Этникалылықты әр түрлі әдістемелік бағыт-бағдарлардың социологиялық тұжырымдамаларында түсініктемелеу алуан түрлі және көп жағдайда әлеуметтік шындықтың өзіне байланысты болады.
Этникалылықты түсініктемелеуші социологиялық тұжырымдамалар арасынан “объективті социологияға” (неомарксизм, ресурстық бәселестік теориялары), сондай-ақ “субъективті социологияға” (символикалық интеракционизм, рационалды таңдау теориялары) тоқталған жөн.
Неомарксизмнің негізгі методологиялық ерекшелігі мынада, оның тұжырымдамалары нәсілдік және этникалық қатынастар экономикалық факторлармен қоса алғанда, сипаты мен динамикасы алдын ала анықталған дейді. Сонымен қоса, этникалық және нәсілдік жанжалды терең, таптық жанжалдың көріну формалары деп санайды. Аталған бағыттағы ең маңызды зерттеулер О.Кокстің, М.Райхтың, Р.Майлстың, Дж Соломастың есімдерімен байланысты.
Классикалық және қазіргі кездегі әлеуметтік теорияларда негізгі орындардың бірі тұлғааралық және топаралық қатынастар бәселестіктер түсінігіне тиесілі. Қазіргі кезде табиғи, экономикалық, әлеуметтік, саяси ресурстар үшін бәсекелестік күресте ең күшті фактор этникалылық болып отыр. Этникалылық феноменіне қатысты ресурстық бәсекелестік теориясының төрт негізгі жағдайы бөлініп қарастырылуда: этникалық жұмылдыру урбанизациямен күшейе түсуде; оның қарқындылығы экономика бағыттарының кеңеюі есебінен жоғарылауда, бұл жұмыс орындары үшін бәсекелестікті күшейту еді; этникалық жұмылдырудың жоғарылауына шеткі, алыс аудандардың дамуы мен этникалық топтардың орын тепкен жерінде табиғи ресурстардың ашылуы әсер етеді және соңғысы этникалық жұмылдыру мемлекеттік құрылым процестерімен қоса жүреді. Этникалылықтық бәсекелестің ең басты себептерінің бірі - миграциялық жылжулар. Этникалық қатынастарға ресурстық бәсекелес жайындағы ойларды қолдану “мангестерлік мектептің” антропологтары Ф.Маердің, А.Коэннің, К.Митгелдің жұмыстарында көрініс береді.
Символикалық интеракционизмнің теориялық тұрғысы өткен ғасырдың 20 - 30-жылдары Чикаго мектебінің өкілдері тарапынан этнонәсілдік проблемаларды зерттеу үшін қолданылды (Р.Парк, Л.Вирт және басқалар). Этникалылықты осы парадигма шеңберіндегі қазіргі заманғы зерттеулерге, этникалық қатынастарды индивидтердің өзара “ұжымдық анықтау” процесіндегі әлеуметтік байланыс ретінде түсіну тән. Символикалық интеракционизм этникалық топтардың қатынастарына тән жасырын дуализмді көрсетеді: ол ішкі ынтымақтасуды күшейте отырып, бағынышты топтар көп деңгейде өзінің “қайталанбастығын” дәлелдеуге тырысатын жағдайларын анық түрде қисынға келтіріп бере алмады немесе ортақ мәртебемен ықпалды арттыру мақсатында басқа да қауымдастықтармен өзара ұқсастыққа жетуі мүмкін. Этносаралық қатынастардағы ұжымдық анықтау мен дуализм проблемасын талқылау, символикалық интеракционизм жақтаушыларын “этникалық парадокс” деген атау алған құбылысты қарастыруға алып келеді (Б.Лал), оның мәні этникалық институттар топтық ұқсатуларды айқындаумен қатар этнотоптар үшін бірінші кезекте үстем этникалық қауымдастыққа тиесілі экономикалық, саяси, әлеуметтік өмірге және ресурстарды бөліп беруге айтарлықтай толық күйде қатысуды қамтамасыз ететін стратегиялық механизмдер қызметін атқаруында.
Көріп отырғанымыздай, этникалылық бір-бірінен қандай да бір мәдени сипаттамаларымен ерекшеленетін топтар немесе қауымдастықтардың институттанған қатынастарын білдіреді. Алайда ең бастысы ол мәдени ерекшеліктерді топтастыру формасы бола тұра, ең алдымен өзіне объективті және субъективтінің бірлігін қамтитын, көбінесе нақтылы топтық мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде көрінетін әлеуметтік феномен болып табылады. Міне, осы мағынада этникалылық социология үшін үлкен қызығушылық тудырады. Сондықтан этникалылық факторының қазіргі қоғам өміріндегі орнын, рөлі мен мағынасын зерттеу өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, теориялық қана емес, тәжірибелік тұрғыдан да маңызды болып отыр.
Қазіргі кездегі әлеуметтік ғылымдарда этностар динамикалық жүйелер, процестер ретінде қарастырылады. Алғашқы кезде этникалық процестерге адамдардың этникалық тиістілігінің ауысуына алып келетін этностардың өзгерісі жатқызылды. Бірақ 60-шы жылдардың соңында-ақ бұл түсінік бойынша “этникалық процестер” ұғымының аясы тарылып барады делінген еді (Л.В. Хомиг). Тиісінше бұл процестерді адамдардың этникалық тиістілігінің өзгеруін білдіретін этнотрансформациялық және адамдардың этникалық тиістілігі сол күйінде қалатын этностардың өзгеруін білдіретін этноэволюциялық деп бөлу жөнінде пікір айтылған еді (Ю.В. Бромлей).
Сонымен қатар, этникалық процестер мен этноәлеуметтік қауымдастықтардың өзгеруін айырып көрсету ұсынылды (Ю.В. Бромлей). Ал, этникалық процестер өз кезегінде біріктіруші және ажыратушы болып бөлінеді.
Этнобіріктіруші процестерге консолидация (В.К.Гардаков, Е.О.Долгих, Т.А.Жданко), ассимиляция (В.И.Козлов, И.С.Гурвич), этносаралық миксация жатады. Консалидацияның өзін ішкі этникалық және этносаралық деп бөлу ұсынылды (Ю.В.Бромлей). Этносаралық консалидация деп тілі мен мәдениеті бойынша бұрын дербес, бірақ туыстас болған бірнеше халықтардың ортақ жаңа ірі этносқа бірігу түсіндіріледі. Ішкі этникалық консалидация - бұл этностың барлық айырамашылықтарды жұмсарту арқылы жұмылдырылуы. Ассимиляция деп дербес өмір сүретін этностың немесе оның қандай да бір бөлігінің басқа біреуге, әдетте ірі халықтың ортасында сіңіп кетуі түсіндіріледі. Этносаралық интеграция - бір-бірінен тілі және мәдениеті бойынша айтарлықтай ерекшеленетін этностардың өзара әрекеттесуі (әдетте мемлекет ішінде), бұл нәрсе оларда бірқатар ортақ белгілердің және ортақ сана-сезім элементтерінің, басқаша айтқанда метаэтникалық қауымдастықтың пайда болуына алып келеді. Этносаралық миксация - туыстық бойынша байланыспаған халықтардың өзара әрекетке түсуі, оның барысында жаңа этнос пайда болады.
Этноажыратушы процестерде парциация, сепарация (П.И. Пучков) және дисперсизация (Ю.В. Бромлей) бөлініп шығады. Этникалық парциация кезінде бұрын біртұтас болған этнос бірнеше азды-көпті бөліктерге бөлініп кетеді және ол бөліктердің ешқайсысы өзін толығымен ескі этноспен теңестірмейді. Этникалық сепарацияға қандай да бір үлкен емес халықтан уақыт өте дербес этносқа айналатын бір бөлігінің бөліну (әдетте салыстырмалы түрде кішкентай бөлігі) жағдайы ұғынылады. Егер этникалық парциацияда бастапқы этнос шындығына келгенде өмір сүруін тоқтатса, этникалық сепарацияда ол сақталады. Парциация сепарацияға қарағанда этникалық дисперсизацияда бұрынғы этностан жаңа этносқа айналатын бөліктері емес, тек этникалық топтар құратын бөлігі бөлініп шығады.