Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық
БІРІНШІ СӨЗ Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
ҮШІНШІ СӨЗ Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз.