ҚЫРЫҚ БІРІНШІ СӨЗ
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.
Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді.
Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді.
Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. ...Егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!
ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ СӨЗ
Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар.
Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абұйыр да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу – мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді. Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: «сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ, содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді.
...Байдың өзіне де адам сенбейтұғын болады. Байдың өз жауабы, өз мінезі оңбай тұрған соң, бағанағы кісі бұзылса, әлгі антұрған бағанағы байға: «Мен айтпап па едім, оныкі қулық сөз деп, міне, көрдің бе?» – деп, екіншіде тырп етпейтұғын қылып алады.
Достарыңызбен бөлісу: |