік саясаты қажет. Өйткені болашақ осында. Абайша «қолымызды мезгілінен кеш сермеп», істің емес, сөздің адамы болатын сәтті тарихта қалдырсақ жақсы ұрпақ болар едік. (298 сөз)



Ә мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді

Гендік модификация және медицина.
Ұлыбританиялық ғалымдар бүгінгі таңда трансгенді тауықтар алуды жолға қойып жатыр.Өйткені мұндай тауықтардың жұмыртқасының медициналық үлкен маңызы бар дейді олар. Трансгенді тауықтардың жұмыртқасындағы протеиндерден қатерлі ісікті емдейтін препараттар алуға болады екен.Бұл жаңалық әлемге әйгілі клон қой Доллиді жасап шығарған зерттеу орталығында ашылды.Эдинбург қаласының маңында орналасқан ғылыми орталықтың ғалымдары қазір трансгенді бес тауықты өсіргендері жайлы айтады. Егер де бұл жаңалық қолдау тауып,препараттар кеңінен таратылатын болса адамдар осы бір аты жаман аурудан құлан таза айығып кетуге мүмкіндік алар еді.
Қатерлі ісікпен күресте генетик ғалымдар топырақта тіршілік ететін және анаэробты,оттекті ортада тіршілігін жоятын Clostridium novyi – NT бактерияларын қолдануды ұсынып отыр.Көптеген қатерлі ісіктердің оттегі мөлшері аз болып келетін орталық аймақтары болады.Бұл аймақтағы қатерлі жасушалар тез көбеюге қабілетсіз болып келеді.Бактерия споралары тамырға егіліп,қан айналым жүйесі арқылы мүшелер мен ұлпаларға таралып,қатерлі ісіктің гипоксия аймағына да жеткізіледі. Қолайлы жағдайға тап болған споралар өсіп,дамып –жетілген бактериялар қатерлі ісік жасушаларымен қорек үшін бәсекеге түсе бастайды.Осылайша бірте-бірте ісік жасушалары жойылып кетеді. (154 сөз)

Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Гендік инженериядан қауіп бар ма?» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 170-200 сөз болуы қажет. [20]


Гендік инженерияның болашақтағы мүмкіндіктері
Мәтіннің тілін оқушыға бейімдеп жеңілдетуге болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет