БОӨЖ 8. Тақырыбы : Марғасқа толғауларындағы хан Тұрсын бейнесі
Марғасқа жыраудың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа XVII ғасырда өмір сүрді деп айтылады.
Ғалым-жазушы М.Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «XVII ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVII ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ, ол туралы XVII ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болған.
Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен жалғыз ғана өлеңі бар.
Бұл шағын өлең 13 жолдан тұрады. 1627 жылы шамасында Ташкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы шығармаға қатысты қолжазбасында былай делінеді: «Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан мен Есім хан ант етісіп, бір-бірімен жау болмасқа бата қылысты. «Күнбатыс Бұқар, Қоқан, Самарқандпен жауласуға мен қарсы тұрайын. Сен күншығысқа қосын қылып аттан. Ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық», - деп Тұрсын хан кеңес берген соң, мың кісі қосын алып Есім хан күншығысқа бет қойды»
Тұрсын хан Есім ханды алдап аттандырып жіберіп, иесіз қалған елді шауып алады. Марғасқаның:
«Ей Қатағанның ханы Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын» , - деп ашына айту себебі де осыдан.
Марғасқаның бұл өлеңінде батырлық сарын басым. Марғасқа сияқты жүрек жұтқан жыраудың бұл өлеңі де ел мұңы, бақытты өмірді аңсау мұратымен терең ұштасып жатады. Өмір талқысын көп көрген жырау өлеңін оқи отырып жауға – мейірімсіз, досқа – адал, дұшпанға – сақ болуға үндейтінін аңғарамыз. Бұл – жыраудың батыр ретіндегі бірлік пен ерлікке шақырған өсиеті деп танимыз.
Әдебиетші ғалымдар Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, К.Сыдықовтар Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет институтының қолжазба қорынан алып, 1967 жылы «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясында» жариялаған бұл толғаудың мәтіні төмендегідей:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз елді еңіретіп,
Жер тәңірсіп жатырсың.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңде келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!
Марғасқа толғауының жалпы мазмұнына қарасақ, шығарманың 1627 жылы шыққаны анық танылады. Себебі – бірнеше жылдар бойы оқтын-оқтын шапқыншылық жасап, елдің берекесіналған ойраттарға қарсы қалың ел Есім ханның бастауымен дәл осы жылы шешуші жорыққа аттанған кезде Қазақ хандығына қарасты Ташкент жұртының әміршісі, қатаған руынан шыққан Тұрсын хан ел ішінде ойран жасап, сол кезеңдегі қазақ астанасы – Түркістанды опасыздықпен басып алған болатын және Есім ханның отбасын тұтқындап, Ташкентке жөнелткен еді. Ал ойраттарға күйрете соққы беріп, қайтып оралған Есім хан келесі кезекте Тұрсын хан бастаған бүлікшілерді Сайрам түбінде талқандап, Ташкентті қайта бағындырып, антбұзар Тұрсын ханның басын шапқан болатын.
Марғасқаның опасыз Тұрсын ханға арналған сөзі дәл осы оқиға үстінде, дәлірегі, Тұрсынның Ташкенттегі сарайын Есім хан сарбаздары басып алған сәтте айтылса керек. Осы тұста, жоғарыда сөз болған, ойраттарды талқандай жеңу мен Ташкентке шабуыл аралығында үзіліс болмағанын ескерсек, Марғасқа жыраудың аталған екі оқиғаның да белортасында жүргенін түсінеміз. Ал Тұрсын ханның сарайына алдыңғы лекпен кіріп, оған бетпе-бет тіл қатуына қарағанда, оның әрдайым сарбаздардың алдыңғы қатарында жүргенін де пайымдаймыз. Марғасқа жыраудың алғы лекте болғанын оның:
«Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңде келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!» – деген сөздері айғақтайды.
Жоғарыдағы жәйттерден Марғасқа жыраудың Есім хан тұсындағы дүбірлі оқиғалардың қақ ортасында жүріп, жорықтар мен ұрыс-шайқастар кезінде қазақ сарбаздарын өткір жыр-толғауларымен жігерлендірген өр мінезді, өткір тілді жырау болғанын анық сезіледі. Сондай-ақ, Марғасқа жырау толғауына тән батылдық, кесіп айту іспетті сипаттардың кейінгі ақын-жырауларда ауқымдала көрінетінін ескерсек, оның шығармашылық дәстүрі кейінгі жыраулар буыны үшін үлгі болғанын байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |