Боранды бекет



бет6/12
Дата21.01.2022
өлшемі1,64 Mb.
#113274
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Borandy biekiet - Shyn'g'ys Aitmatov
1539791257, ОШ ТЖБ География 7-сын қаз, doc (1), doc (1)
Бірбасор. “Конвенция” авианосецінің борты”.

Осындай қорғанысша шараларына көшкен Бірбасор “Икс” планетасын игеру жөніндегі “Демиург” программасын белгісіз мерзімге дейін  түгелдей тоқтатуға мәжбүр болды. Орбиталды “Паритет” станциясын айналыс жолының басқа бір параметрлеріне көшіріп, оны тек күнбе-күнгі космосты бақылау жұмысына пайдалануды ұйғарды. Ортақ ғылыми-зерттеу “Конвенция” авиано- сеці бейтарап Финляндияға аманат берілетін болды. Қиыр космосқа “Құрсау” системасы орнатылып болған соң паритеттік барлық қызметкерлер, ғылыми, әкімшілік жұмыскерлер, қосымша шаруашылық адамдары түгелдей таратылатын болды. Олар өле- өлгенше Бірбасор қызметінің неге тоқтағаны жөнінде құпияны ешкімге жарияламау жөнінде ант беріп, қолхат жазатын болды.

Жалпы жұртшылыққа “Демиург” программасы бойынша жұмыс “Икс” планетасында терең зерттеулерге байланысты белгісіз мерзімге дейін тоқтатылады деп хабарланбақ.

Мұның бәрі ой толғағынан  мұқият өткен. Жер шарының төңірегіндегі космос кеңістігіне шұғыл “Құрсау” салынғаннан кейін осы айтылғанның бәрі іске асырылмақ. Одан бұрын, комиссиялардың мәжілісі аяқтала салысымен-ақ барлық документтер, барлық шифрлар, бұрынғы паритет- космонавтардың барлық хабарлары, барлық протоколдар, осы бір қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық фотопленкалар, қағаз атаулы түп-түгел жойылды.

Тынық мұхиттағы Алеут аралдарының оңтүстігін ала күн кешкіре бастаған. Ауа райы бұрынғысынша бірқалыпты, төзгілікті еді. Десе де, мұхит бетіндегі толқындар бірте-бірте күшейе түскен. Таудай толқындардың арсыл-гүрсіл азынауық үні құлаққа келе бастаған.

Авианосец үстіндегі самолеттердің қызметкерлері Ерекше өкілетті комиссиялар мүшелерінің мәжілістен соң шығуын күтіп, тықыршып тұрған. Әне, күткен кісілер де шықты. Қоштасты. Бір тобы бір самолетке, екінші тобы екінші самолетке қарай беттеген.

Авианосец тербетіліп тұрса да, самолеттер аман-есен ұшып кетті. Олардың бірі Сан-Францискоға, екіншісі қарама-қарсы Владивосток жаққа қарай бағыт алып еді.

Ал Жер-ана болса ғарыштың желімен дидарын жуып, өзінің мәңгілік айналма жолымен жүзіп бара жатты. Жер-ана жүзіп барады... Әлемнің өлшеусіз шексіз түкпірінде жүзіп жүрген бір түйір тарыдай ғана Жер- ана... Әлем кеңістігінде мұндай түйіршіктерге сан жетпес. Сөйтсе де тек Жер дейтін тарыдай түйіршікте ғана адам баласы өмір сүреді. Хал- қадарынша, әл-қуатынша тіршілік еткен адам баласы бар. Кей-кейде сол адамдар білімге құштарлық қасиеті қыстап, басқа планеталарда өздеріндей тірі жан жоқ па екен деп, соны анықтауға талпынды.

Адамдар бұл туралы қызыл кеңірдек болып айтысып, болжам, долбар құрып, Айға да барып қонды, басқа да планеталарға автомат машиналарын жіберді; бірақ әрдайым да Күн системасындағы планеталардың ешқайсысында адам сияқты жан иесі жоқ екеніне, оны айтасыз, тіпті тіршілік белгісі жоқ екеніне көздері жетіп, көңілдері қамықты. Кейіннен бұл әрекетті де ұмытты, Жер бетінде олар бір-бірімен тату-тәтті тұруы да оңай емес еді, әрі десе қу тамақ тауып, тіршілік ету де жеңіл жұмыс емес... Адамдардың көбі аспан әлемінің әлегінде менің нем бар деп ойлады. Сонымен Жер-ана өзімен-өзі жүзіп жүре берді...

Сол бір қаңтар басынан аяғына дейін қақаған аяз болды. Сарыөзекке мұншама суық қайдан келе береді! Пойыздардың өзі де ақ қырау, көк мұз, құрсанып өтеді. Әдетте қап-қара мұнай цистерналары енді үлбіреген аққа оранып тізбектеліп қалғанын көргенде көзге оғаш. Ал бір тоқтаған пойыздың қайтадан орнынан қозғалуы тіпті қорлық. Қосақталған паровоздар вагондардың рельске қатып қалған доңғалақтарын ырғап-ырғап әрең қозғалтады. Паровоздар пойызды рельспен жұлқыған кезде темір затының сақыр- сұқыр күңіренген даусы аязды күні алысқа естіледі. Осы бір күңіренген арсыл-гүрсілден түнде Борандының балалары шошып оянады.

Ол аз болғандай темір жолды үрінді қар басып қала беретін болды. Бір жерін аршысаң екінші жерін бітеп тастайды. Жел де қағынып алды. Сарыөзектің жері кең, дауыл қай жағынан соға жөнелерін де білмейсің. Борандылықтарға қаскүнем жел қарды қасақана темір жолға келіп үйетін сияқты көрінеді. Аңдысын аңдып тұрғандай, титтей саңылау табылса, құтырына ұйтқи соғып, жолдың үстіне зілмауыр қар сілемін қарқарадай төгеді-ай келіп.

Едіге, Қазанғап, тағы үш жұмысшы өздеріне  қарасты жол участогін басынан аяғына дейін, біресе ана жерін, біресе мына жерін қардан тазартумен болады. Жаңа тазалап кеткен жеріңді қар қайтадан басып қалады. Тағы да болса түйе жеккен сүйретпенің себі тиді. Бұлар қардың үйіндісін сүйретпемен ысырып алып, астын күрекпен тазалайды. Едіге қар тазалауға Қаранарды аямай салды; күшін қайда қоярын білмей құтырынған бураның сілесі қатқанына риза да болды. Өзімен пара-пар басқа бір түйемен қосақтап жегіп, сүйретпені Едіге өзі басып тұрып, қалың қарды жолдан ысырады. Ол кезде басқа амал жоқ еді. Жұрт: ойбой, заводтан жаңа машина шығыпты, паровоз алдына тіркеп алып, жолдың үстіндегі қарды қақырата тазалай береді екен, десіп жүрді. Сондай машина Борандыға да келеді десті бастықтар. Бірақ ол уәде әзірше сөз жүзінде ғана болатын. Егер жазғы шілдеде екі ай бойы ес тандырар ыстық болса, енді мына қыстың аязында адам ауа жұтудан қорқады. Суықтығы сондай өкпеңді жыртып кете жаздайды. Ал пойыз деген ыстығыңа да, суығыңа да қарамайды, толассыз жүре береді. Сондықтан, амал жоқ, жол таза болуы керек. Едігенің сол бір қыста ақ кіре бастаған сақал- мұрты алынбай қауқиып, шала ұйқылы көздері домбығып, айнаға қараса – адам көргісіз бет-аузы шойындай қарауытып, қабыртып кеткен еді. Сыртынан бастырмалы брезент плащ қаптаған шолақ тоны үстінен бір түспейді, белшешпейді. Аяғынан киіз пима суырылмайды. Бірақ та не істесе де, нендей қиындық кешсе де Едігенің ойынан Әбутәліп Құттыбаевтың мүшкіл халі кетпей қойды. Сол әділетсіздіктен Едігенің жүрегі сыздады. Қазанғап екеуі бұл қалай болды, ақыры не болады деп әрі ойлап, бері ойлап, ой түбіне жете алмады. Қазанғап көбінесе қабағын түйіп, үндемейді, тек өзінше қатты күйзеледі. Дегенмен, бір күні:

– Әр заман осылай болған. Анығына жеткенше... Бұрынғылар: “Хан құдай емес, уәзірлерінің не істеп жүргенін үнемі біле бермейді, ал уәзірлер базарда алым-салық жинаушылардың не істеп жүргенін үнемі сезе бермейді”, – деп бекер айтпаған. Әр заман осылай болған.

– Оу, данышпаным, не деп тұрсың өзің!– деп Едіге қағытып қалды.

– Ханың, уәзірің не? Ол бәлелердің тұқым-тамырына біз балта шапқалы қашан! Мәселе онда емес қой!

– Неде? – деді Қазанғап зілдене.

– Неде, неде! – деп Едіге ашуланды, бірақ жауабын айта алмады. Сол сұрақ миын тесіп, бірақ жауабын таба алмай жүрді де қойды. Қырсыққа қырсық ілесе келеді деген рас. Құттыбаевтардың үлкен ұлы Дауыл суық тиіп, қатты жығылды да, төсек тартып жатып қалды. Ыстығы тасып, жөтел қысып, тамағы ісіп, сандырақтап жатады. Зәрипа айтады: “Баланың тамағы баспа болды” дейді. Сөйтіп, түрлі дәрі-дәрмек береді. Бірақ ол балаларының қасында үнемі отыра алмас, жол бойында стрелочник болып істейді, әйтеуір күн көру керек қой. Кезекке кейде түнде, кейде күндіз шығады. Оның балаларына Үкібала амалсыз қарайласып тұратын болды. Өзінің де екі қызы, Зәрипаның екі баласы... Әбутәліп отбасының мүсәпір жайға ұшырағанын ойлап, төрт баланы бағып-қағады. Мүмкін болғанша Едіге де қол ұшын беріп бағады. Таң азаннан тұрып, сарайдан Әбутәліптің үйіне көмір әкеледі, уақыты жетсе, пешін де жағып береді. Тас көмірді тұтата білу үшін де машық керек. Балақайлардың үйі күні бойы жылынып тұрсын деп пешке біржарым шелек көмір салады. Тұйық жолда тұрған цистернадан барып су әкеледі. Отқа жағатын ағаш жарып береді. Су тасып, ағаш жарып, оны-мұнысын істей салу Едіге үшін қиын ба, тәйірі... Қиямет-қайым басқада болып тұр ғой. Бәрінен де қиыны, Әбутәліптің балаларының көзіне тура қарап, олардың сұрағына жауап беруден артқан азап-тозақ болмады. Үлкені ауырып, төсекте жатады, ол өзі табиғатынан мінезі ауыр, ал Ермегі, құдды шешесі, мейлінше елгезек, іші-бауырыңа кіріп кететін мейірбан, өте сезімтал, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен жаны жарақаттанатын нәзікеш, бәрінен де сол қиын болды. Едіге таңертең көмір әкеліп, пешті жаққанда, балаларды оятып алмауға тырысады- ақ. Бірақ білдірмей кетуі сирек. Бұйра қара шаш Ермек тез оянып кетеді. Көзін тырнап ашып алғаннан айтар бісмілләсы:

– Едіге көке, папика бүгін келе ме? – дейді.

Бала орнынан атып тұрып, тыр жалаңаш күйінде, көзінен адам төзгісіз үміт оты жылтылдап, жүгіріп кеп Едігеге жармасады. Едіге “иә” десе болды – әкесі үйге қазір кіріп келетіндей көреді. Едіге оны ап-арық, жап-жалаңаш, жып-жылы күйінде жерден көтеріп алып, бауырына қысып тұрып, қайтадан төсегіне жатқызады. Онымен үлкен кісімен сөйлескендей сөйлеседі:

– Ермек, сенің папикаң бүгін келе ме, келмей ме – білмеймін. Ал, бірақ оның қай пойызбен келетінін бізге станциядан телефон арқылы хабарлауға тиіс. Біздің разъезде жолаушылар пойызы тоқтамайтынын өзің де білесің ғой. Тек темір жолдың бас диспетчерінің бұйрығымен ғана тоқтайды. Сірә, таяу күндері хабары болып қалар. Әне, сонда екеуміз, егер Дауыл оған дейін жазылып кетсе – үшеуіміз перронға шығып, пойызды қарсы аламыз. – Бәріміз айқайлап: Папика, біз сені күтіп тұрмыз! – дейміз, ә?

– Оу, дұрыс-ау! Дәл солай деп айқайлаймыз, – деп Едіге баланы қуаттап қояды.

Бірақ та алғыр баланы алдай салу оңай емес.

– Едіге көке, ондай болса, кел, екеуміз ана жолғыдай жүк пойызға міне салып, сол ең үлкен бас диспетчерге барып, папика мініп келе жатқан жолаушы пойызды біздің разъезге тоқтат дейік.

Ал, енді алдап көр.

– Оу, онда жаз болатын, күн жылы болатын. Кәзір жүк пойызбен қалай жүресің? Күн болса қақап тұр. Жел дегенің азынап тұр. Әне, көрдің бе, әйнектердің өзі де қатып қалыпты. Біз жүк пойызбен станцияға жеткенше мұз болып сіресеміз де қаламыз. Ойбой, ол өте қауіпті ғой.

Бала үнсіз мұңаяды.

– Сен енді жата тұр, мен Дауылды барып көрейінші,– деп Едіге сылтау тауып, науқас баланың жанына барып, сексеуілдей бұдыр- бұдыр ауыр қолымен оның маңдайын басып көреді... Науқас бала көзін әрең-мәрең ашып, ыстықтан кезеріп кеуіп қалған ерні қимылдап жымияды. Ыстығы әлі қайтпаған екен. – Абайла, үстің ашылып қалмасын. Терлеп жатырсың ғой. Ұқтың ба, Дауыл? Үстің ашылып қалса, бұрынғыдан бетер суық тиеді. Өй, Ермек, сен Дауыл іш еткісі келсе, шылапшып әкеліп беріп тұр, ұқтың ба? Оны орнынан тұрғызба. Кешікпей жұмыстан мамаларың да келеді. Ал, кәзір Үкібала апаларың келіп, сендерді тамақтандырады. Ал, Дауыл жазылып кеткен соң біздің үйге келіп, Сәуле, Шарапатпен ойнайсыңдар. Ал, мен жұмысқа кеттім, әйтпесе қар деген үйіліп қалды, пойыздар тоқтап қалады, – деп Едіге кетер алдында балақайларды көндіріп-ақ бағады. Әйтсе де Ермектен құтылу қиын.

– Едіге көке,– дейді ол босағада тұрған Едігені тоқтатып.– Егер қар үйіліп жатса, папика келе жатқан пойыз да тоқтап қалады ғой. Мен де барып қар тазаласайыншы. Күрегім де бар. Едіге осы үйден жүрегі сыздап, жаны шырқырап шығады. Әділетсіз қорлықтан, дәрменсіздіктен, мына отбасын аяудан жүрегі парша-парша. Сол сәтте ол бүкіл дүниені бүріп тастағысы келеді. Сол ашуын үйме қардан, ескек желден, күресіннен, сүйретпеге жегілген түйелерден аямай-ақ алады. Сарыөзектің боранына жалғыз өзі тосқауыл болатындай, жанталаса жұмыс істейді...

Ал күндер болса, бір-бірлеп үздіксіз тамған тамшыдай бірінен соң бірі өтіп жатты. Сөйтіп қаңтар да өте шықты, аяз да сәл-пәл бәсеңсиін деді. Ал Әбутәліп Құттыбаевтан ізім-ғайым хабар жоқ: Едіге мен Қазанғап бұл жайды әр саққа жорып, ары ойлап, бері ойлап, дал болды. Екеуі де Әбутәліп әне-міне босанып келіп қалар деген, өйткені ол бірдеңе жазса, басқа біреу үшін емес, өзі үшін жазды ғой, онда тұрған не бар... Екі еркек осылай деп үміттенген, сол үмітке олар Зәрипаны да сендіріп баққан, әйелдің еңсесі түсіп, егілмесін деп жұбату айтқан. Зәрипа өзі де балаларына бола қайратқа мініп, тастай бекем болуды ойлаған. Өзі де тастай қатып қалған сияқты еді. Бір түрлі тұйықталып, артық ауыз сөйлеспейтін болып алды, тек көздері ғана әлденеге алаңдап, жалт-жұлт ете қалады. Оның бұл қайраты қаншаға жетерін кім біледі, егер...

Бір мезгіл Едігенің жұмыстан қолы бос еді. Далаға шығып, түйе табыны жайылымын, әсіресе Қаранар қалай жүр екен, соны біліп қайтпақ болды. Қаранар басқа бураларды мертіктіріп қоймады ма деп те уайымдайды. Құтырынып болмады ма екен, мезгілі де біткен сияқты. Түйелердің өрісі аса қашықта емес еді, шаңғы байлап жолға шықты. Едіге өрісті көріп, кешікпей-ақ оралған малдың жай-күйін Қазанғапқа хабарлап, түйелер түгел аман-есендемекші еді. Ойсылқара баласы Түлкіқұйрық сайында жатыр, Түлкіқұйрықта қар жоқтың қасы, жел айдап кеткен беткей қарайып қалыпты, мал жайылуға жайлы екен, әзірше уайымдайтын дәнеңе жоқ. Қазанғапқа осыны айтайын деді де, шаңғыларды үйіне тастап шықпақ болды. Үлкен қызы Сәуле есікті ашып, түсі қашып:

– Көке, апам жылап отыр! – деді де қайтадан лезде ішке кіріп кетті. Едіге шошып қалып, шаңғыны тастай салып, үйге асықты. Келсе, Үкібала өксіп-өксіп жылағанын көріп, Едіге зәресі зәр түбіне кетті. – Не? Не боп қалды?

– Құрысын мына құрыған дүние! – деп Үкібала еңірегенде етегі жасқа толды.

Әйелінің мұндай күйзеліс халін Едіге өмірі көрген емес. Үкібала төзімді, есті әйел болатын.

– Осының бәрі сенен! Сен кінәлі!

– Неге? Неден кінәлімін? – деп Едіге қайраңға соққан балықтай есеңгіреп қалды.

– Сорлы балалардың сорын қайнаттың. Әлгіде жол бос болмай, жолаушы пойыз тоқтады. Қарсы пойызды өткізіп жібермекші екен. Қағыңғырлар, қайдан ғана біздің разъезде қарама-қарсы келіп қалып еді? Әлгі Әбутәліптің балалары жолаушы пойыздың тоқтағанын көре салып: Папика, папика! Папика келді! – деп айқай салып тұра жүгірсін. Тура пойызға ұшып барады. Соңынан тұра ұмтылдым. Әлгі екеуі вагоннан-вагонға жүгіріп: – Папика, папика! Біздің папикамыз қайда?” – деп шыр-шыр етеді. Пойыздың астына түсіп кетеді екен деп зәрем жоқ. Тым құрыса бір есік ашылсашы! Әлгі екеуі зыр жүгіреді. Өзі де ұзыннан-ұзақ состав екен, құдай көрсетпесін. Әлгі екеуі жүгіргенін қойсайшы! Мен байғұс құстай ұшып, әуелі кішісін, одан кейін үлкенін ұстап алғанша, пойыз жүрсін де кетсін. Екеуі екі жақтан жұлқынып, жүріп бара жатқан пойызға тұра-тұра ұмтылады: “Ішінде папикамыз кетті, түсуге үлгірмей қалды!” – деп ал кеп азан- қазан болсын. Жүрегім қағып, қалжырағаным сонша, әй жынданып кететін шығармын деп қорықтым. Екеуінің ботадай боздап жылағанын көрсе-е-ең. Ермек қалжырап қалды! Бар да, баланы жұбат! Бар! Жолаушы пойыз тоқтағанда әкең келеді деп сендірген сен ғой! Әкесі түспей, пойыз жүріп кеткенде, олардың шырылдағанын көрсең еді! Әттесі-ай, көрсең еді! Сұм өмір неге бұлай жаратылды екен, әке балаға, бала әкеге неге мұнша ынтызар болып жаратылған? Мұндай азаптың неге керегі бар еді? Едіге Әбутәліптің үйіне қарай дарға асылатындай халде бара жатты. Құдайдан жалбарынып тілегені: иә, құдай, бейкүнә, дәрменсіз нәрестелерді еріксіз алдағаным үшін әділ жазаңның алдында күнәмді кеше гөр, деді. Мен сәбилерге жамандық ойламап едім, деді. Енді олардың алдында не  демекпін, қандай жауап айтпақпын?..

Едіге кіріп келсе, бет-аузы жылай-жылай адам танығысыз көнектей болып ісіп кеткен Ермек пен Дауыл қайтадан шыңғыра бақырып, Едігеге болған жайды екеуі қабаттаса хабарлап, разъезге жолаушы пойыз тоқтады да, папикамыз түсіп үлгіргенше, тез жүріп кетті. Едіге көке, сіз тоқтатыңыз ол пойызды деп, ал кеп қиғылықты салсын...

– Сағындым папикамды! Сағындым, сағындым! – деп Ермек Едігеден жәрдем күткендей, соған ғана сенгендей, кішкентай да болса, күңірене жылағанда, адамның сай-сүйегі сырқырайды.

– Мен қазір бәрін де біліп берейін. Тек, тыныш, тыныш, кәне, жыламаңдар, – деді елебе-делебе боп жылаған балаларды әйтеуір иландырып, әйтеуір жұбатудың қамын ойлаған Едіге. Бірақ өзінің әлсіздігін, дәрменсіздігін білдіріп алмас үшін, көңілін босатып алмас үшін іштей бекіну де қиынның қиыны еді. – Міне, қазір барамыз, қазір барамыз! “Қайда барамыз? Қайда? Кімге барамыз? Не істеу керек? Не амал бар?” – дейді тағы өзінен-өзі. – Міне, қазір далаға шығайық, содан соң сөйлесіп, ойланайық, – деп Едіге қай-қайдағыны айтып, міңгірлеген болды.

Зәрипаға таяп барды. Зәрипа жастыққа бетін басып, етпетінен түсіп жатыр.

– Зәрипа, а Зәрипа, – деп Едіге иығынан түрткілеп еді, басын да көтерген жоқ.

– Біз далаға шығып, осы төңіректе жүре тұрармыз, сөйлесерміз,– деді ол Зәрипаға. – Мен балаларды ала кетейін. Бұл оның балаларды алдарқату үшін, өзі де ес жиып алу үшін ойлап тапқан амалы еді. Ермекті арқасына мінгізіп, Дауылды қолынан жетектеп алды. Сөйтіп, темір жол бойымен, әйтеуір, жүре берді. Едіге бұған дейін өзгенің қайғысына мұншама күйзеліп көрмеп еді. Арқасындағы Ермекәлі де солығын баса алмай, күрсінгендегі дымқыл демі Едігенің желкесіне сезіліп келеді. Сағыныштан жаны күйзелген кіп-кішкентай адам баласы Едігеге мейлінше бауыр басып, мейлінше сенгендігі сонша қос қолымен оның иығынан қысып ұстап алыпты, Ермектен сәл-ақ үлкен Дауыл да Едігенің қолынан илана жармасып келе жатқаны сонша оларға деген аяныш сезім мен күйзелген жанның күйігінен Едіге ойбай салып жылағысы келді.

Сөйтіп олар Сарыөзектің қу даласындағы теміржол бойымен жүре берді, жүре берді, тек пойыздар арсылдап-гүрсілдеп, ары-бері өтіп жатты. Пойыздар келеді, кетеді... Сонда Едіге балаларды тағы да алдауға мәжбүр болды. Сендер қателесіпсіңдер деді. Біздің разъезге кездейсоқ сандалып тоқтаған жолаушы пойыз мүлде басқа жаққа бара жатқан пойыз. Ал папикаларың мүлде басқа жақтан келуге тиіс. Бірақ ол жуық арада келе қоймас. Өйткені оны алыстағы бір теңізге матрос етіп жіберген көрінеді. Тек сол алыс сапардан кеме қайтқан кезде ғана, папикаларың үйге келеді. Сондықтан күте тұру керек, деді. Едігенің ойынша, осылай  ғана балалардың үмітін қаузап, қуат беріп, әлгі өтірігі шындыққа айналғанша шыдам шырағын жаға тұру керек. Әбутәліп Құттыбаевтың қайтып келетініне Едіге шынында да күмәнданбаған. Біршама уақыт өтер, тексеріп, анық-қанығына көздері жеткен соң босатып жіберер, босанған соң ол бір секунд та аялдамай үйіне қайтар деп ойлаған. Балалары дегенде жанын қиюға дайын адам да бір секунд аялдар ма еді... Қазір балаларға Едігенің өтірік айтқаны да сондықтан, Әбутәліптің қандай жан екенін басқалардың бәрінен де артық білгендіктен, сол Әбутәліптің отбасынан айырылғандағы халі қандай екенін әбден сезеді. Оның орнында басқа біреу болып, басына осындай іс түссе, кешікпей үйге ораламын ғой деген үміті болса, үй-ішімен аз күн айырылысуға дәл Әбутәліптей қасіреттеніп, дәл Әбутәліптей қиналмаған да болар еді, Ал, Әбутәліп үшін отбасынан айырылудан артық жаза жоқ екеніне Едігенің көзі әбден жетеді. Әбутәліптің сонша балажан екенінен де секемденеді. Оның ісін тексеріп, ақ-қарасын анықтап болғанша, шыдамы жетер ме екен деп те қорқады. Бұл кезде Зәрипа тиісті орындарға Әбутәліптің тағдырын сұрап, әлденеше хат жазып, күйеуімен жолығуға рұқсат болар ма екен деп өтінді. Әзірше ешқандай жауап келген жоқ. Қазанғап пен Едіге де түкке түсінбей дал болған. Екеуі ақыры мұның себебі Боранды разъезімен тікелей пошта байланысы болмағандықтан деп ұйғарды. Бұлар бір жаққа хат жаза қалса не біреуден беріп жібереді, не Құмбел поштасына өздері апарып салады. Ал егер бір жақтан бұларға хат жазылса, ол хат әуелі Құмбелге келеді, одан жолай кез келген адам арқылы Борандыға жетер еді. Байланыстың мұндай түрі, әлбетте, тым баяу болары өзінен-өзі түсінікті. Бір жолы солай болды да...

Ақпанның ең ақырғы күндерінің бірінде Қазанғап интернаттағы Сәбитжанды көріп қайтпақ болып, Құмбелге аттанды. Түйемен барды. Қысты күні жолай жүк пойызға мінсең суықтан қатып қаласың. Вагон ішіне кіруге болмайды, тыйым салынған, ал сыртта тұрсаң – суықтан қақайып қаларың анық. Ал жылы киініп, түйеге мінсең сау желіп отырып, бір күнде Құмбелге барып қайтуға болады, әрі десе шаруаңды да тындырасың.

Қазанғап сол күні кешке қайтып оралды. Оның түйеден түсіп жатқанын көріп Едіге ішінен: “Шал жүрісті көтере алмай шаршаған ба, әлде интернаттағы баласы бір тентектік жасап қойды ма екен? Түрі жауатын бұлттай түнеріңкі ғой”, – деп қойды.

– Қалай барып қайттың? – деп Едіге дыбыс білдірді.

– Жаман емес,– Қазанғап түйеден жүгін түсіріп жатып күңк етті. Содан соң Едігеге бұрылып тұрып ойланып қалды да: – Қазір үйіңде боласың ба? – деді.

– Е, үйде боламын.

– Бір шаруа бар. Қазір барамын.

– Кел, кел.

Қазанғап көп кідірген жоқ. Әйелі Бекей екеуі қоса келді. Алдында өзі, артынан әйелі кірді. Екеуі де абыржулы сияқты. Қазанғаптың мұрты салбырап, мойны қылқиып, еңсесі түсіп кетіпті. Сеп-семіз Бекей болса жүрегі тарсылдап тұрғандай, дем ала алмай қалғандай, алқынып тұр.

– Екеуіңе не болған, ұрсысып қалғаннан саусыңдар ма? – деп күлді Үкібала. – Татуласайын деп келдіңдер ме. Отырыңдар.

– Ұрсысып қалсақ кәне,– деді Бекей әлі де алқынып, өлімсіреген дауыспен. Қазанғап жан-жағына қарап: – Қыздарың қайда? – деді.

– Зәрипаның үйінде, балаларымен бірге,– деді Едіге. – Олардың не керегі бар?

– Жаман хабар әкеліп тұрмын, – деді Қазанғап Едіге мен Үкібалаға қарап.– Балалар әзірше естімей-ақ қойсын. Ғаламат қайғылы хабар. Біздің Әбутәліп  қайтыс болыпты.

– Не дейсің?! –  деп Едіге орнынан ұшып тұрды. Үкібала шыңғырып жіберіп, шүберектей боп-боз болып қуарып, өз аузын өз қолымен жаба қойды.

– Өлді! Өлді есіл ер! Сорлының балалары жетім қалды! – деп Бекей қарлыққан, елегізіген үнмен жылай бастады.

– Өлгені қалай? – деп Едіге әлі де сенбей, үрейлене үрпиіп Қазанғапқа жақындай түсті.

– Станцияға қара қағаз келіпті.

Кенет бәрі де бір-біріне қарай алмай, үнсіз  қалды.

– Ой, сорым-ай! Ой, сорым-ай! – Үкібала қос қолымен басын ұстай алып, ары-бері теңселіп, сыңси бастады…

– Қайда ол қағаз? – деді ақыры Едіге.

– Қайда болушы еді, станцияда, – деп Қазанғап жөнін айта бастады.– Әлгі интернатқа соғып, одан вокзалдың ішіндегі дүкенге кіре кетейін деп бұрылғанмын. Мына Бекей сабын ала кел деп еді. Есіктен кіре бергенім сол, қарсы алдымнан станция бастығы Чернов шыға келді. Бір-бірімізді баяғыдан білеміз ғой, амандастық. Сөйтсем: “Е, жақсы кездестің, жүр, кеңсеге кіре кет, сендердің разъезге бір хат келіп еді, ала кет”, – дейді. Кабинетін ашып, ішіне ендік. Үстелден бір тасқа басылған әрпі бар хат алып шықты: “Сендердің разъезде Әбутәліп Құттыбаев деген жұмыс істеп пе еді?” – дейді. “Иә, істеген, не бопты?” – деймін. “Жә, мына хат келгелі үш күн болды. Борандыға беріп жіберетін адам кездеспеді. Мына хатты әйеліне тапсыр. Оның сұрау салған хатына жауап екен. Мұнда Құттыбаев қайтыс болды деп жазыпты”, – деді де маған түсініксіз бір сөз айтты: “Инфарктен қайтыс болыпты”. “Инфаркт деген не бәле”, – деймін. “Жүрек қабы жарылған”, – дейді Чернов. Сөйтсе – жүрек жарылып кетіпті ғой. Отырған жерімде меңіреу болып отырып қалыппын. Ә дегенде сенбедім. Әлгі қағазды қолыма алып қарадым. Оқысам: “Құмбел станциясының бастығына Боранды разъезінде тұратын осындай да осындай әйелдің сұрау салған хатына ресми жауап хабарлансын. Әрі қарай тергеудегі Әбутәліп Құттыбаев осылай да осылай, жүрек қысымынан өлді”, – делінген. Дәл солай жазылыпты. Оқып болып, бастыққа қараймын, не істерімді білмеймін…” Жағдай осылай дейді Чернов екі қолын екі жаққа жайып, мына хатты әйеліне тапсыр”, – дейді. Мен оған: “Жоқ, бізде олай болмайды. Қара қағаз тасып, жаман хабар жеткізуші болғым келмейді”, деймін. Титтей-титтей балалары бар, қалай ғана олардың жүрегіне шөңге қадаймын, жоқ, апармаймын дедім. Біз Боранды халқы жиналып, әуелі ақылдасайық. Одан кейін бір мәмлеге келерміз. Бұл қағазыңа арнайы бір адам жіберерміз. Мұндай ауыр хабарды жөн-жобасымен жеткізер болар. Өліп қалған торғай емес, арыстай азамат қой. Әрі-беріден соң оның әйелі Зәрипа Құттыбаева келіп, бұл хатты өз қолыңыздан алғаны жөн болар. Оған жөн-жосықты, себеп-салдарын өзіңіз айтып түсіндірерсіз”, – дедім. Чернов маған: “Өзің біл, бірақ мен ол әйелге не айтып түсіндірмекпін? Істің егжей-тегжейін, жөн-жайын өзім де білмеймін. Менің жұмысым – бұл қағазды тиісті адамына тапсыру” – дейді. “Кешіріңіз, әзірше бұл қағаз сізде бола тұрсын. Мен ауызша айтуын айтайын, ал одан әрі не істеуді, ақылдасып көрейік”, – дедім. “Мейлі, өзің біл”, – деді. Сонымен кабинеттен шыға салып түйені аямай сау желдіріп, жол бойы: “Енді қайттік? Мұндай суық хабарды жеткізуге кімнің дәті шыдайды?” – деп уайымдаумен болдым…

Қазанғап үндемей қалды. Едіге еңсесін тау басқандай бүк түсіп отыр.

– Енді қайтеміз? – деді Қазанғап. Бірақ оған ешкім де тіл қатпады.

– Осылай боларын біліп едім, – деп Едіге басын күйіне шайқады.

– Ол балаларынан айырылғанына шыдай алмай өлді. Мен бәрінен де сонысынан қорқып едім. Айырылысуға шыдамады. Ал енді оны балаларының сағынғанын көрсең – жаның шырқырайды. Егерім, Әбутәліптің орнында басқа адам болса, мейлі сотталсын, не үшін екенін білмеймін, сотталып-ақ кетсін, айталық, бір жыл отырар, екі жыл отырар, бәлкім, одан да көп болар, бәрібір қайтып келер еді. Әбутәліп деген немістің тұтқынында, концлагерінде де болды, не қорлықтың бәрін көрді, партизан болып жүргенде де көрген азабы аз емес, қаншама жыл жат елде жүріп, көрмеген құқайды көрсе де – өлмей шыдады ғой. Неге десең, ол онда жалғыз басты еді, өзімен-өзі еді, отбасы жоқ еді. Ал енді болса, оның етінен ет кесіп алғандай жағдай ғой. Жанынан жақсы көретін балаларын ап тартып әкетті ғой. Әне, бәле қайда…

– Иә, менің де ойым сол, – деп тіл қатты Қазанғап. – Адамнан адам айырылғанға өледі дегенге сенбеуші едім.

Анау-мынау емес, жап-жас жігіт, ақылды десең ақылды, білімді десең білімді, ісінің анық-қанығына жетіп, босатқанша шыдай тұрса, қайтетін еді. Оның түк те жазығы жоқ қой. Ақылға салса, түсінген де шығар, бірақ жүрегі құрғыр шыдамапты да...

Бұлар сөйтіп көпке дейін отырды. Ары ойлап, бері ойлап, бұл қасіретті хабарды Зәрипаға қалай естіртудің амалын таппай, ақылдары айран болды. Он ойланып, тоғыз толғанғанмен бәрінің ойлап-ойлап жеткен жері біреу-ақ: отбасы иесіз, балалар жетім, Зәрипа жесір қалды, басқа түк те қосып-алары жоқ, осы ғана ақиқат. Десе де, ең есті ақылды Үкібала айтты:

– Әлгі қағазды станцияға барып, Зәрипа өзі қолымен алсын. Қайғысының алғашқы соққысын балаларының қасында емес, сол станцияда тартсын. Азапты да сол станциядан бастап, қайтар жолда бір байламға келер. Балаларға бұл сұмдық хабарды қазір айтып жеткізу керек пе, керек емес пе – жол-жөнекей ойланар. Бәлкім, олар кішкене өсіңкіреп, әкелерін ұмытыңқырағанша бұл хабарды айтпай қоя тұрар да. Қазір оларға қайтіп айтарсың…

– Сенікі дұрыс, – деді Едіге әйелін қостап. – Зәрипа балалардың анасы, Әбутәліптің қазасын балаларына айта ма, айтпай ма – өзі білсін. Өз басым айта алмаймын... Едіге одан әрі сөйлей алмай, аяныштан лықсып келген өксікті басқысы келіп, жөткірініп, тілі икемге келмей қалды. Бәрі де бір мәмлеге келгенде, Үкібала тағы да:

– Қазеке, – деді Қазанғапқа сөзін бұрып, – сіз Зәрипаға былай деңіз: станция бастығында саған арналған бір хат бар көрінеді, сірә, сенің сұрау салған хаттарыңа жауап болар. Бастық тек Зәрипаның өзі келіп алсын деді, деңіз. Тағы бір айтарым, – деп сөзін сабақтады Үкібала, – мұндай сапарға Зәрипаның жалғыз өзін жіберу жарамайды. Олардың мұнда не біртуғаны, не жақын жекжат-жұрағаты жоқ. Ал қайғы үстінде жалғыздықтан жаман нәрсе бола ма. Едіге, сен Зәрипамен бірге бар да, қиын сәтте бірге бол. Қайғылы хабарды естігенде қалай боларын кім біледі. Бастыққа айт, станцияда шаруам бар еді де, сөйт те ана бейшарамен бірге бар. Балалары біздің үйде бола тұрар.

– Мейлі, – деп келісті Едіге әйелінің уәжімен. – Ертең Әбілевке Зәрипаны станциядағы ауруханаға апару керек деп айтамын. Бірер минутке өткінші пойызды тоқтатып бер деймін.

Осы бәтуаға бәрі де тоқтады. Бірақ Құмбелге олар екі күннен кейін аттанды. Разъезд бастығының өтінуімен өткінші пойызды тоқтатып, соған мінді. Бұл 5 наурыз күні еді. Борандының Едігесі бұл күнді өмірі ұмытпас.

Мінгендері көпшілік вагон екен. Лықа толы әр түрлі халық: отбасыларымен, бала-шағасымен кетіп бара жатқандар да бар; кәдімгі жолаушы вагонның тіршілігі, арақ иісі қолқаңды атады; ары- бері сапырылысып жатқан адам, карта ойнағандардың баж-бұжы; өмірдің тауқыметі, еркектердің маскүнемдігі, айырылысып жатқандар; үйлену тойы; жаназа шығару туралы сыпсың-сыпсың сөйлескен қатындардың күбір-күбірі… Адамдар алысқа кетіп барады. Күнбе-күн күйбең тіршілігімен кетіп барады. Оларға аз уақыт болса да өз қайғы-қасіретін арқалап, Зәрипа мен оның жол серігі Боранды Едіге келіп қосылды.

Әрине, Зәрипаның көңілі бей-жай. Станция бастығы қандай жауап айтар екен деп күдіктеніп, уайым жеп, жол бойы үндеместен түнеріп, әлденеге алаңдай береді. Адамның бей-жай халін бір көргеннен айтпай біліп қоятын сезімтал, сергек, мейірбан бір жандар болады ғой. Зәрипа орнынан тұрып, коридормен тамбурға шығып кеткен, Едігенің қарсысында отырған орыс кемпір бір кезде көкпеңбек, қазір оңып, бозарып кеткен мейірлі көздерімен Едігеге қарап:

– Не ұлым, әйелің сырқат па? – деді. Едіге селк ете қалды.

– Апай, ол әйелім емес, қарындасым. Ауруханаға алып барамын.

– Бәсе-бәсе, байғұс бала қиналып келе жатыр. Жаны қатты ауырып келеді. Көзі мұңға толы екен. Іштей қорқатын шығар. Ауруханада бір қатерлі ауру таба ма деп қорқады ғой. Әй, қу тіршілік-ай десеңші! Дүниеге келмесең – жарық сәуле көрмейсің, келсең – қорлықтан, азаптан арылмайсың. Өмір деген сол ғой. Әлі жас қой, құдай сәтін салса – оңалып кетер, кім біледі,– деді станцияға жақындаған сайын Зәрипаның жан дүниесін бір  дүлей қайғы-қасірет мүжіп бара жатқанын нендей бір көріпкел сезімталдықпен аңлаған кемпір. Борандыдан Құмбелге дейін пойызбен бір жарым сағаттық жол. Жолаушыларға сол күні қай жермен кетіп бара жатқаны бәрібір ғой. Тек алда қай станция деп сұрасып қояды. Ал ұлы Сарыөзектің даласы әлі де қар жамылып, ұшы-қиырсыз қытымырлана көсіліп, маңқиып жатқан. Десе де, қыстың зәрі қайта бастаған нышаны сезіледі. Күнгей беттің о жер, бұ жері қарайып, сай-сала, бел-белестер ала-құла, ақ таңдақтанып қалыпты. Наурыздың келуімен соққан жылымық желден еріген қар жентектеліп жаппай шөгіп жатыр. Бірақ әлі күннің көзін сірескен сұр бұлт тұмшалап тұр. Қыс әзір жантәсілім болмаған, әлі қар жауып, қырына алса, тағы да соңғы боран соғып кететін түрі бар. Қасындағы мейірбан кемпірмен анда-санда тіл қатып қойып, Едіге терезеге қарап, орнынан қозғалмай шыға берді. Зәрипаның қасына бармады. Мейлі Зәрипа коридордағы терезенің алдында тұрса – тұра берсін, өзінің жағдайын ойлансын. Кім біледі, іштей бір сезік-сезім оған әлденеден хабар берер. Мүмкін қазір ол былтырғы қоңыр күзде екі отбасы бала-шағасымен жүк пойызына мініп, Құмбелге келіп, қауын-қарбыз алып қайтқан, қуанышты, жарқын күндерді еске алар. Балаларға сол бір кез ұмытылмас мейрам сияқты болып еді. Соның бәрі күні кеше сияқты еді-ау. Едіге мен Әбутәліп сонда вагонның жартылай ашық есігінің алдында қатар отырып әр түрлі әңгімені соғып еді, есіктен жел аңқылдап, айнала балалар жүгіріп ойнап, заулап қалып бара жатқан далаға қарап, дуылдасып еді, ал Үкібала мен Зәрипа да бейкүнә, күжік-күжік әңгіменің қызығына берілген болатын. Құмбелге жеткен соң олар дүкен аралап, бақтың ішін көріп, киноға кіріп, шаштаразға да соғып еді. Балалар балмұздақ жеген. Бәрінен де қызығы– бәрі жабылып Ермектің шашын алдыра алмай қойғаны ғой. Неге екені белгісіз, шаш алатын машинка басына жақындай берсе, ойбайды салып бақырып, шаштаразды азан- қазан қылып еді. Едігенің есіне түсті: сол сәтте әкесі Әбутәліп есіктен кіріп келгенде баласының оған шырылдап тұра ұмтылғаны-ай: әкесі баласын құшақтай алып, шаштараздан қоршағандай, бауырына басып, әзір шашын алдырмай-ақ қояйық, басқа бір жолы батылырақ болармыз, сонда алдырармыз, деп еді. Бұйра қара шашы туғалы бері қайшы тимей, Ермек болса енді әкесіз өсіп келеді…

“Тергеуі аяқталмай жатып Әбутәліп неге өліп кетті?” – деп Едіге осы бір жұмбаққа түсіне алмай, қайта-қайта осы сұрақ жанын қинай береді. Қазір тағы да соны ойлап отыр. Балаларын сағынып, сарғаюдан өліп кетті-ау деген жалғыз тұжырымға тағы да тоқтады. Жанындай жақын адамдардан айырылысу қасіретін кейбіреулер жеріне жетіп түсіне бермес. Әбутәліп үшін балаларынсыз өмір – өмір емес-ті, оларсыз оған дүние қараң. Елсіз, жұртсыз Сарыөзектің айналасында балаларым қорғансыз, қолдаусыз қаңғырып қалды-ау, деген санадан сарғайып өлді. Тағдыр тәлкегі деген осы…

Станция бағындағы орындықта Зәрипаны күтіп отырып, Едіге осыны ойлады. Зәрипа станция бастығына кіріп, әлгі қағаздың жайын біліп қайтқанша, Едіге оны осында күтпек болып келіскен. Түс әлеті болған кез, бірақ ауа райы әлі оңбай тұр. Түнере төнген бұлтты аспан ашылмай-ақ қойды. Әуеден қар екені белгісіз, иә жаңбыр екені белгісіз әлдене бетке тамшыдай тиеді. Бұзылған қардың дымқыл иісін әкеліп, ашық даладан жел ескектейді. Едіге жаурағандай үрпиіп отыр. Әдетте ол, жолы түссе, станциядағы сапырылысқан адамдардың арасына кіріп кеткенді ұнатушы еді. Өзінің баратын жері жақын, асығатын ештеңе жоқ, содан соң қарап тұрсаң, бір уақытта пойыз келе қалады, жолаушылар жапырлай түсіп, перронмен ары-бері жүгіре бастайды; құдды кинодағыдай дерсің. Өзі де солай-ау: жаңа ғана пойыз келіп тоқтап еді, бір қарасаң – жоқ, кетіп қалыпты.

Бұл жолы Едіге көптің арасына баруға зауқы болмады. Енді сол сапырылысқан жолаушыларға орындықтан көз салып отырып, адамдардың соншалықты сұрқай, сұрықсыз, енжар, самарқау, жабырқау бір-біріне мүлде бейтарап екеніне таңғалды... Оның үстіне тұмау тиген қырылдауық радиодан бүкіл станция алаңына ұдайы бір сарынды музыка азынап, адамдардың еңсесін түсіріп, мұңға батырып зарлады да тұрды. Бұ неғылған музыка?

Зәрипа вокзал үйіне кіріп кеткелі жиырма минуттен де асып барады. Едіге алаңдай бастады. Осы орындықтың жанында тосамын деп нықтап-ақ айтқан. Өткен күзде балалармен, Әбутәліппен бірге отырып балмұздақ жеген орындық ғой. Едіге орнынан тұрып, Зәрипаны іздемек болды.

Енді орнынан тұра бергенде, есіктен Зәрипа көрініп еді, тұла бойы дір-р ете қалды. Есіктен кіріп-шығып, құжынап жатқан көптің ішінде Зәрипа бөлекше көзге түседі: төңірегінде ел жоқтай, дүние- әлемді мансұқ еткендей ілбіп келеді екен. Беті өліктің бетіндей боп- боз, жан-жағына қарамай, ұйқыда жатып тұрып кетіп, түсінде жүріп келе жатқандай, соншама көп адамның біріне де қақтықпай, соқтықпай, құдды бір елсіз, жұртсыз айдалада жалғыз өзі ғана жүргендей, соқыр адамша басын қасіреттене тік ұстап, тура қарап, ернін қымқырып алыпты. Ол жақындағанда, Едіге орнынан тұрды. Зәрипа тағы да түсінде жүріп келе жатқандай, өте баяу, ілбіп қана жылжиды. Дүниеден түңілген жансыз көздері тым қорқынышты, ілбіп жылжып келе жатқаныда үрейлі. Ол таяп келгенше арада, бәлкім, түпсіз шыңыраудай қап-қараңғы, сұп-суық тұтас бір ғасыр, тұтас бір заман өткендей көрінді. Қолына Қазанғап айтқандай тасқа басылған әрпі бар қалың конвертті ұстап алыпты. Таяп келіп, жымқырулы ерні қимылдап:

– Сен біліп пе едің? – деді. Едіге басын баяу ие берді. Зәрипа орындыққа сылқ отыра кетті де, басы быт-шыт жарылып, жан-жаққа шашырап кететіндей қос қолдап қысып алып, өз қайғысына өзі сүңгіп, өзімен-өзі болып, енді бір еңіреді дейсіз. Жылағанда тұла бойы дірілдеп, бір шөкім ғана болып шөкті де қалды. Өзінен өзге дүниені ұмытып, шексіз мұң мұхитына бойлай сүңгіп, қасірет құзына құлап бара жатты. Ана жолы Құттыбаевты үш хром етікті алып кеткенде, Едіге Әбутәліптің орнына мені алып кетсе деп тілеп еді; бұ жолы да мына әйелді әйтеуір тағдыр соққысынан қалайда құтқарып қалу ниетімен; Әбутәліптің орнында мен-ақ кетіп, не қорлықтың, жазаның бәрін мен-ақ тартсам еді-ау деген ой шалықтап өтті. Сонда да болса ол мына зіл батпан сордың алғашқы соққысынан есін жиып алғанша Зәрипаны жұбатудың, қуат берудің ешқандай амалы жоқ екенін түсінді.

Сонымен екеуден екеу станция бағындағы орындықта отыра берді. Зәрипа солығын баса алмай жылай берді, бір кезде көз қиығын да салмастан уысында мыжылған қара қағазды конвертті лақтырып кеп жіберді. Өлген Әбутәліп өлген екен, енді бұл қаралы қағаздың кімге керегі бар? Бірақ Едіге әлгі конвертті жерден алып, қалтасына салып қойды. Қалтасынан бет орамалын суырып, Зәрипаның саусағын күшпен жазып, зорлап тұрып, көзінің жасын сүрткізді. Бірақ бұдан да қайран болмады.

Ал әлгі жылауық музыка станция аспанын шарлап, әлі боздап тұр, сірә, үздіксіз боздағанына қарағанда қаралы, қазалы музыка болар. Наурыз айының аспаны сұп-сұр болып, буаз бұлт төніп тұр, қырдан соққан суық жел өңменіңнен өтеді. Әрі-бері өткіншілер Зарипа мен Едігеге көз қиықтарын салып, іштерінен, әрине, ойлап барады: е, екеуі ұрсысып қалған екен. Еркегі әйелін қатты жәбірлесе керек... Бірақ жұрттың бәрі олай ойламапты: – Жылаңдар, қайырымды жандар, жылаңдар... – деп іргеден көңіл айтқан үн шықты.– Туған әкемізден айырылдық. Ендігі күніміз не болады? Едіге басын көтеріп алып еді, жандарынан өтіп бара жатқан ескі шинельді, балдақты әйелді көрді. Бір аяғы бөксесінен жоқ екен. Едіге бұл әйелді білуші еді. Бұрынғы майдангер әйел станцияның билет кассасында істейтін. Кассир әйел өлердей жылапты, әлі де жылап, сөйлеп бара жатыр: “Жылаңдар, жылаңдар. Ендігі күніміз не болады?” Өз машығымен балдақтың доғал ұшын жерге кезек-кезек тіреп, иығы қолапайсыз шошаңдап, қос балдақтың қос тықырына жұлығы кеткен жалғыз солдат етіктің шиқылы қосылып, өксігін баса алмай, ұзай берді... Оның сөзінің мәнін Едіге станцияға кірер есіктің алдына топталып қалған адамдарды көргенде барып түсінді. Бірнеше адам сатымен өрмелеп маңдайшадан жоғары биікке қара матамен көмкерілген Сталиннің әскери үлкен портретін іліп жатыр. Әлгі тобыр бастарын кегжитіп соған қарап тұр екен.

Мына музыканың неге боздап қалғанын да Едіге енді түсінді. Ұлы Сталинсіз күн қалай шығып, таң қалай атарын түсіне алмай дал болған топтың ортасына басқа бір ретте Едіге де барып қосылып, не болды, қалай өлді деп сұрар еді, бірақ дәл қазір онсыз да өз қайғысына мелдектеп тұрған. Сондықтан ләм-мим деп тіс жарған жоқ. Сталиннің қазасына қайғырар хал Зәрипада да жоқ...

Дүние астан-кестең төңкеріліп кетсе де, пойыздар тоқтамас, тоқтамауға тиісті. Жарым сағаттан соң он жетінші номерлі Москва- Алматы пойызы келуі керек. Барлық жолаушы пойыздары сияқты бұл да Боранды тәрізді майда-шүйде разъездерге тоқтамайды. Жол кестесі солай жасалған. Бірақ бұл жолы он жетінші Боранды бекетіне тоқтайды деп  ешкімнің ойына  кіріп-шықпаған. Оны тоқтатуға сабырмен, салмақпен бекем бел байлаған Едіге еді. Едіге Зәрипаға:

– Кешікпей үйге қайтамыз, Зәрипа,– деді.– Жарым сағат қалды. Әкесінің қазасын балаларына естіртесің бе, жоқ кейінірек айтасың ба – соны сен қазірден бастап әбден ойланып ал. Мен саған ештеңе деп ақыл да айтпаймын, жұбата да алмаймын – енді өзіңе-өзің ие бол. Ендігі жерде балалардың әкесі де, шешесі де – өзіңсің. Ал, мұны сен жол-жөнекей ойлан. Егер де балаларға әзір айтпаймын десең, онда сыр берме, белді бекем буып, тастай қатып қал. Балалардың алдында көзіңнен бір тамшы жас шығушы болмасын. Осыған дәт-қуатың, шыдамың жете ме? Олардың көзінше мына біз өзімізді-өзіміз қалай ұстау керек екенін білуіміз керек. Түсіндің бе? Міне, мәселе қайда. – Жарайды, мен бәрін де түсіндім,– деді Зәрипа көзінен жас ағып тұрып. – Жол-жөнекей үйге жеткенше, ойланайын да, не істеу керек екенін айтайын. Мен қазір... қазір жиналайын, қояйын, қояйын...

Қайтар жол да пойыз іші баяғыдай тіршілік. Вагондар толы адам, темекінің көк түтінге қамалып, ұлы елді бір қиырдан бір қиырға кезіп барады.

Зәрипа мен Едіге купелі вагонға тап болды. Мұнда адам аздау екен. Екеуі өзгелерге кедергі болмайық, әрі десе жол-жөнекей жай- күйді әңгімелесіп алайық деп, вагонның ең шетіндегі коридорға орналасты. Қуықтай коридордың жиналмалы орындығын ұсынса да Зәрипа отырмастан түрегеп тұрып алған соң Едіге өзі отырды.

– Түрегеп тұрғаным тәуір,– деді Зәрипа.

Әлі де оқта-текте солықтап қойып, Зәрипа енді терезеге қарап тұрып, иығынан басқан зілдей тауқыметтің жүгіне бүгіле бермей шыдауға тырысып, есін жиып, ендігі жесірлік тіршіліктің алғашқы адымын қалай, неден бастау керек дегенді ойлауға ниеттенді. Бұған дейін, Әбутәліп ісі оңалып, қайтып оралар, мына сұмдықтың бәрі бір көрген жаман түстей өтер-кетер; Әбутәліп отбасына қайта қосылса, қалған қиындықтың бәрі түзелер – әйтеуір қанша қиын болса да бірдеңе етіп күн көріп, балаларды өсірерміз, деп дәмеленсе, ендігі жерде ешқандай үміт қалмады. Ендігі жерде қалай күнелтудің қамын ойламасқа амал жоқ…

Осы бір қорғансыз отбасының тағдыры Едігеге де ортақ сияқты болған соң оның ендігі қамын Едіге де ойлады. Өрісі басқаны ноқта қосады дегендей, Едіге айдаладағы Әбутәліптің отбасына қамқоршы болмасқа лажы қалмады. Деседе дәл осы сәтте өте берік болуды ойлады, Зәрипа тым езіле бермес үшін, сабыр сақтап, байсалды болуға тырысты. Зәрипаның қандай шешімге келгенін білуге де асықпады. Онысы әбден мақұл болды. Жылап-жылап, көз жасын тыйып Зәрипа сөзді өзі бастады.

Әзірше балаларға әкесінің өлімін айтпаймын, – деді ол үні үзік- үзік шығып, жыламауға тырысып. – Қазір айта алмаймын. Әсіресе Ермек… Неге сонша әкесімен жаны бір болып туды екен... Сұмдық қой... Армандарынан қалай айырамын? Ендігі күні не болады? Әкем келеді деп үміттенумен тірі жүр ғой... Күн сайын, сағат сайын, минут сайын күтеді... Енді бұл жерден ерте ме, кеш пе көшіп кетіп, қоныс аудармасақ болмас... Жетімектер сәл-пәл өссін. Ермектен қорқамын. Кішкене өсіп, жетіле түссін. Сонда айтармын, өздері де бірте-бірте сезер. Қазір... қазір айтуға дәтім шыдамайды... Сұмдық сырды өзім- ақ... Өзімнің аға-апаларыма, Әбутәліптің туыстарына хат жазамын. Енді бізден несіне қорқады олар? Хабарласып, көшіріп алар деп үміттенемін... Одан арғысын көре жатармыз... Енді Әбутәліп жоқта, соның балаларын бағып-қағудан басқа менде мақсат-мұрат болмайды... Зәрипаның ақыл-ойы осы болды. Едіге оны үнсіз тыңдап, бұл шешім Зәрипаның басында құйындай ұйтқып өткен сан-сапалақ ойлардың бетінде қалқып жүрген тамтығы, жұқанасы екенін түсініп, зерделеді. Мұндай әлетте кісі ойындағының бәрін айтып бола ма...

Сондықтан да, әңгімені басқа өріске аударып салмай:

– Зәрипа, айтқаныңның бәрі жөн, – деді Едіге. – Егер де мен сенің балаларыңның сырын білмесем, айтқаныңа сенбес едім. Сенің орныңда болсам, оларға бұл сұмдық хабарды мен де айта алмас едім. Сәл-пәл кідіре тұрған жөн болар. Ал туған-туысқандарыңнан хабар- ошар болғанша, бізге, біздің қолдан келген жәрдемімізге сене бер. Бұрын қалай аралассақ, енді де қол үзбейміз. Бұрынғыша жұмысыңды істей бер, балаларың біздің балалармен бірге болады. Өзің білесің ғой, Үкібала сенің балаларың дегенде ішкен асын жерге қояды. Қалғанын көре жатармыз...

Зәрипа көкірегі қарс айырыла бір күрсініп алып, тағы да сөз бастады: Бұл сұм өмір қарап тұрсаң осылай екен ғой. Бір-біріне сұмдық жалғасып, ақылды жаратылған екен да. Өмірдің бастауы, ақыры, жалғасы бар... Кәміл шыным, Едіге, егер балалар болмаса, осы өмірден қазір кетер едім. Соған бел байлар едім. Енді маған тірі жүріп не керек? Бірақ сол балалар мені ұстап тұрған, сол мені өмір сүруге, тірі жүруге мәжбүр ететін. Мені өлімнен сақтап тұрған солар, өмірдің жалғасы да солар. Ащы да болса, ауыр да болса, әйтеуір жалғас... Олар әкесінің өлімін, әйтеуір, бір біледі ғой, одан қашып құтыла алмайсың, бірақ менің үрей-уайымым: одан әрі не болады? Әкесінің мынандай жағдайға душар болғаны олардың жанын ылғи да сыздатады ғой. Оқуға түсерде де, жұмысқа тұрарда да, қоғам алдында бір ерекше қызмет көрсеткісі келсе де – Құттыбаев деген фамилия алдарынан кесір болып шығады да тұрады ғой... Осыны ойласам-ақ болды, әлдебір құдіретті күш бізді қырына алған сияқты көрінеді де тұрады. Әбутәліп екеуміз бұл жөнінде сөйлеспеуге тырысатынбыз. Мен оны, ол мені аяйтынбыз. Ол тірі болған балалары қатардан қалмай, ешкімнен кем болмай өсер еді, бұған менің сенімім зор еді... Солай сенгендіктен де отбасымыз бүлінбей, бұзылмай келген-ді... Енді не боларын білмеймін... Мен оларға әке орнына әке бола алмаймын...

Өйткені Әбутәліп – Әбутәліп еді ғой. Ол дегеніне жетер еді. Ол бүкіл жан-тәнін балаларына ауыстырып, өзі де сол балаларына айналып кеткісі келетін. Оның түбіне жеткен де осы шексіз махаббаты ғой, балаларынан айырып еді, жанынан да айырылды...

Едіге оны зейін қоя тыңдады. Зәрипа оны ең жақын адамындай көріп, бар сырын, шын ойын жасырмай айтқанына құлай тәнті болып, осы отбасына әйтеуір қол ұшын беріп, бәле-жаладан қорғап, көмегім тисе-ау деп құлшынады, бірақ оларды бақытты ете алмайтынына, оған дәрмені келмейтініне өкініштен өзегі өртенеді.

Олар Боранды разъезіне жақындап қалды. Талай жаз, талай қыс өзі жұмыс істеп жүрген жол бойы Едігеге әбден таныс…

– Сен дайын бол, – деді ол Зәрипаға.– Келіп қалдық. Сонымен келістік қой– балаларға әзірләм-мимдемейсің. Дұрыс, осылай келістік. Зәрипа, мықты бол, балалар сезіп қойып жүрмесін. Үсті-басыңды жинақы ұста. Бар, тамбурға бар. Есіктің алдында тұр. Қалай пойыз тоқтайды, солай жерге түс те, мені күт. Мен соңыңнан түсемін, үйге бірге қайтамыз.

– Сен не істемекшісің?

– Ештеңе де. Оны өзім білемін. Қайткенде де сенің пойыздан түсуге құқың бар ғой. Он жетінші номерлі жолаушы пойыз әдеттегідей разъезге тоқтамай өтпекші, рас семафор тұсында жүрісін аздап баяулататыны бар. Дәл сол тұста, Боранды разъезіне кіре берген кезде пойыз кілт тормоз беріп, вагондар бір-біріне соқтығысып, рессорлар, дөңгелектер ерекше шақыр-шұқыр, тасыр-тұсыр ете қалды. Жұрттың бәрі орындарынан үрейлене атып-атып тұрды. Айқайлаған дауыстар, үскірік шалған үн естілді.

– Не боп қалды?

– Стоп-кранды жұлып алды?

– Кім?

– Қайда?


– Купелі вагонда!

Сол екі ортада Едіге есікті ашып, Зәрипа пойыздан түсті. Өзі асықпай, тамбурға проводник пен кондуктор алқын-жұлқын жетіп келгенше тоса тұрды.

– Тоқта! Стоп-кранды жұлған кім?

– Мен, – деді Боранды Едіге.

– Сен кімсің? Қандай құқың бар?

– Керек болды.

– Керек болғаны қалай? Сотталайын деп пе ең?

– Саспа. Сотқа бересіңдер ме, басқа жаққа жібересіңдер ме, актіге жазыңдар. Міне құжаттарым. Былай деп жазыңдар: бұрынғы майдангер, темір жол жұмысшысы Едіге Жангелдин Боранды разъезінде Сталин жолдастың қазасына байланысты қаралы белгі ретінде стоп-кранды жұлып, пойызды тоқтатты.

– Қалай? Сталин қайтыс болып па еді?

– Иә. Радиодан хабарлады. Тыңдау керек.

– Е, ондай болса, жөн басқа,– деп ана екеуі сасып қалды.– Олай болса, бара ғой онда.

Бірнеше минуттан кейін он жетінші номерлі пойыз заулап кетіп бара жатты...

Пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай тағы да жүйткіп жатты.

Теміржолдың қос қапталын ала бұл өлкеде сол баяғы Сарыөзектің хадим дүниеден бастап түрен тимеген ұлан даласы жатты. Сары даланың кіндік тұсы... Бұл өлкеде ол кезде Сарыөзек –1 деген космодром әлі жоқ еді, тіпті түске де кіріп-шықпаған. Бәлкім, ол болашақ космос жасампаздарының ой-қиялында ғана болған болар.

Ал қазір пойыздар сол баяғыша шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатты...

Елу үшінші жылдың жазы мен күзі Боранды Едіге өміріндегі ең бір азапты кезең болды. Бұрын-соңды ол қыстың аязында да, темір жолды үрінді қар басып қалғанда да, Сарыөзектің аптабы мен сусыз шөлінде де, қандай бір азап-тозақта да, тіпті соғыста да, – соғыста ол Кенигсбергке дейін жетіп еді, мың рет өліп, жарала-нып, мүгедек болып қалуы да мүмкін еді, – бәрі-бәрінде де дәл осы кездегідей азап тартып көрген емес-ті.



Афанасий Иванович Елизаров бір жолы Едігеге жер көшкіні неден пайда болатынын айтып түсіндіріпеді. Дүлейкүштентұтас бір дөңдер, кейде тіпті тұтас таулар жылжып, жердің құрсағын қопарып, бір жамбастап құлап кететіні болады. Табанының астында қандай зілзала жатқанын білмей жұрт үрейленеді. Көшкіннің қауіптілігі сонда, – сұрапыл сойқан толғағы білдірмей, бірте-бірте, күнбе-күн пісіп-жетіле береді. Өйткені жер астындағы сулар жердің қыртысын бірте-бірте мүжи береді де, жасырын аран-апан пайда болады. Содан яки жер болмашысілкінсе, яки күн күркіресе, немесе нөсер жауынжауса болды– тау баяу да қайырымсыз халде жылжып, шөге береді. Көшкін деген бәлеге қарсы тұрар ешқандай күш жоқ, сондықтан да өте қорқынышты. Осындай бір хал адамның басында да болуы ықтимал. Өзін-өзі жеңе алмай, іштей бір құрт-қасірет кеулеп, сол қасіретпен бетпе-бет жалғыз өзі қалады; оған ешкім де жәрдемдесе алмақ емес, сондықтан адам өз қасіретінің уын өзі ішіп, ол азабын ешкімге де айта алмай, жан дүниесі күйзелер. Басқа бір адам оған пана да бола алмас, және оның жанын, мұң-зарын түсінбес те. Ол адам өзінің тұңғиыққа батып бара жатқанын біледі, содан үрей болады. Өз өміріндегі осындай бір көшкінді Едіге Құмбелге кетіп бара жатқанда тұңғыш байқады. Оның нендей көшкін екенін де жүрегі түскір ап-анық сезеді. Құмбелге Зәрипа екеуі барып қайтқалы екі ай өткен. Бұл жолы бір шаруамен жолға шыққан. Зәрипаға поштаға кіре шығам, саған хаттар бар болса ала келем деп уәде берді. Жоқ болса да мейлі, поштаға барып, Зәрипа берген үш телеграмманы үш адреске салып жібермек болды. Зәрипа өз туыстарынан өз хаттарына бір де бір жауап алған жоқ. Енді бәріне де телеграмма жіберіп, менің жолдаған хаттарымды алдыңдар ма; иә алдық, иә алмадық деп жауап беріңдер, хатыма жауап жазбасаңдар жазбай-ақ қойыңдар, деп қатты өтініп еді. Сірә, ағалары мен апалары Әбутәліп отбасымен тым құрыса хат арқылы байланысқысы келмегені ғой. Едіге Қаранарға мініп ертең ерте шығып, кешке қайтып оралмақ болды. Әрине, жүксіз жалғыз өзін кез келген таныс машинист паровозға қуана-қуана мінгізіп алар еді де, Едіге Құмбелге небары бір жарым сағатта жетіп барар еді. Бірақ ол Әбутәліптің балаларына бола өткінші пойызға мінуден сақтанатын болды. Екі баланың екеуі де, үлкені де, кішісі де күнбе-күн темір жолды торып, әкесінің келуін күтіп жүреді. Ойын ойнаса да, әңгіме, жұмбақ айтса да, сурет салса да, – балаға тән қайбір қарапайым тірлігі болмасын соның бәрінде де әкесін күткен нышан сезілер еді. Әкесін күту олардың өмірлік мақсатына айналған. Сол бір кезеңде олардың көз алдында Едігеден беделді кісі болмады, олардың сенімінше Едіге бәрін де біледі, оларға жәрдем бере алады. Едігенің өзінсіз бұл балалардың разъездегі өмірі тым қиын, тым жетімек боларын түсінеді де, жұмыстан қолы бос уақыттың бәрінде дерлік соларды бір нәрсеге алдандырып, әкесін мағынасыз күтуден бірте-бірте көз жаздыруға, ұмыттыруға тырысады. Әбутәліптің балаларға теңіз туралы әңгіме айта бер деген өтінішін ескеріп, ол өзінің балалық шағын, балықшы болған жастық кезеңін, Арал теңізіне байланысты өтірік-шыны аралас әңгімелерді тағы да тағы еске түсіріп, соның бәрін тілі жеткенше, балалардың ұғымына лайықтап айтып беріп отыратын болды. Олардың айтқаныңды қағып алатын пайымдылығына, зерделілігіне қайран қалды. Осының бәрі әкесінің тәрбиесі ғой деп Әбутәліптің аруағына ризалық білдірді. Әңгіме айтқанда Едіге әуелі Ермектің ұғымына шақтап айтады. Бірақ кішкентай Ермек Дауылдан да, Едігенің қыздарынан да қалысатын емес, ұғымпаз; Едіге оны өзге балалардан бөле-жарғысы келмесе де, Ермек өзі-ақ алғырлығымен баурап кетеді. Едігенің айтқан әңгімесін қағып алып, шашпай-төкпей, тап-тұйнақтай өзіңе қайталап айтып береді. Сөздің сарыны қалай, неге байланысты болсын, бәрібір, әңгіменің ұшын қалайда әкесіне әкеп тірейді. Әкесінің атын қоспай ол сөз сөйлемес, не айтса да арасында папика жүреді. Мысалы, мынадай бір әңгіме болды.

– Ал, Арал теңізінің жағасында қалың-қалың қамысты көлшіктер бар. Сол қамыстың арасында мылтық кезенген аңшылар тығылып жатады. Көктемде Аралға алыстан үйректер ұшып келеді. Қыста олар жылы жақта болады да, Аралда мұз ерісімен осы жаққа жетуге асығып, күні-түні ұшады. Өйткені олар бұл жерді өте сағынады ғой. Олар топ- топ болып ұшып, суға тезірек жетіп, жүзгісі келеді, аунақшып, ойнақ салғысы келеді, сөйтіп жағалауға таянып, жерге төмендей береді. Сол кезде қамыс арасынан тарс-тұрс мылтық атылып, көк түтін бұрқ-бұрқ етеді! Үйректерді аңшылар өстіп оқпен қарсы алады. Үйректер жанұшыра қаңқылдап суға құлайды. Сау қалғандары үрейленіп теңіздің ортасына қарай ұшады. Теңіз ортасында қонатын, ұя салатын жер жоқ, содан енді қайтеміз, қайтіп күн көреміз деп толқындардың үстінде топ-топ болып, жылап жүреді. Олар жағалауда өмір сүруге жаратылған ғой. Ал, жағаға жақындауға қорқады.

– Едіге көке, бір үйрек келген жағына қайтадан ұшып кетеді ә?

– Е, қайтадан ұшып кетіп несі бар?

– Иә, сол жақта менің папикам үлкен кемеде матрос болып жүзіп жүр ғой. Сен өзің айтып едің ғой, Едіге көке.

– Иә, иә, оның рас,– деп Едіге сасқалақтап қалады. – Ал, содан кейін не болады?

– Әлгі үйрек папикама барып айтады: жағадағы қамысқа аңшылар тығылып бізді атты деп. Ұя салатын жеріміз жоқ дейді.

– Иә, иә, мұның өте дұрыс.

– Ол үйрекке папикам айтады: мен көп кешікпей елге қайтамын, разъезде менің Дауыл, Ермек дейтін екі балам бар, тағы да Едіге дейтін көршім бар. Мен елге жеткен соң, солармен бәріміз бірігіп, Арал теңізіне барамыз да, қамыс арасында жасырынып жатқан аңшыларды қуып жібереміз. Сөйтіп, Аралдағы үйректерге ешкім тимейтін болады. Суда еркін жүзіп, басымен бүйтіп сүңгіп, ойнақ салатын болады, дейді...

Әңгіме таусылғанда, Едіге құмалақтаспен бал ашатынды шығарды. Үлкендігі бұршақтай қырық бір тасты енді ол жанынан тастамайтын болды. Осы бір ықылым заманнан келе жатқан бал ашудың өз нышаны, өз тілі болады. Едіге күбір-күбір сөйлеп, Әбутәліп деген адам тірі ме, тірі болса қайда жүр, елге қарай жолы қашан түседі, маңдайы ашық па, жүрегі күпті ме, жоқ па, жасырмай-жаппай шыныңды айт деп құмалақ тастарды шашып кеп жібергенде, балалар көз алмастан әлгі тастардың қалай түскеніне зарыға қарап, қатып қалады.

Бір күні Едіге үй сыртында күбір-күбір, сыбыр-сыбыр сөйлескен дыбыс естіп, ақырын баспалап қараса, Әбутәліптің балалары екен. Ермек енді өзі бал  ашатын болыпты. Тастарды өз білгенінше термелеп, әрбір құмалақты маңдайына, ерніне тигізіп: – Мен сені де жақсы көремін. Сен де ақылды, жақсы құмалақсың. Жаңылмай, сүрінбей, Едіге көкенің тастары құсап, тек шыныңды жасырмай айт, – деп жалбарынады. Содан соң құмалақтарды топ- топқа жіктеп, Едігенің сөзін қайталап, Дауылға құмалақтың мәнін түсіндіре бастайды. – Міне, көрдің бе Дауыл, бет алысы жаман емес, тіпті жаман емес. Міне, мынау жол. Аздап күңгірттеу. Тұман тұтып тұрғандай. Ол ештеңе етпес. Едіге көке айтады ғой, жол азабы болады деп. Жолда онсыз болмайды. Әкеміз ылғи да жолға шыққысы келеді. Үзеңгіге аяғын салайын десе, тартпасы бостау екен. Көрдің бе, тартпасы тартылмаған. Оны бекемірек тарту керек. Демек, әкемізге әлдене кедергі болып тұр, Дауыл. Күте тұруға тура келеді. Енді оң қабырғасында не бар, сол қабырғасында не бар, соны көрейік. Қабырғасы бүтін. Бұл жақсы. Маңдайы ше? Маңдайы, қабағы түюлі сияқты. Бізді қатты уайымдайды екен, Дауыл. Жүрегі ше, міне мына тасты көрдің бе, жүрегі күпті, демек үйді қатты сағынып, жүрегі сыздайды екен. Жолы ше? Жолы таяу ма екен? Жолы таяу. Бірақ атының артқы аяғындағы бір тағасы босап тұр. Оны қайта тағалау керек. Демек, тағы да күте тұруға тура келеді. Қоржыны қалай екен? О, қоржыны тоқ! Ал жұлдызы оңынан ба екен? Міне, көрдің бе, мынау Темірқазық. Темір қазықтан бері қарай із көрінеді. Із көмескілеу. Демек, атты қазықтан шешіп алып, жолға шығып та қалар...

Балалардың мына тіршілігіне жүрегі елжіреп езіліп, әрі қапа болып, әрі таңғалған Боранды Едіге ептеп басып, кейін шегіншектеп кетті. Бұдан былай ол құмалақ ашуды қойды...

Бірақ баланың аты бала ғой. Оларды үміттендіріп, жұбатуға, тым құрыса, күнәға батсаң да, айы-күні жеткенше, өтірік айтып, алдай тұруға да болады. Бірақ Боранды Едігенің жанын басқа бір уайым жегідей жеп барады. Мына жағдайда, оқиғалардың осындай тізбегінде ол жегі Едігенің ішіне, дәл бір жер көшкініндей, тау көшкініндей, әлдебір зауалдай болып енуге тиіс еді. Тау көшкінін ешқандай күш тоқтата алмас. Едігенің ішіндегі жегіні де ешкім жеңе алмас...

Ол Зәрипаны ойлап зарықты. Күнбе-күнгі күйбің әңгімеден аса алмаса да, Зәрипа оған ешқашан қабақ танытпаса да, Едіге оны күндіз- түні ойлайтын дертке шалынды. Зәрипаға әркімнің-ақ жаны ашып, аяр еді; Едіге оны тек жанашырлықпен аяп қана қоймады, Зәрипаны жан-жағынан қамалаған қиындыққа қынжылып қана қоймайды тек солай ғана болса, әңгіме қозғап та керегі жоқ қой. Оның Зәрипа туралы ойы ынтызарлы ой еді, Зәрипаға қайтсем медет боламын, оны қайтсем бақытсыздықтан құтқарам деген ой оған маза берген емес. Егер Зәрипа оның осы ниетін түсінсе, сезсе, өзіне медеу болар адам екеніне, күллі әлемде оны жанындай көріп, жан-тәнімен оған берілген адам екеніне көзі жетсе – Едіге бақытты болар еді.

Бірақ мұндай ой ойламаған, ештеңе білмеген-сезбеген адам құсап, сыр бермей жүруден азапты нәрсе жоқ екен... Құмбелге барар жолда ол осы ойдың шырмауында қалып, әбден қалжырады. Сан түрлі ойлар қамалайды. Көңілі алаңдап, әлдебір жарқын мереке күткен жандай болады, біресе қатты ауырып төсек тартатын адамдай халге түседі. Сол бір күйде ол өзін қайтадан теңіз үстінде жүргендей сезінеді. Теңіз үстінде жүргенде адам ешқандай қауіп төнбесе де, көңілі жер бетінде жүргендегіден өзгеше болады. Теңіз айдыны қанша шалқар көсіліп, толқындарда жүзіп жүру қанша көңілді болғанмен, теңізге батып бара жатқан күн сәулесі қаншама сұлу, шыққан күннің нұры қаншама керемет десе де, әйтеуір бір жағаға, не ана жағаға, не мына жағаға барып тоқтау керек. Өмір бойы су үстінде жүре алмайсың. Ал жағалауда мүлде басқа өмір күтіп тұрады. Теңіз тіршілігі – уақытша, ал құрылықтағы өмір – тұрақты. Ал жағалауға ынтығу қорқынышты болса, бір арал тауып, соған барып түсіп, ендігі тұрақты мекеніңнің осы екенін сезінуің керек. Едіге тіпті сондай бір арал тауып, Зәрипаны балаларымен бірге алып кетіп те көзіне елестетті. Балаларды теңіз тіршілігіне баулыр еді. Өзі өмірінің ақырына дейін ештеңеге қапа болмай, ештеңеге өкінбей теңіз ортасындағы аралда қуанышты күндер кешер еді. Тек Зәрипа ұдайы қасында болса – болды, тек Зәрипа да Едігені ұдайы пана тұтып, өз қасынан көргісі кеп тұрса ғой...

Бірақ осылай деп ойлауы-ақ мұң екен, айнала жүздеген шақырым елсіз айдалада жападан-жалғыз келе жатса да, өзінен-өзі ұялып, екі беті ду ете қалды. Бала-шаға құсап, қай-қайдағыны қиялдап, аралда тұрғысы келгеніне жол болсын! Бұл не жөн? Отбасына, балаларға, жұмысқа, темір жолға, еріксіз жан-тәнімен Сарыөзекке байланысып, ноқталанып қалғанымен ісі жоқ, мына қиял не қиял?.. Әрі-беріден соң оны Зәрипа керек етіп тұр ма екен? Тарығып, зарығып жүрсе де Зәрипа неге оны жақсы көріп қалуға тиіс, неге Едіге солай деп ойлауға тиіс? Балаларға Едігенің күмәні жоқ, олар дегенде Едігенің шығарға жаны бөлек, балалар да Едігені жандарындай жақсы көреді. Бірақ оған Зәрипаның пысқырғаны бар ма? Оу,  Едігені өмірдің өзі әлдеқашан өле-өлгенше  тұрақты мекеніне  қондырып, балалы- шағалы етіп, аяқ-қолын мықтап матап тастағанда, Едігенің тіпті әлгідей ойлауға, әлдеқайдағыны қиялдауға қақысы бар ма, сірә?.. Борандының Қаранары өзі талай-талай жүріп өткен таныс соқпақпен, сауырына қамшы салдырмай сау желіп сарнап келеді. Сарыөзектің өлшенбеген даласының танабын қусырып, көктемгі белес-белдермен, сай-сала, кенересі кеуіп қалған, соры шыққан тұзды көлдермен анда- санда боздай бақырып қойып заулайды. Оның үстіндегі Едіге ой- қиялмен егіліп,  өзімен-өзі әуре...  Жан дүниесінде тайталасып, арпалысқан сезімдер шарпуының әсерімен қу шыбын жан шырқырап, мына байтақ Сарыөзектің даласына сыя алмай, соншама кең дүниеден пана таппай шырылдайды. Бұл дозақтың азабы еді...

Осындай күй кешіп ол Құмбелге де келіп жетті. Әрине, ол Зәрипаның туыстарынан хат келіп жатса екен деп тілейді. Бірақ сол туыстары жетім-жесір қалған отбасын көшіріп алып кетеді-ау деген зымиян ойдан Едігенің өзегі үзіліп кете жаздайды. Поштаға барып еді. Зәрипа Құттыбаеваның атына ешқандай хат жоқ екен. Сонда ол қалай қуанғанын өзі де байқамай қалды. Қайта ар-ұятпен арпалысқан бір жаман, дүлей ой жылт етіп: “Хат келмесе, келмегені жақсы” дегендей болды. Содан соң ол, обалы не керек, Зәрипаның тапсырмасын орындап, үш адреске үш жеделхат жіберді. Осы шаруаны тындырып, кешке таман үйге оралды...

Әне-міне дегенше көктем өтіп, жаз да келді. Сарыөзектің шөбі қурап, күнге күйіп, қаудырай қалды. Көктемгі жайқалған көкорай әдемі бір көрген түстей өте шықты. Сары дала қайтадан сарғайды. Ауаны аптап қыштап, шілде жақындап келе жатты. Ал Құттыбаевтардың туыстарынан бұрынғыша ләм-мим хабар-ошар болмады. Олар хатқа да, жеделхатқа да жауап бермеді. Пойыздар болса Боранды бекет арқылы ары-бері заулап, өмір шіркін өз жөнімен өтіп жатты.

Зәрипа енді жауаптан күдер үзді, туыстарынан көмек күту – қашпаған қара сиырдың уызынан дәметкенмен бірдей екенін түсінді де, енді қайтып оларды хат жазып, жеделхат жіберіп мазалағанды жөн көрмеді... Туыстарынан қайыр болмасына көзі жетті де әйел байғұс: ендігі барар жер, басар тау қайсы, енді қайттім? – деп үнсіз- түнсіз уайымының уын іше берді... Балаларына әкесінің қазасын қалай айтпақ, неден бастамақ, шаңырағы ортасына опырылып түскен тіршілікті қалай қалпына келтірмек? Әзір бұған жауап таппады. Бәлкім, Едіге Құттыбаевтар отбасының тағдырын Зәрипадан кем уайымдамаған шығар. Олардың халін бүкіл борандылықтар уайымдайтын, бірақ Едігенің  жөні бөлек  еді. Бұл отбасының трагедиясы Едігеге қандай соққы болып тигенін тек Едігенің өзі ғана біледі. Ендігі жерде Едіге өзін Құттыбаевтар отбасынан бөле алмайтын халге жетті. Ендігі жерде ол тек Зәрипа мен оның балаларының тағдырын ойлаумен ғана таң атырып, кеш батыратын болды. Зәрипа сияқты ол да: бұлар енді қайтіп күнелтпек деп ойлай- ойлай сіресіп; үнсіз-түнсіз тұңғиыққа сүңгіп: ендігі күндері не болмақ, деп қайғырса, ол аз болғандай, енді өзім қайттім, Зәрипа-ға ынтықтырып қойған дүлей күштің үнін қалай тұншықтырам? деп ұдайы бір арылмас азаптың апанына түсті де кетті. Толғақтай қысқан сұраққа жауап таба алмады... Өз ғұмырында ол мұндай машақатқа тап боламын деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген ғой…

Едіге Зәрипаға бар шындықты ағынан жарылып, ашықтан-ашық, мен сені сүйемін, сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін, осы отбасының азабын арқалап өтейін, сендерсіз менің күнім жоқ, деп айтпаққа талай рет оқталды, бірақ қалай айтпақ? Қандай ретпен? Айтқанмен Зәрипа мұны түсіне қояр ма? Жападан-жалғыз басына жалғанның күллі ауыртпалығы түскен жаралы әйелдің қазір мұндай уәжді тыңдауға халі бар ма? Ал Едіге болса махаббат машақатымен мұның жарасын тырнамақ! Бұл не масқара? Миын ұдайы осы ой шаққанда, өзінен-өзі жүдеп, тұнжырап, жұрт алдында сыр білдірмеуге тырысып, әрең-мәрең жайдарыланған болады. Бір жолы ол, дегенмен, дәме білдірді. Жол жұмысынан қайтып келе жатып, цистернадан су алуға бара жатқан Зәрипаны көзі алыстан шалып қалды. Бір құдірет оны солай қарай жетектеді де, Зәрипа жаққа жүре берді. Құдай сәтін салды, шелегін көтерісейін деген сылтау айтайын деген де жоқ. Бұл екеуі жол бойындағы жұмыста күн ара, тіпті күнде кездеседі, қанша әңгімелессе де уақыт жетеді. Бірақ Едіге Зәрипаның жанына дәл қазір барып, көкейіндегі арманның бәрін ақтарып салуға өлердей ынтық болды. Тіпті аптыққаны сонша, айтуын айтып салайын, түсінбесе түсінбес, азар болса, ары жүр дер, әрі-сәрі болғанша, со да дұрыс, жаным жай табар деп ойлады... Оның келе жатқанын Зәрипа көрген де, сезген де жоқ. Әрі қарап, цистернаның шүмегін ағытып тұр. Бір шелекті суға толтырып, жанына қойыпты, екінші шелек шүмектің астында тұр, бірақ су асып төгіліп жатыр. Шүмекті барынша ағытып қойған екен, шелектегі су көбіктеніп, шайқала төгіліп, айнала жер кәдімгідей көлшіктеніп қалыпты. Зәрипа, сірә, мұны мүлде байқамағандай, цистернаға иығымен сүйеніп, сұлқ тұрып алыпты. Үстінде шыт көйлегі бар, былтыр көктемде нөсер астында билеп жүргенде киген көйлегі сол... Едіге оның самай шашының бұйрасын байқады. Ермек шешесіне тартып бұйра шаш болған ғой. Жағы сопайып, мойны қылқиып, иығы салбырап, бір қолымен шелекті ұстап, жүдеп тұр. Әлде шүмектен сарылдаған су оған Жетісу тауларынан аққан өзендердің гүрілін, арықтардың сылдырын есіне салды ма, жоқ болмаса сол сәтте уайым- қайғы иіріміне түсіп кетіп, басқа дүниені ұмытты ма? Бір тәңірі өзі біледі. Тек Едіге оның осы тұрысын көргенде, Зәрипаны шексіз сүйетінін сезіп, жүрегі кеудесіне сыймай сыздап, оны аймалап, бәле- жаладан, қорлықтан қорғағысы келіп, жаны қатты күйзелді. Бірақ аймалай алмассың. Едіге тек үн-түнсіз барды да, шүмекті бұрап жауып, суды тоқтатты. Зәрипа оны алыстан, аулақтан көріп тұрғандай, таңғалмай, қайдан келіп қалдың демей, марғау қарады.

– Саған не болды? Не боп қалды? – деді Едіге жаны ашып.

Зәрипа үн қатпады, тек сәл мырс еткендей, жанары кіре бастаған көздерінің қабағын сәл көтеріп: “жай әшейін...” дегендей болды.

– Немене, қиналдың ба? – деді тағы да Едіге.

– Қиналдым,– деп Зәрипа күрсініп салды. Едіге не істерін білмей иығын қиқаңдатты.

– Неге мұнша өзіңді-өзің қинай бересің? – деп күстәналады Едіге. Оның айтпағы бұл емес еді. – Қашанғы мүжіле бересің? Сен езіле бергеннен өлген адам тірілмейді ғой. Сенің бүйтіп жүргенің бізге де (маған да демекті еді), балаларыңа да ауыр. Түсінсеңші. Бұл жарамайды. Бір әрекет керек...– Ол өзінің Зәрипаны дүниеде жұрттың бәрінен де жақсы көріп, оның қайғысына қатты күйзелетінін білдіргісі келіп, соған лайықты сөз іздеді. – Өзің ойлашы. Хаттарыңа жауап бермесе, құрып кетсін, өлмеспіз. Біз (мен демекші еді) сені өзіміздей көреміз ғой. Тек егіліп, еңсеңді түсіре бермеші. Жұмысыңды істе, қайраттан. Балаларың бізбен (менімен демекші еді) бірге болып, әлі-ақ жетіледі. Әлі-ақ бәрі де оңалады. Әлдеқайда көшіп кетіп не қыласың? Біз де туыстарыңбыз ғой. Өзің де білесің, мен сенің балаларыңсыз бір күн де тұра алмаймын. – Осыны айтып барып тоқтады. Шыдамы жетіп, өз көңілін білдірген жері осы еді.

– Мен бәрін түсінемін, Едеке,– деп тіл қатты Зәрипа.– Әрине, рахмет. Бізді жалғызсыратпайтыныңызды білемін. Бірақ бұл жерден кету керек. Мұнда әкесімен байланысты жайдың бәрін балалар ұмытсын. Сонан кейін барып мен оларға шындықты айтармын. Өзің де түсінесің ғой, қашанғы жасырып жүре аламын. Сөйтіп, не істеу керек деп басым қатады...

– Солайы солай ғой,– деп қостауға мәжбүр болды Едіге. – Бірақ сен асықпа. Әлі де болса ойлан. Титтей балалармен қайда барасың, қайтіп қана күн көресің? Сендер кетіп қалсаңдар, сендерсіз қалай өмір кешемін деп менде де зәре жоқ...

Зәрипамен оның балалары кетіп қалса, олар қайтіп өмір сүрмек деген ойдан Едігенің зәресі ұшатыны рас еді. Бірақ әйтеуір кетіп қаларын сезетін де... Ал, осыдан бірнеше күн кейін тағы бір оқиға болды да, сол тұста Едіге бар сырын ашып алды. Сонысына көпке дейін опық жеп, өзін-өзі ақтарға амал таппай азапқа түсті.

Сонау бір жолы Құмбелге барған сапар есте қалған... Сонда Ермек шаштараздан қорқып, шашын алдырмай қойып еді, содан да бері көп ай өтті. Бала әлі күнге дейін шашын қырықтырған жоқ. Әдемі толқын-толқын бұйра шаш оған, әрине, жарасады-ақ, бірақ шаштараздан қорқақ бірбет неменің шашын алу керек-ақ еді. Едіге реті келгенде балақайдың бұйра шашына тұмсығын тығып, нәресте иісті басын иіскелеп, сүйіп қояр еді. Сол шашы енді жалбырап иығына дейін түсіп, ойын баласына кәдімгідей кедергі болды. Шашты алдыру керек дегеннің өзі балаға бір түрлі ерсі, тіпті ыңғайсыз көрінетін. Сондықтан да ешкімге көнбей жүретін. Осыны аңлап жүретін Қазанғап бір күні амалын тапты. Тіпті шашы ұзын баланы текешіктер жек көреді, сүзеді деп қорқытып та қойды.

Кейін Зәрипа Ермектің шашын қалай алдырғанын айтып берді.

Сөйтсе Қазанғап шындап күшке салыпты. Баланың басын екі тізесінің арасына қысып алып, машинкамен сыпырыпты да тастапты. Баланың бақырғанынан бүкіл разъезд жаңғырықты дейді. Шашын алып болғаннан кейін ақ көңіл аңқылдақ Бекей: Міне, қарашы, басың қандай әй-әй болып қалды, деп Ермекке айна ұстата салыпты. Бала айнаға қарап жіберіп, өзін-өзі танымай қалып, ал бақырсын келіп, сол бақырған қалпында Зәрипа оны Қазанғаптың үйінен жетектеп алып келе жатқанда, жолда Едіге кездессін.

Мойны сорайып, құлағы қалқайып өзіне-өзі ұқсамай қалған тап- тақыр бас Ермек шешесінің қолынан жұлқынып шығып, шырылдап Едігеге қарай жүгіріп:

– Едіге көке, қарашы олар маған не істегенін! – деп өксіп-өксіп жылады.

Егер де Едігеге бұған дейін біреу: сені осындай жағдай күтіп тұр десе, ешқашан да сенбес еді. Ол баланы жерден көтеріп алып, кеудесіне қысып тұрып, қорғансыз сәбидің бар азабын, бар арызын, сенімін жан-тәнімен ұғып, оның көрген жәбірін дәл өзі көргендей тебіреніп, баланы ары-бері сүйіп, жаны елжіреп, даусы дірілдеп, өз айтқанына өзі мен бермей:

– Жылама, құлыным! Жылама. Сені ешкімге де тигізбеймін, мен сенің туған әкең деймін! Мен сені туған әкеңдей сүйемін, сен тек жылама! – Осы кезде Зәрипаға көзі түсіп кетіп еді, Зәрипа өзіне-өзі ұқсамай қалшиып қатып қалған екен. Соны көріп, тым асыра сілтеп, тым артық кетіп қалғанын сезіп, абдырап құты кетіп, баланы көтерген қалпы, сасқанынан бір айтқан сөзін міңгірлеп қайта қайталап, Зәрипадан алыстай берді: – Жылама! Қап бәлем, сол Қазанғапты ма! Мен көресіні көрсетемін оған қазір! Көрсетемін оған қазір! Қап бәлем, Қазанғапты ма! Көрсетемін мен оған! Қазір, қазір көрсетемін мен оған… Содан кейін бірнеше күн бойы Зәрипаның көзіне көрінбеуге тырысып жүрді. Зәрипаның да аулақ жүргенін байқады. Онсыз да қайғысы басынан асып, қан жұтып жүрген бейкүнә әйелді абайламай артық сөйлеп, жанын жаралағанына Боранды Едіге қатты опынды. Әлі аузы қара қотырланбаған жарасының аузын Едіге қатты тырнап алды! Едіге өзін ақтар, өзін кешірер уәж таппай қорынды. Сол бір сәтті: қорғансыз, дәрменсіз баланың өз бауырына тығылғанын, өзінің сонда елжіреп бір егілгенін; мұны көріп Зәрипаның қалшиып, қатып қалғанын, өзіне оның қайғыға толы жанармен жаны үнсіз шырылдап қарағанын Едіге ұзақ жылдар, бәлкім, өле-өлгенше ұмыта алмас, жан- тәнімен сол бір сәтті сезінер де тұрар.

Осыдан кейін Боранды Едіге біразға дейін сап болып, ойын-күлкі, сөзден тыйылып, өзінің үнсіз сезім-тілегін Зәрипаның балаларына арнады. Басқа амалын таппады. Жұмыстан қолы боста балалардың қасында болып, баяғы теңіз туралы бір айтқанын көбінесе қайта айтып, әңгімеге айналдырды. Теңіз деген олардың бір сүйікті әңгімесі еді. Әңгіме арқауы – шағалалар, балықтар, жыл құстары, басқа жерде кездеспейтін аңдар сақталған аралдар. Балалармен әңгіме арасында Едіге ешкімге айтпай келген, айтпауға тырысатын өз өмірінің қырлары да есіне түседі. Аралда өткен бозбала, жігіт шағының оқиғалары оянғандай болады. Бұл өзі балаларға айтар әңгіме де емес. Оны тек Үкібала екеуі ғана білер еді, бірақ екеуара бұл туралы еш уақытта тіс жармайтын, өйткені ол жай олардың шетінеп кеткен тұңғыш ұлымен байланысты сыр еді. Сол баласы тірі жүрсе, қазір Борандыдағы балалардың бәрінен ересек болар еді, тіпті Қазанғаптың Сәбитжанынан да екі жас үлкен еді ғой. Бірақ көрер жарық сәулесі кем екен, шетінеп кетті. Әркім-ақ құдайдан баламның жасы ұзақ, тым ұзақ болсын деп тілейді да. Әйтпесе адамдар бала туып несі бар?..

Балықшы болып жүрген жігіт шағында, соғыс басталардың аз-ақ алдында Үкібала екеуі бір таңғаларлық жағдайға тап болғаны бар. Ондай жағдай адамның ғұмырында кездессе бір-ақ рет кездесер, одан соң ешқашанда қайталанбас.

Екеуі үйленген күннен бастап, Едіге теңізде жүрсе ұдайы үйге қарай асығатынды шығарды. Ол Үкібаланы сүюші еді. Үкібала да оны күтіп отырғанын сезеді. Ол кезде Үкібаладан басқа әйел затына көз салғысы келмес еді. Кейде оған тек Үкібаланы ойлау үшін жаратылып, күн сәулесі мен теңіз лебінен өз бойына күш жинап, сол күш-қуатты үйде күтіп отырған әйеліне жеткізу үшін өмір сүріп жүрген сияқты көрінетін. Сол күш-қуаттан екеуара бақыт туып, бақыттың өзегі пайда болатын. Қалғанының бәрі де тек со бақытты байытуға, күн мен теңіз сыйлаған күш-қуаттан туған екеуара қызықты баянды өтуге қызмет ететін. Сонда барып Үкібала өз бойында өзгеріс барын, екіқабат болып қалғанын, кешікпей ана боларын сезді де, енді теңізден оралар күйеуімен бірге бойындағы тұңғышын да ынтыға күтетінді шығарды. Ол бір олардың өміріндегі бұлтсыз күндер еді.

Қыс басталар ақыр күздің аяғында Үкібаланың беті теңбілденіп, ноқта пайда болды. Іші де біліне бастады. Бір күні Үкібала күйеуінен: “Осы алтын бекіре деген қандай болады? Естуін естігем, бірақ еш уақытта көрген емеспін”, – деді. Күйеуі айтты: “Ол қызыл балықтар тұқымынан, өте сирек кездеседі, ұдайы тереңде жүреді, – деді. – Оның құндылығы – сұлулығында. Балықтың өзі теңбіл-көкшіл, ал басы, қанаттары, жотасы, бүкіл арқасы басынан құйрығына дейін – саф алтын десе болғандай, зерлеп тастағандай ғажайып жалт-жұлт етеді. Содан оны алтын бекіре деп кеткен”.

Келесі жолы Үкібала: “Түсімде алтын бекірені көрдім”, – деді. Алтын балық оны айнала жүзіп жүріпті де, Үкібала оны ұстап алмақшы болыпты. Ұстап алып, одан соң қайтадан босатып, қоя берер едім деп қатты ынтығыпты. Қалайда өз қолымен ұстап, балықтың алтын тәнін сезінбекші екен. Қысып-қысып ұстап тұрсам, дер екен де, балықты соңынан қуа беріпті. Алтын бекіре ақыры ұстатпай кетеді. Үкібала оянып алып, әлдебірақ саулы арманына жете алмай қалғандай хал кешіп, көпке дейін қатты өкініпті. Өзінің бұл қылығына өзі күлсе де, өңінде де әлгі алтын бекірені ұстап көруге тым-тым ынтызар бола береді.

Ал Едіге Үкібаланың бұл түсіне кәдімгідей мән беріп, өңінде де ұмыта алмағанын ескеріп, мұны бір нышанға жорыды. Қалайда алтын бекіре ұстау керек екенін ұқты. Екіқабат Үкібаланың алтын бекіреге жерік болып қалғанын сезді. Бала көтерген көп әйелдер әдетте әрнеге: біреу ащыға, біреу тұщыға жерік болып жатады. Кейбіреуі тіпті жабайы аңның яки құстың етін қуырып жесем деп өліп кете жаздайды. Едіге әйелінің жерік болғанына таңғалған жоқ. Кәсіпқой балықшының әйелі, әрине, күйеуінің кәсібіне телімді бір нәрсеге жерік болуға тиіс. Оған алтын бекірені қолыма ұстап, көзбен көрсем дегізіп, құдайдың өзі аян беріп тұрғандай. Егер жерік әйел жерігі қанбаса, жатырдағы балаға зиян дегенді Едіге біреулерден естігені де бар.

Ал Үкібаланың жерігі елдікінен ерекше, қиялилау болып келді де, мұнысын ол күйеуіне айтуға да батпады. Едіге де одан тақақтап сұрай қоймады. Ондай сирек балықты тауып, ұстаудың өзі екіталай шаруа. Әуелі ұстап алайын, сенің жерік болып жүргенің осы ма, жоқ па деп содан кейін сұрайын деп түйді.

Бұл уақытта Арал теңізінде балық аулаудың нағыз маусымы аяқталып та қалып еді. Маусымның қызар шағы маусым мен қарашаның арасы ғой. Қыстың да лебі білініп қалған кез. Артель енді қысқы маусымға дайындалып жатқан. Қыста айналасы бір жарым мың шақырым теңіздің беті сірескен мұз болып қатады. Балықшылар сол мұзды әр жерінен апандай-апандай ойық жасап, сол ойықтың бірінен түсірген ауды екіншісінен түйе шығырмен тартып алады. Түсте жарықтық даланың таптырмайтын кемесі ғой... Қыста теңіз үстінде жел аңырап тұрады, теңіз түбінен тартылған аумен бірге шыққан балықтар мұздың үстіне шығар-шықпас тоң болып қатады да қалады... Едіге артель құрамында қысы-жазы балықтың неше түрін: ірісін де, уағын да, асылында, жасығын да аулап жүріп, бірақ ауға алтын бекіре түскенін өмірінде көрген емес. Бұл балықты аумен емес, анда-санда қармаққа түсіргендер бар, бірақ өте сирек, ұстай қалса оның өзі балықшыларға үлкен мереке сияқты болатын. “Пәленше алтын бекіре ұстапты” деп жұрт оны кәдімгідей аңыз қылып айтып жүретін.

Сол күні таң ертеңмен Едіге теңізге аттанып бара жатып, әйеліне: “Мұз қатқанша өз қазанымызға арнап, балық аулап келейін” деді. Үкібала ықылас бермей:

– Ау, үйде балықтың неше түрі толып тұр ғой. Енді аулап не керегі бар? Күн суық қой,– деген. Бірақ Едіге көнбеді.

– Үйдегі балық ешқайда қашпайды,– деді ол. – Сен айттың ғой, Сағын апа қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды деп. Оны қаздың немесе көксеркенің сорпасымен қалжаламаса болмайды ғой. Бірден бір ем. Өзі ауру кәрі кемпірге кім балық аулап береді дейсің? Осы желеумен Едіге ертелетіп алтын бекіре аулауға шықты. Құрал-сайманның бәрін күні бұрын қамдап, сақадай сай етіп қойып еді. Соның бәрін қайықтың тұмсығына тастады. Өзі қалыңырақ киініп, ең сыртынан бастырмалы брезент плащ киіп, қайығын айдынға салып, жүзіп жүре берді.

Ауа райы құбылмалы, күз бен қыстың арасы, мұнарлы, бұлыңғыр екен. Жағаға ұрған толқынды жарып өтіп, қайығын ашық теңізге қарай қасқайта салды. Алтын бекіренің жайылатын тұсы-ау деген жерді тұспалдап тартты. Бәрі де істің сәті түсу түспеуіне байланысты. Теңізден қармақпен балық аулау, жер бетінде жүріп аң аулау емес. Құрлықта аңшы, әйтеуір, аңды көзбен көріп, аңдып қуалап жүріп аулауына болады. Ал балықшының жөні бір басқа. Су астында не барын, не болып жатқанын ол көрмейді. Қармағын суға салады да тәуекелге сыйынады. Балық қармақ маңына келе ме, келген күнде де оны қаба ма, қақпай ма – неғайбыл.

Қармаққа балық түсер-ау деп Едіге көңілі сенімді-ақ, өйткені ол үйінен аттанғанда, балықты қу құлқын үшін емес, екіқабат әйелінің аңсарлы тілегі үшін аулауға шықты ғой.

Жас Едіге мығым да күшті еді. Ескекті бірқалыпты, мүдірмей есіп, жағалауды ұрып жатқан соқпа толқынның ара-арасымен қайықты қиялай салып, ашық теңізге беттеді. Жағадағы жанама толқынды арал балықшылары ирек толқын дейді. Ирек толқын – үлкен дауылдың жаршысы сияқты. Әйтпесе ирек толқынның өзі аса қауіпті емес, қорықпай-ақ, ашық теңізге алыстай түсуге болады.

Теңізге сұғына түскен сайын толқын ұрған белдеу тасты биік жарқабақ бірте-бірте аласарып, мұнарланып, анда-санда ғана қылаң берген болмашы сызыққа айналып кетті. Төбеден тұнжыр бұлт төніп тұр, су бедерін жалап, аздап ескек жел ызыңдайды. Екі сағаттай өткенде Едіге қайықты тоқтатып, ескектерін шығарып, зәкір тастады да, қармақтарын суға сала бастады. Оның өзі істеп алған екі қармағы бар еді, біреуін қайықтың құйрық жағынан тастап, тереңдікке жүз метрдей батырып жіберді де, екіншісін қайықтың тұмсық жағынан лақтырды. Сөйтіп болып, қайықты желдің өтіне қарай тұмсығын бұрып қою үшін ескекті қайта алып, қармақтардың сабағы бір-бірімен шатасып қалмастай қалыпқа келтірді.

Енді күтіп отыру ғана қалды. Оның шамалауынша, сирек асыл балық тек осындай тереңде ғана жүрсе керек. Оған, әрине, дәлелі жоқ, тек сезім-түйсік солай дейді. Бірақ әлгі іздеген балығы бар екеніне сенімді. Ол қалайда осы маңайға келуге тиіс. Онсыз үйге Едіге қайта алмас. Асыл балық оған ермек үшін керек емес, оның өміріндегі аса бір маңызды жағдай үшін қажет.

Біраздан соң балықтар белгі бере бастады. Бірақ діттегені олар емес. Әуелі қармаққа көксерке түсті. Оның алтын бекіре емес екенін Едіге қармақты тартқанда-ақ білген. Ә дегеннен алтын бекіре түсе кетуі мүмкін емес-ті. Ондай оңай олжа бола берсе, өмірдің қызығы қайсы. Едіге әлі тер төгуге, әлі күте тұруға әбден пейіл. Сәлден соң Аралдағы ең тәуір балықтардың бірі, тіпті, бәлкім, ең жақсысы – қаяз түсті. Оны басынан бір ұрып, есеңгіретіп, қайықтың түбіне тастай салды. Тым құрығанның өзінде науқас Сағын апаға қалжалық сорпа үшін осы да жетіп артылады. Тағы бір тыраң балық қармақ қапты. Мұны қандай жын айдап жүр екен? Әдетте тыраң балық судың бетіне жақын жүрер еді. Мейлі, бетінен жарылқасын, өзі кінәлі. Содан соң, іш пыстырып көпке дейін қармақ қалтқысы бүлк етпей, тымырайды да қалды... “Жоқ, мен шыдаймын, – деді Едіге өзіне-өзі.

– Алтын бекіре аулаймын деп Үкібалаға айтпасам да, ол сезеді. Мен сол алтын бекірені алып қайтуға тиіспін. Құрсақтағы нәресте қиналмасын. Анасы алтын бекірені қолына ұстап көруін сол нәресте қалап жатыр ғой. Неге қалайтынын ешкім де білмейді. Апасы да соны қалайды, ал әкесі, мен, сол тілектерін орындауым керек”. Ирек толқындар ойнақшып, қайықты айландырып кете беретінді шығарды. Атын ирек толқын дәп тегін қоймаған ғой, ирелеңдеп, бір бүйірлей соғады. Қаздиып қозғалмай отыра-отыра Едіге жаурайын деді. Сонда да былқ етпестен қалтқыдан, қармақ жібі өтіп тұрған ашадан көзін алмайды. Не құйрықтағы, не тұмсықтағы қалтқы қимыл етпей мелшиді де қалды. Бірақ Едіге шыдап бақты. Алтын бекіре, әйтеуір, бір келетініне сенімді. Тек теңіз шамалы шыдай тұрса игі еді, мына ирек толқыны бар болғырлар екпіндей түсті ме, қалай. Бұл ненің нышаны? Жуық арада дауыл тұра қоймаса керек еді. Бәлкім, кешке қарай, не түнделете алпауыт алабас толқындар көтерілер. Әне сонда қаһарлы Арал бір қиырдан бір қиырға дейін ақ көбік атып ақиланар. Сонда оған тірі пенде жолай алмас, Ал әзірше шыдай тұруға болады, әзірше уақыт бар.

Қорбиып тоңып отырып, Едіге жан-жағына көз тастап теңізден өз балығын күтті. “Ей, сенің мұның не, құдай-ау, – деді ішінен Едіге әлгі балықпен сөйлесіп. – Мұнша кешіккенің не? Сен қорықпай-ақ қой. Қорықпа дедім ғой мен саған, қайта босатып жіберем. Өтірік айтасың дейсің бе? Шын айтам. Сені тамаққа бола тосып отырған жоқпын. Тамақ та, балық та үйде толып тұр. Әне, қайықтың түбінде де үш нән балық жатыр. Қу тамаққа бола сені осынша тосар ма едім, алтын бекіре! Түсінсеңші, біз тұңғыш перзентімізді күтуліміз ғой. Жуырда сен менің әйелімнің түсіне кіргелі бері оның мазасы кетті. Ол маған ашып айтпаса да, бәрін көріп, сезіп жүрмін. Неге екенін білмеймін, ол сені қолына ұстап көргісі келеді, содан соң сені теңізге қайта босатып қоя беремін, шын сөзім бұл. Сен сирек кездесетін асыл балықсың ғой. Әне, мәселе қайда. Сенің төбең, құйрығың, қанаттарың мен жон арқаң тұп-тұтас алтын ғой. Сен біздің халімізді ұқ енді. Әйелім сені қолына ұстап, алтын мүсініңді жан-жүрегімен сезінгісі келіп, ынтызар болды, алтын бекіре. Сен балық болсаң, бізде шаруаң жоқ екен деп ойлама. Сен балық та болсаң, әйелім сені өз бауырындай, сіңлісі яки інісіндей сағынып, перзенттен босанар алдында өзіңді бір көргісі келеді. Ана құрсағындағы бала да риза болар еді. Жағдай осылай, алтын бекіре. Мұқтаждан құтқар бізді. Жақында бері. Ренжітпеймін мен сені. Нан ұрсын, алдасам. Егер мен арам пиғылды болсам, сен оны сезер едің. Екі қармағым бар, қалағаныңды ал, қармақтарға жұдырықтай- жұдырықтай ет іліп қойдым. Ет аздап иістенген. Сен алыстан сезсін деп әдейі иістендірдім. Сен қорықпай-ақ келе бер. Егер мен қаптырма тастасам, оным озбырлық болар еді, әрине, сен қаптырмаға тезірек түсер едің. Бірақ онда сен қаптырманы жұтып қойып, мен сені теңізге қайта жібергенде қарныңда темір қалып қойып қиналар едің ғой. Оным озбырлық болар еді. Мен сені алдамастан қармақ ұсынып отырмын. Аздап ернің жырылады, бар болғаны сол-ақ. Сен абыржыма, алтын бекіре. Мел үйден үлкен мес ала шықтым. Соған су толтырамын да, сені ішіне салып қоямын, теңізіңе қайта оралғанша соның ішінде жата тұрасың. Бірақ мен сені ұстамай кетпеймін. Уақыт болса қысып барады. Толқындар тулап, жел қатайып келе жатқанын сен қалайша сезбейсің? Қалайша менің тұңғыш перзентім әкесіз жетім қалғанын қалайсың сен? Ойлан, алтын бекіре, құтқар мені...” Қыс табалдырығындағы суық теңіздің көкөңез айдыны қарауыта бастады. Бірде толқын жалдарға көтеріліп, бірде толқын дестелер арасынан көрінбей кетіп, жалғыз қайық жағалауға қарай қасарысып келеді. Сұрапыл дауыл бірте-бірте күш жинап, іштен қайнап, теңіз күңірене бастады. Жалғыз қайық ақжал толқындармен жағаласып бақты. Мұздай тамшылар балықшы бетін сабалап, ескектегі қолдары ылғалды суықтан домбығып кетті.

Үкібала жар жағалап, шыбын жанын шүберекке түйіп жүр. Күйеуінің кешіккеннен сескеніп, әлдеқашан теңіз жағасына келіп, Едігені күткен. Осы балықшыға тұрмысқа шығуға ықылас білдіргенде, Үкібаланың қырдағы малшы туыстары оған: “Балықшыға сөз берерден бұрын ойлансаң еді, көрген күнің сор болар, сенің күйеуің адам емес, теңіз болар; сол теңіздің жағасына талай шығып, оған тәңірдей жалбарынып, көзіңнің жасы көл болар”, – деп еді. Бірақ Үкібала Едігеге берген сөзін екі етпей: күйеуім қайда болса, мен де сонда... деді ғой.

Ақыры солай болды да. Бұл жолы күйеуі теңізге артельмен бірге аттанбай, жеке кеткен. Күн болса кешкіріп, ымырт жабылып барады, теңіз болса зікір салып, жын-перісін шақырып жатқан сияқты. Ақжалдар арасынан кенет ескектер қылт-қылт етіп, толқын төсінен қайқаң етіп қайық көрінді. Басын орамалмен шандыған, қарны шермиген Үкібала тура судың жиегіне келіп, Едігенің жағаға шығуын күтті. Асау толқын қайықты бар пәрменімен қайраңға қарай лақтырып жіберді. Едіге одан қарғып түсіп, басын бұқаша тұқыртып, қайықты жағаға сүйреп шықты. Тұзды суға бөгіп қалған Едіге бойын жазғанда Үкібала барып, қақайып қалған мұп-мұздай плащтың ішіндегі күйеуінің мойнынан құшақтай алды.

– Қарай-қарай екі көзім төрт болды. Неге мұнша кешіктің?

– Күні бойы қармаққа ілінбей, осы күн батарда ғана түскені...

– Сен сонда алтын бекіре аулауға бардың ба?

Жалынып, оны әрең көндірдім. Енді оны ұстап көруіңе болады. Едіге қайықтан суға толы дәу месті алып шығып, аузын шешіп, жағадағы малта тастың үстіне суды алтын бекіремен бірге ақтара салды. Балық нән еді. Сымбаты келіскен нән балық. Ол алтын құйрығымен жан-жақты сабалап, су-су малта тастарды сыпыра- жайпап, бұлқынып-бұлқынып алды да, өзінің туған теңізіне, ақжал толқынға жетпек болып ұмтылып қызғылтым көмейлі аузын арандай ашты. Бір қас-қағым сәтке балық біресе тынышталды да, қайда жатқанын білгісі келгендей, дөп-дөңгелек, тап-таза көздерімен мына жарық дүниеге қарап қадалды да қалды. Тіпті қысқы кештің алагеуімінің өзінде бейтаныс сәуле балық басына шағылысып еді, балық өзіне төніп тұрған адамдардың жарқылды көздерін, жағалау жердің бір қиығын, аспанды көрді. Көзі үйренбегендіктен оған алыс аспандағы батқан күннің бұлт арасынан шалынған әлсіз сәулелерінің өзі бәлкім көз қарықтырар жап-жарық сияқты  көрінді. Балық тынысы тарыла бастады. Бір тулап түсті. Құйрығымен жер сабалап, тың күшпен дүлейлене шырқ айналып, суға жетуге талпынды. Едіге алтын бекірені желбезегінің түбінен ұстап көтерді де, Үкібалаға:

– Қолыңды тос, ұста, – деді.

Үкібала нән балықты сәби сияқты қос қолдап көтеріп, бауырына басты. Түу, ширығуын-ай! – деп таңғалды, Үкібала балықтың шиыршық атқан серіппелі күшін сезіп. – Өзі бөренедей ап-ауыр ғой, тегі! Теңіздің иісі аңқиды! Кереметтей сұлуын қарашы! Мә, Едіге, ризамын, өте ризамын. Жаным жай тапты. Тезірек суға қоя бер енді... Едіге алтын бекірені теңізге алып барды. Тізесіне дейін толқын кешіп, балықты сусытып суға түсірді. Алтын бекіре суға түскенде, бір сәт балықтың басынан құйрығына дейінгі зер қабығы көгілдір мұнар ауаны жарқ еткізгендей болды да балық жұмыр денесімен суды қақ жарып, тереңге жүзіп кете берді...

Ал теңізде сұрапыл дауыл түнде соқты. Теңіз үй сыртындағы жар астында мөңіреп, еңіреп жатты. Дауыл алдында ирек толқындар бекер пайда болмайтынына Едігенің көзі тағы жетті. Түн ортасы болған шақ. Тулаған толқындар шуын ұйқылы-ояу тыңдап жатып Едіге армандай алтын бекірені есіне алды. Қазір не күйде екен? Теңіздің тұңғиық тереңінде толқынның тулағаны аса білінбесе керек. Сол өзінің түнектей қараңғы тұңғиық мекенінде алтын бекіре де теңіз үстіндегі толқындар шуылын тыңдап жатқан шығар. Едіге соны ойлап, балаша жымиып қойып, ұйықтап бара жатып, бір қолын әйелінің бүйіріне салып еді, құрсақтың бүлк- бүлк еткенін сезді. Ол оның құрсақта жатқан перзенті еді. Едіге бұған да балаша мәз болып, жымиып, алаңсыз бір ұйқыға батты.

Жылға жетпей сұрапыл соғыс басталарын, тіршіліктің астан- кестеңі шығарын, сөйтіп теңізбен біржолата қоштасып, кейін оны тек есіне ғана түсіріп жүрерін, әсіресе қиын-қыстау кездерде есіне аларын ол сонда білсе ғой...





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет