Боранды бекет



бет3/12
Дата21.01.2022
өлшемі1,64 Mb.
#113274
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Borandy biekiet - Shyn'g'ys Aitmatov
1539791257, ОШ ТЖБ География 7-сын қаз, doc (1), doc (1)
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Қалай десе де, наймандардың ата зираты Ана-Бейіт қол созым жерде тұрған жоқ. Сарыөзекті жебелеп төте тартқанның өзінде отыз шақырым.

Сол күні Борандының Едігесі тым ерте тұрды. Ұйықтап та жарытпаған. Таң бозында ғана аздап көз шырымын алған. Ал оған дейін түні бойы марқұм Қазанғапты кебіндеумен әуре  болды. Әдетте өлікті жаназа шақырардың алдында ғана кебіндейді ғой, ал бұл ретте таңертең ертерек жолға шығу үшін күні бұрын ақ жуып, арулап қою керек болды. Өлікті жуындырып, кебінін киіндіру машақатын Едігенің жалғыз өзі атқарды. Рас, Ұзынтұра Еділбай жылы су  тас беріп тұрып еді. Соның өзінде Еділбай өлікке жақындамай, шегіншектей береді. Жаны түскір тәтті, тұла бойы тітіркенеді. Соны сезген Едіге әншейін елеусіз ғана:

– Әй, Еділбай, көріп ал... Кейін керек болады. Адам анадан шыр етіп туған екен, кейін оны жерлеуге де тура келеді, – деп қойды.

– Иә, иә, білемін ғой, – деп міңгірледі Еділбай.

– Иә, білгенің дұрыс. Айталық, ертең мен өле кеттім. Сонда қайттің? Кебіндейтін ешкім табылмай ма? Шынымен-ақ мені умаждап бір шұңқырға апарып тыға саласыңдар ма?

– О не дегеніңіз! – деп қысылып қалған Еділбай шырағданды ұстап, өліктің қасына жақындай түсті. – Сізсіз бұл араның қызығы қалмас. Өлмей-ақ қойыңыз. Шұңқыры құрысын.

Кебіндеуге бір жарым сағаттай уақыт кетті. Есесіне Едігенің көңілі де тыншыды. Денені әбден жақсылап жуып, қол-аяғын созып, жайғастырып қойды. Ақ матаны аямай, кебінді кең пішіп, Қазанғапты әбден арулады. Кебінді қалай пішу  керек екенін Еділбайға да көрсетіп қойды. Сөйтіп барып, өзінің үсті-басын жөнге келтірді. Сақалын таза қырып, мұртын басып қойды. Едігенің мұрты да қасы сияқты қою, қайратты еді. Тек ақ араласып, бурыл тарта бастаған. Едіге өзінің әскери медальдарын да ұмытқан жоқ, ордендері мен озаттық белгілерін ысқылап сүртіп, пиджагіне тағып, бәрін ертеңгілікке дап-дайын етіп қойды. Осылайша түн де өте шықты. Едіге өз ісіне өзі таңғалды. Бәрін де аспай-саспай тындырыпты. Ал оған біреу бұрынырақ: “Қазанғапты сен кебіндеп, жерлейсің”, – десе, “Ойбай, қолымнан келмейді”, – деп ат-тонын ала қашар еді. Жазмыштан озмыш жоқ, тағдыр екен, Қазанғапты жерлеу Едігенің маңдайына жазылыпты. Апырай  десеші.  Алғаш  олар  Құмбел  станциясында ұшырасқанда, осылай болады деп ойлады ма екен. Едіге контузия алғаннан кейін әскерден босатқан. Бұл қырық төртінші жылдың аяғы еді. Былай қарағанда бәрі бүп-бүтін: қол-аяғы сау, басы – мойнында, бірақ құдды басқа біреудің басы сияқты. Боздаған жел сияқты құлағы шуылдайды да тұрады. Бірер адым аттаса – теңселіп кетіп, басы айналып, құсқысы келе береді. Тұла бойы қарасуға малмандай болады, біресе суық тер бұрқ етіп, біресе ыстық тер саулайды. Кейде тіпті тілі күрмеліп, икемге келмей қалады. Неміс снаряды жарылғанда, соның дүмпуі оны қатты есеңгіретіп кетіп еді. Өлтіруін өлтірген жоқ, бірақ тірі қалып та жетісіп жүргені шамалы, Едіге сонда сансырап, салы суға кеткен. Түріне қарасаң жап-жас, сап-сау сияқты, ал еліне – Арал теңізіне қайтып барғанда не істейді, не жұмысқа жарайды? Бақыты бар екен, дәрігері оңды кісі болып шықты. Ол мұны емдеген де жоқ. Ақ халат, ақ қалпақ киген, шоң мұрын, аялы көз, дәу жирен кісі екен, Едігені иығынан қаққылап қойып, күле сөйлегені әлі есінде:

– Білесің бе, бауырым,– деп еді ол.– Соғыс таяуда бітеді. Әйтпесе мен сені қайтадан майданға жіберткізер едім. Жарайды, өйтіп-бүйтіп сенсіз де жеңіске жетерміз. Ал сен ұнжырғаңды түсіре берме: ары кетсе бір жыл, әйтпесе одан да ертерек құлан таза жазылып, өгіздей қара күші бар мықты боласың. Шын айтам, кейін “рас екен-ау” дерсің. Ал енді жолға жинал, еліңе қайт. Тек, еңсеңді көтер. Сен сияқтылар жүз жыл жасайды... Сол жирен дәрігердің айтқаны келді, ақыры. Бір жыл деген айтар ауызға жеңіл. Госпитальдан шыққан бойы, үстінде умаждалған сұр шинель, арқасында дорбасы, қолында “Сақтықта қорлық жоқ” деп ұстаған балдағы, – қалаға қарай жылжып келе жатып, ит мұрны өтпес қалың тоғайға кіріп кеткендей болды. Құлағы шуылдап, аяғы дір-дір етіп, көзі қарауыта береді. Вокзалда қайбір туысы күтіп тұр, біреуге-біреу қарайтын хал жоқ; пойыз күтіп теңселген халық шыжандай, әлдірегі алысып-жұлысып мінеді, әлсізі шет қақпай қала береді.

Десе де, өлермендікпен жетті-ау, әйтеуір. Бір айға жуық қияметтен кейін пойыз Арал станциясына келіп тоқтады. Сол бір “мың болғыр” пойызды жұрт “Бейқам бес жүз жетінші” деп атап кетіп еді. Құдай ондай пойызға мінгізбей-ақ қойсын...

Ол кезде соның өзіне қолың жетсе, тақияңды аспанға лақтырарсың. Қараңғыда сүрініп-қабынып, вагоннан түсіп, ақырып тұрып айналаға қарап еді, көзге түртсе көргісіз, тек станцияның селкеу оттары жылтылдайды. Желтең екен. Еліне келгенде оны алдымен қарсы алған осы жел болды. Қайран Аралдың аңырақай желі! Теңіз лебі сезіледі. Ол кезде теңіз темір жолдың жиегіне дейін жетіп жататын. Қазір ғой дүрбімен қарап таба алмайсың.

Тебіреністен тынысы тарылғандай: дала беттен жусан  иісі сезілгендей, Арал аймағында енді-енді тіріліп келе жатқан көктемнің рухы байқалады. Қайран, туған жер!

Едіге станцияны да, оның жанындағы теңіз жағалап жатқан қисық-қыңыр көшелі ауылды да бес саусағындай білетін. Аласапыранның батпағы етігіне жабыса береді. Бүгін осындағы таныстардың біріне түней кетіп, өзінің шалғайда жатқан Жангелді ауылына ертең ерте аттанбақ болды. Тар көшемен келе жатып, теңіздің жағасынан бір-ақ шыққанын байқамай да қалыпты. Едіге шыдай алмай, теңізге ентелей түсіп, суы сылпылдап жатқан құмдақ жиекке келіп тоқтады. Түнек қойнында жатқан теңіз жағалауға бұқпаланып, атжалдана сорылдап келіп, лезде ғайып болып, қайтып кетеді. Таң алдындағы ай ақшелденіп бұлттардың арасынан ағараңдап, әлсіз сәуле шашады.

Тағдыр жазып, көріскен деген осы екен.

– Армысың, Арал, – деп күбірледі Едіге. Содан соң бір тасқа барып отырды да, шылым тұтатты. “Контужин адамға темекі тартуға болмайды”, – деп дәрігер қатты ескерткеніне де қарамайды. Кейіннен барып бұл қу әдетті тастап кетіп еді. Ал сол отырыста шылым шеккісі келгені рас: түтін деген не тәйірі, одан басқа уайымы да жетіп жатқан. Ендігі тірлік не болмақ? Теңізге шығып, балық ауларға қол-аяғың бүтін, дені- қарның сау болуы керек. Соғысқа дейін ол балықшы еді. Енді ше? Қайыққа мініп, толқын кешуге басы жарамайды. Басы айнала береді. Мүгедек дейтін мүгедек те емес, бірақ бұрынғыдай теңіз кезуге жарамайтыны анық. Басы түскір жарамайды. Бұл ақиқат.

Едіге орнынан тұра бермекші еді, жағалауда жүрген бір ақ итті көзі шалып қалды. Қайдан қаңғырып жүргенін құдай білсін. Су жағалап, дымқыл құмды тіміскілеп қойып, жүгіріп жүр. Едіге итті өзіне шақырды. Ит байғұс арсалаңдап келіп, құйрығын бұлтаңдатып тоқтай қалды. Едіге оның жүндес мойнын ұйпалақтап, еркелетіп қойды.

– Сен қайдан жүрсің, а? Қайдан келдің? Атың кім өзіңнің? Арыстан? Жолбарыс? Бөрібасар ма? Ә, балық іздеп жүр екенсің ғой. Дұрыс, жарайсың, жарайсың! Бірақ та теңіз шіркін жағаға өлген балық лақтырып тастай берер деймісің. Амал нешік? Жүгіресің дағы. Ап-арық екенің де сондықтан ғой, байғұсым. Ал, достым, мен болсам үйіме келе жатырмын. Сонау Кенигсберг деген жерден. Сол қалаға жете берген жерде снаряд жарылып, әрең тірі қалдым. Ендігі күн не болмақ деп ой түбіне кетіп отырмын. Неменеге мөлие қарайсың? Менің саған беретін түгім де жоқ. Орден, медаль сияқтыдан басқа еш нәрсем жоқ. Соғыс қой, достым, айнала ашаршылық. Бар болса, сенен аяп тұр дейсің бе?.. Айтпақшы, тұра тұр. Мына бір кәмпит... ұлыма әкеле жатыр едім, жүгіріп жүрген шығар құлыным...

Едіге ерінбестен шала құрсақ қапшығының аузын ашып, газетке ораған қос уыс кәмпитті алып шықты. Қапшықта кәмпиттен басқа, әйеліне жолда бір станцияда қолдан сатып алған косынка орамал, саудагерден алған екі кесек сабын, екі пар іш киім, гимнастерка, шалбар – бар жүгінің түрі осы болатын. Аш төбет Едігенің алақанындағы кәмпитті жалап алып, қытырлатып бір-ақ жұтты да, көзіне жанар пайда болып, құйрығын бұлғаңдатып, тағы да мөлие қалды.

– Ал, хош енді!

Едіге түрегелді де, жағалаумен жүріп кетті. “Енді мына таңсәріде біреудің үйіне барып мазаламай-ақ  қояйын”, –  деп станцияға бұрылмастан туған аулы Жангелдіге тура тартты.

Теңіз жағалап отырып Жангелдіге түс әлетінде әрең жетті. Бұрынғы кезде бұл оның екі-ақ сағатта жүріп өтетін жолы еді ғой. Келген бетте қайғылы хабар қақ маңдайынан бір-ақ соқты: жалғыз ұлы әлдеқашан шетінеп кеткен екен. Едігені әскерге алғанда алты айлық бала еді.

Бейшараның көрер сәулесі тым қысқа екен, он бір айлығында өліп қалыпты. Қызамық шығып, ыстықтан іші қызып, үзіліп кетіпті. Балаң өлді деп Едігеге ешкім хатқа жазған жоқ. Несіне жазады? Соғыста жүрген адамда онсыз да қайғы қалың. Ағайын жұрт: “Есіл ер аман-есен қайтып келсе, есіте жатар, қайғырар да қатаяр, хат жазып, хабарламай-ақ қой”, – деп еді Үкібалаға. “Бастарың жас, амандық болып, құдай қаласа бала қайда қашады”. “Бәйтеректің бұтағы сынса да, діңгегі сынбасын дескен. Дауыстап ешкім айтпаса да, бәрінің көкейінде тағы бір сөз бар еді: “Соғыстың аты – соғыс, егер Едіге жазатайым болып кетсе, ақырғы сәтте артымда ұрпағым бар-ау деген үмітпен аттансын...”

Ал Үкібала өкініштен өртене берді. Соғыстан қайтқан ерін құшақтап тұрып, ағыл-тегіл жылай берді. Баланың өліміне өзін кінәлі санаған ол осы күнді әрі сарғая, әрі үрейлене күтіп еді-ау. Көз жасын көл қылып тұрып, еріне болған жайды айтып берді. Ауылдағы кемпірлер ә дегеннен-ақ айтуын айтып-ақ еді, қызамық деген сұңғыла неме деп. Баланы түйе жүн көрпеге орап, үйді қараңғылап жатқыз да, салқын суды бере бер, бере бер, құдай сәтін салса, ыстығы қайтып, балаң аман қалар деген. Ал мен бейбақ сол кемпірлердің айтқанын тыңдамай, көршінің арбасын сұрап алып, баланы станцияға алып жөнелейін. Арба үстінде шайқатылып, станцияға жеткенше бала жолға шыдай алмай өртеніп кетті. Сонда доктор әйел жерден алып, жерге салып, аулыңдағы кемпірлердің айтқанын неге істемедің деп, жер-жебіріме жетті...

Өліп-талып жетіп, табалдырықтан аттай бергенде Едігенің естігені осындай хабар болды. Сол сәттен бастап қайғыдан қара тастай қатып қалды. Өзі әке болып, жарытып әлдилеп те көрген жоқ еді, сол тұңғыш перзентінің шетінеп кеткеніне, ет жүрегі қазір мұнша елжірер деп кім ойлаған. Содан да ма екен, әйтеуір, баланың жоқтығы қатты батты. Әлі тісі де шыға қоймаған нәрестенің пәк күлкісі көз алдынан кетпей, әке жүрегі сыздап қоя береді. Көңілінің бұзылуы содан басталды. Сағынып келген ауылынан лезде жалығып, құлазып қалды. Теңіз жағасындағы осы бір құмдауыт қыратта бір кезде елуге тарта түтін бар еді. Артель болып, Аралдан балық аулап кәсіп ететін. Енді қараса, жар басында шөпірейіп он шақты-ақ үй қалыпты. Еркек атаулыдан ешкім жоқ, бәрін соғыс сыпырып-сиырып әкеткен. Кәрі-құртаң, бала-шаға, оның өзі саусақпен ғана санарлық. Көбі өлместің қамын ойлап, мал баққан колхоздарға көшіп кетіпті. Артель тоз-тоз болыпты. Теңізге шығар жан қалмапты.

Үкібаланың мал баққан сахарадағы төркіндеріне кетіп қалуына да болар еді. Төркіндері іздеп келіп: “Алып кетеміз, мына аласапыран басылып, Едіге аман-есен келсе, сені ешкім де ұстап тұрмайды, балық баққан Жангелдіңе ораласың қайтып”, – деген. Бірақ Үкібала үзілді-кесілді көнбей қойды: “Ерімді күтем. Баладан айырылдық. Егерде күйеуім тірі қайтар болса, тым құрыса от басында мен отырайын. Есігі жабылып қалмасын. Мені құдай алмас, ауылда шал- кемпір, бала-шаға бар, соларға себім тиер, шүйіркелесіп күнелтерміз”, – деген.

Онысы оңды болды. Бірақ Едіге ә дегеннен-ақ екі қолы алдына сыймай, бұл құлазыған теңіздің жағасында жұмыссыз қалай отырамын деп мазасыздана бастады. Онысы да жөн еді. Едігеге сәлемдесе келген Үкібаланың төркіндері: “Біздің жаққа көшіңдер”, – деді. Малды ауылға барып, денсаулығың оңалғанша дем ал. Сонан кейін жұмыс та  табылар, мал бағарсың... деген.  Едіге тәңірі жарылқасын айтты да, келісуін келіспей қойды. Масыл болса қайтемін деп ойлады. Қайын жұртыңа барып, біраз күн мейман болу бір басқа да, қолыңнан іс келмей масыл болу масқара.

Сонда Үкібала екеуі тәуекел деп тас жұтты да, темір жолға барып жұмыс іздемекші болды. Едігеге қарауылдың, немесе шлагбаумды ашып-жауып тұратын кезекшінің жұмысы табылар деп дәмеленді. Майдангер-мүгедекті жұрт далада қалдырмас деп ойлады.

Сонымен олар сол көктемде жолға шыққан. Қол-аяғы шідерсіз, жас шақтары болатын. Алғашқыда кез келген станцияларда түнеп жүрді. Оңтайлы жұмыс табылмай-ақ қойды. Тұрғын үй жағдайы тіптен қиын еді. Темір жол бойында тұрақсыз кездейсоқ жұмысқа жалданып, өйтіп-бүйтіп күнелтіп жүрді. Үкібаланың дені сау, жас кезі ғой, бар бейнетті сол көтерді. Едіге болса, бір қарағанда әлуетті сияқты көрінер еді де, жұмысқа сол тұрып, бар тауқыметін Үкібала тартатын, пойыздан жүк түсіріп, жүк артатын да сол болатын. Сөйтіп жүріп олар бір күні Құмбел дейтін үлкен станциядан бір-ақ шықты. Бұл көктемнің орта шені еді. Көмір түсіреді. Көмір тиелген вагондар депоның тасасындағы запас жолға шығарылады да, оларды тез босату үшін әуелі көмір жерге төгіледі. Одан қол арбаға тиеп, маялап үйеді. Бір жылдық қор жасап, үйдей-үйдей үймелер тұрғызады. Бұл бір дозақы жұмыс болатын. Үсті-басың қара күйе, жұтқаның қара тозаң. Қайтесің, күн көру керек. Едіге күрекпен қол арбаға көмір салып тұрады. Оны Үкібала тақта жолмен сонау үйме төбенің басына алып шығып төгеді де, қайта түседі. Едіге арбаны тағы толтырады, Үкібала көтерем аттай қисалаңдап, бар күшін салып, әйелдің әлі келмейтін ауыр жүкті тағы да үйме төбенің басына алып шығады. Ол аз болғандай, күн де шақырайып, қыза түседі. Төбеден күн өтіп, көмірдің тозаңы қолқаны қауып, Едігенің басы айналып, құсқысы келеді. Бойынан әл-қуат кетіп бара жатқанын өзі сезеді. Үйме көмірдің үстіне сұлай кетіп, содан қайтып тұрмасам-ау, деп те тістенеді. Бірақ бұған да шыдар еді-ау, әйелін аяйды, қара тозаңға тұншықтырып, Едігенің істейтін жұмысын ол істеп жүргені жанына қатты батады. Әйелінің жүзіне қарауға беті шыдамайды. Үкібала үсті-басын қара тозаң тұтып, тек көзінің ағы мен тістері ғана жылтырайды. Қара суға малынып терлейді. Көмір тозаңы езілген кіршең тер саулап, мойнына, омырауына, арқасына ағады. Едіге дені сау болса, әйелін осындай азапқа салып қояр ма еді! Әйелінің мұндай мүшкіл халін көрмес үшін мына қарғыс атқыр көмірдің ондаған вагонын бір өзі-ақ төңкеріп тастар еді ғой.

Олар туған ауылдан аттанып, мүгедек майдангерге бір жеңіл- желпі жұмыс табылар-ау деп үміттеніп, жолға шыққанда бір нәрсені ескермеген екен. Едіге сияқты майдангерлер әр жерде-ақ толып жүр екен. Бәрі де жаңа тірлікке бейімделіп, жұмысқа орналасуы керек. Тағы да болса Едігенің қол-аяғы сау ғой. Сол бір кезде темір жол бойында аяғы жоқ, қолы жоқ, ағаш аяқ, балдақты мүгедектер қанша еді десеңші. Адамның көптігінен сасық иісі қолқаңды ататын вокзалдың бір түкпіріне тығылып, ұзақ таңды атырған шақтарда, Үкібала өз күйеуінің он екі мүшесі сау қалғанына шүкіршілік етіп, тәңіріге ішінен талай рет тәуба айтты. Өйткені станцияларда талай-талай мүгедектерді көріп, жаны түршігіп, жүрегі сыздаған. Тозығы жеткен қомыт шинель киген ақсақ-тоқсақтар, қолы жоқ шолақтар, соғыстың сілікпесін көрген кемтарлар; екі аяқтан бірдей айырылғандар, балдақ сүйенгендер, біреудің жетегімен жүрген әз-соқырлар, көбісі үйсіз-күйсіз, станциядан станцияға көшіп, асханалар мен буфеттерге анталап, мас болып алып, ақырып-бақырып, жылағанда аза бойың қаза тұрады... Оларды алда не күтіп тұр, орны толмас ойсыраған кемістікті немен толтырмақ? Мына Едіге де осылардың кебін киіп, кем болып қалуы мүмкін еді ғой. Күйеуінің шолақ болып қалмай, молақ болып қалмай, тек контузияға ұшырап, аман-есен оралғанына Үкібала тәубе- тәубе деп, қара жұмыстың қанша ауыры болса да көтеріп алуға құлдық еді. Сондықтан да әбден титықтап, тірсегі дірілдеп, әлі бітіп, қалжыраса да, қабақ шытпай, сыр бермей, шыдап бақты.

Бұған бірақ Едіге шыдай алған жоқ. Бір әрекет жасап, тиянақты орын табу керек болды. Өмір-бақи осылайша қаңғырып жүре беру сұмдық қой. Тәуекелге бел байлап, қалаға да кеткісі келді, кім біледі, жолым болар деді. Құдайдан күндіз-түні тілегені денсаулығы еді, осы бір қасам ұрған контузиядан бір құтылсам  деп күйзелді. Денсаулық болса, өз күнін өзі көріп, ешкімге кеудесін бастырмақ емес... Қалаға барып халі қандай боларын кім біледі, мүмкін, басқалар сияқты бұлар да қала тұрмысына бірте-бірте үйренісіп, бейімделіп кетер ме еді... Бірақ тағдыр бұлардың жолын басқа жақтан салды. Сол бір жайтты тағдыр демей не дерсің...

Құмбел станциясында вагоннан түсірілген көмірді маялап күн көріп жүрген сол күндердің бірінде депоның қорасына бір түйелі адам келді. Сірә, бір шаруамен қырдан келген кісі болуы керек. Тәрізі солай көрінді. Әлгі кісі таяудағы алаңқайға түйесін шідерлеп қойды да, жан-жағына қарап, бос қапшығын қолтығына қысып алып, былай шықты.

– Оу, інішек,– деді ол Едігенің жанынан өтіп бара жатып, – айналайын, ана түйеге қарай тұршы, бала-шаға мазалап жүрмесін. Жүгермектердің хайуанды ұрып-соғып, бақыртып, мазасын алатын қу әдеті бар. Тіпті кейде ерігіп, шідерін ағытып жіберетіндері де болады. Мен осы қазір қайтып келемін.

– Барыңыз, бара беріңіз, қарай тұрармын, – деді Едіге күрекпен көсіп-көсіп көмірді қол арбаға салып болып, күйе-күйе дымқыл орамалмен терін сүртіп тұрып.

Тер дегенің бет-аузынан шүмектеп ағады. Үйме көмірді қол арбаға арта беріп, станцияның бұзық балалары тиісіп жатқан жоқ па деп, оқтын-оқтын түйе жаққа көз қиығын салып қояды. Олардың бейбастығын бір жолы көзімен көргені бар. Онда да біреу түйе мініп келіп, осы алаңқайға қалдырып кеткен. Сонда әлгі жүгермектер жетіп келіп, түйенің әбден титығына тиіп еді, түйе бақырып, жынын шашып, оларды қуып кеп берсін. Балаларға сол керек, мәз болып, алғашқы қоғамдағы аңшыларға ұқсап, айқай-сүрең салып, түйені қоршап алып, таспен, таяқпен ұрып, білгенін істеді. Сорлы хайуан иесі қайтып келгенше көресіні көрді-ау сонда...

Бұ жолы да, қайдан пайда болғаны белгісіз, бір топ алба-жұлба жүгермектер айналаны азан-қазан қылып, сау етіп жетіп келді де, футбол тебе бастады. Допты шідерлеулі тұрған түйені көздеп тебеді. Түйе байғұс олардан ығыстай береді, ал балалар бір-бірімен күш салыстырып, түйенің қарнына допты дәл тигізуге тырысып, қатты соғады. Тигізгені торға гол салғандай мәз-мейрам болады... – Әй, жоғал әрі тиме! – деп Едіге күрегін көтеріп-көтеріп қойды. – Әйтпесе қазір тұқымыңды тұздай құртам! Түйенің иесі деп ойлады ма, әлде мына адамның сұрапыл түрінен шошып кетті ме, әлде мас екен деп қалды ма, онда тіпті бәле, әйтеуір, балалар бірден шегіншектеп, “Бәледен машайық қашып құтылыптының” керімен, допты тебе-тебе аулақ кетті. Олар бекер қорықты. Түйені әбден айыздары қанғанша доппен ұрып бақырта беруіне болар еді. Едіге тек күрек сермеп доң-айбат көрсеткені болмаса, сол бір қалпында балаларды қумақ қайда! Қол арбаға көмірді бір күреп салғанның өзіне әрең-әрең шыдап тұрған. Дерт меңдеп, әл кетіп, дәрменсіз қалудың қандай қорлық екенін ол бұрын ойлап көріп пе. Басы айнала береді. Тер саулап, ығыр қылады. Көмір тозаңынан тынысы тарылып, көкірегін қара қақырық қыстап, Едіге қалжыраудың шыңына жетті. Соны көріп, Үкібала күйеуінің қолынан күректі өзі алып, отырып дем ал деп, арбаға көмірді өзі тиеп, жоғарыға өзі алып шығып, бар азапты өзі арқалайды. Әйелінің бұл азаптанғаны арқасына аяздай батқан Едіге отыра беруге дәт қылмай, орнынан қайта тұрып, іске қайта кіріседі...

Көп ұзамай әлгі түйесін аманат қалдырған адам, арқасына қап көтеріп, қайта оралды. Жүгін түйеге артып болып, жолға жиналып тұрып, Едігеге таяп келді де, хал-жай сұрасты. Әңгіме бірден арнасын тауып кетті. Бұл Боранды разъезд-бекетінде тұратын Қазанғап екен...

Сөйтсе ол Едігенің жерлесі екен. Туған жері Арал жағалауындағы ауылдардың бірінен болып шықты. Екеуі таныса келе, жақындаса берді. Сол сәтте бұл кездесу Едіге мен Үкібаланың бүкіл алдағы тіршілігінің тағдырын шешетінін ешкім білген жоқ. Қазанғап оларды Борандыға барып, жұмыс істеуге оп-оңай көндірді. Бірден іші-бауырыңа кіріп, баурап алатын бір адамдар болады. Қазанғаптың ерекше бір қасиеті жоқ-ты, тек өмірдің ыстық-суық өткелегінен өткен қарапайым жанның кісілігін танытты. Түріне қарасаң күнге күйіп оңып кеткен киімі өзіне үйлесімді кәдімгі қаймана қазақ. Ешкінің терісінен илеп тіккен шалбар кигені де тегін емес, түйеге мініп жүруге оп-оңтайлы. Бірақ киімнің парқын білмейтін де кісі емес екені көрініп тұр. Дәу басында теміржолшының анда-санда бір киерлік, өңі түспеген фуражкесі. Аяғында – тарамыстан қырық жерден қиыстырып жамау салған, талай-талай заманды көрген хром етік. Оның бейнетқор қазақ екені күнге күйіп, желге тотығып көнтектелген бет-жүзінен, сексеуілдей қатты, қарулы қолынан-ақ көрініп тұр. Бейнет мехнатынан күні бұрын еңкіш тартып, атпал иықтары салбыраңқырап тұрады екен, содан болар, орташа бойлы болса да, мойны сорайып көрінеді. Қоңыр қой көздерінде бір ғажап қасиет бар, жан-жағынан әжім үйіріліп, күлімсіреп тұратын сол көздер пайымды да, сұңғыла жанның сыңайынан сыр береді.

Қазанғап ол кезде қырықты алқымдап қалған. Бәлкім, тықырлау мұрты мен бурыл тартқан шоқша сақал оны кекселеу етіп көрсететін шығар. Бәрінен де оның сөзі алымды, салмақты көрінді, еріксіз сендіреді екен. Үкібала бұл кісіні бірден ұнатып, сүйсініп қалды. Айтқан сөзінің бәрі орынды. Айтқаны сонда ақыл еді. “Шырағым, контузияң бар екен, денсаулығыңды құртып қайтесің”, – деген ол сонда. “Едігежан, бұл жұмыс саған қол емес екенін мен бірден байқадым, зорығып тұрсың. Мұндай ауыр жұмысқа жарамайсың әлі. Қарашы, қарайып әрең тұрсың”, – деген. “Қазір сен таза ауа жұтып, емін-еркін ағарған ішіп, жеңіл-желпі жұмыс істегенің жөн. Мәселен, бізге жол бойында жұмыс істейтін адам қасқалдақтың қанындай қажет. Менің жаңа бастығым ұдайы маған: “Осы жердің байырғы тұрғынысың ғой, тәуір адамдар болса, шақырсаңшы”, – деп мазамды алады. Ал, ондай адамдарды қайдан табасың? Бәрі соғыста жүр. Ал соғыстан қайтқандар болса оларға басқа жерде де жұмыс жетеді. Біздің Борандыны жұмақ дей алмаймын, әрине. Қиындығы көп жер, айнала Сарыөзектің мидай даласы. Жуыр маңда ел де жоқ, су да жоқ. Бір апталық суды алыстан цистернамен алып келеді. Кейде келмей де қалады. Ондай да болып тұрады. Амал жоқ, қияндағы құдыққа барып, суды меске, торсыққа толтырып көлікпен тасимыз. Ертең ерте кеткеннен кешке бір-ақ ораласың. Әйтсе де, әлдеқайда қаңғып жүргенше, осы Сарыөзектің бір пұшпағында оңаша отырғанның өзі артық. Басыңда – баспанаң, тұрақты жұмысың болады. Білмесең – үйретеміз, тез-ақ игеріп кетесің. Өзіңнің мал-жайың болады. Шаруашылыққа қырың болса, мал ұстау қиын емес. Екеуің де азаматсың, тұрмыстарың әлі-ақ жөнделіп кетеді. Денсаулығың да оңалады. Содан соң құдайдың салғанын көресің де, ұнамаса – басқа бір тәуір жер тауып аларсыңдар...”

Қазанғап сонда осылай деп еді. Едіге ары ойлап, бері ойлап, ақыры келісті. Сол күні олар Қазанғапқа ілесіп Сарыөзектегі Боранды бекетіне жүріп те кетті. Сол кездің өзінде Едіге мен Үкібаланың ырғалып-жырғалатын жайы жоқ-ты, ол-пұлын лезде іліп алып, жеңіл-желпі жолға шықты. Егер бақыт деген бар болса, мұны да бір сынап көрейік дей салып еді. Сөйтсе бұл нар тәуекел – олардың тағдыр-талайы екен ғой. Сарыөзектің Құмбелден Борандыға дейінгі сол бір жолы мәңгі- бақи Едігенің есінде қалды. Әуелі темір жолды бойлап отырып, бірте-бірте қиғаштап, белес-белестен асып, шалғайға шығып кеткен сияқты көрінді. Оның себебін Қазанғап түсіндірді. Сөйтсе, темір жол бір заманда шалқып жатқан тұзды көлдің қазіргі құлазыған тақыр-табанын айналып өтеді екен де, төтесінен тартқанда он шақырымдай жол қысқарады екен. Әлі күнге дейін сол тақырдың құрсағынан батпақ борық пен тұз шығып жатады. Көктем сайын осы сортаң жазыққа жан кіріп, былбырап езіліп, өткел бермес батпаққа айналады да, жазға қарай ақ сортаң тартып, келер көктемге дейін тастай қатып, қақайып жатады. Бұл арада бір кезде айдынды көл болғанын Қазанғап  Сарыөзекті зерттеген Елизаров деген геологтан естіген. Сол Елизаровпен кейін Едіге араларынан қыл өтпес дос болып кетті. Ол өзі бір ақылды орыс еді.



Ал Едіге ол кезде әлі Боранды Едіге атанбаған. Тек кездейсоқ жол жұмыскеріне жолығып қалған Аралдың қазағы, әлі шаңырақсыз жүрген майдангер, тағдырының тізгінін Қазанғапқа ұстатып, әйелі екеуі жұмыс іздеп, беймәлім Боранды бекетіне жол тартқан. Сол бекетте біржолата тұрақтап қаларын ол сонда әлі бағамдай алмаған. Көктемде біраз күн ғана реңі кіріп, жасыл тартатын Сарыөзектің шексіз-қиырсыз жазығын көріп Едігенің басы айналғандай болды. Арал теңізінің айналасы да даладан кенде емес. Тек Үстірттің өзі не тұрады. Ал бірақ мынандай сайын сахараны тұңғыш рет көруі еді. Сарыөзектің тылсым тынысты құлазыған даласында тек сол даланың ұлылығы мен өз рухының ұлылығын салыстыра алатын адамдар ғана тұра алатынын  Едіге кейіннен  барып түсінді. Сарыөзектің сахарасы ұлы ғой, бірақ адамның ақыл-ойы сол ұлы дүниені де өз санасына сыйғыза алады. Елизаров ақылды кісі еді, замандардың қатпарларында көміліп қалған мұнар-мұнар сырлардың өзін ашып, түсіндіріп айтар еді.

– Дәл қазір Қазанғап түйені бұйдасынан алып, алға түсіп, аршындай басып келе жатпаса, Сарыөзектің қойнына сүңги түскен сайын Едіге мен Үкібаланың халі қалай боларын болжаудың өзі қиын. Жүк артқан түйенің үстінде Едіге отырған. Түйеге Едіге емес, Үкібала мінетін жөні бар еді. Бірақ Қазанғап, әсіресе Үкібала қояр да қоймастан Едігені түйеге зорлап мінгізді. “Біз дені-қарнымыз сау ғой, сен болсаң әлсізсің, қой енді, таласпа, жүрелік, жол алыс”, деп екеулеп кетіп еді. Түйе әлі қабырғасы қатпаған жас мал еді, сондықтан жолаушылардың екеуі жаяу келе жатқан. Сонда Едігенің қазіргі Қаранары болса ғой, үшеуі бірдей мінгесіп алып, сау желіп отырып үш-төрт сағатта-ақ жетіп қалар еді. Ал сол жолы олар Борандыға түн жамыла әрең жетті. Әйткенмен, сонда жолды әңгіме қысқартқан сияқты болды. Көбінесе әңгімені Қазанғап айтты да, Едіге мен Үкібала бейтаныс өлкеге қарайлай-қарайлай, оның сөзін тыңдай берген. Қазанғап бұл – аймақтың тіршілігін, өзінің Сарыөзекке қалай тап болғанын, темір жолға қалай орналасқанын шертті. Сол бір соғыс аяқталар жылдың алдында Қазанғап небары отыз алты жаста-ақ екен ғой. Туып-өскен жері – Арал қазақтарының ортасы еді. Оның ауылы Бесағаш теңіз жағалап жүргенде Жангелдіден отыз-ақ шақырым жерде екен. Бесағаштан Қазанғап кеткелі арада көп жылдар өтіп кетсе де, ол туған жерге әлі бірде-бір рет ат ізін салмапты. Оның өз себебі бар екен. Қазанғаптың әкесін кулак деп тап жауы ретінде жер аударып жіберген ғой. Сөйтсе, кулак тұрмақ бәлесі де жоқ, асыра сілтеу жаласы жалмаңдап тұрған шақта, тектен-текке жазықсыз айдалғаны анықталып, ақталып, айдаудан туған еліне босанып қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады. Қателесіп, орташа шаруалардың өзін кулак деп айыптап, асыра сілтеу тасыраңдаған заман еді ол. Ақтауын ақтады-ау, бірақ кеш болып қалды да. Отбасы – бір туған бауыр, іні-қарындас, аға-апалары – жел ұшырған қаңбақтай тоз-тоз болып, құлақ естімес, көз көрмес жаққа жосылып, жоғалып кетті. Қазанғап онда жап-жас жігіт қой, ауылдың әпербақан белсенділері күнде жиналыс шақырып, Қазанғапты қыстайды-ай келіп: “Айт, мына халыққа, әкемді жат элемент ретінде дұрыс соттады деп айт. Осы бағытты қолдаймын деп айт. Мұндай әкеден бездім деп айт, менің әкем сияқты тап жаулары жер бетін басып жүрмесін, бәрін де жаппай жою керек деп айт. Айт, айт!” Ондай дозақы масқараға белшесінен батпас үшін Қазанғап елден безіп, қиян-қиырдан бір-ақ шықты. Самарқант маңындағы Бетпақдалада аттай алты жыл жұмыс істеді. Ғасырлар бойы түрен тимей тусырап жатқан сол даланы мақта өсіреміз деп, енді-енді игеруге кіріскен кез еді. Жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшылар баракта тұрып, арық қазады. Қазанғап жер де қазды, тракторшы да болды, бригадир де болды, екпінді еңбегі үшін Құрмет грамотасын да алды. Сонда жүріп үйленді де. Бетпақдалаға ол кезде табыс іздеп, адамдар жан-жақтан ағыла бастаған. Хиуа маңайынан ағасының отбасына ілесіп, Бетпақдалаға сонда қарақалпақ қызы Бекей де келіп еді. Сөйтсе, Қазанғап екеуі кездесуге жазған екен. Екеуі Бетпақдалада қосылып, содан соң екеуі Арал маңына, Қазанғаптың еліне, ағайын-туған арасына бармақшы болды. Сөйтсе, егжей- тегжейлі ойламастан, албырттық жасаған екен. “Максим” дейтін пойызға талай-талай станцияларда ауысып мініп, апталап жүріп, ақыры Құмбелге де жеткен. Станцияда Қазанғап кездейсоқ өзінің бір-екі жерлестеріне жолығып қалды. Олармен амандық-есендік сұраса келе, Бесағашқа баруға әлі ерте екенін түсінді. Ауылды әлі күнге дейін сол баяғы асыра сілтеуші атқамінерлер билеп тұр екен. Соны есітіп, Қазанғап нілдей бұзылды. Жоқ, ол қорыққан жоқ. Ол қазір Өзбекстанның өзі грамотамен наград-таған сыйлы адам, оған енді атқамінерлер тиісе алмас. Бірақ бір кезде өзін қорлап, жәбірлеп, масайраған жексұрындарды көргісі келмеді. Олар әлі дәуірлеп тұр екен, енді барып, ештеңе болмағандай, қалай ғана солардың қолын алмақ!

Бұл қасіретті еске алуды Қазанғап ұнатпайтын. Бұл жайлы басқалардың әлдеқашан ұмытып кеткенін де түсіне алмайтын. Ал бұл болса сол қасіретті ешқашан ұмыта алмайтынын Сарыөзекке келгеннен кейінгі талай-талай жылдардың ішінде екі рет білдіріп алды. Бір рет өзінің ұлы Сәбитжан көңілін қатты қалдырды да, екінші ретте Едіге абайламай қалжың айтып, жараның аузын қатты тырнады.

Сәбитжан қаладан келген күннің бірінде бәрі жиналып, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып отырған. Әр түрлі әжік- күжік әңгіменің ішінде Сәбитжан дарақылана күліп алып, біздегі коллективтендіру кезінде Синь-цзянға кеткен қазақтар мен қырғыздар енді бері қарай қайтып келіп жатқанын айтты. Коммуна құрып, Қытай кең қысып берсе керек – өз үйлерінде тамақтануға тыйым салынған, кәрісі бар, жасы бар – бәрі қолдарына бір-бір табақ ұстап кезекке тұрып күніне үш рет ортақ қазаннан тамақтанады екен. Қытайлықтар қысып бергенде, баяғы бізден көшкен қазақтар мен қырғыздар жау тигендей малын да, мүлкін де тастай қашып “садағаларың кетейік, кері қарай өткізіңдер”, деп біздің адамдардың аяғына жығылып жатқан көрінеді. – Оның несі жақсы! – деп Қазанғаптың түсі түнеріп, ашу-ызадан еріндері дір-дір етті. Ілуде бір болмаса, оның бүйтіп түнергенін ешкім көрген емес. Сондай-ақ, оның өз баласына бұлай жекігенін ешкім еш уақытта естіп-білмеген. Баласын адам болар деп аңсап, барын аямай бағып-қағып, оқу оқытып, періштедей көретін.

– Оның несіне жетісіп күлесің?– деді тағы да бұрқ етіп, екі шекесі адырайып, тамырларын қан кернеп бара жатып. – Бұл, білсең, сол сорлылардың қасіреті емес пе!

– Енді қалай айту керек? Міне, қызық! – деп Сәбитжан шабаланды. – Болғанды болғандай айтып отырмын.

Әкесі шай шыныны итеріп тастады да, үндеген жоқ. Қайта сол үндемегені арқаға аяздай батты.

– Жалпы, кімге ренжіп, кімге өкпелейсің? – деп Сәбитжан иығын қиқаң еткізіп, таңданған пішін танытты. – Түсінсем бұйырмасын. Тағы да қайталап айтамын – кімге өкпелеу керек? Уақытқа ма – уақыт ұстатпайды. Өкіметке ме – өкіметке өкпелеуге құқың жоқ.

– Сәбитжан, біліп қой. Шамам келгенше мен де өз ісімді өзім білемін. Басқаның ісіне араласпаймын. Бірақ та, ұлым, есіңде болсын, сені мен ақылың жетілді ғой деп жүруші ем, есіңде болсын. Тек құдайға ғана өкпе жүрмейді: өзі берген жанын дәм таусылғанда өзі қайтып алады, оған өкпе жүрмейді. Ал жер бетінде қалған істің бәріне де сұрақ бар! – Осылай деді де Қазанғап ешкімге назар салмай, орнынан тұрды да, үндеместен, ашулы күйі үйден шықты да, жүре берді...

Құмбелдегі алғашқы ұшырасудан соң көп жыл өтіп, Едіге үйлі- жайлы, балалы-шағалы болып, олар өсіп, Борандыға тамыр байлаған кез еді. Бір жолы көктемнің көгілдір кешінде Едіге қораға қоздаған қойларды кіргізіп тұрып, Қазанғапқа абайламай бір қалжың сөз айтып қалды:

– Қазеке, осы сіз бен біз бай болып барамыз-ау деймін. Қайтадан кулак деп айдаса да болғандай!

Қазанғап сонда Едігеге ызғар шаша бір қарады, тіпті мұрты да тікірейіп кетті. – Сен, шырағым, абайлап сөйле!

– Сізге не болған, Қазеке, қалжыңды түсінбейсіз бе?

– Бұл қалжыңдайтын нәрсе емес.

– Қойыңызшы, Қазеке атам заманғы әңгіме ғой ол...

Мәселе сонда. Аша тұяқ қалдырмай сыпырып алса да итшілеп күн көресің. Ал қорланған жан жарасы еш уақытта жазылмақ емес... Бірақ бұл әңгіме Құмбелден Борандыға қарай Сарыөзектің даласымен келе жатқан кезден көп-көп кейін болады. Борандының бекетіне тартқан бұл сапар әлі немен тынатыны белгісіз кез, онда Едіге мен Үкібала тұрақтай ала ма, жоқ па, әлде тағы сандала ма – беймәлім еді. Әңгіменің арқауы сол жолы әншейін өткен-кеткен тіршілік болатын. Әңгіме арасында Едіге Қазанғаптан: “Майданға қалай бармай қалдыңыз, әлде денсаулыққа байланысты қалып қалдыңыз ба”,– деп сұраған.

– Құдайға шүкір, денім сау, – деген Қазанғап. – Ешқандай ауру- сырқауым болған емес. Майданға жіберсе, басқалардан кем де соғыспас едім, деп ойлаймын. Бірақ жағдай басқаша болды... Қазанғап Бесағашқа оралуға бата алмай, Құмбел станциясында қалып қойған. Басқа барар жер, басар тау жоқ. Қайтадан Бетпақ далаға (Мырзашөлге) оралайын десе, тым алыс. Бір келіп қалған соң енді қайтып оралар жөні де жоқ. Аралға тартудың тағы реті келмеді. Сөйтіп жүргенде Құмбел станциясының бастығы бір тәуір кісі екен, ерлі-зайыпты екеуін байқап қалып, неғып жүрген адамсыңдар, қайда бармақсыңдар  деп сұраса келе, жұбайлардың еңбекқор момын адамдар екенін көрген соң, өткінші  пойызға отырғызды да, Боранды бекетіне аттандырды да жіберді. Борандыға жұмысшы керек, екеуіңнің орайың келіп тұр деді. Борандының бастығына хат жазып берді. Сөйтсе, қателеспеген екен. Борандыға қарағанда Мырзашөл жұмақ екен, онда халық деген көп, жұмыс деген қайнап жататын. Қанша қиын болғанмен, Сарыөзектің шөлінде қанша азап шеккенмен бірте-бірте үйренісе бастады. Үйлі- жайлы болып, тұрмыс құрастырды. Аз ба, көп пе, әйтеуір, өз күн көрісі бар. Ерлі-зайыпты екеуі де жол жұмыскері болып саналғанымен, бекеттегі бар жұмысты атқарады. Қазанғап пен оның жас әйелі Бекейдің отасуы Сарыөзектің елсіз бекеті Борандыда, міне, осылай басталып еді. Рас, сол бір жылдары олар біраз қаржының басын құрастырып алып, ел-жұрты бар станцияға немесе қалаға жақынырақ ауыспақшы да болды, әне-міне деп жүргенде соғыс басталып кетті.

Әне сонан кейін Боранды арқылы эшелон дегендеріңіз батысқа қарай солдат тиеп, шығысқа қарай жер ауғандарды, батысқа қарай астық тиеп, шығысқа қарай жаралыларды тиеп, ағыла бастады дейсің. Өмір шіркіннің өзгергені сонша, тіпті елсіз меңіреу Боранды бекетінің өзі беймазаға айналды.

Семафордың ашылуын талап етіп, паровоздар бірінің соңынан бірі боздайды, қарама-қарсы жақтан да боздауық үн тынбайды... Мұндай зор салмаққа шыдас бермей шпалдар майысып, рельстер мерзімінен бұрын мүжіліп, шытынап кетіп жатты. Жолдың бір жерін енді жөндеп бола берсең, тағы бір жерін жедел жөндеу керек болады…

Адам шіркін де таусылып болмайды екен, эшелондар бірінен соң бірі тынымсыз, апта сайын, ай сайын, соңынан жылдар бойы күндіз-түні майданға қарай жөңкіледі де жатады. Әлем болып не өлім, не өмір деп ата жау боп айқасқан батысқа қарай шексіз ағылған эшелондар…

Көп ұзамай Қазанғаптың да кезегі келді. Майданға жібермекші. Құмбелден әскери пунктке жет деген қағаз түсті. Ең озат жұмыскерді әскер алып бара жатқанда бекеттің бастығы басын ұстап, жылап жібере жаздады. Борандыда жұмыскер дегенің бірлі- жарым ғана ғой. Бірақ оның қолынан не келеді, оны тыңдап жатқан кім бар? Разъезд пойыздарды аттандырып үлгіре алмай жатыр, тез арада қосарлы жол салу керек деп кімге барып айтар? Өйтіп айтса, өзі күлкі болар. Паровоздар боздаған Борандының мұңына қазір кім құлақ асар – жау болса Москва түбінде тұр... Соғыстың алғашқы қысы да түнеріп, мұнар тартып, азынаған аязымен қоса мезгілсіз ерте келіп есік қақты. Сол таңның алдында түні бойы қар жауды. Әуелі қыламықтап бастап, соңынан екілене түсіп, жапалақтап жауды. Сарыөзектің ұлан-ғайыр даласы, сай- саласы, ойы мен қыры шетсіз-шексіз ақ көрпеге оранды да қалды. Сол-сол екен, жаңа түскен ұлпа қарды ұйпалақтап ойнағансып, Сарыөзектің желі белгі бере бастады. Ол әншейін ойын жолы ғана сияқты жел еді, дауылдатып, құйындатып, қар суырар сұмдығы әлі соңында болатын.  Сол сұрапыл соққанда қиырдан қиырға созылып жатқан ұлы даланың шеке тамыры сияқты жіп-жіңішке темір жолдың халі не болмақ? Шеке тамыр соғып тұр – о жаққа да, бұ жаққа да пойыздар ағыла берді, ағыла берді. Сол күні таңертең Қазанғап майданға аттанды. Ешкім шығарып салған жоқ, жалғыз аттанды. Ерлі-зайыпты екеуі үйден шыққанда, Бекей көзін басып тұра қалып, басым айналып кетті деді. Құндақтаулы баланы оның қолынан Қазанғап ала берді. Бұл әлі емшектегі Айзада еді. Ерлі-зайыпты екеуі ақ қарға қаз-қатар із қалдырып жүріп те кетті. Кім біледі, бұл іздердің қатар түсуі соңғы рет шығар… Бірақ Айзада Қазанғапты шығарып салып келе жатқан жоқ, Қазанғап Айзаданы стрелочниктің үйшігіне дейін соңғы рет шығарып салып келе жатқан. Сол арадан Құмбелге баратын жүк пойызына міне салмақшы. Енді ерінің орнына Бекей стрелочник болады. Үйшікке жетіп, екеуі қош айтысты. Түні бойы айтылар сөз айтылғап, төгілер жас төгілген. Буын бұрқыратып, паровоз дайын тұр екен. Машинист Қазанғапты асықтырып, бол-болдың астына алды. Қазанғап оның қасына отырар-отырмастан, паровоз азыната айқай салып, бірте-бірте жылдамдық алып, жол түйіндерінде дөңгелектері тоқылдап, белін белбеумен буып, орамалды қымқай тартып, ерінің етігін киіп, бір қолында баласы, бұларға семафор ашып тұрған Бекейдің тұсынан да өте берді. Соңғы рет бір-біріне қол бұлғасты… Бекейдің дидары, көзқарасы, қолы, тіпті семафор да соңғы рет қылт-қылт етіп қала берді… Пойыз болса Сарыөзектің аппақ көрпе қымтанып, тым-тырыс ұйықтап жатқан даласын оятып, арындай алып жөнелді. Паровоздың маңдайынан жел соғады. Пеште жанып жатқан көмір қоқсығының қолқаны атқан қоңырсық иісіне сол жел алып даланың жас қарының уыз иісін әкеліп араластырады… Сарыөзек кеңістігінің қысқы саф ауасын Қазанғап қомағайлана жұта берді, жұта берді. Бұдан былай бұл даланың өзіне өгей емес екенін ол сонда барып түсінді.

Құмбелде әскерге алынғандарды майданға жөнелтіп жатыр екен. Бәрін сапқа тұрғызып қойып, аттарын атап, түгендеп шығып, вагон- вагонға бөлді. Дәп осы арада бір қызық бола қалды. Қазанғап өз колоннасымен вагонға енді мінейін деп жатқанда, военкоматтың бір қызметкері жүгіріп келіп:

– Асанбаев Қазанғап! Асанбаев қайсың? Шық  саптан! Ер соңымнан! – деп бұйырды.

Айтты – орындалды.

– Мен – Асанбаев!

– Документ!.. Дұрыс. Өзі екенсің. Ер соңымнан. Станцияның бір бұрышына орналасқан әскери пунктке қайтып келген соң әлгі адам Қазанғапқа:

– Асанбаев, бері қара, үйіңе қайта бер. Қайт үйіңе. Түсіндің бе?

– Түсіндім,– деді Қазанғап түгіне түсінбесе де.

– Онда қара көбейтпей қайқай? Сен боссың.

Аттанып бара жатқан, шығарып салған азан-қазан топтың ортасында Қазанғап не істерін білмей абдырап біраз тұрды. Әуелі мұндай сәті түскен іске қуанып та қалды, бірақ сана түкпірінен бір күдік қылмаң етіп бас көтеріп, сол күдіктен тұла бойы күйіп-жанып қоя берді. Е, бәсе, бәсе! Дереу қалың топты қақ жарып, әскери пункттің бастығына қарай ентеледі.

– Қайда, қайда өңмеңдеп барасың?– деп шу етті бастыққа кіруге кезек күтіп тұрғандар.

– Шұғыл шаруа! Эшелон жүрейін деп тұр, шұғыл шаруа!– деп ақыры есікке жармасты. Темекі түтінінен буалдыр тартқан бөлмеде, жан-жағы толған телефон, бума-бума қағаздардың, қаумалаған адамдардың ортасында қалған, даусы қарлыққан бурыл бас кісі кимелеп кірген Қазанғапқа жақтырмай қарап:

– Саған не керек, не жұмысың бар? – деді.

– Мен келіспеймін.

– Немен келіспейсің?

– Менің әкем асыра сілтеуге ұшыраған адам ретінде ақталған болатын. Ол кулак емес! Барлық құжатты тексеріңдер! Ол орташа шаруа ретінде ақталған.

– Тоқта-тоқта! Не керек өзіңе?

– Мені тек осы себеппен алмасаңдар, онда дұрыс емес.

– Ой, сен оттама. Кулак дей ме, орташа дей ме – кімнің шаруасы бар онда қазір! Өзің қайдан сандалып жүрсің? Кімсің өзің?

– Боранды бекетінен келген Асанбаевпын. Бастық тізімді ақтара бастады.

– Сөйтіп айтпайсың ба, адамның миын ашытқанша. Орташа, кедей, кулак деп! Мә, саған бронь! Сені қателесіп шақыртқан. Теміржолшыларға ешкім тиіспесін, бәрі өз орындарында қалсын деген Сталин жолдастың өзінің бұйрығы бар. Кәне, кесір болма, бекетіңе бар да, жұмысыңа кіріс…

Олар Борандыға  жақындағанда күн де ұясына қонып  еді.

Жолаушылардың алдынан тағы да темір жол көрінді.

Ары-бері жүйткіп жатқан пойыздардың үні естіледі, алыстан ирелеңдеп бара жатқан вагондар тізбегін байқауға да болады. Сарыөзектің даласында олар аулақтан  ойыншық вагондардай болып көрінеді. Сай-саланы, бел-белесті әрі соңғы сәулесіне малып, әрі десе көлеңкемен көлбеп, күн шұғыласы сөніп бара жатты. Жердің бетін болар-болмас буалдыр мұнар басып, ымырт үйіріле берді, ауа көгістеніп, әлі қыстың сызы кетпеген көктем-нің жас иісі жер тәнінен сезіліп тұрды.

– Әне, біздің Боранды! – деп қолын алға созды Қазанғап, түйе үстіндегі Едіге мен жанында жортақтап келе жатқан Үкібалаға қарап.– Енді аз қалды, құдай қаласа, кешікпей жетеміз. Дем аласыңдар. Алдыда, темір жол сәл-сәл орағытып өткен жалаңаш мойнақтан шағын-шағын бірнеше үй, семафордың ашылуын күтіп, қосалқы жолда тұрған ұзын состав көрінеді. Одан әрі, жан-жақтың бәрі аңқиған қу дала, жайқуат ой мен қыр; мелшиіп жатқан шексіз кеңістік, дала, дала...

Едігенің көңілі құлазып сала берді. Теңіз жағалауының даласын көріп өскен Едіге үшін дала таңсық емес, бірақ мұншама қиырсыз қиянды көремін деп ойламап еді. Айдыны сан құбылып жататын көк теңіздің жағасында туып-өсіп енді сусыз тылсым тақырға тап болып тұр. Оу, мұнда қайтіп Күн көруге болады?!

Үкібала түйемен қатарласа беріп, Едігенің аяғынан ұстап, біразға дейін қолын айырмай қойды. Едіге айтпаса да түсінді. “Шыда, – деп еді сонда Үкібаланың қолы. – Әйтеуір, денсаулығың сақайса болды. Қалғанын көре жатармыз...”

Сөйтіп олар Борандыға таяп келіп те қалып еді. Сөйтсе бұл олардың бүкіл алдағы ұзақ ғұмырының мекені екен ғой.

Күн қызылы әбден сөніп, қараңғы түсіп, Сарыөзектің аспанында жұлдыздар жамырай жанған кезде, олар Борандыға келіп те жеткен. Біраз күн Қазанғаптың үйінде тұрып жатты. Одан соң бөлек шығып, сол кездегі жол жұмыскерлерінің барақ үйіне көшті.

Осылайша жаңа жайдағы өмір басталып еді.

Әу дегенде Сарыөзектің қу медиенінде қаншама қысылып- қымтырылса да, Едігеге екі нәрсе шипалы болды: бірі – таза ауа, бірі – түйенің шұбаты. Ауа дегеніңіз мұнда сары уыздай саф екен. Мұндай уыз ауа, әй, сірә, басқа жерден табыла қоймас. Шұбат болса, Қазанғап өзінің екі інгенінің біреуін Едігеге байлады.

– Әйеліміз екеуміз ақылдасып көрдік,– деді Қазанғап.– Шүкір, бізге ағарған жетеді, ал Ақбас інгенді сауынға сендер алыңдар. Өзі сүтті, жас мал. Екінші рет төлдеуі. Өздерің бағып, игілігін өздерің көріңдер. Тек ботасын аздырып алмасаңдар болды. Қатынымыз екеуміз келісіп қойдық: ол бота саған берген бәсіре-еншіміз болсын. Сақтай алсаң, малыңның төл басы сол. Ал кетеміз, көшеміз десең, сатып кетерсің, ақша-пұлға жарайды. Ақбас інгеннің баласы осыдан екі аптадай ғана бұрын туған, құйтақандай қара бас бота болатын. Томпайып қана тұрған екі кішкентай өркеші де қап-қара. Өзі құйтақандай болса да, жасаурап тұратын екі көзі тостағандай, жас баланың жанарындай мөп-мөлдір аяулы көздер. Бота кейде енесінің жанында ебедейсіз тапырақ-тап, секіріп-секіріп ойнайды да, қорада жалғыз қалса, енесін іздеп адам сияқты аянышты, жалынышты үнмен боздап-боздап қоятын. Оның кейін аты-шулы Қаранар атанатынын сонда кім білген десеңші. Бүкіл аймаққа аты шыққан қайратты да қажырлы Қаранар. Борандының Едігесінің өміріндегі көптеген оқиғалар енді сол Қаранармен байланысты болар. Ал әзірге ол әлі әлжуаз бота ғой, көз жазбастан күтіп, бағу керек еді. Ботаға Едіге де бауыр басып алған, сәл бос уақыты болса, соның жанында жүреді. Қысқа қарай бота кәдімгідей өсіп қалып еді, суық түсе Едіге оны жабулап тастады. Жабудан ботаның басы, мойны, аяғы мен өркеші ғана шығып тұрады да, көзге күлкілі көрінетін. Сол жабумен ол қысты өткеріп, жазғытұрым қорадан шығып, күндіз-түні далада жүретін болды.

Сол қыста Едіге өзінің сақая бастағанын сезді. Басының айнала беретіні қалай қойғанын да байқамай қалды. Бірте-бірте құлағының шуылдап тұратыны да басылды, жұмыс істесе қара терге түсетіні де тыйылды. Ал қыстың ортасында темір жолды үрінді қар басып қалған қауырт кездерде басқа жұмысшылармен бірге қолына күрек алып, іске де кірісіп кететін болды. Жастың аты жас қой, әрі жаратылысынан қайсар жан, бір кезде аяғын әрең ілбіп басатынын да ұмытып, күш-қуаты тасқындап, құлшынып шыға келді. Сонау бір жирен дәрігердің айтқаны келді.

Көңіл-хошы түскен бір сәттерде Едіге ботаны мойнынан құшақтап, аймалап тұрып, оған қалжыңдап та қояр еді.

– Сен екеуміз егіз туған емшектес бауырлармыз ғой. Ақбас інгеннің сүтін еміп сен, міне, зіңгіттей болып өстің. Мен болсам, соның сүтінің арқасында ауруымнан айықтым. Айырмасы, тек сен оның сүтің емсең, мен шұбат жасап іштім… Арада көп жылдар өтіп, соғыс бірте-бірте ұмытылып, балалар оқуға барып, разъезге су-мұнара салынып, су мәселесі біржолата шешіліп, Едіге темір түңкелі үй салып алып, қаншама қиямет қиыншылықтан кейін, өмір шіркін өзінің қалыпты орамын тауып, тұрмыс түзелген заман еді. Қаранардың даңқы дәуірлеп тұрған кез болатын. Әлдеқайдан біреулер әдейі келіп, Қаранарды суретке түсіріп кеткеннен кейін бір күні Едігенің есінде ұзақ сақталар бір әңгіме болды.

Боранды Боранды болғалы мұнда фототілшілердің келуі бірінші рет еді. Олар үшеу болатын. Бәрі де ылдым-жылдым, әрі сөзшең екен. Борандының Қаранары мен оның иелерін бүкіл газет- журналдарға басып шығару үшін арнайы келдік деп, уәдені үйіп- төкті-ай дейсің.  Бұл даңғаза  у-шуды Қаранар жақтырған жоқ “мазамды алмаңдар” дегендей басын аспандата көтеріп, шықшыты бұлтылдап, тісін шықырлатып, бақырып-бақырып жіберді.

Суретшілер “түйені тыныштандыр, былай ұстап тұр, олай ұстап тұр” деп Едігенің де мазасын алып болды. Едіге болса, аз ауылдың күллі қатын-қалашын, бала-шағасып, тіпті Қазанғаптың өзін де шақырып “келіңдер, суретке бәріміз бірге түсейік, жалғыз өзім түсе бергенім жараспас”, – деді. Фотосуретшілер бұған да көніп, түрлі аппараттармен сыртылдата берді. Суретке түсірудің ең бір мықты номері Қаранарға бала-шаға бәрі үйме-жүйме жабылып мінген кезде болды. Екі бала түйенің мойнында, арқасында бес бала, бәрінің ортасында Едігенің өзі. Ал, көріңдер, Қаранардың күш атасы екенін! Қыран күлкі, қызық-думан болғаны-ай сонда! Сонан соң фотосуретшілер бураның жеке өзін түсірейік деп едік деп ағынан жарылды. Е, түсіре бер, онда тұрған не бар!

Әне сонда суретшілер Борандының Қаранарын алдынан да, қырынан да, алыстан да, жақыннан да бар өнерлерін салып түсіріп- ақ бақты. Содан кейін олар Едіге мен Қазанғапты көмекке шақырып, бураның аяғынан өркешіне дейін, кеудесін, тізесін, тұрқын өлшеп, бәрін қағазға жазып алды. Бастарын шайқап, таң-тамаша болады.

– Тамаша бактериан! Міне, асыл тұқымның сақталғаны деп осыны айт! Бактерианның классикалық түрі! Кеудесінің керіске дейін қарашы, тұрқының  келістісі-ай!

Мұндай мадақ сөздер Едігенің құлағына, әрине, жағып бара жатыр. Бірақ кейбір сөздердің мағынасын түсінбей, “бактериан” дегендерің не деп сұрады. Сөйтсе, ғылымда қос өркешті түйенің түпкі бабасы солай аталады екен.

– Демек, бұл бактериан болды ғой?

– Болғанда да өте сирек алмастай асылы.

– Өлшеп-пішіп жатқаның неге керек?

– Ғылым үшін керек.

Газетке, журналға бастырамыз дегендері борандылықтарды жай алдау еді, бірақ жарты жылдан кейін түйе шаруашылығы бойынша зоотехникалық факультеттерге арналған оқулық кітабын поштамен салып жіберіпті. Кітаптың сыртында бактериан тұқымының асыл тектісі – Боранды Қаранарының суреті қасқайып тұр екен. Кітаппен бірге бір бума суреттерді де қоса салыпты. Ішінде түрлі-түсті фотолары да бар. Осы суреттерге қарап, сол бір кездің бақытты бір дәурен екенін аңғаруға болар еді. Соғыстан соңғы қысылшаң жылдар артта қалған, балалар әлі балалықтың бал дәуренінен шыға қоймаған, ересектер бәрі есен-сау, қарттық деген әлі алты қырдың ар жағында алыс жатқан.

Осынау суретші меймандардың құрметіне деп, Едіге бір тоқтыны сойып тастап, Боранды ауылын түгел шақырып, думанды той өткізді дейсің. Шұбат дейсің бе, арақ дейсің бе, басқа түрлі тағам жағы мол болды. Ол кезде разъезге көшпелі вагон-магазин келіп тұратын. Онда құстың сүтінен басқаның бәрі жайнап тұрар еді. Тек ақшаң болсын. Теңіз шаяны, уылдырықтың қарасы, қызылы, балықтың неше түрі, коньяк, колбаса, конфет, тағы басқа тамақтың толып жатқан түр-түрі сіресіп тұратын. Сондай молшылықта, бір қызығы, соны жұрт аса ала да бермейтін. Енді ғой әлгі көшпелі дүкен жол бойынан – көзден бір-бір ұшқалы қашан… Сол бір той-томалақ тамаша өтті. Тіпті Қаранар үшін де тост көтерілді. Сөзден сөз шықты. Сөйтсе, әлгі қонақтар Қаранар туралы Елизаровтан естіген екен. Сарыөзекте менің досым Борандының Едігесі тұрады. Ол әлемдегі түйе біткеннің сұлтаны – Боранды Қаранарының иесі депті. Қайран Елизаров, Елизаров! Сарыөзектің тарихын тамаша білетін ғалым, ғажайып жан… Елизаров Борандыға келген сайын Қазанғап, Едіге үшеуі түні бойы әңгіме соғып отырар еді…

Қазанғап пен Едіге бірінің сөзін бірі іліп алып, меймандарға жергілікті түйе түлігінің ұлы анасы ақбас Ақінген және оның даңқты иесі Найман-ана туралы Сарыөзек аңызын айтып берді. Найман-Ана Ана-Бейіт зиратында жатыр деді. Әне қайда жатыр Боранды Қаранарының шыққан тегі! Осы бір көне тарих туралы мына меймандар газетке бірдеңе жазар деп үміттеніп еді, борандылықтар. Меймандар бұл хикаяны тыңдауын ыждағатпен тыңдады да, өздерінше бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалып келе жатқан осы елдің бір аңызы болар деп қоя салды. Ал Елизаров болса басқа пікірдің адамы еді. Ол Ақінген туралы аңыз ерте замандағы тарихи шындықтан шығуы әбден ықтимал дейтін. Елизаров мұндай аңыздарды тыңдауды ұнатар еді, өзі де сахараның өткен-кеткенінен көп-көп әңгімелер білетін.

Меймандар кешке қарай аттанған. Едігенің көңілі көтеріңкі, кеудесі керіңкі. Сондықтан ба екен, ойланбастан бір сөзді қойып қалды. Қанша дегенмен, меймандармен бірге о да ішті ғой. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ.

– Қазеке, осы шыныңды айтшы, – деп еді ол Қазанғапқа сонда.

– Маған осы Қаранарды бота кезінде бәсіре бергеніңе өкініп жүрен жоқсың ба, бәле болып?

Қазанғап оған бір қарап, мырс етті. Едігеден мұндайды күтпеген сияқты. Біраз кідіріп барып: Бәріміз де пендеміз ғой, – деді. – Бірақ  сен білесің бе, бұрынғылар айтқан: “Мал иесі құдайдан” деп. Бұл құдайдан. Солай бұйырған. Қаранар саған бұйырып тұрған, оның иесі сен болуға жазған. Айталық, Қаранар сенен басқа біреудің қолына түссе, кім біледі, мүмкін, мал болмас та ма еді, өліп қалар ма еді, кім білсін, не боларын... жардан құлап кетер ме еді. Сенің несібеңе тиесілі болған. Менің бұдан бұрын да түйелерім болып еді ғой, жаман да мал емес еді олар. Дәл сол Қаранар туған Ақбас інгеннен олар да туған. Ал сенің бәсірең бәрінен де бірегей болып шықты… Лайым, жүз жыл қызығын көр. Сондықтан әлгі сөзің бекер болды, бекер…

– Кешір, Қазеке, кешіре гөр, – деп Едіге ойланбай айтқан оспағына қатты қысылып қалды.

Осы әңгіме барысында Қазанғап өзі байқап-бағамдаған бір сырды айтты. Аңыз бойынша, асыл нәсіл Ақінген жеті боталаған екен – төртеуі ұрғашы, үшеуі еркек екен. Содан былай ұрғашылары ақбас, сары болып келеді екен де, еркектері қарабас, қоңыр түсті болып туады екен. Әне, Қаранар сондай тұқым. Ақбас анадан қара түйе туған. Оның асыл Ақінгеннің ұрпағы екенінің шын белгісі осы. Әне, содан бері қай заман – екі жүз жыл ма, үш жүз жыл ма, бес жүз жыл ма, а бәлкім, одан да көп шығар, Сарыөзектің даласында Ақінгеннің тұқымы үзілмей келеді. Анда-санда, арагідік Борандының Қаранарындай асыл-сырттан туғандары да кездесіп қалады. Едігенің ырысы бар екен, Қаранар соған бұйырып туыпты…

Күндердің күнінде Қаранар күйі келіп, жанына адам жолатпай, құтырынып, бәленбай күн айдалаға жоғалып кетіп, жұртты үрейлендірген шақ туғанда “Енді не істейміз, піштіріп тастау керек пе, әлде кісендеп қою керек пе”,– дегенде, Қазанғап Едігеге турасын бір-ақ айтты:

– Ықтияр өзіңде. Жан тыныштығыңды ойласаң – піштіріп, атан етіп жібер. Ал, атағым шықсын десең – тиме. Ондай жағдайда, анау- мынау оқиға болса, бар жауапкершілікті өз мойныңа ал. Күш- қуатың, шыдамың жетсе – шыда: үш жылдай жынданады да, одан кейін мұрнын тескен тайлақтай соңыңнан ілеседі де жүреді.

Едіге Қаранарды піштірмеді. Дәті шыдамады, қолы көтерілмеді. Бура қалпында қалдырды. Бірақ сол үшін кейін көзінен қан сорғалаған кезі де болды... V



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет