Шайқастың ең бір шырқау шағында, түрік қолы әбден әлсіреп, дұшпан жағы шыдас бермеуге айналған кезде ол өз командирлеріне: «Мен сендерге шабуылға шығыңдар деп бұйырмаймын, мен сендерге шайқаста жан тапсырыңдар деп бұйырамын!» деп әмір еткен. Бұл бұйрығын«Біз бәріміз өліп болғанша біраз уақыт өтеді, оған дейін біздің орнымызға басқа әскерлер келіп үлгереді» деп түсіндірген. Бұйрық орындалған. Сол 57-ші полктің жеке құрамы шайқас соңына дейін түгел қырылған, шайқастың аяғына қарай артқы жақтан тың әскер жетіп, жау жағы кейін шегерілген. Соғыс операциясы барысында шамамен 25 мыңдай адамынан айырылған одақтастар өздерінің десант әскерлерін Галлиполи түбегінен толық эвакуациялауға мәжбүр етілген. Одақтастар Босфор және Дарданел бұғаздарын ақыры ала алмай-ақ қойды. Түркия астанасы Ыстамбұлды басып алып, Ресейге қарай теңіз жолын ашу жөніндегі мақсаттың жүзеге аспағанын айтудың да қажеті жоқ.Интернеттегі бір материалда Тұрғұт Өзақманның «Қайта тірілу» деген кітабынан Шанаққала шайқасына бозбалалардың қатысуы жөнінде жазылған мынандай жолдар келтіріледі: «Ешкім де балалардың жасына қарап жатпады, жасы тіпті 13-ке жаңа толған күнде де егер салмағы 45 килоға жетсе, одан асып жатса болды, майданға аттандыра берді»… Сөйтіп, бүкіл әлем түрік әскерлерінің таңғаларлық ерлігіне куә болды. Шанаққала түбіндегі жеңіс Түркия тарихындағы ғана емес, жалпы әлем тарихындағы бетбұрысты белеске айналды. Шанаққала түбіндегі шайқас Бірінші дүниежүзілік соғысты екі жылдай мерзімге ұзартты, әлемдік саясаттағы күштердің ара салмағын өзгертті. Шайқас нәтижесі түрік ұлтының моральдық рухын керемет күшейтті. Мұстафа Кемал ұлттық батырға айналды. Ұлы ұлттық Меджлис оған маршал атағына қоса құрметті «Ғази» (Жеңімпаз) лауазымын берді. 1922 жылдың тамызында түрік әскерлері барлық майданда шабуылға шықты. Басқыншылар туған жерден қуылды. Бейбіт бітім шарты жасалды. Түрік Республикасы құрылды. Осы жемісті жолды Шанаққала түбіндегі жеңіс бастап берген болатын. Ол шайқасқа түрік жауынгерлерін кейін туған халқы Ататүрік атандыратын Мұстафа Кемал көтерген еді.Бұл шайқастағы жеңіс тек ер түріктің мақтанышы ғана емес, бұл жеңіс жалпы түркі жұртының ортақ мақтанышы.Шанаққала шайқасының 102 жылдығына фотокөрме ұйымдастырған түрік бауырластарымызға алғыс айтып, достығымыз берік бола берсін деген тілек білдіруге рұқсат етіңіздер.Наурыз мерекесі құтты болсын!