Бизнес-жоспар[өңдеу]
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Jump to navigationJump to search
Бизнес-жоспар — кәсіпорынның алдына қойған экономикалық мақсаты мен оны жүзеге асыру жолдары, міндеттері мен әдіс-тәсілдері баяндалған құжат. Бизнес жасау үшін нарықтық орта жан-жақты зерттеледі. Нарықтық ортаның ағымдағы жағдайы, болуы мүмкін өзгерістер мен кедергілер, жобаны іске асырудан түсетін табыс мөлшері, т.б. нақты көрсетіледі. Бизнес-жоспар, көбінесе, банктен кредит алу және оның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Меншік иесінің қатысуымен кәсіпорынның стратегиялық дамуының бағыт-бағдары анықталады, осы арқылы жобаның тиімділігі мен қажеттілігі айқындалады.
Бизнес-жоспар болжалды қаржылық нәтижесі көрсетілген жалпы сипаттамадан және он тарауға бөлінген негізгі бөлімнен тұрады:
жоба бойынша өндірілген тауарлар (не қызмет) түрлері және олардың бәсекелесу қабілеті сипатталады;
тауарларға сұраныс деңгейі мен көлемі ескеріле отырып, өнім өткізу нарығы, өндіріс көлемі мен тауарға қойылатын баға анықталады;
бәсекелестер мүмкіндігі (тауарларының сапасы мен бағасы) туралы мәліметтер талданады;
маркетингтік зерттеу нәтижелері (тауарларды өткізу және баға саясаты, өнімді сатуда ынталандыру, жарнамалау, т.б.) сараланады;
өнім (не қызмет) өндіру жоспары мен өндірістік байланыстар, өндірістік шығындарды азайту және өнім сапасын жақсарту әдістері айқындалады;
ұйымдастыру-басқару жұмыстары және қызметкерлермен жұмыс істеу бағдары белгіленеді;
жұмыс барысында кездесетін қауіп-қатерді болжау және оның алдын алу шаралары қарастырылады;
жобаның барлық буындарының құндық көрсеткіштері жинақталып, ақшаға шағып көрсетілген қаржы жоспары нақтыланады;
қаржы көздері (жобаны іске асыруға жеткілікті соманы қайдан, қанша мөлшерде ала алады және жоба қандай мөлшерде пайда кіргізеді, кредитордан алынған қаражатты мерзімінде қайтара алу қабілеті, т.б.) жобаланады. Бизнес-жоспар тауар, ақша, өндіріс факторы қозғалысының жалпы балансын айқын бейнелейді.[1]
БИЗНЕС-ЖОСПАР: ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
25 Қаңтар 2018
12419 просмотров
Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға күш салынып, ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұны Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауынан да көруге болады. Елбасы «Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс. ...Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде» деген тапсырмасының өзі кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсетілетінін айқындайды.
Осы ретте Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, бизнес-идеяны нақты жоспарға ұластырып, жобаны жүзеге асыруға дейін қолдау көрсетіп отырғанын атап өткен жөн. Ал Елбасы Жолдауында айтылған бизнесті несиемен қолдауды кез келген адам ала алмайтыны анық. Себебі қаражат құйылу үшін бизнес-жоспардың керек екені белгілі.
Кез келген жұмыс белгілі бір мақсатқа негізделеді. Әсіресе жеке кәсіппен айналысуды қалаған жандар табысты арттыруды көздейтіндері анық. Әр істің жоспары, жүргізу реті мен кезеңі болады. Алайда, жоспар, әсіресе бизнес-жоспар туралы айтқанда, бұл тек ауқымды инвестиция құйылған ірі бизнеске қатысты деген ой туындайды. Дегенмен аздаған қаржы салынатын макробизнеске де жоспар керек екенін мамандар дәлелдеп келеді.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Мәлік Мұсабеков бизнес-жоспар дайындау барысында ең басты қателік тапсырыс берушінің, инвестордың, банктің, яғни қаражат берушінің талабына қарай икемдеу дейді.
«Бизне-жоспар деген бизнес-идеяның қаптамасы. Ол әдемі, ұнамды, ішіндегі ақпараты нақты, мәтіні түсінікті болуы керек. Мәтін жазғанда ғылыми терминдерді көп қолданбаған абзал. Бизнес жоспар дайындағанда 4 негізгі назарға алу керек: инвесторды қызықтыру, маркетингтік немесе сату жоспары, қаржылық көрсеткіш пен тәуекел. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қаржыландыру берілетін болса, бизнес-идеяның әлеуметтік-экономикалық негіздемесі көрсетілуі керек», – дейді Мәлік Мұсабеков.
Кәсіпкерлік негіздерін оқытатын бизнес-жаттықтырушының айтуынша, кәсіп иесінің бизнес-жоспар жасауға тікелей қатысқаны орынды. Ең алдымен қаражат тарту, табыс табудың нақты жоспары жасалып, тәуекел мен қауіп, табыс табу мерзімі көрсетілуі керек. Себебі кез келген инвестор үшін жобаға құйылған қаражаттың өтелуі маңызды.
Осыдан келе бизнес-жоспар дайындаудың маңыздылығы мен артықшылығын көрсететін нақты 5 себебі бар екенін анықталды.
№1 себеп – стратегия
Жеке кәсіп ашар алдында стратегия дайындау маңызды. Әсіресе жаңа бағытты қолға алғанда кедергі келтірмейді. Кәсіпкерлердің көбі бизнес-жоспар керек деген ұстанымда болғанымен, жоспарсыз да жетістікке жетуге болатынына сенгісі келетіндердің қатары аз емес. Жоспар – діттеген межеге жетудің жолы. Оның әрбір тетігі дәлме-дәл көрсетіліп тұруы керек.
Бизнес-жоспар мақсатқа жетудің жолын анықтайды, ұшақпен жеткендей жылдам ба, әлде жаяу бағындырғыңыз келе ме? Бизнес-жоспар – карта. Әрбір кезеңі, бағыты, уақыты көрсетілген нұсқаулық, бәсекелестермен жарысу жолын айқындайтын құрал.
№2 себеп – жоспарлау
Стратегия мен жоспарлау бір қарағанда ұқсас болғанымен, айырмашылығы бар. Стратегия үлкен мақсаттың айқындалуы, ал жоспарлау – мол мақсатқа жетудің жолдары. Бизнес-жоспар болғанда күнделікті іс-қимылды бақылап, жоспарлап отыруға мүмкіндік болады. Ауқымды мақсаттан қысқа мерзімде орындалуы тиіс KPI анықталады. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштері бизнесті қаншалықты дұрыс жүзеге асырып отырғандығын анықтауға мүмкіндік береді. Тиімділік пен табыс үшін маркетингпен байланысты жұмыстардың атқарылуы маңызды.
№3 себеп – ақша есепті ұнатады
Шынайы бизнес мен ұзақ мерзімді жұмыс бос қиялды ұнатпайды. Сол үшін нақты қаржы сценариі керек. Қаржылық модель құрғанда орынжайды жалға алу, тауар сатып алу құны, өткізу құны, қызметкерлердің еңбекақысы және т.б. шығыс пен кіріске әсер ететін негізгі мәліметтер анық жазылуы керек. Бұл кесте жобаның дамуына қарай өзгеріп, толықтырылып отыруы әбден мүмкін. Кәсіпкер арнайы кесте жасай отырып, қалай табыс таба алатындығын жіті ұғынады.
№4 себеп – серіктестік
Жеке кәсіппен енді айналыса бастағандар үшін арнайы білім керек. Сонымен қатар міндетті түрде бастапқы қаражат керек. Сондықтан бизнес-идеяны нақты жоспарға үйлестіруді ойластырған абзал. Бизнес-жоспар әп-сәтте қомақты қаржыға айнала салмайды. Дегенмен ондағы дұрыс көрсетілген мәліметтер инвестордың табылуына немесе банктен қажетті несиені алуға үлкен көмек. Бизнес-жоспар арқылы шығын жүйеге салынып, компания қашан пайда табатыны анықталады. Сондықтан бизнес-жоспар инвесторлардың жобаға серіктес болуға шешім қабылдауына ықпал етеді.
№5 себеп – ынталандыру
Көздеген мақсатқа жетудің ынтасы кез келген кедергіге төтеп береді. Компания қызметкерлерінің бизнес-жоспарды дайындауға қатысуы істің қалай жүргізілетінін, қандай міндетті орындау керектігін, оның мақсаты қандай екенін түсінуге сеп болады. Сонымен қатар істі енді қолға алған кәсіпкер үшін бизнес-жоспарды бірлесіп дайындаудың артықшылығы мол. Сондықтан мамандар бизнес-жоспарды арнайы агенттіктер мен фрилансерлердің дайындауына тапсырудың қажеті жоқ екенін алға тартады. Бизнес жоспарды мамандармен бірлесіп дайындаған кәсіпкер мақсатты ұғынып, оны жүзеге асырудың жолдарын айқындап, кіріс пен шығыстың қалай есептелетін, инвестицияны тарту, әріптестерін ынталандыру тәсілдерін түсінеді.
Бизнес-жоспар дайындаудың маңызды екенін танытатын 5 себеп анықталды, ал оның мазмұны қандай?