Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры, ф.ғ.д.
Ш.Айтматов феномені: даралығы, данышпандығы, дүниені дүр сілкіндіруі.
Адамзат тарихында XX-ХXІ ғасырлар мәдениетінің алатын орны ерекше. Өйткені, бұл кезең тарихи оқиғаларға, қантөгіс соғыстарға, сан-қилы дағдарыстарға толы заман болды. Ғылым мен техниканың қарышты қадамы, жарқын болашаққа деген сенім өркениетті дамыған елдерде біртұтас жалпы адамзаттық мәдениеттің дамып, қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Ғасыр аяғында планетамызда парасаттылық пен ізгіліктің кеңінен өріс алуы жалпы адамзаттық мәдениеттің дамуына және оның ұлттық түрлерінің нәрленуіне, олардын, өзара қарым-қатынастарының жаңа арнаға түсуіне ерекше әсер етті.
Осы кезеңде Ш.Айтматов - өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда шебер жазушы екенін дәлелдеген жазушы.
Ш. Айтматов өзінің іс-әрекетімен, шығармашылық еңбегімен әлемдік деңгейде ой тастаған, көркемдік дүниетанымымен адамзатты ойландырған, адамдыққа адамгершілік мән қосқан ірі қоғам және қалам қайраткері болып табылады.
Ш. Айтматов жазушы ретінде, жай ғана жазушы емес ұлы жазушы ретінде өз ғұмырында қандай қасиеттерімен есте қалды дегенде алғаш көзге түсетіні даралығы.
Ол біріншіден Ш.Айтматовтың табиғат әлемі мен адамзат әлемі арасындағы қатынастарды өткір параллельдер арқылы көрсете білуінен көрінеді. (Танабайдың мен Гүлсарының тағдыры, Едіге мен Қаранар тағдыры және т.б.). Жазушы табиғатты поэтикалық тұрғыдан жандандырып, оны басты тұлғаға, әрекет иесіне айналдырады. «Ана - Жер-Ана» повесіндегі ұлы да құдіретті бейне – Табиғат Ана.
Жер Ана бейнесі арқылы табиғат та ойланатын, күрсінетін, қайғыратын, қаһарланатын тірі адамдай суреттелінеді. Ш.Айтматовтың адам мен табиғатты суреттеудегі басты принциптері, оның шығармашылығындағы ең басты және негізгі ерекшелігі – адамагершілік концепциясы болып табылады.
Жер Ана мен Адам Ана екеуі де жақсылыққа құштар, екеуі де өмірді туғызушы, жалғастырушы. Жазушы Жер Ананы реалистік ойлаудың шегінен шығармайды. Жер Ана бәріне қабілетті емес, ол Адамға бағынышты. Адам Жер Анадан жоғары тұрады.
Повестің соңы бұған дәлел. Кішкене Жанболатқа, бүкіл адамға өз өмірінің тарихын айтуды Жер Ана Толғанайға тапсырады. «Жоқ, Толғанай, сен айт. Сен – Адамсың. Сен бәрімізден биік, бәрімізден ұлы жаралған жансың, сен айт, сен – Адамсың » ,- деген жолдар осыған дәлел.[1, 15].
Ш.Айтматов өзінің қиын да күрделі міндетін Толғанай бейнесі арқылы шешеді. Толғанай – аяулы бейне. Бұл шығармада эпикалық кеңдік, философиялық тереңдік, лирикалық нәзіктік аңғарылады. Толғанай – рухы өте күшті образ. Өз өмірінде адам айтқысыз қайғы-қасірет шегіп, ері мен ұлынан, келінінен ажырап, қаншама күндер мен түндерді ұйқысыз өткерген ана рухына бас иесіз.
Толғанай – бұл натуралистік портрет емес, бұл барлық адамдардың сезімі мен ойын жинақтаған образ. Повесть өткен ауыр да ұзақ өмірін оңашада Жер Анамен тілдесіп, еске алған қарт Ананың монологына құрылған. Повесть екі Ананың – Әйел-Ана мен Жер-Ана диалогымен басталып, екеуінің диалогымен аяқталады. Жер Ана мен Адам Ананың табиғи қызметі – өмір сүру, өмірге перзент әкелу, басқаша айтқанда, өмірді жалғастыру. Шығарманың философиялық пафосы мен табиғатты мағынасыз қирату мен зорлық-зомбылыққа негізделген әділетсіз соғысқа қарсы.Бұл сол кездің ғана емес бүгінгі күннің де басты мәселесі.Осыны жеткізе білу жазушы даралығы, даналығы.
Автор Толғанай образы арқылы бүкіл бір дәуір суретін көз алдымызға келтіреді. Бұл философиялық мәңге ие болған бейне.
Жазушы адам образын жасаған кезде ғана емес, Жер-Ананың образын айшықтаған кезде де халық шығармашылығына, олардың Жер туралы қалыптасқан ұғымына сүйенеді
Повесте халықтың көзқарасы, оның демі болып жатқан трагедиялық оқиғаға Толғанайдың Жер-Анамен арасындағы символикалық диалогынан көрінеді. Жер-Ана қарт қырғыз әйелінің жанын, сырын түсінісіп, оны ауыр да қиын күндері демеп, соғыс жылдары оған күш-қуат, рухани қайрат беріп отырады.
Толғанай соғыстың алғашқы күні туралы айта бастағанда, Жер-Ана былай дейді: « Мен ештеңені ұмытпаймын, Толғанай. Жарық дүние орнағаннан бергі ғасырлар сыры бәрі менде. Кітапқа сыймайды, адамның есінен шығып жоғалған тарихтың бәрі менде. Сенің де басыңнан өткен тағдырың жүрегімде». Жер-Ана түсінеді, қайғырады. Толғанайдың қайғысына ортақтасып, қуанышын бөліседі.
Ш.Айтматов даралығының екінші белгісі адамзат өміріндегі асыл да ардақты ұғым ана бейнесін ұлттық ұғым шеңберінен шығарып ұлылық ұғымға жеткізуі.
Жазушы шығармаларында әйелдер бейнесін жасауға үлкен орын берілген, әйел кейіпкерлер көптеп саналады. «Бетпе-бет» «Құс жолы», «Жәмила» повестеріндегі Сейде, Толғанай, Жәмила – көркем образ дәрежесінде биікке көтере жырланған. Жазушы көркем туындыларында жасалған әйелдер бейнесінің қай-қайсында болмасын өзінің барлық алғысын, мақтанышын, таңданысын және оған деген аянышын бірдей сыйдыруды мақсат тұтады. Аталған кейіпкерлерінің де өмірде прототиптері бар екенін жазушының өмірбаяндық мақалаларынан және «Балалығым» кітабы мен Шекер ауылындағы Күркіреу мәдениет үйі музейіндегі материалдардан және Ү.Б. Құлтаеваның «Тұрмыс шындығы және көркем образ» кітабынан келтіруге болады. [2, 37, 16 ].
Негізінен Ш. Айтматов өз шығармаларында кейіпкерлерінің портретін даралап бермейді. Бірақ шығармадағы мінездері мен сөздерінен, іс-әрекетінен, яғни ішкі дүниесі мен болмысынан Толғанайдың да, Сейде мен Жәмиланың да сыртқы кескін-келбетін, бейнесін дәл елестете аламыз.
Әдебиет тарихында үлкен орын алатын «Қош, Гүлсары» повесі мен «Боранды Бекет» романдарындағы әйелдер бейнесі ерекше назар аударуды қажет етеді және жазушының жеке өмірінің шындығына сәйкес шығармашылық лабораториясындағы мәнді-маңызды құбылыстардың сырын ашады.
Жазушының шығармашылығындағы нақтылығы биік бұл екі шығарманың негізгі кейіпкерлері Танабай мен Едіге – едәуір жасқа келген егде адамдар. Танабай мен Едігенің өткенді еске алуларына, жүріп өткен жолын қайта қарап байымдауларына құрылған бұл екі шығармада бас кейіпкерлердің кеш келген, қолы жетпеген зор махаббаты, соған байланысты өткен өміріндегі әйелдер жайы үлкен тебіреністермен орын алған.
Танабай мен Едігенің тәңір қосқан адал жар бейнелерімсн бірге, (Жайдар, Үкібала) тағдыр қоспаған сүйген ғашықтарының бейнелері (Бүбіжан, Зарипа) жарқын сомдалған, себебі бұл әйелдердің қайсысы болмасын ерлікке барабар істерімен («Қош, Гүлсарыда» Танабайдың махаббатына салқынқандылықпен басу беретін Бүбіжан, «Боранды Бекетте» Едіге махаббатынан бас тартатын, яғни «Халык жауы» ретінде айыпталған адамның әйелі бола тұрса да, кішкентай екі баласымен тағдыр тәлкегіне қалай да болса шыдап төзуге, қандай қиындықты болса да өзі көтеруден қорықпай бір түнде алыс елге көшіп кеткен Зарипа, ерінің адалдықты бұзғандығын, адасқанын кешірген, түсіне білген Жайдар мен Үкібала ерекше есте қалады.
Мұндағы Бүбіжан мен Зарипа ер адамның басын қадірлеп, оның отбасының жағдайын ойлап өмірде сирек кездесетін зор махаббатқа кездессе де, бас тартады [3,13].
Ш.Айтматовтың бұл екі шығармасындағы кейіпкерлердің зор махаббаты мен жазушының жеке өміріндегі шындық астасып жатыр.
Ал жазушы шығармаларындағы екі кейіпкер де автор тәрізді өз іс–әрекетерін билеуден қалған. Ш.Айтматовтың бұл мазмұндағы ойы ең алғаш «Жәмила» повесінде биікке көтеріле жырланған болатын. Себебі ойы мен сезімі екінші адамнан жалғастық тауып сөйлескен, кездескен сайын тереңдей беретін сынар табу - зор бақыт.
«Шынында сүйе білу- шексіз төзім мен сенім жібіне қатар байланған азапты шаруа. Және бұл сезімнің ұлылығы сол азаптан ләззат алуында жатқанын ұмытпауымыз керек. Жан дүниесі бай, парасатты екі адамның миллиондаған халықтың арасынан бір-бірін жаңылыспай тауып, үйленуі сондықтан да аса сирек құбылыс»,- деп тоғанады ұлы суреткер [4,129].
Бірақ Танабай да Едіге де кеш оралған махаббатымен қосыла алмайды. Бұл «Қош, Гүлсарыдағы» повесіндегі Бүбіжанның, «Боранды Бекет» романында болса Едігенің өзіне деген сүйіспеншілігін байқағаннан кейін басқа жұртқа кетіп қалған Зарипаның шешімімен байланысты.
Кейіпкерінің қарым-қатынастарындағы соңғы шешімдері жағынан да жазушының жеке өмірінен шындығы мен шығармаларындағы тағы бір байланыс көрініс табады. Бұл тұжырымға тағы да жазушының өз естелік жазбасындағы: «Мың бір түннің» хикаясындай екеуінің ғашықтығын естімей қалған ешкім жоқ, ендеше не себепті қосылмады? - деген сауал тұр. Мен емеруін танытсам, Бүбісара ылғи да әңгіме бетін аулаққа бұрып, кешеуілете беретін. Оңаша бір отырып сырласқанымда, Бүбісара: «Шын ғашықтар қосылмайы, деген бар ғой. Бәлкім, сол дұрыс шығар. Өйткені үйленгеннен кейін тіршіліктің күйбеңі ұлы сезімді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз»,- деген еді. Жұбайлық өмірді қай әйел аңсамайды дейсің. Кейін аңғарсам, бұл Бүбісарының менің шығармашылығыма кесірі тимесін деген тілекпен істеген әрекеті екен.Не десек те, Бүбісара менің жұлдызымның қашанда биіктен жана беруін ойлап, өзінің жеке бақытынан бас тартқан екен. Сабыр – ақылдың, сезім –жүректің иесі. Бір - біріне бағына бермейтін осы екі қасиетті ортақ мақсатқа жүгіндіріп, сырттай өзі сүйген адамға тілекші болып қалу – үлкен адамгершіліктің қолынан ғана келер іс»,- деген ашық сыры негіз болып отыр [4,129]. Мұндай мойындау, өзінің құпия сырын өзгеге үлгі етіп ұсыну тек дара туған, дана туған суреткер қолынан ғана келеді.
Бірақ жазушының шығармасындағы Танабай – Бүбіжан, Едіге – Зарипаның махаббат ахуалы жазушы мен Бібісара арасындағы махаббат жайының көшірмесі емес. Ш.Айтматов жеке өмірі шындықтарының әдеби шығармашылықпен өзара ұштасып, табыса туысып кеткен көркем баяны деп тануымыз қажет.
Жазушының өмірінде терең із қалдырған оқиға, жазушының өміріндегі әйелдер халқы бәрібір жазушы жүрегін шымырлатып шығармасы арқылы жарық көрген өзінің көніл сыры, ой толғамы ретінде көрініс табады.
«Кассандро» романының авторы ретінде делегация құрамында Жапонияда болғанда түнде кемеде жүзіп келе жатқанда әлгі сурет, әлгі өткенді еске түсіру, жапон музыкасының әуендері түрткі болған күйзелістер. Осы көрініс: Италия сапарында да Бүбісараны жоқтап, жалғыздықтың құрсауына қамалғандағы суреттер еді», - дейді суреткер. [3,19].
«Махаббат туралы айтып жеткізу үшін ғашықтық сезімін басынан өткерген дұрыс»,- дейді Буало өз шығармашылық тәжірбиесіне сүйеніп. Ұлы жазушының талайды тамсандырған «Қош, Гүлсары» повесі мен «Боранды Бекет» романының негізгі кейіпкерлері Танабай мен Едіге сүйген ғашықтарынан айырылған кездегі ішкі сезім, ой жарылысы, аспектілердің дәл берілу мәнісі де осында. Жазушының дара тұлғасының көп қырының бір үзік сыры ғана осындай
Ш. Айтматовты көзі тірісінде данышпан десең ол бұған үзіліді - кесілді қарсы болар еді. Ал қазар уақыт өтіп оның артына қалған дүниелерін сараптап отырғанда ол өз шығармаларында бүгінгі күнгі болып жатқан көп уақиғаны, келеңсіздіктерді бадырайтып айтпағанмен байыппен сездірген екен. Бұл оның тілі мен дінін, елі мен жерін, оның баға жетпес байлығы табиғаты мен адам тағдыры туралы жазып, суреттеп кеткен ойларынан көрініп, сезіліп жатыр. Тек соны көре, сезе білетін адам болса
Туған тілі, тек туған тілі емес бабасы тіл қатқан түркі халықтарының тілі қансырап жатқанда заманның ұлы суреткерлері Қ.Күлиев, Д.Күгилтиновты серік етіп тілі жоқтың елі де, еркіндігі де, егемендігі ле жоқ екенін баршаға жария етіп мақала жариялауы да Ш.Айтматовтың өз кезеңінің дара тұлғасы болғанын көрсете білді.
Суреткердің дара да, данышпандық ең асыл ойларын жеткізетін кейіпкерлердің бірі де бірегейі «Жан пида» романының бас кейіпкері – Авдий бейнесі. Жазушының өзі «Егер Едіге («Боранды Бекет») философиямен қаруланбаған қарапайым ғана халық ойшылы болса, жаңа роман «Жан пиданың» қаһарманы Авдий Каллистратов өзін дін іліміне бағыштады. Бірақ олар бір-бірімен туыстас, бұл туыстық олардың өмірге қатынасы, әділдікке құштарлығы, қайырымдылықка жақындығынан көрінеді. Осы жерде әр басқа Авдий мен Едіге түйіседі»,- [5, 433б] деп көрсетеді.
Дін мәселесін бүгінгі заман талабына орай терең түсіну үшін осы мәселе толығымен көрінген ғажап туындыны, III. Айтматовтың «Жан пида» романын талдап түсінуіміз қажет.
«Жан пида» романында нашақорлық жайының өзінше бір желі болып тартылғаны белгілі, қаламгердің осы мәселеге келуі туралы құнды мәліметті де оның өз сөзінен таба аламыз: «Бұл тақырыпқа да мен кездейсоқ назар аударып отырған жоқпын. Екі бірдей ұлы нашақорға айналған ананың «Литгазетада» жарияланған хаты – осы сырқаттың белең алып бара жатқандығының тағы бір дәлелі. Біз ұзақ жылдар бойы осы қасіретімізді жасырып келдік, сондықтан мені «не себептен біздің жастарымыздың арасында бұл ауру меңдеп барады, біздің қоғамда мұндай теріс әрекетті қандай себептер тудырып отыр, отбасының ба, әлде жеке бастың жағдайына байланысты ма? Бұл қалай және қайдан пайда болды? Жас өрендерді не және қандай қоғамдық келеңсіздіктер осындай құрдымға итермелеп отырған?» деген сұрақтар қатты мазалады. Олар емес, біздер ойлануымыз қажет және өзіміздің алдымызда өзіміз жауап беруіміз керек»,- [5, 442-443] деген толғамы көп нәрседен хабар беріп тұр.
Авдий – адамның рухани құлдырауына қарсы тұрған жастардың арасында орын алған немқұрайлылық инерттілік жайын сынға алған күрескер рухтың типтік бейнесі.
Жазушының бірін-бірі қайталамайтын әрбір жаңа шығармасының бірі - осы «Жан пида» романындағы басты кейіпкер – орыс адамы. Бірақ жазушы Авдийді орыс адамы ретінде емес, одан да кең ауқымда алып бейнелеуді мақсат еткен. «Бұл жолы мен адамға дін арқылы жол салғым келді. Құдайға емес, адамға. Романда тартылған түрлі желілік салалардың ішінде, мен үшін, ең бастысы– Авдий, оның ізденістері»,- деп көрсетеді жазушы [5, 434].
Сонымен бірге, ірі суреткер: «Жаңа ғасырға қадам басқан біздің діннің адамзатқа тигізген ізгі ықпалы мен оның кейде адамдардың онсыз да күрделі өмірін одан сайын шиеленістіріп жіберетін қасиетін таразы басына салып, салмақтауымыз бүгін әлемді дін арқылы соғысқа тарпақ болып жатқан уақытта керек-ақ сияқты.
Егер қазіргі заманның тілімен айтар болсақ, жер бетінде Құдайды жекешелендіріп алуға күрес жүріп жатыр. Әрбір дін өз атақ абыройын өз орнын сақтап қалу үшін күресуде. Сол арқылы олар адамдарды, халықтарды, ұлттарды бөлшектеуде. Егер діндер арасында диалог, ықпалдастық түсіністік орнамаса, оның бізді апатқа алып келеді», – деген жазушы сөзімен келіспеске шара жоқ. [5, 409].
Шынында, Авдий кім? Оның образы нені айқындаған? Авдий Каллистратов шіркеудің діни догмаларына қарсы шығып, жаңа құдай іздегені үшін діни семинариядан қуылған адам. Ол алған бағыты қате, адасудағы жан. Авдийді “Жаңа сенімге” әкелген Ғайса шеккен жан азабы. Ғайса романда дін жолында емес, ақиқат үшін азап шеккен, қаза болған адам бейнесінде суреттелген, яғни діни идеологияның емес, таным жолының құрбаны. Оқырман романды оқу үстінде сөзсіз Ғайса мен Авдий образдарынан ұқсастықтар іздейді. Бірақ екеуінің ұқсастықтарынан айырмашылықтары әлдеқайда мол.
Авдий болса мүлдем өзгеше жағдайда – дүние туралы материалистік және идеалистік түсінік әбден қалыптасқан кезде өмір сүріп отырған адам. Авдий дүниетанымы түгелімен идеализм. Бірақ солай бола тұра оның көзқарасына дін иелері де, атеистер де қарсы. Діннің қарсы болатын себебі, бар құдайды жоққа шығарып, жаңа құдай, қазіргі заманға сай келетін құдай іздеушілік, діни догмаларды терістету, діни реформа. Негізінен, мәселе құдай іздеушілікте емес, дүниетаным лабиринтінде. Авдийдің армандағаны жаңа құдай, бірақ ол құр далбаса. Себебі, Авдий Каллистратов - қате жолда тұрған адам. Шын мәнінде, Авдий адамдарға құдай емес, сенім ұсынады. Елес болса да өз алған бағытына ол сенімді. Өз сенімі үшін ол өлуге бар. Ақырында жалған елестің құрбаны болады, Авдийді әділдік құрбаны болды деп айтуға болмайды. Жан қиюдың бәрі әділеттілік өлшемі емес. Қоғамда Авдий тәріздестердің көбеюі қуанышты жағдай емес. Авдий образында Танабай, Едіге, тіптен, Бостон сияқты жасампаздық жоқ. Авдий адасушылық шырмауында жүріп, одан шығудың жолын емес, сол жалған дүниетаным негізінде өмір мәнін ұққысы келді. Жалған дүниетанымы өмірді түсінуге ырық бермей, оны трагедияға әкеледі. Оны “дүниетанымы” үшін тұтқындауға болмайды. Ондай заң жоқ. Ол былай қарағанда “жаны таза” адам. Өтірік айту, ұрлық жасау, кісі жәбірлеу, балағаттау оған жат. Ол өмірін адамға қызмет етуге жұмсамақшы, бірақ мұндай қызмет қоғамға қажет пе? Оның әрекеті өмір тынысынан, адам қажеттілігінен алыс.
Оқырманға қажет ақиқат Авдий образынан емес, шығарма фабуласынан туып отыр. Жазушы айтар ойын мынау еді деп айқайлап айтып ортырған жоқ, олай болғанда роман көркемдіктен айырылып, философиялық трактатқа айналып кетер еді. Нағыз көркем туынды философиялық астарлы келеді. Шығарма философиясы жарқырап мен мұндалап жатпайды, оған өз ақылыңмен жетуің керек. Көркем шығарма сонысымен құнды.
Ш. Айтматовтың «Боранды бекет», «Ақ кеме» шығармаларында Адам деген кім, ол өмірге неге келіп, неге кетеді, оның болмысының мәні неде деген сияқты философиялық проблемаларды қойып, соны керемет шеберлік деңгейінде шешеді.
Ел тағдыры мен жер тағдырынан қымбат нәрсе болушы ма еді?! Бастауы мен қайнары көне-көне дәуірлерде, ықылым заманалар қойнауында жатқан осынау халық өмірінің мәңгілігін тануға, таразылауға, сүюге, дәріптеуге, асқақтатуға үйретер жазушы әлемінің мақсаты мен мұраты да осы екеніне сенеміз.
Ел тағдыры мен жер тағдырынан қымбат нәрсе болушы ма еді?! Бастауы мен қайнары көне-көне дәуірлерде, ықылым заманалар қойнауында жатқан осынау халық өмірінің мәңгілігін тануға, таразылауға, сүюге, дәріптеуге, асқақтатуға үйретер жазушы әлемінің мақсаты мен мұраты да осы екеніне сенеміз.
Жарияланғаннан соң үлкен сынға ұшыраған, сол сынның әсерімен жазушының өзі повеске қайта соңғы сөз жазып, сондай-ақ түсінік беріп, әуреге түсірген туындысы – «Ақ кеме» повесі.
Жазушының өзі қойған алғашқы аты «После сказки». «Новый мир» журналына әкелгенде Твардовский бұл атты қарапайым, дәстүрлі сияқты болып көрінетінін айтып, өзінің «Ақ кеме» деген атын ұсынады. «Ал маған озімнің қойған атым көп ұнайды – сол дәлірек»,- дейді жазушы [4, 285].
Ш. Айтматовтың «Ақ кеме» повесі адамзаттың болашағы – бала тағдырына арналған. Жазушының психологиялық анализінің шеберлігі бұл повесінде даралықтың, даналықтың шегіне жетіп, ең жоғарғы деңгейдегі жазушы екенін тағы да дәлелдейді.
Ш.Айтматов «Ақ кеме» повесіндегі адамгершілік туралы концепциясын «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінде тереңдетіп, болмыстың мәңгілік ғаламдық проблемаларын, әмірінің ақырғы сәтіндегі адамның ұлылығын, қайсарлығын көркем де шебер бейнелейді.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасы жазушының басқа туындыларынан өзгеше. Егер бұдан бұрынғы шығармаларында қырғыз халқының табиғаты, әдет - ғұрпы суреттелетін болса, ал мүнда Охот теңізінің жағалуында өмір сүретін нивх халқының тұрмысы суреттеледі. Нивхн халқының өкілі, жазушы В.Санги «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінің нивхн мәдениетіндегі маңызды құбылыс болғанын айтады. [6,15б].
В.Санги бақылауынша, Ш.Айтматов нивхн халқының фольклорын оқып, танысқан, бірақ ең бастысы - жазушының шеберлігінде, оның басқа халықтың өміріне үңіліп, одан бүкіл адамзат баласын толғандыратын проблемалар таба білуінде.
Ш.Айтматов ұлы мақсаттар үшін өз басын құрбандыққа тігу туралы мифологиялық поэма тудырды
Ш. Айтматов шығармашылығының негізгі мәселесі – адамның қалыптасуы. Ол шығармасында жеке адамның қалыптасуы адамзаттың, адамның қалыптасуын туғызады, ол адам атаулының мұрагері.
"Ақ кеме" повесіндегі негізгі де басты мәселе – адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас. Осы қарым-қатынас арқылы адамзаттың адамдық критерийі, оның әлеуметтік және адамгершілік мәні ашылады.
“Ақ кемеде” фольклордың жалғасы, оны автор ертегіден кейінгі ертегі деп атаған. “Ертегі” деген не? – деп өз-өзімізге сұрақ қоюға мәжбүр болдық. Ертегі туралы бұрынғы түсінігіміз толыға түсті. “Ақ кемені” дәстүрлі түсінікпен талдау мүмкін емес-ті. Ол әдеби талдаудың жаңашылдығын талап етті. Социалистік реализм негізінде қалыптасқан әдебиет теориясы мен сыны “Ақ кеме” сияқты шығарманы түсіндіруге, талдауға әзір емес-ті. Сөйтіп, “Ақ кеме” бүкіл әдебиет үрдісіне ерекше әсер еткен шығарма болды. Әсіресе, оқиғаның баланың өлімімен аяқталуы көпшілікті қатты алаңдатты. Кейбіреулер бұл ізгілік емес дегенге дейін барды. Гуманизмді тек ізгілікке тәрбиелеу деп түсінген жұртшылық үшін, әрине, бала өлімі қатыгездік. Бірақ мәселені жазушының өзгеше қойғанын ескеру керек. Гуманизм өз бастауын ізгілік пен қатыгездіктен, қажет десеңіз зұлымдықтан алады. Зұлымдық жоқ жерде ізгілік қалай көрінбек. Ізгілік, тіптен керек десеңіз зұлымдықты қажет етеді, өйтпегенде оның мазмұны анықталмайды. Баланың балыққа айналып барып, Ақ кеменің капитаны әкесіне жетем деген мақсаты зұлымдыққа қарсы қарекет, ол өлген жоқ, алдына мақсат қойған, соған ғұмырын арнаған. Бірақ мұны бала түсініп, санасына салып отырған жоқ. Ол өз түсінігімен шындыққа келіп отыр, оның ойынша, бұл дүниеде зұлымдық болса оған қарсы, оны жоюшы күш – әділеттілік болуы қажет. Ал әділеттілік деген – әке. Өмірге ұрық себуші әке, демек сол өсіп-өнген ғұмырды да сақтаушы әке, мәселе тек сол әкеге жету ғана, оған мына әділетсіздікті айту, оны хабардар ету, осы іске бола бел шешіп кіріскен бала қарекетінде болашақтағы әке мүддесі жатыр. Әке туралы Шыңғыс ашып ешнәрсе айтпаған, оған ол бала санасымен келген. Бұл тұста бір ашылмаған сыр бар, оның мәнісі әке деген ұғымда жатыр. Әке, әсіресе Шығыс менталитетінде, әділеттілік дегеннің синонимі. Біз әділеттілікті әкеден іздейміз. Бала да солай ұққан. Осы ой оны балыққа айналып, алыстан көрінген Ақ кемедегі әкесіне жетуге ынтық еткен. Әкеге жету үшін жан қию керек. Бұл дұрыс па? Бала жалпы өлім дегенді біледі, ол да барша жан иелері сияқты қауіптен қорғанады, сақтанады. Ал оның осы түсінігін балыққа айналып, әкеге жету идеясы жеңіп кеткен.
Ш.Айтматов қазақ әдебиетiнiң озық үлгiлерiн пайдаланып, дамытып қана қойган жоқ, халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов шығармаларының бай тәлiмiн терең түсiндi.
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов Шыңғыс Айтматовтың жазушылық алғашқы адымына қуанып: “ Әдебиетке өз үлесiн қосқан әрбiр талантты жазушы халықтық рухани байлығын өлшеусiз молайтады”,- [7,23] деп ерекше атап көрсеткен едi.
Ш.Айтматовтың М.Әуезовтің рухына бас иiп айткан мына сөздерi, оның ұстазын қаншалықты құрмет тұтқанын дәлелдейдi: “У меня есть две национальные святыни, с которыми я еду в другие страны, с котороми я переступаю порог других народов. Это – “Манас” и Мухтар Ауэзов.
Когда меня спрашивают: кто вы такие, казахи и киргизы? Я рассказываю о “Манасе” и М.Ауэзове. Это символы моих народов, и с ними я могу достойно представит себя ”.[4,125 ]
Ш. Айтматов «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романында өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда тағы бір тамаша нәтижеге жетті.
«Боранды Бекет» – эстетикалық әсері жоғары әлеуметтік-философиялық шығарма. Себебі, ол Адам деген кім, ол өмірге неге келіп, неге кетеді, оның болмысының мәні неде деген сияқты философиялық проблемаларды қойып, соны керемет шеберлік деңгейінде шешеді. Жазушы романға адам болмысының аспан мен жердей алшақ екі шегін, екі негізін бірдей салыстырады: адам әлемде және әлем адамда. Адам әлемдік кеңістіктегі дәрменсіз тегершік те емес, әлемдік бүтіндіктегі бөлшек те емес, ол әлеммен тығыз байланыста.
Ш.Айтматовтың “Боранды бекет” атты романы күрделі, ұғымға да ауыр. Негізгі қиындық шығарманың көркем идеясын ашу үшін жазушы қолданған көркем тәсілде. Жазушы өмір ағымын Сарыөзек метафорасы арқылы берген. Ол романға жазған алғы сөзінде былай деді: “Метафоралар біздің заманымызда тек ғылыми-техникалық жетістіктердің күні кеше фантастика саналатын салаларға баса-көктеп кіргендігінен ғана қажет болып отырған жоқ, сонымен бірге және негізінен өзіміз өмір сүріп отырған, экономикалық, саяси, идеологиялық тәсілдік қайшылықтар қыспаққа алып отырған әлемнің өзі фантастикалық екенінде айрықша қажет болып отыр”. Терең ой. Осындай концепцияға, тың көркемдік тәсілдер қолдануға жазушы қалай келгенін айту үшін Ш.Айтматов шығармасын қайта - қайта оқу қажет.
“Боранды бекетте” аңыз фантастикаға ұласқан. Негізінде екеуі де бір оқиғаға қатысты болғанымен, мәні екі басқа. Жеке адам туралы сөз еткенде жазушы аңызбен шектелсе, адамзат баласы жөніндегі толғаныс фантастиканы қажет еткен. Жазушы “Боранды бекет” романында адамзат тағдыры туралы проблема көтерген. Бұл әрбір жазушының батылдығы, ой-өресі жете беретін тақырып емес.
Жазушы фантастикалық идеяға фольклор, яғни мәңгүрт туралы аңыз арқылы келген. Оқушы санасына мынадай сұрақ орала береді. Болашақтан бас тарту, жаңалықты жауып тастау мәңгүрттік іс емес пе? Мәңгүрт туралы миф шығарманың басынан соңына дейін үзілмейді. Ол барлық оқиға желілеріне астар болып араласып отырады.
Сарыөзек бойында айтылатын аңызда ақыл-есінен айырылған жауынгер мәңгүрт кейпіне түседі, алыстан іздеп, аңсап келген анасын атып өлтіреді. Адам санасында Ана деген – адамды дүниеге әкелуші ғана емес, зор адамгершілікті білдіретін, барлық халыққа ортақ қасиетті ұғым. Анаға қарсы шығу, қол көтеру деген адамның табиғатына жат. Сондықтан да адам мен мәңгүрт екеуінің арасы алшақ түсінік.
Едігенің еш кедергіге көнбей, өз досын, теміржолшы Қазанғапты “Ана-бейітке” жеткізуді мақсат етуі, оның адамгершілік мөлдір сезімінің көрінісі. Өмірдің қазығы – Едігелер. Олар үшін өткен тарих, бүгінгі күн, болашақ – біртұтас, оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін – осы Едіге секілді абзал жандар. Едігенің бір күні ғасырға бергісіз, себебі суреткер бұл образ арқылы өткенді, бүгінді, болашақты бір түйіннен беріп отыр. Өткенді ұмытқан адам, ол – мәңгүрт. Мәңгүрт – адам дүниетанымының көлеңкелі жағы. Бұл мәселе Едіге мен Қазанғаптың баласы Сәбитжанды салыстырудан анық көрінеді. Едіге досына адал. Қазанғаптың өтініші бойынша, оны Ана-бейітке жерлемекші. Сәбитжан оған қарсы, қайдағы бір ертегі бейітке апару, ол үшін ақылға сыйымсыз. Ол жерлеуді тездетіп, қалаға қайтуға асық. Әке өсиеті оны көп қинай қоймайды. Осы сәтте Едігенің көз алдына анасын атқан Мәңгүрт елестейді. Мәңгүрттік Сәбитжанның дүниетанымында орын тепкен. Қазанғапты арулап көмгеннен кейін, Едіге Ана-бейітті тегістеп, оның орнына космодром салатынын естісімен, Ана-бейітті қайткенде де сақтап қалу үшін көзі ашық, оқыған, қалада қызмет ететін, кіммен сөйлесіп, кімге жолығу жолын білетін адам ретінде Сәбитжаннан қол ұшын беруді өтінеді. Оған Сәбитжан былай деп жауап қайтарады:
– Оның бәрі ерте-ерте, ертедегі, ешкі жүні бөртедегі ертек қой, Едеке, түсінсеңші. Бұл арада қазір әлемдік, космостық мәселелер шешіліп жатыр. Ал біз барып әлдебір зират туралы аңыз айтқанымыз жараспайды ғой. Кімге керек ол? Олар үшін ол дегенің – тіфу! Әрі десе, бізді олай қарай өткізбейді де. Әрине, Сәбитжан сөзінде шындық бар. Бірақ мәселе оның бұл іске жүрдім-бардым қарауында, өткен тарихқа немқұрайдылығында жатыр. Оқыған, сауатты Сәбитжанның санасы қарапайым Едігеден көп төмен. Бұл жерде әңгіме кісілік пен білім қайшылығында. Басында Едігенің Сәбитжанмен сөйлесе келе, қылықтарына қарап, интернатта, институтта оқыса да дұрыс адам болмаған екен деген күдігі болса, енді Сәбитжан туралы пікір айқындала түседі.
– Мәңгүртсің сен! Нағыз мәңгүрттің өзісің! – деп ашына күбірледі Едіге Сәбитжанды әрі аяп, әрі жек көріп.[3.231]
Кезінде Әбутәліп мұғалімді халық аузындағы аңыздарды жинағаны үшін жау атандырғандар да осы Сәбитжан секілді мәңгүрттер. Ителгікөз Құттыбаев, Әбілев сияқтылар Әбутәліптің көзі ашық сауаттылығын көре алмай, ақыры оның “Партизан дәптерлері”, “Дөненбай құс”, “Раймали ағаның інісі Әбілханға айтқан сөзі” деген қолжазбалары үшін опат етті. Ана-бейіт, мәңгүрт ұлының қолынан қаза тапқан Найман-ана туралы аңызды жиып-тергені үшін жазғыру мәңгүрттік емей не еді? Әбутәліпті тексеруге келген Құттыбаев халық санасындағы ғажап аңызды тыңдағысы да келмейді.
– Жә, жетер, ол құстың ар жағында не жасырынып жатқанын оқып көрерміз әлі, – деп Ителгікөз дәптерді әрі-бері парақтап, тағы да ойын сабақтай түсті. – Дөненбай құс, м...м, қарай гөр ойлап тапқан атын. Жазушы болғаныңа болайын. Тағы бір Мұхтар Әуезов пайда болған. Білеміз оны да, феодалдық ескіліктің жаршысы. Дөненбай құс, м...м. Біз түсінбейді деп ойлайды ғой... Бір түпкірде бұғып алып, балаларға арнап жазғанын қарашы.[3.250]
Роман тақырыбы бірнеше арна арқылы өрбиді. Шығарманы тұтас қабылдау қиыншылығы да осы жайға қатысты болса керек. Кейбір сыншылар жазушыға космосқа қатысты фантастикалық сюжеттің қажеті шамалы деген пікір білдіреді. Романның ерекшелігінің өзі сонда, былай қарағанда бір-біріне қатыссыз сюжет желілері тұтаса келіп айтылатын бір мәселені қозғайтынына көзің жетеді. Мысалы, Ана-бейіт туралы тарихи шығарма болса, Боранды болса, Боранды Едіге тұрмысы, оның Қаранары, соғыстан кейінгі қиыншылық жылдар болмысы басы ашық бір шығармаға толыққанды тақырып. Космостағы оқиғалар фантастикалық қиялдың үлесі.
Романның аяқталуы көптеген оқырман көңілінен шықпауы да мүмкін. Себебі, әдетте Ш. Айтматов шығарма соңында оқырманға үнемі жүк артып, сұрақ қойып аяқтайтын. Бұл романда оқиға сарқылып біткен. Бостонның зұлым Базарбайды атып өлтіруімен және өзінің Ыстықкөлге батып өлуімен аяқталып тұр. Бұл натуралистік сурет. Базарбайға шығарған үкімі кек алуға жақын әрекет. Оқырманды толғандыратын іс емес. Романның басынан шиыршық атып, қиналып келген оқырман Базарбай өліміне келгенде, “уһ” деп жайбарақаттанып сала береді. Ендігі жерде романның идеялық тағдыры туралы емес, жеке адам Бостон не болар екен деген ойға қаласың.
Жазушы «Боранды бекет» романында мәңгүрттік тақырыбын барынша тиянақты, үлкен ыждағаттықпен зерттейді. Ойына өмірден түйгеніне бойлайды, әдебиеттерге сүйенеді, халық әдебиетін қарайды, «Манасты» сүзіп шығады. «Мәңгүрт» сөзінің шығу төркінін іздейді, «Шіре» сөзінің этимологиясын зерттейді. Ел аузындағы аңыздарға кұлақ түреді. Манасшы С. Қаралаевтың түсінігін тыңдайды. Әлемдегі басқа да мәліметтерді алады. Осы бағаттағы ізденістер нәтижесінде алынған мол мағлұматтар автордың шығармашылық қиялында басқа да деректермен, ұғымдармен тоғысу барысында жаңа сапаға ие болады.
«Боранды бекет» романындағы «Мәңгүртизм» терминінің әлемдік деңгейге көтерілу себебі жазушы шығармасында игерілу, көркемдік шешімге ие болу ерекшелігіне байланысты. Өйткені Ш. Айтматов версиясы «адамзат» басындағы талайлы тағдыр, құлақ кесті құлдықтың трагедиясы.
Үлкен суреткер Ш. Айтматов өзінің жан-дүниесінде, жүрегінде орныққан осы бір таным-түйсікті өзінің бас кейіпкері Едігеге ашық айтқызады: «Жарық әлемде құдай бар ма, жоқ па – ешкім білген де жоқ, ешуақытта білмейді де. Біреулер бар дейді, біреулер жоқ дейді. Ал мен болсам, сенің бар екеніне сенгім келеді, сен менің ой-санамда болсаң деймін. Мен саған дұға-бата айтқанда, шындығында сол дұға арқылы сол дұға батаны өзіме өзім айтып тұрамын. О, жасаған, сондай сәтте менің ойым – дәл сенің ойың сияқты болып көрінеді. Мәселеннің бар түйіні осында ғой! Егер де адам өз көңілінде сен сияқты барлық адамдар үшін қолдаушы –қорғаушы бола алмаса, онда, жасаған ием, сенің де болмағаның... Ал мен сенің ізсіз-түзсіз кеткеніңді қаламас едім... Міне, менің бар көкейкесті арманым мен қасірет-қайғым осы. Артық-ауыс айтсам кешіре гөр. Мен бір жүрген пендемін, әлімнің келгенінше осылай ойлаймын» [4, 11].
Ш. Айтматов өзінің «Ғасырдан да ұзақ күн» романы ел ішінде де, шет мемлекеттсрде де бірнеше рет басылып шығарылғанмен, романды аса ыстық қабылдаған оқырмандардың бір де бірі автордың айтпақ болған ойлары көркем туындыда түгел берілмегендігін, сондықтан да көптеген көпшілікпен кездесу жиындарында жазушының жан дүниесі азапқа түсетінін айтады. Шығармаға цензуралық ойлаудан өте алмайтыны анық оқиғаларды енгізбегендігі негізсіз емес еді: «Осы авторлық қанағаттанбаушылық, ойларымды толық жеткізе алмаушылық, қалыптасқан жағдайға және өзіме байланысты көптеген жылдар бойы жинақталған өкпе әйтеуір өз шешімін тапты – мен қиын бір іске бел будым – оқырман әлемінде өзіндік орны бар шығармаға осынша уакыт толғатқан жаңа тарау енгіздім. Мұндай оқиға сирек кездеседі. Бірақ кітаптың тағдыры осылай болды. Жаңа тарау – романға кіріктірілген повесть «Шыңғысханның ақ бұлты». Авторға осынша уақыт азапқа түсуі, ойға алынған тарауды идеологияның қатал көзқарасынан ұзақ уақыт тасада ұстап келуі қаншалықты қымбатқа түскенін оқырман өзі түсінсе екен деймін. Қалай дегенмен де кітап енді толық құрамында. Біршама уақыт шыгарманың жаңа басылымдарында кіріктірілген повесть романның бұрынғы «Ғасырдан да ұзақ күн» деген атымен көршілес орналасып, жақшаның ішінде («Шыңғысханның ақ бұлты») деп беріліп отырады. Бұл тақырыпша уақыт өте келе өз мәнін жояды деп ойлаймын» деп шығармашылық сырын ашады[4, 11].
Ш. Айтматов «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романында өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда тағы бір тамаша нәтижеге жетті. «Боранды Бекет» – эстетикалық әсері жоғары әлеуметтік-философиялық шығарма. Себебі, ол Адам деген кім, ол өмірге неге келіп, неге кетеді, оның болмысының мәні неде деген сияқты философиялық проблемаларды қойып, соны керемет шеберлік деңгейінде шешеді. Жазушы романға адам болмысының аспан мен жердей алшақ екі шегін, екі негізін бірдей салыстырады: адам әлемде және әлем адамда. Адам әлемдік кеңістіктегі дәрменсіз тегершік те емес, әлемдік бүтіндіктегі бөлшек те емес, ол әлеммен тығыз байланыста .
«Боранды бекетте» қазіргі адам өмірін кең философиялық категориялар арқылы шешуге тырысады. Роман ең алдымен еңбек гимні, Қазанғап, Едіге, Әбутәліп сияқты адамдардың өмірінің негізгі мәні – еңбек.
Едіге бәрі туралы ойланатын адамдардың қатарына жатады. «Адам іштей өзін бүкіл адам баласына қамқорлық көрсетуші тәңірімен қатар қоюы керек»,– деп ойлайды Едіге. Бұл оның өз өміріне өрнек еткен негізгі гуманистік принцип. Автор үшін Едіге тек қана жай адам емес, жеке адам халықтың, жердің, адамзат баласының идеялық көрінісі.
Романдағы кейіпкерлер Ш.Айтматовқа тән тереңдікпен бейнеленген. Бауырмал Үкібала, жаны жалын атқан Зәрипа, адамгершілігі мол Әбутәліп және өзінің қуыс кеуде баласына «пәк құдайға ғана өнеге жүрмейді, өзі берген жанын дәм таусылғанда өзі қайтып алады, оған өкпе жүрмейді, ал жер бетінде қалған істің бәріне де сұрақ бар», – деп философиялық ой қорытады дана Қазанғап.
Шығармадағы Қаранардың тағдыры Едігенің тағдырымен тығыз байланысты. Бұлар бір-бірін толықтырып отырады. Едіге темір жолда жұмыс істей бастасымен Қаранар оның жақын досы болады. Едігені Қаранарсыз елестету мүмкін емес. Қаранарсыз басты кейіпкер толық ашылмас еді. Сондықтан екеуіне «боранды» деген теңеуді береді. Бұл адам мен табиғаттың бөлінбестігінен, ұқсас жақтарынан шықса керек.
Романда жер бейнесі – адамның туып-өскен ортасы өзіндік көркемдік образ болып табылады. Өткеннің көзін, тарихын сақтап, болашақты бақытты етуге тырысатын Едіге сияқты адамдар бар. Әзірше жер бетінде Едіге сияқты адамдарды туып жатқанда болашақтағы адамдардың бауырластығы туралы идеяның сөнуі мүмкін емес. Ш. Айтматов романының оптимистік мағынасы осында.
«Боранды бекет» романында адам мен табиғаттың қарым-қатынасы, өзара байланысы жоғары идеялық-көркемдік дәрежеде суреттелген. Қазіргі заманның актуальды проблемалары бірінші кезекке көтерілген. «Боранды бекеттің» мәнділігі мен маңызының өзі осында. Тек адам ғана сұрапыл құбылыстардың құпия сырын, жаратылыстағы жанды-жансыздың өлмес, мәңгі байланысын шешуде дәрменді, сондықтан да ол тірлік үшін, тіпті анау Ойсылқара ұрпағы Нарқоспақ пен иттің тірлігі үшін де өзін жауапты санайды.
Қазақ әдебиетінде, шынында, Айтматов туралы терең айтылған сөз – кезінде Мұхтар Әуезовтің “Литературная газета” арқылы білдірген тілегі. Ол тілек орындалып, қырғыздың бір баласы жер шарын аралап кетті. Бүгінде Шыңғыстың шығармалары әлемнің негізгі тілдерінің бәріне дерлік аударылды. Аталы тілек орындалды, бұл Мұхаңның асқан көрегендігі, талантты тануы еді. Шыңғыс Айтматов көзі тірісінде классикке айналды. Осы тұрғыдан келсек, Шыңғыс Айтматовтың биігі қайсы, жетпегені қайсы деген сауалдарға, сірә, жауапты асықпай, сабырлылықпен іздеген жөн.
ӘДЕБИЕТТТЕР
1.Айтматов Ч. Өзім және өзгелер жайлы.//Сөзстан// құраст. Б.Сарбалаев. Алматы, 1980.
2. XX ғасыр мәдениеті. // Мәдениеттану. Алматы.2013.
3. Айтматов Ч.Вся правда. девять лет спустя// И дольше века длиться день. Лицом к лицу: Роман, повесть. Фрунзе, 1991
4. Айтматов Ш. Ақ кеме. Повестер мен әңгімелер. Алматы, 1973.
5.Айтматов Ш Тау мен дала хикаясы Алматы,1964
6.Айтматов Ш., Шаханов М. Сырласу қуанышы// Қыз басындағы аңщының зары (ғасыр айырығындағы сырласу). Алматы, 1997.
7. Әбіш Кекілбаевтың журналист Жанболат Аупбаевпен сұхбаты// «Жұлдыз» – 1996. Қаңтар
Достарыңызбен бөлісу: |