1928-1929 жылдары ОГПУ мекемелерi астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерi Байтұрсыновты, Дулатовты, тағы да басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықта қалған ұйым мүшелерi уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта айыпталушылар – Ермеков пен Досмұхамедовтың арасында Байтұрсыновтардың ұсталу себебiне байланысты өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегi ұйым мен оның жетекшiсi Досмұхамедов кiнәлi деп айып тақты, ал екiншiсі құрамына Ермековтың өзi жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегi бөлiмше кiнәлi деп жауап бердi. Бұл жөнiнде Ермековтың пiкiрiн Қадырбаев Сейтазым қолдап сөйледi (№ 370-iс, 1 т., 262 және 263-парақ, 2 т., 702, 703, 721-727, 733-735 және 736-740-парақтар).
Жаhанша Досмұхамедовтің кеңесi бойынша Халел Досмұхамедов 1929-1930 жылдардың қысында Мәскеудегi Ә.Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудiң жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрi қарай не iстеу керек екендiгiн ақылдасты. Ол (Бөкейханов – Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелерi де тұтқындалуы мүмкiн екендiгiн ескере келiп Халел Досмұхамедовке: «Тұтқындала қалған жағдайда өздерiңдi өздерiң мықты ұстаңдар, ешнәрсенi де мойындарыңа алмаңдар, ал кейбiр құжаттар сақталып қалса, оны Ә.Ермековке сақтауға берiңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi ретiнде Қазақстандық үкiмет оған сенедi», – деп нұсқау бередi. Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейiннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда-жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңенi де мойындамауға келiстi (№2370-iс, 1 т., 208, 222-парақтар, 2 т, 702 және 703-парақтар).
Өзара байланыстары мен iс-қимылдарын құпия ұстау үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi тек қана екi-екiден екеу ара ғана кездесiп, мүдделi мәселелердi талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтың: «Соңғы уақытта бiздiң ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткiзген жоқ, екi-екiден екеуара ғана жолығып, мүдделi мәселелердi талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен де, Досмұхамедовпен де жеке-жеке кездесiп, олармен болған әңгiмеде... кеңес өкiметiнiң саясатын айыптадық» (Тынышбаевтiң жауабынан. 3.IХ.1930.№ 2370, 1 т., 125-парақ), – деп жауап бердi».
Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының М. Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшiлiк еткен «Алашорданың» Ташкенттегi астыртын контрреволюциялық ұйымының кеңес өкiметiне қарсы iс-қимылдарына» берген «Тарихи анықтамасы» осындай. «Айыптау қорытындысындағы» мәселелердің ақиқаты бірінші томда барынша толық талданғандықтан да, оған тоқталып жатпаймыз. Тек әр сұраққа әр бір «айыпкер» қалай жауап берді, олардың қай тұста пікірлері тоғысты, қай тұста көрсетінділері алшақ кетті, түрме мен қысым жағдайында әр кім өзін қалай ұстады?– деген көкейтесті жайларға жауап беруді мақсат етеміз. Өйткені қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытында құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзi артық. Екiұшты ой туғызбас үшiн осында көрсетiлген «қылмыстардың» кейбiреулерiне қысқаша ғана түсiнiк бере кетемiз. Олар мыналар:
Бірінші: «1922 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құрылды», – деген айғақты осының алдында ғана тергеуi аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлерi жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты: Ол: «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне кешiрiм жасаған – кеңес өкiметi. Ол үкiмет әлi құлаған жоқ. Демек, оның шешiмi де күшiнде. Оның үстiне бiзге кешiрiм жасаған Лениннiң өзi. Сендер сол Лениннiң жолымен жүрiп келемiз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгiме осымен бiттi», – деп тергеушiлердiң меселiн қайтарып тастаған болатын. Алаш көсемдерiнен «тiстерi сынған» тергеушiлер екiншi топты, өздерi «Ташкент тобы» деп атаған адамдарға қасақана осы сұрақты қайталап қойған. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бiрақ кеңес өкiметiнiң «коммунистiк – отаршылдық» саясатымен елдi күйзелтуге әкелiп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттiң жiктелушiлiгiне» сын көзбен қарады, оны қатерлi бағыт деп санап, ашық түрде мәлiмдедi. Тарих – «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық экокномика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп бердi.
Екініш: 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң, Мәскеу қаласында башқұрт ұлтының көсемi Заки (Валидовпен) кездескені, әңгiмелескенi рас. Тiптi бiр рет көгалға шығып, көңiлдi серуен де жасаған. Әрине, олардың ұлт тағдыры жөнiнде пiкiр алысқандары аян.
Үшінші: «Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары Аштықпен күрес жөнiндегi комиссияның мүшесі ретінде астыртын ұйымға кiру туралы үндеу таратты», – деген айып – айып емес, кәдiмгi сандырақ. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшiн оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлiк жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеудi Өлкелiк комитет ресми түрде бекiткен. Мұхтар Әуезов пен Сұмағұл Сәдуақасовтың қазақ қызметкелерiнiң арнайы Кеңесiн шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистiк колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.
Төртінші: Ташкентегi, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүлiншiлiгi хақында баяндалған «Тарихи анықтамадағы» айғақ та шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерiлiстiң басты себебi – аштық пен тәркiлеу науқанының әдiлетсiз жүргiзiлуiнен едi. Жалпы көзқарас тұрғысынан ықпалы болғанымен де, көтеріліске «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының тікелей қатысы жоқ болатын. Өйткені олар патша үкіметі мен шет елдік армияның көмегіне сүйенген адмиралдар мен генералдар, атамандар басқарған тұрақты армия жеңе алмаған қызыл әскердің бетін бесатар мен сойылға жүгінген «дала жасақтары» тойтрып, кеңес өкіметін құлата алмайтынын, мұның қызыл қырғынға әкеп соғатынын олар жақсы білетін. Ал: «Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекетi жоспарланды», – деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкiметiнiң «қылмысын» неғұрлым ауырлатып, террорист етіп көрсету үшi жасалған кезекті бір құйтұрқы амал.
Бесінші: Бiрiмжановтың, Битiлеуовтың, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Заки Валидовпен кездескенi, Валидовтiң бұларға көмектескенi шындық. Бiрақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгiлде елге қайтып оралды. Әрине, Валидовтiң «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерiнiң хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бiрiгiп iс-әрекет жасау туралы уағдаласуының анық-қанығы әлі де дәлелді дәйектерді қажет етеді. Екi жақ та мұның қалыптасқан жағдайда мүмкiн емес екендiгiн жақсы бiлді. Ал Валидовтiң жасырын түрде Ташкентке келгенi, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық. Мұны түрмедегi айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.
«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дiң тергеушiлерi «әдеби өңдеудi» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтан да берілген жауаптың тонын айналдырып баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ. Мысалы тергеу хаттамасындағы:
«Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз», – деген жауап «Айыптау қорытындысында»:
«нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiз идеологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық», – деп түзетіліп берілген.
Сырттай бұл мәтіндер мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен де,саяси және заңдық тұрғыдан келгенде үлкен кілтипан бар. Бұл тәсілді тергеушілер өздерінің «кеңселік жазй стилі» ретінде емін-еркін пайдаланған.
Мұхамеджан Тынышбаевтi «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу ресiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының Премьер-министрi Кеңес үкiметiне темiр жол салуға белсенді түрде қатысты дегізу – асқан «саяси сауатсыздық әрі арандатушылық, кеңес өкіметінің беделін түсіретін идеологиялық қастандық әрекет» болып табылатын. Сөйтiп, «ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:
Ермеков Әлiмхан - 6/Х. 30 ж.
Тынышбаев Мұхамеджан - 4/ VIIІ – 30 ж.
Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.
Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.
Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.
Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.
Кенменгеров Қошмұхан – 17/IХ – 30 ж.
Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.
Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.
Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.
Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.
Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.
Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.
Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.
Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.
Мурзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.
Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.
Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.
Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.
Мұнайтбасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» – күндерi түстi.
Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi топ осылар едi.
Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:
«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте ...сотталған», – деп көрсеткен.
Демек, М.Тынышбаевқа тағылған: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.
2.
Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың орайында жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс-әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр-бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.
«Алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» бірінші тобы – Ә.Бөкейхановтан, екінші тобы – «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы республикасының Премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталды. Өйткені «алашода тарихшысы» С.Брайниннің «қолындағы және ішінара жұмысына пайдаланған» жандармереяның «құжаттарына жүгінсек»:
«...олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарды. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандаған» еді (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет).
Мұндай арсыздықпен пайымдалған «ғылыми тұжырымды» «голощекиндік националдар» да, тергеушілер де қапы жібермей, ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, 1930 жылы 4-тамыз күні Мұхамеджан Тынышбаев тұтқынға алынды.
Анкеталық анықтама: Мұхамеджан Тынышбаев – 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бастандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украйн), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Руский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндама одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынып жүрген. 1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды.
Кеңес тарихшыдары қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы Біртұтас алаш идеясы жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің жанкешті күресін тарихтан сызып тастауға ұмтылды. Белгісіз белсенді большевик-тарихшы Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада:
«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.
Бұған қарсы С.Асфандияров:
«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталады?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда боды, бұл – мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс» –, деген пікір білдірді.
Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының тезистерінде:
«1916 жылғы патшаға қарсы ұлт‑азаттық көтеріліс тұсында: алашордашылар көтеріліске белсенді түрде қатысты, оған жетекшілік етті – делінеді. Керісінше, байлар мен алашордашылар соғыс басталғаннан бастап патша өкіметі жағында болды және оны белсенді түрде қолдады. Көтеріліс тұсында байлармен қосылып қазақтың еңбекші бұқарасының жендеті, барлаушы, патшаның жазалау отрядының жол көрсетушісі қызметін атқарды, өздері де жазалау отрядын ұйымдастырды... Мысалы, алашордашыл Тынышбаев Орта Азия мен Қазақстан бұқарасының жендеті генерал- губернатор Куропаткиннің ресми түрде аудармашысы болып, ал шын мәнінде «ауылды тұншықтыру үшін» Жетісу облысын аралап шықты...», – деп (Алаш қозғалысы,4 том, 28 - бет) жымысқылықпен баға берді.
Мұндайда, лениндік шындық пен адалдықтың парқы – жалақорлықпен, қаскүнемдікпен өлшенетін сияқты көрінеді. Анығында тарихи шындық мүлдем басқа болатын.
Сонда шындығы қайсы? Бұған 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес жауап беруге тиісті еді. Сталиннің:
«Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады», – деген қағидасын басшылыққа ала отырып, олар Молотовтың:
«...Сондықтан да, ең алдымен ұлыдержавашыл, антисемитшіл шовинистерге, сонымен қатар жергілікті жерлердегі – петлюровшілерге, алашордашыларға, муссаувтшілерге қарсы күресті күшейту керек», – деген нұсқауын жүзеге асыруға тиіс болды.
«Алашорданың» атын санадан мүлдем өшіріп, тарихтың күлтөбесіне көмуге арналған бұл Кеңестегі сөйлеушілердің пікірі қандай бағытта дамығанын айтыс пен тартыс барысында парасатты ғалым Қ.Жұбановтың өзінің:
«Алашордашылар Шоқанды қазақ халқының қорғаушысы етіп көрсетті. Шындығында мүлде олай емес. Шоқан саяхатшы болды, Синьцзянға барды, Іле Алатауын жазды, Алтынсарин осылай деп жазды. Бөкейхановтың Потанинмен, сібірлік казак-орыстармен достасуы кездейсоқтық емес. Бөкейханов: миссионерлік (шоқындыру – Т.Ж.) саясатты міндетті түрде қолдау қежет, – деп есептеді. Алайда Бөкейханов Потанинен де сорақы, реакцияшыл болды. Потанин өзінің 1904 жылғы хатында: Ақмола қаласында мемлекеттік университет ашылса – деп армандады, ал Бөкейханов оған басын қатырғысы келмеді. Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссиоенрлерге тиесілі бастама», – деген ақылға сиымсыз уәжінен байқауға болады.
Иә, Потанин: қыр елінің болашақтағы астанасы – Ақмола болуы тиіс, онда университет ашылатын күн де туады, – деп армандады. Ал Бөкейханов: бұл келешектің ісі. Дәл қазір оған Ақмола дайын емес, – деп есептеді. Араға тура тоқсан жыл салып барып қос дегдардың болжамы шындыққа айналды. Мәселе, Қ.Жұбановтың Ақмоланының астана болатындығына мысқылдай қарағанында емес, мәселе – Ә.Бөкейхановты, сол арқылы Шоқан мен Ыбырай бастатқан мұқым қазақ зиялыларын, оның ішінде өзі де бар – миссионер деп бағалауында. Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқаяша қағыстырып, болашақ алашордашыларды, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру шін құрылған астыртын ұйымның мүшесі, жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Өйткені Қазақстанға жаңа келген Мирзоянға Сталин:
«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа алу үшін БКП(б) орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз» , – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма берді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, оны талқыға салған ғылыми кеңес өткізді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды.
Келеңсіз де келелі сол кеңесте Мұхамеджан Тынышбаевтің ұлттық идеяны қалыптастыру мен ұлт - азаттық қозғалысқа қатысты қайраткерлігі қақында кереғар пікірлер білдірілді. Тіпті қыжыртпа қақтығыстарға да себепкер болды. Біз өздерін де сондай тағдыр тауқыметі күтіп тұрған шешендердің пікірлерін М.Тынышбаевқа түрмеде қойылған сұрақтарғаберілген жауаптарымен жарыстыра, салыстыра дәйектейміз. Міндетіміз – Біртұтас алаш идеясының қалыптасуын қамту болғандықтан да, алаш идеясының атаусыз қалған үшінші толқынының ой-тұжырымын қамти кетуді парыз санадық.
Біртұтас Алаш идеясы жолындағы өмірлік күрес бағдарламасын М.Тынышбаев өзінің «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында тұжырымдап алған болтын. Дума мүшесі ретінде ол қазақ жұртының саяси-әлеуметтік, рухани талабын империя депутаттарының алдына тұңғыш рет жастыққа тән өжеттікпен батыл әрі батыра айтты.Саяси бағдарламаның кіріспесінде ол:
«Қазақ даласы ерекше мәдени, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-экономикалық жағдайларға ие, ерекше заңдар негізінде басқарылады. Сондықтан да қыр еліндегі қазіргі қозғалыстың жалпы сипатын түсіндіру үшін, одақ мүшелерін оның өкілдерімен жұмыс істеуге тура келетін және Ресейде оларды өте аз білетін халықпен таныстыру үшін қазақтар жөнінде, басқару жүйесі және саяси, әдет-ғұрып, дін жөнінде, сол сияқты қырдағы қалыптасқан жағдайдың басты себепшісі болып отырған экономикалық қысым туралы қысқаша мәлімет беру қажет деп есептеймін. Қазақтар...1897 жылғы жалпыға бірдей санақта 4.100.100 тұрғын халқымен Ресейде 6 орынға шықты...Бірақ, бұл санның дұрыс еместігі талассыз: қазақтарда соңғы кездерге дейін метркелік жазбалар болған жоқ, ал көптеген жерлерде әлі күнге дейін де енгізілмеген. Санақ кезінде қазақтар өкімет әскери міндеттілікті енгізгелі жатыр екен деп ойлап, балаларын жасырып қалған (қазақтар әскери міндеттен босатылған). Торғай облыстық басқармасының бұрынғы кеңесшісі И.Крафт оларды 6 миллион деп есептейді, қазақтар тарихы мен тұрмысын өте жақсы білетіндердің бірі Я.Я.Полферов оларды 5,5 миллион дейді, біз де шындыққа жақындау сан осы ғой деп ойлаймыз. 1730 жылға дейін қазақтар өзіндік саяси тәуелсіз өмір сүрді және 3 ордадан тұратын одақ (үнемі болмаса да) құрады. Оларды шығыс монғолдар тегінен шыққан сұлтандар биледі. Қазақтардың өзі монғолдар тегінің әріден қосылатын бір бұтағы болып табылады және бәрінен де Қазан татарларына, әсіресе, қырым татарларына жақын. Ең жоғары билік ақсақалдар жиналысының қолында. Сұлтандар соғыста қол бастады және оларға орындаушылық билік берілді. Жан-жағынан жаулары қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар мен орыс казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан орыстың қол астына кіре бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығы аймағында көшіп жүрген ең соңғы еркін көшпенділер де бағынды. Нақтысында ешқандай соғыс болған жоқ, өйткені қазақтар бұдан әрі өзінің тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын жақсы түсінді, сезінді. Осының нәтижесінде орыс өкіметіне тұтастай 5,5 млн. адамды кәдімгі адамгершілік праволарынан айырып қосып алу еш қиындыққа түскен жоқ. Қаншалықты ауыр, қаншалықты мұңды болса да, қазақтар еркін өмірімен еріксіз қоштасып, қасіретті кең даланың тынысындай бостандықтарфынан бас тартуға мәжбүр болды», – деп тарихи анықтама берумен бастады.
Шындығында да, қазақ үшін бостандық пен кең даланың тынысы егіз ұғым болатын. Жас инженер өзінің алғашқы саяси пікірін бұдан әрі:
Достарыңызбен бөлісу: |