«1918 жылы облыс қазақтары қоныстанған мекеннің барлығы дерліктей большевиктердің зомбылығы астында өмір сүрді, олар алуға жарайтын нәрсенің бәрін тартып алды. Тұрғындардың дүние-мүлкін түк қалдырмай тонап алды, қазір ауыр зардап шегіп отыр, кейбір шаруашылықтар мүлдем жойылып кетті, түтін басы санағы жүргізілмеді, оны қазір жүргізу де мүмкін емес, берілген мағлұматтар шындыққа сай келмейді. Соған қарамастан бұл қазақтар 800-ден астам жасақ шығарып отыр (ал 1000-нан астам адам соғыс майданында жүр), біздің жігіттер ең жауапты шепте жүр, офицерлердің айтуынша, олар ең сенімді әрі ержүрек жауынгерлер болып саналады екен, алайда, біздің жігіттер қаруландырылмаған, немесе нашар қаруланған. «Контрреволюционер» деп айып тағылған біздің жігіттер Верныйдан, Жаркенттен, Пішпектен, Нарыннан, Гавриловкадан, Қапалдан, Лепсіден жасырын кетіп қалып, қазақ жасағын құрды, сөйтіп, Сібір отрядтарымен бірігіп шайқастарға қатысып жүр. «Алашорданың» мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесі, ең жігерлі қайраткер Отыншы Әлжанов Мақаншыда (Үржардың маңында) большевиктердің қолына түсіп қалды, оны аюандықпен отқа өртеп өлтірді» – деп хабарлап, жағдайды түзету жөнінде 8 баптан тұратын ұсыныс жасады.
«Алашорда» үкіметі әскери кеңесінің мүшесі және Жетісудағы босқын мен ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек комитетін басқару үшін Семей қаласына келіп, бірден үкімет ісіне кіріседі. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовпен бірігіп заң актілері мен үкімет нұсқауларына қол қояды. Ал А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастаған «Алашорда» үкіметінің мүшелері босқынға ұшыраған қазақтардың жағдайымен танысып, қытай үкіметімен біріге отырып тиісті шара қолдану мақсатында Шәуешек қаласына аттанады. Бұл туралы Ы.Жайнақов:
«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды.Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметінің отряды Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…», – деп хабарлады.
«Большевик – партизан» ағайынды Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық ауданнан:
«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Амнжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак – орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ – қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов»;
«Сергиополь – Шәуешек жолы бос. Мақаншыда ешкім жоқ, өйткені оның іші толған өлікке үйіліп жатыр, тіпті, құдықтар да бос емес. Тек атты қазақтар ғана байланыс жасай алады... Маған Шәуешекке барып консуль Долбежевпен, облыс комиссары В.В.Балабановпен, «Алашорданың Жетісудағы кеңесінің мүшесі Тергеусізовпен кездесуге рұқсат беруіңізді сұраймын. Өйткені офицерлер мен жүздіктер, оның ішінде Көкпекті жүздігі, кейбір партизан жасақтары соғыста сенімсіздік байқатты. 400 казак жасағы қашып кетті, майданда тек «Алашорда» еріктілері ғана қалды, олар жан аямай шайқасты, өздері қаза тапса да казактардың қалдығын тауды паналауға мәжбүр етті... Бақты бекетінде осы маңдағы үш болыстан құрамында 150 алаш еріктісі бар екі жүздік жасақталды. Олар облыстық комиссар Балабанов пен алаш өкілі Тергеусізовтің қарамағына берілді... Қалғандары Бақты мен Үржар арасындағы жергілікті тұрғындардан құралған қорғаныс жасақтарына көмектесуге кетті. Сергиополь мен Үржарда да жасақтар ұйымдастырылды. Олардың барлығы Семейден келе жатқан Алаш атты әскер полкінің құрамын толықтырады», – деген (Полковник Ярушин) жеделхаттар жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 216-217).
Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев Семейден оқ-дәрі, қару-жарақ алып шығады. Ол бұл қаруларды «Алашорда» әскеріне өткізіп береді. Ол туралы өзінің көрсетіндісінде:
1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша – желтоқсан айы болатын», – деп мағлұмат берді.
Жетісу майданының дайындығын бақылауға келген АНТАНТА-ның өкілі Ч.Элиоттың келіне орай шеруде көзге түскен алаш жасақтары туралы «Рабочий день» басылымы 1918 жылғы 6 қараша күнгі санында:
«Қазір құрамында 500 адамы бар қазақ жасағы Жетісуда большевиктерге қарсы соғысып жатыр. Сонымен қатар Жетісу облысында – 8 ерікті бар, Семейде – 2 мың, Оралда – 2 мың, Қостанайда – 450 жасақ бар. Таяуда сэр Элиот және Бірінші Дала корпусының командирі Матковский Семейгк барып, қазақ атты әскерлері бөліміне қте риза болып қайтты. Жан саны 6 миллионға жуық, ұланғайыр жерді алып жатқан қазақтар қалыпты жағдайда 40 мың солдат шығара алады», – деп жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 225) жазды.
Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың кеңес өкіметінің комиссарларына:
«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды» – деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатыр.
Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.
Ал С.Брайниннің қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс?.. «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың» өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: «Алашорданың бағдарламасы дегеніміз – Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс», – деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды... Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды... Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды. Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр», – деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.
Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов:
«Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды... Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек... Ауылдың – малды жыртқыштарша қыруының, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда... Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы – авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның – әзірше екіұшты ұжымның – Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз», – деп тұжырымдады.
Мұндағы «екіұшты – двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері сексенінші – тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:
«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», – деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.
Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» журналының 1937 жылы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон – Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:
«Тура дәл осы кезде (1919 жылы – Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов (Құрамысов дп те түсініңіз – Т.Ж.) қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті», – деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.
Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан темір жолында, Түркістан су шаруашылығы жүйесінде, Түркістан атқару комитетінің Жерге орналастыру комиссиясында бас маман болды.
Тергеуге берген көрсетіндісінде Жерге орналастыру басқармасы бастығының орынбасары Кәрім Әлімбаев:
«Ол кезде Түркістандағы жерге орналастыру комитетінде алашордашылар Есполов, Қожықов және Тынышбаев жұмыс істеді, олар Жер жөніндегі комиссариаттың басты бағыттарына сөзсіз ықпал жасады», – деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 25-бет) әшкереледі.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Халық ағарту институтында оқытушы болды. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы, 1926-1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участке бастығы қызметін атқарды.
Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесінің төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевті «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшіл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданылған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі басында тартып, екеуі артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы – «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың: «– Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», – деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді (Ф.Осадчий. Қазақтың тұңғыш теміржол инженері. Өркен, 1989 жыл, 12 тамыз).
Өкінішке орай үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан асатам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.
Ал мұндай «қастандық әрекеті» үшін М.Тынышбаевтің тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.
3.
Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918–1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтыды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездеселуеріне баса тоқталды. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:
І. 1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша – желтоқсан айы болатын. Демек, мен Анненковтың штабында қызмет еткемін жоқ. Оны Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев растай алады. Сол кезде маған Үржардан Нүсіпбек Жақыпбаев: мені Анненков Үшаралға шақырып жатқаны туралы хабар жіберді. 1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік.
Екінші рет 1919 жылы қыркүйекте кездескенімде, қарауындағы алаш эскадронын толтыруға жігіт жинап беруімді талап етті, ауылда жігіт қалмағанын айтып, бас тартқанымды алдыңғы жауаптарымның бірінде айтқанмын. Үшінші кездесуім Ақсу – Басқан күре жолында өтті. Талдықорғандағы қызылдарға 1919 жылдың желтоқсанында кеткен біздің жігіттердің – Алдаберген Үмбетбаевтің тағдырын білу үшін Ақсуға келе жатқамын. 1920 жылы қаңтарда Анненков Ақсу жолында машинамен кетіп барады екен. Қазақша киініп алсам да мені танып, амандасты. Үшаралға келуімді өтінді. Мен таяуда баратынымды айттым. Қасымда Керімбай Төлебаев бар болатын. Содан кейін Анненковты көрген емеспін. Анненковтың штабында қамдаушы болып істемегенімді Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзақан Төлебаев, Базарбай Мамбетов растай алады.
ІІ. 1919 жылы тамызда Семейді тастап, туған ауылыма, қалың найманның ішіне келдім. Сергиопольде Салық Аманжоловқа: кеңес өкіметінің «Алашордаға» кешірім жасаған Декреті шыққанын, Байтұрсыновтың кеңес өкіметі жаққа шыққанын, осыны ескеріп, ақтар шегіне қалса, шығысқа емес, батысқа бет алуын тапсырдым. 1919 жылдың қазан – қараша айларында Мырзахан Төлебаев пен Базарбай Маметовті шақырып алып, солтүстікке қарай аяқ баспауды, қызылдарға елші жіберуді тапсырдым. Талдықорғанға Алдаберген Үмбетбаев барып, тапсырманы орындады. Күдерин 1919 жылдың қарашасында (әлде желтоқсанда), Үмбетбаев 1919/1920 жылдың желтоқсан/қаңтар айында кетті. Бұрынғыны қайталап жатпас үшін бұдан ары шұбатып жатпайын».
Атаман Анненковтың «адамның бас сүйегі мен айқастырылған адам жілігінің суреті слынып, «С нами БОГ» деп жазылған жасыл ту көтерген казак жүздіктері ыдырай бастағанда, сол тудың екінші беті не жэарты ай мен жұлдыздың суреті салынған, бас киімдеріне ақ жолақ таққан алаштың Сергиополь жасағы майдан өтінде қалды. М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың ықпалымен 29 науырызда 2 және 3 қазақ полкі кеңес өкіметі жағына шықты, сөйтіп, қызыл армияның қазақ атты полкінің негізін қалады.
М.Тынышбаев (жалғасы): «ІІІ. 1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ташкентке келсем, мені шақырған Фрунзе де, Рысқұлов та онда жоқ болып шықты. Олардың барлығы да (Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Викунов) Москваға кетіп қалыпты, ол жақтан қайтып оралмады. Ташкентте бұрынғы алашордашылардан Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Испулов (сол кезде таныстым) бар екен, кейіннен Иса Қашқынбаев, Көбжасанов келді. 1920/1921 жылы қыста Ташкентке Рысқұлов қайтып келді. Ол Құлтасовпен бірге (ол Рысқұлдың бірінші әйелінің қолында тәрбиеленген) маған келіп селем берді. Мен Рысқұловты осымен екінші рет көрдім (1914 жылы алғаш көргенімде ол бала болатын, оқуға кетіп бара жатыр екен, Түлкібас ауылында оның қолына ақша ұстаттым, егер мұқтаждығы болса тағы да жіберіп тұратынымды айттым). Ол: түркістандық орыс, қазақ коммунистерінің тартысында орыс тобының жеңіске жеткенін, сондықтан да Москвада қызмет еткісі келетінін айтты. Ол кезде қазақ, қырғыз, өзбектен шыққан партия қызметкерлері (Қожанов, Асфандияров сияқты) бізді, алашордашыларды техникалық жұмысқа тарту керек деп есептейтін: иә, жер, су мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да онша алшақ емес болатын.
ІҮ. (Төртінші мәселе қазақ интеллигенциясының З.Валидовпен байланысы туралы қозғалады. Ол туралы пікірі кейінгі көрсетіндіде қамтылатын болғандықтан да біз де пайдаланбадық – Т.Ж.).
Ү. 1922 жылы жазда маған Дулатов пен Әділев келіп: «Ғазымбек Бірімжанов Германияға оқуға кетіп барады, шет елде жүрген Шоқаевқа қазақтардың жағдайын жеткізу керек, қайтарында Шоқаев өзінің шет елде не істеп жүргенін Бірімжановқа айтып жіберсін», – деді, мен бұл ұсынысты қолдадым. Өзбектер де өзінің студенттеріне осындай тапсырма беріпті. Бірімжановтың бұл сапары туралы пікірімді бұрынғы көрсетінділерімнің бірінде айтқанмын.
ҮІ. (Бұл тарауда қазақ және өзбек тілдерінде әдебиеттер шығару үшін Ташкентте баспа ашуға ұмтылғандары, жер-су реформалары, Т.Рысқұловпен, Бөкейхановпен 1927 жылғы кездесуі, ауылға барып демалғаны баяндалады. Бұл мәселелер өзге көрсетінділерде бірнеше қайталанып айтылады – Т.Ж.).
Осы көрсетіндімді қорыта келе айтарым: түрмеде отырған екі ай ішіндегі өткен өмірім туралы үздіксіз ойларым, менің бұрынғы көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді. Өткен өмірімдегі кеңес өкіметнің алдындағы кінәмді сезінемін, маған кешірім жасап, Қазақстан мен Түркістаннан тыс жерде еңбек етіп, өзімді «Алашорда» идеологиясының насихатшысы ретінде емес, ұлы СССР-дің техник-қызметкері ретінде көрсетуге мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. М.Тынышбаев».
Тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу – сұрақ ретінде жүргізілген. Тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарға қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны нақты көрсетінді деп қарауға болмайды. Біз бұл жауаптарды тек түрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болуы үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында: М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестіріңіз – деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында: Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан да оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да, қарсы әрекетке бару мүмкін емес – дейді. Міне, осы айғақтың тонын аударып пайдаланған тергеуші Х.Досмұхамедовке: Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр – деп арандатады.
1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған – деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл – түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа – М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа – М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің, Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.
Бұған бір мысал 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеушінің М.Тынышбаевқа:
”Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімқан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой” – деп жорта сұрақ қойған.
Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:
„Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” – деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.
Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тынышбаев мынадай деп көрсеткен – деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді – деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.
М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4 қазандағы жауабының соңына қолы қойылмаған. Көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасап келіп:
Достарыңызбен бөлісу: |