Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі


Зерттеу жұмысының деректік негізі



бет2/3
Дата05.11.2016
өлшемі0,49 Mb.
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың дерек көзі ретінде Алматы, Уфа, Орынбор, Астрахан, Орал қалаларындағы мұрағат қорларында жинақталған құжаттар, кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар қорларындағы ХХ ғасыр басындағы мерзімді баспасөз материалдары, құжаттар жинақтары, замана куәгерлерінің естеліктері алынды.

Негізгі деректердің дені Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ) қорларынан алынды. «Ішкі Қырғыз (Қазақ) Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес» (№78-қор); «Бөкей облыстық жұмысшылар, солдаттар мен шаруалар депутаттары Кеңесінің Атқару Комитеті» (№1453-қор); «Қазақ АССР-ның ішкі істер халық комиссариаты» (№40-қор); «ХІХ ғасырдағы Орынбор шекара комиссиясы» (№4-қор); «Ысмайлов қоры» (№1985-қор). Бұл көрсетілген қорлардан ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ халқының қоғамдық өмірі мен шаруашылығы, ХХ ғасырдың І ширегіндегі Бөкей даласындағы оқиғалар жөнінде мәліметтер алынды. Сондай-ақ бұл қорларда Ғұмардың қызметі, оның Кеңес жұмысына қатысуы, ағарту саласындағы қызметтерін айқындайтын құжаттық деректер сақталған.

Қазақстан Республикасының Президенті Мұрағатының (ҚРПМ) «Естеліктер» (№811-қор) деп аталатын қорындағы Ғ.Қараштың өмірі, азамат соғысы туралы, Кеңес өкіметі тұсындағы оқу-ағарту, баспасөздегі қызметіне қатысты Ғ.Сарыбаев, Ж.Сарсеков, Ғ.Салимов, Ш.Күсәпқұлов сияқты сол тарихи кезең оқиғалары куәгерлерінің естеліктеріндегі құнды деректер пайдаланылды.

Зерттеу нысанындағы көптеген құнды деректер Башқұртстан Республикасы Орталық Мемлекеттік тарихи мұрағатының (БРОММ) «Орынбор діни басқармасы» (№ 295-қор); «Уфа губерниялық жандарм басқармасы» (№187-қор); «Ғалия» медресесінің тарихы бойынша құжаттар жинағы» (№ 4667-қор) деп аталатын қорларынан алынды. Аталған қорларда Ғұмардың Уақытша үкімет тұсындағы және Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі Орынбор мүфтилігінің қазиы қызметін атқарғанын айғақтайтын құжаттар сақталған.

Тақырып бойынша құжаттар Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФАОММ) мынандай қорларынан алынды: «Астрахан губерниялық статистика бөлімі» (№135-қор); «Губерниялық жандарм басқармасының» (№286-қор); Ішкі Орданың 1895 жылғы жылдық есебі» (№ 734-қор); «Астрахан губерниясының ішкі істер басқармасы» (№1632-қор); «РФ Астрахан облысының қазіргі заман құжаттары мемлекеттік мұрағатының (РФАОҚҚММ) (№1094-қор). Осы көрсетілген қорларда Бөкей облысының ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басындағы жалпы жағдайы, өлкедегі оқу ісі, сауда т.б. деректер жинақталған. Сонымен қатар аталмыш мұрағат қорынан «Қазақстан» газеті жөніндегі дерекпен бірге Ғ. Қараштың идеялас серіктері Б.Қаратаев, Е.Бұйрин туралы мәліметтер ғылыми құндылығымен ерекшеленеді.

Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында (РФОрОММ) «Шора» журналы, «Қазақ» газетіне қатысты құнды деректер «Орынбор губерниялық жандарм басқармасы» №21-қорында жинақталған. «Орынбор губернаторының кеңсесі» №10-қорында «Қазақ» газетін шығаруға атсалысып, көмек көрсеткен басқа ұлт зиялылары туралы құнды деректер сақталған.

Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында (БҚОММ) Ғ.Қараштың Кеңес өкіметі тұсындағы қоғамдық қызметі жөніндегі құнды деректер төмендегідей қорларда сақталған: «Бөкей Облыстық Советі атқару комитетінің құжаттары» (№ 312-қор); «Бөкей губерниялық партия комитеті құжаттары» (№17-қор). Мұрағат қорында жинақталған Бөкей облыстық сьезінің хаттамалары, баяндамалары, тізімдерімен бірге Ғұмардың өз қолымен жазған өмірбаяндық мәліметтері бар тіркеу қағазының табылуы ұлт жанашыры өмірінің беймәлім жақтарын анықтауда құнды дерек көзі болып табылады.

Ғ.Қараштың өмірін зерттеуде құнды дерек көзі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде сақталған Х.Әжікеевтің, Ө.Бекетовтың, Ш.Бекмұхамедовтың естеліктері пайдаланылды.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «М.Ысмағұлов қорында» сақталған ауқымды материалдар жинағы да тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін зерттеуде ғылыми негізге алынды.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі.

Тәуелсіз қазақ елінің шынайы тарихын жасап, халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыруда ұлт қамын ойлаған, тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтерін жаңа методологиялық тұрғыда зерттеудің маңызы зор. Ұлт зиялыларының халық игілігі үшін атқарған қызметтері, олардың реформаторлық, жаңару идеясын уағыздаулары, кейінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге. Соның нәтижесінде патриоттық сана оянып, ұлттық мемлекетіміздің идеологиялық тірегі берік болары ешқандай күмән туғызбайды. Осы ретте Ғ.Қараштың қоғамдық-саяси қызметі мол мұрағат қорлары негізінде алғаш рет тарихи-тарихнамалық талдауға түсіп, ғылыми бағасын алып отыр. Мұның өзі ХХ ғасыр басында қалыптасқан қазақтың зиялы өкілдерінің тарихын зерттеушілер үшін де танымдық пайдасы мол деп есептейміз. Зерттеу еңбектің нәтижелері мен тұжырымдарын қазақ ұлттық интеллигенциясының тарихына қатысты жазылатын еңбектерге, тарих факультетінің студенттеріне жүргізілетін арнаулы дәрістер, арнаулы семинарлар үшін пайдалануға болады.

Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі басылымдарда жарияланған 4 мақала түрінде көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге, 6 мақала Орал, Семей, Тараз қалаларында өткен халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарық көрді.

Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталады. Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері, методологиясы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы айқындалды.

«Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы» деп аталатын бірінші тарауда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі Батыс Қазақстан аймағындағы әлеуметтік-экономикалық өмір жағдайлары, жалпы қайраткердің дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер еткен жайттар талданды.

Ғұмар Қараш 1875 жылы бұрынғы Бөкей губерниясының Талов қисымындағы (уезіндегі) Борсы жерінің Құрқұдық мекенінде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты) дүниеге келген [26, 2 п.; 23, 50 б.; 22, 4 б.]. Ғұмардың дүниеге келіп, ер жеткен ХІХ ғасырдың соңғы ширегі Ресей империясы тарихының күрделі кезеңі болатын. 1861 жылы крепостнойлық право жойылғаннан кейін капиталистік қатынас қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп еніп, сауда мен ауыл шаруашылығының дамуына әсер ете бастады. Бірақ Ресей экономикасының артта қалғандығы, рухани өмірінің мешеулігі бұл жаңа қатынастың тез жайылып дамуына кеселін тигізе берді. Соның ішінде ұлттық аймақтарда өнеркәсіптің дамуы өте мардымсыз болды. Көшпелі халықтың одан әрі отырықшылануына, егіншілік, қолөнер, балық аулау т.б. салаларының жаңа тұрғыда дамуына мүмкіндік бола бермеді. Дегенмен, Ғұмар Қараштың өскен өлкесі Таловка қисымында 1870-1880 жылдары егіншілікпен шұғылданушылар көбейе түсті. Бұрын бұл жерде тары өсірумен шұғылданса, енді ауыл шаруашылығы салаланып ақ бидай, қара бидай, сұлы, арпамен қатар бау-бақша пайда болады [ 27, 75 п.].

ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстаннан барған сайын көп мөлшерде астық (дәндей және ұндай) тасылып әкетіле бастады, мұның өзі қоныс аударушылар шаруашылықтарында да, қазақтардың шаруашылықтарында да товарлы астық өндірісінің артуымен байланысты болды. Бөкейлік пен Орал облысы қазақтары осы кезеңде товарлы астық өндіріп сатуда алға шықты. Біздің тақырыбымыздың негізгі өзегі болып отырған Талов қисымында 1899 жылдары қазақтар 2060 десятина ақ бидай, 145 десятина тары, 100 десятина сұлы, 420 десятина қара бидай ексе, Тарғын қисымында 1200 десятина ақ бидай, т.б. дақылдар егіледі. Бөкей Ордасы бойынша 2580 десятина ақбидай, 440 десятина қара бидай т.б. өнімі алынған [ 28, 12 п.]. Жоғарыда аталған Талов, Тарғын қисымдарында егін егіп, ору, дән түсіру жұмыстарына қырлы тас, молотилка, сеялка сияқты жаңа техниканы пайдалану кең таралған. Сондай-ақ 11 жел диірмен жұмыс істесе, оның 7-і Таловкада болған. Сламихинде 5 диірмен істеген [ 29, 21 п.].

Солай десек те мұрағат мәліметтеріне қарағанда ХХ ғасырдың басында Бөкей даласы шаруашылығы біржақты дамыған. Ал Ресейдің астықты аудандарымен шекаралас жоғарыда аталған Таловка, Тарғын қисымдарында егін шаруашылығының өркендеуі байқалады [ 30, 6 п.].

1900 жылы Бөкей Ордасындағы 55998 шаңырақтың бәрі дерлік мал өсірумен шұғылданып, қолдарында 118989 бас түйе, 172312 жылқы, 39025 мүйізді мал, 1833778 бас қой-ешкі болған. Соның ішінде Таловка қисымында 6915 шаңырақ, ол оның №1 старшындығында, Борсы ауыл қоғамында – 1030, Ғұмар Қараш туып, өскен №2 старшындықта 914 шаңырақ болған [31, 27 п.].

Таловка қисымының бір ерекшелігі тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Мұрағат қорында сақталған мына бір мәліметтен осы ерекшелікті айқын көруге болады: 1900 жылы Таловкада орыстар, қазақтар – 339, татарлар – 198; 1902 жылы – 190 үй, оларда 683 орыс, 612 қазақ, 361 татар тұрса, 1909 жылы – 208 үй, оларда 798 орыс, 608 қазақ, 383 татар тұрған. Бұл сандардан көріп отырғанымыздай, әр жыл сайын жергілікті қазақтардан гөрі орыс, татар халықтарының саны өсіп отырғаны байқалады [ 32, 34 п.].

Бұл өлкеге татарлардың келуі қазақтар үшін пайдалы жақтарының болғандығын да жасырмауымыз қажет. Біріншіден, жергілікті қазақтардың алыстағы Қазан, Уфа, Самара, Орынбор, Бұзаулық (Бузулук) сияқты т.б. қалалармен байланысы жақсарады. Сөйтіп қазақ жастарының осы қалаларда оқу, өнер үйренуіне, тұрмыс мәдениетін жөндеуге, шаруашылықтың дамуына, сауданың ұлғаюына септігі тиеді. Татарлардың негізгі кәсібі сауда болғандығы белгілі. Әрине Таловкада егішіліктің дамуына байланысты жер үшін татарлармен талас-тартыстардың, болып тұрғандығын архив деректері дәлелдеп отыр. Бірақ келе-келе тегі бір, діні бір екі халық өзара жақындаса түседі. Екі ұлттың бұл жақындасуынан сескенген орыс үкіметі жергілікті әкімшілікке қосымша шаралар қолданып, Таловка жеріне орыстардың – көптеп көшіп келуі үшін тезірек жер, несие беруін талап етеді [ 33, 30 п.].

Сонымен татар халқының артынша 1875-1880 жылдары, яғни Ғұмар Қараштың дүниеге келген шамасында Ресейдің көрші губернияларынан Таловка жеріне орыстар да көшіп келіп, орныға бастайды [34, 121 п.]. Жасынан зерек Ғұмардың орыс және татар тілдерін жетік меңгеруіне осы ахуал ықпал етті деген пікір түйеміз.

Патша үкіметі қазақ халқын рухани езгіге де ұшыратты. Империялық мемлекет қай уақытта да отар елдің жерін басып алумен қатар экономикалық тәуелділікте, рухани бағыныштылыққа ұстауға тырысатыны белгілі. Отарлаушылар қазақтардың мемлекеттік рухын қалайда жою ниетінде, оянып келе жатқан ұлттық санасын тұмашалап, тілінен, дінінен, дәстүр-салтынан айыру бағытындағы ұйымдастырылған шараларды іске асыруға ұмтылды. Алайда патша әкімшілігінің керітартпа кедергілеріне қарамастан ХІХ ғасырдың соңына таман қазақтардың өз күшімен мұсылман мектептерін ашып, ер балалармен қатар қыз балаларды да сауаттандыруға деген ұмтылысы күшейіп отырған. Бұл пікірімізге мына мұрағат дерегі дәлел бола алады. Мәселен, 1865 жылғы мәлімет бойынша Бөкей даласындағы 93 қазақ мектебінде оқыған 3142 баланың 1200-і қыз балалар болған [ 35, 12 п.].

Бірақ қазақ балаларының білімге мұндай ұмтылысы патша үкіметіне ұнамады. Халық ағарту министрлігі миссионер ғалымдардың тікелей араласуымен дайындаған 1870 жылғы 26 наурыздағы ережеге сәйкес Н.И. Ильминский оқу-ағарту ісінде мұсылмандарды орыстандырып, орыстармен сіңістіріп жіберу міндетін атқаратын орыс-түземдік аралас мектептерінің санын көбейтуді ұсынды [36 , с. 167].

Бізге жеткен деректерге қарағанда әкесінен жастай жетім қалғанмен дәулетті ағайындары Ғұмарды Жанша деген молдаға оқуға береді. Бұдан соң ол мешіт ұстаған указной молда Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білімін толықтырады. Сөйтіп, Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен «мешіт ашып, молда болады» деген куәлік алады да, өз ауылы Құрқұдыққа молда болып келеді.

Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуының қайнар көздерінің бірі – ол Ресейдің озық-ойлы қоғамдық ой-пікірі мен демократиялық бағыттағы ағымдары болып табылады. Өйткені Ғұмардың өзі туып өскен Орал өңірінің Ресейге жақын орналасуы, орыстың демократиялық зиялы қауым өкілдерінің қазақ елінде жиі болуы және қазақ жастарының Ресейдің орталық қалаларында университеттік білім алып, халықтың игілігі үшін қызмет атқарулары Ғ.Қараштың саяси көзқарасының өсуіне әсер еткені сөзсіз. Қазақстанның Батыс өңірінен университеттік білім алған қазақ зиялыларының саны, басқа өңірлерге қарағанда басымырақ болғаны да ақиқат. Мысалы, Ғұмар Қараш ІІ-ші Думаның депутаты, ірі қайраткер Бақытжан Қаратаевпен, сол сияқты «Айқап» журналын шығарушылардың бірі болған заңгер Жанша Сейдалинмен жақын араласып қана қоймай, сонымен бірге пікірлес те болған. Міне, осындай рухани әсерлер Ғұмардың қайраткер болып қалыптасуына ықпал еткені анық.

Т.Виннер, Е.Ысмайлов, М.Ысмағұлов, Б.Қ.Бірімжаров, С.Өзбекұлы т.б сынды зерттеушілер Ғ.Қараштың сол кезеңдегі саяси оқиғаларға көзқарасы төңірегіндегі ой-пікірлерін 1905-1907 жылдар аралығындағы орыс революциясының ықпалымен байланыстырады. Мәселен, Ғұмардың саяси санасының өсіп жетілуі жөнінде ағылшын ғалымы Томас Виннер 1958 жылы жарық көрген «Орта Азия әдебиеті» деген еңбегінде: «1905 жылғы саяси толқулар оның өмірге деген көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, ол орыс төңкерісшілерінің мұрат-мақсатына еліктеп, ел арасында насихат жұмысын жүргізе бастады. Кейінірек Ғұмар Қараш бар күш қуатын поэзияға арнап, еңбектері Қазан, Офа (Уфа-Б.Б.) және т.б. үлкен қалалардағы татар газеттерінде жарық көре бастады. Оның поэзиясы Сұлтанмахұт Торайғыровтың поэзиясы сияқты саяси және әлеуметтік мазмұнға толы» [ 25, 32б.], – деп жазды.

Т.Виннердің бұл пікірін Ғ.Қараштың «Фикер» газетінің 1906 жылғы 19 санында «Қазақ халқының ахунд уа имамларына уа ғайри баш адамларына бірнешеу өтініш» атты мақаласының жариялануы дәлелдей түседі. Баспасөз тарихынан белгілі бұл кезеңде қазақ тіліндегі басылымның болмауы себепті қазақ оқығандары өзге татар тіліндегі газет-журнал бетін пайдалануға мәжбүр болған. Олар татар зиялыларымен достық қарым-қатынас жасаған. Мәселен, зерттеуші ғалым Р.Нафигов татар ақыны Тоқайдың Б.Қаратаев, Н.Ипмағанбетов, Х.Досмұхамедов, Ғ.Қараш сияқты қазақ достарының болғандығын көрсетеді [ 37, с. 52].

Алаш тұлғасының өмір жолын, қоғам дамуына қосқан үлесін барлап, байыптап қарағанда Ғұмар Қараш – ХХ ғасыр басында қазақ елін қараңғылықтан құтқарудың жолын іздеген, өз тұсындағы жаңа тұрпатты педагог. Ол – артына өлмес мұра етіп, ұлы тағылымдарын қалдырған ойшыл философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер ағартушы.

«Ғұмар Қараштың педагогикалық және ағартушылық қызметі» деп аталатын екінші тарауда ұлт жанашыры Ғұмар Қараштың діни ағартушылық, педагогикалық қызметі және оның жәдидшілдігі жан-жақты талданған. Зерттеу жұмысының осы тарауында Ғұмар Қараш Қазақстанда идеялық - саяси ағым ретінде қалыптасып келе жатқан жәдидшілдік қозғалыстың жақтаушысы ретінде туған халқын еуропалық дыбыстап оқыту әдісіне тартуды қолдаушы ғана емес, туған жерінде мектеп ашып, мектепте оқытудың жаңа әдісін қолдану арқылы дүниелік пәндерді енгізіп, шәкірттеріне өз елінің тарихын, әдебиеті мен тілін оқытып-үйрету идеясын іс жүзіне асырушы жәдидшіл тұлға ретінде анықталған. Сондай-ақ аз уақыт шықса да баспасөздің газет ісіндегі көш бастаушысы ретінде танылған «Қазақстан» газетін ұйымдастырып, шығарудағы қайраткердің қосқан зор үлесі зерделенген.

Ғ.Қараш Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен «мешіт ашып, молда болады» деген куәлік алып, өз ауылы Құрқұдыққа молда болып келеді. Ал 1900 жылдары қазіргі Казталовка ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде медресесі бар мешітке ауысып, қазақ балаларының сауатын ашуға ат салысады. Кейін 1902-1908 жылдар аралығында Қазандағы Маржани медресесін бітіріп, елге келген соң 1908-1910 жылдары Тіленшісай елді мекенінде мектеп ашып, жәдидше оқу ісін жолға қояды. Арнайы жоғары дәрежеде діни білім алған Ғ.Қараштың қоғамдық көзқарастарында дін мен шариғат заңдарының ерекшелігі айқын көрінеді. Ерекшелігі сол Ғұмардың қоғамдық көзқарасты өзгертуге бағытталған идеялары діни қағидалар мен шариғат заңдарының адамгершілік, гуманизм, қамқорлық, сүйіспеншілік, пендеге қиянат жасамау сияқты қағидаларына негізделген және оның барлық іс-әрекеті сол қасиетті ұғымдарды насихаттау ісіне бағытталған. Мәселен, Ғ.Қараш: «Біздің халқымыз ахирет дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез-құлықтардан аулақ болған болар едік. Ақиқат дін жолымен жүріп тапқан киім-кешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады» [18, 176 б, ], – деп діннің тәрбиелік маңызына мән береді.

Ғ. Қараш халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялысының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады. Сондықтан да оның жариялаған мақалаларының басым бөлігі оқу-білім мәселелеріне арналған. Ұлт келешегін ойлаған қайраткер оқу сапасына да көңіл бөліп: «Кейбір адамдар Ресейде мешіт, медресе салуға, мешіт ашуға қаржы жұмсайды. Ал оны бітіргенде ғалым не маман шықпайды, көп болса молда болады. Құр тас үйді сала бергеннен гөрі оның ішіндегі адамдарға жақсы тәрбие берген, орта, жоғары білім берген тиімді. Зиялылар неғұрлым көбейе түссе, халықтың көзі ашылып, пайдалы мектептер салынып, газет-журналдар шығарылып, оларды арзан бағамен сатса, елге пайдалы іс болар еді. Қазіргі басты міндет қазақ балаларын бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, соған оқулық, жабдық жасау қажет. Өнер-білім ана тілінде болу керек. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді» [ 18, 173 б.], – деп қазақ баласының ана тілінде білім алып, ана тілінің ықпалымен азамат болып қалыптасуын армандады.

Ғ. Қараштың педагогикалық көзқарастары өз алдына жеке зерттеуді күтіп тұрған тың тақырыптардың бірі десе болады. Бүгінгі күнге шейін Ғұмардың педагогикалық ойлары көбінесе тұңғыш әдістемелік «Мұғалім» журналына байланысты айтылып келеді. Журнал туралы зерттеуші М.Ысмағұлов: «Бұл журналдың редакциялық коллегиясын Ғұмар Қарашев басқарған. Журналдың 10-нан аса сандары жарық көрген. Солардың қазіргі табылғаны 2 және 7 сандары» – деген құнды мәлімет береді. Сонымен бірге автор: «Демек, 1919 жылғы Қарашта ағартушылық ыңғай қай кездегіден де күшті, пәрмендірек. Бұл сөзге «Мұғалімнің» бірнеше нөмірінде шыққан, ал қолда бар екі санда ортасынан соңына дейін жарияланған күйінде жеткен «Педагогика» атты еңбегі бір дәлел. Шын мәнісінде педагогика теориясын (қағидасын) ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғұмар Қарашев» [ 11, 36 п.], – деген ой түйеді. Ғұлама ғалым Ғұмардың «Педагогика» еңбегіндегі бала мен бала тәрбиесіне қатысты айтылған тұжырымдары бүгінгі күнде де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Мәселен, ол: «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақсы жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі жұбаныш халдерін ортақтасар, бөлісер еді. Бойға жеткен кісі мен баланың арасында ортақтық, бірлік шын аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның байланысы берік бола алмақ емес. Балалар әр уақыт үлкендерге қызмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін. Бірақ жаны сәйкесіп, шын көңілден сүю, ол бір уақытта да болмайтын жұмыс» [38, 3 б.], – деп тәрбиешінің бала жанына жақын болғанын қалайды. Ғұмар Қараш бұл жерде тәрбиешінің бүкіл саналы өмірін бала тәрбиесіне арнауы керектігін меңзейді.

Ғұмардың педагогикалық ой-пікірлеріне зерделеп қарайтын болсақ, ол тәрбиенің кешенді (комплексті) жүргізілуіне ерекше мән береді. Тәрбие берудегі үш принципті, яғни ақыл тәрбиесі, ой тәрбиесі, дене тәрбиесін бір-бірімен ажыратпай байланыстыра қарастыру қажет екендігін атап көрсетеді.

Ғ.Қараш 1911 жылдан бастап қазақ қоғамының әлеуметтік- экономикалық және саяси хал-ахуалдарын халыққа жете баяндап, қалың бұқараның ұлттық санасын оятып, рухани жетілуіне, саяси көзқарастарының қалыптасуына септігін тигізу мақсатында Е.Бұйрин, Ш.Бөкеев және Б.Қаратаевтармен бірге ұлттық баспасөз «Қазақстан» газетін шығару жұмысымен айналысады.

Ғ.Қараштың білімді саяси қайраткер, талантты публицист ретінде қалыптасуына, 1911-1913 жылдар аралығында Е.Бұйринмен бірге «Қазақстан» газетіне редакторлық жасаған кезеңі оның өмірінде ерекше терең із қалдырған жемісті жылдары болды. «Қазақстан» газетімен бірге Ғ.Қараштың қоғамдық-саяси қызметінің жаңа белесі басталды. Ол «Қазақстан» газетінде жалпыұлттық өзекті саяси мәселелерді көтеріп, кейбір мақалаларын «Қазақ», «Қазақаев», «Оразақай», «Ғабдолла Мұштақ», «Орда баласы» т.б. бүркеніш есімдермен шығарып отырды. Баспасөз тарихынан мәлім, Батыс Қазақстандағы «Қазақстан» газетімен тұстас Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен 1911 жылы қаңтарда Троицкі қаласынан «Айқап» журналы шығарылады. Негізгі қызметі ұлттық мүддеге негізделген, идеялық бағыт - бағдары ұқсас «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналының бетінде Ғұмардың елді отырықшылыққа, өнер, білімге үндейтін мақалалары жиі-жиі жарияланып отырды. Ғ.Қараш халық келешегі үшін отырықшы өмірдің прогрессивтік мәні зор, отырықшылық өнер-білімге, мәдениетке жетуге бірден-бір жағдай жасайды деп біледі. Көшпелі өмір салтынан арылуды қазақ халқының болашақта ел болып қалуының түпкі негізі деп танып, өз пікірін былайша қорытады: «...Көшпе халінде жүріп, қазақ жұрты ешбір уақытта, өнерлі, білімді ел болмайды, білімсіз ел теңдік таппайды. Неге десең ол ел надан болған соң пайдалы мен зиянды айырмайды. Өз халқын өзі сақтай алмайды – оған ит те жау, құс та жау, еншісіне душар өзара бөлінгендік, бәсеке, аралас отырған білімді жұртқа қол болу – жұтылу, ақыры діні, күнінен бірдей айырылып, сымпиып құру, жоқ болудан басқа еш нәрсе тимейді» [39, 3б.], – деп қамығады.

Ғ. Қараш қазақ жәдидшілдері жас буынының көрнекті өкілі болды, халық ағарту мен жас ұрпақ тәрбиелеу саласында көп іс тындырды. Ғұмар қазақ халқын қараңғылықтан шығаратын жол қоғамды оқу-ағарту, И.Гаспринскийдің жүйесі бойынша жаңа әдіспен оқыту, қазақтардың отырықшылық тұрмыс салтына көшуі (қала салу) деп білді. Осы орайда ол 1912 жылы «Қазақстан» газетінде мұсылман жұртшылығын насихаттау мақсатында жазылған «Балаларды қай оқытумен оқыту керек?» деп аталатын мақаласында: «Барайын деген жерімізге түзу жүрсек жылдам жетеміз. Оқытудың да түзу, қисық жолы бар. Қазіргі кезде мұсылманша оқытудың жаңа тәртібі, түзу жолы шықты. Ол түзу жол сол һәр бір әріптің дыбысын айтқызады. Бұл оқумен оқыған жас балалар бір айдың ішінде хат танып, жазу жаза бастайды. Біздей кейін қалған халықты бұрынғы ескі оқыту онан жаман кейін жіберді. Ұлы бар, қызы бар адамдар һәм бұл балаларды оқытатын молдалар жаңа оқытуменен оқыта көріңіз. Көзіміздің нұры ғазиз балаларымыз келешекте рахатшылықта ғұмыр сүрсін, артымызда дұғашы болсын десек, тіршілік саласында шет ұлт балаларынан кем болмастай етіп, оларға ғылым - өнер үйретуі тиіс» [40], – деп қазақ балаларын оқуға шақырды.

Жалпы қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласқан Ғ. Қараш ХХ ғасырдың басындағы қалыптасқан ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің еңбектері арқылы халқын ағартушылыққа шақырған қайраткер ретінде таныла білді. Ғұмардың ар-ождан, моральдық қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру идеяларының мазмұны мен мағынасы бүгінгі таңда да өзінің мәнін жойған емес.

«Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси қызметі (1919-1921жж.)» деп аталатын үшінші тарауда Ғұмар Қараштың ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық қызметі, Алаш қозғалысына қатысуы, Кеңес өкіметі тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі аталмыш тарауда мұрағат деректері негізінде қарастырылып, ғылыми тұжырымдар жасалған.

Ғұмар Қараш Ақпан революциясы жеңіске жеткенннен кейінгі кезеңде дәлірек айтқанда, 1917 жылдың маусымы мен 1918 жылдың наурызы аралығында Уфадағы Орынбор мүфтилігінің қазиы қызметін жауапкершілікпен атқара жүріп, өзінің діни біліктілігін көрсетті.

Халық қамын ойлаған Ғұмар Қараш 1917 жылғы ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алды. Сол заманның басқа да озық-ойлы азаматтары сияқты ақ патшаның тақтан құлауын ірі саяси оқиға деп таныды, самодержавиялық зорлықтың күйреуі халықтарды отарлық езгіден құтқарады деп санады Бірақ осы аралықта пайда болған қос өкіметтің саясатын жете түсінбейді [24, 53 б.].

ХХ ғасырдың басындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі 1917 жылы 5-17 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен ІІ жалпықазақ съезін шақырып ұлттық автономия құру мәселесі болды. Қай уақытта да тарих жеке тұлғалардың рөлі мен орнын жоққа шығармаған. Сол себептен болса керек, ІІ жалпықазақ съезін шақыруды қолға алған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжаров сияқты тұлғалар Ғұмар Қарашты қазақ зиялыларының арасындағы үлкен бедел иесі санап, сьез жұмысына қатынасуын өтініп, М.Шоқай, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтармен бірге съезге арнайы шақырды. Ғалым М.Қойгелдиевтің дерегіне сүйенсек, Ғұмар Қараш ІІ жалпықазақ съезінің ашылу күні Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедұлы, Әзімхан Кенесарыұлымен бірге съез төрағасы Б.Құлмановтың серігі (орынбасары) болып сайланады. Съезде «ұлттық автономия» мәселесі қарастырылып, осы мәселе төңірегінде екі топ құрылды. «Тез арада автономия жариялау» мәселесін көтерген 33 делегат арасында Ғ. Қараш та болады [20, 28 б].

Ол 1918 жылдың жаз айларында Орал қаласындағы азаматтар арасында Қызыл атты әскер қатарына еріктілерді тарту мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оның тікелей араласауымен В.И.Чапаев дивизиясын жергілікті адамдармен жасақтау және жергілікті Кеңес өкіметі құрылысына қарсы күштерді талқандау, сол сияқты Гурьев қаласын, оның аймағында орналасқан бірнеше аудандарды Кеңес өкіметіне қарсы жаулардан тазарту тағы да басқа жұмыстар жүзеге асырылған [41, 106 б.]. Сонымен 1919 жылдың бас кезінде өлкеде тұңғыш рет Қазақ Совет газеті «Дұрыстық жолы» және орыс тілінде «Киргизская правда» газеттері шыға бастады. Газет материалдарын облауаткомның председателі, большевик С.П.Милютин, Ғ.Мұсағалиев, Ғ.Қарашев т.б. редакциялап отырады [42, 88 б.].

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған Ғұмар жұртшылықтың арасында кең түрде үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Сөйтіп мақсатына жетіп, өзі туып өскен жерінде «Құрқұдық» деп аталатын ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырады [43, 8 п.].

Ғ.Қараштың саяси қызметіндегі бетбұрысты кезең оның партияға өтуінен айқын көрінеді. Ол Азамат соғысы аяқталып, Кеңес өкіметінің күшіне еніп тұрған тұсында 1920 жылы 18 сәуірде РК(б)П-ның толық мүшелігіне өтеді [44, 4 п.]. Деректерге жүгінсек Ғ. Қараш партия қатарына қабылданғаннан кейінгі аз ғана уақыттан соң, яғни 1920 жылы мамырда Бөкей облыстық ІІІ съезіне Талов уезінен делегат болып қатысады. Алғашқы күні Ғ.Қараш С.Меңдешовпен бірге съездің хатшысы болып сайланады [ 45, 4-5 п.].

1920 жылы 21 масуымда ІІ Бөкей губерниялық партия конференциясында губком пленумының мүшесі болып сайланған Ғұмар сол жылы І пленумда губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілген [46, 6-7 п. ]. М.Ысмағұлов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы архивіне (қазіргі ҚР Президенті архиві) сілтеме жасай отырып: «Бөкей губерниялық партия комитетінің жұмысын тексерген Қырғыз өлкелік партия комитетінің жауапты қызметкерлерінің бірі Нұғман Залиев, Хамит Чурин т.б бірге Ғ.Қарашты партияның басшылық жұмыстарына жоғарлатуды ұсынды» [ 11, 18 п.], – деп жазады.

Алайда осындай ұсыныс, пікірлерге қарамастан Ғұмардың сол тұстағы негізгі қызметі Талов уездік ағарту бөлімінің меңгерушілігі болды [ 47, 37 п.].


Каталог: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
avtoreferaty -> Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі
avtoreferaty -> Сарсенов Алдар Сарсенович Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі
avtoreferaty -> Боевой путь и военно-теоретическое наследие баурджана момыш-улы: исторический анализ
avtoreferaty -> Социально-экономическое и культурное развитие малых городов Казахстана
avtoreferaty -> Государственная и общественно-политическая деятельность нуртаса дандыбаевича ондасынова


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет