25 сәуірде шамамен 75 мыңдай әскер түбектің оң жақ бетіне,35 мыңдай әскер Геллус түбегіне, 35 мың австралиялық-жаңазеландиялық әскер батыс жағалауға түсірілген. Соның бәріне Мұстафа Кемал әскері шыдас беріп қана қоймаған, дәйім қарсы шабуылға шығып отырған. Мұстафа Кемалдың одақтастар әскерінен әуелгі бетте шегініп кетіп, ағылшындар мен француздардың мүйіске бекініп алуына жағдай жасап барып, дұшпан десантына позициялық окоп тактикасын күштеп таңғаны, сөйтіп шағын плацдармда қақпанға түсіргені оның әскери талантының тамаша танылуы дегенді көп авторлар атап көрсетеді. Черчилль түрік әскеріне тұтқиылдан соққы беріп, жапырып өте шығуды көздеген, ол Мұстафа Кемал дивизиясы мұншалықты сауатты қорғана алады деп ойламаған еді. Шын мәнінде түріктер қарсыластарын қанды қапқа салып алғандай етті. Галлиполи маңындағы ұзаққа созылған соғыс операциясының ең түйінді актісі 1915 жылдың 6 тамызында басталған. Жалпы түрік рухының, түріктің ұлы перзенті Мұстафа Кемалдың қолбасшылық талантының жарқырап ашылған шағы да сол тұста. 9 тамызда ағылшындар түрік тосқауылына тап келіп, тоқтатылады. 17 тамызда Киречтеле түбінде, 21 тамызда Анафарталар түбінде кескілескен шайқас болады. Ағылшындар әбден титықтаса да теңіз жақ беттен әскерді төккен үстіне төге түседі. Дарданел операциясының ең ұлы шайқасы Шанаққала түбінде өткен. Шанаққала шайқасындағы түрік әскерлерінің ерлігіне қайран қалмасқа шараңыз жоқ. Екі жақтан бас-аяғы 1 миллиондай адам қатысқан сол шайқаста 250 мыңнан астам түрік солдаты өз отанын қорғау жолында құрбан болған. Былайша айтсаңыз адам сенбестей, аңыз дерліктей жайлар да бар. Қатардағы жауынгер Сейит Чабук форттың жағалау артиллериясындағы расчетта болған екен. Ауыр артиллериялық снарядтарды көтеретін тетік бұзылып қалғанда сол Сейит, өзі аса алып денелі жігіт екен, 240 миллиметрлік үш снарядты көтеріп алып келеді де қару оқ атуды жалғастыра береді. Сонда жаңағы Сейиттің көтерген снарядтарының салмағы қанша деп ойлайсыз? Таба алмайсыз. Снарядтардың салмағы 275 килодан екен! Бұл дегеніңіз штангашылар да көтере алмайтын салмақ қой. Міне, Отанға деген сүйіспеншілік сын сағатта осындай да құдіреттер көрсеткен.Шанаққала шайқасы жеке тұлғаның тарих барысын өзгертіп жібере алатын керемет күшін де, сана сілкінтер сара сөздің ұлы қуатын да дәлелдейді. Мұстафа Кемал бүкіл әлемнің әскери тарихының парақтарына алтын әріптермен жазылардай атақты сөзін сол жерде айтқан.