ОН БЕСІНШІ СӨЗ Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
...Пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Әрбір нәрсеге қызықпақтық. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?
ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын». Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен». Онан соң жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ».
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
– Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
Осы үшеуің бір кісідей менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті.
Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен.