«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет27/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   56

ҚҰНДЫЛЫҚ — танымның, белгілі бір обьектінің адам үшін, топ үшін, қоғам үшін қасиетті деп танылуы. Қ. филос.–социологиялық ұғым. Қ. объектінің адам үшін қаншалықты маңыздылығын айқындайды. Қ–қа ешқандай күмән келтіруге болмайды, ол барлық адамдар үшін идеал, эталон қызметін атқарады. Қ. қоғамдық–саяси, рухани, жағымды түрде көрініс табу мүмкін. Қазіргі кезеңде ұлттық, таптық, топтық Қ–тарға қарағанда, жалпы адамзаттық Қ–тар приоритетті (өмір сүру құқы, еңбек ету, білім алу, теңдік, еркіндік, меншік, балаларға деген махаббат, үлкендерді сыйлау, жақыныңа жаның ашу, Отан сүйгіштік, кәсіпкерлік, қауіпсіздік, адалдық т.б.) маңызға ие болып отыр.


Жалпы алғанда, Қ–тар деп адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Қ–тар әлемінің өмір сүруінің терең себептері – адамның өзінде, оның саналы пенделігінде, өмірдің мән–мағнасын іздеуінде жатса керек. Өйткені, адам – ерікті пенде, ол өз тағдырын өзі күнделікті өмірге келетін мүмкіндіктерді таңдау арқылы жасайды.
Адамның өзі, бір жағынан, дене болса, екінші жағынан, – рух. Дегенмен де, Қ–тар әлемін, негізінен, екіге бөлуге болады. Олар – материалдық және рухани Қ–тар. Қайсыбір рухани құбылыс өмірге келу үшін заттанса, яғни, материалдық қабыққа ие болса, онда шынайы өмірде материалдық және рухани Қ–тарды бір–бірінен айырып қарастыру негізінде адамдардың сан–алуан қажеттіктері жатыр. Қажеттік деп адамның өмір сүруіне, оның жан–жақты дамуына керектінің бәрін айтуға болады. Бүгінгі қоғамдағы адамдардың рухани қажеттіктерін оятуынан гөрі өкінішке орай, материалдық Қ–тарға құмартқан көпшілік бүгінгі таңда соның шырмауынан шыға алмай жатыр. Егер қайсыбір жануардың қажеттіктері оның инстинктері арқылы берілсе, адамның қажеттіктері оның сана–сезімдерінен бастау алып, белгілі бір мүдделерге айналады. Жануарлар бір нәрсеге мүдделі деп айту ақылға сыймайды, ол тек адамға ғана тән нәрсе. Өз мүдделерін іске асыру үшін адам алдына неше–түрлі мақсат–мұраттар қояды. Соңғыны іске асыру жолында адам өз ырқын шыңдап, неше–түрлі қиындықтардан өтуге дайын болуы керек. Орындалған мақсат–мұрат келесі сатыда жаңа Қ–тарға бағыттайды т.с.с.
Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің Қ–ғын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы – сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан, ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі – адамды әрқашанда мақсат–мұрат тұт, оған ешқашан құрал ретінде қарама – деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан “адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек” – деген тұжырым шықпау керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдендіріп, үндестікте (гармония) өмір сүруі қажет.
Әрине, бүгінгі таңда адамды құрал ретінде пайдалану өмірде жиі кездесетін құбылыс. Адам өмірде кейбір кезде өз орнын таба алмай, қиналып, зардап шегеді, тіпті өмірден түңілуі де мүмкін. Уақытында М.Монтень айтқандай, “кімнің басына сартылдап бұршақ ұрып жатса, соған бүкіл жер бетін найзағай мен дауыл алып кеткендей көреді”. Ол, әрине, сол адамның әлсіздігін, тіпті ақыл–ойының тайыздығын көрсетеді дер едік. Әрине, біз бұл өмірге сұранып келген жоқпыз, бірақ, осы ғажап Дүниенің бір кішкентай да болса бөлігі ретінде бармыз. Одан артық Қ. бар ма екен?! Өмір қиындықтары, кездесетін сәтсіздіктер – уақытша, оларды жеңе білу керек, өйткені, сен – адамсың. Түнде сансыз жұлдыздар жымың қағып, Ғарыштың ақылға симайтын тереңдігін, сонымен қатар, оның бізге жолдап отырған жылы сәлемін көрсетпей ме? Күннің алқызыл атуы мен батуы, асқар таулардың жарқыраған шыңдары, шылдырлап бұлақтан аққан мөлдір су, мойынын бізге қарай бұрған аққудың әсемдігі, бұлбұл құстың әндері, құмнан қашқан ақ бөкеннің секіргені, сүйген жардың әр қимылы мен қылығы т.с.с. – бәрі де ғажап емес пе? Тағы да М.Монтень бізге мынадай ақыл тастайды – “өмірді әр қашанда қуанышты сезіммен қабылда, ол сенің даналығыңды көрсетеді”.
Адам өмірінен шығатын келесі құндылық – “бірінші байлық– денсаулық”, А.Шопенгауэр айтып кеткендей, “адамның бақытты болуының 9/10–ы оның денсаулығымен байланысты”. Расында да, тек денсаулықтың арқасында ғана өмірде кездесетін ауыртпалықтарды көтеріп жеңуге, ішкі табиғи дарындарды дамытып, шығарм. деңгейіне көтерілуге болады. Сондықтан, денсаулыққа саналы түрде қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, өз дене ақуалыңа қиянат жасамау керек. Ішімдік, шылым шегу, нашақорлық жолына түсу – ең зор байлық – денсаулықты өз қолыңмен жойумен тең.
Сонымен қатар, өкінішке орай, өмірде мүгедек, табиғатынан әлсіз туған жандар да кездеседі. Мұндай жағдайда олар өз рухының күші арқылы өмір мәнділігі мен Қ–ғын, қанша қиын болса да, аша білуі керек, ол үшін, әрине, жақындары, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан көмек қажет. Дүниежүзілік тарих мұндай адамдардың өмір қиындықтарын жеңіп, шығарм. дәрежеге көтеріліп, өшпес мұра қалдырғаны жөнінде мыңдаған айғақтар келтіреді. Қайсыбір қоғамның адамгершілік келбетін сол кем–тарларға жасаған ізгі істерінен көруге болады. Өкінішке орай, біз бүгін бұл жағынан мақтана алмаймыз.
Келесі қоғамның Қ–тары – еріктік пен теңдік. Кеңес Одағы заманында теңдік құндылығы жөнінде қаншама кітаптар мен мақалалар жазылып, болашақ коммунистік қоғамның өзегі ретінде қаралды. 1985 ж. жарияланған “қайта құру” (перестройка) саясатынан осы уақытқа дейін еріктік ұраны (либерализм) қоғамдық ақпарат құралдарының өзекті мәселесіне айналды. Егер бұрын партия–кеңес қайраткерлері теңдік ұранымен бүркешеленіп, өз мүдделерін іске асырса, бүгінгі “либералдар” теңдікті ұмытып, еріктік ұранын пайдаланып, ұлттық байлықты жекешелендірді. Бұл саяси сахнадағы көріністер. Бұл Қ–тарды философиялық тұрғыдан талдасақ: біріншіден, назар аударатын нәрсе – әрбір қоғам өз даму деңгейіне сәйкес еріктік пен теңдіктің белгілі бір мөлшерін анықтап, өмірге енгізеді. Тұрпайы қарапайым сана деңгейінде еріктікті “ойыма не келсе, соны істеймін мен” теңестіреді де, теңдікті – “бәрін тең бөліп берумен” шатыстырады. Ал тарихта ондай еріктік пен теңдік ешқашанда болмаған және болашақта да болмайды. Абсолютті (шегіне жеткен) еріктік адамның басқалардан тәуелділігін жойып, оны жалғыздықтың тұңғиығына әкелген болар еді. Екіншіден, ондай еріктік абсолютті теңдікпен ұласып, бір–бірін жойып (аннигиляция) жіберер еді. Сондықтан, француз ойшылы А.Камю ондай еріктікті “құзға бара жатқанын байқамайтын соқыр” адамға ұқсатты.
Әрине, еріктік – адамның тектік қасиеті, адам еріктікке жаратылған пенде. Еріктіктің негізінде ғана адам шығарм. дәрежеге көтеріліп, өз бойындағы қабілеттерін, талантын іске асыра алады. Адамды еркінен тыс шығарма тудыруға итермелеу мүмкін емес. Өйткені, оған шабыт керек. Ал зорлық пен шабыт бір–бірімен ымыраласпайтын нәрселер. ХХ1 ғ. қойған талаптарына сәйкес даму үшін әр адамның ерікті де шығармашылық еңбегі керек. Ол үшін білімнің биік шыңдарына жету қажет. Сонымен қатар, адамның теңдікке деген ұмтылысы да тарихтың қозғаушы күштеріне жататынын ескерген жөн. Теңдік рухы кең етек алған қоғамдарда адамдар өз абыройын, намысын (мен ешкімнен де кем емеспін деген сезім) жоғары деңгейде сезінеді. Яғни, ол сезім де адамның шығарм. іс–әрекетіне жол ашады.
Тәуелсіз елге айналып, өз мемлекеттілігінің іргесін қалау барысында бұрынғы тұрпайы теңдікке негізделген қоғамды еріктікке баулуда қиындықтар болды. Біріншіден, лезде жарияланған еріктік ұранын пайдалана алған белсенділердің саны аз болды да, талай жылдар “жоғарыдан түсетін бұйрықтың” негізінде өмір сүрген көпшілік жаңа жағдайға тосырқап, өз мүддесін іске асыра алмай қалды. Тек талай зардаптан өткен қалың бұқара жаңа өмірге бірте–бірте бейімделіп, біршамасы іскерлік танытып нарықтың қойнауына кіріп жатқан жағдай бар. Жас мемлекеттің шағын және орта іскерлікті дамыту саясаты да халықтың еріктікті сезініп шығарм. еңбегін оятуға өз себебін тигізді.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – еріктік шеңберін сапалы заңдар арқылы анықтап өмірге енгізу болмақ. Саясаттану тілінде оны “адам құқықтары” дейді. Сонымен қатар, еріктік ұранын алға тартып, ойына не келсе, соны істегісі келетіндерге, әсіресе, қоғам өміріндегі қайшылықтарды пайдаланып, бәріне “қара күйе жағып” билікке ұмтылғандарға заң жүзінде тосқауыл қойылуы керек. Әсіресе керекті нәрсе, бұрынғы қоғамның көп жетістіктерін қараламай жаңа өмірге енгізу, соның ішінде – халықтың санасында өшпес орын алған теңдік сезімді тек заң жүзінде ғана емес, моральдық Қ. ретінде сақтап қалу керектігі. Сонда ғана қоғамның шынайы демократизмін көруге болады.
Халықтың санасында терең ұяланған келесі Қ. – әлеуметтік әділеттілік. Бұл Қ. сайып келгенде, еріктік пен теңдіктің өлшемін, бірлігін құрайды. Әлеуметтік әділеттілікті тұрпайы теңдікке теңеуге болмайды. Өйткені, адамдардың туа бітті ерекшеліктерімен айырмашылықтары бар. Өздерінің іскерлігі мен тапқырлығына байланысты адамдар әр–түрлі деңгейде өмір сүреді. Ақыл–ойымызбен оны түсінсек те, әділеттілік сезім көп нәрселерді өзгертуге ұмтылдырады, өйткені, ол адамның жүрегінде ұяланған. Ақыл–ой мен жүрек ақиқаттарының арасында біршама айырмашылықтар бар, кейбір жағдайда жүрек шындығы тарихи көкжиекті дәлірек сезінеді. Әділеттілік сезім кемтарларға қол ұшын беруді, әлі ересек өмірге кірмеген жастардың өмір бастамасының тең болуын талап етеді. Расында да, әлі өмірге ешқандай үлес қоспаған немесе аямаған жастардың арасындағы әлеуметтік айырмашылық болашақ азаматтың жүрегінде көпке дейін жазылмайтын жара қалдырады.
Әлеуметтік әділеттің талаптарын іске асыруда мемлекеттің рөлін асыра бағалау қиын. Гегель айтқандай, “мемлекет – адамгершілік идеясының шынайы болмысы”, өйткені, оның негізгі мақсаты – қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету, төмендегі әлсіз әлеуметтік топтарға қамқорлық жасау. Тәуелсіз жас мемлекет алғашқы қадамынан бастап өзінің “әлеуметтік” мәнін шынайы түрде көрсете білді. Экономикадағы сан–қилы қиындықтарға қарамастан, пенсионер, мүгедектер т.с.с. әлсіз топтарға уақытында жәрдемақылар төленіп, олардың көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар, қоғам өмірінде мейрімділік, қайырымдылық рухы әрбір азаматтың ішкі дүниесінің Қ–на айналуы керек. Бүгінгі таңда неше–түрлі қайырымдылық қорлар әлсіз топтарға көмек беріп, оларға моральдық қолдау жасайды. Іскер топтардың өкілдері де бұл игі істерге жыл сайын көбірек үлес қосуда. Талай жылдар бойы қорланып қалған қиын әлеуметтік мәселелердің бәрін шешуге біршама уақыт керектігі айдан анық. Әлеуметтік әділеттілік талаптарын мемлекет пен қатар бүкіл қоғам болып жұмыла шешу керек. Жоғарыда көрсетілген Қ–тарды өмірге еңгізудегі құқық нормаларының орны ерекше. Жалпы алғанда, құқық деп біз әлеуметтік нормалар мен қарым–қатынастардың мемлекеттің күшімен қорғалатынын, сондықтан, олардың талаптары жалпыға бірдей қадағаланатын ерекше түрлерін айтамыз. Олай дейтін себебіміз – қоғам өмірінде басқа да әлеуметтік нормалар бар, мысалы, діни, моральдық, естет.т.с.с.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет